II БӨ ЛІМ Ұлты кәріс болса да, қазақ тілін жетік меңгерген Ирина
Тенді халық Қазақстан Ұлттық арнасындағы «Таңшолпан»
бағдарламасы арқылы таниды. Ирина өз ата-анасын
табыстырған әсем қала – Алматыны ерекше жақсы көреді.
«Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша
сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды
көріп жаным ашиды», – дейді ол.
Өзі бір кезде әкесінің кеңесімен қазақ мектебін бітірген
тележүргізуші Майя Веронская өз ұлын да қазақ балабақшасына
беріпті.
М. Веронская: “Балаларыңызды қазақ мектебіне беріңіздер
деп айта алмаймын, бірақ, Қазақстанды жаныңызбен жақсы
көрсеңіз, болашағыңызды осы мемлекетпен байланыстырсаңыз,
балаңызды шетелдік азамат секілді тәрбиелемеңіздер”, – деген
кеңес береді.
Алматыда дүниеге келіп, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында
нағашы жұртының қолында тәрбиеленген Юлия Кушнарева қазақ
тілінде еркін сөйлейді. Үш жасынан бастап қазақ балабақшасына
барған.
Отандық сүйікті фильмі – «Тақиялы періште». Сүйікті жазушылары
– М. Әуезов, Ә. Нұрпейісов, І. Есенберлин.
«Мен үшін ана тілім – қазақ тілі. Қазіргі таңда орыс тілі – екінші
тілім», – деді журналист.
Қызылорда облысы Арал ауданында туып-өскен орыс
қызы Анна Данченко – қазір бүкіл Қазақстанға танымал
журналист, продюсер.
Анна мектепте орысша оқығанымен, университетті қазақ
тілінде бітірді. Ол ағылшын, неміс тілдерін де еркін игерген.
Ұлттық аспап домбыраның құлағында ойнайды.
Қазақы қонақжайлық, мейірбандық қасиеттер Аннаның
бойына сонау бала күнінде дарыған. Ерсі киіну, үлкендерге
қарсы сөйлеу секілді жаман әдеттер оған мүлде жат.
Көгілдір экран арқылы қазақ тілді көрермендердің көңілінен
шығып жүрген, ұлты орыс болғанымен тілі қазақ тележүргізушінің
бірі – Ольга Спирина.
Ол Қазақстанда тұрып, елдің салт-дәстүрін білмеу ұят деп санайды.
Қазақтың ұлттық тағамдарын дәмді әзірлейді.
«Мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ
тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренсем деймін»,
– дейді Ольга.
(Жұлдыздар әлемі)