К. О. Өмірбаева
Ақтөбе қ.
ТҰЛҒАНЫҢ ӨМІРГЕ ҮЙЛЕСІМДІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында
«Жастарды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке
тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет...Ұлттық мінез-құлық, тектілік, білімділік, биік
талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек»» дегені мәлім.
ХХ1 ғасыр шәкірті өзінің бар болмысымен адамзат проблемасын шешетін,
жауапкершілігі мол, шығармашыл, жаңаша ойлай білетін, мәдениетті тұлға
болмақ.(1,7).
Қазіргі уақытта Қазақстанда заманауи білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда.
Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Я.А.Коменскийдің,
И.Гербарттың дәстүрлі педагогикасының орнын басқасы басты, ол тәрбиеленуші оқу
қызметінің субъектісі ретінде өзін-өзі өзектілендіруге, өзін танытуға, және өзін-өзі
жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы жеке тұлға ретінде бағытталған.
Егер «жеке тұлға» ұғымына тоқталатын болсақ: «жеке тұлға – бұл адамның
психикалық, рухани мәні, ол әртүрлі жинақталған қасиеттер жүйесіне тән: адамның
222
әлеуметтік маңызды қасиеттерінің жиынтығы; дүниемен, қоғаммен қатынастарының
жиынтығы; шығармашылық мүмкіншілігі мен қабілеттерінің жиынтығы; қоршаған
әлемді және өзін-өзі түсінуі.
Әлемнің оқыту технологиялары жоғары дамыған елдерінің (Жапония, Германия,
Голландия) тәжірибесіне назар аударсақ, олар жас маманның сапалы білім алу арқылы
тұлғалық қалыптасуын, дамуын бірінші орынға қойып отыр. Білімі қаншалықты
жоғары мемлекеттің бүгінгі әлемдік қауымдастыққа бәсекелестікке қабілеттілігі де
соншалықты биік болмақ (2,34).
Білім сапасын арттыру, оның деңгейін әлемдік білім кеңістігіндегі стандарттарға
сай келтіру ұстаздардың кәсіби құзырлығына, әдістемелік біліктілігі мен шеберлігіне
байланысты. Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі – белсенді
оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру.
ХХІ ғасырда адам санасы шарықтап дамып, техниканың жедел қарқынымен
жетілуі осы заманның сұранысы мен талабына сай білімді, мәдениетті, өзгермелі
уақыттың түрлі жаңалығымен тең басатын өмірге үйлесімді маман дайындау барлық
оқу орындарының өзекті мәселесі болып отыр. 2002 жылдан бастап «Өзін-өзі тану»
пәні жеке тұлғаның жан дүниесін байытуда өмір әдебінің биік шыңдарына жеткізіп, өз
жетістіктерін көрсетуде. «Өзін-өзі тану» пәні – жастардың білікті маман ретінде өмірге
үйлесімді дамуын қалыптастыратын пән.
Жоғары оқу орындарында «Өзін-өзі тану» пәні – өз алдына жеке ғылыми пән. Бұл
пән басқа пәндермен өзара байланыста оқытылып, студенттердің рухани-адамгершілік
құндылықтарын, өмірге үйлесімді мінез-құлқын қалыптастырады. «Өзін-өзі тану» пәні
– тұлғаның шығармашылық және кәсіби дербестігін дамыту туралы отандық және
шетелдік оқыту теориясындағы, педагогика мен психология саласындағы ізгілікті
дәстүрлері мен ой-пікірлерін үйретуге арналған.
«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасынан дәріс
берушілерге С.А.Назарбаева өзінің тілегін былай жеткізеді: «Баланың бойындағы
қабілеттерін ашып, оның жан дүниесіне үңіліп, өзінің болашағына деген сенімін ояту,
өзін-өзі құрметтеп, өз ар-ұжданымен өмір сүруі қандай маңызды десеңізші!
Мейірбандық пен сүйіспеншілік жүректен-жүрекке жетіп, әлемге шапағат нұрын төге
берсін!».
Бұл пән «Мен қандаймын?», «Мен қандай болуым керек?», «Адамдармен қалай
қарым-қатынас жасап, қалай өмір сүруім керек?» деген сұрақтарға жауап береді.
«Өзін-өзі тану» деген сөз – адамның өзінің жан дүниесін өзі тануы, еңбектенуі, өз
күшімен өз бақытын жасауы, мақсаты, ізденісі, ел үмітін ақтай білуі. Студенттердің
білікті маман ретінде үйлесімді қалыптасуы мен дамуы өзін-өзі тани білгенде ғана
жүзеге аспақшы.
«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының басқа
бағдарламалардан айырмашылығы Қазақстанның білім жүйесінде педагогтарды жеке
тұлға тәрбиесін ізгілендіруге бағыттап, өскелең ұрпақтың өзіндік «Менін»
қалыптастыруды көздеуінде болып отыр. Студенттердің бойындағы ізгілікті мақсат,
көтеріңкі көңіл-күй, өзіндік ерекшелігі арқылы өз ортасына деген сүйіспеншілік,
сыйластық, бауырмалдық, жауапкершілік, кішіпейілдік секілді асыл қасиеттері
шыңдалады. Өмірге үйлесімділігі дамытылып, олардың дене, интеллектуалдық,
эмоционалдық, психикалық және рухани дамуы қамтамасыз етіледі (3,87).
Жастар жүрегіндегі отты сөндірмей, өмір талабына сай үлкен талант иесі, тұғыры
биік маман ретінде жоғары оқу орындарында дайындауда «Өзін-өзі тану» пәнінің рөлі
зор. Студенттердің өзіндік мүмкіндіктерін ашу арқылы адамгершілік –рухани жан
дүниесі дамытылады. Рухы күшті ел озады. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің болашағы
– оның білімді, талантты, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі
ұрпақ қолында. Мұғалім мамандығы – ең қиын да маңызды, жауапкершілікті әрі
223
қызықты мамандық. Сондықтан да болашақ педагогтар ерік-қайраты күшті, мінезге
бай, адамгершілік пен кәсіби тұрғыда өз ісінің шебері болуы тиіс. (4,65)
Қазіргі заманауи білім беру жүйесінде педагогика теориясы мен оқу-тәрбие
үрдісіне нақты өзгерістер енгізу арқылы Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру
көзделіп отыр. «Болашақ энергиясы» айдарымен Бүкіләлемдік ЭКСПО–2017
көрмесінің Астанада өткізілу дайындығына жоғары оқу орындарында тәрбиеленіп
отырған болашақ мамандардың үздік тәжірибелік жұмыстары мен өнертабыстары
экспонатталып, білім жетістіктері еңбек майданына енгізілуі жоспарланып отыр.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде студенттер
оқытудың вариативті элементтерін өз еркімен таңдап, өз қабілеттеріне бағыттайды.
Дәрістер мен практикалық сабақтарда интерактивті тақтада бір мезетте мәтіндік, аудио,
бейне құжаттарды DVD, CD-ROM және Интернет ресурстарын қосып, ақпарат сақтау,
белгі жасау т.б. компьютердің қосымша құрылғыларын және бұқаралық ақпарат
құралдарын пайдаланады. Студенттер іздену мен зерттеу жұмыстары арқылы өзіндік
жұмыстарының нәтижесіне жетеді. Кәсіптік бағдар «Өнертапқыштық тапсырмаларды
шешу теориясы» әдістемесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
2013 жылы 28 қазанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік
университетінің оқытушылары Краков қаласындағы (Польша) Ғылым және
технология университетінің профессоры, РҺД докторы Марек Бергандердің
«Professional skills of public speaking and presentations in the educational process»
тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар жұмысына қатынасып, өз
білімдерін көтерді.
Жақында бір топ ғалымдар мен әдіскерлер Шалқар қалалық білім бөлімінде
іссапармен болып, «Әлемдегі адам және адам әлемі: өзін-өзі тану теориясы мен
практикасы» тақырыбындағы Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының
әдіскері М.К.Жұбандықованың ұйымдастыруымен үш күндік облыстық семинар-
практикум жұмысын өткізіп, «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру
бағдарламасы бойынша тұлғаның өмірге үйлесімді дамуын қалыптастыру туралы
тәжірибелерін ортаға салды. Баяндамалар жасалып, понорамалық сабақтар көрсетіліп,
әдістемелер слайд материалдары арқылы түсіндірілді. Сөз соңында айтарымыз –
ұлттық білім беру жүйесін жаңа арнаға бұру, нәтиже мен сапаға бағыттау, бәсекеге
қабілетті маман тәрбиелеу өзекті мәселе, заман талабы.
Әдебиеттер
1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиясы.
2. А.Савельев. Технология обучения и их роль в реформе высшего
образования.М., – № 2, 2010.
3. Жоғары оқу орындарында өзін-өзі тану пәнін оқыту әдістемесі. Алматы, Бөбек
– ҰҒПББСО -2007 – 96 б.
4. Толыбаев Қ. Бабадан қалған бар байлық. – Алматы: Қазақстан, 2000.
224
И. Ш. Жұбаниязов
Астана қ.
АРАЛ ӨҢІРІНДЕГІ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЛА
МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛIKTEPI
Ассириялықтардың, парсылардың, гректердің, римдіктердің, қытайлықтардың жазба
деректері қазақ халқының тарихын зерттеп, зерделеуге өлшеусіз үлес қосып отыр. Б.з.д.
VIII–IV ғасырлардағы жазба деректерде Арал-Каспий және Сырдария аймақтарын алғаш
мекендеген массагеттер, савроматтар туралы мәліметтер бар. Әлем авторларының
мәліметтеріне сүйенсек, Каспийдің және Сырдария бойында өмір сүрген дайлар (дахи,
даги) бірнеше туыстас ру, тайпалық топтарға – апарналарға (карпов), ксанфийлерге және
писсурларға бөлінгeнiн көреміз. Демек, бұл – Арал аймағында ерте кезден материалдық
және рухани мәдениеті, тұрмыстық жағдайы мен этникалық ерекшеліктері өте ұксас,
күшті тайпалары болды деген сөз.
Соңғы кездегі зерттеулер нәтижесінде жүздеген тұрақты қоныстар мен қалалардың
көне жұрты табылып отыр. Бұл қалалардың пайда болуы және даму тарихы бізге
археологиялық және жазба деректерден мәлім болуда. Осы қазба жұмыстары барысында
сол қалалардың терең тамырлы материалдық, мәдени дәстүрлері болғаны анықталып
отыр. Арал маңындағы Шірік-Рабат және Баланды қалаларын зерттеу, олардың бірнеше
бөліктен тұратынын, қаланың ішкі бекіністі бөлігі – цитадельгебилеушінің ордасына және
сыртқы бөлікке бөлінгенін көрсетуде. Билеуші ордасы маңында ақсүйектер мен оларға
қызмет етушілердің тұрақтары орналасқан. Орталық бекініс пен оларға қызмет етушілер
айналасына біртіндеп сауда-кәсіпшілік қалашығы өсіп, көп ұзамай осы қалашық
шаруашылық орталығыиа айналғаны байқалды. Қалада әскери-инженерлік, әсем
архитектуралық құрылыстардың және өте жоғары дамыған құрылыс техникаларының
болғандығын зерттеу барысында айқындалып отыр.
Қазба кезінде табылған материалдың мәдениет деректері – көптеген бұйымдар мен
түрлі заттар б.з.д. VIII–IV ғасырларда Аралдың шығыс өңірін мекендеушілердің тұрмыс-
тіршілігі мен мәденисті бейнесін толық сипаттайды. Көнеден сыр тартар табылған заттар
қатарында жергілікті шеберлер жасалған қолөнер бұйымдары, ыдыстар, пышақтар,
әшекей-сәндік бұйымдар, түрлі құралдар, ат әбзелдері мен қару-жарақтар бар.
Археологтар жинаған осы орасан көп материалдар бағзы замандардағы қолөнер
түрлерінің қалай туып, қалай дамып, қандай дәрежеге жеткенін шамалауға мүмкіндік
береді.
Аралдың солтүстік батысынан табылған Тоқсанбай, Айтман және Манайсор I, II, III
тұрақтары мұнда елдің ұзақ уақыт мекендегенін аңғартады. Ең ерте салынған Тоқсанбай
қомысынан табылған материалдардың б.з.д. IV мыңжылдықта жасалғандығы белгілі
болып отыр.
Тұрғындардың бұл жерді таңдауына бірнеше себеп бар сияқты: ең бастысы сыртқы
жаудан қорғануға тиімділігі, тұщы судың жақын болуы, аң мен құстың мол болуы.
Тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарын салуға тиімділігі де ескерілсе керек, өйткені
үй салушының құрылыс материалы ретінде улытас плиталары мен ізбіс қолданылған, үй
еден пеші арқылы жылытылған.
Қазба жұмыстары ежелгі Арал аймағы тұрғындарының үй салуға ерекше мән
бергендігін байқатады. Үй салу үшін тас кірпіш, шикі кірпіш, күйдірілген кірпіш,
пайдаланылған. Қыш өндірісінің дамуы жергілікті саздың, топырақтың касиетіне
байланысты болған. Бұл аймақта қыш өндірісі – қаштан ыдыс жасау ерекше дамыған. Саз
балшықтан ерекше сойынды, бүйірлі құмыралар және түрлі ыдыстар жасалған, олардың
көбісінің сыртындағы ирек, шаршы, шырша тәрізді сызықтар сол кездегі қол
өнершілердің өзіндік ерекшеліктерінен де хабар бергендей. Арал маңы тұрғындары Орта
Азия отырықшы-егінші өркениетімен тығыз байланыста болған, сол жақтағы кейбір
225
құрылыс әдістерін өздерінің жұмысына қолданған. Бұл әсіресе, мавзолейлер, кесенелер
салу үшін шикі кірпіштер дайындау тәсілдерінен анғарылады.
Осындай көп жәдігерлердің бірі Сырдарияның төменгі ағысында б.з.д, 1
мыңжылдықтың басынан бастап қалыптасқан Жетіасар мәдениеті еді. Қазір бізге
Жетіасарға енетін ондаған қалалардың ескі жұрттары мен көне қоныстар іздері, солардың
маңына орналасқан обалар белгілі болып отыр. Осылардың ішіндегі ең ескі жұрттардың
бірі – Алтынасар. Мұндағы «Үлкен үй» және «Кіші үй» деп аталатын ғимараттардың
ашылуы нәтижесінде қыштан жасалған заттарға, ыдыстарға салынған күннің символы
(күннің таралу сәулелері) түріндегі тақталар сол кездегі адамдардың табиғат күштеріне,
күнге, күн құдайына табынғандығын көрсетеді. Алтынасар – көне қалалардың ең ірісі,
көлемі 6 гектарға жуық жерді қамтиды, үйлер орама тәрізді болып орналасқан.
Алтынасардан табылған көптеген заттар сол замандағы шаруашылық пен қолөнердің
дамуы жайлы көптеген мәліметтер береді.
Жетіасар мәдениетіне жататын өңір суландыру құрылыстарының дамуымен
ерекшеленеді. Осылардың ішінен зерттелгендері: Бидайықасар, Томпақасар, Үңгірліасар,
Жетіасар мәдениетіне жататын бейіттер обаларға жинақталған, бұлардың ішіндегі
монументті гимараттар-мавзолейлер түріндегі бейіттер назар аудартады.
Бұл өңірдегі қазбалар ежелгі адамдардың темір қорыту кәсібін жете игергенін
байқатады. Мәселен, Арал маңы тұрғындары өмірінде металлургия және тау ісі маңызды
роль атқарған. Тоқсанбай қонысы арнайы мамандандырылған металлургия орталығына
айналып, қоладан және темірден көптеген бұйымдар жасалған. Бұған қазба кезінде
табылған қанжар, пышақ, жүгеннің темір бөлшектері мен көптеген бұйымдар, кен
орындары мен металлургия өндірісі қалдықтары – шлактар, қорытпа қалдықтары, металл
қорытуға арналған ыдыстар, рудаларды ұнтақтайтын құралдар дәлел бола алды.
Бейіттерден табылған заттар Арал маңы тұрғындарының, материалдық мәдениетінің
кейбір белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Арал теңізінің солтүстік батысында, Жем
өзенінің солтүстік жағалауына Аралтөбе обалар топтары орналасқан. Бұл жерде табылған
қолданбалы өнер шығармалары жергілікті тұрғындардың көркемдік талғамынан хабар
беріп аңстилі деп аталатын ерекшелікті шебер игергенін көрсетеді. Сол сияқты зергерлік
өнерде бұғының, жылқының, арқардың, барыстың, арыстанның, самұрық құстың
бейнелерін салу әдісі көп тараған. Оған 2 обадан табылған заттар дәлел бола алады.
Олардың ішінде қару-жарақ, ер-тұрман, тұрмысқа қажетті бұйымдар да бар. Б.з.д. ІІ
ғасырларда өмір сүрген тайпалардың тәңір діні мен күнге, айға, жерге, отқа табыну
наным-сенімі болғанын байқаймыз. 2-обада жерленген ер және әйел адамдар 45-55 жаста,
бұлар ерекше құрметпен жерленген, себебі, олардың жанынан екі ат, қылыш, қанжар,
найза, жебе, теріден жасалған ыдыстар табылып отыр. Қабір бірнеше рет тоналса да, одан
әртүрлі алтыннан жасалған 400 -ге жуық бұйым табылды. Осы жерден бүркіттің скелеті
мен аң стилінде денесі арыстан, басы самұрық құс түрінде жасалған алтынмен қалталған
сабы бар, темірден жасалған асатаяқ табылуы ғалымдар назарын аударуда.
VІІІ ғасырдың ортасында оғыз тайпалары Жетісу жерінен Сырдарияның орта және
төменгі ағысына қоныс аударған және оған таяу Батыс Қазақстан жерінде IX-XІ ғасырлар
аралығында өмір сүрген. Сол сияқты олардың бір бөлігі Қаратау бөктерін мекен еткен.
Олар Кенгар пегекектің бірлестігімен ұзақ жылдар (ІХ-Хғғ) бойы соғысып, Арал теңізінің
батысы мен Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлерді басып алады. Бұл соғыстар оғыз
тайпаларының, саяси жағынан топтасып қалыптасуына жағдай жасайды. Оғыз тайпалары
IX-XІ ғасырларда Батыс Қазақстан мен Сыр бойына мекен етті. Бұл өңір сол тұста
Сүткент, Сығанақ, Қарнақ сияқты сауда-саттығы өркендеген қалалармен белгілі еді. Ол
дәуірдегі оғыздар астанасы – сыр бойындағы Жанкент шаһары. Оғыздардың Жент,
Жанкент, Қора қалалары, кыпшақ мемлекеттік бірлестігінің астанасы болған Сығанақ
шаһары қазақ елі мен мәдениетінің қалыптасуына, өсіп-өнуіне, дамуына негіз болды.
Кейіннен түрлі себептерге, оқиғалар мен жағдайларға байланысты қирап, жойылып кетті.
Бұл күнде аталған қалалар мәдени мұра, өткеннің ізі ретінде еліміздің тарихын
226
таразылауға үлкен мәнге ие болып отыр. Көне тарихқа көз салсақ бұл қалалардан аты
әлемге әйгілі ғұлама ғалымдар, ақын-жыршылар, өнер адамдары көп шыққаны белгілі.
Солардың бірі – бүкіл түркі дүниесіне абыз ретінде танылған, әлем халқы күй атасы
ретінде мойындаған Қорқыт екендігі анық.
Жанкентте өмірге келген Қорқыт – күйі мен жыр атасы болуымен қатар қасиетті
мекенді қорғауға, ел арасындағы жанжалды тыюда, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін
дамытуда ақылгөй болған адам. Бұл туралы деректерді «Қорқыт ата кітабынан»,
«Оғызнамадан» көреміз. Жалпы алғанда, бұл құндылықтар көне түркі мұралары болумен
қатар, сол тұстағы түріктектес халықтардың, онын ішінде қазақ халқының мәдени
келбетін, ұлттық психологиясын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан дүниелер. Мұнымен
қатар, Арал теңізінің, шығысынан Хорезм өлкесіне дейінгі аралықта, сыр өзенінің сол
жағалауларын мекендеген бабаларымыз қазақ тарихы мен мәдениетінде өзіндік орны бар,
сәулет өнерінің үздік үлгісі болып табылатын Жанкент, Сырлытам қала, Жент, Қабылқала,
Аркөк, Өзгент, Қапалақ сияқты қалаларды салғаны белгілі. Бұл қалалардан дәуірінің озат
ғалымдары, ақын әдебиетшілері, тарихшылары, діңдарлары шықты. Атап айтар болсақ,
олар: Жент қаласынан шыққан – Інас ад-Дин Әбу-л Мадж Мухамед – әдебиетші ақын,
Баршынкенттен шыққан Хусам ад-Дин эл Баршынлығы пайғамбарлар туралы қызықты
шығарма жазған. Сол сияқты ежелгі қазақ жерінен шыққан ортағасырлық ғұламалар
Мухаммед Әл-Женди, Сирадж Баршкенти, молда Ахмет Әл-Женди оқымыстылардың
болуы бүгінгі қазақ мәдениетінің тақыр жерде пайда болғанын ықылым (атам заманнан)
заманнан келе жатқан сарқылмас мол қайнарлы болғанын көрсетеді. Бұл
оқымыстылардың шығармалары парсы, араб, түркі тілдерінде жазылған. Оларды қазақтың
қазіргі қолданып жүрген тіліне аударып, жұртшылық игілігіне айналдыру – күн
тәртібіндегі іс. Қорыта айтқанда, орта ғасырдағы Арал маңы жерінен шыққан ғұлама
ғалымдар қазақ халқының мәдениетіне, дүниетанымына, салт-дәстүріне, жол-жоралығына
негіз қалады. Олардың бәрі де адамгершіліктің асыл қасиеттерін орнықтырушы болды.
Арал аймағындағы қалалар қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін
қалыптастыруға өнерін өркендетуге үлкен үлес қосты. (Оған дәлел ретінде Арал теңізінен
кепкен табанынан табылған орта ғасыр қала мәдениетінің ерекшеліктері көптеген
ғасырлар бойы даламызда қалалық мәдениеттің болғанын айқындай түседі.
Археологиялық ескерткіштерден, ортағасырлық қалалардың, қалдықтары, оның
жанындағы тастардан, күйдірілген қыштардан қаланған күрделі құрылыс –
мавзолейлердің қираған орны екені анықталды. Олар шартты түрде «Араласар»
қалдықтары, ал мавзолей «Күрделі-2» аталды.
Араласар қалашығының жалпы көлемі 6-ға шамасында, жоғарғы жағы,
шаруашылық, тіршіліктің, қайнаған көзі болған диірменнің үстінгі тасы, керамикалық
тастар, темір және қола бұйымдары осының, айғағы. Кердері-2 мавзолейі жанында екі
мемориалдық құрылыс және үш күйдіретін пештер бар. Пеш табылған орынды қазғанда,
алуан түрлі бұйымдар: ас үй құмыралары, қақпақтар, тандырдың сынықтары су құятын
көзге және аса әдемі кұмыра табылды.
Арал өңірі қалаларының саяси-экономикалық деңгейі археологиялық қазбадан
табылған нумизматикалық деректер барысында одан әрі анықтала түсуде. Осыған
байланысты Арал өңірі қалаларының тарихындағы ақша айналымындағы көрініс – саяси
және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде ерекше орын алған, сондықтан да
Жент пен Баршынкент, Озгент, Кұмқала және Сығанақ калаларынан табылған теңге
ақшалар олардың сауда-тауар айналымы қатынастарын көрсетеді.
Жендтегі теңгелер Жәнібек Хан (XIV-ІІжартысы), мың теңгелер XV–XVI ғасырларда
Шайбанилер әулетінің атынан Ташкентте соғылған, Баршкент мыс, күміс тенгелерінде
Жошы әулеттерінің және Әмір Темірдің есімдері қашалған. Сөйтіп, Арал аймағында ақша
айналымында Сығанақ, әл-Жәдид сарайында, Хорезмде соғылған күміс және мыс
теңгелер көп тараған. Орта және кейінгі орта ғасырларда Казақстан, Алтын орда, Ираннан
«әкелінген», әсіресе орта Азиялық ақшалар және XVII гасырлардағы орыс мыс тиындары,
227
теңгелер, Арал өңіріндегі қалалардың ақша айналымында жүрген.
Арал өңірі қалаларының нумизматикалық деректерін тұжырымдай келгенде, Женд
пен Баршынкент қалалары XIІI-XV ғасырларда Хорезмнің ықпалында болып, іс жүзінде
Поволжъенің, Алтын орданың, Түркістан қалаларының сауда аймағында өмір сүрген.
Олардың соңғы XVI ғасырдағы нумизматикалық деректері Орта Азия мен Түркістан ақша
айналымының қала мен дала арасындағы дәнекер болғанын, бұл тұста олардың
экономикалық жағынан дамыған қалалар екенін көрсетеді.
Қорыта келе, Арал өңіріндегі қалалардың халқымыздың көшпелі тайпалардың
рухани, мәдени дамуына тигізген әсері зор болды деген тұжырым жасаймыз. Көшпелілер
қалаларға азық-түлік, мал өнімдерін апарып, олардан киім-кешек, әбзел, құрал-сайман,
қару-жарақ, сондай-ақ темірден, қоладан, қыштан, фарфор мен фаянстан, шыныдан
жасалған ыдыс, аяқ-табақ, сәндік бұйымдар алып тұрған. Қала қолөнершілері егіншілік,
диханшылықпен айналысатын отырықшы тайпалармен тығыз байланыстар жасап тұрған.
Әдебиеттер
1.Археология. Казахстана. – Алматы: Өнер, 2006. -С. 6-59
2.Мәмиев Т. Ертедегі Асанас қаласы. – Қызылорда, 2006. -51 б.
3.Мамиев Т. Археология. – Қызылорда, 2004. -506.
4.Археология Казахстана. – Алматы: Өне», 2006. - 46с.
5.Айдосов А.Х. Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық проблемасы және нарыктық
экономика жағдайында тұрғындардың тіршілік ету процестері. – Қызылорда, 2006. -128 6.
6.Мәмиев Т. Археология. – Қызылорда, 2004. -88 6.
Достарыңызбен бөлісу: |