АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Адамның көп қасиеті мінезімен байланысты. Егер кісі асқан дарынды,
не ғаламат өнер иесі болып келіп, мінезі өзгеге дегенде тар, не кекшіл,
күншіл жаратылса, бұл бір орасан қырсық. Мұндай адамның халыққа деген
жақсылығын кейде мінезінің жамандығы жеңіп кететін кездері болады.
Еркебұлан қанша биязы мінезді, кең көңілді, жомарт жанды
болғанменен, оның мінез-құлқының бір кемістігі бар-ды. Бірақ бұны тіпті
жамандыққа санауға болмас. Əйтсе де оны ескерген жөн шығар.
Еркебұланның бар айыбы, бір нəрсеге берілсе, тоқтау білмейтін, сол
нəрсеге жан-тəнімен берілетін. Əрине, бұл оның кемістігі. Творчестволық
іздену тəрізді игілікті істерде болса бір сəрі ғой, оны тіпті жақсылыққа
жатқызар едік. Ал арақ-шарапқа əуестену, не карта, тағы сондай керексіз
ойындарға берілу тəрізді жексұрын əдеттерге келгенде - бұл жаман қасиет
еді. Əсіресе, Еркебұлан тəрізді, қызығымпаз адамға, орысша айтқанда
«увлекающая натураға», керексіз нəрсеге беріліп, дер кезінде тоқтамау -
нағыз трагедия болатын.
Шүу дегенде Жұлдыздың күйігі шыдаттырмай іштірсе, енді ол əрі-
беріден кейін араққа тіпті салынып алды. Бұған жолдас-жоралары да
жəрдемдесті. Əсіресе Еркебұланның мұндай мінезін білетін Қайназар оғаш
«Тоқта, ішуді қой»,- демеді. Жолдасын мүддем маскүнем еткізгісі
келгендей, Еркебұланды қайдағы жоқ ішкіш жастармен таныстырды.
Солардың қауымына кіріп кеткен Еркебұлан, енді жобасын да ұмытты,
Жұлдызды да аузына алуды қойды. Бір-екі айдың ішінде «Бүгін арақты
қайдан тауып ішем»,- деп, ойлайтын күйге жетті. Енді оған кім арақ берсе,
сол шын жақсы жолдас көрінетін болды. Əрине, бұл жолдастарының
ішінде сол бұрынғы қалпындағыдай Қайназар ерекше орын алатын. Ол
əрқашанда Еркебұланды ұмытқан емес. Қай уақытта оның басы қатты
ауырады, не істесе жазылады, бəрін біледі. Тек Қайназардың білмейтіні:
«Жұлдыз бен Еркебұлан екеуінің арасында не болды?» Сол ғана. Ал
Еркебұлан мас кезінде де Жұлдыз жайында еш сырын ашпады. Қайназар
ма, əлде басқа жолдастары отыр ма, ол өзгесін қойғанда, тіпті Жұлдыздың
атын да атамады. Мүлдем, ондай қызды жақсы көрмек түгіл, білмейтін
тəрізденді. Ал шынына келсек, ол араққа қанша салынса да, Жұлдызды бір
секунд, бір минут ұмытып көрген емес. Жұлдыз деген махаббат енді оның
жазылмас кеселіне айналған. Тіпті кейде Еркебұлан арақ-шарап буымен
балқып, қиялымен Жұлдызды көз алдына елестететін болды. Онымен
күбірлеп, сырласуды шығарды. Енді араққа осындай тəтті қиялдарға берілу
үшін, Жұлдыз деген тəтті тілегімен сырласу үшін ішетін болды. Неғұрлым
арақты көп ішсе, соғұрлым Жұлдызды əлсін-əлсін көз алдына елестететін
күйге жетті. Осылай ой, қиял орманына кіріп кеткен Еркебұлан ішкен
арақтың əсерімен енді Жұлдыз деп шатаса бастады.
Еркебұланның күннен-күнге құрып бара жатқанын жолдастары да,
Қайназар да көріп жүрді. Бірақ бір де бірі «Сен бұзылып барасың, ішуді
қой»,- демеді. Арақ пен Еркебұланның арасына ешқайсысы араша түспеді.
Əсіресе жан жолдасы Қайназардың қылығы түсініксіз еді. Бұрын да,
Мəскеуде оқып жүргендерінде Еркебұлан кейде ішетін. Тіпті ондай жағдай
кейде бір жетіге де созылатын. Еркебұлан өзінің əр нəрсеге қызығымпаз,
ергіш мінезін жеңе алмай қалатын. Мұндай жағдайда Қайназар оған:
«Мұныңды қой, əйтпесе əкеңе хат жазамын»,- деп қорқытатын. Алдында
келе жатка сессиядан жасқанып, не Қайназар əке-шешеме менің арақ ішіп
жүргенімді хабарлап қояр деп, Еркебұлан бірден қоятын. Қайназар
Еркебұлан қылығының барометрі тəрізді еді. Егер ол ұрысса, не
жанжалдасса, өзінің бұрыс жүре бастағанын бірден түсінетін. Бұндай
түсіну тек арақ-шараппен байланысты болмайтын. Кейде Еркебұлан
мұзойнақта коньки тебумен өте шұғылданып (əрине, ондайда Еркебұлан
сабақ қарауды ұмытатын), кейде киноға барғыштап та кететін. Бұның
бəрінде де Қайназар дер кезінде табылатын. Тоқтау салатын.
Ал бұл жолы Қайназар бұның бірін де істемеді. Tiпті іше түссін
дегендей. Еркебұланның ішімдікке ақшасы жоғында ақша тауып берді, бар
жамандығына көмекші болды. Еркебұланды расыменен арақ ішсін, əбден
масқара болсын деп, оған «ішуді қой» демеді. Неге?
Дегенмен, түсініксіз қылық. Досың түгіл, қасыңнан күтпейтін сұмырай
қылық. Ал шешесі Қырмызыға келсек, оның құр шықпаған жаны жүрген.
Мұндай қылық білдіріп көрмеген баласының алғашқы кездегі ішкендеріне
бəлендей қобалжи қоймаған. «Денсаулығы мықты ғой, қызының кетіп
қалғанына күйініп ішіп жүрген шығар, əлі-ақ қояр»,- деп ойлаған. Бишара
ананың бар кемшілігі - баласының Жұлдызды қаншалық жақсы көретінін
білмегендігі. Бұрынды-соңды Жұлдызды əкеп таныстырғанға дейін,
Еркебұлан қосылайын деп жүрген қызым бар деп айтып көрмеген. Тіпті
соңынан да Жұлдызға шын ғашық екенін білдірмеген. Титтейінен
Еркебұланының жақсы қылықтарына қаншалық қанық болғанымен, оның
кей сырын ішіне сақтап, іштей булығып жанып, бірден өртене кететін
мінезін білмейтін. Сондықтан «Бітпейтін қайғы, таусылмайтын қуаныш
жоқ» деген орыс халқының данышпан сөзіне сеніп, əлі-ақ қасіретінен
айығар деп ойлаған. Бірақ баласының араққа тым салынып бара жатқанын
көріп, кенет қатты қауіптенген. Мұндайда сорлы ананың қайғысын да,
мұңын да өлшейтін таразысы көз жасы ғой. Шешесі жылап та, жалынып та
баласынын ішпеуін өтінді. Еркебұлан шешесін аяп: «Енді ішпеймін»,- деп
уəдесін де беретін. Бірақ сыртқа шықса болғаны, үйге мас болып қайтатын.
Лажы таусылған Қырмызы өздерінің Қарлығаш - Жұлдызының қалай
табылғанынан бастап, болған оқиғаны Асығатқа айтып берген.
Жалғыз Еркебұланның мұндай күйге түскені ғана емес, жоғалып кеткен
нəресте қызының табылуы, оның қайтадан адресін айтпай кетіп қалуы,
бəрі-бəрі Асығатты қатты толқытқан. Кенет еңсесін бір ауыр жүк басып,
бүкірейіп ұзақ отырған.
− Соның бəріне сен қалай шыдадың? - деген бір кезде ол əйелін аяп
кетіп.
− Басқа салған соң амал бар ма?- деген əйелі ауыр күрсініп. Содан кейін
Асығат тағы ұзақ уақыт үндемеген. Үндемей ойға берілген. Баласының
арақ ішіп шатысуы Жұлдызбен байланысты деп шешкен ол ойын қорытып:
«Енді Жұлдызды тез табу керек. Сонда баласы жастайынан салынып
ішпеген арақтың кеселінен тез жазылып кетеді. Амал жоқ, Еркебұланға
Жұлдыздың өзі туған ағасы емес екенін ашу дұрыс. Бірақ оны қайдан
табасың? Қай жаққа, қай қалаға кеткенін қайдан білесің? Қылмыскер адам
емес, заң орындарын тік қойып іздететін. Дегенмен, адам ине емес қой,
табуға болар. Неғұрлым Жұлдыз тез табылса, соғұрлым Еркебұланым тез
жазылады». Осындай шешімге келген əке, ертеңнен бастап Жұлдызды
іздемек болды. Бірақ қайдан іздейді? Қалай іздейді? − Бұ да оған белгісіз
еді. Ал шынына келсек, қазір Жұлдыздың қайда екенін естіген жалғыз ғана
адам бар еді. Ол - Қайназар болатын. Осыдан бір ай бұрын командировкаға
Сібірдің алыстағы қаласы Бийскіге барған бір таныс құрылысшы жолдасы,
сонда конструкторлық бюрода чертежница боп қызмет істеп жүрген
қазақтың бір сұлу қызы барын айтқан. Сұрастыра келіп Қайназар сол
қыздың Жұлдыз екенін түсінген. Бірақ «Жұлдыз Бийскіде екен!» - деп
Еркебұланға естіртпеген. Неге?
Əлде жолдасы Еркебұлан өзіне Жұлдыз екеуі неге айрылғандығын
айтпағандықтан, бұл жағдай өзіне түсініксіз болғандықтан əдейі үндемей
жүр ме? Бірақ жолдасының Жұлдызды жақсы көретінін біледі ғой.
Сондықтан Жұлдызды Еркебұланның есіне түсіріп, ескі жарасының аузын
тырнағысы келмеді ме? Солай тəрізді. Өйткені Еркебұлан қанша
жасырғанмен, оның Жұлдызды жанындай жақсы көретінін жəне сүйген
қызынан айрылғаны жанына қатты батып жүргенін білмей ме? Бірақ
баласының мұндай күйге жеткені жанына аяздай батып, ауырып қалып
жүрген Еркебұланның анасын аямай ма? Еркебұланымның серігі деп бұны
Қырмызының өз баласынан кем көрмейтінін неге ұмытады? Əлде
Еркебұланның қайғысы Қырмызыға шын батады деп ойламай ма? Ол
мүмкін емес. Қайназар Еркебұланнан екі жас үлкен. Жəне мектепке барар
жылы ма, əйтеуір, кішкентай кезінде, өздерімен ойнап жүрген бір тентек
баланың Еркебұланды «Асыранды өгей бала» деп, мазақтағаны есінде бар.
Бірақ одан бері қаншама жыл өтті?
Тіпті, асыранды болған күнде де Еркебұланның əке-шешесіне өз баласы
саналып кететін уақыты болған жоқ па? Болды ғой. Оның үстіне,
Еркебұланның өзіне де, оның əке-шешесінен де сондағы бір тентек
баланың сөзін жандандырар қылық, небір оқиғаны көрген, не естіген емес
қой. Бұл үшеуінің қарым-қатынасына, араларындағы сүйіспеншілігіне
қарағанда Еркебұланды бұлардың өгей баласы дегенге ешкім де сенбес. Ал
Асығат пен Қырмызыны Еркебұланның əке-шешесі емес десең жұрт күлер.
Жалғызымыз деп Еркебұланды мəпелеп өсірген Асығат пен Қырмызыны бұ
да кішкентайынан танитын. Білетін. Жұрттың əке-шешесі неге осы
екеуіндей болмайды деп, əке-шешесі кейде өзіне ұрысса, ана екеуін үлгі
ететін. Тіпті сол екеуіне қызығатын. Сөйте тұра Еркебұланның қатты
күйзеліп жүрген анасына неге жəрдем бермейді? Бұл қалай? Қалай?
Асығат Тың өлкесінен қайтқан күні, Еркебұлан үйіне таң ата бір-ақ
келді. Ертеңінде де сөйтті. Əкесімен жөндеп сөйлеспеді де. Ал Асығат
дəрігерлерге бармастан бұрын, баласының жағдайын жолдастарынан сұрап
білейін десе, ең жақын жолдасы Қайназар командировкаға Бийскіге кетіп
қалған боп шықты.
Міне, осындай жағдайда Еркебұлан ақыры психиатрлық емханаға барып
түсті. Түнімен көзі ілінбей шыққан Асығат жұрт тұрмай емханаға баруды
дұрыс көрмеді. Емханада жұмыс басталды-ау деген кезде баласын өзі кеше
апарып тапсырған емдеуші дəрігерге телефон соқты.
Дəрігер: «Балаңыз ұйықтап жатыр,- деді. − Күшті дəрілер беріп, біз оны
үш-төрт күн осылай ұстаймыз. Көп ұйықтатамыз. Дене, ақыл, ойы - бəрі
дем алулары керек, емдеуге мүмкіндік жасауға тиістіміз. Əзірге емханаға
келудің қажеті жоқ. Көп қобалжымаңыз, балаңыз бізде ғой, жақсылап
қараймыз. Ал алда-жалда тезірек көргіңіз келсе, үш күннен кейін телефон
соғыңыз, бірақ түс ауа. Мүмкін сөйлестірерміз».
Ал үш күннен кейін, телефон соғуға асығып, түстің аууын күтіп отырған
Асығатқа, түс болмай жатып-ақ емдеуші дəрігердің өзі телефон соқты.
Амандасып болысыменен ол:
− Балаңыз үйге барған жоқ па? - деп сұрады.
− Жоқ,- деді кенет абыржып қалған Асығат,- ол емханада емес пе еді?
− Таңертең жанымыздағы киоскадан газет əкеле қояйын деп күзетші
əйелден рұқсат сұрап шығып кеткен екен, содан бері жоқ. Таңертеңгі
тамаққа да келмеді. Дəрі беретін уақыты да өтіп барады.
Асығат жүрегі дірілдеп кетті.
− Япырмай... Не болды екен оған?
Мұндайда адамның ойына ең алдыменен жамандық түсетін əдеті ғой.
Баласының барғысы келмегеніне қарамай, дəрігерлердің айтқанына көніп,
Еркебұланын зорлағандай етіп емханаға салған əкесі, бізге өкпелеп өзіне
бірдеме істеп жүрмесе жарар еді деп, зəре-құты қалмады.
− Үйге келмеді дейсіз бе? - деді дəрігер бұның ойын бөліп. − Онда... біз
өзіміз іздетер едік, балаңыздың қай жерде жүретінін, болатынын білмейсіз
бе?
− Жоқ...
Асығат расында да Еркебұланның қайда болатынын, түнде қайда
жүретінін білмейтін.
Жұрт қадірлейтін əйгілі адамды өзінің сұрақтарымен қиын жағдайда
қалдырғанын дəрігер енді түсінді білем.
− Сіз қам жемеңіз,- деді ол, − қазір санитарларды жан-жаққа жүгіртіп,
тауып аламыз ғой. Аурухананың киімімен қайда кетті дейсіз, осы маңайда
жүрген шығар. − Сөйдеді де, ол өз үмітін өзі жойғандай. − Ал егер үйге
келе қалса, еш жаққа жібермеңіздер бізге телефон соғыңыздар,- деді.
− Жарайды. Жарайды,- деді қобалжыған Асығат. − Əйтеуір іздей
көріңіздер...
Күйеуінің əлденеге əбігерлене сөйлеп жатқанын аңғарып, ауырған басын
орамалмен қатты таңып алған Қырмызы өз бөлмесінен шықты.
− Не болып қалды? - деді о да қобалжи.
− Жай, əншейін... Адамның өзінің берекесі кетіп жүргенінде Жазушылар
одағы бір кездесуге шақырып жатыр...
Асығат əйеліне қарады. Қара судай тұнған үлкен бота көзі суалып,
ақшыл жүзі күнге күйген шүберектей бозарып, əбден күйрей қапты. «Егер
бүйтіп жүдей берсе, жанған пілтедей тез-ақ таусылады ғой»,- деді ол
ішінен. Əйелін аяп кетті. Бір сəт Еркебұландарының емханадан кетіп
қалғанын айтпақшы болды да, кілт тоқтады. «Менің қобалжуым да жетер.
Ең болмаса мына сорлы естімесін. Баласының кетіп қалғанын білсе, жүрегі
жарылып өлер». Асығат енді тез киіне бастады.
− Қайда барасың? - деді Қырмызы. − Емханаға телефон соғамын деген
уақытың таяп қалған жоқ па?
Ол
күйеуінің
əдеттегісіндей
асықпай-саспай
киінудің
орнына,
алдыменен біресе пиджагын, біресе көйлегін киіп, əбігерлене қалуынан,
оның бірдемеден сасып тұрғанын сезгендей.
− Ие, ие, телефон соғу керек,- деді Асығат. Сөйдеді де əйеліне қарады, −
жоқ, жоқ, телефон соғып қанша керегі бар? Одан да емханаға өзім барайын.
Мүмкін Еркежанмен сөйлесіп қалармын.
− Онда мен де барайын.
− Жоқ, сен үйде бол. Біреу-міреу телефон соғар... Бірақ «Еркебұлан
келіп қалса, емханаға телефон соқ», - деп айта алмады. Баласының үйге
келмейтінін сезгендей.
− Жарайды,- деді əйелі, − онда өзің бар. Еркежанмен сөйлесе алсаң
менен сəлем айт!
Асығат асыға киініп шығып кетті. Шүу дегеннен ол емханаға барды.
Еркебұлан əлі келмеген екен. Қаупі ұлғая түсті. «Аурухана киімімен алысқа
кетпеген шығар»,- деген дəрігер сөзі көңіліне демеу болып, арақ, пиво
сатылады деген сол маңайдағы дүкен, бар, кафе-асханаларды тегіс аралап
шықты. Еш жерден Еркебұланы көрінбеді. «Дəрі беріп ұйықтатып тастаған
екен. Баланың оянуын күтіп отырмын. Мені ешкім сұраған жоқ па?» -деп,
үйіне де телефон соқты. «Жоқ,- деді əйелі,- дəрігерлер не дейді, əйтеуір,
жаман емес пе екен?» «Бəрі де дұрыс. Жазылып кетеді дейді дəрігерлер.
Ауруы, сірə, балалықтың əуресі тəрізді».
Əйелін осылай жұбатқанмен, өзі жұбанбаған əке емхана мен үйінің
арасындағы көшелерді кезумен болды. Ертеңіне таңға жуық шақта
емханаға Еркебұланның өзі келді. Аман-есен. Бірақ түс жоқ, өң жоқ, түнде
бір ауыр оқиға кездескендей. Емдеуші дəрігерге бірдемені айтып жатты...
Он алты сағат емхана адамдарымен бірге баласын іздеген əкенің құр
сүлдесі қалған еді. Əйтеуір баласы табылды, ол соған қуанды. Еркебұлан
жоқ болып кеткенде «тек табылса екен» деп тілеген Асығат, енді бұған да
тəубе етті. Үйіне қайтып келгеннен кейін түні бойы хабарсыз кеткен
күйеуін күтіп отырған əйеліне: «Балаң жібермеді, сөйлесіп отырып
қалдым»,- деп жауап берді.
Қайназар бөлімшесімен көптен бері Целиноградтары бір кəсіпорнының
жаңа өндіріс комбинатының жобасын жасап жатқан-ды. Бийск қаласында
осы тектес комбинат салынып бітті дегеннен кейін, соны көргелі əдейі
командировка алып, алыстағы осы қалаға келген. Ал шын ойы, жаңа
құрылысты көруден гөрі, Жұлдызға жолығу еді.
Келген күннің ертеңіне-ақ ол Жұлдыздың қайда жұмыс істейтінін, қайда
жататынын біліп алды. Жұлдыз қыздар жатақханасына орналасқан екен.
Мұнысына қарағанда ерге шықпағаны хақ.
Дегенмен көңілі күпті Қайназар, ертеңгі күнді күтуге шыдай алмай, шам
жағыла құрылыс тресінің адамдары көрсеткен қыздар жатақханасына келді.
Есік алдындағы мосқал күзетші əйел:
− Қаражанова дейсің бе? Иə, ондай қыз бар. Үшінші этажда, алтыншы
бөлмеде,- деді алдында жатқан кітаптың «К» əрпі көрсетілген бетін ашып
қарап.
− Онда маған бөлмесіне пропуск беріңіз,- деді Қайназар.
Күзетші əйел таңдана қарады.
− Бұл қыздар жатақханасы екенін білмейтін бе едіңіз, жігітім? Сағат
сегізден былай қарай бұл үйге ешбір еркек кіндіктіге кіруге рұқсат жоқ. −
Сосын əйел Сібірдің түсе бастаған суығына бəлендей лыпа болмайтын
Қайназардың жеңіл киіміне мысқылдай көз тастап: − Өзің кімсің? Əлде
еркекше киінген əйелсің бе? - деп күлді.
Əзілге шорқақтау Қайназар сасып қалды.
− Жоқ, еркекпін.
− Болсаң боларсың. Суықтан мұрның тым сорайып кеткен екен, − Əйел
тағы күлді. − Ал біздің сұлу қыздың кімісің?
Қайназар өтірік айтты.
− Ағасымын.
− Бəсе,- деді əйел. − Біздің сұлу қыздың жігіті емес шығар деп өзім де
ойлап едім. Ондай періштеге Гагарин тəрізді қыран жігіт лайық.
Қайназарға əйелдің сөзі батып кетті. Бір сəт ашу шығармақшы да болды.
Бірақ аузына жат жерде айта қоярлықтай сөз түспей:
− Жұрттың бəрі Гагарин бола бере ме?- деді.
Əйел тағы күлді.
− Қайдан бəріңе бірдей Гагарин болуға. − Сосын ол сəл күлімсіреп. −
Ашуланбай-ақ қой. Менікі жай, əшейін сөз де...- деді əйел. − Күнімен бос
отырып ішің пысады. Жарайды, ағасы болсаң, ағасы бола-ақ қой. Бірақ өзің
қайдан келдің?- деді.
− Алыстан. Алматыдан.
− Алматыдан. Е, бір жақтікі болдың ғой. Мен Ташкенттенмін. Қазір
қарындасыңызды шақырып берейін, − Ол телефон трубкасын алып біреуге
звондады, − Дежурная ма? Настя, сенің этажыңда алтыншы бөлмеде əне
бір Жанна деген əдемі қазақ қызы бар ғой. Соған айтшы, төмен түсе
қойсын. Ағасы іздеп келіп тұр.
Əйел əлденеге күлді.
− Иə, ағасы, бəрі солай дейді ғой.
Жұлдыз демей күзетші əйелдің Жанна дегенінен Қайназар, «бөтен қыз
емес пе екен?»-деп, сəл сескеніп қалды. Сөйткенше болған жоқ, жоғарғы
қабаттан жүгіре түсіп келе жатқан Жұлдызды көрді. Асыққаны соншалық,
үстіндегі пиджагының бір жеңін киюге үлгірмеген. Расында да кезекші:
«Жанна, қалқам, ағаң келіп тұр. Тезірек төмен түс»,-деген сөзді естігенде,
алдымен түсінбей, сəл кідірген. «Ағаң? Қайдағы ағаң?»
Жалғыз ғана ағасы бар. Кенет сол екен, Еркебұлан келіп қалған екен деп,
орнынан атып тұрған. Сағынып жүргені соншалық екен, тіпті айнаға қарап,
өзін ретке келтіруді де ұмытып кетті, баспалдақтан төмен қарай етігінің
өкшесі тас еденді тақ-тақ ұрып, жүгіре түсті. Ол бұл минутта
Еркебұланның кім екенін де есіне түсірмеді. Ғашығы ма? Ағасы ма?- бəрін
де ұмытты. Жүрегін тек «Еркебұланың келіп қалды»,- деген қуаныш алып
ұшты. Бірақ екінші қабаттан төмен келе жатып, бұны күтіп тұрған
Еркебұлан емес, Қайназар екенін көріп, кілт тоқтай қалды. Жаңағы
қуаныштан алып-ұшқан жүрек су сепкендей басылды. Сөйтсе де бір сəт
суи түскен көңіл қайтадан жылыды. «Сонау алыс жерден бұны іздеп келген
Қайназардың қандай жазығы бар?» Оған Қайназар кенет жаздың
шыққанын білдіргелі келген жыл құсы тəрізді көрінді. Əйтеуір
«Еркебұланның бір хабарын айтады ғой» деді ол өзіне. Жұлдыз қайтадан
асыға жүрді.
− Қайназар ағайсыз ба?- деді ол көзінен жасы мөлтілдеп, оны құшақтай
амандасып, − Қайдан жүрсіз? Мені қалай таптыңыз?
Қуанғанының белгісі етіп, бетінен сүйді. Қайназар мұздай еріп, майдай
балқып кетті. Бұл қарындастық сүюі - оған ғашықтық сүюден кем əсер
етпеді.
− Іздеген адам табады ғой. Сені əдейі іздеп келдім,- деді Қайназар.
Екеуі күзетші əйелдің оң жағындағы, кең дəліздегі, жұмсақ диванға
қатарласа отырып, ұзақ сөйлесті, Қайназар Жұлдыздың мұнда екенін
кімнен естігенін, өзінің қандай шаруамен келгенін айтты. Сөзін астарлай,
жұмысты сылтау етіп, шынында Жұлдызды көруге келгенін білдірді. Ал
Жұлдыз болса, Алматыны, ондағы аз уақытта танысып үлгірген адамдарды
сұрап, өліп барады. Бəрін де сағынып қалған екен-ақ. Қайназар білгенін
жасырмай айтып жатыр. Əлден уақытта Жұлдыз:
− Кетеріңде Қырмызы апайдың үйінде болдың ба? Ол кісінің күйі
қандай екен?- деді.
Қайназар тек осы жолы ғана селқостау жауап берді.
− Үйлерінде жүрер алдында болғам. Қырмызы апай сол бұрынғы
қалпында, бір күн сау, бір күн ауру...
− Асығат көкем əлі Алматыға келген жоқ па?- деді енді Жұлдыз.
Қайназар Еркебұланның əкесін Жұлдыз неге «Көке» дегеніне сəл таң
қалды. «Асығатты бұл көрмесе керек-ті. Иə, көретіндей уақыты болған жоқ.
Ұмытпасам, о кісі сентябрь тумай жолаушылап кетті емес пе? Иə, солай.
Көке деуіне қарағанда Еркебұлан екеуінің арасында бір жылы жағдай бар
ма, қалай? Онда бұл неге Бийскіге кетіп қалды?»
Дегенмен Қайназар дұрыс жауап берді.
− Мен кеткенде ол кісі келмеген болатын. Жүрер күні Еркебұланды
көргем, əкесін бір-екі күнде келіп қалар деген.
Жұлдыз үндемей қалды. Ол əлденені ойлағандай үн-түнсіз ұзақ отырды.
Əлден уақытта барып:
− Еркебұлан ағай не істеп жүр? Хəлі қалай?- деді. Даусы бұл жолы
тұншығып бара жатқандай əзер шықты. Бұны Қайназар да аңғарып қалды.
«Сүйген жігіті жайында сұрау оңай ма?- деді ол ішінен. Бірақ Еркебұланды
Жұлдыз неге «ағай» деді - тағы таң қалды. Қашаннан бері сүйген жігітін
қыз «ағай» дейтін болды?»
Miне, осы уақытта ішінде жатқан қызғаншақтық деген сұр жылан басын
көтеріп алды. Əйтсе де, Қайназар өзін-өзі ұстай сөйледі.
− Еркебұлан аман-сау, ойнап-күліп жүр. Тек көп ішетін болды,- деді ол.
Жұлдыз жұлып алғандай:
− Неге?- деп сұрады.
Қайназар қинала жауап қайтарды.
− Оны менен гөрі, өзін жақсы білетін шығарсың.
Қыз үндемеді. Тек аздан кейін сұраққа жауап берудің орнына:
− Қашан жүресіз?- деп сұрады.
− Арғы күні,- деді Қайназар,- мұндағы шаруам ертең бітеді.
− Онда, бөтен шаруаңыз болмаса, ертең сөйлесейік. Алматыны қатты
сағынып жүрмін... Əлі де сұрайтыным бар. Бүгін кеш болып қалды. Маған
ерте тұру керек.
Ертең, кешке жолықпақшы боп, Қайназар қонақ үйге қайтты. Ал
Жұлдыз төсегіне келіп жатып, көп уақытқа дейін ұйықтай алмады. Ол
Еркебұланмен екеуінің неге айырылғанын Қайназардың білмейтінін
түсінді. Əрине, Қайназар ертең оны сұрайды. Оған сырыңды ашу керек пе,
керек емес пе? Ашпаған дұрыс шығар. Бірақ іште жатқан күйік Ескендірдің
қос мүйізі ғой, біреуге айтып сыртына шығармасаң, жаныңды күнде
түрткілеп мазаңды ала береді емес пе... Оның үстіне бүгін дəрігерге
барған... Соңғы жетіде жүрегі əлсін-əлсін айнып, кейде құсуды шығарған...
Не істеу керек? Ақылдасар, жаны ашыр кімі бар? Əрине, Қайназар
Жұлдыздың бұл кеселіне ақылшы бола алмайды, өйткені оның өзіне деген
ойын Жұлдыз бұрыннан да біледі ғой. Сонда бұл қайғысын кімге шағады
(қуаныш деуге, əрине, Жұлдыздың аузы бармады)? Кімнен ақыл сұрайды?
Қайда барып күн көреді?
Осындай ауыр ойға берілген Жұлдыз тек таң сарғая бастағанда ғана
ұйықтап кетті.
Ертеңіне бұлар кешке таман кездесті. Бийск - өндірісті қала.
Тұрғындарының көпшілігі -жұмысшы. Бұлар Жұлдыздың жатақханасынан
шыққанда кеш жылы, желсіз тəрізді еді. Екеуі көшеде жүріп сөйлеспекші
еді кенет жел тұрып, күн суытып кетті. Сібірдің күзгі аязы жұқа киінген
Қайназарды шыдататын емес. Ол енді күннің қолайсыздығын сылтау етіп
Жұлдызға:
− Мына аяз адамды сөйлететін емес қой,- деді. − Бұл маңайда ресторан,
кафе деген жоқ па, сонда отырып əңгімелессек қайтер еді?
Қыздың аты қыз емес пе, қандай қиын жағдайда да сырт пішінін
ұмытпаса керек-ті! Үстінде қысқа қара тон, аяғында пима, жұрт бар жерге
арнап киінбеген Жұлдыз, ресторанға кіруді ыңғайсыз көрді. Жəне бұл арада
ресторанның бар-жоғын білмейтін.
− Тоңайын дедіңіз ғой,- деді ол бетін қарсы желден бұрып, сəл
күлімсірей Қайназарға қарап. − Онда жүріңіз, əне, анау кафе ғой деймін.
Егер кісі көп болмаса...
Бұлар кірген жер, күндіз асхана, кешке жастар жиналатын кафе болып
шықты. Жұлдыз бекер қысылыпты, үстінде ақ свитер, көгілдір тоқыма
юбка. Шашын желкесіне тоқпақтай етіп түйіп тастапты. Тек аяғына киген
пимасы болмаса, бəрі жарасып тұр. Əрине, мынау жып-жылтыр еденде,
қазір көп кешікпей басталатын биде бұл пимамен көпшілікке көріну
ыңғайсыз.
Жұрттың аздығын пайдаланып бұлар, өзгелердің көзіне тақа түсе
қоймайтын, бұрыштағы қара көлеңкелеу жердегі столға кеп отырды.
Жайғасып болғаннан кейін Қайназар алдындағы дастарқан мəзірін
Жұлдызға ұсынып:
− Өзің таңда,- деді. − Не жейміз, не ішеміз?
− Мен жаңа ғана тамақтанғанмын,- деді Жұлдыз еш қымсынбай. − Асты
өзіңіз ішіңіз. Ал маған конфет, кофе, екі жүз грамм балмұздақ жəне бір
рюмка коньяк...
Жұлдыздың «коньяк» деген сөзіне Қайназар іштей таңданып қалды.
Бұны сезген Жұлдыз езу тартып күлді.
− Коньяк деген ішіп көрмеген дүнием,- деді. − Бірақ өзі адамның көңілін
көтереді дейді ғой. Ал бүгін... көңілім бір түрлі қапалы болып отыр.
− Неге?
Жұлдыз жасырған жоқ.
− Алматыны сағынып жүр едім, сізді көріп қуанып қалған болатынмын,-
деді мұңая. − Ал сіз ертең қайтқалы тұрсыз. Өзіңізбен бірге, көшеден бері
жанымда жүрген Алматымды əкетіп бара жатырсыз...
Қайназардың жүрегі елжіреп кетті.
− Онда... Онда сенің Алматыңды əкетпейін. Тіпті өзім осында қалайын.
− Жоқ,- деді қыз, − Онда сіз де алыстағы өз Алматыңызды сағынасыз
ғой. Бір менің де қайғым жетер. Сіздің обалыңызға қалғым келмейді.
Астарлай айтқан қыз сөзін Қайназар жақсы түсінді. Əлденеден дəмелене
бастаған көңілі кенет су сепкендей басылды.
Осы кезде даяшы əйел қастарына келді.
− Не тілейсіз?- деді ол.
Қайназар да тамақ ішіп шыққан. Бұ да Жұлдыздың айтқанын сұрады.
− Екі кофе, төрт балмұздақ, жүз грамнан екі коньяк,- деді ол.
Даяшы əйел кетіп қалды.
− Алматыны соншама жақсы көрсеңіз неге тастап кеттіңіз?- деді
Қайназар. «Оған қандай себеп болды?» деп сұрағысы келіп еді, бірақ
тоқтай қалды. Өзі айтар деп ойлады.
− Жалғыз Алматыны ғана тастап кеттім бе?- деді қыз мұңая,- шынын
айтсам мүлдем тастап кеткем жоқ қой,- қыз өз сөзімен өзін жұбатқан
тəрізді. − Ондай қаланы мүлдем тастап кету - тіпті мүмкін емес екен...
Қайназар сəл кідірді.
− Бұныңды Еркебұлан біле ме? Білсе неге соншама бүлініп жүр?
− «Бүлінгені» қалай?
− Араққа салыну бүлінген емей немене?
− Мүмкін менен бөтен де, оған ауыр тиер қайғысы бар шығар?
− Қандай қайғы?
«Өз қарындасын сүйгені жеңіл қайғы ма?»- дей жаздап Жұлдыз сəл
кідірді. Осындай сөзді айтуға аузы бармады. Осы кезде даяшы əйел
бұлардың сұрағандарын алып келді. Кішкентай графиндағы коньякты
Жұлдыз алдарындағы оймақтай хрусталь рюмкелерге құйды да:
− Аман-есен көріскеніміз үшін,- деді рюмкасын сəл көтеріп, сөйдеді де,
өзі бірден рюмканы аузына апарып сəл тоқтап, кенет аспай-саспай ішіп
салды.
«Коньякқа үйренген адамның қылығы ғой бұнысы». Қайназар да
рюмкесін аузына апарды. Жоқ, Жұлдыз: коньяктан шімірікпестен ішсе,
іштегі күйігі өртеп бара жатқан. Соны басам дегені еді. Жанын күйдірген
азаптан адам у да ішеді. Кеуде тұсына дейін коньяк оттай жалап өткенмен,
Қайназарға сыр бергісі келмеген. Шыдап баққан.
Көп кешікпей-ақ алғашқы рет ішкен коньягы бойын ала бастады. Қыз
денесіне бір тəтті у тарағандай сезінді. Ол коньяктың қалғанын тағы екі
рюмкеге бөліп құйды. Енді ғана алдындағы стақандағы кофені бір-екі рет
ұрттады.
− Ал мына рюмкені, Жұлдыз, сенің Алматыға аман-есен қайта оралуың
үшін ішейік,-деді Қайназар.
− Жоқ құр ғана аман-есен қайтуым үшін емес, екеу болып оралуым үшін
ішейік!-деді Жұлдыз.
Қайназар оның сөзін тікелей түсінді. Осы жақтан күйеуге шығып,
Алматыға екеу боп оралғысы келіп отыр екен деп ойлады. Енді
Еркебұланмен екеуінің арасының алыстап кеткеніне шек келтірмеді. Ал
Жұлдызға алғашқы рюмкедей емес, екінші рюмкедегі коньяк өзгеше əсер
ете бастады. Жүрегі өртеніп, орасан бір қайғы басып, көзі тұманданып
кетті.
− Өмірдің өлшенер таразысы неде?- деді ол сəл тілі күрмеліп,-
қайғысында ма, əлде қуанышында ма? Мың күндік қуанышың бір күндей
болмайды, тез өте шығады. Ал бір күндік қайғың - мəңгі бітпестей келеді.
Бұған қарағанда өмір сірə қайғыменен өлшенуге тиісті тəрізді.
− Ал мың күндік қайғыны бір күндік қуаныштың жеңетін кезі де болады
ғой,- деді Қайназар қыздың ойын алыстан шолып.
Бірақ Жұлдыз əңгіме бетін бөтен жаққа бұрып кетті.
− Алматыда мен бар болғаны төрт-ақ ай болдым,- деді ол, кенет даусы
өзіне тəн орнықты шығып. − Бірақ сол қалада бар өмірім өткен секілді,
жоқ, сол қалада бар қуанышым қалған тəрізді. Міне, сондықтан да мен оны
күннен-күнге сағына түсудемін.
− Егер сондай сағынып жүрсең, жүр, Алматыға бірге қайтайық,- деді
Қайназар.
Жұлдыз үндемеді. Коньяк ішсе сырын аша түсер ме екен деген
үмітпенен ол даяшы əйелді шақырды.
− Бізге тағы екі жүз грамм коньяк əкелсеңіз!- деді ол.
− Жоқ болмайды,- деді əйел. − Бір адамға жүз граммнан артық коньяк
берілмейді.
− Мен енді ішпеймін,- деді Жұлдыз да,- жаңағының өзінен басым
айналып отыр. Одан да балмұздақ желік.
Екеуі енді балмұздақ жей бастады. Ақылын əлгі азғантай коньяк жеңді
ме, əлде жүрегін жеп бара жатқан, іштегі қасіретін дос адамына айтып,
көңілін жеңілдеткісі келді ме, Жұлдыз тағы кенет:
− Жоқ қазір сізбен бірге жүре алмаймын,- деді. ашық сөйлеп. −
Алматыға аман-есен босанған соң қайтамын.
Қайназар түсінбей қалды.
− «Босанған соң» дегенің не?- деді ол шошына.
−
Мен
екіқабатпын,-
деді
Жұлдыз
қайсарлана,
−
құдайдан
жасырмағанды адамнан жасырғаннан не шығады? Оның үстіне Қырмызы
апай мені нəресте күнімде ұрлатып алған шешем екен. − Жұлдыз кенет
солқылдап жылап қоя берді. − Өз ағасымен өзі жүрген мен бір қарабет
болып шықтым...
Қайназар енді бəріне түсінді. Кішкентай кезінде өзінің əке шешесінен
«Асығат пен Қырмызы ауылға барғанда бір жасар қыздарын жоғалтып
алған. Қасқыр жеп кетті ме, əлде біреу ұрлап əкетті ме белгісіз»,- деген
сөзді естігені бар. Жəне сол сəтте оның есіне тағы бала кезіндегі
«Еркебұлан Асығат пен Қырмызының туған баласы емес, бұны демалысқа
елдеріне барғанда алып келген»,- деген баяғы сөз қайтадан есіне түсті.
Оркестр ойнап, жастар билеп жатқан мына залда, өз күнəсін өзі көтере
алмай, еңіреп жылап отырған қызды Қайназар шын жүректен аяп
кеткендей, үндемей сəл отырды. Содан кейін дірілдеген қолымен қыздың
шашынан сипап: «Қой, Жұлдыз, қой, жылама! Жылама!- деді. − Жас
шағында кім қателеспейді, əлі бəрі де ұмытылады...»
Бірақ Қайназар қызды қанша аяп отырса да, өзі естіген шындықты. «Ол
сенің туған ағаң емес» деген сөзді айтпады. Егер айтса ғой, Жұлдызды
күйдіріп бара жатқан махаббат күнəсі тез-ақ шайылар еді.
Ертеңіне Қайназар Алматыға жүріп кетті. Жұлдыз бұнымен хат арқылы
хабарласып тұруға уəделесіп, солқ-солқ жылап қала берді.
Еркебұланның кетіп қалғаны емхана қызметкерлеріне сабақ болды. Енді
оны еш жаққа шығармай тиісті дəрі-дəрмегін беріп, кəдімгі ауыр сырқаттай
қадағалап емдеді. Арақ ішпей, ұйқысы дұрысталып, өзіне-өзі келген
Еркебұлан күннен-күнге сауыға бастады.
Бұл жағдай - баласының кеселі Жұлдыз бен арақтан келді деген
Асығаттың сенімін күшейте түсті.
− Махаббат пен арақ - ұстамалы ауру секілді дүние ғой,- деді Асығат,
балаларының қазір біркелкі түзеліп қалғанын естіртіп болғаннан кейін
əйеліне, − Ешкіммен қатынастырмай емдеудің арқасында балаң бүгін
сауыққанмен, ертең еркіндікке шыққаннан кейін, бұрынғы əдетін қайтадан
бастамасына кім кепіл? Ондай кеселге бір ұшырағаннан кейін оңай жазыла
қояр ма екен ол? Əсіресе Жұлдыздың күйігі жеңілге түспес. Ғашықтық
деген - екеуінің бірін-бірі табудан бөтен емі жоқ дерт емес пе?! Оның
үстіне егер Жұлдызды өзінің туған қарындасы екен деп түсінген болса,
тіпті қиын. Бұрынғы ғашықтығына ұят, өкініш - бəрі қосылып, баланың
ақылынан адасуы сонда басталып жүрмесе нетсін. Ар-ұятқа келгенде,
шыншыл етіп өсірдік қой оны... Менімше бұған бар шындықты айту керек,
ақылды бала еді ғой, түсінер... Қайткен күнде де Жұлдыздың өзінің
қарындасы емес екенін білген дұрыс болар.
Қырмызы көзіне тағы жас алды.
− Япырмай... Еркежан біздің баламыз емес екенін білсе, тіпті жер болып
қалады ғой... Осы уақытқа дейін алдап келгенімізді естіп, бізден мүлдем
безіп жүрмесе жарар еді,-деді Қырмызы, Еркебұланын «менің балам емес»
деп айтуға қимай. Сөйтсе де қайғыға шыдай білетін ана жүрек толқуын
ақылға жеңгізді.
− Амал қанша, айту керек,- деді,- айту керек! Бар пəле Жұлдыздың кетіп
қалуынан басталған. Ең болмаса оның неге кетіп қалғанын білсін.
− Дұрыс,- деді Асығат. − Қандай қиын десек те, шындықтан сара жол
жоқ.
Бір жетіден кейін дəрі-дəрмегін үйден келіп алып жүретін боп,
Еркебұлан емханадан шықты.
Сол күні оңашада əкесі болған оқиғаның бəрін оған айтып берді.
Асығатқа барлық шындықты айту оңайға түскен жоқ. Жүрегі тоз-тоз боп
ыдырап бара жатқандай сезінді. Бірақ амал қанша, əке міндеті - адалдық
міндет. Ал адалдық еш уақытта да жалған сөйлеуді білмесе керек-ті.
Еркебұлан əке сөзін жерден басын көтермей үн-түнсіз тыңдады.
Тек Жұлдыздың бөбек күнінде жоғалып кеткенін естігенде ғана əкесіне
қарады.
− Өзім де сезіктеніп едім,- деді қинала. − Солай болып шықты. Əйтпесе
Жұлдыз мені тастап кетпесе етті. Жұрт бетіне бұдан кейін қалай қараймын!
− Ол еңкілдеп жылап қоя берді.
− Сəл шыда, жылама!- деді əкесі, оның қозғалып жатқан иығынан қолын
алып. − Өздеріңді қара бет санар сендер күнəкар емессіңдер,- деді. Содан
кейін ол Еркебұлан бұлардың баласы емес екенін, оқиғаның қалай
болғанын тағы айтып берді.
− Тек,- деді сөзінің аяғында Асығат,- бұны Жұлдыз білмепті, шешесі
айтуға үлгермепті.
Енді Еркебұланға бəрі де айқын болды. Бірақ шын азап оған енді
басталатындай көрінді. Бір жағында туған əке-шешесінің тумаған боп
шығуы, мүмкін, оларды жоғалтуы, екінші жағынан, алыс кетсе де, кенет
қайтадан жақын бола қалған жоғалған махаббатын табуы -өзін балға мен
төстің ортасына түскен оттан шыққан темірдей сезінуге мəжбүр етті. Екі
жақтан бірдей тиер соққыға ол шыдай ала ма? Шыдай алса, одан қандай
бейнеге көшеді. Əсіресе оған туған əке-шешесінің өгей əке-шеше болып
шыққаны батты. Оның есіне енді кішкентайында естіген кейбір оқиғалар
түсті. Айналып, толғанған əке-шешесін көріп, олар бір жаман түстерім
шығар дейтін. Міне, енді сол түсім дегені шындық болып шықты.
Еркебұлан əлі де сол етпетінен жатқан қалпынан қозғалмады.
Тек екі күн өткеннен кейін ғана ол төрт айдан бері ұмытып кеткен
«Ардагерлер сарайының» бір бұрышта үйіліп жатқан сызық-чертеждеріне
көзі түсті. Сол күні Еркебұлан «Жұлдыз қайда екен?»- деді өзіне-өзі.
Ал Жұлдыздың қайда екенін білетін Қайназар əлдеқашан Бийскіден
қайтқан. Бірақ ол Еркебұланды бұрынғыдай жолдасым еді деп, іздеп бұның
үйіне келген жоқ. Жəне Жұлдыздың қайда екенін де айтпады. Ал кеңседе
кездескенінде салқын қанды жүзбенен құр амандасады да қояды. Оның
мұндай қылығын көрген Еркебұлан да Қайназардан бəлендей жақындық
іздемеді.
|