Ағымдық бақылау-1
Фольклор және туралы түсінік. Фольклортану ғылымы.
1.Фольклор туралы түсінік.
«Фольклор» – ағылшын сөзі, «халық даналығы» деген ұғымды береді. Алайда, бұрынғы СССР-ден
басқа өркениетті елдерде «фольклор» кең мағынада түсініледі. Оған халық музыкасын, халық
биін, халық өлеңін,халық театрын, халық әдебиетін, халық қолөнерін, ырымдар мен ғұрыптарды,
салттар мен нанымдарды жатқызады. Сол себепті ол елдерде «фольклор» сөзімен қатар көбінесе
«этнография» сөзін қолданады, ғылымын «этнология» дейді.Ал, бұрынғы СССР-ді және
социалистік лагерьді құраған елдерде «фольклор» терминімен тек халық әдебиетін, дәлірек
айтқанда халықтың ауызша туып, ауызша орындалатын шығармаларын атау орныққан. Бұл дәстүр
XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейде, XX ғасырда соған қараған халықтардың ғылымында
орын тепті.Қазақ ғалымдары да осы үрдісті қолдап, фольклорға халық әдебиетін (мұндаға дейін
ақындар поэзиясын да) жатқызу дәстүрін енгізді де, екі атауды аралас қолданып келеді. Бірақ
«халық әдебиеті» деген атау әлем қабылдаған «фольклор» ұғымын толық бере алмайды.
Мысалы, көркемдігі нашар, өнер деңгейі жоқ ауызша орындалатын шығармалар толық мағынада
сөз өнері, яғни әдебиет бола ала ма? Сол сияқты алуан түрлі ырымдар, салттар мен нанымдар,
бата, алғыс, қарғыс, арбау, жауын шақыру, күн жайлату, жарапазандар өз мағынасындағы әдебиет
бола қоймас. Ендеше, «халық әдебиеті» дегеннен гөрі өркениетті мемлекеттер қолданатын
«фольклор» терминін қабылдап, орнықтыру жөн сияқты. Ал, «халық әдебиеті» ұғымын синоним
ретінде көркем фольклорды, яғни өнер қасиеті бар шығармаларды сипаттау үшін қолданған
орынды болмақ.
Фольклор – синкретті, көпфункциялы руханият. Ол әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет
атқарады. Фольклор тәрбиелік мақсатта да пайдаланылады. Сонымен бірге фольклордың
утилитарлық (қолданбалы) функциясы да бар, яғни ол белгілі бір жағдайда тұрмыстық қажетті
өтейді. Фольклордың ең маңызды функциясы – эстетикалық және сейілдік. (Әлбетте, қажет
болғанда идеологиялық міндет те атқарады). Фольклор қызметінің мұншалықты көп болуы, бір
жағынан, оның синкреттілігінен туындаса, екінші жағынан, әр жанрдың әр дәуірде әр түрлі міндет
атқаруына және фольклорлық шығармалардың орындалу мақсатына байланысты. Утилитарлық
және тәрбиелік мақсат көздеген фольклорлық шығармалардың көркемдік сапасы эстетикалық
және сейілдік функция атқаратын туындылардың поэтикалық деңгейінен төменірек болады. Егер
бірінші топтағы шығармаларда нені айту керек деген мақсат алға қойылса, екінші топқа енетін
туындыларда нені және қалай айту керек мәселесі бірінші кезекте тұрады.Осы уақытқа дейін біз
фольклорды тек сөз өнері ғана деп ұғынып келдік. Бұл түсінік фольклордың аясын тарылтады әрі
сөз өнерінің эстетикалық-эмоциялық қасиетін төмендетеді. Өнер дегеніміз – өмірді, оқиғаны,
құбылысты немесе сезімді көркем түрде бейнелеп, қайта жаңғырту. Олай болса, арбау, алғыс,
қарғыс, немесе әр түрлі ырымдар мен нанымдар болмысты, я болмаса сезімді көркем түрде
бейнелеуді, жаңғыртуды мақсат тұтпайтындықтан сөз өнері бола алмайды. Бұған қоса, өнер болу
үшін шығарманың поэтикасы, композициясы, іс-әрекет атқаратын кейіпкерлері, олардың
қақтығысы, т.б. қасиеті болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, ұлттық сөз өнерімізді үш түрге бөлуге
болады: фольклор, ауыз әдебиеті (ақын, жыраулар поэзиясы) және жазба әдебиет. Бұлардың
үшеуіне де ортақ белгілері болумен бірге әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Фольклордың