Түйінді сөздер: толғау, дидактика, жанр, жыраулық поэзия, поэтика, теңеу, ауыстыру,
шешендік сөз.
Қазақ ақын –жырауларының шығармалары халық ауыз әдебиетімен, көшпелілердің әдет-
ғұрып, салт санасымен тығыз байланысты болып, бар болмысында ойлы философиялық, тарихи
сабақтастық принциптері қатар жүріп отырады.
Өлке әдебиетінде Ақтан Керейұлы шығармашылығы, философиялық, ой кешу, жыр толғау
әдістері ерекше. "Бізге там-тұмдап жеткен шумақтарына қарағанда, оның өмір ағысын терең
бойлап, ойлы өсиет пен тағлымды толғау айтуға шебер екені сезіледі", - дейді Р.Бердібай [1,316].
Ақтан поэзиясы –шалқыған кең тынысты дала поэзиясы. Олай дейтініміз, төкпе дәстүр кең
тараған Батыс өңірдің төл перзентіне төпелете төгілткен төкпелік тән. Ақтан өз заманында
тыңдаушы сүйсінген ағыл-тегіл ақпа ақын. Ол өлеңді қасиетті өнер деп таныған, артықша
бағалаған. Халық алдында алқалы жұрт жиналған жиында сөйлеуге өте жауапкершілікпен қарап,
өзін қаумалаған жұртты әділқазыдай көріп, оларға сөз асылын екшеп, өлең құйылтқан. Ақтан ақын
өмірден оқыған ақын. Бірақ мейлінше өткір, батыл ақын болғанына ақынның өлеңдері дәлел.
Ақтан өлеңдерінің көп бөлігінің бізге жетпеуінің негізгі себебі ауызша таралған. Ол ескідегі ақын-
жыраулар дәстүрімен өлеңді табан астында шығарған суырыпсалма ақын. Кезі келген жерде төгіп-
төгіп айтып тастап жүре берген. Сондықтан шығармаларының біразы ұмытылған. Қалай болғанда
да, Ақтан поэзиясы терең философияға толы.
Ол өмірдің мәні, адам бойындағы жақсы, жаман мінездер турасында, сұлулық, әдемілік
хақында көп толғаған. Ақтан поззиясы жайлы С.Қазыбайұлы былай дейді: «Ол жырлаған
115
термелердің тақырыбы мен ақын ой-пікірі кең. Оларда көбінесе жақсылық пен жамандық, ерлік
пен ездік, батырлық пен қорқақтық, ақылдылық пен ақымақтық салғастырыла, бір-біріне қарсы
мәнде, сипатта суреттеледі. Сол адам қасиеттерінің артықша түрлерін ардақтап, жетімсіз мінез-
құлықтан жирендіре сөйлейді. Ақын термелерінде адам бойындағы сұлулық, шешендік, жүйріктік,
балуандық сияқты сирек кездесетін құбылыстарды мадақтайды. Ондай сипат-сын дарыған
жандарды қастерлеп, ардақ тұтады». [3,45б].
Ақын өз заманының көрінісін жырлаған. Тек өзге жыраулардан ерекше бір тұсы, адам жан
дүниесі мен табиғат бейнесін ұштастыра білген. «Ақққулар көркем көрінер» өлеңінде көлдің ерке
құсы аққудың көркемдігінің, қыз баланың көркемдігінің қалай ерекшеленетінін ыңғайластыра
көркем суреттеген.
«Қалағандарың сөз болса» атты толғауының;
Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапшаң аттай саулаймын,
Жанған аттай қаулаймын.
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын, [2,86б].
деген жолдарынан ақынның өзін таныстырып қана қоймай, өз дарынына, қабілетіне
сүйсіне, жұмсақ мақтану байқалады. Ақтан жырларының кейбір тұстары Бұқар жыраумен
сарындас болып келеді. Атап айтар болсақ, Бұқардың «Бірінші тілек тілеңіз» толғауы мен
Ақтанның «Біріншіден не жаман» толғауының ұйқасы, мағына-мазмұны ұқсас келеді.
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер шұғыл пасық залымның,
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкіл көйлек кимеске.
Бұхар осылай Алладан он бір тілек тілесе, Ақтан риторикалық сұрақ-жауап айшығымен
толғап, өмірде кездесетін жамандық атаулыны тізе келе:
Біріншіден не жаман,
Білімсіз туған ұл жаман.
Екіншіден не жаман,
Ананың тілін алмаған,
Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіден не жаман,
Үш жеріңнен буғызып,
Көрге салған сол жаман, – деп онға дейін кете береді.
Кей жерлерде стилі Әбубәкір Кердерімен ұштасса, көзқарасы Балқы Базармен тоқайласып
жатады. Бұл жөнінде Қ.Сыдиықов былай ой түйіндейді: «Әбубәкірдің бірер өлеңі Бұхар, Шал,
Ақтан т.б. ақындар сияқты саты-саты адам өмірін суреттеу дәстүрінде» [4,13б.].
Мысалы Базар жырау:
Атасы арзан жел сөзден
Бас-басыңа жетерлік
Еншіңді неге бермейін,– десе,
Ақтан:
Тәңірім жел сөз берген соң,
Атасы арзан жел сөзді,
Сіздерге бұлдап сатпайын – дейді.
Жалпы өмірінің біраз бөлігін өнер қуумен өткізген дүлдүл бұл жалғанның бес күндік екенін
пайымдап, тірлігінде мал-мүлікке қызықпағанға ұқсайды.
Арзан сөзден ала бер,
116
Дүния шіркін, жолдас па?!
Түйсігі бар тірі пендеге дүнияның жолдас болмайтынын айта келіп,
Адал жүріп шын сөйле,
Асығың түсер алшыдан, – осылайша адалдыққа, адамдыққа шақырады. Тіршілікте адал
жүрсең абыройың артып, шындықтан танбасаң беделің биік, басың төрде екенін ескертеді. Бір-ақ
рет берілер өмірде адамның кісіліктен аттап пендешілікке салынбауын қалайды. Таңқаларлық
жағдай – Ақтан осы ой тұжырымының дұрыстығын өз болмысымен дәлелдеп отыр, өлгеніне ғасыр
өтсе де басы төрде, ел-жұрты ішіндегі даңқы қазір де аспандап тұр.
Бірақ терең үңілсек екеуінің де айтар ой ортақ болғанмен, әрқайсысы өз ерекшеліктерімен
толғаған. Ол өзінің атақты «Біріншіден не жаман?» атты толғауында кең парасаттылықпен мынау
жалғанның «жамандарын» тізіп береді. Адамның, соның ішінде ер азаматтың жанына жақын
жандары, атап айтар болсақ, алған жары, ұл мен қыздың жағымсыздығы абырой әкелмейтінін
айтса, төртінші, сегізіншіден әділетсіз би мен жеткіншек кезінде, ештене көрмей ерте, қыршын
кетудің өкінішін жырлайды. Дүниенің ең жаманы бір перзентке зар болып, сәби сүймеудің азабын
баса айтады.
Терең философияға тұнған осы толғауын бастан-аяқ оқып көрейік: Біріншіден не жаман? –
Білімсіз болған ұл жаман. Екіншіден не жаман? – Ананың тілін алмаған, Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіден не жаман? – Үш жерінен буғызып, Көрге салған сол жаман. Төртіншіден не жаман? –
Төресін ғаділ бермеген, Парақор болған би жаман. Бесіншіден не жаман? – Бес уақыт намазың
Қаза болған сол жаман. Алтыншыдан не жаман? – Алғашқы алған әйелің, Көп ішінде кеңкілдеп,
Тіл алмаған сол жаман. Жетіншіден не жаман? – Жеткіншектеп оқ тиіп, Жетпей қалсаң, сол
жаман. Сегізіншіден не жаман? – Серке санды ат мініп, Сергелдең болған жол жаман.
Тоғызыншыдан не жаман? – Торғайдай болған бір басың, Топқа түскен сол жаман. Оныншыдан не
жаман? – Оймақ ауыз, қиғаш қас, Бір перзенттің жоғынан, Мұңлық болған сол жаман. [5, 250б.].
Байқағанымыздай, «Бесінші жаман» «түсіп» қалған. Яғни, Ақтан өлеңдері ауызша тарағаны
себепті, толғау тармақтары өз орындаушыларына сәйкес өзгеріп отырғанына да дау жоқ.
Толғаудың соңғы шумағында ақынның сөз саптауындағы өзіндік ерекшелікті байқаймыз. «Оймақ
ауыз, қиғаш қас» деп қазақ әдетте ару қыздарға айтады. Ал Ақтан толғауында бұл тіркес перзентке
қатысты айтылып, өзіндік мағынаға ие болады.
Адал жүріп, шын сөйле, Асығың түсер алшыдан. Мақтанғанмен аса алмас, Кем болса қатар,
шарқынан, Сұрағанмен алмассың, Көп қазғанмен қанбассың, Қайырсыз сараң таңқыдан.[ 5, 245б.]
Бұл толғауында да ақын тек адалдық қана қадамына сәттілік әкелетінін, бос мақтанға салыну
жақсылыққа апармайтынын, сараңдықтың жаман қасиет екенін өлең өрнектерімен кестелеп
берген. Ақтан толғаулары адамгершілік, адамдық жайлы көп толғайды. Сондай-ақ, жыраулар
поэзиясындағы кәрілік, жарлылық т.б. мәселелер Ақтан поэзиясынан алшақ емес.
Кәріліктің белгісі,
Көңілдің хошы келмеген.
Жарлылықтың белгісі,
Жанын қинап өлмеген
Жалғыздықтың белгісі,
Өзіне – өзі сенбеген.
Палуандықтың белгісі
Өнермен өрге өрлеген.
Сақилықтың белгісі
Халықтың қамын көздеген...– [5, 247б.] – дейді .
Сонау заманғы асыл текті аталарымыздың салт-дәстүрі, жойқын жыраулардың мінезі, тілі-
қанына сіңген, шешендік бойына ана сүтімен дарыған, далиған даладай дархан жырлы ақын
мұраларында мұндай астарлы сөздер мол. Ақтан бірқатар толғауларында тыңдаушы халық
алдында үнемі есеп беріп, өмірдің сан қилы мәселелері жайынан ойлы пікірлер шертеді. Ол
әрдайым тыңдаушы жұртшылықпен сырласып, пікірлесіп отырады. "Қалағандарың сөз болса, Мен
жырлауга кұмармын", "Айт десеңіз, жарандар, Азырақ жауап бастайын", "Тұсыңа келдім,
жарандар, Тұрмайын кейін бойбалап" немесе "Дидар болып сөзіме, Әлеумет, тұрсың омбалап",
"Мерекеңе кез келдік, Мен – байрақты жүйрік саңлағың", "Мен – Адайдың Ақтаны, Сөйлесем,
117
сөзім тақталы, Бөгесе, бөгет бермейтін Қаратаудың ақпары" сияқты жолдарында әлеуметтің көңіл
күйін барлап, өзінің арқалы жыршы, айтулы жүйрік екенін әсерлі суреттеп, жұртшылық делебесін
қоздыра түседі. Әрине, бұл ақынның халықка деген инабат-ілтипаты және тыңдаушы ықыласын
өнерге аударып, құштарлығын арттырудағы ерекше қажетті көркемдік әдіс болып табылады.
Ақынның шынайы сезімді жырлаған шығармаларының тандаулысы – Қаражан қызға
арнаған өлеңі.
«Қаражан қызға» атты өлеңінде қыз тағдырын байқау қиындық туғызбайды. Бұл толғауы
өзі ынтық болған Қаражан сұлу басқа ошақтың түтінін түтеткенінен туған уытты зар, ащы өкініш
жыры десек болады. Сондай-ақ, ақын Қаражан сұлудың мұңы арқылы сол замандардағы өз
сүйгеніне қосыла алмай бейтаныс біреудің шылбырында кетіп зар жылаған күллі қазақ
қыздарының көкейлеріне шермен боп қатқан зар-запыранын астарлағанға ұқсайды. Жамандыққа
қанша көнгенмен жақсы болмайтынын ашына жырлап Қаражанның өз теңіне бұйырмай, жатқа
адам қолымен жасалған тағдырына еріксіз мойынсұнғанын өкінішпен толғап, жатқа адам қолымен
жасалған тағдырына еріксіз мойынұсынғанын өкінішпен толғап, соңында «Барасың қолдан
кетіп,құрметтесім, Қош, аман, енді сау тұр, боз қаңбағым»,–деп мұңмен әдемі аяқтады. Осылайша,
Қаражан қызды «ұшарын жел, қонарын сай білген» «боз қаңбаққа» теңеу арқылы әділетсіздіктің
құрбаны боп кете барған ару тағдырын бір-ақ ауыз сөзбен шебер бейнелеп береді. Ақын үшін
бастысы өз басының бақыты емес, елінің тыныштығы, көлінің тұнықтығы. Халық лирикасы
үлгісіндегі бұл өлеңнен ғашық болып қосыла алмай өткен Ақтан көңілінің аяулы мұңын,
әлеуметтік теңсіздік торындағы арманды жастардың лажсыз халін көреміз. Бұл Ақтан дәуірінің ең
көкейкесті мәселелерінің бірі еді. Мұнда жан сезімі шебер бейнеленген. Біздіңше, бұл – XIX
ғасырдың ІІ жартысыңдағы ақпа ақын-жыраулар творчествосындағы лириканың озық үлгілерінің
бірі. Бұл – кезінде өксікті шерге айналған махаббат мұңы, тыңдаушы көзін жасқа бұлап, елден
елге, жылдан жылға көшіп, ұмытылмай біздің дәуірімізге жеткен өміршең дүние. Ол қазір де
жүрек тебірентерлік қуатын жоймаған. Адай саңлағының өлеңдерінде сұлулық, әдемілік, көркемік
мәселелері көп сөз болған.
Отырған қарсы алдымда әдемі қыз,
Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді –
Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз,[5, 257б.] - деп Қаражанның сұлулығын сипаттаса, «Той
бастау» өлеңінде ару көркін көркем тілмен одан әрі асқақтата түседі:
Айырған алтын реңді,
Күміске меңзер өңдерің.
Әдемі, артық баласың,
Майда бір нәзік сөздерің.
Жүз тоқтатып қарасам,
Лағыл, жауһар көздерің.
Текеліктің атындай,
Көрінеді сұлу белдерің…
Қыз сұлулығын шығыс шайырларындай асыл, ақыққа теңеп жырлауға тек Ақтан сынды
өрен жүйріктің өресі жетсе керек. Әрине, осындай шумақтарынан шығыс ақындарының дәстүрін,
тіпті Абай ықпалын да сезуге болатындай.
Алла тіл бергенде тартынбай сөйлеген батыс дүлділі көп толғауларында таяқтың бір ұшын
шынжыр балақ, шұбар төс шонжарларға тигізе отырып сөйлейді.
Парақор болып құнықса,
Әділдік қалар ханыңнан... Немесе,
Төресін ғаділ бермеген,
Парақор болған би жаман.
«Той бастау» өлеңінде ұзатылатын қызды тамылжыта мақтай келіп,
Кетемін деп жарқыным,
Уәйім етіп өкінбе.
Ажалдан бұйрық болған соң,
118
Әркімдер сендей аттанды-ай, - деп өмір жолы осындай дегендей түсінік беріп, басу айтады.
[3,31б.].
Ақтан Керейұлының шығармалары өскелең ұрпақты шыншылдыққа, мақтансүйгіштіктен
аулақ болуға, әділдік пен адамгерщілікті ту етуге тәрбиелейді. Патриоттық жағы бөлек бір дүние.
«Біразырақ сөйлейін», «Заман жайында», «Тыңдасаңыз сөзімді», «Қайыспас бұлан нар
едім» атты шығармаларында ақын адамшылық қасиет, адалдықты өз шығармаларында арқау етіп,
бұқара мүддесі үшін күрескен батырларды жыр еткен.
Екі атысқан жау болса,
Арасында панамын.
Мен – ақбауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзі жеткісіз
Жылмиып жатқан даламын. ..[5, 243б.].
деген жолдардан Ақтанның жауласқан адамдарды бітістіретін, әлсізге пана бола алатынын,
шаршы топта өз сөзін өткізе алатынына куә болсақ, кейінгі үш тармақтан пейілінің даладай кең,
қажет болса, сыр жасыра алатын сырбаз жан екенін байқаймыз. Осы «қалағандарың сөз болса»
атты шығармасынан автор тыңдаймын деген адамға сөздің мәйегін, нәрін төгетін дара тұлға
ретінде өзін таныстырады. Өмірдің мәні – адалдық шындық екенін баса айтады. Бос мақтанға
ұрынбасаң, қатарыңнан кем болмайсың дейді. Бұл өлең жолдарынан бос сөздің түбін қазсаң,
соңынан қусаң жеткізбейтінін, ақыр соңында өзің ақымақ күйде қалып қоятыныңды айтады.
Жалпы Ақтанның жыр жолдарынан алар тәлім-тәрбие, өнеге мол. «Той бастау»толғауында
Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы,Тама, Табын, Жеті руының барлығын аралағанын, шаршы топ
қаумалап, сөз берген соң барқадар қалінше сөйлейтінін толғайды. Толғаудағы тұнған теңеу мен
эпитет, әсерлі жолдар, сырлы сөздер оқырманын өзіне тез баурап алады.
"Қалағандарың сөз болса", "Айт десеңдер, жарандар", "Жайық деген жанды су" сияқты
біраз толғаулары ақынның ұзақ, желілі дастандарды жырлар алдыңдағы кіріспе толғауы не
жырлап болғаннан кейінгі топ тарқатар жыры іспетті. Әдетте, кең сілтеп, ұзак жырлайтын
айдынды, арынды ақындар ұзақ жырлар алдында әуелі терме, толғаулар толғап өзін бабына
келтіріп, шабытын тұтатып, тыңдаушысын баурап алатын болған. Содан кейін қырандай
қанаттанып, селдете құяды екен. Ал топ тарқатар тұста тағы да терме, толғауларға көшкен.
Қорытындылай келгенде, ерлікке, адамгершілікке, ізгілікке бастайтын философиялық өлеңдерін
артына өшпестей мұра етіп қалдырып кеткен Ақтан ақын нағыз тарихи тұлға. Оның толғаулары
осы күнге дейін өміршеңдігін жоймай келеді. Қазақ ақын-жырауларының шығармалары
шындығында да терең мағыналы философиялық ойларға толы. Олардың шығармалары төл рухани
мұраларымыздың бай қазынасы болып табылары сөзсіз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Р.Бердібай. Жұлдыздар жарығы. Алматы: «Білім», 2000ж
2. Қ.Сыдиықов. Ақын-жыраулар -Алматы. Ғылым, 1974 ж
3. С. Қазыбайұлы .XV-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті: Жыраулар поэзиясы. Ақтөбе: «А-
Полиграфия» ЖШС, 2004ж
4. Қ. Сыдиықов Алғысөз // Қазағым – Алматы: Жазушы.1993ж.
5. Бес ғасыр жырлайды. -Алматы: Жазушы,1989ж
119
Достарыңызбен бөлісу: |