Таланттар



Pdf көрінісі
бет15/256
Дата31.12.2021
өлшемі2,04 Mb.
#21362
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   256
Байланысты:
А.Қыраубаева. Жаным садаға. Пед.енб. 4-т.

 
АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ 
 
«Ата-аналар жиналысы!» дегеннен жүрегі дір ете түсетіннің 
бірі – өзіммін. Баланың бәрі бірдей  қайдан алғыр болсын? Баға 


28 
 
деген  қатал  тергеушінің  сынынан  шыға  алмайтындары  көп. 
Кластағы  маңдай  алды  бес-алтауынан  басқасы  гуманитар 
сабақтан  тәуір  болса,  есептен  ақсап,  қазақша  тәрбие  алса, 
орысшадан  шоқырақтап,  әйтеуір,  ата-анасын  ұялтудың  есебі 
табылады. 
Жылына  кемінде  төрт  рет  болатын  жиналыстың  тақырыбы 
ылғи  да  біреу-ақ:  кластағы  балалардың  үлгерімі  мен  тәртібі. 
Сосын «келмей қалсам, балама зияным тиіп кетер» деп амалсыз 
сүйретіліп  жеткен  әкесінің  алдында  нашар  оқушының  мінін 
сараптау  басталады.  Қызметінде  қомпиып-қомпиып  жүрген 
мұртты жігіттер кластың кішкентай партасына қарын жағын әрең 
сыйдырып, көрінбей қалайын десе, кеудесі сыймай, алтын басы 
алмадай салбырап, мұғалімнің алдында «қор болып» отырады-ай. 
Үйіне  барғаннан  кейінгі  баласы  мен  жұбайының  жағдайын 
ойласаң,  тіпті  аянышты.  Бір  күнгі  жиналыс  бүкіл  отбасының 
жылылығына мұз салып жібереді. 
Осы  күні  дәрігерге  бара  қалсаң:  «О,  о,  әне  жерің  сүйтіп 
кетіпті, мына  жерің бүйтіп кетіпті, асқынып кетіпті! Ертерек неге 
келмегенсің?»  –  деп,  өзіңе  ұрсып,  зәреңді  алады.  Аурудың 
тарихына неше түрлі бәлені жазып, қыл кеңірдекке таяп қояды. 
Оның  себебі:  өзінің  нашар  дәрігер  екенін  білдірмеу  үшін.  Осы 
дәрігер  мен  кейбір  байбаламшыл  мұғалімде  бір  ұқсастық  бар: 
Қолынан  келмегенді  ата-анаға  аударып  құтылғысы  келеді. 
Әлгінде  ғана  босап  қалған  класс  парталарын  ата-аналар  қайта 
толтырған  соң,  мұғалім  манағы  оқушылар  әлі  алдында 
отырғандай құрыштай қайнап піскен қатал даусымен жазғыруды 
бастайды. Алдындағы кісі Асқардың әкесі емес, мұрт жапсырып 
кірген  Асқардың  өзі  сияқты  көріне  ме,  кім  білсін?  Мұндайда 
дұрыс  ақыл  тапқан  –  «нашар  оқушының»  келмей  қалған  ата-
анасы  ма  деймін.  Жиналыста  не  айтылатыны  оларға  бесенеден 
белгілі болар. 
Бір  жолы  неше  шақырса  да,  жиналысқа  келмейтін  ата-ана 
туралы әңгіме болды: 
–    Шешесінің  өзі    бала  тәрбиесіне  немқұрайды  қарайтын 
болған  соң,  баласы  қайдан  оңсын?  –  десті  ренішпен.  Баласы 


29 
 
жақсы оқитын, өзі пысық бір әйел көзі жалтылдап: «Жұмысына 
барып айтып, тәртіпке салу керек. Оны мен-ақ алайын мойныма! 
Біз  келгенде,  ол  неге  келмейді?»  –  деді  айқайлап.  Сөйтіп,  ата-
аналардың  өзі  бірін-бірі  «коллективтік  тәрбиемен»  түзейтін 
болған соң, мұғалімнің ашуы біраз жеңілдеп қалды. 
– Қойыңыздар, шешесінің  жазығы  не? – деді бір дауыс. 
–  Олай  болса,  маған  телефонын  беріңізші,  күнде  звандап 
мазасын  алайын!  –  деді  әлгі  әйел  ызаланып.  Өзі  кластағы  ата-
аналар  ұжымының  мүшесі,  айтқанын  орындатпай  қоятын  түрі 
жоқ. Мұғалім екеуі еңкейісіп, өзара сөйлесіп кетті.                    
Жиналысқа  келмеген  «кінәлі»  әйелдің  бір-екі  күннен  соң 
мектеп  алдынан  аулақтау  бір  ұзын  үстелде  отырғанын  көрдім. 
Жұрттан  оңашаланып,  жападан-жалғыз  отырысы  өкпесі  бар 
адамдай,  аяныш  туғызады.  Қарапайым,  арықшалау,  менің 
жасымдағы  әйел.  Қараңғы  ерте  түсетін  болған  соң,  баласын 
сабақтан алып қайтуға келіпті. Амандасқан соң: 
–  Жиналыс  болды  ма?  –  деді  әлсіз  ғана.  –  Белгілі  ғой  не 
айтатыны...  Баламды  не  қыларымды  білмей  мен  жүрмін. 
Көршідегі  Сергей  дейтін  бетімен  кеткен  ересек  балаға  еріп, 
біреудің  үйіне  түсіпті.  Аналар  магнитофон  ұрлаған.  Менің 
баламды  сыртқа  қарауылдатып  қойған.  Қорқытып  ілестірді  ме, 
қайдам? Сотқа берсе, не боламыз?.. Әйел ішкі өксігін білдіргісі 
келмей, жөтеліп қойды. 
– Өзім көп жыл сылақшы болып істеп едім. Таңертең кетіп, 
кешке  бір-ақ  келесің.  Айлығы  жақсы.  Бірақ  баламның  бетімен 
кететін түрі бар. Бір апта болды, кезекшілік жұмысқа ауыстым. 
Кезекші болатын күні баламды қасыма алып аламын. Әйтеуір көз 
алдымда. Енді қалай күн көретінімізді қайдам, айлығы тым аз. 
–  Көмектесетін әке-шешең жоқ па еді? 
– Әкем жоқ, шешем ауру. Өзім Семейден оқу іздеп келіп, түсе 
алмай, құрылысқа тұрғанмын. Тырбанып, он бес жылда әрең бір 
бөлмелі  үйге  қолым  жетіп  еді.  Елге  қайтып  баруға  намыс 
жібермеді. Жалғыз бастымын. 
Әйелге не деп ақыл айтарымды білмедім. Қалай жұбатарсың? 
Қайырымсыз  қалада  қысылғанша,  етек-жеңі  кеңірек  ағайын 


30 
 
арасына  кеткені  дұрыс  па?  Осы  кезде  мектеп  есігі  лап  етіп 
ашылып, балалар бірін-бірі бастырмалата жүгіріп шыға бастады. 
Жанымызға секпіл бет сары бала жақындап келді. Әркімнен бір 
түрткі көрген  сары  күшіктей сенімсіз қарап, күтпеген ұрыс қай 
жағымнан шығып қалады дегендей, іштей дайындықпен томаға-
тұйықтанып  алған.  Көңілсіз  тіршілікке  үйренген  қалпы  бар. 
Аздан соң жанымдағы әйел маңдайына басқан жалғыз сүйенішін 
ертіп, алыстай-алыстай қыбырлап, қараңғылыққа кіріп кетті. Ол 
екеуде уайым көп, үміт аз. 
                                                    ٭ ٭ ٭ 
Не балаға, не ата-анаға пайдасыз әлгіндей жиналыстар керек 
пе? 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   256




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет