«ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ В ОБРАЗОВАТЕЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН» 173
Жазушы туындыларының өнімді ерекшелігі мінез ашу тәсілдерінде бой көтеріп
отырады. Кейіпкерлері сөйлегіш әрі дөп айтып, қызықтырып сөйлейді. Сөзтапқыш.
Ділмәрсу емес. Табиғатты суреттеуінде классикаға жиендік жасаған емес. Ақжазықтың
аумақ, айналасын өз қалпында, ынтық жүрекпен көреді. Сезінеді.
Оның шығармаларында әлем әдебиеттануында постотарлық әдебиет аталып жүрген
әдеби үдеріске тән тайға басылған таңбадай алабөтен ұлтжандылық басым.
Бексұлтан Нұржеке-ұлы шығармашылықта деректі жайларды көркемдік кеңістікке
оңтайлы өзіндік тәсілдерде тартады. Көбінде орталық тұлға жазушы автордың өзі болып
отырады. Ол талмай, перзенттік ризашылығын төгіп, көркемдік айналымнан
«тастамайтын» Ақжазықтың адамдары болады.
15-томда жазушы роман, повестерінде, әңгіме, эсселерінде «қалмай» жүретін
кейіпкерлерінің прототиптерімен жақыннан танысуға болады. Авторды олардың жанын
көтеріп жүрген ізгілік, игіліктері ұдайы толқытады. Он бір жасар баланың басынан
сипайтын жоғары класта оқитын ауылдас, рулас әпкелерін сен де «танисың». Бұрынғы
ауыл осындай бауырмал болатын.
Кейіпкер – автор аяқасты ағаларын қонаққа шақырып, келіншегі «оларға не берем енді»
деп абыржыған. Көргені көп үлкендер құтқарды. Оразәлі ағасы құдаларына байлап
отырған қойын көлігіне тиеп берген. Ауыл адамының қазақы жан жомарттығы; қазаққа
ғана сүйкімді қайсыбір оғаш қылықтарын сағындырып жазады жазушы.
«Ал ауылдасың ше? Емшегін емген анаң, арқаңнан қаққан әкең бөлек демесең,
қалған барлық бірлігі бірге өтіп жатқан адамдар – ауылдастар. Бауырмалдық пен
ізгіліктің, ортақ өмірдің қазаны мен ошағын, тектілік пен көргенділіктің – бәрін көретін
басын қалыптастыратын табиғи мекен – тек ауыл».
Бір өзі бүкіл Ақжазықты арқалап жүргендей сезімде жүреді, дәстүрін, салтын,
ағайынгершілігін...
Қазақ әдебиетіне әр қаламгер Нұржеке-ұлының Ақжазығындай ақпейілді өз
ауылын қайталанбас қалпымен жеке-жеке көшіріп әкеліп қоныстандырды... Мыңбұлақ,
Ақиін, Бұлақты, Қаратерең, Майтөбе, Шайырқұм... Мың Ауыл – бір Ауыл.