3
КІРІСПЕ
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Қазақстан халқына
арналған Стратегиясында «Бізге жергілікті деңгейде отбасын, әйелдің
жүкті кезін және балаларды тәрбиелеуді қолдаудың жаңа жолдарын
табу керек. Неке мен отбасы институтын нығайтудың жолдарын мұқият
талдау, жалғыз басты аналар
проблемасын шешу керек. Егер біз
адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің
алдындағы, ал ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершілігін
күшейтуге тиіспіз. Ата-аналар балаларына, ал балалар өздерінің
қартайған ата-аналарына қамқор болғанда, әйел отбасы мен қоғамда
құрметке ие болғанда – еліміз үшін алаңдамауға да болады. Бұл
ұсыныстар Қазақстан халқына қашанда тән болған, оларды
жандандырып, жан-жақты қорғау қажет» делінген.
Бұл стратегиялық міндетті шешудің жаңа жолдарының бірі қазіргі
отбасылық тәрбиені жақсарту, ол үшін қазақ халқының отбасылық
тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, оны әрбір отбасына
ендіру қажет. Қазақ халқынмда отбасылық тәрбие халықтық педагогика
арқылы жүзеге асырылған. Отбасылық тәрбие – ұлттық тәрбиенің негізі,
ал ұлттық тәрбие алған ұрпақ еңбекқор, дені сау, білімді, ақылды,
иманжүзді, адамгершілігі мол, сұлу да сымбатты, ұлтжанды азамат
болып өседі.
Қазіргі қазақ қоғамында отбасы тәрбиесіне байланысты проблемалар
кеңінен орын алып отыр. Олар:ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін,
ұлттық салт-дәстүрлерін және дінін білмейтін жастар; тастанды жетім
балалар мен «қиын» балалар; қарттар үйлерінде жылап отырған әжелер
мен аталар; отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар; жезөкшелік;
көргенсіз және тәртіпсіз қыз бен ұл, олардың түрлі қылмыс жолына
түсуі; жұмыссыздық; темекі шегу, нашақорлық, маскүнемдікке салыну;
ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақытының
жетіспеуі т.б.
Біздіңше, осы аталған қайғылы құбылыстар мен қасіреттерден
құтылудың, оларды болдырмаудың ұзақ та қиын бір ғана жолы бар, ол
қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескеріп және оларды
басшылыққа алып, бүкіл халқымызға, әсіресе қазіргі және болашақтағы
ұрпағымызға отбасында ұлттық тәрбие беру.
Сондықтан отбасында тәрбиені ұлттық негізде беруге жастарды,
болашақ
ата-аналарды,
педагогтарды
дайындауға
бағытталған
жұмыстар өз уақытысында және жеткілікті дәрежеде жүргізілуі тиіс.