қуысында астың өзгеруі. Ауыз қуысына түскен тағам шайналып
ұсақталып, сілекеймен шыланады. Сілекей тағамның бөлшектерін
жібітіп, оңай жұтылатын түйіртпектерге айналдырады. Сілекейдің
құрамындағы ферменті тек сілтілі ортада көмірсуларға әсер етіп, тағам
химиялық өзгерістерге ұшырайды. Ауыз қуысындағы тағам тіл мен
жұтқыншақтың бұлшықеттерінің жиырылуы арқылы жұтылады. Тамақ
жұтылған соң алдымен жұтқыншаққа, одан өңеш арқылы асқазанға
өтеді. Жұту кезінде көмекей қақпағы жабылады. Тамақ жеп, не ішіп
отырған кезде адам сөйлейтін болса, тамақ түйірлері көмекейге түсуі
мүмкін. Тамақ түйірлері көмекейге түссе, адам шашалады, кейде
тұншығады. Сондықтан да, тамақ ішіп отырғанда сөйлеуге
болмайтынын естеріңнен шығармаңдар!
Асқазанда астың қорытылуы. Ересек адамдардың асқазанының
сыйымдылығы 1,5–2 литр. Асқазанның пішіні мен мөлшері астың түсуіне
байланысты үнемі өзгеріп тұрады. Ұсақ бездерден бөлінетін қарын
сөлінің құрамында су, тұз қышқылы, ферменттер және т.б. заттар
болады.
Асқазанда тағам 3–6 сағаттай уақыт қорытылады да, жартылай
қоймалжың сұйық жентекке айналады. Жартылай сұйық жентек белгілі
бір мөлшерде оқтын-оқтын аш ішекке өтіп тұрады.
Ішекте астың қорытылуы және сіңуі. Асқазанда жартылай
қорытылған ас алдымен ұлтабарға түседі. Ұлтабарға бауырдан келетін
өт қабының және ұйқы безінің өзегі ашылады. Бауырдан келетін өттің
әсерінен майлы тағамдар ыдырай бастайды. Ұлтабарда негізінен
барлық тағамдық заттар қорытылады. Нәруыздар – амин
қышқылдарына, крахмал – қантқа, майлар – май қышқылдары мен
глицеринге дейін ыдырайды. Ұлтабардан ас белгілі мөлшерде оқтын-
оқтын аш ішектің келесі бөліміне өтеді. Мұнда тағамдық заттар ішек
сөлінің әсерінен толық қорытылып, еріген қосылыстарға айналады.
Астың сіңуі. Аш ішектің ішкі кілегейлі қабықшасында өте ұсақ
тұйық өскіндер – бүрлер болатыны сендерге таныс. Бүрлердің сырты бір
қабатты эпителий жасушаларынан түзіледі. Бүрлердің ішкі жағын
көптеген қан және лимфа тамырлары торлап жатады. Бүрлер ішектің
ішкі кілегейлі қабықшасында өте көп болады. Бүрлер арқылы әбден
қорытылған амин қышқылдары мен қант (глюкоза) қанға өтеді.
Глицерин мен май қышқылдары лимфа тамырларына өтеді де, тері
астындағы шел қабатқа жиналады. Амин қышқылдары мен қант
бауырға барып, қайта өзгерістерге ұшырап, бүкіл денеге таралады. Бұл
арада, сендер, қоректік заттардың қанға тек еріген күйінде ғана
өтетінін есте сақтаңдар!
Тоқ ішекте астың қорытылуы. Астың қорытылуы мен сіңуі
негізінен аш ішекте аяқталады. Тоқ ішектің бездерінен бөлінетін сөлде
ас қорытатын ферменттер өте аз болады. Оның есесіне тоқ ішекте
бактериялар көп. Бактериялардың ферменттері күрделі көмірсу –
жасунықты (клетчатканы) ыдыратуға қабілетті. Бактериялар «К» және
«В12» витаминдерін синтездейді. Асқорыту мүшелерінің басқа
бөлімдеріне қарағанда тоқ ішекке түскен ас қалдықтары ұзағырақ
сақталады. Ас қалдықтары тоқ ішектің суды қарқынды сіңіруінің
нәтижесінде біртіндеп тығыз зат – нәжіске айналады. Тік ішектің
төменгі бөлігінде екі сақина тәрізді бұлшықеттер бар. Осы
бұлшықеттердің көмегімен нәжіс сыртқа шығарылады.
Әдебиет: [1-9]
Мультимедиялық құралдар тізімі:
1. Ащ ишектегі астың қорытылуы.
2. Асқорыту жүйесінің құрылысы.
3. Ас қорыту жүйесі бойынша саяхат.
Тақырып 4. Тыныс алу жүйесі
1. Мұрын қуысы. Көмей.
2. Кеңірдек және бронхлар. Өкпенің анатомиялық құрылысы.
3. Ацинус ұғымы. Альвеолалар.
Тынысалу деп мүшелер мен қоршаған ортаның арасындағы газ
алмасуды айтады. Жер бетіндегі тіршілік ететін тірі ағзалардың
барлығы тынысалу кезінде оттекті қабылдап, көмірқышқыл газын
бөледі. Ағзаның әрбір жасушасының жұмысы (бұлшықеттердің
жиырылуы, тердің, сілекейдің бөлінуі, қозудың берілуі) энергияны
жұмсаумен байланысты. Тынысалу тірі ағзаларға тән қасиет.
Энергия органикалық заттардың тотығуы мен ыдырауынан босап
шығады. Тотығуға оттек жұмсалады. Ағзада оттектің қоры болмайды.
Ағза тыныс алғанда оттекті қабылдайды, ыдырау өнімдері
(көмірқышқыл газы мен су буы) ағзадан сыртқа шығарылады. Тынысалу
мүшелері, қанайналым жүйесі, ағза мен қоршаған орта арасында газ
алмасуды қамтамасыз етеді. Органикалық заттардан энергия босау
үшін оттек қажет. Тірі ағза үздіксіз тыныс алады. Адам оттексіз 1 минут
та тіршілік ете алмайды.
Тынысалу мүшелерінің құрылысы. Тынысалу жүйесіне – мұрын
қуысы (кеңсірік), жұтқыншақ, көмекей (көмей), кеңірдек, бронхылар,
өкпелер жатады (67-сурет). Өкпелерден басқасын ауа өтетін жолдар
деп атайды.
Мұрын қуысының (кеңсіріктің) құрылысы. Ауа танау тесіктері
арқылы кеңсірікке барады. Кеңсірікті сүйекті-шеміршекті перде оң және
сол жақ жартыға бөліп тұрады. Кеңсіріктің қабырғаларын эпителий
ұлпасынан түзілген кірпікшелері мен түктері бар кілегейлі қабықша
қаптайды. Онда көптеген ұсақ бездер болады. Безді жасушалардан
бөлінген шырыш шаң мен тозаңдарды ұстап қалады. Әрі ауа
ылғалданады. Кілегейлі қабықша қантамырларына бай. Мұрын
қуысындағы ұсақ көптеген қантамырлардың әсерінен ауа біршама
жылынып ары қарай өтеді. Қан жасушалары – лейкоциттер мұрын
қуысына енген микробтарды жояды.
Кеңсіріктегі ауаны кілегейлі қабықшадан бөлінген заттар
ылғалдандырады; капилляр қантамырлары ауаны жылытады;
лейкоциттер микробтарды жояды.
Кеңсіріктің жоғарғы жағында түрлі иістерді қабылдайтын иіс сезу
жүйкелерінің ұштары орналасады. Мұрын қуысы ішкі танау тесігі
арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Жұтқыншақта асқорыту және
тынысалу жүйелерінің жолы түйіседі. Тамақ жұтқыншақтан өңешке, ауа
жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ әрі асқорыту, әрі
тынысалу мүшелер жүйесіне жатады. (Асқорыту мүшелерін естеріңе
түсіріңдер).
Көмекей (көмей) – мойынның алдыңғы жағында орналасқан іші
қуыс шеміршекті мүше. Оның ішкі бетін кілегейлі қабықша астарлап
жатады. Қабырғасы 3 сыңар, 3 жұп шеміршектерден түзілген. Ірі
шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен
бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей қақпақшасы
жатады. Көмекейдің артқы жағында 3 жұп майда шеміршектер болады.
Шеміршектер бір-бірімен жартылай қозғалмалы байланысқан.
Шеміршектерге бұлшықеттер бекінеді. Шеміршектердің арасында – 2
дыбыс сіңірлері болады, олар да шеміршекке бекінеді. Дыбыс сіңірлері
бір-біріне қатарлас жатқан иілгіш, серпімді талшықтардан түзілген.
Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістікті дыбыс саңылауы дейді.
Адам дем шығарғанда дыбыс саңылауы тарылып дыбыс шығады.
Дыбыстың шығуы адам сөйлегенде ауа ағынының дыбыс сіңірлерін
тербелтуіне байланысты. Дыбыс сіңірлері неғұрлым ұзын болса, оның
тербелісінен жуан дыбыс шығады. Ер адамдардың көмекейі үлкен,
дыбыс сіңірлері ұзын, дауыстары жуан. Мойынның алдыңғы жағындағы
ең ірі қалқанша шеміршегінің үлкен үшкір түйіні – бидайық (кадык) деп
аталады. Ол жұтынғанда, сөйлегенде жоғары, төмен қозғалады.
Сонымен көмекей дыбыс шығару мүшесінің де қызметін атқарады.
«Көмекейі бүлкілдеген әнші екен», «күміс көмей» деген ұғымдар соны
білдіреді. Ер адамда көмекейінің орташа ұзындығы 44 мм. Әйелдердің
көмекейі кішілеу, дыбыс сіңірлері қысқа болғандықтан, дауысы жіңішке
болады, оның орташа ұзындығы 36 мм. Ауыз қуысында дыбыс
шығаруға тіл, ерін, жақ сүйектері қатысады.
Әдетте барлық адамның дауысы бірдей емес. Дыбыстың құбылып,
түрліше болып шығуы: көмекейдің пішіні мен мөлшеріне, дыбыс
саңылауына, мұрын, ауыз қуыстарына, тіл, ерін, тістеріне байланысты.
Көмекей – ауаны өткізуге, дыбыс шығаруға көмектеседі. Көмекейдің
төменгі бөлімі кеңірдекке жалғасады.
Кеңірдек – көмекейдің жалғасы, іші қуыс түтік пішінді шеміршекті
мүше. Ол өңештің алдыңғы жағында орналасады, ұзындығы шамамен
9–12 см, диаметрі 15–18 мм. Кеңірдектің алдыңғы қабырғасы бір-бірімен
сіңірлер арқылы өзара байланысқан жартылай шеміршекті
сақиналардан тұрады. Жартылай сақиналы шеміршектер кеңірдектің
бір-біріне қабысып қалмай ауаның еркін өтуін қамтамасыз етеді.
Кеңірдектің өңешпен жанасқан артқы жағы жұмсақ, тығыз талшықты
дәнекер ұлпасынан түзілген. Кеңірдектің бұл жағы өңештен тамақ
өтуіне ешбір кедергі жасамайды.
Кеңірдек 5-інші арқа омыртқасының тұсынан оң және сол жақ
өкпеге баратын 2 бронхыға тармақталады. Бронхы (грекше «bronchus»
– тыныс алқымы) кеңірдектің жалғасы. Ішкі беті кілегейлі қабықшамен
қапталған. Бронхылар өкпеде өте көп тармақтарға бөлінген. Ең
жіңішке тармақтары бронхиолдар (грекше «bronchіolі» – кішірею) деп
аталады. Бронхиолдардың ұштары шоғырланып, іші ауаға толы өкпе
көпіршіктерімен (альвеолалармен) аяқталады. Альвеоланың (латынша
«alveolus» – ұяшық, көпіршік, қуыс) диаметрі 0,2–0,3 мм, қабырғалары
бір қабат эпителий жасушаларынан тұрады. Өкпе көпіршіктерінің
сыртын тұтас капилляр қантамырлары торлап жатады. Капиллярлар
мен өкпе көпіршіктері қабырғаларының арасында газ алмасады.
Көпіршіктердің ішіндегі ауа құрамынан оттегі қанға өтеді.
Капиллярлардағы қанның құрамындағы көмірқышқыл газы өкпе
көпіршігіне өтеді.
Өкпенің құрылысы мен қызметі Өкпе – кеуде (көкірек) қуысының
қабырғасына жанаса орналасқан серпінді, борпылдақ (губчатый) мүше
(68-сурет). Өкпеде қантамырлары көп болғандықтан, түсі қызғылт.
Адамда 2 өкпе (оң жақ және сол жақ өкпе) болады. Оң жақ өкпені
сайшалар (борозды) 3 бөлікке, сол жақ өкпені 2 бөлікке бөледі. Өкпенің
сыртынан сайшалар сызығы анық білінеді. Екі өкпенің бір-біріне
қараған ішкі бетінде өкпе қақпасы орналасқан. Ол арқылы өкпе
артерия қантамырлары, бронхылар, жүйкелер өкпеге енеді, өкпе вена
қантамырлары шығады. Өкпе толып жатқан өкпе көпіршіктері мен жиі
тарамдалған ұсақ бронхиолалардан түзілген. Бұлар өкпенің ішінде
болады. Екі өкпенің арасындағы кеңістікте жүрек сол жаққа таман
орналасқандықтан, сол жақ өкпе сәл кішілеу болады. Әр өкпенің
сыртын дәнекер ұлпасынан түзілген қабықша – өкпе плеврасы (грекше
«pleura» – бүйірі, маңы) қаптайды. Кеуде қуысының ішкі қабырғасы да
плеврамен қапталған. Плевра қабаттарының арасында плевра қуысы
болады, онда ауа болмайды. Плевра қуысында үйкелісті азайтатын
сұйықтық болады.
Өкпе көпіршіктері серпімді болғандықтан тыныс алғанда созылады.
Оның қабырғаларын орталық жүйке жүйесімен байланыстыратын
жүйке талшықтары торлайды. Өкпе көпіршіктері орталық жүйке
жүйесімен тығыз байланысты. Өкпе көпіршіктері мен капилляр
қантамырларының қабырғасы өте жұқа болғандықтан, олардың
арасында газдар еркін алмасады.
Тынысалу қозғалыстары. Тынысалу қозғалыстары – тынысалу
және тыныс шығару арқылы жүзеге асады. Жаңа туған нәрестенің
тынысалу қозғалыстары минутына 60 рет, ересек адамдарда 16–18 рет
(69, ә-сурет).
Демді ішке алғанда қабырғалар сәл көтеріліп, көкет тегістеледі.
Кеуде қуысы кеңейеді (70-сурет). Көкет – диафрагма кеуде қуысын
құрсақ қуысынан бөліп тұратын күмбез тәрізді бұлшықетті перде.
(Бұлшықеттерді естеріңе түсіріңдер.)
Тыныс алғанда көкеттің тегістелуі бұлшықет талшықтарының
жиырылуынан болады. Тыныс алғанда кеуде қуысының көлемі
үлкейеді. Кеуде қуысының қозғалысына сай өкпенің де көлемі үлкейіп,
ауаға толады. Сыртқы қабырғааралық бұлшықеттердің жиырылуынан
қабырғалар көтеріледі. Тынысалуға көкет пен қабырғааралық
бұлшықеттерден басқа кеңірдек пен бронхылардың шеміршек
арасындағы бұлшықеттер де қатысады.
Тыныс шығарғанда кеуде қуысы мен өкпенің көлемі кішірейеді.
Көкет күмбезденіп қайта қалпына келеді. Өкпе көпіршіктеріндегі қысым
артып, ауа өкпеден ауа жолдары арқылы сыртқа шығарылады.
Тынысалуға қатысатын бұлшықеттер босаңсып, көкет күмбезденіп
көтеріледі. Жиі тыныс шығарғанда ішкі қабырғааралық және
құрсақтың бұлшықеттері қосылып жиырылады. Тыныс алуға
қабырғааралық еттер белсенді қатысса – «көкіректі» тыныс алу типі
дейді. Бұл көбіне әйел адамдарда байқалады. Көкет белсенді қатысса –
«құрсақты» тыныс алу типі дейді, бұл ер адамдарда болады (70-сурет).
Өкпедегі және ұлпалардағы газ алмасу. Өкпедегі газ алмасу –
тыныс алғанда атмосфералық ауаның құрамында 79% – азот, 21% –
оттек, 0,03% – көмірқышқыл газы және т. б. болады. Тыныс шығарғанда
оттектің мөлшері азайып (16%), көмірқышқыл газы (4%) көбейеді (69, а-
сурет). Тыныс алу мен тыныс шығару кезінде азоттың мөлшері
өзгермейді. Тыныс алу актысы кезінде өкпе көпіршіктерінен оттек
қанға, көмірқышқыл газы өкпеге өтеді.
Оттекті тасушы – гемоглобин. Өкпеде қан көмірқышқыл газынан
тазарып, оттекке қанығады. Оттекке қаныққан қан үлкен қанайналым
шеңберімен ағзаның барлық ұлпаларына таралады.
Ұлпалардағы газ алмасу. Ұлпа жасушаларындағы оттектен
артерия қанындағы оттектің мөлшері көп болады. Оттек
капиллярлардың қабырғаларынан жасушаларға өтеді де, олардың
тіршілік әрекеттеріне жұмсалады. Артерия қанымен жасушалардың газ
алмасуы диффузия жолымен жүреді. Түзілген көмірқышқыл газы ұлпа
жасушаларынан қанға өтіп, артерия қаны вена қанына айналады.
Ұлпаларда қан оттекті беріп, көмірқышқыл газына қанығады.
Өкпедегі және ұлпалардағы газ алмасу үш кезеңнен тұрады.
Біріншісі – сыртқы (өкпелік), екіншісі – газдардың қан арқылы
тасымалдануы, үшіншісі – ішкі (ұлпалық) газ алмасу деп аталады.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы. Тыныс алудың жүйкелік және
гуморальдық реттелуі.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы деп адам терең дем алып, терең
дем шығарғандағы ауаның ең көп мөлшерін айтады. Әйелдердің
өкпесінің тіршілік сыйымдылығы орташа есеппен алғанда 3000–3500
мл, ер адамдарда 3500–4800 мл болады. Дене еңбегімен шыныққан
адамдарда өкпенің тіршілік сыйымдылығы 6000–7500 мл дейін барады.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы (ӨТС) 3 құрамды бөліктен тұрады.
Адам тыныштық қалыпта әрбір демалғанда және әрбір дем
шығарғанда шамамен 500 мл ауаны жұтады, әрі шығарады. Бұл ауа
мөлшері тыныстық сыйымдылық деп аталады (71-сурет).
Адам қалыпты дем алып, артынша терең дем алғанда тағы да
қосымша 1500 мл ауаны жұтады. Бұл жұтылған ауа мөлшерін тыныс
алудың қосымша сыйымдылығы дейді.
Адам қалыпты дем шығарып, артынша терең дем шығарғанда тағы
да қосымша 1500 мл ауаны шығарады. Бұл ауа мөлшері тыныс
шығарудың қосымша сыйымдылығы деп аталады.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы → тыныстық сыйымдылық (500
мл) + тыныс алудың қосымша сыйымдылығы (1500 мл) + тыныс
шығарудың қосымша сыйымдылығы (1500 мл). ӨТС=500
мл+1500 мл+1500 мл=3500 мл
Қаншама терең дем шығарғанмен де өкпеде 1200 мл ауа қалып
қояды. Оны қалдық ауа сыйымдылығы деп атайды. Сондықтан да өкпе
еш уақытта қабысып қалмайды.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығын өлшейтін (анықтайтын) арнайы
құралды
спирометр
дейді. Неғұрлым өкпенің тіршілік
сыйымдылығының көлемі көбірек болса, соғұрлым адамның
денсаулығы күшті болады.
Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі. Тыныс
алу мен тыныс шығарудың алмасуы орталық жүйке жүйесінің
қызметіне байланысты. Сопақша мида тынысалу, тыныс шығару
орталығы орналасады. Тыныс шығарғанда өкпенің сығылуы өкпе
көпіршіктеріндегі жүйке ұштарын тітіркендіріп, қозу пайда болады.
Қозу сезгіш жүйке талшықтары арқылы тыныс алу орталығының тыныс
алу бөліміне беріледі. Бұл бөлімнің импульстері жұлынға, одан
қозғалтқыш жүйке талшықтары арқылы сыртқы қабырғааралық
бұлшықеттер мен көкетке беріледі. Бұлшықеттер жиырылып, кеуде
қуысын кеңейтеді, тыныс алады. Тыныс алу мен тыныс шығаруды
реттейтін орталық – жүйке жүйесі. Мұны жүйкелік реттелу дейді.
Тынысалу орталығы жөтелу, түшкіру сияқты қорғаныш рефлекстерін
тудырады.
Гуморальдық реттелу. Қанның химиялық құрамы өзгергенде
(көмірқышқыл газының артуы, қан қышқылдығының жоғарылауы және
т. б.) тынысалу орталығының жұмысы гуморальды реттеледі. Қанда
көмірқышқыл газы концентрациясының артуы мидағы тынысалу
орталығын қоздырып, тынысалу жиілейді. Адреналин мен тироксин
гормондары да тыныс алуды жиілетеді.
Жасанды тыныс алу жолдары. Адам суға кеткенде, ток
соққанда, газбен уланғанда есінен танып қалуы мүмкін. 5–7 минут
ішінде жүрек пен өкпенің жұмысын қалпына келтіру керек. Жедел
жасанды тыныс алдырып, жүрекке массаж жасау қажет (72-сурет).
Жасанды тыныс алдыру жолдары: а) аурудың басын шалқайта қатты
заттың үстіне жатқызу; ә) түймелерін ағытып, кеудесін жалаңаштау; б)
мұрны мен аузын дәкемен жауып, минутына 16 рет ауа үрлеу; в) суға
кеткенде етпетінен жатқызып, өкпесін судан тазартып құстыру; г)
жүрегі тоқтап қалса кеудесін қос қолдап ырғақты басу; д) әрбір 5–6 рет
басқаннан соң аузына ауа үрлеу; е) тамыр соғуын ұдайы тексеріп
(қадағалау) тұру.
Әдебиет: [1-9]
Мультимедиялық құралдар тізімі:
1. Тыныс алу жүйесінің құрылысы
Тақырып 5. Жыныс және зәр шығару жүйесі.
1. Бүйрек құрылысы.Фильтрациялық аппарат.
2. Несепағар. Қуық. Мочеиспускательный канал.
Ыдырау өнімдерін шығарудың маңызы. Ағза енді қайта пайдаланбайтын зат
алмасудың соңғы өнімдерін ыдырау өнімдері дейміз. Ағзаға сырттан келген бөгде заттар
да (улы заттар және т.б.) ыдырау өнімдері болып саналады. Осы заттардың барлығы
ыдырау өнімдерін шығару мүшелерінің көмегімен ағзадан сыртқа шығарылады. Ыдырау
өнімдерін шығару - ағзаның ішкі ортасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қалдық
(қажетсіз) заттардың дер кезінде ағзадан шығарылмауы адам үшін өте қауіпті.
Ыдырау өнімдерін шығаруға қатысатын мүшелерге - бүйрек, өкпе, тері, тер
бездері, ішек жатады.
Зәршығару жуйесіне: 2 бүйрек, 2 несепағар, бір куық және бір зәршығару өзегі
жатады.
Ыдырау өнімдерін шығарудың негізгі мүшесі - бүйрек. Ағзадан зат алмасу соңғы
өнімдерінің 75%-ы бүйрек арқылы шығарады. Бүйрек құрсақ қуысында 1-2- бел
омыртқаның екі жағында орналасқан. Ол үрмебұршақ пішінді қызғылт-қоңыр түсті. Оң
жақтағы бүйрек сол жақтағы бүйректен сәл төменірек орналасады. Өйткені оң жақ
бүйрекке үстіндегі бауырдың салмағы түседі. Бүйректің сыртқы жиегі дөңес, ішкі жиегі
ойыс. Ойыс жағы омыртқа жотасына қарай бағытталған. Ойыс жағында бүйрек артерия
тамырлары, бүйрек вена тамырлары, жүйке талшықтары мен несепағар жолдары болады.
Бүйректің бұл жері бүйрек қақпасы деп аталады.
Әрбір бүйректің салмағы шамамен 150 г. Бүйректің сыртын қалың май қабаты
қаптайды. Бүйрек қоңырқай түсті сырты қыртысты және іші бозғылт түсті милы заттан
түзілген. Бүйректің ойыс жағында шағын қуысы болады, оны бүйректің астаушасы дейді.
Бүйректің құрылысы өте күрделі. Бүйректің құрылымдық және қызметтік бірлігі - нефрон
(гр. nefron -бүйрек) деп аталады. Әрбір бүйректе 1 миллионнан астам нефрон болады.
Нефронның өзі екі бөлімнен тұрады. Сыртынан қоршап жатқан бөлімі — бүйрек денешігі
деп аталады, ол қыртысты затта орналасқан. Екінші бөлімі — нефрон өзекшелер, олар
бүйректің иір-иір болып шумақталып, боз затқа орналасады. Нефрон өзекшелері иректеліп
әрі өзара қосылып жинағыш түтікшелерді құрайды. Олар тікелей пирамидалармен
байланысқан.
Бүйректе артерия қантамырлары 2 рет қылтамырлар шумағын құрайды. Адам
денесіндегі басқа мүшелерде ұсақ қантамырлар бір-ақ рет қылтамырлар шумағын
құрайды.
Ағзадағы қан әрбір 5 минут сайын бүйрек арқылы өтеді. Қан ағзаның
жасушаларынан жиналған зиянды заттарды бүйрекке әкеледі. Керексіз заттардан қанды
тазартатын - бүйрек.
1.
Бүйректің ең негізгі қызметі - сүзгіштік. Қанмен келген улы заттар, тұздар,
артық су бүйректе бөгеліп сүзіліп калады. Сүзіліп тазарған қан вена қантамырларымен
жүрекке карай ағады.
2.
Қан мен басқа да сұйықтықтың құрамын реттейді.
3.
Бүйректе зәр (несеп) түзіледі.
4.
Ағзаның ішкі ортасы құрамының тұрақтылығын сақтайды.
5.
Су мен тұздың мөлшерін реттейді.
6.
Қандағы
тұз концентрациясы
мен жасушалардан ағып өтетін
сұйықтықтардың осмостық қысымын реттейді. Дене сұйықтығындағы тұздың
концентрациясы жасуша ішіндегі концентрациясынан артық болса, су жасушадан шығып,
жасуша бүрісіп калады.
Достарыңызбен бөлісу: |