Саясаттану


ІY тарау МЕМЛЕКЕТ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ САЯСИ ИНСТИТУТЫ РЕТІНДЕ



Pdf көрінісі
бет36/131
Дата06.01.2022
өлшемі15,5 Mb.
#15124
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   131
Байланысты:
otemisov karabala saisat

ІY тарау
МЕМЛЕКЕТ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ САЯСИ ИНСТИТУТЫ РЕТІНДЕ 
1. Мемлекет туралы идеялар тарихы мен мемлекет туралы ілімнің 
қалыптасуы
«Мемлекет»  ұғымы  жалпы  көпшілікке  жақсы  белгілі.  Мемлекет 
алғашқы,  қауымдық  қоғамда  құрылған  жоқ.  Саяси  ғылым  мемлекеттің  пайда 
болуын  адамзат  қоғамы  дамуының  белгілі  бір  тарихи  кезеңімен,  яғни 
әлеуметтік  топтар  мен  таптардың  пайда  болып,  қоғамда  саяси-әлеуметтік 
теңсіздіктердің  орнығуымен  байланыстырады.  Экономика  саласындағы 
үстемдік етуші таптың саяси үстемдігін қамтамасыз ету және басқа таптардың 
қарсылығын болдырмау қажеттілігінен мемлекет пайда болды деген пікір саяси 
ғылымдардағы  негізгі  көзқарас.  Мемлекет  құл  иеленуші  дәуірде  де  қазіргідей 
дәрежеге  жетті.  Бірақ  тарихи  ұзақ  мерзім  бойы  “мемлекет”    деген  түсінік 
“қоғам”,  “ел”  деген    түсініктен    ажыратылған  жоқ.  «Мемлекет»  деген  атауды 
рулық,  тайпалық  қауымнан  ажырату,  яғни,  алғашқы  «қауымдық  емес»  деген 
ұғымды  белгілеу  үшін  пайдаланды.    Мысалы,  патшалық,  қаған,  хандық, 
князьдік,  халифат,  Алтын  орда,  Ақ  орда,  Ноғай  ордасы,  Сібір  ордасы  деген 
сөздер  екі  түсініктің  орнына  (біріншісі  мемлекет,  екіншісі  қоғам)  пайдалана 
берілді.  Алайда,  мемлекеттің  пайда  болуы  әртүрлі  әлеуметтік  пікірлердің 
қалыптасуына  негіз  болды.  Саяси  өмірдің  дамуына  байланысты  қоғамда 
мемлекеттің  ролі  күшейе  түсті.  Ойшылдар,  ғалымдар  мемлекетке  -  “ел”, 
“қоғам” түсінігі тұрғысынан емес, “өкімет”, билік тұрғысынан қарайтын болды. 
Сөйтіп, нәтижесінде мемлекет пен өкімет туралы ойлар, қағидалар бірте-бірте 
біздің заманымыздан бұрынғы VI-V ғасырларда теориялық деңгейге жетті. 
Мемлекет пен қоғам мәселелері адамзат өмірінде әрбір тарихи кезеңге сай 
өзгерістерге  ұшырап  отыратыны  және  оларды  адамзаттың  шама-шарқынша 
сәтті  түрде  шешуге  ұдайы  ықыластық  танытатыны  белгілі.  Егер  өткенімізді 
ойша  шолар  болсақ,  адамзат  тарихы  мемлекет  жөнінде  сан  түрлі  саяси  ой 
тізбегі мен даналыққа толы екендігін байқаймыз. Солардың ішіндегі ең мәндісі 
де,  өзіндік  ерекшеліктерімен  айқындалатыны  да  ғұлама  ойшыл  Конфуцийдің  
идеялары. 
Бұл  ойшылды  негізінен  мемлекетті  басқару  мәселелері  көп 
толғандырғанын  атап  өткен  жөн.  Конфуцийдің  осынау  күрделі  мемлекет 
мәселелерін  қатаң  тәртіп  пен  бір  тәрбиелік  ұстанымдардың  көмегімен  жүзеге 
асырмақ ниеті және оған қоса шектен шыққан қызулыққа берілмей, көбіне-көп 
“тепе-теңдік”  пен  “орталық”  принциптерді  ұстанғаны  белгілі.  Түрлі  ұсақ 
иеліктерге  бөлініп,  бір-бірімен  қырқысып  жатқан  Қытайдағы  патшалықтарды 
бір орталыққа бағынған мемлекетке біріктіруді басты мақсатқа айналдырған ол, 
сонымен бірге, халықтың тәлім-тәрбиелік күш-қуатын жоғары деңгейге көтеру 
мен оны “бақытты” ету үшін бар күш-жігерін сарп етті. 
Конфуцийдің ойынша, б.з.д. VI ғасырда Қытайдағы әлеуметтік тәртіптің 
негізі - қоғамдық тәртіп пен тұрақтылыққа сүйенуге тиіс болатын. Және мұндай 


58
қоғамда  әркім  өз  құқығы  мен  мемлекет  алдындағы  міндеттерін  терең  сезінуі 
тиіс.  Яғни,  әр  адам  өзінің  орнында  болуы  керек:  патша-патша,  бағынышты-
бағынышты,  әке-әке,  ұл-ұл  болуға  тиіс.  Мемлекетті  басқарушы  құдай 
дәрежесіндегі «Аспан ұлы»– адамдар әлемінің өкілі. Ол әулие, император бола 
отырып  Аспан  алдында  ғана  жауапты.  Өйткені  ол  тақ  пен  билікті  тек  осы 
аспаннан алады. Билеуші әділ болып, барша халыққа мейірім төгуі міндетті, ал 
олай  болмай  ел  аштық  пен  қайыршылыққа  ұшырап  жатса,  халықтың  бүлік 
шығарып, билеушіні тәубесіне келтіруі құдайшылыққа жатады. 
Конфуцийлік  әлеуметтік  саяси  ілім  –  халықтың  ой-арманымен,  бақытты 
болашақты көксеген қиялдарымен терең ұштасып жатыр деуге толық сенім бар. 
Мемлекет  –  халықтың  талап  тілегін  іске  асыратын  құрал.  Халықтың  шынайы 
сенімінсіз  мемлекет  те  болмақ  емес.  Демек,  оның  сеніміне  тек  адамдарға 
жасалынған  қамқорлық  арқылы  ғана  қол  жетпек.  Ел  басқарушысы  алдымен 
халықты ішер аспен қамтамасыз етіп, содан соң жоғары мақсаттарға шақыруға 
міндетті.  
Ежелгі Грекиядағы мемлекет туралы саяси ойдың ерте кезде дамуы (б.з.д. 
IX – VI ғғ) көне мемлекеттердің қалыптасуымен байланысты болды. Бұл ойлар 
Гомер,  Гесиод  поэмаларында  кездеседі.  Пифагор  (б.з.д.  580-500  жж.)  мен 
Гераклиттің (б.з.д. 544-483 жж.) мемлекет пен құқық мәселелеріне әлеуметтік-
саяси тұрғыдан талдау жасауы да осы тұста қалыптасты. Гераклит: «өз отбасың 
үшін  қалай  күрессең,  мемлекет  белгілеген  тәртіпті  іске  асыру  үшін  де  солай 
күресу керек» - деген пікір айтып мемлекеттік билікке үлкен құрметпен қарады. 
Ежелгі  Грекия  мемлекетінің  нығайып  –  дамуы  мемлекет  туралы  ілімнің 
қарқынды дамуына жағдай жасады. Бұған үлкен үлес қосқан даңқты ойшылдар 
Демокрит, Сократ, Платон, Аристотель, Полибий болды. 
Мемлекет  туралы  саяси  ойдың  қалыптасуындағы  айрықша  кезең  
саналатыны  –жалпыға  бірдей  бостандық  идеясының  өзекті  орын  алу  тұсы. 
Нәтижесінде  Ежелгі  Рим  мемлекетінде  бұл  ілім  жедел  қарқынмен  дамыды. 
Оның тарихы: патшалық (б.з.д. 754-510 жж.), республикалық (б.з.д. 509-28 жж.) 
және  императорлық  (б.з.д.  27  –  б.з.  476  жж.)  болып  үш  дәуірге  бөлінеді.  Осы 
кезеңде  саясат,  өкімет  және  мемлекет  туралы  ілімге  елеулі  үлес  қосқан  Тит 
Лукреций  Кардың  (б.з.д.  99-55  жж.)  шығармалары,  әсіресе  оның  “Табиғат 
заттары туралы” поэмасы. Сол сияқты мемлекет пен құқық туралы Цицеронның 
ілімі жарық көрді. Ол ежелгі грек дәстүріне сүйене отырып “Мемлекет туралы” 
және  “Заңдар  туралы”  деген  еңбектер  жазды.  Ол  мемлекеттік  құрылыстың  әр 
түрін  талдай  отырып,  мемлекет  қызметіндегі  монархиялық,  аристократиялық 
және демократиялық бастауларды біріктіру керек деген тұжырымға келді. Ол өз 
ойына, талаптарына сол кездегі Рим конституциясы сәйкес келеді деп есептеді. 
Цицеронның  мемлекет  туралы  негізгі  тұжырымдамасы  –  заңның 
үстемдігі.  Оның  “Біз  заңның  құлы  болғанда  ғана  еркін  бола  аламыз”,  -  деген 
қанатты сөзі қазір де өзекті пікір болып саналады. 
Мемлекет  туралы  мәселедегі  Әл-Фарабидің  ой-пікірлерінің  маңызы  өте 
жоғары.  Ол  “Рахымды  қала  тұрғындарының  көзқарастары  туралы”  деген 
еңбегінде осы мәселені теориялық тұрғыдан тереңінен зерделейді. “Мемлекет, -


59
деп  көрсетеді  ойшыл,  -  адамдардың  өз  қажетін  бірлесіп  қоғамдық  жолмен 
толық қанаттандыруға арналған ұйым”. 
Сол сияқты Әл-Фарабидің мемлекет туралы айтқан мына сөздері ерекше 
көңіл аударады: “Адамдарды бір-біріне көмектестіріп, халықтың жақсы тұрмыс 
құруына  жағдай  туғызып,  қамқорлық  жасаған  мемлекет  - өз  міндетін  атқара 
алады”.  Ойшылдың  осы  пікірі  «қоғамдағы  мемлекеттің  орны  мен  қызметі 
қазіргі нарықтық жағдайда қандай болуы керек»  деген сұраққа берген нақтылы 
жауапқа ұқсайды.        
Кейін  саяси  өмірдің  күрделенуіне,  дамуына  байланысты  мемлекетті 
қоғамдық,  әлеуметтік  тұрғыдан  емес,  өкілеттік,  билік  ретінде  зерттеу 
қалыптасты, көзқарас жетіле түсті. Мемлекет халықты басқарушы ұйым деген 
түсінік  кең  орын  алды.  «Мемлекет»  және  «қоғам»  деген  түсініктерді  ажырата 
білуде  әсіресе  Н.Макиавеллидің  орны  ерекше.  Ол  мемлекет  деген  түсінікті 
бөлек  ұғымға  айналдыру  үшін  “stato”  деген  термин  енгізді.  Стато  – қазіргі 
түсінік бойынша, автономия, дербес, өз алдына деген мағынаны білдіреді. 
Макиавелли  мемлекетті  тек  ғана  қоғамды  басқаратын  ұйым  ретінде 
түсінумен  шектелмей,  оның  дамыуы,  халықтың  мұқтаж-мүдделеріне  сәйкес 
қызмет атқаруы туралы тұжырымдамалар жасады. 
Кейінгі  ғасырларда  қоғам  мен  мемлекетті  дербес,  өзара  ажыратып, 
мемлекетті  қоғамның  басқарушы  ұйымы  ретінде  дамыту  мәселесі  саяси 
ғылымда айрықша орын алды. Саясаттануда осы мәселе жөнінде әртүрлі, құнды 
тұжырымдамалар жасаған Гоббс, Локк, Руссо, Гегель, Кант, Мэдисон және т.б. 
болды. 
Мемлекет  қоғам  өмірінің  дербес  саласы  ретінде  танылғаннан  кейін 
ғалымдар  мемлекет  пен  адамның өзара  қатынасын  зерттей  бастады.  Оның 
негізгі  себебі  –  мемлекет  шеңберіндегі  адамның  орны,  ролі  жөніндегі 
мәселелердің  туындауы.  Қоғамда,  мемлекетте  адам  жалпы  дамуға  ешбір  әсер 
ете алмайтын тіршілік иесі ғана ма,  әлде ол (адам) қоғам, мемлекет өміріндегі 
шешуші күш пе? 
Осы  мәселе  бойынша  бірнеше  ғасырға  созылған  ғылыми  пікірталастың 
нәтижесінде саясаттануда этатизм деген бағыт пайда болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   131




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет