Аспан ашық, ай жарық күн жылыда,
Қол созыпсың аспанның жұлдызына.
Күйеу жолы жіңішке деген сөз бар
Ізет көрсет ауылдың ұл-қызына.
Оңдас шыдай алмады білем, Аюбайды түртпектеп отырып əнге
жетеледі. Оңдастың əдемі ашық дауысы бар екен. Аюбай соның берекесін
кетірді. Əдетте қолма-қол қиыстырып жауап қайтару шарт. Аюбай
Ондастың өлеңіне үйлесе алмай, дауысы барлығып мүдіре берді. Екеуінің
сөзі екі түрлі шығып, тоқайласпай-ақ қойғаны. Қыз-келіншектердің мерейі
тағы да үстем болды.
Түн жарымы болып қалғанын аңғармаппыз. Осы кештің ұйытқысы
болып жүрген үлкен жеңгеміз бəрімізді үйге қайтарды да, бір-екі келіншек
пен əпкемнің қимас құрбыларынан екі-үш қызды қалдырды.
Мен бұдан кейінгі оқиғалардан бейхабар едім. Өйткені мені енді ол
отауға маңайлатпады. Бəрін кейін естідім.
Үлкен үйде оңаша қалған Үбиан əпкем бүкіл кештің барысынан
хабардар болып отырыпты. Аюбайдың момындығын, жасықтығын,
қалжыңға қарымтасы жоқ екенін де біліп алыпты. Енді ел тарап, екі жасты
жүздестірер сəт туғанда, əпкем қасарысып отырып алады. Жеңгелерінің
айтқанына да, құрбыларының тілегіне де көнбейді.
—Япыр-ау, бикеш-ай, бізді масқара етпекпісің шынымен. Өз ықтиярың
болған соң келмеді ме ол екеуі. Енді көргенсіз ел атанбайық, —деседі
жеңгелері.
Үбиан сол ызаға булығып қасарысқан қалпынан қайтпапты.
— Немене, ерке қыз дегенге, шолжаң болғың келе ме сонша. Ел
рəсімінен, бұрынғының жолынан аттап қайда бармақсың. Бүйтіп бізді
қорлама. Есті қыз өйтпес болар. Біз де өзіңдей қыз болғамыз, — десіп енді
жеңгелері ашуға көшеді.
Ақыры таң алдында Үбиан күйеу бала отырған отауға баруға келісіпті.
Бұл кезде кеш бойы сөзден жығылып, терлеп-тепшіп қысылған екеуі əбден
қалжырап, оның үстіне қалындықтың соншама кешігіп, көңілдері
қобалжып отыр екен. Осындай толқу үстінде тоқырап отырғанда, Үбиандар
кіріп келіпті. Адамның берекесі бір кетсе, аяғы тайғанай беретін əдеті емес
пе. Аюбайлар тағы жаңылыс басады. Қалыңдық кіргенде, күйеу жағы ізет
көрсетіп, орнынан тұрып қызды аялап қарсы алатын салтымыз ғой.
Аюбайлар абыржып оны да ұмытқан көрінеді. Əпкемдер кіріп келгенде,
орнынан тұрып қарсы ала алмапты.
Оң босағада отырған қызға бұдан артық қорлық болсын ба, онсыз да
ызаға булығып келген əпкем лезде тəкаппарланып кеткен екен. Жігітке қол
ұсынбақ түгілі мінін бетке басады.
— Жатыстарыңызға береке берсін. Жау қайтарғандай қалжырап қалған
екенсіз, мазаларыңды алмайық. Қызға сөз салардан бұрын, сөз мəнісін
түсінер болар еді. Сөз қадірін ұқпаған, өз қадіріне қалай жетпек.
Кешіріңіздер, — деп бұрылып жүре береді.
Енді Аюбай намыстанып, ашулы аттанбақ болады. Жеңгейлер мəн-
жайдың тігісін жатқызып, жігіттің шымбайына батыра ақыл айтып, ашуын
тоқтатып аттандырады. Оңдас кешірім сұрап, бұл оқиғаның елге жайылып
кетпеуін өтініпті. Салт бойынша күйеу жағы таң атпай, ел көзіне ілікпей
ауылдан аттануы тиіс. Екеуі лезде жүріп кетеді.
Ертеңіне Үбиан əпкем тігілген киім-кешектерін лақтырып, жасауларын
шашып қатты ашуланды. Сонан соң мұңайып бір түрлі тұңғиыққа
түскендей жүреді. Үй-іші басу да айтқан жоқ, ашу да айтқан жоқ.
Екі-үш күннен соң Үбиан Аюбайға бармаймын деп қиғылық салып еді,
бұл жолы əкем айбаттанып кетті:
— Екінші рет бата бұзып, есектің миын жеді деймісің мені. Елге қайта-
қайта қарабет болар жайым жоқ.
Бұл кезде Аюбай да ауылына барып біраз талқыдан өткен соң ашылып,
сөз қадіріне жеткендей болса керек. Екі айдан соң, ол қайтадан бағын
сынап, елге ұрын келеді. Бұл жолы ауылдың қыз-келіншектері еріндерін
тістеп, еркін қалжыңға ерік берген жоқ. Сөйтіп Аюбайдың үйренген
сөздері, ақыл-кеңесі бұл жолы кəдеге аспады.
Уақыт өте берді. Күйеу бала енді ауылға апта сайын келетінді шығарды.
Үбиан əпкем бұрынғыдай емес, «пешенеге жазылған осы шығар» деді де,
бəрін үнсіз мойындады. Қалыңмал қанша көбейсе де, қарамызға тұяқ
қосылмай азая берді. Бəрі жасау-жабдыққа жаратылып жатыр еді.
Ұзату тойы қоңыр күзге қарай, жиын-терін біткен соң басталмақ.
Тойға əзірлік кезінде де басымыздан тақыр кетпеді. Ауылдық, болыстық
əкімдер сұраққа шақырып əңгір-таяқ ойнатуды шығарды. «Қалыңмал
алғаныңды қағазға түсіреміз, уəкіл шақырып айдатамыз» дегенді де айтты.
Алайда əкем бұған сескене қоймады. Өйткені «жығылып жатып сүрінгенге
күледі» дегендей, олардың өздері де қолдарымен қоқыс шеңгелдегендер
еді. Көрінгеннен пара алып, көрінгенге көз салып, алдынан өткенге алақан
жайып, əбден алакөзденіп алғандар болатын. Əкем соны біліп сескенуден
аулақ жүр. Тіптен беттеріне тіке айтып салыпты:
— Бұл аймақта көзге сүйелдей көрініп отырған жалғыз мен емес. Ел
істеген тірлікті мен де істедім. Сендердің де құлқындарың мəлім.
Жемсауларың бүлкілдеп отырғанын да білем. Ал егер біреуіңнің
тамағыңды тығындасам, екіншің ауыз ашқалы дайын тұрсыңдар. Пара
үшін жиған малым жоқ. Сендерге пара берем деп жалаңаш қалар жайым да
жоқ. Өз қотырымызды өзіміз қасып, тыныш жүрейік те. Бəріміз де оңып
тұрған жоқпыз. Мен қызымның көңілі үшін күнəһар атансам, сендердің
күнəларың онан да асып жатыр. Сондықтан қорқа қояр, жаси қояр жайым
жоқ. Онан да əрқайсың күн сайын дікектей бергенше, үлкен бастыққа
хабарлаңдар. Не де болса, соның алдында жауап берейін, — деп əкем
белсенділерді беттетпеді.
Ұзамай үлкен бастық да келді. (Шамасы біздің болысқа қарайтын
милиция бөлімінің бастығы болса керек) Келуін келді-ау? Бірақ сорақысы
енді басталды. Не болды дейсіздер ғой. Тергеуге келген бастығымыз
Үбианды көргенде, ақыл есінен адасқандай телмірді де қалды. Көрген
жерден көңілі кетіпті. Енді ол бастықша сөйлеуден қалып, басқаша сайрай
бастады. Сұмдығы сол — ол əпкемді тоқалдыққа алуға бел байлапты. Бұл
жолда
қыруар
қалыңмал
шашып,
қара
басын
саудаға
салудан
тайынбайтынын айтып кетті. Енді есігіміздің алдынан əлгі бастықтың
көлігі кетпейтін болды. Келген сайын сөз салып өзеуреп отырады да қояды.
Алғашында қатты айтуға əдеп сақтап, жаймен түсіндіріп жүрген əкем, бір
күні морт кетті.
— Шырағым, оттап жүргенің не осы? Ел сенімінен садаға кеткір езбесің
ғой өзің. Қатын үсті ететін, сен сияқты ақымаққа кететін қызым жоқ.
Сендер əділет жолын тұтынып жүрмін дейсіңдер ме. Қой терісін жамылған
қорқау неме. Сенің де зауалың табылар, — деп бетіне тіке айтты.
Бастық мұндай жауап күтпесе керек, орнынан атып тұрып есікке
беттеді. Аттанып бара жатып əкемді қорқыта бастады.
Көп ұзамай əкем айтқандай-ақ, əлгі бастық кішірейіп, бөлімшемізден
ауысты. Көршілес қырғыз ауылдарына кетіпті. Ол жерде сəрсенбі сайын
базар болатын. Бір базарда əлгі бастықтың əкіреңіне шыдамаған бір топ
қырғыз жігіттері дедектетіп жүріп сабапты. Əділдікті сақтай алмаған, ел
сенімін ақтай алмаған шолақ белсендіні өкіметіміз орнынан алып, мұндай
қызметтен мүлдем аластады.
Əкем бұл туралы тіс жарған емес. Шамасы, сондай солақайдың кетуіне
себепкердің бірі əкем болса керек.
Жасау жағы біткен соң, əкем енді қызын күзде Аюбайға ұзататынын
жариялай бастады. Той болатын күн белгіленіп, шақырылатын жегжаттарға
хабаршы жіберілді. Тойға екі апта қалғанда Үбиан ағайын-туған, жегжат-
жұрағаттармен танысуға аттанды. Əпкемнің қасына екі жігіт, үш келіншек
ерді. Байқап отырсам, осынау дəстүрдің үлкен мəні бар екен ғой. Аулынан
аттанып, қызықты дəуренімен қоштасар алдындағы қыздың ең соңғы рет
емін-еркін салтанат құруы сияқты екен бұл. Бұдан кейін өз бетінше отау
тігіп, өз түтінін түтететін кез туады. Танысқан қыз əкесінің үрім-бұтағын
түгел қалдырмай аралап, қайта қауышқандай, қайта табысқандай боп
аттанады. Біздің де араласқан адамымыз, тараған бұтағымыз мол
еді...Əкемнің төрт əпкесі,əжемнің екі інісі, нағашыларым, əкемнің
нағашылары, өгей шешеміздің туысқандары, аталас ағайындарымыз алыс-
берісі бар жегжаттары — міне, осының бəрі Үбианның серуендеп қайтар
өрісі болатын.
Аттанар алдында əжем ауылдың қыз-келіншектерін, бар əйелдерді
шақырып, қыз жасауын қызықтауға шақырды.
Күн ашық еді. Ауылдағы бар əйел біздің үйге ағылып келіп жатты. Тегіс
жиналған соң өзара шай үстінде ақылдасып, жасау жияр отауды ауыл
шетіндегі көк шалғын аланда тігуге келісті. Үй тігілген соң əйелдер
біртіндеп жасауларды апарып көгалға жағалай жая бастады. Алдымен
əжемнен келе жатқан үлкен кілем жайылды. Кілемнің өрнектері күн көзіне
мың құбылып айналаға əр бергендей. Оның қасына кішірек кілем
жайылды. Бұл шешемнен қалған кілем еді. Отаудың өзі арнайы
тігілгендіктен бе, ішіңдегі басқұр, уық, бауына дейін көз тартады. Алты
қанат ақ отау ашық күнде ерекше əсем көрінеді екен.
Жасау-жабдық түгелденіп болған соң, əпкемді ертіп келді. Ауылдың
үлкен жеңгесі алдынан қарсы алып, қолтықтады да, отауға қарай беттеді.
Осы сəттегі əйелдердің толқуында шек жоқ еді. Бəрі қыбырсыз тына қалды.
Демдерін іштеріне тартып салтанатты сəт күткендей, кейбіреуі көзіне жас
алып жатыр. Əлгі үлкен жеңгеміз босағаға жақындағанда Үбианға тіл
қатты:
— Отауыңа оң сəт тілеп, есігін аштырғалы тұрмыз, еркежан. Отауың
бақытқа толсын, иелері қайғысыз болсын.
Даусы біртүрлі қалтырап шықты.
Əпкем босағадан бірінші аттады. Қалғандары соңынан еріп, ішке енген
соң əпкемді құшақтап, игі тілектерін білдірді.
Байқасам, əпкем жылап тұр екен. Бұл елден кетерін сезген қыздың
қимас көңілінен шыққан жас па, əлде ағайынның ықыласына деген
ризашылық жасы ма, ол жағын аңғара алған жоқ едім...
Сəлден соң əйелдер үйге үлкен екі сандық алып кірді. Іші толған асыл
бұйымдар мен қымбат киімдер екен. Төрдің бір бұрышына апарып сол
көйлектерді шығарып ілді. Іргеге əшекейлі ағаш төсек құрылды. Оған
мамық салынып, үстін майда жібекпен көмкерді. Жерге киіз, кілем төселді.
Енді зер салып қараған кісіге бұл отаудың мұнтаздай жаңа, мол жиһазды үй
екенін бірден білер еді.
Жаңа отауда алғаш рет мол дастарқан жайылып, көл-көсір шай ішілді.
Ер атаулыдан біз сияқты ерме балалар ғана қатысқан еді.
Шай үстінде жасаудың кем-кетігі жайлы келелі əңгіме де қозғалды. Енді
немен толтыру керек екені сөз болды. Сонан соң жеңгейлер Үбианға түрлі
бұйымдар қоса бастады.
— Жақсы көретін қайын сіңлім едің, бикеш. Көзімдей көріп жүрерсің,
—деп əрқайсысы кесе-табақ, білезік-сақина, алқа-моншақтар сыйласты. —
Құдайға шүкір, бикешжан. Мұндай жасауға əркімнің қолы жете бермейді.
Əжем мен қайынағаға ризамыз. Бүтіндей бір үйдің ине-жібіне дейін
түгендеп, іргеңді берік қондырғалы отыр. Мұндай жасаумен барған жеріңде
де мерейің үстем болады.
Осылайша шын тілектерін, адал көңілдерін білдіріп əйелдер тараса
бастады. Мен дастарқан қызығына беріліп. өрік-мейізбен алданып
отырғанымда, тыстағы жақсылықтан құр қала жаздаппын.
— Апа! Қыздың нөкер-серіктері келіп тұр, — деген көкемнің дауысын
естігенде, тысқа атып шықтым.
Төгілте киім киген қос келіншек, бұралған бір жас қыз жəне екі жігіт
жол жүруге сайланып тұр екен. Əжем оларды үйге шақырды. Екі жігіт
тыста қалды да, өзгелері кірді.
Өйткені жаңа отауға ерлер бас сұқпауы тиіс екен. Қайшагүл келіп,
Үбианды бауырына басып тұрып бақыт тіледі:
— Бақытты бол, бикеш. Сол бақыт жолының бастамасын өзіңе серік
боп жүріп көргелі кеп тұрмыз,— деді ол! Мұнан соң Үбианды киіндіре
бастады. Раушан түстес бүрме етек көйлекті кигенде əпкемді танымай
қалдым. Керемет жарасымды екен. Көйлек сыртынан қынама бел көк
барқыт бешпет киді. Құндыз бөркінің төбесінде үкі желбірейді. Қос
бұрымының ұшынан күміс тамшы төгілгендей, арқасында əсем шолпы
сылдырайды. Аяғында биік өкше оюлы етік. Мойны моншаққа толы,
кеудесін алқа көмкеріп тұр. Аппақ білегінде қос-қостан күміс білезік.
Саусақтары сақинамен безенген. Тырнағына аздап сүрме жаққандай
көрінді.
Əжем күміс сапты қамшыны немересінің қолына ұстатты да, оң сапар
тіледі. Бəрі тысқа шықты.
Көкем қарагер жорғаны көлденең тартып тұр екен. Бұған Үбиан мінбек.
Сондықтан ба, ер-əбзелі ерекше. Ауыздықтан бастап сағалдырығына дейін
күміспен күптелген жүген. Тоқымы мен тебінгісі барқытпен тысталыпты.
Ер үстіне барқыт көпшік төселген. Өмілдірігі төгіліп тұр.
Көкем мен жігіттер əпкемдерді қолтығынан демеп атқа отырғызды. Осы
кезде топ ортасына əкем келді. Аз үнсіз тұрды да, алақанын жайды.
Жиналғандар тегіс алақандарын жайысты. Əкемнің оң батасын алғаннан
соң, серуен тобы жолға шықты. Бүкіл ауыл тысқа шығып, Үбиандар
көкжиекпен астасқан алыс қырқадан асып кеткенше көз жазбай қызықтап
қарап тұрды. Сонда əшекей бұйымдар қайдан табылды дей көрмеңіздер.
Əкемнің зергерлік өнері бар еді деп айтқан едім ғой. Сол өнерін қызынан
аямапты. Əкеме күн сайын көкем де көмектесіп жүрді.
Үбиандар кеткен соң, ауыл енді бүтіндей той қамына кірісті. Көкем
базардан базар қалдырмай аралап, қоржын толтырып қайтады.
Ауыл жігіттері білек сыбанып қолғабыс көрсетіп жүр. Əкем зергерлік
ісіне біржола беріліп алды. Мен қасында тұрып,айтқандарын қалт жібермей
зыр жүгіріп орындаймын. Əкенің тапсырмасын орындағаннан артық не
ғанибет бар дейсің, шіркін.
Əкем ең алдымен балшықтан өзіне қажетті ыдыс жасайтын. Оған күміс
теңгелерді салады. Оның үстіне жаңқа үйеді де, тұтатады. Біртіндеп
шоқтанып бара жатқан ыдысқа қарап тұрған қандай рахат. Əкем көсеумен
көмірлерді аударыстырады. Мен ешкі терісінен жасалған қол көрікті
басамын. Бір кезде ыдыс бетін көгілдір жалын шарпиды. Сол кезде еріген
күміс сынапша толқып шыға келеді. Əкем оны аздап суытады да, алау
түстес ерітіндіні суық суға салып жібереді. Су быж етіп қайнап шыға
келеді. Сонан соң балқыманы қолына алып, əкем білезік соға бастайды.
Өрнегін қаламмен сызып алады да, ұстараның жүзімен кертіп қондырады.
Мұндай кезде үй-іші қыбыр етпейтін. Бəріміз демімізді тартып, əкемнің
тесіле қараған жанарына, аздап дірілдеген саусақтарына зер салушы ек.
Өрнекті қондырып болған соң əкем енді білезікті құммен жұмырлап
ысқылайды да, түтілген жүнмен тазалайды. Сонан соң үстіне ақ мүсəтір
ұнтағын себеді де, аздап отқа ұстайды. Ұнтақ тұтанған кезде білезікті оттан
тартып ала қояды да, тізесіне ысқылап жібереді. Сол кезде білезік
жарқырап шыға келеді. Өз өнеріне деген сүйіспеншілігі шығар. əйтеуір
əкем əңгіме айтқанда əшекей, өрнек жайлы, оның нақыстары жайлы
көбірек сөз ететін.
Əкемнің өнері өзге ауылға да белгілі еді. Алайда өзі үшін болмаса,
өзгелерден ақы алып ер-əбзел, зергер бұйымдарын жасаған емес. Əкемнің
кейін қолдан мылтық жасағаны есімде. Мылтықты əшекейлеп, өрнекті
шүріппе жасады. Бірақ сынап көргенде мылтық атпады. Сонан соң əкем
ызаланды ма, əйтеуір ұңғысына дəрі толтырып біздің көзімізше мылтықты
талқандап тынып еді.
* * *
Үбиандар екі жұмадан соң елге оралды. Жігіттер алдарына төрт тай
салып, мол сыйлық артылған түйе жетектеп қайтыпты. Бір таңғалғаным —
бəрі үйдің тұсынан өтіп кетті де, ауыл шетіндегі жаңа тігілген отаудың
алдына ат басын тіреді. Тұс-тұстан тағы да əйелдер жиналды. Бəрі
құшақтасып көрісіп, қуанысып жатыр. Хал-жағдайын, жай-күйлерін
жамырай сұрасады.
Отауға бұрқ-бұрқ етіп самауыр келді... Жиын-тойдың, бас қосқан
ортаның қызығына алғашқы себепкер өзіммін дегендей иінінен демалады.
Бұл отырыста негізгі əңгіменің ұйытқысы Үбианның қасындағы құрбысы
болды да, қалғандары ынтыға тыңдады. Ол əдемі майда тілмен, ұтымды
əзілдермен сөз арасын құлпырта отырып қайда болғандарын, қандай
кештерге қатысқанын, кімнің үйлері шақырғанын, Үбианға кімдер қандай
сый көрсетіп, не тілек айтқандарын тəптіштеп баяндады. Тіптен ел
қыдырып жүргенде естіген қызғылықты əңгімелері мен əсем əндерді де
айтып берді. Барған ағайындардың əрқайсысының көңіл күйі мен көлгірлік
пиғылдарына дейін біліп келіпті.
Əйелдер ынтыға тыңдап отыр.
Серкебай нағашым түйе жетектетіпті. Ал інісі Құлжабай тай сыйлапты,
бір нағашы жеңгеміз түскиіз беріпті. Енді бір жеңгеміз барқытпен
тысталған мамық сыйлаған. Əкемнің қарындасы кіші кілем мен аяққап
тарту етіпті. Екінші қарындасы — жібек шапан жəне күміс леген беріпті.
Осындай сый-сияпат мол екен. Əйелдер бəрін жайып салып қызықтап
отырысты.
Сонан соң əкелген сыйлықтарды жасауға қосты да, əйелдер үйлеріне
тарасты. Үбиан əдеттегісіндей қайта киініп, əкеме сəлем беруге кетті.
Əкем қызын мейірлене қарсы алды. Шашынан сипап, маңдайынан
иіскеді. Үбиан шыдай алмай жылап жіберді де, əке құшағына жасырына
берді. Кеудесіне басын қойып ұзақ жылады.
Əкем өзін-өзі əзер ұстап, кереуетке отыра кетті де, қызын алдына алып
теңселіп, жас балаша əлдиледі. Ортаншы əпкем Əлиманның бұрымы
селтиіп, кереуеттің басынан ұстап қатып қалыпты. Оның да екі бетін жас
жуып тұр. Мен əкемнің осыншама еміренгенін көрген емес едім.
Əрқашанда сабырлы Үбианның босағанына да таңырқадым. Содан ба,
бедірейіп тұрып қаппын. Əлиман шыдай алмаса керек. Жүгіріп кеп,
жұдырығымен қойып қалды. Кемсеңдеп əрең сөйлеп тұр:
— Сен неге бедірейіп тұрсың, тасбауыр. Көзіңнен жас та шықпайды
ғой...
Мен есемді жібермей, Əлиманды салып қалдым. Алайда көзімнен жас
шығып кеткенін əзім де сезбей қалып едім... Əкем езу тартып күлді де,
үшеуміздің де ыстық жасымызды төсіне басып, бауырына тыға берді.
Ертеңіне жаңа отаудың жанына жағалай үй тігілді. Тойға келетін
қомақтарға арналған үй осылай молая берді. Байқасам, кешке қарай ауыл
жанынан Үбианның отауын ортаға алған жаңа ауыл орнап қалған екен...
Келесі күні барлық балаларды жақсылап киіндіріп, жаппай жасандырып
қойды. Сол кеште қасына жеті жігіт ерткен Аюбайлар келді. Олар өздеріне
арнап тігілген үйге түсті. Енді қалыңдықтың отауы мен күйеудің отауы
арасында қызыққұмар адамдар сендей соғылысты.
Əр үйден əсем күлкі, жарқын дауыстар естіліп, жадырасып жатыр.
Желіде аттар кісінеп. ауыл іші жанданып кетті. Ошақтан көтерілген көп
түтін көкке қалықтап көлбеңдеп барады...
Осылайша той да басталып кеткен еді. Біздер, ауыл балалары, назардан
тыс қалып, қараңғыда топырласып əр үйдің арасын жол етіп жүрміз. Қызық
естісек деген дəмемен op үйдің жанын сағалаймыз. Алайда есік алдындағы
самауыршы жігіттер маңайлатар емес.
— Əй, балалар, аулақ жүріңдер. Сендерге бұл арада түк те жоқ!
Кейбір көңілшектері басымыздан сипап, құлағымызға сылбырлайды:
— Айналайындар, алысырақ ойнаңдар. Меймандар көрсе, ауылының
балалары бейбастақ екен деп кетер. Ұят болады, — дейді. — Бара
қойындар! Топырламаңдар!
Əйелдер жағы бізге көз қырын да салар емес. Бəрі асығып, дастарқан
көтеріп, кесе шайып, қазан басында күйбектесіп жүр. Қасына бара берсең,
тезірек құтылғысы келгендей қолымызға үн-түнсіз бауырсақ, тəтті қыстыра
салады. Біз өзара күбірлеп сөйлесіп кете береміз.
Таң атты. Жаңа ауылдың қазаны елден бұрын көтеріліп, ошақ түтіні
елден бұрын өрледі. Ел тірлік қамына кірісіп, жаппай қарбаласқа көше
бастаған кез...
Қонақтар баппен тұрып, бастау жаққа бара жатыр. Мөлдір суға
кезектесіп бет жуысып сергіп қалады. Сонан соң маң-маң басып маңғаз
жүріспен өздері түскен үйге беттеді. Біз де солардың соңынан ілесіп
жақындай береміз. Қонақ көзінше үлкендер ұрыспайтынын əрқайсымыз
жақсы білеміз. Алайда меймандарға сездірмей ала көзімен бізге қараған
ауыл жігітінің сусынан шошып шегіншектей береміз.
Меймандар
керіліп-созылып
үлкен
сəскеде
дастарқанға
əрең
отырысады. Шайды асықпай сораптап, бір-біріне оқта-текте еріншектене
тіл қатысады. Бəрі маңғаз, бəрі кербез сияқты. Сызданып отыр. Шайдан соң
қымыз келеді. Қымызды да салғырт отырып, самарқау ішіседі. Асығар
жайы жоқ, уақытты үнсіз ұтқан сыңайлары бар сияқты. Кешегі даурықпа
сөз, дабыра мінездің бірі де жоқ. Бəрі əлдебіреуді сарғая күтіп жатқандай.
Ол кім? Ол күткендері сəті түскен кез, сапарға шығар уақыт, сағыныса
көріскен жаңа қонақтар ғой ысып барады. Əркім киіз үйдің іргесін түріп
жатыр.
Біз енді-енді айқын көрдік. Жұқа шапанын иықтарына желбегей жауып
қаз-қатар жастыққа жантайғандар...
Күн түстен ауа бастады. Ауылдың ошақтарынан тағы да түтін шұбалып,
көпке көтерілді. Əр үйдің алдында самауыр сақылдайды. Қонақтар шайды
рахаттанып ұзақ ішті. Онан соң алдарына ет келеді. Табақ тартқан жігіттер
қаз тізіліп, əр үйге кіріп жатыр. Əңгіме аздап жанданған сияқты. Бірақ
кешелі бері осынау бір сарынды сабылыс біз сияқты ерекше қызық күткен
балаларды жалықтырып жіберіп еді.
Уақыт өтіп барады. Күннің қызуы тарап, ауа қоңыр салқын тарта
бастады. Міне, ақыры сонау алыс көкжиектен əлдекімдер көрінді. Бұлар
қызыл-жасыл киінген қонақтар екен. Көрші ауылдардан келе жатқандар.
Енді екінші жақтан бір топ аттылы кісілер көрінді. Тағы бір қарағанымызда
ауылдың тұс-тұсынан бізге қарай жақындап келе жатқан жарқын топ бүкіл
даланы гүлге бөлеп жібергендей еді. Сол топ дөңгелене келіп мынау
ортадағы жаңа отауды алақандарына көтеріп, ауыл қызығын асқақтата
түсетіндей сезілді. Біз əр жаққа бір қарап қарық боп қалдық. Ауыл
адамдары қонақтарды құрметпен қарсы алуға сақадай сай тұр. Міне, екі
жақ құшақ жая қауышып өтті де, күлкіге күлкі, тілекке тілек ұласты.
Əйелдер жағы көрісіп, ерлер жағы қол берісіп, тос тиістіреді.
— Тойларың құтты болсын!
— Тойларың тойға ұлассын!
— Ауылдарыңнан той үзілмесін!
— Ниеттерің баянды болсын!
Осылайша тілек білдіріп жадырасқан меймандарға ауыл адамдары да
жауап қатады:
— Өздеріңмен бірге болсын!
— Айтқандарың келсін!
— Өздерің де осындай тойға жетіңдер!
— Өмірлерің тоймен өтсін!
Сыңғырлаған шолпы үні, жүрекке жұмсақ күміс күлкі, жібек
көйлектердің сусылы, бұрала басқан қыз толқыны кешкі ауылды
көріктендіріп жіберді. Бізге əйелдер жағы жай сөз емес, — əуезді əн
салғандай, жай ғана қаражаяу жүріспен емес — толқын үстінде жүзіп келе
жатқандай сезілді.
Əйелдер жағы алдымен қалыңдықтың отауына бас сұғады.
— Бақытты бол, бағың ашылсын!
— Əр күнің бүгінгідей ашық болсын!
— Басыңнан жақсылық кетпесін!
— Босағаң берік болсын!
— Үйің қуанышқа толсын!
Əпкем бəрінің де ықыласына риза болып, шын жүректен алғыс айтады:
«Жақсы сөз жан семіртеді, құлақ құрышын қандырады, үмітіңді үдетеді,
жүрекке қанат бітіреді... Сендердің жарқын жүздеріңе көз тойдырар
емеспін. Жақсы сөз жарым ырыс дегендей, айтқандарың келсін. Өмір бойы
ұмытпаспын сендерді».
Сонан соң əйелдер жасау көруге кіріседі.
Ерлер жағы алыстан-ақ аттан түсіп, күтуші жігіттерге тізгіндерін
ұстатады.
Мен таныс жүз кездестірем бе деп топ жігітке көз тастап едім, бəрі де
бір-біріне ұқсас сияқты көрінді.
Жігіттер жағы дабырласып асыға бастады.
— Аққұл келеді! Аққұл келеді.
Аққұл құндыздай жылтыраған, қысқа жал, келте құйрық боз айғырмен
келеді екен. Кəдімгі «ор текедей орғыған жүйрік» деп атайтын əйгілі
сəйгүлігі. Қасына отыздағы үлкен ұлы Асылбай мен Тінəлі нағашым еріпті.
Аққұл жақындағанда, жиналғандар жапырылып жол берді. Бəрі
қолдарын кеудесіне қойып, құрмет көрсетіп тұр. Аққұл ерде маңғаз отыр
екен. Жиналғандардың көбін көзіне де ілген жоқ. Мандайын ақ орамалмен
шарт түйіп алыпты. Бешпетінің жеңі түрілген. Түкті білегінің тамырлары
адырайып тұр. Селдірлеу ұзын сақалы кеудесіне түседі.
Белін жалпақ кемер белдікпен мықтап буынған. Денесін алға ентелете
тастап ер үстінде еркін отыр. Жайдақ табан қырым етік киген екен.
Үзеңгіге бос тастапты. Ол бірден ауыл ортасында бір топ кісімен тұрған
əкеме тура.тартты. Саусақтарының ұшымен ғана тізгінді іркіп еді,
астындағы атының қос құлағы қайшыланып, кең танауы желбіреп барып
кідірді. Маған ер-əбзелі ақ күміспен көмкерілген боз айғыр мен иесі ақ
сақалды Аққұл екеуі осы сəтте бір тұтас құйылған сом мүсіндей сезілген
еді. І
— Аманбысың, Момыш! — деп Аққұл өзінің құрдасына сəлем берді.
— Өзің де саумысың, Аққұл! — деп жадырады əкем.
Сонан соң тойға құтты болсын айтып, Аққұл өзінің кешігіп қалғанына
кешірім сұрады. Аттан түспей жатып ашулы жүзбен ақыл айта бастады.
Денесін оқыс бұрды да, қамшысын екі бүктеп бір шетте үйіріліп тұрған
топқа сілтеді.
— Мынау өңшең əңгүдіктер шаңқай түсте көкпар дəметіп жүр-ау,
шамасы. Есіл-дерті ентікпе шабысқа ауған шала милар өңкей. Өздерін
аямаса да, атты аяса қайтеді. Қапырықта қара терге түскен жүйрікте не
қасиет қалмақ. Ыстық леп кеудесін қауып, шұбалма шаң өкпесін ыстамай
ма, ат жарықтық қыз сияқты мəпелеуді күтетін мал ғой. Аялай білмесең —
аяғынан қалады. Аяқтан қалған жүйрік ақырған есекке де алдырады, —деп
Аққұл жастарды жазғыра сөйледі. — Жайбарақат суытып, майын сылып
алудың орнына бұлар салпақтап жапалақша жалпылдай бергенді жақсы
көреді. Алаөкпе тасыраңға аңсары ауғандар ғой өңшең. Жақсы шабандоз
атқа ауыр жүк емес, қайта қанатындай демеуші болар. Əйтпесе қаптаулы
тезектей ерге теңселіп отырғанның несі қасиет. Аттың демі ауырлай
бастағанда, тіптен өзіміз демімізді ішке тартып тына қалмаушы ма едік. Ал
бұлар болса... Ей, қойшы... не боп кеткен бүгінгінің жасына. Жоқ, Момыш,
бұларға қарабайыр сайгүлікті қор еткенше, есек пен өгіз міндірген артық.
Сонда ғана көкпар деп өзеурей берер бұл шіркіндер. Ер үстінде
отырыстарын қарашы өзің. Ай, жастар-ай!
Тінəлі əкем жаққа жалбарына көз тастап, мына ардақты ақсақалдың оу
бастан дау іздеген сөзіне тоқтау салуды ымдап тұр. Əкем бір күліп алды да.
Аққұлдың əлгіден бергі ұзын сөзін бөліп жіберді.
— Жастар дедің-ау, Аққұл. Жастың аты жас емес пе қашанда.
Жазғырмай-ақ қой. Заман басқа, адам басқа екенін неге ұмытасың. Заман
жастардікі. Ойнасын, күлсін, əрі арғымаққа отыруды да үйренер, өмірлерін
жайнатуды да білер. Бары мен нəрі алдағы жас емес пе.
Аққұл əкеммен қайта сөз таластырмақ еді, Тінəлінің ымдауымен алып
келген көк серкені бір жігіт оның алдына көлденең тарта қойды. Əкем
алақанын жайып бата тіледі. «Ал аумин, Ақа» — дегенде Аққұл шынымен-
ақ абыржып қалған еді.
Бір сəтке сақалын тарағыштап тұрды да, алақанын жайып бата жасады.
— Тəңірім тілеулеріңді берсін, қастарыңа қыдыр ерсін. Қашан да оң
жол болсын, қызықтарың мол болсын. Ат-көлігің мұқалмасын, азаматтар
жұқармасын, аумин!
Сол сəтте көкем аса бір ептілікпен көк серкені жыға салып, тамағын
орып жіберген еді. Əкем Аққұлға қалжыңдай тіл қатты:
— Сен бүгін, делебең қозып, қыза берме, Ақа. Жастарға ерік бер.
Əйтпесе көкпардың пұшпағын да ұстай алмай жүрер.
— Күш атасын танымас демей ме, Момыш-ау. Жағаласып жүріп бұлар
көкнарға жармасқанына мəз ғой. Əйтпесе қалбақтай шауып дүркіремей,
қайратым бар деп қара күшпен сілкілемей, еппен тартқанды білер деймісің
бұлар шіркін, он кісінің ортасына түссең де, оңайлықпен беріспей, күшіңе
айланы астар етіп сытылып шыққанға не жетсін. Қалың топ
қаңтарылғандай қарап қалар еді, сен болсаң жарып өтіп көмбеге қарай
көсіле берер ең. Қайран заман-ай.
Осы кезде көкем:
— Ақа, көкпар дайын болды, — деді.
Сол-ақ екен, Аққұл айтып тұрған əңгімесін ұмытып, арқасы қозып
шыға келді. Қомданған бүркіттей көзі жайнап, жүзі албырттанып қиқулап
тұр:
— Ой, Момынқұл, сен де ыбылжып қалған немесің бе деймін, тəйірі.
Қашанғы күтеміз. Манадан бері қарап тұрған жоқпыз ба, — деп лезде
көкпар құмарына біржола еніп алды.
Көкем Аққұлға қатарласа жүгіріп серкені сүйреп барады. Ат
үстіндегілер жаппай қиқуласып, лап қойып келеді. Ауылдан аз ұзаған соң
шабандоздар сақинаша дөңгеленіп тұра қалды. Ортада серкенің сирағынан
ұстаған көкем. Кенет ол серкені тік көтеріп алды да, Аққұлдан ұзай беріп
лақтырып жіберді.
Сол-ақ екен, қасқырға құйылған қырандай Аққұл ілгері ұмтыла берді.
Жардай үлкен шалдың жинақыланып бір уыс боп кеткеніне таң қалдым.
Денесі шиыршық атып, əлгі серкені жерге жеткізбей қағып алды.
— Пау, шіркін, — деп шу ете қалған шабандоздар дауысы сайыс
аңсаған сұңқарлардың үніндей шаңқ етіп еді. Аққұл болса, ортада шыр
айналып сайыс əдісін жастарға жария еткендей өзімен-өзі егесіп өнер
көрсете бастады. Көкпарды ат бауырынан ары-бері ауыстырып,
қарсыласын айламен алдағандай болады. Біресе ерден ауып түсіп, ат
сауырын сағалайды. Тағы бірде ат жалына жабысып, қуғыншыдан
құтылғандай болады. Бозшолағын ұршықша үйіріп, топ ортасында жас
жігіттей ширақ дөңгеленіп жүрген шалдың қимылына қызықпаған жан
жоқ. Тіптен көкем қасымда тұрып қайта-қайта айқайлайды, жер тебініп
құлшынады. Ол өзін де, өзгені де ұмытып, бар дүниені көкпар қызығына
салып тұрғандай. Əкем алакөзімен атып, көкеме басын шайқап тұр. Көкем
болса тек Аққұлдың икемділігінен басқаны елер емес.
Аққұл ортаны тағы бір айналып шықты да, гулеген шабандоздардың
қарсысына тоқтады. Көкпарды көкке көтеріп, жігіттер жаққа атып жіберді.
Алапат айқас басталды да кетті. Манадан бері жұрт жігерлерін шыңдап,
жүйкелері əрең шыдап тұр екен. Бəрі де лап қойды. Сарт-сұрт еткен үзеңгі,
сабаласқан қамшы, үзік-үзік əмірлі сөз. Тек қана ат құйрығы сыртқа теуіп,
сансыз бас шоғырланған сияқты. Серкеге кімнің қолы жетері белгісіз.
Əйтеуір кимелескен адамда сан жоқ. Тыпыршыған көп тұяқ отау орнындай
жерді дүбірлеткелі де біраз болды. Бірақ көкпар алып шыққан біреу жоқ.
Кейбіреулердің додаға сүңгуінен шетке жаңқаша сытылып шығуы
оңайланып қалды. Мұндайлар дода сыртын айқайға бөрліктіріп босқа
далбақтап жүр. Көкпар ондайларды менсіне ме.
Кенет осыншама мол тірестің арасынан əлдекім серкені ат сауырына
салып сытылып шыға берді.
—Япырай, не деген қайратты қол еді мынауың. Қолыңнан айналайын,
күшіңнен айналайын! Ақыреттің арасынан алып шыққанын көрмеймісің.
Жарайсың жігітім, — деп серпіліп кетті Аққұл.
Мен Аққұл атамды тек өзінен басқаны көзге ілмейтін тəкаппар, өзінен
басқаны сүймейтін менмен, өзінен басқаны мақтамайтын сараң деп
ойлайтынмын, жоқ, олай емес екен. Сайыста көзге түскенді көкке көтеруге
даяр ақжүрек, əділ екенін аңғардым.
Суырыла
шыққан
шабандоздың
соңынан
қуғандар
даланы
аунақшытқандай іркес-тіркес ұзай берді. Қуып жеткендері көкпарға
жармаспақ еді, əлгі шабандоз жалт беріп құтылып кетті. Енді тағы біреуі
жетіп қалған екен, алғашқы шабандоз көкпарды көлегейлеп бұрыла берді.
Нақ бір қуғыншыларды мазақтап жүргендей талай рет тақырға отырғызып
та үлгерді. Аққұл сондай əр кезеңде жаны рахаттанып «əп бəрекелде, əп
бəрекелде!» — деп тұр.
Көкпар
ілген
шабандоз
осылайша
кең
жазықта
бұлаңдап
қуғыншыларды жан-жаққа жамыратып жіберді де, өзі зулап ағып бізге
қарай беттеді. Қас қағымда жетіп келді де көкпарды тік көтеріп.
— Мінеки, Ақа! — деп кесекше лақтырып жіберді.
Енді ғана байқадым. Əлгінде ғана көкем атқа мініп додаға араласқан
еді. Сөйтсем көптің арасын көк толқындай тілгілеп жеке шыққан сол көкем
екен. Терлеген жүзін шаң көміп қарауытып кетіпті.
... Ымырт кезі. Айналаның бəрі көкпардан дүрлігіп енді ғана
басылғандай тына қалыпты. Кешкі қоңыр самал есіп тұр.
Қалыңдық пен күйеудің отау үйлерінің іргелері түрулі еді. Кереге
көздерінен бəрі көрінеді.
Үбиан өз отауымда отыр. Үстіне ең сəнді киім киінген. Айнала
қоршаған құрбы қыздары.
Аюбай да өз отауында күйеу жолдастарымен бірге отыр. Оның үстіне
жаңа ғана көкпардан қайтқан ағайындары — бір топ байтаналар кірген
болатын.
Жиналған халық керемет көп. Ауыл ортасында бір топ еркек əлденеге
керісіп тұр. Мен соларға жақындап келдім. Сөйтсем, біздің үсендіктер мен
байтаналар тойды кім бұрын бастайды деп дауласып тұр екен.
— Құдалар, бұларың болмайды. Өз ауылымызда отырып, өзіміздің ерке
қызымызды ұзатып отырып, той тізгінін сендерге бере алмаспыз, — дейді
біздің үсендіктер.
— О, не дегендеріңіз. Қыздың өскен жері сендер болсаңдар, өнер жері
бізбіз. Олай бөлектегендеріңе біз де көнбейміз! —дейді байтаналықтар.
— Бұл сөздеріңіздің де уəжі бар. Бөлектейін деп тұрған біз де жоқ.
Дегенмен қалыңдықтың ауылындағы той иесі бізбіз. Өзіміз бастайық.
Сендер елдеріңе барып той жасасаңдар, сопы басқарарсыңдар.
— Бұл не дегендеріңіз. Ауылымызда той өтпегендей көріп тұрсыздар
той сонша. Біз де іргелі елміз. Шүкір, осыдан құсымызды аман-есен
қолымызға қондырайық. Тойдың көкесін сонда көрсетерміз.
— Немене соңда, біздің тойды қомсынғандарың ба, бұл.
— Е, жоқ, о не дегеніңіз. Қуаныш ортақ, қызық ортақ болған соң
алаламай-ақ ақыл қосып атқарысайық. Шоп тастасайық, кімнің шөбі түссе,
сол бірінші бастасын, — деді байтаналықтар.
— Шөп тастасып ет бөлісейін деп пе едің сонша?
— Мұныңыз енді, əбестік болады. Əділ шешілсін дегенім ғой.
— Мейлі əділдік десең жүгінейік. Ал жасыр шөбіңді, — деп Тінəлі
байтаналық Оңалға əмір етті.
Екі жақ өзара күбірлесіп алған соң шөптерін бас киімге салысты.
— Əй, Бауыржан, бері кел. Мына біздің егесімізді өзің шешіп бермесең,
болар емес. Бас киімге қолыңды сал да, екі шөптің бірін алып шық.
Сонымыз той бастаймыз, — деді Тінəлі мені шақырып.
Мен көзімді жұмдым да, қолымды тумаққа сүңгітіп жібердім. Екі жақ та
демдерін тартып тына қалыпты. Екі шөпті де ұстап көрдім. Қайсысы біздікі
екенін біле алмай жүрегім лүпілдеп кетті.
— Ей, болсаңшы енді, — деп Тінəлі түртіп қалғанда, қолыма іліккен бір
шыбықты суырып алғанымды өзім де білмей қалдым. Тұмақ ұстаған
төреші қолымнан əлгі шөпті алып жоғары көтерді де, дауыстап сұрады.
— Мынау кімдікі?
— Менің шөбім, — деп Оңал жүгіріп кеп бас салды.
Мен ішім удай ашып өкініп тұрмын. Ауылымыздың жігіттері де үнсіз
сазарып қалыпты. Шарттың аты шарт — байтаналықтар жеңіп кетті.
Енді екі жақ та Оңалдың соңынан еріп, қалындықтың отауына бет алды.
Ішке енген соң Үбианға қарсы отырды да, Оңал тойбастарын шырқата
жөнелді. Мұнысы тойбастардан гөрі ауыл қыздарын, қалыңдықты
мадақтауға ұқсаңқырап тұр еді. Əрі ел сұлуларын еліктіріп тілге шақырып
отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |