Бақылау сұрақтары
1. Платон мен Аристотельдің мемлекет құрылысы туралы ой-пікірлері
2. Т.Гоббс. “Левиафан”
3. Этатизм деген түсініктің мағынасы
4. Азаматтық қоғамның негізгі белгілері
5. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері
6. Мемлекеттік басқарудың негізгі түрлері
7. Мемлекет құрылымының түрлері
8. Мемлекеттің пайда болуы туралы теориялар
9. Унитарлық (біртұтас) мемлекет дегеніміз не?
10.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қандай?
69
Y тарау
САЯСИ ПАРТИЯЛАР МЕН ҚОЗҒАЛЫСТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ
1. Саяси партия – билік пен қоғам арасындағы байланыс құралы
Партия дегеніміз не? Партия әдетте бағдарламалық құжаттарда
көрсетілген ортақ саяси бағытты, көзқарастарды ұстанған азаматтардың белгілі
бір тобын біріктіретін ұйым. Нақты әлеуметтік-таптық мүддені білдіретін
идеология мен саяси бағытты басшылыққа ала отырып оны іске асыру үшін
партиялар мемлекеттік билікке келуге ұмтылады.
Мысалы, жеке адам қоғамдық немесе жергілікті көлемдегі белгілі бір
саяси әлеуметтік мәселені нәтижелі шешу жолдарын қарастырады. Бұл туралы
оның тұрақты көзқарасы қалыптасады. Ол көзқарас, яғни, идеясы кейін
мақсатқа айналады. Ал енді оны қалай іске асыру керек? Мүмкін ол адам
бұқаралық ақпарат арқылы өзінің мақалаларын шығарар немесе әртүрлі
жиындарда, ғылыми конференцияларда өз пікірін білдірер. Бірақ бұның бәрі де
сол азаматтың идеясының іске асырылуына толық кепілдеме бермейді. Идеяны,
пікірді іске асырудың айқын бір жолы – билікке келіп билік арқылы іске асыру.
Билікке келу деген түсінік ол билікті өз қолына тартып алу емес, қалыптасқан
билік қатарынан орын алу. Мысалы, белгілі бір саяси ұйымның өкілдері
депутаттыққа өтіп парламенттің бірнеше орындарына ие болса, олардың жаңа
заң шығаруға әсер ету мүмкіншілігі пайда болады. Осы арқылы ол өзінің
көзқарасын заң жолымен іске асыруға мүмкіндік алады.
Бірақ бұндай жүйе демократиялық жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан
партияның билікке өтуін немесе өтпеуін шешетіндер тек ғана сайлаушылар
болуға тиісті. Ол үшін сайлаушылардың, жалпы қоғамның демократиялық
саяси мәдениеті жоғары деңгейде болуы керек.
Ал демократия орнықпаған режимдерде кейбір саяси партиялар өз
көзқарасын іске асыру үшін билікке төңкерістер, революциялар арқылы келді.
Мысалы, ХІХ ғасырдағы Еуропа елдеріндегі революциялар, Ресейдегі 1917
жылғы Қазан революциясы және т.с.с.
Жалпы алғанда, партия қоғамдағы бұқаралық, әлеуметтік күштердің
мүддесін білдіруге, мемлекеттік билік орындары арқылы сол мүдделерді жүзеге
асыру үшін қызмет етеді. Саяси партия мемлекет пен қоғамды бірлестіретін
буын, саяси билік пен қоғамның арасындағы байланыс құралы.
Сонымен, партия деп - қоғамдағы әлеуметтік-саяси мүдделерді шешу
үшін өздеріне ортақ көзқарастарды іске асыру жолында мемлекеттік билікке
келуге ұмтылатын азаматтардың ерікті ұйымын айтады.
“Партия” деген сөз латын тілінен шыққан, “бөлу”, “бөлшек” деген
мағынаны білдіреді. “Мен бүтіннің бөлшегімін”, “мен осы топтың пікірін
қолдаймын”, “мен біреулермен пікірлеспін” деген түсініктері.
Тарихта XVIII-XIX ғасырларда саяси партиялар клуб, әдебиеттік
бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар түрінде пайда бола бастады.
70
Бірақ сол кездегі шексіз мемлекеттік билік (монархия, патшалық)
жағдайында партиялардың айтарлықтай маңызы болмады. Ол уақытта әр түрлі
мемлекет басшылары қоғамдық ұйымдарға, саяси қозғалыстарға қарсы болды,
тіпті дұшпандықпен, қастықпен қараған жағдайлар да болған. Мысалы,
Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның өзі
де 1787 ж. “саяси бірлестіктер”, яғни, саяси партиялар – олар тыныштықты
бұзушылар, олар халықтың ішінде іріткі салып, билікке таласушылар” – деп
түсінді.
Ал 1825 жылғы Ресейдегі декабристер қозғалысының қалай аяқталғаны
тарихтан жақсы белгілі. Ресей патшалығы оларға қарсы күш қолданып, біразын
өлім жазасына тартып, қуғынға ұшыратқан болатын.
Ресейдегі ең бірінші партия – Ресей социал-демократиялық жұмысшылар
партиясы (РСДЖП) 1898 жылы астыртын түрде ұйымдастырылды.
Дегенмен, кейінгі кезеңде жалпы азаматтық, оның ішінде демократия
принциптерінің дамуына байланысты саяси партиялар кеңінен дами бастады.
Қазіргі кезеңдегі саяси партияларға ұқсас біздің уақытымыздағы
партиялар Еуропада, Америкада XVIII ғасырда пайда болды.
Не себептен XVIII ғасырда? Не себептен олар XVII, XVI ғасырларда
немесе одан бұрын қалыптасқан жоқ?
Оның себебі XVIII ғасырда ғана мемлекеттік билікті сайлауға мүмкіндік
туып, кейбір мемлекеттерде шексіз монархия жойылды. Мысалы, Францияда
Ұлы француз революциясынан кейін (1789 ж.) республика орнатылды. Дәл осы
кезде АҚШ өзінің конституциясын қабылдап, бірінші президент сайлады.
Қоғам мүшелері, әртүрлі әлеуметтік топтар саяси билікке өздерінің
уәкілдерін сайлауға мүмкіншілік ала бастады. Мемлекеттік билікке араласушы
үміткерлерді бұқараның қолдауы, сүйемелдеуі қажет болды. Осындай
азаматтарды дайындау үшін, оларды саяси билікке өткізу үшін саяси партиялар
құрыла бастады. Сонымен қатар, сайлау органдары мен сайлау жүйелері
қалыптасты.
Яғни, саяси партиялардың пайда болуы - демократияның дамуымен
байланысты. XVIII ғасырға дейін билік сайланбайтын патша, король, шах,
хандардың қолдарында тұрған кезде саяси партияларды ұйымдастыруға ешбір
мүмкіндік болған жоқ, себебі оны құруға билік рұқсат берген жоқ.
Саяси партиялардың ұйымдастырылуы XVIII ғасырдан басталып, XIX
ғасырда дүние жүзінде көптеген ірі, беделді партиялар өмір сүре бастады.
Мысалы, 1828 жылы АҚШ-та демократиялық партия өмірге келсе, 1867
жылы Англияда Консервативтік партия, ал 1869 жылы Германияда социал-
демократиялық жұмысшылар партиясы пайда болды. Сол жылы Францияда
Республикалық радикалдар партиясы дүниеге келді.
XIX ғасырдың 80-шы жылдары дүние жүзінің 100-дей елдерінде 500-ден
астам саяси партиялар қалыптасты.
Қазіргі кезеңде дүние жүзінде қанша саяси партия бар? Бұл сұраққа
нақтылы жауап берудің өзі қиын. Себебі саяси партиялардың өмірінде тұрақты,
ешбір өзгеріссіз қалатын жағдай болмайды және болуы да мүмкін емес.
Адамзаттың саяси өмірі қандай құбылмалы, әрдайым өзгерісте болып тұратын
71
құбылыс болса, саяси партиялардың өмірі де дәл сондай. Сондықтан бір
жағынан жаңа партиялар қалыптасып жатса, екінші жағынан кейбір партиялар
ыдырап, қызметін тоқтатып жатады.
Бірақ тарихи ұзақ уақыт, XIX ғасырда пайда болып, осы күнге дейін
өзінің мүдделестеріне адал қызмет жасап, саяси мол тәжірибе жинап, халыққа
дәстүрлі партия болып танылғандары да бар. Олар: АҚШ-тың демократиялық
партиясы (1828 ж. құрылған), Канаданың прогрессивтік-консервативтік
партиясы (1854 ж. құрылған), АҚШ-тың республикалық партиясы (1854 ж.
құрылған), Ұлыбританияның консервативтік партиясы (1867 ж. құрылған),
Германияның социал-демократиялық партиясы (1869 ж. құрылған) және тағы
да басқа партиялар.
Алғашқы кезеңдерде әрбір саяси партия үлкен әлеуметтік топтардың,
көбіне таптардың жетекшісі болды. Мысалы, жұмысшылар партиясы, шаруалар
партиясы, буржуазия партиясы, христиандар партиясы т.с.с. Ал ХХ ғасырдың
ортасынан бастап жағдай басқаша өзгерді. Енді партияның мүшелігіне әртүрлі
әлеуметтік топтар мен таптардың өкілдері кіре алады. Бұл саяси құбылыс
демократияның дамуымен байланысты шықты. Себебі биліктің сапасын
қамтамасыз ету ол тек ғана бір топтың, әлеуметті таптың мүддесі емес, ол бүкіл
халықтың мүддесі. Ал қандай да болмасын қоғамдағы әлеуметтік мәселе
барлық жағдайда мемлекеттік билік арқылы шешілетіні белгілі.
Әйтсе де, әрбір саяси партияның өзіне ғана тән міндеті мен өз қызметіне
байланысты ерекшелігі болады. Олар сан алуан, оларды жүйелеу оңай емес,
себебі бұл ерекшеліктер көбіне тарихи жағдайға байланысты қалыптасқан.
Партия саяси құрылым ретінде Еуропалық елдерде пайда болғаны белгілі.
Сондықтан да партияның табиғатын, қоғам өміріндегі маңызы мен мәнін,
қызметін анықтауға осы елдердің ғалымдары көбірек көңіл бөлді. Бұл ретте,
әсіресе, француз ғалымы М.Дюверженің “Саяси партиялар” деген еңбегінде
партия ұйымдарының түрлері, құрылымы, типтері, партия басшылығының
тәсілдері, партия мен мемлекеттік қарым-қатынасы кең көлемде зерттелген.
Француз саясаттанушылары Ф.Борелл, Ж.Бюрдо, Ж.Шарло еңбектерінде
де партияның қазіргі кезеңдегі ролі нақты көрсетілген. Саяси партиялардың
мемлекеттегі алатын орнына қарай жүйелеген немістің мемлекет жөніндегі
ілімді дамытушы ғалымы Г.Еллинек болды. Бұл мәселелермен бірқатар Ресей
ғалымдары да айналысты. Мысалы, М.Острогорский “Демократия және саяси
партияларды құру” деген еңбегінде Еуропа елдеріндегі партиялардың құрылуы
мен дамуы туралы мәселелерді зерттей келіп, АҚШ пен Англияда партиялар
сайлау өткізу және сол сайлаулардың негізінде пайда табу үшін құрылған ұйым
екенін айтады. Әрине, саяси партиялардың қызметтері әртүрлі болғанымен де,
оларға жалпы ортақ белгілерді талдауға болады.
Саяси партиялардың ортақ белгілері:
1. Әлеуметтік бірлестік. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарға басшылық
жасап, олардың саяси-әлеуметтік мүдделерін шешу үшін бірігіп іс-қимылдар
жасауға басшы болу.
2. Азаматтардың саяси санасын жоғарылату.
3. Саяси билікке келу үшін күрес жүргізу.
72
4. Саяси мамандар, саясатшылар дайындау мәселесін шешу.
5. Қоғам дамуына бағытталған саяси бағдарламалар дайындап оны іске асыру.
Достарыңызбен бөлісу: |