Түйінді сөздер: жырау, шешен, толғау, жыраулық дәстүр, ауыз әдебиеті.
Тарихта талай жақсылар өтті, артына сөз қалдырды. Оларды термек керек, үйренбек керек,
үйретпек керек. Жақсыны көрген-көреген, танығаны-тағылым. Халықтың ғасырлар бойы өткен
жолы оның қай атырапты мекендеп, қандай елдермен айқасып, кімді қол астына ұстағандығымен,
болмаса кімге бодан болғандығынан мәлімет беретін жылнамашы мен тарихшының жазбаларымен
шектелмейді. Сәулет өнері, ауыз әдебиеті секілді елдің естиярлығын, халықтың жады мен зердесін
таразылайтын рухани қазыналарында да ел тарихының іздері сайрап жатқаны хақ.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы, көшпелі өмірінің өзіндік ерекшеліктері халық
мәдениетінің бірегей түрлерін туғызып, қоғамның рухани өмірінде жыраулар, шешен-билер мен
батырлық және тарихи мазмұндағы шығармаларды алдыңғы қатарға шығарды.
ХХ ғасырдың аса көрнекті ақыл-ой иесі, белгілі мемлекет басшысы Джавахарлал Неру
өзінің «Әлемдік тарихқа көзқарас» атты еңбегінде: «Ең ұлы және мақтан тұтатын патшалар мен
императорлар әлем сахнасында тек қысқа ғана сәтке көрінеді. Ал өркениеттер ұзақ өмір сүреді»,-
дегеніндей, небір есімімен елді тітіркенткен атақты билеушілердің дүниеге келіп-кетіп жататын
адам ретінде өмірінің қысқа, ал өркениет пен мәдениеттің ұлы ескерткіштерінің оларға қарағанда
ғұмырлы болатыны сөзсіз. Сондай өмірлі мұралардың қатарына адам ақыл-ойының кейінгіге
қалдырар елеулі ескерткішітердің бірі қазақ жыраулары, олардың толғау жырлары.
Ұлттық рухты қалыптастыруда жыраулар шығармаларының орны ерекше. Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай дейді:
«Халық рухының ұшқыны
ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жүрегінде тұтанып, жалындай бастады. Асан
қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау шығармашылығында шынайы қазақ руханияты қалыптасып
дамыды» [1].
М.Әуезов «Әдебиет тарихы» еңбегінде жырау атағына ие болған шығармашылық өкілі өз
ортасында ерекше салмағы бар қоғамдық тұлға екенін айтып, оның негізгі атқарар қызметі
«өлеңшілік емес, елге басшылық істеп, басалқы айту болатын» дейді, олар хан қасындағы «қалың
елдің ішінен қосылған қариялар кеңесінің» өкілі деген тұжырым айтады.
Ә.Тәжібаев: «Жырау сөз жоқ, ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін
емес. Ақындығы күшті жыраулардың жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай
387
көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық-ертеден келе жатқын халық поэзиясының үлкен
дәстүрлі бір саласы»,- деп баға береді.
«Жырау» деген термин «жырлау», «жыр айту», «жырламақ» сөздерінен шыққан. Сөздің
төркіні байырғы «жыр, жыршы» деген ұғымдармен өзара астасып жатыр. Құрбанғали Халид
«Тауарих хамса» еңбегінде былай деп көрсетеді: «Ақындардың бір бөлігін жыршы дейді. Бұлар да
ақынға тең түседі. Жыр қисынға құрылған, сөзі мадақ, насихат мағыналы, мысал сипаттас әсерлі
болады»,-дейді. Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов жыраулардың қоғамдық рөлін аса жоғары
бағалап: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселелеріне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен
келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер
айтып отырған»,-деп ой толғаса, Ә.Марғұлан «Жырау - ру басы ақсақал, халықтың көкейтесті
арманының мұңшысы, жаршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жыр
тудыра бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашағына қауіп төніп, қалың бұқара
жол таба алмай тығырыққа тығылған екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын
болған. Сонда ғана жыраулар халыққа күш-жігер беріп, осы оқиғаның немен тынарын болжап,
тебірене жыр толғайтын болған»,-деп жазады [2]. Мемлекеттілік, оны қорғау мен нығайту
қажеттілігі жағдайында көреген суырыпсалма ақын, әрі хандардың серігі және кеңесшісі, әрі
жауынгер-басшысы ретінде көрінген жыраулардың рөлі арта түсіп, сонымен бірге жыраулар
өнегелі ісімен халыққа белсене қызмет етіп, ел ұйытқысы, тәлім-тәрбие мектебінің ұстазы бола
білді.
Қазақ жыраулар шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
1. ХІ-ХІҮ ғғ. аралығын қамтитын, жыраулық дәстүрдің негізі қаланған кезең, алғашқы
өкілдері: Қорқыт, Кетбұға, Сыпыра жыраулар.
2. ХҮ-ХҮІ ғғ. аралығын қамтитын жыраулықтың қалыптасу кезеңі, Асан қайғы, Қазтуған,
Шалкиіз, Доспамбет жыраулар шығармалары.
3. ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ. жыраулық дәстүрдің әбден толысып, кемелденген кезең, өкілдері
Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулар.
Қазақ хандығының қалыптасуы кезеңінде ұзақ та қызықты, тартысқа толы қиын ғұмыр
сүрген Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) аса көрнекті жырау болды. Деректерге қарағанда Шалкиіз
ер жүрек жауынгер, асыл сөз иесі, ақын ретінде танылған. Ноғай ордасы - Мұса бидің маңайында,
Үлкен орданың әміршісі Мансұр ұлы Темір бидің, кейін ноғайлы Жүсіп бидің төңірегінде, қазақ
ханы Хақназар қасында болған. Оның шығармаларынан ортағасырлық қарапайым көшпелілердің
өмірі, билеуші туралы, жақсы мен жаман, батырлық, өзінің қуғынға ұшырауын емес халықтың
тағдыры көрініс тапқан. Оның шығармалары ерлік рухқа толы. «Алаштан байтақ озбасы»,
«Жапырағы жасыл жаутерек», «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға
айтқан» толғаулары бізге жеткен. Мұхтар Мағауиннің айтуынша, Шалкиіз жырау «...аузын ашса
болғаны көмекейінен күмбірлеген жыр төгіле берген жыраудың классикалық үлгісі, қазақ
әдебиетінің тарихындағы ерекше құбылыс, феномен» деп баға береді.
«Тоқал торы ат жайлаған,
Тобығына тондық ала байлаған,
Хандар шыққан төбедей,
Қабырғадан бүтін шыққан сүбедей,
Аударылмас мара кемедей,
Қандауызға сырлап салған жебедей,
Хан ұлы Төредей
Би ұлы Шорадай
Қан жұқпас қайқы болат өтпеген
Мақтауына адам тауып жетпеген
Бұл жиынның ішінде
Ер Жақсымбет-аға бар»...[3].
Шалкиізді қазақтың барлық жырауларының атасы деуге болады. Оның толғау жырларының
ерекшелігі қиыннан қиыстыру, нақтылық, ықшамдылық, тереңдік. Шалкиіз жырау «көп түкірсе-
көл» деп елді ұйымшылдыққа, бірлікке шақырды. Көп жауға айбар, елге қорған дейді. Сондықтан
Шалкиіз жырау: «Жалғыздың жоғы жоғалса табылмас, рулының оғы қалса табылар», «Жағаға
388
дұшпан қолы тимеске, артында туысқанның көбі игі», «Белуардан саз кешсең тобығыңнан
келтірмейтін» «қамалаған қалың туғанның арқасы»,-деп туғанның ағайынның көп болғанын
қалайды. “Кенелейiн деген жiгiттiң, жылқы iшiнде екi арғымағы тел өсер. Сүйiнейiн деген
жiгiттiң, сүбеде алтау-жетеу ағайыны тең өсер!” деген өсиет қалдырған.
Шалкиіз жырау:
Жауынды күні көп жүрме
Жар жағасы тайғақты,
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақты![4],- жамандық пен жақсылық жөнінде де айта келіп
«көрінгеннің бәрі бірдей емес», «қырға шықпас жаманның барынан да жоғы жақсы» деп, адам
бойынан үлкен адамгершілік, игілік, тереңдік іздейді.
Жыраулық дәстүрлің көрнекті өкілдерінің бірі Жиембет жырау. Халық оны әрі батыр, әрі
жырау деп аңыз етеді. Жиембеттің бұлайша халық аузында сақталу себебі елдің көкейіне қонымды
жыр толғап, бойындағы ақындық шабытын батырлықпен байланыстырған болса керек.
Жиембеттің өмір сүрген кезі-ХҮІІ ғасырдың екінші жартысы. Деректерге қарағанда Есім ханның
Кіші жүздегі әмірі болған. Ол 1620 жылғы қазақтар мен ойраттардың қақтығыстарында, 1627
жылы Ташкент билеушісі Тұрсынның бүлігін басуда шешуші рөл атқарған басты қайраткерлердің
бірі болды.
Тұрсын сұлтан – Жалым сұлтанның ұлы. 1598 жылғы хан сайлауда Есімнің жолы үлкен
болғандықтан, Тұрсынның таққа таласының қисыны болмады. Тұрсын сұлтан Өзбек хандығына
қарсы күресте қазақ әскерлерін бастап, әлденеше рет үлкен жеңістерге жетеді, беделі артады. Көп
ұзамай Тұрсын сұлтан 1613 жылы өзін хан, Ташкент қаласының билеушісі деп жариялайды. Өз
атынан ақша шығарады. Деректерге қарағанда Тұрсын хан Есім ханмен екі рет бітімге келіп, екі
рет серттен тайған.
Өзін хан санаған Тұрсын қарауындағы халықтың күш - қуатына әбден сенім артады.
Тұрсын ханның сенімді тірегі саны көп, айбынды Қатаған руы болған. Тұрсынның хандық билікке
ұмтылысы Есім ханның билігіне мойынсұнбауы еді. Қазақ хандығы ішінен оңаша отау тігілді.
Халық біреу, хан екеу болуы хандықтың бірлігі, ынтымағының бұзылуына жол ашты.
Есім ханның ел ішінде беделінің артуы Тұрсын ханға ұнамады. Есім ханның көзін жоюға,
дара билікке жетуге ұмтылды. 1627 жылы жоңғарлардың қазақ жеріне жиі - жиі жорық жасап,
елдің мазасын алып, таран - таражға түсуіне байланысты Есім хан жорық туын көтеріп, қалың қол
жинап, қалмақтарға қарсы соғысқа аттанады. Елдің мазасын алған қалмақтарды, Жоңғар тауынан
ары асырып жібереді. Есім хан жорықта жүргенде Тұрсын хан барлық әскерін жинап, алыстағы
жауды емес, бауыры тұрған Түркістанды шабады. Қараусыз жұртты қанға бөктіріп, ойранын
шығарады. Есім ханның үй ішін, әйелін, жас балаларын тұтқындап, Ташкентке әкетеді. Есім
ханның көзін жоймақ болып, жолын тосады. Екі ханның әскері Сайрам қамалының түбінде
кездеседі. Жеңіліс тапқан Тұрсын хан Ташкентке шегінеді. Қазақ пен қазақ арасындағы жан
түршігерлік мейрімсіз ұрыс өрттей лаулады. Бар әскерінен айрылған Тұрсын хан қамалға
тығылады. Есім Тұрсынға қолдау көрсеткен қатаған руын да жазалайды. Тұрсын ханның бұл
бүлігі тарихта «Қатаған қырғыны» деп аталды.
Жиембеттің Есім ханмен бұл достық қарым-қатынасы ұзаққа бармайды. Екеуінің арасында
ел аралық бітімгерлік, жер, жесір дауы кезінде келіспеушілік өрістей береді. Бетің бар, жүзің бар
демей, турасын кесіп айтатын қайсар өжеттігімен Есім ханның кейбір озбыр жөн-жосықсыз іс-
әрекеттеріне қарсы шығады. Оның бұл мінезі ханға да жаға бермейді. Сөйтіп ханмен арасы суып,
Жиембет ханнан іргені аулақтатып, қол астындағы елге өзінше билік жүргізе бастайды. Мұны
білген хан оның соңына түсіп, куғынға салады. Сонда бір кездесуде Жиембет жырау Есім ханға
былай депті:
Еңсегей бойлы Ер Есім!
Есім сені есірткен,
Есілде менің кеңесім.
Ел білгеннен Есім хан,
Қолыңда болдым сүйесін,
389
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға,
Есіктегі ебесін;
Сонда ханым не десін?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?..
Менімен ханым ойнаспа! [5],- деп ханға ауыр салмақ сала отырып, өр мінезін көрсетіп
ашына жырлайды.
Ақтамберді жырау Сарыұлы (1675-1768) суырып салма сөз өнерінің жетік өкілі, халық оны
жоңғарларға қарсы жорықтар кезінде қол бастап, ерлік көрсеткен батыр, өзінің өжет те, өткір
сөздерімен қалың қауымға әсері күшті болған жалынды жырау деп санайды. Ақтамберді қазақ-
тардың моғолстан мен жоңғарларға жасаған жорықтарына қатысып, ер жүрек батыр-жауынгер
деген атағы шығады. «Ақтабан шұбырынды» жылдарында ол жұрт таныған батыр-жыршы және
Орта жүздегі беделді рубасы ретінде көптеген шайқастарға қатысты. Ақтамберді жыраудың
жиырма алты туындысы бізге белгілі. Жырау жалынды толғауларымен батырлық пен ерлікке
шықырып, елді жауға бірлесіп тойтарыс беруге топтастырды. Ақтамберді бүкіл ел мүддесін, ру,
ата намысы емес, иісі қазақтың намысын қуады, елді ерлікке, бірлікке шақырады.
Дұшпаннан көрген қорлығым
Сары су болды жүрекке,
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке,
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп құдай тілекке!
Ақтамберді өзінен бұрын өткен Доспамбет, Шалкиіз дәстүрлерін әрі қарай жалғастырушы
болып табылады. Бұған жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп»деп басталатын ұзақ толғауы дәлел
бола алады. Ақтамберді жырау: Қоңыраулы найза қолға алып.
Қоңыр салқын төске алып,
Қол қашырар ма екенбіз,- деп өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке,
жауға батыл аттануға шақырады.
Деректерге қарағанда Ақтамберді жырау тоқсан үш жасында дүние салыпты. Жырау
толғауында өзінің өмірлік мақсатының орындалғанына ризашылығын білдіре келіп «батырларша
оққа ұшпай, төсекте жатып тек өлгендігіне» өкінеді. [4, 172-173 бб. ]
Жырау: “Сары аязда қата ма, қайнардың аққан тұнығы. Қап түбiнде жата ма,
болаттың асыл сынығы” немесе “татулықта береке”, “бiрлiкте қасиет” деп жаңа дәуiрдiң, жаңа
қатынастардың талабын көрсетеді. “Қалың қазақ елiм” деп үн қатқан, ұран тастаған жырау:
“Ылайым, елiм аман болсын” деген тоқтамды алға тартты. Ол шешендiгiмен, көрегендiгiмен,
қайырымдылығымен жамандықтан, жалғандықтан, жұғымсыздықтан, жауласудан сақтандырды.
Қазақ халқы сөз өнерін ерекше қадірлей білген, көркем сөз құдіретін қастерлей білген ел.
Жыраулар сөз кестесін құра білген, тіл құдіретін игерген асыл сөз шеберлері. Шығармаларында
әлеуметтік өмірді, халық тұрмысын кеңінен қамтыды. Сөздің құдіреті мен еркіндігі өркениеттің-
өлшемі. Сондықтан да Асан қайғыдан бастап Абайға дейінгі ұлы ділмәр-шешендер ұлттық
дүниетанымды, сананы, тәрбиені, әдет-ғұрыптық жүйені қалыптастыру мен дамытуға, даналықты
түсіндіру мен көркейтуге ғаламат күш жұмсады. Қазақ халқы түйінсіз, мәнсіз сөйлегенді
ұнатпаған. «Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтсада, көптің мұңын, көптің жайы
туралы айтылады»,- деген М.Әуезов. Нақыл сөз, өсиетнама түріндегі жыраулар шығармалары
ұлттық рух пен тарихи санамызды жаңғыртуда тәлім-тәрбие құралы бола алады.
390
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы., 2003. 175 бб.
2.
Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-т. Алматы., 2000. 31-37 бб.
3.
Маданов Х, Қазақ мәдениетінің тарихы. Алматы., 1998. 130 б.
4.
Алтаев Ж., Ғабитов Т., Қасабеков А. Философия және мәдениеттану. Алматы., 1998.
72 б.
5.
Сүйіншәлиев Х. Ж. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы., 1997. 289-295 бб.
Достарыңызбен бөлісу: |