Әдеби KZ салтанатты қаланың орнына күйреген кірпіш, тас-талқан болған құр сілімтірін
қалдырады. Гүл-гүл жайнаған бау-бақша, жасыл егіні жайқалған ну даланы
құлазыған қу тақырға айналдырады. Содан кейін барып өздері шауып кеткен
жерлеріне жаршыларын жібереді. Олар тығылып қалған адамдар болса,
жасырылған қазына болса, бәрін тауып нояндарына жеткізеді. Әскер басы
баһадурлар осы жаулап алған қала, далаларына әкім етіп өздерінің адамдарын
қалдырады.
Егер қала мықты қамалға айналып, өздігімен берілмесе, монғолдар бекініс
алатын тас атқыш катапульттерін салады. Қамал қабырғалары берік боп тас
атқыштар ештеңе істей алмаса, қалаға кіретін үңгір-ладыз қазады. Сөйтіп, күтпеген
жерден түн ортасында, не таң ата шаһардың ішінен, не бекіністің арғы бетінен
шығады. Аянбай соғысады. Ал, қала халқы тым сақ болып бұндай жағдайға
жеткіздірмейтінін білсе, қаланың жанынан ағып жатқан өзен, дарияларға бөгет
сап, су арнасын өзгертіп, халықты суға тұншықтырады.
Мединаны алғаннан кейін оның белгілі бек, хакім, би, батыр, оқыған
адамдарына рақым етпейді. «Қарсыласпай өздерің берілсеңдер сендерге
тимейміз» деп аналарды қарсылықсыз қолға түсіріп ала қалса да шетінен
бауыздайды, тірі қалдырмайды. Бұл — шауып алған елге Шыңғыс ханның
орнатқан жалпы тәртібі. Ұлы қанішерлер ойынша «басып алған жерде тыныштық
болу үшін ол араның ең алдымен басты адамдарын құрту керек. Олар
қорыққанынан «бағындым» десе де ыңғайы бола қалса халықты қарсы қойғысы
келіп тұрады. Қоя алады да. Рушылық заманда қандай халық болмасын, өзінің
басты адамдарының соңынан ереді. «Ал ол басты адамдарын құртып жіберсең,
бассыз тобыр ештеңе істей алмайды, басы жоқ дене тірі дене емес, өлі дене».
Шыңғыстың бұл қатал заңын білмеген ел бастайтын хандар өз жандарын аман
алып қаламыз деген үмітпен күресер жерінде күреспеді, халық соңдарынан еріп,
«жауыңызға қарсы шығуға бармыз» дегенде, қорықты. Ақырында өздері
қырылды, халықты да қырғызды.