Таланттар



Pdf көрінісі
бет3/256
Дата31.12.2021
өлшемі2,04 Mb.
#21362
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   256
Байланысты:
А.Қыраубаева. Жаным садаға. Пед.енб. 4-т.

СЕНДІМ САҒАН 
 
Адамды  ауыртатын  да,  жазатын  да  –  сөз,  сөзге  сену  екенін 
адамзат тәжірибесі ертеден біледі. Халық емшілігінің түп тамыры 
осында жатыр. Миллиондаған адамды Гитлердің соңынан ерткен 
де сөз емес пе еді? Бойында сендіргіш куаты бар сөздің адамды 
арбағандай әсер ететінін күнделікті өмірден сөзінбеген адам жоқ 
шығар. Біреуден естіген жылы сөз көңіліңді көтереді. Жаман сөз 
уайымшыл  кісінің  жанын  жегідей  жеп,  ауыртуы  да  анық. 
Айналада  ауыртатын  нәрселер  көп,  бірақ  оны  адам  уайымнан 
әлсірегенде  ғана  қабылдайды.  Өйткені  адам  өзі  туралы  қалай 
ойласа,  солай  өмір  сүреді,  неге  сенсе,  жан-тәнімен  солай  қарай 
бағытталады. 
Ал  шәкірттер  өміріне  келсек,  бала  жаны  мұғалімнің 
айтқанына  имандай  сенеді.  Осыдан  мұғалімнің  қандай  бір 
ашуланған  жағдайда  да  баланы  кемсітіп  сөйлемеу  керектігі 
шығады. 
– Сен адам болмайсың, миыңа еш уақытта сабақ қонбайды!- 
деген  сөзден  кейін,  ол  балаға  шынымен  сабақ  қонбайтынына 
кепілдік беруге болады. Емшінің ауруды жазып жіберетін қасиеті 
сендіру мен көмектесемін деген шын ниетінде екенін мұғалімнің 
де есте ұстағаны жөн-ақ болар еді. 
Гүлсім  деген  студент  қыз  сабақ  айтқанда  қорқақтап 
сөйлейтін. Бірақ ізденетіні көрініп тұрады. Сөзінің аяғын «осым 
дұрыс  емес  шығар»  дегендей,  сенімсіздікпен  жұтып  қояды. 



 
Университетті жақсы бітірді. Дипломын қорғап шыққан соң, бір 
әңгімеде мынаны айтты: 
 
«Мен  үйде  еркелеу  болып  өстім.  Сол  еркіндігім  сабақта  да 
көрінетін  болуы  керек,  жоғарғы  класқа  барған  соң, 
математиканы оқытатын класс жетекшіме ешбір жақпадым. 
Сабақ  үстінде  күліп  қойсам  да  ұрсатын.  «Сен  қыздан  адам 
шықпайды,  тіпті  қыз  сияқты  емессің»,  –  деп  кемсітіп,  қит 
етсем,  ата-анамды  шақыратын  болды.  «Неліктен  басқа 
балалардан  кем  болдым?»  –  деп  қайғыратынмын.  Оныншы 
класқа  барғанда,  әбден  басылып,  қорқақ  болып  кеттім.  Өзімді 
төмен санайтын болдым. Тек әдебиетші ағай ғана ұрыспайтын. 
Әдебиетші  мамандығын  таңдауыма  сол  себеп  болды. 
Университетке келгенде де өзімнен бірдеме шығады деп ойлаған 
жоқпын.  Алғаш  мақтау  сөздерді  естігенде,  сенер-сенбесімді 
білмейтінмін. Кейін-кейін өзіме бір  шабыт пайда болды, содан 
оқып кеттім». 
 
Гүлсімнің «Ерке болып өстім», – дегеніне сену қиын еді. Ерке, 
жаны  таза  қыздан  жасқаншақ  та  сенімсіз  оқушы  дайындап 
шығарған класс жетекшінің «талантына» таңғаласың. 
Өкінішке қарай, балаға қанат бітіруден тым кеш қалатын кез 
де болады. Дайындық бөлімінде Баршын дейтін қыз бала оқыды. 
Көп жыл ауылда жұмыс істеп келген. Оқуға анау айтқан ықыласы 
байқалмады. Жарытып жауап бере алмайтынын өзі де мойындап 
алған сияқты. Ол сабақ айта бастаса, басқалар күледі. Себебі не 
екен  деп  ойлап  қарасам,  осы  қыздың  көзінде  бір  жарқыл  бар, 
оңды-солды  сөйлеп  кететін  арқа  бар,  бірақ  дер  кезінде  дұрыс 
арнаға бұрылмай қалған. Сөздері тиянақты, жүйелі емес. 
Кейде  үзілісте  аудиторияда  қалған  балалармен  әңгімелесіп 
отыратын  кездеріміз  болады.  Бір  күні:  «Біздің  Баршынның 
айтысқа бейімі бар сияқты. Айтысасың ба?» – дедім. 
Алғашында мазақтап отырған жоқ па дегендей күліп, көзінің 
астымен бір қарап алды да; «Несі бар, айтыссам, айтысамын!» – 
деді. Артына жалт қарап, көзіне түскен жігіттің атын атап, бір-екі 


10 
 
ауыз өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Оған табанда жауап бере қоятын 
ешкім табылмай, «айтысымыз» тез аяқталып қалды. 
Көп  ұзамай,  арнайы  тақырып  бердім  де,  екі  аптадан  кейін 
міндетті  түрде  сұрайтынымды  ескерттім.  Айтқан  уақытта 
дайындалып  келіпті,  бірақ  жауабы  онша  болмады.  Сонда  да 
журналға  «бес»  қойдым  да,  келесі  жолы  ақтайтынына 
сенгендіктен  қойғанымды  айттым.  «Қарызға  да  баға  қоя  ма 
екен?»  деген  сұрақ  құлағымда  тұрса  да,  шынтағымнан  әлдекім 
итергендей болды... 
Келесі  жолғы  жауабы  әлі  есімнен  кетпейді.  Бәріміз  дыбыс 
шығармай,  селт  етпей,  тыңдап  қалдық.  Сенімнің  адамды 
жарқыратып ашатын  қуатына сонда көзім жетті. Баршын содан 
былай  сабақтан  жақсы  баға  алатын  болды.  Бірнеше  рет 
айтыстырып  та  тыңдадық.  Айтыста  біз  білетін  Баршын  емес, 
айтыскер ақын сияқты арқаланып, сұлуланып кететін. 
Сегіз  ай  оқуымыз  сонымен  өтіп  те  кетті.  Факультет-
факультетке  тараған  балалармен  байланысымыз  үзіліп  қалды. 
Біраз  жылдан  соң  естігенім:  Баршын  баяғы  қалпына  түскен. 
Елеусіз көптің бірі болып жүріп жатыр. Оқуға ынтасы жоқ. Мұны 
естіп, бір таланттың ашылмай-ақ кеткеніне қатты өкіндім. Бірақ 
өмірде  біреу  ерте,  біреу  кеш  жол  табады.  Бүгін  болмаса,  ертең 
қозғаушы бір күш жолға салар деймін. 
Сөз соңында, сенімнің адам өміріндегі құдіретті күш екеніне 
дәлел ретінде мына бір оқиғаны келтірейік: 
Қалмақтың жолбарысты құйрығынан ұстап алып жерге бір-ақ 
қойып  өлтіретін  батыры  бар  екен.  Абылай  хан  оған  қарсы 
Шақшақ ұлы Жәнібекті шығармақшы болады. Жәнібек түнде бір 
жаман түс көріп, шошып оянады. Түсін айтқалы таң атпай, ханға 
келеді. Оны сезген Абылай атшысын шақырып: 
–  Уа, менің қарт Бөгенбай берген нар қызыл атымды есіктің 
алдына  алып  кел!  –  дейді.  Абылай  хан  атын  «жақсы  түске  де 
садақа,  жаман  түске  де  садақа»  деп,  жалма-жан  сойғызып, 
таратып жібереді. 
–  Айт, батыр, енді түсіңді, – дейді. 


11 
 
–  Түсімді  айтсам,  тақсыр,  қалмақтан  жекпе-жекке  пәленше 
деген  жайсаң  шықты  да,  сартпа-сұрт  болып  қалғанда,  мені 
найзамен  шаншып  түсірді.  Кеудеме  атша  мініп,  бауыздауға 
айналғанда қарасам, оң емшегімді бір айдаһар, сол емшегімді бір 
айдаһар  жылан  еміп  жатыр екен. Көргенім осы! – дейді. Сонда 
Абылай хан: 
– Түсің түс-ақ екен, мұнан жақсы түс бола ма? Түсіңде сені ол 
шаншып  түсірсе,  өңіңде  сен  шаншып  түсіреді  екенсің.  Түсіңде 
сенің кеудеңе ол мініп жүрген болса, өңіңде оның кеудесіне сен 
мінеді екенсің. 
Оң  емшегіңді  еміп  жатқан  жылан  өзіңнен  туған  балаң, 
айдаһардай  батыр  болады  екен.  Сол  емшегіңнен  айдаһар  емсе, 
өзіңнен бір қыз туып, онан туған жиен ол да айдаһардай айбарлы 
болады екен. Ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің тұлпар 
мініп,  ту  ұстайын  деп  тұр  екен,  осынша  өсіп-өнесің.  Сен  қалай 
өлесің, бар, жекпе-жекке кіре бер! – депті. 
Хан  түсін  қолмен  қойғандай  ғып  айтқан  соң,  Жәнібектің 
қорқынышы  қашып,  айбаты  тасып  кетеді.  Сол  жерден  атын 
алдырып  мініп,  «Жекпе-жек!»  –  деп  айқайлап,  шыға  шабады. 
Қалмақтың жайсаңының құты қашып, айқасып қалғанда, Жәнібек 
шаншып түсіріп, үстіне аттай мініп алады. Шалқасынан жатқан 
қалмақ: «Тоқта!» – дейді. 
– Түнде түсімде сені алып едім-ау, табаныма салып едім-ау. 
Сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, менің түс жорушым 
ретін тауып айта алмағандықтан, мені алып кеттің-ау, – дейді. 
Сонда Жәнібек қалмақтың басын кесуге  қимай,  Абылайдың 
алдына алып келіпті дейді. (Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтен). 
 
*    *   * 
Біз іздеген халықтық тәрбие осы емес пе? 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   256




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет