Тақырып: Қазақстан моңғол жаулап алуы (ХІІІғ.) және Алтын Орда
кезеңінде (1243 ж.-ХҮ ғ. ортасы) – 2 сағат
Дәріс мақсаты: Жаңа оқу материалымен таныстыра отырып, білім білік дағдыларын
қалыптастыру.
1.
Монғолдардың Орталық Азия және Қазақстанға жорықтары. Монғол
ұлыстарының құрамындағы қазақстан.
2.
Алтын Орданың құрылуы. Саяси тарихы
3.
ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстан территориясындағы ортағасырлық мемлекеттер (Ақ
Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы (Көшпелі өзбектер мемлекеті),
Ноғай Ордасы)
Монғолдардың Орталық Азия және Қазақстанға жорықтары. Монғол
ұлыстарының құрамындағы қазақстан.
ХІІ ғ. аяғы мен ХІІІ ғ. басында Монғолия жерінде қият-бөржігін
тайпасының билеушісі Есугей баһадурдің баласы Темучин (1155-1227) билік
еткен ірі көшпелі мемлекет құрылды. Ол 20 жылға созылған қиян-кескі күрес
барысында Монғолияның бүкіл тайпаларын өз қол астына біріктірді. Егер
бұрын Монғолияны мекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген атпен (ең
қуатты тайпалардың бірінің аты бойынша) белгілі болса, енді мемлекеттің
нығаюына байланысты Монғолия тайпалары өздерін монғолдар деп атай
бастайды да, бұл термин жинақтаушы этникалық-саяси мәнге ие болады.
Қытай деректерінде бүкіл Монғолияның халқы «татарлар» деп аталған, осы
атау араб, парсы, орыс және батыс европалық деректерге ауысқан. Жалпы
«татарлар» атауының шығыс-монғолдық тайпалардың бір бөлігіне ғана
қатысы бар. «Татар-монғолдар» және «монғол-татарлар» атауы кейін пайда
болған.
ХІІ-ХІІІ ғғ. межесінде монғол қоғамында феодалдық қатынастардың
қалыптасу процесі жүріп жатты. Бұл қоғам екі топқа – ақсүйек нояндарға
және еңбекші халық – араттарға бөлінді.
1206 жылы көктемде Темучинді жақтаушы монғол ақсүйектерінің
құрылтай жиналысы болып, онда ол Шыңғыс хан деген атпен монғолдардың
әміршісі болып салтанатты түрде жарияланды. Шыңғыс хан тұсында Монғол
империясының астанасы Қарақорым болды. Монғол мемлекеті әскери-
әкімшілік ұйым негізінде құрылды. Мемлекет аумағы үш әскери әкімшілік
аймаққа бөлінді. Әр аймақ бірнеше түменнен, түмен 10 «мыңдықтан», әр
мыңдық – 10 «жүздіктен» тұрады. Армия темірдей тәртібі және жоғары
әскери дайындығымен ерекшеленді. Монғолдардың әскери басымдыққа
жетуіне Шыңғыс ханның жауапты орындарға этникалық және әлеуметтік
шығу тегіне қарамастан батыл да іскер адамдарды қоюы көп әсерін тигізді.
1207-1208 жж. Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы Енисей
қырғыздарын
және
Сібірдің
оңтүстігіндегі
«орман
халықтарын»
бағындырды. Қазіргі Шығыс Түркістан аумағында тұрған ұйғырлар
монғолдарға бағынды. 1211 ж. Шыңғыс ханның қолы Солтүстік Қытайға
енді, 1215 ж. олар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду (Пекин) қаласын
жаулап алды. 1217 жылы Цзинь империясы Хуанхэ өзенінің солтүстігінде
орналасқан барлық иеліктерінен айырылды.
Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін – Орта Азия мен Иранды,
Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Европаны басып алу болды. Батыста
монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне келгенімен ұзақ тұрақтай
алмады. Бұл жылы монғол әскерін Жетісуға Шыңғыс ханның
қолбасшыларының бірі Құбылай бастап келген болатын. 1216 жылы Шыңғыс
хан өзінің үлкен ұлы Жошыны қыпшақ даласында көшіп-қонып жүрген
меркіттерді біржолата талқандауға аттандырды. Жошы Торғай даласында
қыпшақтарға қарсы 60 мың әскерімен жорыққа шыққан хорезмшах
Мұхаммедтің қолымен кездесіп қалды. Екі жақ күні бойы шайқасты, ал түнде
монғолдар жаққан оттарын қалдырған күйі кері шегініп кетті.
Монғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Осы
жылы қаңлы, найман және керей тайпалары жайлаған Жетісу жеріне
алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды наймандардың Күшлік ханы
билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс хан өзінің таңдаулы
қолбасшыларының бірі Жебені жіберді. Монғолдар жергілікті халыққа ислам
дінін жария түрде ұстануға рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды
қудалауына байланысты халықтың наразылығын тиімді пайдаланды.
Сонымен қатар Жетісу халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде
тонаушылық пен қырғынға тиым салды. Көптеген елді мекендер, соның
ішінде Баласағұн қаласы ұрыссыз берілді, ал Күшлікті монғолдар
Бадахшанда ұстап, өлтірді.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін монғолдарға
Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Бұл өңірге басып кіруге
«Отырар апаты» деп аталатын оқиға сылтау болды. 1218 жылы жазда
Шыңғысханның тапсырмасымен құрамында көпестері мен монғол
барлаушылары бар, барлығы 450 адамнан тұратын 500 түйеге теңделген жүгі
бар керуен Отырарға аттанады. Отырар билеушісі Қайыр хан көпестерді
жансыздар деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырады, керуен тоналады.
Бұған шамданған Шыңғысхан оның қарымтасы ретінде хорезмшах
Мұхаммедтен Қайыр ханды ұстап беруді талап етіп, елшілерін жібереді, ал
хорезмшахтың келген елшілерді өлтіруі соғысқа сылтау болады.
Шыңғысхан Орта Азияны бағындыруға өз вассалдарының жасақтарымен
қоса жалпы саны 150 мың адамы бар қалың қол жіберді. Әскери жорық 1219
жылы қыркүйекте Ертіс жағалауынан басталды. Отырар қаласы қоршауға
алынды. Өзінің әскерін үш топқа бөлген Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды
алу үшін ұлдары Шағатай мен Үгедейге қалдырды, үлкен ұлы Жошы
бастаған екінші бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі
Бұқараға бет алды. Отырар билеушісі Қайыр хан ерлікпен шайқасты, ол
басқарған әскер мен қала тұрғындары басқыншыларға қарсы табан тіресе
қарсылық көрсетті, қаланы 5 ай бойы ұстап тұрды. Бесінші айдың аяғында
хорезмдік әскербасы Қараджа хаджиб опасыздық жасап, қаланың қақпасын
ашып, 10 мың әскерімен монғолдар жағына шығып кетіп, оларды қалаға
жіберіп қойды, кейін оның өзі осы опасыздығы үшін монғолдар тарапынан
өлтірілді. Қайыр хан өз жауынгерлерімен қамалда тағы бір ай қорғанды.
Бірақ күш тең болмады, қамал қиратылды, 1220 жылы ақпанда Отырар
қаласы алынды, Қайыр хан қолға түсіп, қатал жазаланып өлтірілді.
Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас және т.б. қалалар
тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Араб және парсы
тіліндегі тарихи деректерде монғолдар халқын түгелдей қырып, күл-талқан
қиратқан
отыз
шақты
қалалар
аталады.
Олардың
ішінде
оңтүстікқазақстандық Отырар, Сығанақ, Ашнас қалалары бар.
Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта Азияға
қарай ішкеріледі. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға созылды. Монғолдар
Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап алынды. 1221 жылы көктемінде
монғолдар Орта Азияны жаулап алуды аяқтады.
Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Индия территориясына
ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық
әскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. Бұл әскер
армян, грузин, алан, қыпшақ және орыс әскерлерін Қалқа өзенінің бойында
талқандап, 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ даласы арқылы
Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасына оралды. Сөйтіп, 1219-1224 жж.
монғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының
құрамына кірді.
Шыңғысхан көзінің тірісінде ұлан-байтақ аумақты алып жатқан жаулап
алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған ұлдарының санына қарай төрт
ұлысқа бөлді. Кіші ұлы Төле Шыңғысханның негізгі жұртын – Монғолияның
өзін, сондай-ақ монғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101
мыңын иеленді. Үшінші ұлы Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария
мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы жоғарғы
Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның екінші ұлы
Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, яғни
Жетісу мен Мәуераннахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының
үлесі Ертістен батысқа қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс
Дешті Қыпшақты қамтыды. Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш
ұлысының құрамына: үлкен бөлігі – Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік
және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-
шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді.
Алтын Орданың құрылуы. Саяси тарихы
1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы
Қарақорымда монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында Шығыс
Европаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданды. Монғол әскерін
Шыңғыс ханның немересі Батый басқаратын болды. Шығыс Европаны
бағындыруға аттанған Батый басқарған монғол армиясының көпшілік бөлігін
қыпшақтар құрады. Сондықтан деректерде оның әскері қыпшақтық деп
аталған. 1236-1242 жж. Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып,
Польшаны,
Венгрияны,
Чехияны,
Молдовияны,
Валахияны,
Трансильванияны талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда
жаңа монғол мемлекеті – Алтын Орданы құрды. Бұл мемлекеттің аумағы
шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Әмударияның төменгі сағасына
дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын Орда Шығыс Дешті Қыпшақ,
Хорезм және Батыс Сібір территориясының бір бөлігін қамтыды. Бастапқыда
астанасы Астрахань маңындағы Сарай-Батый қаласы болды, кейін астана
Сарай-Берке қаласына Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді.
Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол әралуан халықтар
мен тайпалардан құралды. Монғолдардың өздері тіпті аз еді. ХІҮ ғасырда
монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал Алтын Орданың халқы
«татарлар» деп атала бастады. Сонымен, белгілі шығыстанушы Л.Н. Гумилев
атап көрсеткендей (Қиял патшалығын іздеу. Алматы, 1992, 208-б.) «жеңген
монғолдар өздері құрған мемлекетте азшылықта қалып, жеңілген және
бағындырылған халықтар шын мәніндегі қуатты күшке айналып шыға келді.
Ал тақта мығым отыруды қалаған басқарушылар бұл күшпен барған сайын
жете санасуға тиісті болды».
Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі болды,
сөйтіп, әуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, бірақ Батый хан (1242-
1256) өзін тәуелсіз билеуші ретінде ұстады. 1260 ж. Монғол империясы
тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-
1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын
Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Одан кейінгі Мөңке-Темір
хан (1266-1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет өз атынан теңге құя
бастады. ХІІІ ғасырдың 80-ші жылдары Алтын Ордада беклербек Ноғайдың
есімімен байланысты дағдарыс басталды. Ноғай Шыңғысханның бір ұрпағы
ретінде Батый мен Берке кезінде мемлекеттегі екінші адам болды. Оның
ниеті өзінің дербес мемлекетін құру еді. Ол өзіне Дунай, Днестр, Днепр
бойындағы елдерді бағындырып алды. Тоқты хан кезінде (1298-1312)
алауыздық өзара күреске ұласып, 1300 жылы Ноғай жеңіліс тапты, содан
кейін ғана Алтын Орданың бірлігі қайтадан қалпына келтірілді.
Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357)
тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы Өзбек хан исламды
мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға
тәуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-
салық төлеп тұрды. Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара
қырқысуының салдарынан Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын
Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады.
Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» деп
аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай Куликово
даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі. Жошының
ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда
билігін тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382
жылы Мәскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар
Мәуераннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды.
Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ ХІҮ
ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389, 1391,
1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған
соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. ХҮ ғ. орта кезінде
Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы,
Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді.
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізгі
бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси құрылысы жағынан
ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге
бөлшектенген әдеттегі көшпелі мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі
басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, әскери ақсүйектерден құралған
әкімшіл-чиновниктік аппараты маңызды орын алды. Армияны және
мемлекеттің ішкі істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын
Орданың билеушісі - хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы
саналды. Ханның атынан бүкіл әскери істі беклербек басқарды, ал азаматтық
биліктің басында уәзір тұрды. Беклербек уәзірден дәреже жағынан жоғары
тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды
және азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін атқарды.
Алтын Ордада атқарушы орган – диуанның басында уәзір тұрды.
Атқарушы өкіметтің орталық органы – диуанның қарауында қаржы, салық
және басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы бітікші деп аталды.
Уәзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде ханның кеңесшісі
болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде даруғалар мен басқақтар маңызды
орын алды. Даруғалар негізінен салық жинаумен айналысты, басқақтар
басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды
жүзеге асырды. Олар сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан
алым-салық та жинады.
Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің
зардабы жағынан ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық
және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын
тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы салдарынан өндіргіш күштер
әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, ортағасырлық қала мәдениетіне үлкен
зиян келтірілді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі
отырықшылық өмір мен егіншілік мәдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді.
Бағындырылған халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды.
Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған.
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге
кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен
халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, жер-жердің бәрінде
пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар бір орталыққа
бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын
қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы – «Ясасына»
сәйкес келтіре бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ
заңдарында белгілі дәрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің әлеуметтік
ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дәуірінен кейін
Қазақстанда пайда болған мемлекеттерде қажетке асырылады. Монғол
жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да әсер
етеді.
ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстан территориясындағы ортағасырлық мемлекеттер
(Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы (Көшпелі өзбектер
мемлекеті), Ноғай Ордасы)
Монғол дәуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және
Оңтүстік Қазақстан халықтарының бірігуімен сипатталады. ХІҮ-ХҮІ ғғ.
Қазақстанның бұл бөлігі Түркістан деп аталды. Осы кезеңнің бастапқы
сатысында Дешті Қыпшақтағы, Орта Азиядағы (Мәуереннахр) Шыңғыс
әулетінің иеліктерінде монғол дәуірінің ыдырау үрдісі жүріп, бірнеше
мемлекеттер құрылды: Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай
Ордасы.
Ақ Орда. ХІІІ-ХҮ ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда
мемлекеті өмір сүрді. Ол монғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан
жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет. Ақ Орданың негізін қалаушы –
Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.). Рашид әд-Диннің
жазуына қарағанда (ХІҮ ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын)
әкесінің көзі тірісінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен алады. Әбілғазының
айтуынша (ХҮІІ ғ.) осынау жерді оған інісі Батухан ХІІІ ғ. орта кезінде бөліп
береді. Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер болды. ХІҮ ғ.
2-ші жартысында Алтын Орда билігі әлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең
жоғары сатысына жетті. Территориясы: Батысында Жайық өзенінен шығыста
Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-
шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер.
Астанасы – Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы). Халқы – түрік тілді
тайпалар.
Ақ Орданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті-Қыпшақ жерін
Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек
Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласады, ал өз тарихының соңғы
кезінде Мәуераннахр билеушісі әмір Темір мен оның ұрпақтарының
басқыншылығына қарсы күреседі.
Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды. Алғашқы ханы
– Сасы Бұға (1309-1315), мұрагері – Ерзен хан (1315-1320). Ақ Орданың
Алтын Ордадан оқшаулануы ХІҮ ғ. 2-ші ширегінде Ерзен мен Мүбәракқожа
тұсында басталды. Мүбәракқожа хан (1320-1344 жж.) Алтын Ордаға
бағынбай дербес саясат жүргізуге тырысты.
Шымтайдың (1344-1361 жж.) ұлы Орыс ханның кезінде (1361-1376 жж.)
Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тәуелсіз хандық болып жарияланды. Ақ
Орда Орыс хан тұсында едәуір нығаяды. Әйгілі тарихшы Қадырғали
Жалайырдың айтуынша Орыс хан өз заманының қуатты да құдіретті, батыл
билеушісі болған. Ол ең алдымен Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтуға
мейлінше күш жұмсады. Оның сыртқы саясаты негізінен Әмір Темірдің
шапқыншылық жорығына тойтарыс беруге бағытталды. Ал ішкі саясаты Ақ
Орданың экономикасын өркендетіп, мемлекеттік қуатын арттыруды көздеді,
ол ең алдымен Сырдария алқабындағы отырықшы егінші аймақтардың егін
шаруашылығын өркендетуге және осы өңірдегі шаруашылық, мәдениет
орталығы болған қалаларды көркейтуге баса мән берді.
Орыс хан Алтын Орда тағы жолындағы күреске белсене қатысты. Ол хан
болып нығайып алған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы
өзіне бағындыруға әрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы
Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай-Беркені, Қажы-Тарханды
(Астрахань) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың
уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды және бұл кезде Ақ Орданың
өзіне Әмір Темір тарапынан қауіп төнгендіктен Орыс хан Сырдария
бойындағы өз иелігіне қайтып оралады. Ол өзінің қайтар жолында Алтын
Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы әулетінің бірі
Маңғыстау аймағының билеушісі Түй-Қожаны өлтіреді. Оның баласы
Тоқтамыс Әмір Темірге барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып,
Тоқтамысты көп әскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы
жорығы (1374-1375) сәтсіз аяқталды, Ақ Орда әскерлері оның әскерлерін
талқандады. Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды. Әмір
Темірден жаңадан әскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да Орыс ханның
ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда әскерлерінен жеңілді, тек төртінші
жорығынан кейін ғана Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырды. Темір
басқыншылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы Орыс ханға түседі.
Ұрыс барысында Орыс хан қаза тапты. Тоқтамыс Орыстың баласы Темір-
Мәлікті (1376-1379 жж.) 1379 жылы жеңіп, Ақ Орда билеушісі болды.
Ақ Орданың әскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын
Орданы алды. Сөйтіп, ол бір мезгіл (1380-1395 жж.) Ақ Орда мен Алтын
Ордаға хан болды. ХІҮ ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын
Орда жерін түгел бағындырып, Әмір темірге қарсы шықты. Осы кезде Әмір
Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды.
1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Әмір
Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады.
ХІҮ ғ. аяғы – ХҮ ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі
қырқыстар кезінде Ақ Орда әлсіреп кетті. Ақ Орданың әлсіреу себептері:
Әмір Темірдің тонаушылық жорықтары және ішкі тартыстар.
1423-1428 жж. Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ
Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтірді. Ақ Орданың соңғы ханы
Барақ Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп,
Сырдарияның бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Бірақ ол көп
ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың жеріндегі билік Шайбан ұрпағы
Әбілқайырдың қолына көшеді.
Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз
болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының
әулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі ХІҮ-ХҮ ғғ. Шығыс
Дешті-Қыпшақ пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен
халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. Кейін Ақ
Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.
Моғолстан хандығы. ХІҮ ғ. ортасы – ХҮІ ғ. басында Оңтүстік-Шығыс
Қазақстан аумағы Моғолстан мемлекетіне кірді. Бұл мемлекет ХІҮ ғ.
ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс
Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды. Моғолстан
мемлекетінің негізін салушы – дулат тайпасының көсемі Әмір Болатшы.
Алғашқы ханы – Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері
әулетінің негізін салды. Астанасы – Іле алқабындағы Алмалық қаласы болды.
Территориясы: Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан.
Орталық аймағы – Жетісу. «Моғолстан» атауы «монғол» сөзінен шыққан.
Өйткені түрік және парсы деректерінде монғолдарды осылай атаған. Халқы:
дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түрік және
түріктенген монғол тайпалары. Олар мемлекет атауына сай моғолдар деп
аталды. Осынау тайпалардың Жетісуды жайлайтын едәуір бөлегі кейін қазақ
халқының құрамына енеді, ал оның Тянь-Шань өңірі мен Шығыс
Түркістанды мекендейтін екінші бөлегі қырғыздар мен ұйғырлар құрамына
кетеді. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды.
Билеушінің дәрежесі – хан. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы
және жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы әмірлерінен ханның
көмекшілері - ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі
және сыртқы істері, әскери жорық және жайылымдық жерлерді бөлумен
айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің икта, инджу,
сойырғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның
қарауында болған. Бірақ мал ақсүйектер қолында шоғырланғандығы себепті
көшпелі аудандарда қоныс-өрістердің көпшілігі солардың меншігінде болды.
Салықтың бірнеше түрі жиналды. Қала мен ауыл тұрғындарынан, егіншілер
мен көшпелі халықтан алынатын салықтар, деректерде көрсетілгендей, қалан,
күпшір, зекет, тағар, баж және қарадж деп аталған. Сондай-ақ халық әскери,
кірешілік, еңбек, пошта т.б. әртүрлі міндеттерді атқарған. Иеліктерді қайта
бөлуге бағытталған соғыстар мен өзара қырқыстар халық бұқарасының халін
ауырлатты. Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өз билігін нығайту
үшін ислам дінін тірек етті.
Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс,
көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылықтарды тойтару жағы
өте көп болған. Тоғылық Темір 1361 жылы Мәуереннахрды түгел басып
алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Кейін ол әкесінің орнына
1362-1385 жж. Моғолстанның билеушісі болды. Оның тұсында өзара
қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді: Дулат
әмірі Қамар ад-Дин – Жетісуды, Енке төре – Іле мен Тарбағатайды биледі.
Осыны пайдаланған Әмір Темір ХІҮ ғасырдың 70-80-жылдары
Моғолстанға оншақты рет шапқыншылықтар жасайды. Қызыр Қожа хан
(1385-1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойындайды. Қызыр Қожаның
ұлы Мұхаммед хан тұсында (1408-1418) елдің жағдайы біраз нығайды. Оның
кезінде Моғолстанның Темір тұқымынан тәуелсіз болуға қолы жетеді. Біраз
уақыт өзара қырқыс пен талас-тартыс толастайды. Мемлекетті бір орталыққа
бағындыру үшін Мұхаммед хан исламды енгізуге күш салады.
ХҮ ғ. 1-ші жартысында Моғолстанға ойраттар шапқыншылығы жиіледі.
Уайс хан (1418-1428) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті, олармен ұзақ
соғыс жүргізді. Ол өз ордасын Тұрфаннан Ілебалық деген жерге көшіруге
мәжбүр болады. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433-1462) ХҮ ғ. 30-
жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында
Батыс Моғолстанға Жәнібек пен Керей бастаған тайпалар көшіп келді.
Моғолстан ханы Есен Бұға оларға жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның
мақсаты:
- қазақтарды ойраттарға және Темір әулетіне қарсы әскери күш ретінде
пайдалану;
- қарсыласы Әбілқайыр мен інісі Жүніске қарсы қою.
Жүніс хан тұсында (1462-1487) мемлекет жағдайы біраз нығаяды, бірақ
ол 1472 жылы Жетісуға шабуыл жасаған ойраттардан жеңіліп қалады.
Жүнісханның баласы сұлтан Махмұт хан (1487-1508) Жетісуда және
Сырдария қалалары үшін қазақ хандарымен соғысады. Моғолстан
билеушілерінің ең соңғысы Жүніс ханның немересі Сейітхан 1514 жылы
Қашғарияны басып алып, Шығыс Түркістанда Моғолия атты жаңа мемлекет
құрады. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары 60 жж. бастап Қазақ
хандығының құрамына енеді.
Сөйтіп, ХҮІ ғ.басында феодалдық өзара қырқыстар, халық
наразылығының жиілеуі және олардың Қазақ хандығына барып қосылуы
салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты.
Моғолстан Қазақ хандығының құрылуына және қазақтың өз алдына жеке
халық болып қалыптасу барысын аяқтауына территориялық тірек, саяси-
экономикалық негіз болды.
Әбілқайыр хандығы. ХҮ ғ. 20-жылдарында Қазақстанның орталық,
батыс және солтүстік-батыс аймақтарында тәуелсіз феодалдық иеліктер
пайда болды. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Әбілқайыр (1428-1468) осы
аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен
Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті-Қыпшақтың
бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін»
құрды.
Әбілқайыр хандығының территориясы батысында Жайықтан бастап,
шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы
мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі
ұлан байтақ жерді алып жатты. Астанасы – алғашқыда Тура, 1431 жылдан
Орда-Базар, 1446 жылдан Сығанақ. Халқы - өзбектер деп аталған түрік
тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар,
қаңлылар, үйсіндер т.б.). Елді 40 жыл билесе де, Әбілқайыр хан мемлекетінің
ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан
басқарылмай бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды Шыңғыс әулетінің
билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін толассыз соғыстар
тоқтамады.
Әбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін
көптеген соғыстар жүргізіп 1430 жылы Тобыл өзені бойында Шайбани
ұрпағы Махмұт Қожаханды жеңді, Хорезмді басып алып, Үргенішті
талқандады. Сырдария өңіріндегі далада Жошы әулетінің Махмұд және
Ахмет хандарын жеңіп, Орда-Базар қаласын тартып алды. 1446 жылы
Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ,
Аққорған, Өзгент, Аркөкті жаулап, Сығанақты астана етті.
ХҮ ғ. 50-жылдары Самарқанд, Бұхарды шабуылдап, осы өңірдегі Темір
ұрпақтарының ішкі саяси өміріне араласты. Бірақта 1457 жылы Өз Темір
бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай
ауыр шарт жасасты.
Бұл жағдай Әбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нәтижесінде
ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жәнібек
пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті.
Оларды жазалау үшін 1468 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа
аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Әбілқайыр хандығы
ыдырап кетті.
Әбілқайырдың мұрагері Шайх-Хайдар хан ішкі тартыста өлтірілді. Ал
Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани (1470-1510) қазақ хандарымен
Сырдария мен Қаратау аймағындағы қалалар үшін ұзақ соғыс жүргізді. Қазақ
хандығы құрылғаннан кейін Әбілқайырдан тараған Шайбанилар ұрпағының
Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билігі бітеді. Бұл жерлердегі билік қазақ
хандарына толық көшті. ХҮІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі
Шайбанилердің бастауымен Мәуереннахрға көшіп кетті. Ондағы Темір
ұрпақтарынң билігінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы
өкімет билігін тартып алды. Қазақстан жерінде қалған тайпалар Қазақ
хандығының қол астына қарайды.
Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған
мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІҮ-ХҮ ғасырларда Батыс
Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын
Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-
1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға
дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар
Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы - әмір Едіге (1395-1419). Ол 15
жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы әмір» атанған. Шыңғыс
әулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын
Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы
Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХҮ
ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Территориясы: Еділ-Жайық
арасы. Астанасы – Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды.
Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және т.б.
сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда
болды, оған енген тайпалар ХҮ ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының
негізін құрады.
Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа
бағынған өкімет болды. Орда билеушісі – хан. Ұлыс басында мырзалар
тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы
жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі
малшылары мырзалармен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға,
соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары
басқарды. Мұрагерлік жолмен берілетін әкімшілік, әскери, елшілік билік
князьдің қолында болды. Ордада жорыққа 300 мың жауынгер шығарылды.
Ноғай Ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен
Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар
тарихы әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын.
Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы
араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер
сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты
өзгеріп отырады. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге
дейін созылып жатады, ал оңтүстік-шығыста олар кейде Сырдария бойында,
Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт,
Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалары Әбілқайырға Сырдария бойындағы
қалаларды жаулап алуға жәрдемдеседі. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен
соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уәлиханов ноғайлар
мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар
мен ноғайлар ханы» атанған.
ХҮІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-
экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХҮІ ғ. 2-ші жартысында Ноғай
Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) және Кіші
Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ
хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай
Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл
атқарды.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1. Шыңғыс-хан мемлекеті қашан құрылды және оның негізін қалаушы кім?
2. Моңғолдардың Қазақстанды басып алуына қандай оқиға сылтау болды?
3. Алтын Орда қай жылы, қай жерде қалыптасты?
4. Алтын Орда хандары Европа елдерімен түрлі сауда байланыстарының
ашылуына неге қолдау көрсетті?
5. Алтын Орда саясатын тек басқыншылық соғыстармен теңестіруге болама?
6. Шыңғыс хан империясы ұлыстарында қандай мемлекеттік құрылымы
болды?
7. Алтын Орданың әлсіреуі заңды процесс болды ма?
8. Алтын Орда құлағаннан кейін Қазақстан тарихы үшін оның маңызы
қандай болды?
9. «Көшпелі өзбектер мемлекеті» құлағаннан кейін Қазақстан аумағында
қандай мемлекеттер пайда болды?
|