И әрпі ки дегенде бір әріппен, қи сөзінде екі әріппен (қый) жазылды.
Барлық позицияда да и әрпінің қабылдануына сол жылдары оқу-педагогика
баспасының редакторы болып қызмет еткен Р.Сыздықованың сөйлеген сөзі
үлкен себеп болды дейді, газет тілшілері. Сөйтіп біресе ый (қыйын), біресе
и (иық, ғылми), енді бірде екі варианты да қатар қолданылып жүрген
(қағида//қағыйда) және жіңішке буында и-мен , жуан буында ый-мен
берілген и әрпінің емлесі бір ізге түсіріле бастайды. Десек те, йы, йі-ге
біткен сөздерге көсемшенің й жұрнағы қосылғанда, йый – орнына бір ғана и
таңбасын жазу: ұйиды, байиды – ұиды, баиды и таңбасымен қалдыру сияқты
екі жақты пікірлер болды. Жалпы алғанда, 40-60 жылдар аралығында емлеге
байланысты жарық көрген мақалалардағы пікірлер сипаты осындай болды.
Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері 1957 жылдың 5 маусымы
күні Қаз. ССР Жоғ. Советі Президиумының указымен қазіргі қолданып
жүрген алфавит тәртібімен бірге бекітілді. Жалпы білім беретін мектеп,
жастар мектебі 1957-1958жж. бұрынғы ережемен оқытылып, 1958-1959жж.
жаңа ережемен оқытыла бастайды. Ереженің алғашқы нұсқасы 1953ж. Ереже
негізінде жасалып, 1956ж. “Қазақ алфавиті мен орфография ережелері” деген
атпен шағын жинақ болып шықты. Қазіргі қазақ орфографиясындағы
қиындықтар емлені нормалаудың алғашқы жылдарында кеткен
олқылықтардан туындайды. Жазба тілдің тұрпат межесін нормалау
үшін орфографиялық ( яғни, дұрыс жазу, емле) сөздік түрі ойластырылды.
Сөздіктің негізгі мақсаты жазба тілде қолданылатын сөзбірліктердің
таңбалану нормасын заңдастыру болғанмен, әдеби тілдің фонетикалық,
морфологиялық, лексикалық варианттарын екшеу, ауызекі тіл элементтерін
нормалау, термин сөздердің жазылуын көрсету міндеті болды. Қазақ тілі
орфогр. сөздігінің тұңғыш басылымы араб, латын, төте жазу тұсында емес,
1940ж. жаңа әліпби қабылданғаннан кейін С.Аманжолов, С.Баишев,
Ғ.Бұзырбаев, С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаевтардың редакторлығымен,
Ғ.Себеповтың құрастыруымен 1941ж. жарық көрген еді. Кейінгі
басылымдары 1948, 1960, 1963, 1972, 1978, 1988, 2000, 2005 жж.
жарияланды. 1963 ж. ҚТОС абыржу//әбіржу, ажуа//әжуа, ажым//әжім,
абиыр//әбүйір қатарларының жуан вариантын таңдауы күні бүгінге дейін
емле ережесі мен жазу тәжірибесінің арасындағы қайшылықты тудырып
келеді. Сонымен, толықтырылып, түзетіліп, заман өзгерістерін қамти отырып,
шығарылуы дәстүрге айналған ҚТОС-нің алғашқы басылымы 1941ж. жарық
көрді. Онда реестерге шығарылған сөз тіркестерін де қоса есептегенде 14
мың сөзбірлік болды. 1948ж. М.Балақаевтың авторлығымен жарық көрген
сөздік емлесі қиын сөздерге арналды.
ҚТОНЕ (қаз. т. орфорг.нег. ереж.) қабылданғаннан кейінгі ең алғашқы
жарық көрген сөздік (Ғ.Мұсабаев, А.Хасенов, Р.Сыздықова,
Х.Арғыновтардың құрастыруымен) мектеп оқушыларына арналған
орфографиялық сөздік (1960ж.) болды. Сөзбірліктің саны аз болғанмен,
сөздіктің құрамы мен құрылысы, реестер сөз бен ұядағы сөздің берілу тәртібі,
грамматикалық формалардың берілу жүйесі, біріккен сөздердің емлесі,
термин сөздерге жалғанатын қосымша тәртібі біршама жүйеленіп,
нормаланды.
Қазақ тілінің 64 мың сөзді қамтыған алғашқы академиялық емле сөздігі
І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаевтың басқаруымен 1963 жылы жарық көрді.
Сөздікте жазылуы қиындық тудыратын бірге және бөлек жазылатын
сөздердің мәселесі мол қамтылды, (1941,1948) бірге таңбаланған көптеген
зат, құбылыс атаулары бөлек жазылып, жазу дәстүрі бұзылды. Аталған
сөздіктің ІІ-басылымы 1978ж. жарық көрді. Онда негізінен алдыңғы
шығарылымның сөзтізбесі, принциптері, жүйесі, құрылысы сақтала отырып,
сөз варианттарының әдеби нормасын қалыптастыруға одан әрі күш салынды.
1983 ж. ҚТОНЕ-не енгізілген түзетулерден кейін ондағы өзгерістерді
негізге ала отырып, 1988 ж. ҚТОС жаңа ІІІ-басылымы шығарылды. Онда,
бірге жазылатын сөздердің қатары молықты, орыс тілінен енген сөздерге
қосымшалардың жіңішке жалғанатын жағдайлары айқындалып, тілдің
жіңішкеру бағытына еркіндік берілді (медалі, магистралі, педагогі).
Сөздердің жасанды (баждау, жағдайласу, қайысшы, т.б.) окказионал
қатарлары (қайыр-мейірім, жидек-жеміс) сөздік реестрінен алынып тасталды.
90-жылдардан бергі кезең “қазақ тілінің қызмет етуі мен дамуы барысында
айтарлықтай тармхи құбылыстардың кезеңі” болды. Акад. Р.Сыздықтың
сөзімен айтқанда: “Әсіресе ана тіліміздің мемлекеттік тіл статусын иемденген
тұстан бері сөздік қазынамыздың толығу, іріктелу бағытына, оның
терминология саласына, сондай-ақ әріптердің аталуына, емле мәселелеріне,
қазақ тілінің үндестік заңдары сияқты табиғи фонетикалық жүйесіне қатысты
жаңа бағыт-бағдарлар ұсынылып, олардың кейбірінің жүзеге аса бастағаны
байқалды”. Сондықтан ҚТОС-нің ІY-басылымы (2000ж.) жарық көрді.
Сөздіктің ерекшелігі қазақ тілінің сөздік қорын түгендеу, әдеби норманы
екшеу бағытында экстралингвистикалық факторлардың әсерімен “ғылымның
арнаулы салаларында ғана қолданылған, жұртшылыққа бейтаныс тұлғалар”
сөздіктен шығарылып, күнделікті жазу-сызуда жиі кездесетін сөздердің ғана
емлесі берілді. Сөйтіп, ҚТОС-нің орыс графикасы мен жазу принциптерінің
әсері күшті болған алғашқы (1963) басылымынан, мемлекеттік тіл мәртебесін
алған кезеңдегі 2000 ж. басылымы арасында жетілу, толығу бағыттары
болғанын көреміз.
Әдебиеттер:
1. Уалиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. А., 1988
2. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. А., 1991
3. Жолымбетов К. Қазақ орфографиясын оқытудың ғылыми негіздері. А.,
1974
4. Дүйсебаева М. Қазақ әдеби тілі орфоэпиясының кейбір мәселелері. А.,
1973
5. Исаев С. Қазақ тілі. А., 1993.
Достарыңызбен бөлісу: |