Қылышбай Ержанұлы Қылышбай Ержанұлы 1851 жылы осы күнгі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Фурманов селосында туып, 1926 жылы 75 жасында қайтыс болған. Жеті жасынан жетім қалып, Оңғарбай деген жақын туысының қолында өседі. Мал бағып жүріп, бір жағынан ескіше сауат ашады. Оңғарбай оны Бұхардағы медресеге береді. Медреседе зерек шәкірт Шығыстың классикалық поэзиясынан сусындайды. Ауылға келген соң ауыл балаларын оқытады. Оларға Шығыс әдебиеті мен қазақтың халық жырларын таныстырады. Өнер-білімге, сөз өнеріне баулиды. Қылышбай жас кезінің өзінен- ақ бұрынғы шешен, билер айтқан сөздерді ел арасында тарататын болған. Жиын, тойларда дау көтерілген кездерде өзі де суырылып шығып, кесімді билік айтуға араласып кетеді. Оның шешендігін, әділ сөйлейтін қасиетін таныған ел көбінесе өздері барып жүгініп отырған. Сөйтіп, Қылышбай шешен келе-келе "өзіміздің Қылышбай, айтқан сөзі қылыштай" деп аталып кеткен.
Қылышбай шешен Бестерек руынан датқа болған Райымбектің үйінде отырады. Ол атағы елге кең жайылған ақын, әрі тапқыр шешен жас Жігітектің осында келе жатканын естиді. Ал Қылышбай болса, Жігітекпен бір кездессем деп жүреді. Райымбек датқамен рулас екен. Сол ойының реті келген Қылышбай үйге кіре берген Жігітектің сәлемін алмастан, одан бұрын сынайын деген оймен былай дейді:
- Райымбек Бестеректе ұлық датқа,
Қосылар үштің бірі салтанатқа.
Осы жерін Бестеректің біз сұрайық,
Қай жерден қосылады төрт Дулатқа?
Ол осылай дей бергенде Жігітек
ақын іліп әкетеді:
Құдайдың құлы, Мүхамбеттің,
үмбетіміз,
Тарапты Бекболаттан есебіміз.
Ботбайдың Қораласы дегендей-ак,
Қалмайды ноғай деген өсегіміз, -
деп Қылышбай өзінің де аталары жөніндегі әзіл-қалжыңды алдына тартқан екен.
Қылышбай мен өзбектер Қылышбай бірде базарлап қайтпақшы болып Әулиеатаға барады. Мұны көрген өзбектер гәпіріштеп отырып, әзіл-қалжың ойлап, палауға шақырады. Осы кезде базардағы игі жақсылар тұс-тұстан келіп, жинала бастайды. Өзбектердің салты бойынша «алың, келің» деп Қылышбайдың алдына бір табақ палау қояды. Ол баяғы бабымен палауды алып, сұқ саусағын шошайтып асқа салмай отырады.
— Қылышеке, ана саусағыңызға не болған? — дейді палаудан бас алмай отырған өзбектің бірі.
— О, несін айтасың, оған бір нәрсе тиіп кеткендей болып еді, жиіркеніп отырмын, ө, — дейді.
Өзбектер дереу қолдарын табақтан ала қояды. Қылышекең палауға әбден тойып алып, жайланып отыра бергенде, өзбек- тер алдын ала дайындаған түйелерін ары-бері алдынан жүргізеді. Түйенің бірі бақырып, аузынан жынын шашып алдынан өткенде, өзбектің бірі қуақыланып:
— Қылышеке, ана түйе не деп барады? — дейді. Азулы ақын ойланбастан:
— Е, ол ма, ол:
«Жалаңаш етіме сабан арттың,
Басымды атпен тарттың,
Қазақ болса қадірімді білер еді-ау,
Тап әкеңнің ұрайын сендей сарттың» деп бара жатыр түйелерің, — деген екен.
«Құртты, кұртты» деп өзбектер орындарынан тұрып, бір ауыз сөзге келмей тарап кетіпті.