«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫ» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік (онлайн) конференция материалдары 172
Қазақтың барына байып, жоғынан түңілген қаламгерлер кеңес заманында да, одан
кейін де, бұрын да осы бағытқа бет бұрмай тұра алмаған. Тарихи тағдыры осы жолға
түсірді.
Шерхан Мұртаза «Тәуекел той» әңгімесінде бауырмал, ортасымен, қауымымен
бақытты, көпшіл, тойшыл қазақтың ендігі күйкілігіне күйіндіреді. Кісі іздеп той өткізудің
түпкі сыры қазақ ұнататын әдеттен бе еді?
Той ата салттың басы болатын. Алысы, жақыны құрмет асырып, қауышып, рухани
сауығып отыратын ортасы болатын. Сценарий бойынша етек алған жұғымсыз қарбаласты
той деп тоғайа аламыз ба?
Жазудағы айнымайтын имандылық, ізгілік тұғырларында қазақ қаламгерлерінің
жүзін жарқын, бетін ашық ұстататын елеулі шығармашылық олжаға кенде емеспіз.
Кейіпкер болмысын қазақы қалпында иланымды ашқан қаламгер – ұлттың рухани кодына
кілт тапқан суреткер.
Бойындағы құндылық негіздері сәулеленіп тұрған жеке тұлғалар жасайтын
туындыларға қазақ әдебиеті кенде емес. Адам баласының жеке бас өмір ұстанымдарын
түзіп қалыптастыруда ұлттық құндылықтар – мейлінше ықпалды фактор. Оның ғасырлар
бойы түзген, түйген бай тәжірибесін жаһандық өркениет соқтығыстары сеңдей
сапырылыстырып, астаң-кестеңін шығаруды ұдайы көксеп келе жатқандай көрінеді.
Ымырасыз, бітіспейтін дінаралық текетірестердің де бұл «бұзуда» елеулі ықпалы бар.
Жүздеген жылдар жат билеушінің өктемдігінде шетқақпайды көп көрген, біртіндеп
жасып, жалтақ бола бастаған қазақ жұрты рух азаттығын әдеби мұрасында қымтап, сақтап
отырды. Құндылықтары қапысыз айналымға түскен жалғыз қорғаны болды сөз өнері.
Қазақ әдебиеті ұлттық мұраттар аңсарында туып, жасап келе жатқан аса ықпалды рухани
әлеуетімен құнды, құнарлы.
Қазіргі қазақ әдебиеті көркем туындының орталық тұлғасының бойындағы қазақ
этносының біртұтас құндылықтарымен айрықшалана түседі. Постколониалды,
постотарлық жағдайда да сынын бұзбай сыр бүккен айрықшалығы.
Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Қамыт жағалы қоңыр көйлек» әңгімесі қазақ
қызының абырой сақтау парызын жедел, жиі алмасып өтіп жататын оқиғалар
сапырылысындағы алаңкөңіл күйімен елеңдетіп отырады. Әңгімеде қыз бала тәрбиесі,
жеңгелер институты, туысқандық арақатынас сынды қазақы өмір жағдайлары, қазірде
салттан шығып бара жатқан, бәлкім шығып та кеткен ұлттың жекебас өмірінің басқа этнос
өкілін бәлкім «волновать» етпейтін «ұсақ-түйек» жайлары мазмұндалған.
Мәдениеттер интеграциясында жаулаушы қоныс аударушылар мен байырғы
тұрғындардың басыбайлылық шектері мейлінше кереғарлықтарда таңбаланып отырады.
Экономикалық мүдделері, обыр, озбыр пиғылдарды кім-кімнің де мұң-мұқтажы
алаңдатпайды. Көпшілік байырғы тұрғындар үйреншікті кәсібін жоғалтады.
Жатжерліктердің ала келген бөтен құлықтары, діни наным-сенімі біртіндеп өз дегеніне
көндіруге ұмтылады. Байырғы жұрт қайткенде өзіне қолайлы, өзін азат сезінетін өмір
ортасын сақтап отыру амалдарын ойластырмай отыра алмайды. ХХ ғасыр басында Алаш
ардагерлері жатжұрттық мәдениеттердің жергілікті халыққа білдірмей, сездірмей
жүргізетін рухани соққысына бекерден бекер қауіп айтпаған еді.
Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Қыз сезімі» әңгімесінде қыз бен жігіттің таныстығы
не себептен соншалықты тәптіштей жазылған. Жазушы енді жасап-жасамауы екіталай,
жастық дәурендегі қыз бен жігіттің қарым-қатынас әдебіндегі қазақылықты көксейді.
Қазақы жаратылыстың белгілі бір уақыт аясындағы қан жүріп соққан жан-жүрек,
әрекет-аңсарын, кісілік аясын тұтас қамтып жазған, қазақжанды, қазақшыл қаламгер
Бексұлтан Нұржеке-ұлы туған халқының туа бітті мінез-құлқын; қилы саяси салқынқабақ
кезеңдердегі өмірдағдысын; жеке тағдырдың туған жерге байлаулы ырызық-несібесін;
туған тілдің жасампаз әлеуетін көркем айналымға тартуда шашау шығармай қамтып,
«бұзбай» ардақтап жазады.
Материалы Международной научно-практической онлайн-конференции