Әдеби KZ Қазтуған, Асан Қайғы күткендей әйгілі арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыға
бір тоқтап, Қыпшақтың шапқыншыл ел екенінен бастады. Қарағай кәрі
домбырасын лақтыра безілдетіп, арқасы ұстап, Қазтуған жырау домбыраның
күйімен өзі бірге шалқып малдас құрған қалпында кенет ытқи алға бір ұмтылып,
қайтадан отыра қап құйрығымен шыр көбелек айнала тепеңдей жылжыды.
Ханның сол жағында отырған қазіргі Қобыланды батыр арғы бабасы Қара Қыпшақ
Қобыландының атын естігенде, шоқтығы өзгелерден анағұрлым жоғары көтеріліп,
бір масайрап қалды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан
делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет
көрсетті.
Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды.
— Сөйле, жырау, — деді.
Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау,
шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды.
Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз
үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған
Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: — Өлімнен қорықпау ерлік емес,
ерлік өмірді қорғау, — деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін
тонауда емес, өз жеріңді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола
тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан
кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды
батыр болып елеуреп қопаңдай қалды.
— Қашан? Қай жерде? —деген де шу шықты. Қарт тайшы оларға аяй қарап,
Қыпшақтар өздері ұмытқанмен өзге рулар сақтап қалған «Қыпшақ қашқан»
хикаясын естеріне салды.
Қыпшақтар алты құлаш Шерухан бастаған бір аттанысында Чернигов қаласын
алмақ болған. Чернигов әскері қарсы шыққан. Бір мың алпыс сегізінші жылдың
алтыншы айында екі әскер Деснаның таралуы Синави өзенінің жағасында