ҰШҚАН ҰЯ
(РОМАН)
Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он
бірінші жылы тоқсан екі
жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр
шалдың төртінші перзенті — менің əкем Момыналы екен.
Оны жұрт
Момыш деп кеткен.
Əжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған.
Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел
арасында некен-саяқ «Ұл біткеннің бəрі қазанның түп күйесіндей əкесіне
тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып аққұбаша ажарлы шықты» деп
отыратын еді, жарықтық. Əжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды
айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің əкем Момыш отыз үш
жасына дейін салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Əжем оған:
— Əй, қара құл, мен құдайдан саған ай көрікті ақ перизат жолықтырғай
деп тілеймін. Тым болмаса, немерелерімді жиіркенбей сүйейін, — дейді
екен.
Бірде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойын-сауықсыз болған ба?
Үлкен киіз үйдің ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той
дегенде қу бас та домалайды. Кемпір-сампырлармен ілесіп менің Қызтумас
əжем де келген екен. Кəрі құлағы елең етіп, киіз үйден шыққан айтыс əнін
естіп қалады.
Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала,
Басыңдағы орамал жасыл ала.
Көңілің бізде болса, а құдаша,
Біразырақ отыршы қасыңа ала.
Қыздың даусы жайдары естілсе де, жалтара жауап қатып отыр екен.
Кəдімгі бас қосқан жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз
арасында «жақсы жігіт» дегенді жиілете берсе керек. Қызтумас əжем оны
да сезіпті.
Қарашаға, ендеше, қарашаға,
Кисе киім жарасар аласаға.
Бас қосыппыз бұл тойда, жақсы жігіт,
Өлең айтсақ болмай ма тамашаға.
Бірақ жігіт жағы алғашқы екпінінен танбай ынтық көңілін ұсына
беріпті:
Мыңбұлақтың сулары сылдырайды,
Сұлу қыздың бұрышы бұлдырайды.
Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем,
Ескергейсің ендігі біздің жайды.
«Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен», — деп əжем есіктен
сығалап қараса:
Қара батыр, құдаша, қара батыр,
Жау қайырар жасқанбай дара батыр.
Тəңір айдап өзіңмен бас қосыппыз
Осы кесе сіз жаққа бара жатыр, —
деп өлеңмен бір бойжеткен қара қызға аяқты бұрып тұрған өз Момышы
екен. Əжем сонда ұлына айғай салып:
— Өзің қазанның түп күйесіндейсің, күйеге күйе жұқса — не болмақ,
құдайым-ау! — деп баласын үйден қуып шығыпты.
Анасының айтқанын
ішінен ұнатпаса да, əкем оның ырқына көнеді екен.
Баласына қанша ұрсып, қатал болса да, əжем менің əкемді жақсы көріп,
мақтан тұтып:
— Бұл қара құлдың түрі маған тартпаса да, ақылдылығы тартты, соған
да құдайға шүкір, — деп отырар еді.
Əкем содан айтыс қуып, əндетіп жүре-жүре отыз үш жасында Байтана
руынан Əбдірахманның Рəзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді.
Ол кісі мен үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған. Анамның қандай кісі
болғанын тек əжем мен əкемнің əңгімелерінен ғана білемін.
Қайран əжем өле-өлгенше Рəзия келінінің қазасына қайғырып өтті.
Мезгіл-мезгіл тоқаш қуырып, ас
пісіріп, келінінің əруағына бағыштап
құран оқытар еді.
— Жатқан жерің жаннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем,
Рəзия, —
деп өзінен-өзі отырып, көзіне жас алып қайғыратын. Сөйтіп,
Рəзиядан қалған немерелерінің басынан сипап, маңдайымыздан сүйетін.
Рəзияның тұңғышы Үбіш, онан кейінгілер Үбиан, Сəлима, Əлима кілең
қыз бала болады.
Момыш əкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың
қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Əкем ол күні
Əулиеата шаһарында екен. Мен туған соң,
Имаш бабам жан-жаққа кісі
шаптырып, əкеме де хабаршы жіберіпті.
Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Əулиеатаға ат
сабылтып жетіп, əкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дəрмені
келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Əкемнің қарындасының үй-іші
үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп қорқып қалады. Ақыры бөрі
Байтоқты жұлмалай, «не боп қалды, айтсаңшы»
деп тақақтағанда ғана,
Байтоқ:
— Жеңешем ұл тапты, — депті.
Үрейден үрпиіскен жұрт енді мəз-мəйрам болып, қуаныштары
қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты!
Əулиеатадан əкем қайтып келгенде, ағайын-жекжат құтты болсынға
жиналып қалған екен.
— О, Момыш, балаңның бауы берік болсын!
— Ақментей бабасындай батыр болсын!
— Ақмолда Батыр бабасындай мəрт болсын!
— Бəйдібек батырдың əруағы қолдасын!
— Домалақ анамыз жар болсын! — десіпті.
Сөйтіп, шілдехана тойға ұласыпты.
Той соңында Имаш ағам алақан
жайып ел қарияларынан бата сұраған екен.
— Төл немерең, бел немерең ғой. Бата жөні де өзіңдікі, — десіпті
ақсақалдар. Сонда Имаш бабам былай деген екен: