Е. С. Адаева прозалық МӘтінді



Pdf көрінісі
бет11/14
Дата27.11.2023
өлшемі7,16 Mb.
#129721
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
dokumen.pub 9786012479720

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Көркем шығармадағы баяндаушы типтері.
2. Роман және заман.
3. Романдағы болмыстың бейнелену сипаты.
4. Б.Соқпақбаевтың әдеби-көркем ізденістері.
5. Пейзаждың көркем туындыдағы атқаратын функциясы.
Әдебиеттер
1. Әдібаев Х. Талант, талғам, тағдыр. – Алматы: Жазушы, 1971. – 104 б.
2. Щепилова Л. Введение в литературоведение. – М.,1968. – 117с.
3. Гей Н.К. Время и пространство в структуре произведения. Литера-
турно-теоретические исследования. – М.: Наука, 1975. – 221с.
4. Жұмағалиев З. Шындық және көркем әдебиет. – Қарағанды: ҚарМУ, 
1993. – 216 б. 
5. Хасенов М. Ұнамды образ және типтендіру. – Алматы, 1966. –226 б.
6. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 299 б.


7. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. – Алматы: 
Ғылым, 1998. –254 б.
8. Әшімбаев С. Ақиқатқа іңкәрлік. – Алматы: Ана тілі, 1997. – 196 б.
9. Жанр сипаты. Алматы: Ғылым, 1971. –247 б. 
10. Байтанаев Ә. Шын шеберлік. – Алматы: Жазушы, 1969. –104 б.
11. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1999. –279 б. 
12. Литературный энциклопедический словарь. – Москва: Советская 
энциклопедия, 1987. –165 с.
13. Горький А.М. Избранные сочинения. – М., Гос. худ. лит. издат., 1946. 
– 663 с.


137
6-тақырып
ПРОЗАЛЫҚ МӘТІНДЕГІ ЛИРИЗМ ТАБИҒАТЫ
• «Қайдасың, Гауһар?» повесінің басты арқауы
• Жазушы шығармаларындағы аналар образы
• Кейіпкерлер тұлғасын даралаудағы жазушы шеберлігі
Қазақ әдебиетіндегі махаббат тақырыбы терең тамырлардан 
бастау алады. Ол да өз заманына, соған орай алға қойған мұрат-
мақсатына сәйкес мазмұн мен түр жағынан өзгеріп, жетіліп 
отырды.
Өмірдің өзіндей қарапайым, әрі шыншыл суреткер Бердібек 
Соқпақбаев қаламынан туған шығармалардың бәрінде адамдар 
арасындағы достық пен махаббат басты арқау болып отырады. 
Бұл тақырып кейбіреуінде басты желі болса, кейбіреуінде екінші 
орында алынады. Соларды екшеп саралай келгенде «Қайдасың, 
Гауһар?»/1964/ повесін жазушының достық пен махаббат 
мәселесін өзіндік ізденістегі шығармасы деу керек.
Жазушының «Қайдасың, Гауһар?» повесінде де соғыс 
жылдарындағы ауыл тіршілігі, сол кездегі жастардың бойындағы 
мінез-қылықтар шынайы суреттелген. Шығармада тоғызыншы 
класты бітіре салып ауыл мектебіне мұғалім болған Жәнібек 
есімді жігіт пен қала қызы Гауһардың алғашқы балауса махаббаты 
сөз болады, бастарынан кешкен сезім күйлері баяндалады.
Автор шығармасында махаббат тақырыбы жайлы сөз 
еткенімен де, соғыс кезіндегі елдің, адамдардың, хал-жағдайына 
да едәуір орын беріледі. Повесте жесір ана мен жетім қыздың 
тағдыры, әсіресе, пәк сезімді Гауһардың кіршіксіз таза жан 
дүниесі есте қаларлықтай тәуір шыққан. Шығарма сыншылдық 
әрі сатиралық ерекшеліктері де жоқ емес. Көлемі шағын повесте 
соғыс жылдарындағы ауыл тіршілігі, сол ортада туып-өскен 


138
жастардың тал бойындағы кейде ойлантып, кейде езу тарттырып 
отыратын мінез-қылықтар оқырманды өзіне тартып біртіндеп 
баурап алады. Оқиғасы қарапайым, тілі шұрайлы шығармада 
Жәнібектің басынан кешкен сезім-күйлері шынайы суреттеледі. 
Жаңа ғана 9 класс бітіріп, әлі балалық баспалдағынан еркін 
аттап шықпаған Жәнібектердің әупіріммен әзер отырған ауылға 
бас-көз болып, өзінен кейінігі жасөспірімдерге мұғалім болуы 
– сол жылдардың ащы шындығы. Повестегі оқиға Жәнібектің 
осы мектептің мұғалімі Жақанмен бірге мектеп директорының 
нұсқауымен Алматыға білімін жетілдіру мақсатында бір 
айлық курсқа оқуға келуімен басталады. Жігіттер оқу басталу 
алдындағы қолдары бос кезде атақты «талкөшкемен» танысады, 
«қыз аулауға» да шығады. Сондай күндердің бірінде қала қызы 
сүйкімді Гауһармен танысады... Бұл таныстық кеудеге нұр құятын 
үлкен сүйіспеншілікке ұласады...
Жазушы оқушыны бірден емес, оқи келе ойға қалдырады. 
Мәселен, Жәнібек пен Гауһар қосыла ма? Жәнібек оқуға білімін 
қайта жалғастыруға бара ма? Ол Гауһарды таба ала ма деген сияқты 
сұрақтар оқырман санасын билеп алады. Повестің оқиғасы қызық 
болғанмен, ащы тағдыр екеуін қоспайды. Ол екеуінің қосылуына 
кедергі болған тағы да сол, қарғыс атқыр соғыс.
Жазушы қыз-жігіт арасындағы ұлтымызға тән сыйластық 
пен ғашықтық сырларды шебер суреттейді. Екі жастың 
үйдің сыртындағы сандық тастың үстінде кездесу сәттері, 
жан жүйелеріндегі өзгерістер эмоциялық жағынан барынша 
нәзіктендіріліп сипатталған.
Жас жігіт Гауһар бойындағы сұлулықты, асқақтықты 
аялай біледі. Ауылға аттанып кеткеннен соң да, хат жазып, тез 
хабарласа алмаса да Гауһарды бір сәт есінен шығармайды. Одан 
айырылып қалатынын түсінген сәтте Алматыға жетуге асығады. 
Алайда, өмір жас жігітті қат-қабат қиындықтарға салып жібереді. 
Автор характерді жалаң, сырдаң күйде емес, тіршіліктің әртүрлі 
кезеңдерінде бар қырымен көрсетуге тырысқан.
Қайтсем де астанаға жетем деген ынтық көңілді сол кездегі 
жол қатынасының қиындығы бір апта уақытқа шегереді. Одан 
кейін Жәнібектің майдандағы Хасен ағасынан қаралы хабар 
келеді... Сөйтіп қанқұйлы соғыс уақыты бас кейіпкерді ағасынан 


139
өлі, сүйген қызынан тірідей айырады... Өз еркінен тыс, осындай 
тағдыр тәлкегіне түсіп, ардақ тұтқан жанынан көз жазып қалып, 
енді қайта жолығысудың, табысудың жолын таппаған жас 
азаматтың өкініші мен назасы кемерінен асып төгілетіндей... 
Кейіпкердің ішкі жан дүниесінің тереңдей ашылуы, характердің 
адал көңілі, албырттығы, аңғалдығы, қателігі оқырманды еріксіз 
күрсіндіреді, ойлантады.
Ал повестің құрылысына келетін болсақ, оқиғалар жүйесі 
бір-бірімен үзілмей жалғасады. Дәлірек айтқанда, бір себеп 
екіншісімен тікелей байланысып отырады. Бір кедергіден екінші 
кедергі туып, үміт сәулесі біресе жанып, біресе сөніп оқушыны 
жетелеп тартып отырады. Повесть – композициясы, образдар 
жасау жүйесі жағынан ғана емес, тіл көркемдігі жағынан да 
біркелкі татымды туынды.
Аталмыш туынды жарық көрген тұстағы, яғни 60-70 – 
жылдардағы қазақ повестері идеялық-тақырыптық бірлігі 
жағынан әр алуан болуына қарамастан, лиризм өрнектеріне бай. 
Бұл орайда «Қайдасың, Гауһар?» туындысын С.Мұратбековтың 
«Жусан иісі», «Жабайы алма», Қ.Ысқақовтың «Қоңыр күз еді», 
«Менің ағаларым», Ш.Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді», 
М.Мағауиннің «Бір атаның балалары», т.б. повестермен қатар 
адамгершілік пен ізгілікті, сезім тазалығын, адам бойындағы 
асыл қасиеттерді кейіпкерлерінің іс-әрекеттері, қарым-қатынасы 
арқылы шыншылдықпен бейнелеуге ұмтылған шығарма деп ата-
уымызға әбден болады. Лирикалық повестің бұндай табыс тары 
қаһарманның жан сұлулығы, арман-тілегі, сағыныш аңсары, ұлт-
тық мінезі, тұрмыс-тіршілігі, ыстық махаббаты тек шын дық пен 
өрілгенде ғана шығарманың өміршең сипаты ашылаты нына айғақ.
Өзінің шығармашылық жолында көбіне балалар мен 
жасөспірімдер өмірін сенімді бейнелеген қаламгер «Қайдасың, 
Гауһар?» повесінде жастық дәуірді шебер суреттеп, махаббат 
пен достықтың табиғи сыр-сипатына, ұлтымызға тән жастар 
арасындағы сыйластық пен сырластыққа барлау жасап, жас 
адамның ой-сезіміндегі сұлулық пен асқақтықты мұрат тұтады. 
Жан-тәніңмен шынайы сүйген жаныңды аялап, асқақтата білу 
керектігін аңғартады. Белгілі ғалым, профессор Т.Кәкішевтің: 
«Жан жадыратар жастықтың алғашқы ұлы сезімін жырлаған осы 


140
шығарма: құрбыларым, албырт махаббатты асығыстықпен ағаттап 
алсаң, арманды өкініштен арыла алмайсың, абайлаңдар деген 
ой нысанасын педагогикалық тактпен баяндап, адамгершілікке 
шақырады», – деген пікірі жоғарыда айтқандарымыздың түйіні 
іспетті.
Жалпы, Б.Соқпақбаев шығармаларындағы қаһармандардың 
ішкі әлеміне тереңірек үңілсек, олардың табиғи болмысы 
қажырлы, қайратты, рухы асқақ, өмірге деген сенімдері жоғары 
келеді. Жастық, махаббат пен достық – адам өмірінде мәңгі-бақи 
жалғасатын мәселелер. Өмір барда олар да өз күресін жүргізеді. 
Олар да қайшылық пен бірліктен, тартыс пен таластан, түлеу мен 
тозықтан тұрады. Бердібек Соқпақбаев бұл шығармасы арқылы 
да достық пен махабаттың шынайы жыршысы ретінде жастықпен 
мәңгі өмір сүре береді.
Бердібек Соқпақбаев шығармаларында суреттелген алуан 
түрлі адам тағдырының арасынан қазақ қыздарының, асылдың 
көзіндей аналардың сүйкімді бейнелері елеулі орын алады. Көркем 
шығармадағы аналардың бейнесі өмір шырағданы, тіршіліктің 
тірегі ретінде суреттеледі. Қаламгер өмірдің бұлжымас осы бір 
зандылығын өте жақсы ұғынған және соны өз шығармалары 
арқылы дәлелдей алған, нанымды суреттей алған жазушы деп 
білеміз. Оның сомдауындағы әйелдер – өмірдің өзінен алынған 
тірі тұлға, рухы биік өнегелі қазақ қызы, бүкпесіз шындық иелері 
болып көрінеді. Соның өзінде олар – жалаң қылыш, қатқыл қару 
асынғандар емес, қазақы тіршілік ыңғайында пісіп жетілген 
аналардың табиғи болмысы. Олар қалай тіршілік етсе, Бердібек 
шығармаларында да солай әрекет етіп, өмір сүреді. Әйел бейнесін 
суреттегенде жазушы бояуды қалың жағып, ұзақ-сонар тәптіштеп 
баяндап жатпай, өзіндік стилінен ауытқымай қысқа мінездеп, 
келте қайырады. «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі Бөпке 
әже, Әсбет шеше, «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы 
момын әйел Бибісара, Қаныша, Зағипа және Қалампыр кемпір, 
«Менің атым Қожа» повесіндегі Миллат, «Қайдасың, Гауһар?» 
повесіндегі Гауһар бейнелері өздеріне ғана тән, қайталанбас 
тұлғаларымен көз алдында қалып қояды.
Б.Соқпақбаев шығармаларындағы шыншыл да шебер 
жасалған әйелдер бейнесі галереясында өзгелерден оқшау тұрған 


141
тұлға бар. Ол «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы Еркіннің 
жеңгесі – Қаныша. Соғыс кезіндегі қазақ ауылындағы әйелдердің 
басына түскен ауыр қайғы-қасірет осы бейнеге жинақталған. 
Майданға аттанған сүйікті жары Сәрсебектен хабар болмай, 
Қаныша жылдар бойы қызықсыз, қоңырқай күй кешеді. Қалада 
оқып келсе де, жұрт алдын кеспейді. Табиғаты өр болғанмен, 
қазақ қыздарына тән ибалылық пен ізеттіліктен де ада емес. 
Басына қандай ауыртпалық түссе де, көрінгеннің қолжаулығына 
айналмай, Сәрсебекке мәңгі адалдығын танытып қала береді. 
Нұрәлінің айтқанына көнбегені үшін жазықсыз кірленіп, 
жұмыстан қуылады. Өр көңілі қорланады... Кешегі қырғын соғыс 
талай жанұяны сорлатып кетті, талай үйдің оты өшті. Сүттей 
ұйыған өмір жарастығын алай-түлей бұзған, бақыттыны қор еткен 
соғысқа қарсы астыртын лебіз роман бойында естіліп жатқандай.
Шығармадағы жесірлік зарын бірдей тартқан, тағдыры ұқсас 
әйелдер нақты өмірлік жағдайда әрқайсысы өз мінезіне сәйкес 
әрекет жасайды. Мысалы, романдағы күйеуі армияға кеткен 
Зейнекүл деген келіншек Нұрәліден шекесі торсықтай екі қыз 
бала тауып алады. Бұл бейнеге де көп шындық тоғыстырылған. 
Зейнекүл тағдырына жаның аши отырып, сұм соғыс не істетпеді 
деп ақтағың да келеді. Соғыс жылдарындағы Зейнекүл сияқты 
әйел тағдырлары С.Мұратбековтың «Жабайы алма» повесінде, 
Н.Ғабдуллиннің «Жігер» романында, т.б. шығармаларда көрінісін 
тапқан. Мәселен, «Жігер» романындағы Сәруар да Зейнекүл – 
тәрізді соғыстың қиындығына шыдамай әлсіздік танытқан нәзік 
жан. Ал оның абысыны Мәуия болса қайғысын қайсарлықпен 
көтереді.
Қаныша түлғасы – кешегі соғыста сүйген жарларын күтіп, 
санамен сарғайған, тұрмысы төмендесе де, көңілін, арманын 
төмендетпеген, тағдыр талқысына түскен, бақытқа, қызыққа 
жаралған, бірақ дегеніне жетпеген аруларға көркем ескерткіш 
іспетті.
«Балалық шаққа саяхаттағы» қазақ әжелеріне тән барлық 
жақсы қасиетті бойына жинаған Бөпке әже ше? Үлкен жүректі, 
мейірімді, шаршап-шалдығуды білмейтін ананың бейнесі бірнеше 
эпизодта ұтымды көрсетіледі.
«Таңертеңгі шайды апыл-ғұпыл береді де, апам қап алып тезек 


142
теруге кетеді. Мал жайылатын қырқа жақты кезіп, түске таман бір 
қап тезек теріп әкеледі. Мұрнынан су кетіп жүріп, түскі шайды 
береді. Сосын, қол орақ арқан алады да, сонау төменгі жазықтан 
бір арқа қурай немесе ши орып әкелуге кетеді.
Өрістен мал қайтатын кешкі мезгіл. Апам әлі жоқ.
Біз үйдің үстіне шығамыз. Апам келетін жолға қараймыз. Апам 
жоқ, түйе беліндей етіп нығарлап буған бір арқа нән қурай келе 
жатыр. Иә, иә, тек қурай. Олай-бұлай сәл ырғалып, кәдімгідей 
жылжып келе жатады. Тағы біраз жақындаған кезде сіз қурайдың 
астында жыбырлаған аяқ бар екенін байқайсыз. Қурай тура біздің 
үйге қарай келе жатады».
Ауыр жүктің салмағынан көрінбей келе жатқан қажымас Бөпке 
әже – қазақ аналарының қасіретті соғыс өткерген миллиондаған 
кейіпкерлерінің бірі. Повестің бас кейіпкері әжесін ерекше 
сүйіспеншілікпен әңгімелейді.
Өмірдегі прототипінен еш өзгеріссіз алынған жазушының 
салдырлаған ақ көңіл, мойымайтын, тозбайтын сүйікті әжесі 1953 
жылы сексен тоғыз жасында дүние салады.
«Жекпе-жек» повесіндегі Мұраттың апасы Ұлжан да – 
баласын ерекше жақсы көретін ізгі жүректі ана. Сүт кенжесі 
Мұратты аялап, көзінен таса еткісі келмейді. Тіпті балалармен 
бірге демалуға лагерьге де әзер жібереді. Арада екі-үш күн өте 
салысымен сәлем-сауқат арқалатып артынан Батырбай қарияны 
жөнелтеді. Және бір төрт-бес күн өткеннен кейін құрт-майын 
арқалап өзі де келіп жетеді... Мұрат Парижде өтетін халықаралық 
жарысқа аттанарда да, «Трансия түгіл ешқайда жібермеймін. 
Егессем, енді оған қалада оқуды да оқытпай, үйге алып 
қайтамын», – деп жұлқынып Алматыға да келеді... Шыбын жаным 
Мұраттың үстінде шықсын деп, тек соның тілеуін тілеген абзал 
ананың бойында барлық қазақ әйелдеріне ортақ мінез, әрекет 
бар. Сонымен бірге ішкі жан-дүниесі, болмыс-бітімі ешкімге 
ұқсамайтындығымен де ерекшеленеді. Кейіпкер характерінің 
сипаттары сөйлеген сөздерінен-ақ ашылып отырады.
Жар қызығынан бас тартып, бар ғұмырын Қожаның 
болашағына арнаған Миллат, Еркіннің алғашқы махаббатының 
куәгері – Ғалия, ауыл балалары Жәнібек пен Жақанның көзін 
ашып, өнерге, сұлулыққа деген іңкәр сезімдерін оятуға тырысатын 


143
қала қызы сүйкімді Гауһардың қайталанбас образдары – өз 
алдына бір төбе.
Осылардың ішінен Ғалия бейнесі айрықша тоқталуды қажет 
етеді. Романда Ғалия образы да шеберлікпен өрнектелген. 
«Өлгендер қайтып келмейді» романының алғашқы беттерінен 
соңғы тарауына дейін Ғалия шығармаға кеңінен бейнеленеді. Ол 
– Еркін секілді жас азаматтың асыл арманы, алғашқы махаббаты. 
Романның басында Ғалия бейнесі – сұлулығымен, пәктігімен 
сипатталады.
«...Балжанның төменгі жағында енесін жанамалаған құлынша 
оған еркелікпен сүйене түсіп отырған, қасы, көзі қап-қара еліктің 
лағындай сүйкімді жас қыз. Көмірдей қара шашын желкесіне 
төгілдіре қырыққан. Жасы мен шамалас. Бұл Балжанның Ғалия 
дейтін қызы екен».
Осы бір үзіндіден-ақ үлбіреген жас қыздың, нәзік жанды пәк 
мінез бойжеткеннің жан-дүниесі айшықтала түседі. Жазушының 
кейіпкерлерді сомдаудағы ерекше өрнегіне сүйсіне отырып, 
қазақ эпостарындағы сұлу да ақылды, өнегелі көптеген көркем 
бейнелерді еске алуға болады. Өйткені, Бердібек Соқпақбаевтың 
стильдік өрнегінде қазақы әңгімешілдік, ежелгі жыр, аңыздар 
мен ауыз әдебиеті үлгілерін, жалпы қазақ әдебиетінің озық 
дәстүрін, ұлттық сипатын бойына барынша сіңірген сабақтастық 
жатыр. Белгілі бір шағын деталь, психологиялық сәт арқылы-
ақ, Еркіннің Ғалияға деген шын ғашықтық болмысы, оқырман 
көңілінде жігіттің көзқарасы, сезімімен ілесе ұштасып, Ғалия 
бейнесі бар әсемдігімен ұялап қалады. Мысалы: «Ғалияның 
дәл өзі. Менің Ғалияшым. Суретке ие болған соң-ақ енді менің 
солай деуге қақым бар сияқты. Ғалия тәрізді әсем қыздар кім 
көрінгенге сурет сыйлай ма?!». Осы бір үзіндіден-ақ үлбіреген 
жас қыздың, нәзік жанды пәк мінез бойжеткеннің жан дүниесі 
айшықтала түседі. Ғалия үшін Еркін басын тауға да, тасқа да 
соғады. Тіпті, сонау Қарағандыдан – ФЗО-дан Ғалия үшін қашып 
шығып, Новосибирск, Семей арқылы Алматыға келіп, қыз 
аулынан бірақ шығады. Сондағы Ғалия әскерден келген басқа 
біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Біз романның соңында күйеуінен 
ажырасып, жалғыз қалған Ғалияны кездестіреміз. Сонда да 
оны жек көре алмаймыз. Сырттай қарағанда Ғалия махаббатқа 


144
тұрақсыздығынан опық жейтіндей. Елдің өсегінен қорқып, 
Жексенге тұрмысқа шыға салады. Ғалия трагедиясы да тап осы 
жерден басталады. Өмір жолында кездескен алғашқы кедергіге 
төтеп бере алмайды. Еркін мінезімен салыстырғанда өзін 
қинамайтындығымен, өз бақыты үшін күресе алмағандығымен 
ерекшеленеді. Өмір дариясында ағынға қарсы тұра алатындар 
да, жаңқадай қалқи беретіндер де бар екені ақиқат. Өз сезімінің 
опасыздығының, дәрменсіздігінің құрбаны болған Ғалия 
образының көркем әдебиеттегі бақытқа, махаббатқа ұмтылған, 
бірақ дегеніне жетпеген біраз кейіпкерлермен кейбір үндестігін 
байқай аламыз. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтің Ақбаласының 
Тәңірбергеннен кеткеннен кейінгі Еламанның қадір-қасиетін 
түсінуі, М.Шолоховтың Лукериясының өмірдің өз ағынына 
ілесумен тынуы, Л.Толстойдың Аннасының тағдырына күйініп 
мерт болуы... Әр кейіпкер өз характеріне лайық әрекет жасайды.
Романның бас қаһарманы бола тұра, шығармада Ғалия бейнесі 
ішкі-сыртқы қасиеттерімен, психологиялық жағынан толық 
ашылмағаны да белгілі. Бұл туралы романды талдау кезінде сын-
ескертпелер де айтылған.
Бұның басты себебі – романның бірінші жақтан әңгімеленуінде 
екенін жоғарыда айтып кеткенбіз. Алайда, Ғалия тағдырының 
саналы жастардың талайына ой салары анық. Жазушының 
романдағы басты табысы деп осыны атауымызға болады.
Жазушының «Қайдасың, Гауһар?» повесіндегі қала қызы 
Гауһардың образы да өзіндік даралығымен есте қалады. Пастер 
көшесінің бойындағы тротуармен келе жатқан Жақан мен 
Жәнібектің алдындағы қақпаның түбінен:
« – Жігіттер, енді сендердің жолдарың болмайды», – деген 
сыңғырлаған, нәп-нәзік қыз даусы естіледі. Тұра қалып, мойнын 
бұрған олар, қақпаға сүйеніп, өздеріне күле қарап тұрған, 
әдемі аққұба қызды көреді. Шығармадағы Гауһармен алғашқы 
таныстығымыз осылай басталады.
Алғаш жүздесуді оқырман жылы қабылдаған Гауһар образы 
бірте-бірте ашыла береді. Сырт келбетінің әсемдігімен бірден 
баурап алатын Гауһардың ішкі жандүниесі, ақыл сарайы одан да 
сұлу. Табиғатынан сезімтал, сұлулыққа, жақсылыққа құмар қыз 
Жәнібек пен Жақанның өнерге деген сүйіспеншіліктерін оятуға 


145
тырысады. Осындай нәп-нәзік бойжеткеннің еңбекқорлығы 
да ересен. Шешесіне жаны ашыған ол, оқу оқи жүріп, қала 
сыртындағы бақшаны да бір өзі күтіп баптайды. Жұмыс істей 
жүріп, сызылта ән де салады. Бұл эпизод Жәнібек ойымен 
баяндалады: «Ол әндердің көпшілігі мен біле қоймайтұғын, 
менің құлағыма тосындау естілетін дүниелер. Тегі опера, 
оперетталардан үзінділер, ескілікті романс тәрізділер болса керек. 
Әлгіндей тосын бола тұрып, құлаққа соншалықты жағымды, 
тыңдаған үстіне елігіп, тыңдай бергің келеді...
Ара-тұра тынығып, отыра қалсақ, Гауһар көзіне не түссе, сол 
жайында тақпақтап өлең айтады... Атақты ақындардың өлеңдері 
немесе олардың поэмаларынан үзінділер...»/1,321/.
Табиғаты қаяусыз, еліктің лағындай мөлдір жанның ар 
отының азабына шыдамай, майданға аттанып кетуінің өзі оның 
рухани келбетіне сай шешім.
Жазушы Соқпақбаевтың «геройлары анау айтқандай 
мейманасы тасып, барын түйіп, белбеуін буынып, төгілдіре 
киінген кейіпкерлер тобына тіпті де ұқсай бермейді. Жазушы ондай 
қызылды-жасылды қызықтарға еліктеген кейіпкерлер әлеміне 
құмартудан аулақ. Керек десеңіз, Бердібек туындыларындағы 
геройлар өмірдегі бар қалпында көрініп шығармаға ширатылған 
сәтте де оншалықты киіндірілмей жүрген жандар тәрізді болып 
келетіні де ғажап емес.
Бұл жазушы кемшілігіне жатпайды. Сезінуі, қызықтарын 
түйсініп қабылдауының қыры бұл. Осы тұрғыдан, табиғи өлшем-
мен түзілген геройлар галереясы барынша сенімді, барын ша 
шыншыл сымбатымен оқырман жүрегінен жол тауып, олармен 
қолтықтасып өмір базарында жүргендей болады»/2/.
Соқпақбаев кейіпкерлеріндегі ұнамды, ұнамсыз дегендердің 
де ара салмағы дәуір, заман шындығынан алшақ кетпейді. 
Жазушы өз геройларына деген көзқарасын жалаулатып жатпайды. 
Кімнің-кім екені кейіпкердің мінез-құлқынан, іс-әрекетінен өрбіп 
отырады.
Уақыттан үлкен білгір де, дана да жоқ. Көркем сөз қайрат-
керлері жасаған әдеби мұралардың ең өміршең, шыншылдары ғана 
қымбаттылығын көрсетіп келеді. Ақиқат өмір, зайыр құбылыс-
тарды терең тамырларымен батыл көтере білген туындылар бүгін 


де, ертең де бағалы. Олар әрдайым адам өмірінің қайталанбас 
сырын, шынын айта білуімен қызғылықты. Ал адам бойындағы 
ең ізгі қасиеттерді паш еткен кейіпкерлер галереясының ғұмыры 
ұзақ болары бесенеден белгілгі.
Б.Соқпақбаевтай сөз зергерінің шығармаларындағы «таныс-
бейтаныстар» замана куәгерлеріндей талай буынның сырласына 
айналатынына күмән жоқ. Өйткені суреткердің шығармаларында 
келер ұрпақтың ата-бабаларының қуаныш-қайғысы, жеңіс-
жемісі, арман-аңсауы, зар-мұңы, тірлік-тынысы, ой-өресі жатыр.
Қорыта айтқанда, жазушының қай шығармасын алсақ та, өз 
айтар ойы бар, дербестігімен дараланатын тәрбиелік мәні зор 
шығармалар. Жазушы өзі жайлы да, өмір жайлы да басты сөзін 
шығармаларында жарқырата айтып кетті. Кешегі баланың – 
бүгінгі ересектің, бүгінгі баланың – болашақ ересектің жүрегі-
нен өзінің биік орнын алған жазушының үлкен де шыншыл, 
шығармашылық әлемі Ертеңгі күнге қарай сеніммен бет алып 
барады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет