Түркі халықтарының рухани қҰндылықтары және маңҒыстау жыраулық ДӘСТҮРІ



Pdf көрінісі
бет193/218
Дата06.01.2022
өлшемі3,59 Mb.
#14043
1   ...   189   190   191   192   193   194   195   196   ...   218
Байланысты:
Жыраулар туралы ғылыми жинақ

ӘОЖ 17:37.01 

 

ЖЫРАУЛАР ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҰЛТ ТӘРБИЕСІНДЕГІ РОЛІ 

[Сүгір Бегендікұлы мұралары негізінде] 

 

Миров М.О. 

С Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Қазақстан 

 

Аңдатпа.  Бұл  мақалада  ұлы  дала  жырауларының  соның  ішінде  белгілі  жырау  Сүгір 

Бегендікұлының  шығармалары  арқау  ете  отыра    ұлттық    тәрбиені  қалыптастырудағы  орны 

ғылыми негізде сараланған  



Түйінді  сөздер:  жыршылық-жыраулық  өнер,  ізгілік,инабаттылық  қасиеттер,  халық 

поэзиясы,рух пен жүрек,түр мен үн,адамзаттық құндылық 

 

Тәлім-тәрбие  –  жеке  тұлғаның  адамдық  бейнесін,  ұнамды  мінез-құлқын  қалыптастырып, 



өмірге бейімделу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. [1]. Тәрбиенің мақсаты адам бойында 

ізгілік,  инабаттылық  қасиеттерін  және  тіршілікке  қажетті  дағдылар  қалыптастыру  болып 

табылады.  Қазақ  халқы  үшін  осы  адам  деген  атына  сай  ізгілік,  инабаттылық  ұстанымдарының 

бәрін  біз  халқымыздың  көне  заманнан  келе  жатқан  ескірмес  жәдігері  ой-өлшемдеріміз  бен 

дүниетанымымыздың бір діңгегі – ауыз әдебиетінен аламыз. Ауыз әдебиетінде халқымыздың «Не 

жаман, не жақсы», «не артық, не қадірлі т.б.» барлық ұстанымдары жинақталған. Ол біздің тұтас 

қазақ болмысымыздың да айнасы. Ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде халқымызға көбірек жеткені – 

ЖЫРШЫЛЫҚ-ЖЫРАУЛЫҚ  өнер.  Өйткені,  ол  рухани  болмысын  ауызша  айтып,  жадында 

сақтаған  халқымыздың  ұлттық  болмысымен  тікелей  байланысты.  Ойшыл-жазушы    Мұхтар 

Әуезовтің: «Бақыт іздеп, ғасырлар бойына сахараны шарлап шарқ ұрған мұңдар жолаушы – қазақ 

халқы бізге  ең асыл мұра  – жыр мұрасын мирас етті.  Жыршы халық, ақын халық есте жоқ ескі 

замандардан  бастап  дарыған  ақындық  даналығын  қапысыз  жұмсап,  өзінің  рухын  ұмытылмас 

эпостық дастандарында, сан-сан, әр-алуан түрлі жырларында бейнеледі» деуі де содан [2]. 

Екі  ғасыр  тоғысына  қарай  дүниеге  келіп  (1894  ж.),  бүкіл  саналы  өмірін  Кеңестік  заманда 

өткізсе  де,  ұлт  дәстүрін  жалғастырудан  жалықпаған,  өзінің  үлгілі  жырларымен  ұлт  тәрбиесіне 

араласа білген тума таланттардың бірі СҮГІР ЖЫРАУ БЕГЕНДІКҰЛЫ. Қазақта өз жанынан жыр 

шығарып  айтатын  және  эпикалық  дастандар  мен  толғауларды  орындайтын  халық  поэзиясының 

өкілдерін жыраулар деген. Ұрпақ тәрбиесіне, жалпы ұлттың рухани тәрбиесіне елеулі ықпал ететін 

дүниенің  бірі  ата-бабаларымыздан  қалған  асыл  мұраларымыздың  жақұты  жыраулардың    жыр-

толғаулары.  Сонау  бағзы  заманнан,  көк  бөрінің  ұрпағымыз  дейтін  түркі  жұртының  көп 

тармағының бір ұлысы болған кезімізден бері, біздің ата-бабаларымыздың сана-сезіміне әсер етіп, 

жүректеріне от, бойларына қуат берген ең басты күш ол «құдіретті сөз» екендігі баршамызға аян. 

Елдікті,  ерлікті  жырлаған  жыр-дастандардан  қуат  алған  бабаларымыздың  өрлігі  мен  ерлігінің 

ешкімнен  кем  болмағаны  секілді,  жыраулардың  имандылықты  насихаттаған  толғауларынан 

рухани нәр алған ұлтымыздың адамгершілік қағидаларына келгенде бойларындағы ар-намысы да 

кіршіксіз  таза  болған.  Сондықтан  да  тілі  шала,  түрі  қазақ,  шұбар  ұрпақты  көбейтпей,  рухы  мен 




380 

 

жүрегі,  түрі  мен  үні  үндескен  нағыз  қазақты  тәрбиелеу  үшін  оларға  бала  күндерінен  бастап  ой-



санасының жетілу сатысына қарай түрлі деңгейдегі ауыз әдебиетінің үлгілерін оқып, қазақи тұлға 

болып  қалыптасуына  ықпал  етуіміз  қажет.  Ал  жастайынан  ауыз  әдебиетін,  оның  ішінде  жыр  – 

дастандарды оқып өскен жеткіншек кейіннен Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, 

Абыл,  Ақтан,  Махамбет,  Қашаған,  Сәттіғұл,  Сүгір  т.б.  секілді  ақын-жыраулардың  еңбегін  оқу 

арқылы өзінің ұлтына, дініне, тіліне деген ұлттық негіздегі көзқарасы мен  болмысы қалыптасары 

анық .Өзі тұстас,замандас ақындар ортасындағы Сүгір Бегендікұлының алар орнын  ғұлама Қараш 

Ыбырай ахун  былайша айқындап кеткен    

....Бегендіктің баласы, 

Сүгірдей айтқыш жыршы бар. 

Алқаға түсіп жырласа, 

Аузынан түрлі жыр шығар. 

Хабар келсе Сүгірден 

Сөйлемес басқа жыршылар 

 

Ауыз әдебиетіне барлық уақытта да жалпы адамзаттық құндылық мәселелері арқау болған. 



Оның  басты  ерекшелігі  жақсы  мен  жаманды,  қарыз  бен  парызды,  тазалықты,  шыншылдықты 

қарапайым тілмен жеткізе білуінде. Бұл Сүгір жырау шығармаларына да тән.  

Балаңның жаман болғаны,  

Жақынын жатқа санаса. 

Қызыңның жаман болғаны. 

Ата менен анасын,  

Сыйламаса ағасын. 

Келіннің жаман болғаны, 

Келген жерге жағдайсыз,  

Жақсының  ашса  жарасын,  –  деп  Сүгір  жырау  Аталық  сөзін  айтады.  Айтса  айтқандай, 

қазіргі  уақытта  ұл-қыздарымен  тіл  таба  алмай,  мәмілеге  келе  алмай  жүргендер  қаншама?!  Кейін 

солардан ата-енесін сыйламас келін шықпасына кім кепіл.  

Ақын-жыраулар шығармаларында ықылым замандардан сақталған халықтың данышпандық 

ой-пайымдаулары  жинақталған,  бұқараның  арман-мақсаттары  мен  мүдделері  қорғалып  қана 

қоймай,  олардың    айтар  ойлары  да  жүйеленген.    Елдегі  әлеуметтік  әділеттілік  үшін  күрескен 

жыраулардың,  оның  ішінде  Сүгір  жыраудың  да  ісі    бүгінгі  күнгі  ұрпақтары  үшін,      олардың  

алдағы асыл мұраттарына  жетулеріне жол сілтер үлгі бола алады:  

Бірінші айтар ақылым: 

Салмақты бол шырағым, 

Балалық қылып, байқамай 

Алымға бола өкпелеп  

Нәпсі қума  бекерге 

Қарсы тұрып сөйлеме 

Қаумалаған нөкерге 

 Осы азғантай өлең жолдарында біз жастарға айта алмай жүрген, айтсақ та санасына сіңіре 

алмай жүрген тағылымдар қаншама?! Әрине бүгінгі жастарды Сүгір жырау заманында өмір сүрген 

жастармен  салыстыруға  келмес.  Өйткені  қазіргі  заман  жаһандану  заманы,  оның  өз  өлшемі,  өз 

ұстанымдары бар. Бірақ, бір нәрсенің басы ашық, бұрын да, бүгін де жалпы адамзаттық тәртіп пен 

тәрбие, ұстанымның негіздері жойылып кеткен жоқ, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғаспақ. Сүгір жырау 

жырының тәрбиелік мәні де сонда.  

Ұрпақтар  жалғастығы,  олардың  бойында  тәлім-тағылымның  болуы  бүкіл  адамзатқа  тән. 

Адамзаттың өзі жалғастықтың арқасында өмір сүреді. Бұл туралы Абай өзінің 37-ші Қара сөзінде:                      

«Дүние – үлкен көл, 

Заман – соққан жел, 

Алдыңғы толқын - ағалар

Артқы толқын – інілер 

Кезекпенен өлінер, 



381 

 

Баяғыдай  көрінер»  [3]  –  деген.  Бұл  өмір  диалектикасы.  Ал  тіршілікте  Сүгір  жырау 



айтқандай  салмақты,  салиқалы,  өкпешіл  болмай,  байыпты  болу,  нәпсі  қумау,  көпке  қарсы 

жүргенше, пікіріне құлақ салу, ақылың мен беделің асса, соңыңнан жұртшылықты ерту, бір сөзбен 

көппен үндесу, түсінісу қажет. Жыраулар шығармашылықтарына көз жүгіртсек, оны жырламаған 

ақын  -жырау  кемде-кем.  Онда  бұрынғы  өткен  замандағы  парасат  иелері,  ел  үшін  қызмет 

еткендердің  әлеуметтік  қызметтері  дәріптеліп,  кейінгілерге  үлгі  ретінде  жырланады.  Ондай 

жырлар  Сүгір  жырау  шығармаларында  да  молынан  кездеседі.  Олардың  мазмұнын  көбіне 

жыраудың өз замандастарына, өткен заманғы айтулы тұлғаларға берген бағалары құрайды.  

Сүгір  жырау  шәкірті  Жақсылыққа  берген  бәтихасында  ел  аузында  жүрген,  аты  дүйім 

жұртқа  жайылған,  өзі  бірін  аға,  бірін  замандас  ретінде  үлгі  тұтып  сыйлаған  танымал  тұлғалар 

туралы былайша толғайды:  

«Нартай ақын өнерлі, 

Тілі мақпал шеберлі, 

Балқы Базар, жыршы Оңғар, 

Қарасақал Ерімбет, 

Нұрмағанбет, Ізтілеу, 

Шораяқтың Омары 

Халқымның болған шынары. 

Абыл менен Нұрым бар, 

Байбақтыда Сырым бар

Қашаған, жүйрік Аралбай 

Қарт Сәттіғұл қазына 

Сөйлеген талай алқада...» [4] 

Бұдан әрі Сүгір жырау жастарға аталық сөзін айтады. Оның негізгі мазмұны салмақтылық, 

әр түрлі жастағы, мінездегі, ортадағы адамдармен санасу қажеттігі туралы:  

«Көп жиналған халықтың 

Біреуінде жастық бар, 

Біреуінде мастық бар, 

Біреуінде тәкаппар 

Менменсінген мінез бар. 

Біреуінде ащы тіл, 

Сүйреңдеген шабақтай 

Бірдей емес адамзат... 

Бұл сөзімді сынасаң 

Он бармаққа назар сал, 

Бірі ұзын, бірі қысқа 

Бәсеке қуған дүние...»  

Қоғамды  ізгілендіру,  рухани  құндылықтарды  қалыптастыру  –  ХХІ  ғасырдағы  өркениетті 

дамудың басты талабы, мұның өзі әлеуметтік қатынастарды ұйымдастырудың тиімді нысандарына 

қол  жетуіне  байланысты  болып  отыр,  әрі  бұл  қатынастарда  алдымен  әлемнің  тұтқасы  ретінде 

адам,  жас  ұрпақ  рөлі  аса  айшықтана  көрінеді.  Ендігі  жерде  ізгілендіру  мақсатына  жету  құралы 

зиялылықты қалыптастыруды, сезім, көңіл-күй мәдениетін тәрбиелеуді, өмірлік құндылықтар мен 

бағдарлардың  белгілі  бір  жүйесін  орнықтыруды,  ең  бастысы  елдік  сананы  қалыптастыруды 

көздейтін сан қырлы процесс болып табылады. Өйткені, біздің ертеңгі күні осы қазіргі мәдениеті, 

бүгінгі білім, тәрбие берудің аясында өзіміз қалыптастырған қоғамға қадам басатынымыз айқын.  

Қазіргі  ғалым-зерттеушілеріміз  айтып  та,  жазып  та  жүргендей  қазіргі  заман  –  жаһандану 

заманы, сондықтан, ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі басты басымдықтардың ең негізгісі болып қала 

береді. Ал ел тәуелсіздігін сақтау, қоғамды ізгілендіру  - рухани құндылықтарды бойына сіңірген 

тағылымды  азаматтардың  ғана  қолынан  келетін  іс.    Ендеше  «рухани  құндылықтарды  жастар 

бойында қалыптастыру бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Қай халықтың болмасын рухы оның елдік 

санасында  айқындалады.  Елдік  санаға  көтерілгенше  халықтың  рухы  туралы  айту  да  қиын,  ол 

көмескі  болмақ.  Ал  рухани  танымы  мол  адам  еліне  қызмет  етуді  өзіне  мұрат  тұтады.  Бар 



382 

 

физикалық  күш-қуатын,  интеллектісін  ұлты  үшін,  оның,  елінің  болашағы  үшін  саналы  түрде 



жұмсайды»[5].  

Елдік  сананы  ерлердің  бойында  қалыптастыру,  әрі  елі  үшін  күні-түні  қызмет  қылған 

ерлерді  дәріптеп,  келер  ұрпаққа  идеал  тұлға  ретінде  жеткізіп  отыру  сол  кездегі  жыраулардың 

үлесіне  тиген  айрықша  қызмет  болды.  Жыраулар  өз  жыр-толғауларында  елдік,  ынтымақ,  бірлік 

мәселесін ту еткен, шын мағынадағы «өркениеттілік», «азаматтық сана» ең әуелі рухани танымға 

негізделген  деп  түсінді  және  сол  бағытта  жырлады.  Бұған  Сүгір  жыраудың  төмендегідей  жыр 

жолдары дәлел: 

«Әділді ердің белгісі 

Алашқа сөзі танылған 

Ақылдының белгісі 

Көпті көрсе, үлгі алған. 

Сарт мінездің белгісі 

Алдын-артын болжап біле алмай, 

Дәрежеден бір күн құр қалған. 

Ешкім де қайыр көрген жоқ, 

Жан қинап, дүние жиғаннан. 

Біздер емес, бұрынғы 

Атамыз Адам пайғамбар, 

Олар да еді құр қалған. 

Сөйлесе Сүгір ғылыммен: 

Дүнияға жетем демеңіз! 

Ағайын болсаң, тату бол

Егеспе қатар еріңмен... 

Мен-мен болып сөйлесең 

Аллаға қарсы болғаның 

Шабысын халық байқайды 

Шабан менен жорғаның 

Көп ішінде сыналар  

Надан менен білімді 

Ел ішінде сыналар 

Ақылды мен азамат 

Ақылсыз туған жаманды» 

Сүгір  жыраудың  тәлім-тәрбиелік,  тағылымға  толы,  мән-мазмұнды  бұл  сөздерінің 

өміршеңдігіне  және  оның  ұлт  руханиятына  қосылған  қомақты  олжа  екендігіне,  жас  ұрпақ 

тәрбиесінде алар орны ерекше боларына ешкімнің де дауы бола қоймас.  Қазіргі рухани жаңғыру 

тұсында  Сүгір  жырау  Бегендікұлының  артына  қалдырған  мұраларын  таразылау,  өскелең  ұрпақ  

санасында қайта жаңғырту саналы іс деп есептейміз 

 

ӘДЕБИЕТТЕР 



 

1. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. 8-том. Алматы, 2006. 302 бет. 

2. Мұхтар Әуезов. Мысли разных лет. Алма-Ата., «Госполитиздат», 1961. 76-77 беттер. 

3. Абай 


Құнанбаев.  Шығармаларының  толық  жинағы.  Бір  томдық.  Алматы, 

«Қазмемәдеббаспа», 1961. 468-бет. 

4. Жүйрігі едің Адайдың. Алматы, 2008. 336-337 беттер. 

5.  А.  Тайжанов.  Жыраулық-жыршылық  дәстүр  және  Балқы  Базар  (әлеуметтік-

философиялық сараптама). Кітапта: БАЛҚЫ БАЗАР ОҢДАСҰЛЫ. Ақтөбе – 2014. 94-95 беттер. 

 

 



 

 

 




383 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   189   190   191   192   193   194   195   196   ...   218




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет