Батыр елдің сәулеті (өлкенің батырлары туралы)



Pdf көрінісі
бет11/43
Дата06.01.2022
өлшемі2,45 Mb.
#14421
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   43
Байланысты:
Baidalieva batir eldin sauleti.pdf

 
 
 
 


 
40 
Жаманестіұлы Қарабатыр (т.ж белгісіз -1729) 
 
Дұшпаннан көрген қорлығым, 
Сарысу болды жүрекке 
Он жетіде құрсанып, 
Қылыш ілдім білекке. 
Жауға қарай аттандым 
Жеткіз деп құдай тілекке! 
   
Ақтамберді жырау   
 
Бұрынғы Кеңес  (қазіргі Ертай) ауылында тұратын көненің көзіндей, ескінің 
елшісіндей,  көкірегі  көмбе  жарықтық  құлбайымбет  Жанпейіс  қария  тегін  білгісі 
келіп жөн сұраған кісіге жеті атаңды жетеңе жеткізіп жіліктеп беруші еді. Сол кісі: 
«Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» - деп әңгіме бастайтын.  
Біз ол кісіден Жаманестінің жайын сұрағанымызда: 
«Дулат  балаларының  ішіндегі  аға  саналатын  Сиқым  бабамыздың  ел 
қорғаудағы,  ел  басын  біріктірудегі,  өмірге  қыруар  ұрпақ  әкелудегі,  оларды  адам 
етіп  тәрбиелеудегі  еңбегі  өлшеусіз.  Әсіресе  ол  тұқымда  батырлық  дәстүрі  алты 
атадан  асып  жығылған.  Жаманесті,  Қарабатыр,  Шінет,  Рысбек,  Батырбек, 
Мақұлбек болып жалғаса береді. 
Сол бабаларымыздың ықылым заманнан ғұмыр кешкен атамекені  Ташкент, 
Сарыағаш, Сайрам, Манкенттің аймағы болған. Сонау ілгергі замандардағы өмір 
сүрген  Қара  ағаш  әулиеден  бастап  олардың  кейінгі  ұрпақтары:  Несбосын, 
Есбосын,  Құлбосын,  Қармыс,  олардан  тараған  Есті,  одан  бергі  оның  бел  баласы 
Қарабатыр,  оның  баласы  Шінет,  одан  өрбіген  атақты  Рысбек  батыр  барлығы  да 
сол Манкенттегі сиқым зиратынан мәңгілік мекен тапқан. 
Мына  біз  тұрған  Жуалының  Күреңбелден  төменгісі  сол  Сиқым  ұрпағының 
жаз жайлауы болып көшіп-қонып жүрген. Кейінірек түбегейлі тұрақтап қалған. 
Сендердің  білгілерің  келіп  отырған  Жаманесті  арғы  Құттыбай  бабамыздың 
Борасынан  келіп  шығады.  Борастан  –  Есбосын,  Есбосыннан-Тілеуқабыл  мен 
Тарышы туылған. Ал оның Тілеуқабылынан – Жәуіш, Жәуіштен келіп Сәтбек пен 
Жаманесті  тарайды.  Жаманесті  атауын  жеңгелері  қойған  болса  керек.  Кейінгі 
ұрпақ  «жаман»  деген  алғашқы  буынды  алып  тастап  «Естіміз»  -  дейтін  болды»  - 
деп  зейінді  тыңдаушының  зердесіне  жететіндей  етіп  өткенді  қайта  бір  өлшемге 
сыйдырып әңгіме толғайтын. 
Күреңбелдің солтүстік беткейінен басталатын бұлақтар басын құрап бұрынғы 
Құдияр  сазынан  өткеннен  кейін    Боралдай  өзені  болып  аталады.  Сол  Боралдай 
өзені  арыныкүшейіп,  екі  қапталы  шатқалға  айналып  тереңдей  түседі.  Бұл  жер 
әсіресе жаз айларында малға өте жайлы, шөбі шүйгін. Осы Боралдай өзенінің орта 
тұсында  Қарабатырдың  әкесі  Жаманестінің  жаз  жайлауы  болған.  Сондықтан  да 
жер  атауын  бұрынғылар  «Жаманестінің  жайлауы»  -  деп  атаған.  Естінің  кейінгі 
ұрпақтары  да  сол  жерді  жайлап  Сталин  атындағы  колхоз  болып  ұжымдасқан 
(Әрине бұл өткеннің әңгімесін кейінгі ұрпақ біле бермес). 
Қазақ  халқына  үлкен  қасірет  әкелген  Ақтабан  шұбырындының  ауыр  апаты 


 
41 
1723 жылдың ерте көктемінде шабуыл тұтқиылдан басталды. Жоңғарлар шамамен 
70 мың шеріктерімен қазақ жеріне басып кірді. Бүкіл Оңтүстік өңірдің қазақтары 
Шыршық, Бұхара, Жем мен Жайық бойына қарай шегінуге мәжбүр болды.  (Бұл 
ауыр жылдар 1723 – 1728 жылдардың арасында болды). 
Қыстауларында  қамсыз  отырған  қазақ  ауылдарын  қырғынға  ұшыратты. 
Жойқын  шапқыншылыққа  қарсы  шайқаста  қарабайыр  қару-жарақпен  ғана 
жасақталған  қазақ  сарбаздары  мыңдаған  сарбаздарынан  айырылды.  Қазақ 
жасақтары  әр  жерде  және  шашыраңқы  болғандықтан  жауға  ұйымдасқан  түрде 
тойтарыс  бере  алмады.  Басқыншылар  Балқаш,  Қаратау  өңірлерін  қанға  бояды. 
Шу, Талас,  Іле өңірлерін басып алды. Әр он адамның төртеуі жау  қолынан қаза 
тапты.  
Осы кезде бүкіл қазақ жұртына ел бірлігін сақтап, жауға ұйымдасқан түрде 
қарсы  тұру,  азаттық  жолында  күш  біріктіру  қазақ  мемлекетін  сақтап  қалу  керек 
екенін түсінді. Осындай жағдайда Отанды жаудан қорғауға шақырған Қожаберген 
жыраудың «Елім-ай» атты өлеңі дүниеге келді. 
 
                             Қатын-бала, бауырың жауда кетті, 
                             Қаратаудан қатал жау бермен өтті. 
                             Қайдасыңдар, қазақтың батырлары? 
                             Жасақ  жасап,  алсаңшы  жаудан  кекті,  -деген  батырларды, 
азаматтарды  намысқа  шақырып,  жазықсыз  қатын-баланың  көз  жасы  үшін  ата 
жаумен соғысқа аттан деген үндеу тасталды. 
1723 жылдың наурыз айының ызғарлы күндерінде Аса бойындағы Билікөл, 
Талас  маңындағы  ауылдар  батысқа  қарай  бет  алып  ағылып  көше  бастады.  Бас 
көтерер ер азамат атқа қонды. Осы қалың көшке басшылық жасап жүрген Төле би 
мен  оның  жанындағы  Қойгелді,  Қарабатыр  сияқты  батырлар  болды.  Олар  жау 
жолында көлденең жатқан Қаратаудың асуларына қалың Борас пен қатар жатқан 
Шымыр-Шынқожалардың  азаматтарын  атқа  қондырып,  жау  жолына  тосқауыл 
жасады. Бұл шағын жасаққа Саңырық батыр бастаған жеті жүз шамасы сарбаздар 
келіп қосылды. Ел көші жаудан алысқа ұзағанша олар Қосбұлақ, Арбатас, Саясу, 
Аралтөбе  асуларында  алғашқы  ұрыстарын  жүргізді.  Бұл  шайқастар  жаудың 
шеріктерін сәл де болса әлсіретіп, көштің ұзап кетуіне мүмкіндік жасады. 
Батысқа қарай асығыс көш түзеген сұмдық көріністі ат үстінде жүрген Төле 
би,  Қожаберген  жырау  көзімен  көрді.  Боралдай  өзенінен  өтер  кезде  суға  кеткен 
бесіктегі сәбиді көргенде Төле бидің көзінен жас шығып кетті. Ел көші Боралдай, 
Арқаралыдан асқанша Қойгелді мен Қарабатыр көз шырымын алған жоқ, барлық 
жағдайды Төле биге жеткізіп тұрды. Сонда Төле би: 
-Ай, Қарабатыр, Қойгелді қос арыстаным-ай! Сендер барда атам Бәйдібектің, 
аруағы арып, туы жығылып көрген бе еді. Жоқ! Тозбайды ел тоздырмаймыз, - деп 
ризашылық білдіріп тебіренді. Бұл көріністі Қожаберген жырау: 
Жау қалмақ жақындады Шуға таман, 
Сескенді ел есі шығып, онан жаман. 
Күн сайын әр ауылды жау кеп шауып 
Орнап тұр ел басына ақыр заман... 
 


 
42 
Шыңдарын Алатаудың бұлт басты, 
Кез болып, қысаңшылық қазақ састы. 
Жау қалмақ шегірткеше қаптап кетіп, 
Қайран ел есі шығып, көше қашты...-деп жырлайды 
 
Жоңғарлар Оңтүстік аймақтағы қазақ хандығының қарамағындағы Түркістан, 
САйрам,  Ташкент  т.б.  қалаларын  тез  басып  алды.  Ата  қоныстан  ажыраған 
қазақтар Бұхара жағына, Қарақалпақстанға ауды, Сауран қаласын айналып Хиуаға 
қарай  бет  алды.  Осылайша  бұл  оқиға  атамекен,  мал-мүлкінен  айырылып,  жаяу 
жалпы,  аш-жалаңаш  босқан  ел  шұбыра-шұбыра  табаны  ағарып,  азып-тозған  бұл 
көш «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп тарихта мәңгі қалды. Кіші жүз 
қазақтарының арасында бұл оқиға «Сауран айналған» деген атпен әйгілі болды. 
Бұл  кезде  Төле  би,  Қойгелді,  Қарабатыр  бастаған  Дулаттар  көші 
Қарақалпақстан жеріне барып тұрақтаған болатын. 
Ескі  көздердің  айтуынша  Дулат  балаларының  қыз  алмасуы  Сыйқым  мен 
Жаныс  арасында  басталған  көрінеді.  Жаныстың  жұрағаты  атақты  Әлібектің 
қызына  Сиқымның  сегізінші  ұрпағы  Жаманестінің  баласы  Қарабатыр  үйленеді. 
Бұл Әлібек үш жүздің төбе биі атақты Төле бидің әкесі. Сол Сиқым Қарабатырдан 
туған Шінеттің ұрпақтары Рысбек батыр мен Тұрысбек балалары қыз алысуы да 
«даудың түбін қыз бекітеді, судың түбін шым бекітеді» деген дәстүрмен ала бие, 
артынан  боз  бие  сойылып  қыз  алысқан  көрінеді.  Осы  Қарабатыр  өмірінің  көбін 
сол қайнағасы Төле бимен бірге өткізген. 
Қалмақтардан  босаған  соң  Ұлы  жүздің  өзек  қаласы  Ташентке  Төле  билер 
қайта оралмақшы болады. Алайда, тек Ташкент емес, оның төңірегінде иемденіп 
алған  Жолбарыс  хан  Дулаттарды  жолатпай  қояды.  Төле  бидің  үндеуімен  оның 
төңірегіне  топтасқан  Сиқымнан  Қарабатыр,  Мәлік  батыр,  Қаңлыдан  –  Құлан 
батыр,  Рамаданнан  –  Алшынбай  батыр,  Сіргеліден  –  Қаратай,  Төлебайлар, 
Шегірден  –  Ақпан  батыр  сияқтылар  соғыспен  Ташкентті  алады.  Осы  соғыста 
Қарабатыр садақпен атып Жолбарыс ханды жаралайды. Ол сол алған жарақаттан 
қайтыс болады. 
1726  жылғы  Ордабасыдағы  құрылтайдан  кейін  қазақтың  күш  біріктірген 
әскері  Әбілқайыр  қолбасы  бастап  азаттық  шайқасына  шықты.  Қазақтың  бұл 
әділетті  Отан  соғысында  оңтүстік  өңірлердегі  бірқатар  қалалар  босатылды,  ал 
1727 – 1728 жылдары бүкіл Қаратау,Жуалы өңірі мен Талас, Шу бойы азат етілді. 
Сөйтіп азаттық соғысы Далақайыр даласына да жетті. 
«Жоңғардың жеңісінің желкілдеген, жолын кесіп, әуселесін қайтарған әйгілі 
Қарасиыр  -  Бұланты  шайқасында  Қарабатыр  қолбасы  -  Тоғанай,  Борастан, 
Құлбайымбет,  қусирақтан  құралған  сиқым  мыңдығын  бастады.  Бұл  мыңдық 
қарасиыр жағында қоршауда қалған қалың қалмақ қосының ортасынан қақ жарып, 
Бұланты  жағасында  тас  -  талқанын  шығарған  Саңырақ  батыр  түменінің 
құрамында соғысты. 
Бұлантыдан  қашқан  жауды  өкшелей  қуып,  әр  бір  асқан  бел,  өткен  жол,  әр 
қадымы  туған  жерге  жақын  тартып,  алдынан  көзге  ыстық  Көсеге  жоны,  жасыл 
жайқынды  Таластың  жайлы  лебі  ескен  сайын  қуат  -  кұдіреті  асып,  тастүйін  боп 
келе жатқан Қарабатыр Қойгелдінің туын көтерген Сиқым, Шымырдың мындығы 


 
43 
оларды түн жамылып айнала қоршап, таң сазында тас - талқанын шығарған» - деп 
жазады. Е.Тұрысов «Бәйдібек» атты кітабында. 
1729 жылы Далақайыр (Аңырақай) даласында жоңғар басқыншыларына Отан 
соғысының тағдырын айқындайтын шешуші шайқас болды. 
Бұл шайқастағы жекпе-жектің барысын Б.Әбілдаұлы былай жеткізді: 
«Аңырақай  –  қыр  қыраты,  шоқылы-төбелі,  жазық  далалы  алқап.  Осында 
қазақ-қалмақ  қолдарының  қырғыны  толассыз  тоқтамай  тұрғалы  айдан  асқан  еді. 
Күнде қыршыннан  қиылған жан, судай аққан қызыл қан бұл аймақта үйреншікті 
болып  кеткелі  қашан.  Ұрыс  әуелі  екі  жақтан  шыққан  батырлардың  жекпе-жек 
шайқасынан  басталады  да,  бірі  өліп,  екіншісі  тірі  қалған  соң  сүйекке  талас 
ұласады.  Жеңген  батыр  өлген  жауының  басын  кесіп,  ернін  тесіп,  қанжығасына 
бөктеріп  байлап  әкетіп  үлгерсе,  бір  жөн.  Кейде  масаттанған  жақ  бассыз  дененің 
аяғына арқан байлап, сүйреткі қылып қорлайды. Бұл жеңілген жақ  үшін сұмдық 
намыс. Әлгә өлген батырдың ет жақын туыстары бұл қорлыққа қайтіп шыдасын – 
жапатармағай  ат  қойып,  бауырының  сүйегін  жау  қолынан  ажыратып  алуға, 
жауының сазайын тарттыруға барын салады...» 
Осындай  жекпе  –  жектің  кезінде  Қарабатыр  үшін  күтпеген  жағдай  болады. 
Алдындағы  бір  аламан  шайқаста  Қарабатыр  соғысып  жүріп  жаудың  бір  айтулы 
батырын  қылышпен  шауып  өлтіреді.  Оны  көріп  қалған  әлгі  ноянның  інісі 
Қарабатырға кектеніп жүреді. Ол қапысын тауып Қарабатырды өлтірудің амалын 
іздеп жүрген жаудың Сурен атты мергені болатын. 
Сол  Сурен  мерген  кезекті  бір  жекпе  –  жекті  қонтайшыдан  өзі  сұрап  алады. 
Жекпе – жек алаңына шығып: 
- Әй Қарабатыр, қатын болмасаң шық жекпе – жекке! Ағамның кегін аламын. 
Мен – Сурен мергенмін! Атыспаққа да, шабыспаққа да дайынмын - деп қазақша 
айғай салады. Мұндай жекпе – жекте жау жағы атын атап шақырғанда шықпаса ол 
батырдың  бұрынғы  атақ  абыройының  төгілгені  болып  саналған.  Өлімнен  ұят 
күшті.Қарабатыр  өзінің  Жорыққара  атының  тартпаларын  тартып,  қайын  ағасы 
Төле биден бата сұрайды. 
-  Атымды  атап  шақырғанда  бармағаным  өлім  ғой.  Тағдырдың  маңдайға 
жазғанын көріп алдым дейді. 
Әруақ  шақырып,  ақ  найзасын  толғап  Қарабатыр  ортаға  шығады.  Сурен 
Қарабатырдың  сілтеген  найзасын  тойтарып  қайқы  қылышымен  найзаның  сабын 
шорт шауып тастайды. Жау аңысын  аңдып жүріп Қарабатырдың қолтық тұсына 
сүңгісін  салып  жібереді.    Осы  сәтте  Қарабатыр  да  Суреннің  сүңгісінің    сабын 
түбінен  шауып  тастайды.  Енді  Қарабатыр  қалмақтың  ту  сыртына  шыға  бере 
Суреннің сол қолын шынтақтан жоғары тұстан шауып түсіреді. Бір оңтайлы сәтте 
Қарабатыр  Суреннің  өндіршегінен  қылышын  сұғып  алады.  Қаны  шапшып 
әлсірген  жауды    ер  үстінен  жұлып  алып  тақымға  көкпарша  басып,  мойын 
омыртқасын  күтірлете  бұрап  жібереді.  Бірақ  Қарабатыр  Суреннің  басын  кесіп 
үлгермей жүрек тұсынан тиген оқтан шалқалап құлай береді... 
Қарабатырды  атып  құлатқан  Суреннің  он  тоғыз  жасар  баласы  болатын.  Ол 
әкесі жекпе – жекке шыққаннан ақ түйенің өркешіне мылтығын қойып  оңтайлы 
сәтті  күтіп  жатқан.  Кекті  көз  осылайша  қазақтың  қас  батырын  қиып  түсірген 
болатын. 


 
44 
Осы кезде жау  жақтан да, қазақтар жағынан да аттылар ортаға батырларын 
алуға  лап  қойып,  қидаласқан  соғысқа  ұласады.  Қатты  жараланған  Қарабатырды 
жігіттер Төле бидің алдына жеткізеді. Қарабатыр соңғы рет сөзге келіп:  
-  «Би аға, Шінетім.. сізге аманат» - деп көз жұмады.  
Сиқымдар  Қарабатырдың  денесін  өзінің  ата  жұрты  Манкентке  жеткізуге 
ұйғарады.  Аңырақайдағы  бұл  шайқас  мамыр  айының  ортасы  ауып,  күн  ыси 
бастаған  кезде  болған.  Қарабатырдың  мәйітін  теріге  тұтас  орап,  жолда  уақытша 
қазылған  көрге  аманатқа  тапсырылып,  сегіз  күн,  түн  бойы  жосылып  отырып 
Манкентке  жеткізеді.  Жаназасы  Шу  бойында  шығарылған  Қарабатырды 
Манкенттегі бабалар зиратына апарып қояды. 
Осы  соғыста  кіші  Қарабатыр  да,  Ақша  батыр  да  ерекше  көзге  түседі.  Кіші 
Қарабатыр  деп  отырғанымыз  ол  Қойгелді  батырдың  тұңғыш  ұлы.  Қойгелдінің 
бәйбішесі толғатып жатқанда Сиқым Қарабатыр келіп қалып, әйел оңай босанады. 
Сәби  кіндігін  Қарабатыр  ырыммен  қылышпен  кесіп  «кіндік  әке»  атанған.  Әке  - 
шеше қалауымен «Қарабатыр» деп үш қайтара айқайлап, өз атын сыйлаған Дулат 
елінде үлкен Қарабатыр, кіші Қарабатыр есімдері қатар аталатыны сондықтан. 
Қарабатырдың  жетім  қалған  бес  баласы  Сиқымдардың  өз  ауылында 
тәрбиеленсе,  марқұмның  соңғы  өсиеті  бойынша  Шінет  болса  нағашысы  Төле 
бидің тәрбиесінде Ташкентте өсіп ер жетеді. 
Әке көрген оқ жонар демекші Қарабатырдан тараған Шінет те, оның баласы 
Рысбек те, оның баласы Батырбек те ел қорғаған, жер қорғаған айтулы батырлар 
болды. Олар туралы кезі келгенде сөз болады. 
(Жаманесті  Қарабатыр  туралы  дерек  Б.Әбілдаұлының  «Қарабатырдың 
қазасы» атты әңігмесінен алынды) 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет