Әдеби KZ зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді, — деді.
Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды.
Байыған Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын,
күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының
қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер
пайда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы
мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос
жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын
күңірене күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың
даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау
жырын тоқтатты.
Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан
алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас,
су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр
түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан
Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл
таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана:
— Сөйле, жырау, — деді.
Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға
жөнелді.
Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы
айқайға салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай
ісініп ап, толғауына кірісті.
— Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ
қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік
үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы
алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын, өзі де сол қыран
құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен.