Өткен ғасырдың бiрiншi жартысы, Кеңес үкiметi орнағаннан



Pdf көрінісі
бет5/8
Дата26.01.2017
өлшемі0,7 Mb.
#2736
1   2   3   4   5   6   7   8
Зарлы ана туралы жыр 
 
- «
Әу, анау кiм Сары Арқамда зарланған? 
Қарғайды өзi! Кiмге ол қарғыс арналған? 
Қандай ғана мұңы терең жан екен, 
Арылмаған қасыреттi ұлы арманнан. 
 
Неге еңiрейдi, егiледi, қарашы? 
Аққан қан не? – Жүрегiнiң жарасы! 
Неге өксидi? Жоғалып па жалғызы, 
Оң көзiнiң ағы менен қарасы?» – 
 

Ол сорлы анам, денесiн у билеген, 
Үзген үмiт мынау сұмырай дүниеден, 
Тұла бойын шалып қасiрет жалыны, 
Қалыпты-ау тек шыбын жаны күймеген! 
 
Ел қайғысы түскен анам басына, 
Қартайғанда пенде келмей қасына. 
Малын, жанын тартып апты дым қоймай, 
Қараңызшы көзден аққан жасына. 
 
Ұлы кеткен өлiм iздеп майданнан, 
Серiк шалы шетке он жылға айдалған. 
Жалғыз қызы келiнiмен нан iздеп, 
Дорба салып, қайыршыға айналған. 
 
Сағат сайын таяу келiп өлiмi, 
Қанды жасқа толған екi өңiрi. 
Сорлы анамның көрiнiп тұр жүзiнде 
Бiздiң сонау туған елдiң өмiрi. 
 
Ел тұрмысы – тым масқара, бiзге жат, 
Жiгiттер жоқ әсем жүйрiк мiнген ат. 
Бозбала мен бойжеткен жоқ шалқыған, 
Әлем – адыра! Жатыр өлiп махаббат! 
 
Кәрi, жасын басып төмен құлақтан, 
Қарт атамды елден қуып, жылатқан. 
Ғалымдарды айдап Қиыр Шығысқа, 
Еркiндiктiң iзгi туын құлатқан. 
 
Мұның бәрiн Ұлы Сталин басқарған 
Жауыздықпен асқан талай асқардан. 
 

Колыманың сары алтынын қазады, 
Құлдар жасап кәрi менен жастардан. 
 
Жоқ, жоқ, достар! Мен шындықты iздеймiн 
Бұл қорлыққа бұдан былай төзбеймiн. 
Құтқарамын туыстарды жылаған, 
Тартам садақ, қас жауымды көздеймiн. 
 
Талабы мол жап-жас қана баламын, 
Талаптансам, қолға құрал аламын. 
Қыдырамын, сайрандаймын, кеземiн, 
Түркiстанның – туған елдiң алабын. 
 
Айтып онда ақын Мағжан жырларын, 
Жаңғыртамын Сары Арқаның қырларын. 
Таратамын елдiң ұл мен қызына 
Өлкемiздiң сұлу терең сырларын. 
 
Түркiстанның қолымда ала туы бар, 
Ер Түрiктiң бойымда ерлiк буы бар. 
Iстей алмас дұшпан ендi қарсылық, 
Қызыл қанға құнсыз басы жуылар. 
 
Алға, тарих! Алға қарай желе бер! 
Өлiм күтсең, кел, дұшпаным, келе бер. 
Майдан жонын жорыта алмай тұра алма, - 
Күн туғанда жауға оғымды себелер. 
 
Тосуда алда талай iрi майдандар, 
Бiзден аулақ ұлы жолдан тайғандар! 
Туған елiм, көп жылама, мен келем, 
Мен келемiн – Мағжан айтқан пайғамбар! 
 
Польша, Демблин, 1942. 
 
Достарыма 
 
Достарым қайда? Достарым? 
Ұлдары қайда халықтың? 
Өмiрiмнiң жоспарын 
Жасаймын деп жалықтым! 
 
Биледi қасiрет бойымды, 
Достарымнан айырылып, 
Тауыстым түгел ойымды, 

Қаламым қалды майрылып. 
 
«
Бiлiм» деген жолдасым 
Тастап кеттi қарамай. 
Кеудемде – ыстық қорғасын, 
Жүрекке бiткен жарадай. 
 
У ұрттадым, қан iштiм, 
Ойлаймын деп салмақтай, 
Қуғынын көрдiм тұрмыстың, 
Жел соғып кеткен қанбақтай. 
 
Уа, достарым, достарым, 
Қайдасыңдар, келiңдер. 
Жоғалып қалды жоспарым, 
Тезiрек тауып берiңдер. 
 
Миргород, 1941ж. 
 
Тұтқын жыры 
 
Ащы мынау қараңғылық сарайын, 
Бой жазайын, бостандыққа барайын! 
Қайда менiң еркiн өскен кең далам? – 
Көз жiберiп биiк шыңнан қарайын. 
 
Бар ма екен төбел жүйрiк дөненiм, 
Баурайында ойнақ салған төбенiң! 
Тыңдайыншы жастан сүйген жарымды, 
Айтар ма екен мен туралы өлеңiн. 
 
Мен дегенде төккен ыстық жастарын, 
Бар ма екен өскен ойнап достарым? 
Қан майданға кетiп пе әлде олар да, 
Жыртып тастап болашақтың жоспарын! 
 
Ой-хой, достар! Сiздер қымбат сыйласқан, 
Әлi есiмде: айрыларда қимастан, 
Тұрдыңыздар қолдарыңыз қалтырап, 
Мөлт-мөлт еткен көздiң жасын тимастан. 
 
Уа, дариға, өткен күнiм – алтын шақ! 
Жас өмiрiм, қайта ту да, жай құшақ! 
Серпiл үстен, қараңғылық тұманы, 
Тарт баурыңа, аш қойныңды, болашақ! 
1942ж., Демблин. 

Бостандық 
 
Қайдасың, бостандығым, келшi бермен, 
Айрылды достың өскен туған жерден, 
Айрылды өнер, бiлiм, қиял, дастан, 
Жөн сұрап басы қатты есерлерден. 
 
Бiлесiң, саған мәлiм менiң жайым, 
Бiр минут сенсiз болсам – жедiм уайым. 
Сенi iздеп ендi, мiне, күңiренемiн, 
Бақытсыз зырлап өмiрiм өткен сайын. 
 
Сен маған күн боп туып, таң боп аттың, 
Сенсiз мен күлкi көрмей жылап жаттым, 
Сен болсаң, қажетi жоқ, бостандығым, 
Зор байлық, атақ-даңқтың, алтын тақтың. 
Егерде ессiз қауым басып үстен, 
Әмiрiн жүргiзбекшi болса күшпен, 
Мен жасып, өзiмдi өзiм қажытамын. 
 
Адамдай биiк шыңнан құлап түскен, 
Дариға! Артым – жарық, алдым – сағым, 
Бiр күңгiрт түс сияқты болашағым. 
Әкетшi туған елдiң бақшасына 
Ардақты бостандығым – алтын таңым. 
 
1943ж., Берлин. 
 
Мен жылаймын 
 
Мен жылаймын, көзден өзен ағады, 
Дамылсыз ол ағып сылдыр қағады. 
Мен еңiреймiн. Шексiз шердiң сарыны 
Әлде кiмге ащы мұңын шағады. 
 
Жасым – дария, өлкем – менiң өңiрiм, 
Ел тағдыры – бұл бақытсыз өмiрiм. 
Кеудемдi ашсаң, әр жағында көресiң, 
Қан боп қатқан Қарағанды көмiрiн. 
 
Ойым – байтақ қазағымның даласы, 
Қиялдарым – Жетiсудың саласы, 
Жаным – жара, қан өзенiн таратқан 
Тәнiм - әлi сөнбеген от шаласы. 
 

Кегiм сыймас үстiне бұл ғаламның, 
Жазса ұлы ақын күшi жетпес қаламның. 
Ашу, ыза, асқар шыңдай! Күткендей 
Көк қанжарын Ақсақ Темiр бабамның. 
 
Кек, ашу, ой, аққан көзден қанды жас, 
Азапты өмiрiм, жас жүрегiм болған тас. 
Болды бәрi зұлымдықтың тұтқыны, 
Сонша ауыр жүк көтерiп жүр сорлы бас. 
 
Зұлымдықтың күтем шамы сөнер деп, 
Түнге шұғыла, нажағай боп төнер деп. 
Мен жылаймын. Мен еңiреймiн. Мен күлем: 
Келер жеңiс – келер шындық, өнер! – деп. 
 
Тайшет, 1949 ж. 
 
Жалғыздық 
 
Таудай болып екi иықтан 
Қасiреттiң бұлты басты, 
Қайғы өзенi тұңғиықтан 
Тулап шығып, толқып тасты. 
 
Қараймын мен төңiрекке, 
Әлем – адыра! Жатыр қурап, 
Қараймын мен төнiп көкке, 
Жүрек етiн шаншып турап. 
 
Айналамда ұйықтап жатқан, 
Томсарулы сұрғылт таулар – 
Мәңгi тұйық ойға батқан, 
Менi де тұр қоршап жаулар. 
 
«
Жаным! Қандай жағдайың?» – деп, 
Жаныма ұнар жақын жан жоқ. 
Кеудемде от, маңдайым тер, 
Көз жұмған жоқ, атар таң жоқ. 
 
Өткен күндер алдыма кеп: 
«
Қош!» – деп күлiп құшақ жайған, 
Сұрайды: «Алыс қалды ма?» – деп, 
Бақытымды бастан тайған. 
 
 

Жолдастарым, туыс пен дос 
Зарлы болған жастай анам, 
Дегендей-ақ: «Мәңгi бол қош!» 
Жақын маған баспай қадам. 
 
Әне, анау сүйген қызым 
Келiп таяу тұрғандай-ақ. 
Деймiн, жылап: «Жет, жұлдызым!» 
Мойнын маған бұрғандай-ақ. 
 
Кейде орнымнан ұшып тұрам: 
«
Келшi достық, махаббат!» – деп 
Қайғы арманды құшып тұрам: 
«
Қалған қазiргi рахат» – деп. 
 
Жалғыз қалдым! Басам әнге, 
Бақсыдай боп жынын қаққан. 
Мынау қуыс бос әлемге 
Мен шерлi жан мұңын шаққан. 
 
Мен шерлi жан, қайдасың таң, 
Қайдасың таң, кел маған бiр 
Құшағыңа ал, туған Отан, 
Бiр балаңды зарлаған бұл. 
 
Сенiң ғана құлың болып, 
Құлың болып өлсем деймiн. 
Қол байлаулы, көңiл қаяу 
Тас қапаста кемсеңдеймiн. 
 
1945ж.,Оранинбург. 
 
Есiл 
 
Есiлiм, менiң Есiлiм, 
Сылаңдайсың сылдырап, 
Арқаның ашып есiгiн, 
Ағасың төмен құлдырап. 
 
Думан-той, у-шу, мереке 
Терiстiкке баруың, 
Жерiңде жүрген береке, 
Өлкемдi кезген, аруым. 
 
 

Әкетiп алға ағының, 
Тасқының менi тербеткен, 
Қуғандай белес сағымын, 
Жүзуде жүлде ап ер жеткем. 
 
Жарыссам асау толқынмен, 
Ойнаса шоршып шабағың, 
Күлкiлi күмiс шолпыңмен 
Ұрушы ең жардың қабағын. 
 
Өзiмнен жастай сыр ұққан 
Жатырсың жайнап, Есiлiм! 
Кездерiм болса ұмытқан, 
Ете гөр сен де кешiрiм. 
 
1957ж. Қызылжар 
 
Қайролла Мұқанов 
АТАҚТЫ АБЫЛАЙ ҚАЖЫ 
 
Көп жыл бойы оның аты аталмады. Тек өзiнiң ұрпақтары ғана 
естерiне алып жүрдi. Ал кейiнгi жастар оның кiм екенiн, қандай адам 
болғанын бiлмедi. 
Ал ендi сол абылай кiм және қандай адам едi? 
Абылай Көшебе Керейдiң Жоламан бұтағынан шыққан Қалжан 
батырдың  немересi  әйгiлi  Майлы  бидiң  ұрпағы.  Майлы  бидiң 
Рамазан, Имақ, Жамақ деген үш ұлы болыпты. Бұл үшеуi де ауқатты 
және  халқына  адал  қызмет  еткен  әдiл  билер  болған.  Жамақтан 
Абылай  мен  Мұхаметжан  туған.  Абылайды  жас  нәресте  шағынан 
Рамазан өз бауырына салып тәрбиелеп өсiрген. Сондықтан Абылай 
Рамазанов болып аталған. 
Абылай 1871 жылғы жазда Майлының Қаратомар жайлауында 
(осы  күнгi  Семиполка  селосының  маңында)  дүниеге  келiптi.  Ол 
жасынан  өте  пысық,  өткiр,  өжет  болып  өсiптi.  Алдымен  ауыл 
молдасынан  оқып  сауатын  ашып,  кейiн  Ахмет  Жантелинмен  бiрге 
Троицк  медресесiнде  оқыған.  Өзiнiң  балдызы  Әбу  Жүсiповтың 
айтуына  қарағанда  Абылай  Стамбулда,  Қазанда  оқыған  көрiнедi. 
Қалай болғанда да ол қазақша да, орысша да сауатты, әрi сол кездегi 
өкiмет заңдарын жетiк бiлген зиялы адам болған. Сондықтан да сол 
кезде  жиi  болып  тұратын  дау-дамайларда  сөйлеген  сөздерiнiң 
дәлелдiгiмен,  тауып  айтатын  шешендiгiмен  көзге  түскен.  Көп 
дауларда  ол  орыстың  бай  купецтерiн  заңға  сүйенген  дәлелдi 
сөздерiмен жеңiп отырыпты. 
Абылай  алаштың  зиялы  азаматтары  Мiржақып  Дулатовпен, 
Ахмет Жантелинмен, Жұмағали Тiлеулинмен, Мағжан Жұмабаевпен 

жақын  қарым-қатынаста  болып,  Алаш  партиясының  бағдарламасы-
мен  танысып,  қазақ  елiнiң  патша  отаршылығынан  құтылып  өз 
алдына  автономия  алуын  қолдап,  өзiнiң  халқына  деген 
жанашырлығын  бiлдiрген.  Өйткенi  ол  халықтың  мұң-мұқтажын 
жақсы  бiлген,  жасында  көп  елдердi  аралап,  жер  көрiп,  әртүрлi 
халықтардың  тұрмыс  жағдайымен,  әдет-ғұрпымен  танысқан.  Ол  өз 
халқына  алдыңғы  қатарлы  елдердей  тұрмыс  құрып,  мәдениеттi 
болуын  тiлеген.  Сол  үшiн  өзi  де  күрескен,  жастарды  оқу-бiлiмге 
шақырып  қолынан  келгенше  оларға  көмектесiп,  жағдай  жасап 
отырған. 
Ол баяғы атасы Майлы бидiң қыстауы Қарашоқ деген ағаштың 
қойнауына  12  бөлмелi  үлкен  ағаш  үй  салдырып  отбасымен  сонда 
тұрған.  Үй-iшi,  ауласы  тап-тұйнақтай  тап-таза  болған.  Мал 
қораларын,  астық  сақтайтын  қоймаларын,  ақ  мойшасын  тұрған 
үйiнен бөлек алыстау жерге салған. Мiнiс аттарының қорасы бөлек 
жасалған.  Ол  егiншiлiкпен  де  айналысқан.  Егiнжайы  қазiргi 
Семиполка  селосы  мен  Жалтыр  ауылының  арасындағы  Қарасиыр 
деген  аймақта  болыпты.  Оның  егiнi  әрқашан  да  шығымды  болып, 
мол өнiм алып отырыпты. Сол кезде iшкi Ресейден орыстар көптеп 
келiп  қоныстана  бастағанда  жерге  талас  күшейген.  Сондай 
таластарда  орыс  тiлiн  жақсы  бiлген  және  заңға  жетiк  Абылай 
орыстарға дес бермей, өзiнiң де, көршi қазақтардың да жерiн қорғап 
қалып отырған. 
Абылай  жас  кезiнде  ислам  дiнiнiң  орталығы  қасиеттi  Меккеге 
14  рет  барған  деген  сөз  бар.  Оның  тоғызында  ол  ақшасы  мол  бай 
кiсiлердi бастап апарып, жол қаражатын соларға төлеткен. Бесеуiнде 
өз  қаржысымен  барыпты.  Ол  Меккеге  барар  жолда  бүкiл  Еуропа 
елдерiн  аралап,  олардың  тұрмыс  жағдайымен,  мәдениетiмен 
танысқан.  Сонымен  қатар  Стамбул,  Каир,  Александрия  қалаларын 
да  көп  аралаған.  Сол  қалаларда  оқып  жүрген  қазақ  студенттерiне 
көмектескен. 
Көкiрегi ояу зиялы азамат Абылай талабы бар жастардың оқып 
бiлiм  алуына  көп  көңiл  бөледi.  Ол  өз  үйiнiң  бiр  үлкен  бөлмесiнде 
мектеп  ашып  өз  ауылының  және  көршi  ауылдардың  талантты 
жастарын  орыс  тiлiнде  оқытады.  Оларды  оқытуға  Солтүстiк 
Қазақстанда айдауда жүрген Петербург медициналық институтының 
түлегi жас дәрiгер Глеб Иванович Боярскийдi шақырады. Оны өзiнiң 
үйiне  орналастырып,  барлық  шығынын  өзi  көтередi.  Осы  мектепте 
оқып аз да болса бiлiм алып, орыс тiлiнде сауатын ашқандар:  Есiм 
Досболов, Қажым Смағұлов, Баймұрат Жақыпов, Қази Қосшығұлов, 
Есiм  Байғаскин,  Алыпқаш  Сүлейменов,  Шәкiр  Баймақанов,  Хамза 
Ыбыраев,  Байнұралы  Жақыпов,  Шұғайып  Бәшiров,  т.б.  Бұлардың 
көпшiлiгi  кейiн  оқуларын  басқа  жерлерде  жалғастырып, 
бiрсыпырасы әртүрлi iрi қызметтерде болған. Осылардың iшiнен iрi 
қызметте  жүрген  кездерiнде  Қажым  Смағұлов,  Есiм  Байғаскин, 

Шәкiр  Баймақанов  т.б.  1937-1938жж.  қуғын-сүргiн  кезiнде  «халық 
жауы»  деген  желеумен  жазықсыз  атылып  кеттi.  Абылай  Сәбит 
Мұқановты,  Баймұрат  Жақыповты  Омбыдағы  Мағжан  Жұмабаев 
басқарған  мұғалiмдер  даярлайтын  курсқа  оқуға  жiберiп,  қаржылай 
көмектесiп  тұрыпты.  Сол  курсты  ашуға  Ахмет  Жантелин  екеуiнiң 
ықпалы болса керек. Мағжанды курстың директоры етiп қойғызған 
да осы екi азамат деген сөз бар халық арасында. 
Абылай  бiрнеше  рет  Меккеге  барып  хажы  атанса  да  басына 
сәлде  орап  молла  болмаған.  Намаз  оқымаған.  Киiмдi  еуропаша 
киген.  Абылайдың  туған  Байнұралы  iнiсi  Мұхаметжанның  баласы 
сексеннен  асып  қайтқан  Қармаш  ақсақалдың  айтуынша,  Абылай 
ұзын  бойлы,  дене  бiтiмi  сымбатты,  сәндi  киiнген  адам.  Үстiнде  ақ 
көйлек, мойнында қара бантик (бабочка). Көйлектiң сыртында қара 
костюм-шалбар,  оның  сыртында  сәндi  қара  пальто,  аяғында  хром 
етiк, басында қара шляпа, қолында сәндi жеңiл таяқ (тросточка). Бәрi 
жарасып тұр. Осыған қарап кейбiреулер оны «тiк аяқ хажы», «орыс 
хажы»  деп  те  атапты.  Бiрақ  ол  мұсылмандық  шариғат  жолын  да 
жақсы бiлген. Айт күндерi, наурыз мерекесi кезiнде мешiтке барып 
жүрген.  Тиiстi  садақаларын  мезгiлiнде  берiп  отырған.  Ол  әсiресе 
жетiм-жесiрлерге, қарiп-қасерлерге көмегiн аямаған. 
Ол өзiнiң жұмысшыларына, көршi-қолаңдарына әрқашан көңiл 
бөлiп,  олардың  тұрмысының  жақсы  болуын  қадағалап,  қажеттi 
жағдайларда  көмектесiп  отырған.  Мысалы  Сәмерке  Тәшен 
Ыбырайымұлы  көп  жыл  Абылайдың  жылқысын  баққан  екен. 
Абылай  оған  Сақан  деген  бойжеткен  қызды  әперiп,  жеке  үй  ғып 
шығарыпты.  Олар  балалы-шағалы  болып,  Елубай,  Мыңжасар, 
Қосақай  деген  ұлдары  өсiп-өнiптi,  Қызылжар  уезiндегi  Еменалы 
болысына қарасты Қантай Керейде Күсемiс Мыңбайұлы деген әншi, 
домбырашы,  серi  жiгiтке  мал  ұрлады  деген  жалған  жала жабылып, 
оны  итжеккенге  айдатпақшы  болған  адамдарға  тойтарыс  берiп, 
жiгiттi  ақтап  алып  қалыпты.  Нұралы  Керей  Азнабай  деген  кiсiден 
Қорған қаласының Соколов деген  сәудагерi 1 мың теңгенiң малын 
алып, ақшасын бермей қойыпты. Мұны естiген Абылай Соколовты 
сотқа  берiп,  сотта  Соколовты  да,  оның  адвокатын  да  дәлелдi 
сөздерiмен  жеңiп,  Азнабайдың  ақшасын  қайтарыпты.  Айта  берсе, 
Абылайдың  ел  адамдарына,  әсiресе  жетiмдер  мен  қарiп-қасерлерге 
жасаған жақсылығы, қайырымдылығы, көмегi көп болған. 
Абылай  аса  iрi  бай  болмаған.  Көбiнесе  өзiнiң  еңбегiмен  (егiн 
еккен,  мал  өсiрген,  сауда  жасаған)  жақсы  тұрмыс  құрған.  Бiрақ  ел 
iшiнде  оны  көреалмаушылар  және  оның  тiзесi  батқан  ұры-қарылар 
оны бай деп жоғары жаққа арыз жазған. Соның өзiнде 1928 жылғы 
23 наурыз күнi болған Төңкерiс болысының № 4 ауылының (Абылай 
ауылы)  қосшы  одағының  Теңдiк,  Бiрлiк,  Орташа  бөлiмшелерiнiң 
бiрiккен  жалпы  жиналысында  бiрсыпыра  адам  Абылайды  ақтап 
сөйлеген.  Бiрақ  жоғарғы  орындар  онымен  санаспаған.  1928  жылғы 

22 қыркүйекте Петропавл округтiк атқару комитетi Абылайдың мал-
мүлкiн  тәркiлеп,  өзiн  отбасымен  жер  аударуға  қаулы  қабылдаған. 
Сол  жылы  қазан  айының  ортасында  бұларды  Ақтөбеге  жер 
аударады.  Онда  да  бұлар  өз  еңбектерiмен  күн  көрiп  жатады.  Бiрақ 
Абылайды Ақтөбеде де тыныш отырғызбайды. 1929 жылдың ақпан 
айында оны этаппен Петропавлға қайта алдырып түрмеге қамайды. 
Содан  кейiн  ОГПУ  коллегиясының  ерекше  кеңесi  өзiнiң 
қаулысымен 1929 жылғы 11 наурыздан бастап 3 жылға Сiбiрге жер 
аударады.  Абылай  Омбы  облысының  Иконников  ауданындағы 
Калачинск  стансасына  орналастырылады.  1930  жылдың  басында 
оның  отбасы  Ақтөбеден  Қорған  облысының  Макушино  қаласына 
келiп  орнығады.  1931  жылдың  наурыз  айында  Абылай  айдаудан 
босап, туыстарына келiп қосылады. Бiрақ ол бостандықта көп жүре 
алмады. Сол жылғы мамыр айында жалған жаламен оны Петропавл 
қаласындағы  әйгiлi  ақ  түрмеге  қамайды.  Бiрнеше  жыл  қуғын-
сүргiндегi  азаптар  сау  қойсын  ба,  түрмеде  ол  қатты  ауырып 
ауруханаға  түседi.  Сол  жылғы  қыркүйек  айының  аяғында  сол 
ауруханада  қайтыс  болады.  Сүйегi  осы  күнi  қалалық  парктiң 
сыртындағы бұрынғы мұсылман зиратына жерленедi. 
Арал  теңiзiнiң  Көкаралында  айдауда  жүрген  балдызы  Әбу 
Жұсыпұлы  жездесiнiң  өлiмiн  естiгенде  «Асыл  жездем»  деген  өлең 
шығарыпты. 
1993 жылғы 14 сәуiрде Қазақстан Республикасының Президентi 
Н.Ә.Назарбаев  қол  қойған  «Жаппай  саяси  қуғын-сүргiндер 
құрбандарын  ақтау  туралы»  Заң  қабылданды.  Мiне,  осы  Заңға 
сүйенiп Солтүстiк Қазақстан облыстық прокуратурасы 1929 жылғы 
қыркүйекте  ОГПУ  коллегиясының  жанындағы  ерекше  кеңестiң 
шешiмiмен  РСФСР-дың  Қылмыстық  кодексiнiң  58-2, 58-10 
баптарымен сотталған Рамазанов Абылайды ақтап шығарды. 
Сөйтiп,  осы  өңiрдiң  зиялы  азаматтарының  бiрi  Абылай  хажы 
Рамазанов  толық  ақталды.  Ендi  оның  ұрпақтары  қорықпай-үрiкпей 
осындай аталарымен ашық мақтануларына болады. 
Жоғарыда  айтқанымыздай,  Әбу  Жұсыпов  жездесi  Рамазанов 
Абылайды  туған  ағасындай  жақсы  көрiп,  сыйласып  өткен.  Абылай 
1931  жылы  қуғын-сүргiннiң  салдарынан  қайтыс  болған  кезде  Әбу 
Қарақалпақстанда айдауда жүрген. Жездесiнiң 1913 жылы Стамбул 
қаласында  түскен  фотосуретiн  жоғалтпай  сақтап,  1956ж.  ақталып 
елге  келгенде  «Асыл  жездем»  деген  өлеңiн  және  осы  фотосуреттi 
Абылайдың  туған  ұлы  Үкiтайға  тапсырыпты.  Жездесiне  деген 
сыйластығы мен сағынышын бiлдiретiн сол өлең мынау: 
 
Аяулы, бағаң қымбат, асыл жездем, 
Iркiлер есiме алсам жасым көзден. 
Секiлдi күнi кеше арамызда 
Жүргенiң күлiп-ойнап сенiң бiзбен. 

Толықсып сол бiр тұрған кезiң едi, 
Қызықты балдай тәттi сөзiң едi. 
Гүл едiң мәжiлiстерде бас қосқанда 
Ақ жарқын, ала бөтен жүзiң едi. 
 
Әзiлiң бiрде қалжың, бiрде шын-ды, 
Көрсеткен жақсы-жаман бойда мiндi. 
Көлтең-жалтақ сөйлеуден аулақ едiң, 
Лебiзiң шықса аузыңнан болған құнды. 
 
Кезiнде ауыр шайқас, қиын заман 
Көп соғысқан қалмақпен тiреп табан. 
Сондағы ерлiктерi халқына ұнап 
Абылайға уәзiр болған Майлы бабаң. 
 
Сол ердiң сен төртiншi ұрпағы едiң 
Ұлықтан артық болған ақыл-санаң. 
Жер үшiн жауларменен дауласқанда 
Жыртылып көрген емес жаудан жағаң. 
 
Өзгеше жұрттан бөлек болды қалпың, 
Әдетiң, жүрiс-тұрыс, дәстүр-салтың. 
Қараттың ауызыңа ғадiлдiкпен 
Атығай, Керей, Уақ түгел халқын. 
 
Жасыңнан даулы iске болдың мықты, 
Жиында ел сенi тыңдап, сөзiңдi ұқты. 
Қазақ, татар, естекке мәлiм болып, 
«
Жұлдызды Абылай» деп атың шықты. 
 
Сегiз серi батырдай өнерлi едiң, 
Ақылға Киiкбайдай кемелдi едiң. 
Алашқа есiмiң мәшһүр данышпаным, 
Әр жұртқа ерлiгiңмен беделдi едiң. 
 
Бар едi зор беделiң Қарауылға, 
Көрiндiң хан сияқты әр ауылға. 
Адалдық, жомарттықпен сыйлы болдың 
Қызылжар, Омбы, Көкше, бар қауымға. 
 
Сiзде едi жiгер, қайрат, таудай талап, 
Абырой, бақ бердi саған құдай қалап. 
Қай жаққа барсаңдағы құрметтедi ел 
Қазақтың көсемiне сiздi балап. 
 

Көрiндiң мұсылманға иман жүздi, 
Естек, татар бәрi де сыйлап сiздi. 
Жол көрсетiп оқуға жетеледiң, 
Қатардан қалмасын деп мына бiздi. 
 
Жақсының бәрi сiздi жүрдi жанап, 
Мұсылманға жанашыр ер деп санап. 
Жасыңда саяхаттап араладың 
Жерлерiн поляк, немiс, түрiк, араб. 
 
Бес рет сапар шектiң Арабстан 
Шыққан көп ол сапарға әрбiр тұстан. 
Мыңдаған тауап қылса барған жандар 
Мүбәрак орындарда басын қосқан. 
 
Солардың қатарында болдың бiрге, 
Жайларды қасиеттi көрдiң бiрге. 
Ғарафа, Мина, Қағба, Мырзаланы 
Зиярат қып оларға да бардың бiрге. 
 
Мәдина пайғамбардың жатқан жерi, 
Сол сапар зияратында болды бәрi. 
Түрiктiң астанасы Стамбулда 
Бiрнеше күн болдың да кеттiң әрi. 
 
Жiбердiң сонда түскен суретiңдi, 
Қарағам тамашалап келбетiңдi. 
Сақтадым 42 жыл ұдайы мен 
Өзiмде содан берi жүретiн-дi. 
 
Жасыңда заң оқуын тәмамдадың, 
Қазан мен Стамбулдан бiлiм алдың. 
Шыншылдық, ержүректiк қасиетiңмен 
Талайын содырлардың жөнге салдың. 
 
Орыстың шаһарларын араладың, 
Таныстың тарихымен даналардың. 
Кездесiп чиновниктiң нешеуiмен 
Өзiңнен аса алмасын шамаладың. 
 
Бiлемiн мәңгi жоқсың ендi бiзге 
Арнаған қабыл болсын дұғам сiзге. 
Жүргенде қиыр жайлап әртарапта 
Дариға, қазаң жеттi жеке дүзде. 
 

Қалыпсың туған қалаң Қызылжарда 
Халқыңның қадiр бiлген ортасында. 
Жүзiңдi солған соңғы көргенде елiң 
Мұңайып қалған шығар расында. 
 
Арманым: соңғы кезде көре алмадым, 
Серiк боп қатар бiрге жүре алмадым. 
Қайтарда бақылдасып өзiңменен 
Сөйлесiп тiлдесуге келе алмадым. 
 
Арманда жалғыз ғана мен емеспiн, 
Бұл күнде, алтын жездем, тiрi емессiң. 
Өтсең де сан айтылып жүрсiң елде, 
Iшiнде еске алынып сан кеңестiң. 
 
Арманды бұл дүниеде жалғыз мен бе, 
Табылар мен сияқты талай пенде. 
Отырып оңашада шер тарқатқан 
Солардың қатарында жүрмiн мен де. 
 
Бола көр бақыл разы, асылзадам, 
Кеше гөр ренжiткен болса жазам. 
Жас жетiп көр аузында тұрғандаймыз 
Мысалы, құлағандай бассақ қадам. 
 
Мендағы көр алдында тұрғандаймын, 
Басымды о дүниеге бұрғандаймын. 
Қарасам суретiңе, асыл жездем, 
Өзiңмен бiрге кеңес құрғандаймын. 
 
Ажал көп, өлiп кетсем зая кетер, 
Жоғалып бұл суретiң текке бекер. 
42 жыл сақтаған суретiңдi 
Қайтарам ұрпағыңа, ендi жетер… 
 
       
Болат Сағындықов 
ӘКЕ ЕСIМIНЕ ЛАЙЫҚ БОЛАЙЫҚ 
 
Бiздiң Солтүстiк Қазақстан облысының мыңдаған саяси қуғын-
сүргiн құрбандарының бiрi-менiң әкем Сағындықов Мағаз. 
Ата қонысымыз қазiргi Мәулiт ауданындағы Бостандық ауылы 
мен  Андреевка  селосының  аралығындағы  Нұрабай  жұрты  болған, 
әкем  сол  жерде  туып  өскен  екен.  Бабаларымыз  дiн  жолын  қатты 
ұстанған  шеттерiнен  моллалар  екен.  Атам  Сағындық  өзiнiң  төрт 
ұлы,  екi  қызына  дiни  бiлiм  берген.  Ағалары  үйдiң  малын  бағып, 

шаруасын  тындырса,  ең  кiшiсi  Мағаз  ат  үстiнде  түздiң  iстерiн 
тындырған. 
Тұрмыс тауқыметi әкемдi жалшылыққа да баруға мәжбүр еткен. 
Қазiргi  Есiл  ауданына  қарасты  Поляковка  селосындағы  Поляков 
деген байдың 1911-1913 жылдары малын баққан. 
Кеңес  үкiметi  жарылқап,  тұрмысты  түзетер  дегенге  сенiп, 
ұжымдық  шаруашылық  құруға  белсендi  араласып,  мал  фермасын, 
колхоз төрағасы, ауылдық кеңестi басқарған. Пысықтығынан болар 
сол  отызыншы  жылдардың  басында  Кемеров  облысынан  колхозға 
жылқылар  тасымалдаған.  Кемеровтан  келген  үйдей  қара  айғыр 
бертiн  келгенше  колхоздың  үйiрiн  бақты,  оны  өзiм  бала  кезiмде 
көзiм  көрдi.  Бiрақ  сол  кезде  мен  оның-әкемнiң  көзi  сияқты  екенiн 
бiлмедiм. 
Әкемiз  ағайын  арасында  абыройлы  болған  деседi,  туыстардың 
татулығын сақтауға, бiр-бiрiне қол үшiн берiсуге, кемтарларға көмек 
көрсетуге ұйтқы болыпты. 
Жеңгелерi  қатты  сыйлап,  «Ауылнай»  деп  қана,  атын  да 
атамапты. Ағалары атын жегiп сапарға аттандырып отырады екен. 
Шешем марқұм айтып отырушы едi: «Әкең жол жүрiп келгенде 
қарсы  алып,  тұлыбын  шешiп,  атын  доғарып,  байлап,  шай-суанын 
алдына  тосып,  бабын  таба  бiлдiм  деп»  келiндерге  өнеге-дәрiс 
ретiнде баяндайтын. 
Әкем  мiнезi  қатаң  болса  да  тiл  табысып,  сыйласып  бiр  қатты 
сөзге келгенiмiз жоқ деп зор ризашылықпен еске алушы едi қайран 
анам. 
Әкемiздi  қаһарлы  1937  жылдың  20  қыркүйегi  кешiнде  НКВД-
нiң  Приишiм  аудандық  бөлiмi  тұтқындады,  атақты  «қара  қарға» 
мәшинесiне мiнгiзiп алып кетедi. 
Бұл былай болған. 
Бiздiң  ауылдың  тумасы,  Қызылжар  қаласының  тұрғыны 
Мұхамбетов  Әбiкейдi  бұдан  бiр  ай  бұрын  НКВД  абақтыға  алып, 
Жапонияның жансыздары тобының басшысы деген жала таңылады. 
Тергеушiлердiң  қатыгездiк  соққысына  шыдамай  жоқ  топтың 
«
мүшелерiн» тiзуге мәжбүр болады. Сол тiзiмге менiң әкем Мағаз да 
iлiгедi.  Қайратты  да  қайсар  әкем,  бәрiбiр  бiр  өлiм  деп  ойлаған 
шығар, қиын қыспақтарға шыдап, жабылған жаланы мойындамаған 
болар. Оған дәлел үштiктiң өлiм жазасына бұйырған үкiмiнде кiнәсi-
молланың баласы деп көрсетiлген. Тек молла баласы болғаны үшiн 
аюандықтың  құрбаны  болып,  45  жасында  атылып,  қыршынынан 
қиылғанына не дерсiң? 
Ол  –  миллиондардың  бiрi  ғой.  Өз  елiнде,  өз  жерiнде  қырғын 
соғыссыз  қырылып,  жер  жастанғандар  –  сталиндiк  сұмырай 
саясаттың құрбандары. Иә, қой үстiне бозторғай жұмыртқалатамын, 
жұртымызда  жұмақ  орнатамын,  әдiлдiк  әкелемiн  деген  Кеңес 
өкiметiнiң  сайқал  саясаты  мен  iндеттi  iстерi  қазақ  елiне  нәубет 

әкелдi. Миллиондап қойдай жосыған, аштықтан қырылып, кәмпеске 
мен  коллективизациядан  қашқынға  айналған,  «Көкарал»  мен 
«
Барсакелмеске»  айдалған  саяси  қуғын-сүргiннiң  дүрбелеңiне 
түскен, қайран қазағым, не көрмедiң, не көрмедiң! 
Теперiшiн  көрсетiп,  титығына  жеткiзген,  қасiрет  шектiрген 
Кеңес  империясын  фашистерден  қорғап  тағы  да  қырылысқа 
ұшыраған  ұлтымның  ұлдары  мен  қыздары  ерлiгiмен  әлемге  әйгiлi 
болды емес пе?! 
Қандай  жаны  жайдарлы  жүрегi  кең  Адамдар  десеңшi  бiздiң 
қазақ  жарықтықты.  Өздерi  аш-жалаңаш  отырып,  сонау  соғыс 
жылдары елiмiзге жер аударылып келген ондаған соры қайнаған ұлт 
өкiлдерiн  қарсы  алып,  тәлкектi  тағдырларына  мұңдас  болып,  тар 
баспанасынан  тұрғын  берiп,  соңғы  кесек  нанын  бөлiскен  қазақты 
күнi  бүгiнге  дейiн  шешен,  ингуш,  немiс,  поляк,  балқар,  кабардин, 
қарашай  сияқты  бауыр  басысып  кеткендер  көздерiне  жас  алып, 
тебiренiп тұрып рахметiн айтады. 
Сондықтан  да  шығар,  бүгiн  қазаққа  құдай  жақсылықты  берiп 
отыр. Шарапатымыздың шапағаты шығар, елiмiз тәуелсiздiкке қолы 
жетiп,  жұлдызы  жарқырап,  ең  өркениеттi  елу  елдiң  қатарына 
қосылғалы тұрғанымыз. 
Адам баласына мәңгi тамұқ жоқ деген осы болар – елiмiз аман, 
жұртымыз  тыныш.  Бар  әлем  бiзге  қызығып  та,  сүйсiнiп  те  қарап 
отыр емес пе! 
От  ағасы,  үй  панасы  әкемiзден  тiрiдей  айырылып,  атылғанын 
бiлмей  он  жылға  сотталды  деген  жалған  хабарға  сенiп,  оралар  деп 
үмiт  үзбей,  күйзелiс  күйiн  кешiп,  бiр  қора  жетiм-жесiр  тағдырдың 
тауқыметiн  құшақтадық.  Отыз  жетi  жасында  тiрi  жесiр  қалған 
қайран анам өмiрдiң бар ауыртпалығын нәзiк арқасына артты. Алды 
әжем, арты бiр жасар мен жетi жан жалғыз шешемнiң қолына қарап 
қалдық. 
Мал-мүлiк тәркiлендi. 
Әркiм, әрине, өз анасын ардақтайды. Ол дұрыс. Ал менiң анам – 
Алланың ерекше етiп жаратқан жаны едi. 
Жастайынан  құрыштай  шыныққан  (атасының  қолында  ұл 
орнында өскен) қайраттылық пен қайсарлықтың үлгiсi десем артық 
айтпаспын.  Бiр  үзiм  қара  нанға  аузымызды  тигiзу  үшiн  арқа  етiн 
арша,  борбай  етiн  борша  етiп,  тынымсыз  еңбек  еткенi  бiр  басқа, 
«
халық жауының» қатыны атанып, көрген қорлығы бiр басқа. Өзге 
халық жауларының жұбайлары «АЛЖИРде» көресiндi көрсе, менiң 
шешем ауылда жүрiп бас бостандығынан айрылған. Олай демей не 
дейiн, егер жаз туа алыстағы «Қызыләскер» кеңшарына қой бағуға, 
қыс  бұрынғы  Ленин  ауданындағы  Попятное  деген  елге  егiн  соғуға 
сапар шектiрген зорлықты бастан өткердi емес пе? 

Айта  кетейiн,  тағдыр  анамды  сол  Попятное  селосында  саяси 
қуғын-сүргiннiң  құрбаны  Илья  Мискиннiң  отбасымен  түйiстiредi. 
Ол үйде пәтерде тұрып, жанұясының қамқорына бөленедi. 
Кейiн елуiншi жылдардың басында ағам Қилаж марқұм Лузинка 
мектебiнiң  директоры  болғанда  (Попятное  Лузинкамен  бiрге  бiр 
колхоз  болған)  әлгi  Ильяның  баласы  Кузьма  сол  мектепте  мұғалiм 
болып, отбастарымен достасып кеттi. 
Тұрмыс,  әрине,  әбден  ауыр.  Шешем-жалғыз  асыраушы.  Жаз 
күндiз  шөп  маялаушы,  түнде  қой  күзетiнде.  Қыс  күндiз  колхоздың 
қозысын күтедi, түн глубинканың астық қоймаларын күзетедi. 
Несiн жасырайын, өлместiң қамы ғой – қойма күзетiнен қойны 
– 
қонышына тығып бiрер тостаған бидай әкелiп, оны қол диiрменге 
тартып ас қыламыз. 
Қойдың  жүнiн  аздап  жұлып  әкеледi,  оны  әжем  иiрiп,  шұлық 
тоқиды. 
Қайтерсiң,  «еңбеккүнге»  жыл  аяғында  оны-мұны  тисе  тидi, 
тимесе ештеңесiз қалатын заман едi. 
«
Өлмегенге  өлi  балық»,  «Шықпа  жаным  шықпа»  деп  ғұмыр 
кештi  ғой  ауыл  жұрты.  Үлкен  ағам  Шерашитден  өз  жасымен 
майданға  аттанып,  кiшi  ағам  Қилаж  он  алты  жасында  екi  жылды 
қолдан  қосып,  майданға  өзi  сұранып  кеттi.  Кейiнде  Қилекең  есiне 
алып:  «Менi  халық  жауының  баласы  деп  мектепте  тұқырта  бердi, 
комсомолға  да  алмады.  Менiң  әкем  халық  жауы  емес,  мен  оны 
қаныммен дәлелдеймiн деп соғысқа бардым» дейтiн. 
Шерашитден 1944 жылы соғыстан ауыр жаралы болып оралып, 
21 жасында өмiрден озды. 
Қилаж соғысты Қырымнан бастап Берлинде аяқтап, 1949 жылға 
дейiн әскери қауiпсiздiк қызметiнде болып елге оралды. 
Приишим  аудандық  милиция  бөлемiнде  жылға  жуық  қызмет 
атқарған  жерiнен  «халық  жауы»  баласы  деп  шығып  қалып,  бiр 
зардап  шектi.  1952  жылы  Ленин  аудандық  партия  комитетiндегi 
қызметiнен тағы да «халық жауы» баласы деп қуылады. Бұл екiншi 
көрген зардабы. 
Қан  төгiп,  етiгiмен  су  кешiп,  мұзды  окопты  төсенiп,  елiн 
қорғаған  майдангерге  көрсетiлген  бұл  –  «құрмет  едi»,  не  iстерсiң, 
«
жазған құлда жазық бар ма». 
Зеректiгiнiң арқасында онжылдыққа экстерн боп экзамен берiп, 
Петропавл  пединститутын  сырттан  оқып  бiтiрдi  де,  бiраз  жылдар 
ұстаздық  еттi.  Талабы  мен  таланты  жетекшi  күш  болып  Қилаж 
ағамыз жоғары лауазымды бiраз қызметтер атқарды. 
Елiмiзге белгiлi қоғам қайраткерi, қадiрлi ақсақал едi. 
Не көрмедiм мен байғұс, не көрмедiм! 
Тағдырдың  талай  тәлкегi  менi  де  сiлкiледi.  Бiр  жасымнан 
әкемнен жетiм қалып, «Әке!» деп тiлiм шықпады. 

Шеше  қамқорлығынан  кенде  болмасам  да  әкенiң  аты  әке  ғой, 
шiркiн! 
Екi  кештiң  арасында  әкемдi  тұтқындауға  келген  НКВД 
жендеттерi  еңбектеп  үй  жағалап  кеткен  менi  иiскеп,  бiр  сүюге 
мұршасын  келтiрмеген  екен.  Өкiнiшке  орай  әкемнiң  суретi  де 
қалмады. 
Бiзде  балғын,  балдай  тәттi  балалық  болмады,  iшiп  асқа,  киiп 
киiмге  жарымадық,  он  жасқа  толмай  жатып  колхоздың  жұмысына 
салындық. 
Соғыс  жылдарының  сөкеттерi  бiздi  ерте  есейттi  десек,  сол 
заманның жас ұрпағының үлесiне тигенiн бәрiмiз бiлемiз. Сол ұрпақ 
бiледi, өкiнiшке орай, кейiнгiлер бiле бермейдi. Бiлу керек, ол тарих, 
тарихты қастерлеу керек, сол тарихты бастан кешкен үлкен ұрпақты 
сыйлау үшiн керек. 
Ей  Алла,  қуғын-сүргiн  дүрбелеңi  адам  баласын  нендей 
қыспаққа салмады, нендей iс-әрекеттерге бастамады. 
Бәрiмiз  бiлемiз,  Мағжан  Жұмабаевтың  туған-туыстары 
әрқайсысы  әртүрлi  фамилияны  жамылып,  жан-жаққа  бытырай 
қашты емес пе. 
Баласы  да  әкесiнiң  есiмiнен  безген  заман  болған  жоқ  па!  Сол 
кесапат маған да келдi. 
Екi  рет  жұмыстан  қуылып,  жазықсыз  зардап  шеккен  ағам 
Қилаж  менiң  сегiзiншi  сыныпта  оқып  жүрген  кезiмде:  «Әкемiздiң 
халық  жауы  деген  атағы  маған  қырсық  болып  тидi  ғой,  ендi  тым 
болмаса  келешiгiң  бар  ғой,  саған  зияны  тимесiн,  фамилияңды 
Сағындықов деп өзгерт, Мағаз менiң жай туысым дерсiң, жасыңды 
екi  жас  шегертейiк»  деп  ақыл  бердi.  Сондықтан  туған  ағайынды 
екеумiз екi фамилияда кетiп, ұрпағымыз екi тармаққа айналды. Бұл 
да менiң жүрегiмде қалған бiр тыртық. 
Тұрмыстың  таршылығы  бәрiмiздiң  пешенемiзге  ортақ  қой. 
Әрине,  әкем  болса  нанның  ағын  жер  ме  едiм,  кимiмнiң  тым 
жұпынылығынан аурушаң да болмаған болар едiм. 
Бәрiнен маған батаныны – жанның жүдеулiгi, жүректiң жарасы. 
«
Ой, әке-ау, қайда кеттiң адастырып, 
Бұл  күнде  жетiм  қылдың  жарастырып…»  деген  шешемнiң 
жүрегiнен,  сәби  тiлiмнен  шыққан  сөздердiң  шерiн,  мұңын  ол  кезде 
сезбеппiн, кейiннен айтқан сайын көзiме жас толады. 
Әке  мейiрiнiң,  әке  махаббатының  жоқтығын  бала  кезiмде 
көбiрек  сездiм.  Әкем  болса  ғой,  олай  болар  едi,  былай  болар  едi 
деген қиял мен көрген қиянат араласып, алқымымды кернеп кететiн 
жайлар аз болмады. 
Өмiр  деген  ең  жоғары  университет.  Өмiр  мектебi  шыңдайды, 
ширақ  етедi,  қайрат  пен  қайсарлық  қасиеттердi  бойыңа  сiңiредi, 
басыңды  салбыратпай,  тұлғаңды  түзу  ұстауға,  кедескен 

қиыншылықтарды  жәңе  бiлуге,  табандылыққа,  таймастыққа, 
турашылдыққа баулиды. 
Құдай  қаныма  сiңiрген  қасиеттерден  болар,  сол  қатыгез 
мектептiң  өмiр  сабақтарын  меңгергенiмнен  болар,  қиындықтан 
тайынбадым,  әдiлетсiздiкке  бағынбадым,  мықтыларға  жағынбадым, 
төрелерге табынбадым, жоғымды сұрап, көзiмдi сатып жалынбадым, 
жағаласқанға  алынбадым,  сары  уайымға  салынбадым,  жасымнан 
бiлiммен  өнер  қуып,  от  болып  жалындадым,  ауырлықты  жеңген 
сайын жұқармадым, қалыңдадым. 
Әкем  бастаған,  iргесiн  қалаған  ауыл  өмiрiн  өрлетуге, 
өркендетуге  өзiмнiң  саналы  өмiрiмдi  бағыштадым.  Жоғары  бiлiмдi 
ауылшаруашылық  маманы  ретiнде  өткен  тұрғыдан  қарап  ауыз 
толтырып айтарым аз емес. 
Елу  жыл  ауыл  аймағында  егiн  өсiрiп,  мол  астық  жинап,  мал 
шаруашылығын  баптап,  ел  адамдарының  тұрмыс-тiршiлiгiн 
жақсартуға күш-жiгерiмдi аямай жемiстi еңбек еткенiмдi мақтаныш 
пен айта аламын. 
Жетпiстен жасым  асса да  тұғырымнан,  Аллаға  шүкiр  түскенiм 
жоқ. Әлi де қоғамға титтей де болса пайдам тисе екен деген ниетпен 
қатардан қалмай келемiн. 
Әкем  сияқты  мыңдаған  қуғын-сүргiн  құрбандарының  зардап 
шеккендердiң келелi мәселелерiмен айналысып жүрмiн. 
Облыс  орталығы  Қызылжар  қаласында  бұрынғы  НКВД 
ғимараты болған жерде сол құрбандарға арналған ескерткiш салуға 
бас болып ат салыстым. 
«
Память»  қоғамдық  қордың  төрағасы  ретiнде  алда  атқарар  игi 
iстерiм аз емес. 
Мiне,  «халық  жауларының»  балалары  осындаймыз  деп  айта 
алатын  азаматтар  қоғамда  зор  абыройға  ие  болып  жүргенiн 
мақтаныш етемiз. 
Нақақтан  жазаланған,  бүгiн  адал  есiмдерi  ақталған  аталардың 
аттарын атап, аруақтарына басымызды иеиiк. 
Айтайық, жазайық, ұрпақтарға сабақ болсын. 
 
Рүстем Уәйiсов 
НАҒАШЫМ ЕЛ АҒАСЫ ЕДI 
(Нұрыш Данияров)           
 
Менiң  нағашым  Нұрыш  Даниярұлы  Данияров  деген  адам. 
Нұрыш шешем – Қадишаның туған ағасы. Ол ертеден елге танымал, 
көзi  ашық,  сауатты  адам  болыпты.  Сонау  өткен  ғасырдың 
жиырмасыншы жылдарынан бастап жаңа үкiметке адал еңбек еткен. 
Мәскеуде  оқып,  Қазақстанның  әр  жерiнде  партия,  Кеңес, 
шаруашылық  қызметтерiн  атқарған.  Бiрақ,  Нұрыш  кешегi  отыз 

жетiдегi  жаппай  жазалау  науқанының  iлгегiне  iлiнiп  кетiптi. 
Жазықсыз жазаланды, атылды. 
Әдетте,  артта  қалған  туыстары  жоқтау  айтып,  iздеу  салары 
сөзсiз. Нағашымның қайда, қашан атылғаны, қай жерде жерленгенi 
жөнiнде бейхабар едiм. Осы жағдайды зерттеудi, iздестiрудi алдыма 
мақсат етiп қойдым да, iске кiрiсiп кеттiм. Алдымен, оқырмандарға 
түсiнiктi болу үшiн, Нұрекеңнiң өмiр жолына тоқтала кетейiн. 
Нұрыш  Данияров  1899  жылы  бүгiнгi  Солтүстiк  Қазақстан 
облысы (бұрынғы Петропавл уезi) Пресногорьков ауданындағы № 3 
ауылда өмiрге келген. Бұл жер кейiн Қостанайға бөлiнiп кеттi. 
Бұл  жанұя  ежелден  егiн  егу,  мал  өсiрумен  айналысқан  орта 
шаруадағы  еңбекқор  адамдар  болыпты.  Нұрыш  алғашқы  бiлiмдi 
орыс-қырғыз  аралас  училищесiнен  алып,  оны  он  төрт  жасында 
бiтiрiп  шығады.  Одан  кейiн  әке-шешесiне  қолқабыс  тигiзiп, 
шаруашылықпен  айналысады.  Кейiн,  Кеңес  үкiметi  орнағаннан 
кейiн, Коммунистiк партия қатарына өтедi, оған қолдау жасаған, сол 
кездiң  өзiнде  белгiлi  болған  азаматтар  Сәбит  Мұқанов  пен 
Әбдiрахман  Айсарин  болатын.  Сәбит  Мұқанов  өзiнiң  «Өмiр 
мектебi»  кiтабында  Нұрыш  Данияровты  мақтап,  сыпаттап  жазып 
кеткен едi. 
Осы кезден бастап, яғни 1921 жылдан Нұрыш Данияров Ақмола 
губерниясының оқу бөлiмiнiң нұсқаушысы, одан кейiн уездiк атқару 
комитетiнiң бөлiм меңгерушiсi қызметтерiн атқарады. Ол Мәскеуге, 
Орталық  Партия  комитетi  жанындағы  партия  қазметкерлерiн 
дайындайтын екi жылдық оқу орынына (курсқа) жiберiледi. Оқуды 
аяқтағаннан  кейiн  бiрнеше  партиялық  қызметтердi  атқарады,  атап 
айтқанда  Ақмола  уездiк,  губерниялық  партия  комитеттерiнiң 
хатшысы  болады.  Одан  кейiн  губерниялық  партия  мектебiнiң 
директоры,  Петропавл  округiне  қарасты  Октябрь  аудандық  партия 
комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып iстейдi. 
Ол  арасында  облысымыздың  «Шағалалы»,  «Қиялы»  деген 
жерлерiнде  шаруашылық  жұмыстарымен  де  айналысқан  екен. 
Ақтөбеде  жер  шаруашылығы  техникумын  басқарған,  тағы  да 
аудандық,  өлкелiк  партия  комитеттерiнде  қызмет  атқарған. 
Нұрекеңнiң  ең  соңғы  қызмет  атқарған  жерi  Оңтүстiк  Қазақстан 
облысындағы Сарысу ауданы едi, осы ауданға басшы болып келедi 
1932  жылы.  Бұл  сол  кездерi  буыны  әлi  бекiмеген  жаңа  құрылған 
аудан  болатын.  Тәжiрибелi  де,  iскер  басшы  аудан  экономикасын, 
мәдениетiн  үш-төрт  жыл  iшiнде  көтере  бiлдi.  Кадр-мамандарды 
тәрбиелеп,ұжымдық шаруашылықтарды жетiлдiруге жұмылдырады. 
Ауданда алғаш «Социалистiк шаруа» газетiн ашқызады. Осындай ел 
iшiнде  беделi  артқан  адал  азаматты  1937  нiң  30  қазан  айында 
«
Үштiк»  ұстап,  түрмеге  жабады,  «Халық  жауы»  деп  1938  дiң  19 
ақпан айында атады. Атылған жерi, кейiн анықталғандай, Шымкент 
қаласына  тақау  «қайтпас  сай»  деген  жер  екен.  Сөйтiп,  нағашым 

қырыққа  да  жетпей  қыршынынан  қиылды,  нақақтан  кеттi.  Кейiн 
кiнәсiз екенi анықталды, ақталды. Бұл да болса көңiлге медеу. 
Көкейде  жүрген  ойымды  елiмiз  егемендiк  алғаннан  кейiнгi 
шыққан  «Саяси  қуғын-сүргiн  құрбандарын  еске  алу»  жылының 
жариялануы  оятты.  Сол  жылы  Шымкент  қаласында  атылған  32 
адамның  тiзiмi  «Егемен  Қазақстан»  газетiнде  жарияланыпты.  Сол 
тiзiмнiң iшiнде менiң нағашым – Нұрыш Данияров та бар екен. Сол 
күннен кейiн нағашым жөнiндегi деректердi iздестiруге кiрiстiм. 
Алдымен  iстi  облыстық  ұлттық  қауiпсiздiк  комитетiнiң 
мұрағатынан  бастадым.  Онда,  өкiнiшке  орай,  нағашымның  iс-
қағаздары  жоқ  болып  шықты.  Ақыры  Жамбыл  облысы  ҰҚК-нiң 
мұрағатынан  табылды.  Бiр  байқағаным,  жауапқа  тартылып,  одан 
кейiн барлық атылғандарға шығарған «Үштiктiң» қорытынды үкiмi 
бiрдей деуге болады: ұлтшыл ұйымға мүше болған, Кеңес үкiметiн 
құлату  ниетiндегi  адам,  Қазақстанды  Одақтан  бөлiп  әкету  т.с. 
үкiмдер. Қысқасы оларды «бiр қалыпқа» салып соттағандай. Нұрыш 
Данияров  Сарысу  ауданында  өзiнiң  басшылығымен  өмiр  сүрiп 
келген контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның белсендi басшылары-
ның  бiрi  болып  табылады  делiнген  айыптауда.  Оған  қоса  ол 
Қазақстанда кеңес өкiметiн құлатуды және буржуазиялық -  ұлттық 
мемлекет  орнатуды  түпкi  мақсат  етiп  қойған  деп  айтылған. 
Дегенмен мән-жайдың анық-танығына жету үшiн сапар шегуге тура 
келдi.  Жолымды  алдымен  Павлодардан  бастадым.  Онда  нағашым-
ның  жалғыз  немересi  Тамара  деген  тұратын,  сол  кiсiмен  кездесiп, 
мақсатымды және жоспарымды айттым. 
Негiзгi  тоқтайтын  жерiм  –  Шымкент  қаласы  едi.  Соған  да 
жеттiм. Ондағы қуантарлық бiр жәйт Республикамыздың 10 жылдық 
тойына  қарсы  «Саяси  қуғын-сүргiн  құрбандарына»  арналған 
мұражай  ашылған  екен.  Мұнда  келгенде  сонау  өткен  қайғылы 
күндерден азалы сыр шерткендей сезiнесiң. Онда тарихи жәдiгерлер 
сонау  37-ден  бұрынғы  кәмпескелеу  науқаны,  жер  аудару,  одан 
кейiнгi  соғыс  кезiндегi  бүтiн халықтарды  көшiру  кезеңдерi  кеңiнен 
көрсетедi.  Шымкент  қаласының  маңындағы  «Қасiрет»  мемориал-
комплексi  де  үлкен  есте  қаларлық  ескерткiш  екен.  Осы  нағашым 
жатқан  жерден  бiр  уыс  топырақты  елге  ала  келдiм.  Бұл  сапарда 
тарихи  құжаттар,  фотосуреттер  (оның  iшiнде  Нұрыш  нағашым 
жөнiнде де бар) т.б. деректердi әкелдiм. 
Сарысу  ауданының  75  жылдық  тойына  арнап  жергiлiктi 
жазушы-журналист  Пернебай  Дүйсенбин  деген  азамат  «Шежiрелi 
Сарысу»  атты  кiтап  шығарыпты.  Бұл  тарихи  құнды  басылым  екен, 
оның  iшiнде  аталып  отырған  Нұрыш  Данияров  та  бiраз  айтылып 
кетедi. Осы тойға қатысудың маған сәтi түстi. Онда аудан шежiресiн 
сөз  еткенде  Нұрекеңнiң  аты  аталып  қана  қоймай,  бiрнеше  көзi 
көрген көнекөз қариялар оның iскерлiгiн, адалдығын, адамгершiлiгн 
кеңiнен сөз еттi. 

Менiң  нағашымның  адами  қасиеттерiн  осы  жерде  сезiнгендей 
болдым.  Кейiнiрек  осы  ақсақалдардың  бiразымен  ауызба-ауыз 
кездесiп сөйлестiм. Сондағы олардың айтқаны: 

Иманжүздi адам едi, Нұрыш-аға; 
-
 
Күн-түн демей аянбай еңбек еттi, қаншама терiн төктi, елдi 
қоғамдастырып, бастарын бiрiктiрдi; 
-
 
Мал, егiн өсiрiп, отырықшылыққа бейiмдеумен айналысты; 
-
 
Ол ел қамын ойлаған ер едi. 
Мiне, осы тойда жақсы лебiздер нағашым атына төгiлiп жатты. 
Көңiлiм  орнығып,  жүрегiм  жай  тапқандай  күйде  болдым,  нағашым 
тiрiлiп келгендей қуанып, елге оралдым. 
 
Ғалым Қадiрәлiұлы 
АЙДАУДА БОЛҒАН АҚЫН 
(Уахит Темiрбеков) 
     
Темiрбеков  Уахит  Әбжанұлы  өткен  ғасырдың  екiншi 
жартысында  облысымызға  белгiлi  айтыскер  ақын  атанды.  Оның 
балдәурен  балалық  шағы  да,  жалындаған  жiгiт  шағы  да  дәуiр 
дүрбелеңi – нәубет заманға тұспа-тұс келедi. Сол ғасырдың алғашқы 
жартысында  өткен  революция,  ерiксiз  ұжымдастыру,  байлардың 
мал-мүлкiн  тәркiлеу  (кәмпескелеу),  саяси  қуғындау  (соттау,  жер 
аудару)  сияқты  қисынсыз  қиягер  iстердiң  соңы  аштыққа  апарды, 
халықты қырғынға ұшыратты, тарыдай шашты. Сөйтiп, ұлтымызды 
ойсыратып  кеттi.  Әкесi  Әбжан  да,  баласы  Уахит  та  осы 
құрбандықтың  қармағына  мықтап  iлiктi,  одан  босап  кете  алмады. 
Әбжан Темiрбекұлы сауатты, оқыған адам болған. Алғашында ауыл 
старшыны,  уездiк  жер  басқармасының  мүшесi  болады,  кейiн  жаңа 
үкiмет  орнаған  соң  алашордашылар  партиясы  жағына  шығады. 
Содан  соң  қуғынға  ұшырап,  айдалып  сотталады,  ақыры  хабар 
ошарсыз  кетедi.  Уахит  болса  «алашордашының  баласы»  деп, 
әкесiнiң соңынан iле ұсталады, жер аударылады. 
Уахит  Әбжанұлы  Темiрбеков  1904  жылы  Петропавл  округiне 
қарасты  №  12  ауылда  туған.  Ол  жер  ертеде  «Қуандық»  ауылы  деп 
аталса  да,  қазақтар  «Бөрiлi»  деп  кеткен.  Бұл  бүгiнгi  Шал  ақын 
ауданындағы  Сухорабовка  ауылдық  округіне  қарасты  Неждановка 
селосы  мен  Шортай  ауылының  маңы еді. Қазіргі  кезде Шортай  да, 
Қуандық та жоқ, тек олардың жұртының орыны ғана жатыр. Уахит 
Әбжанұлы  жасында  молдадан  оқып,  сауатын  ашады,  кейін  жеті 
жылдық  білім  алады.  Бертiн  келе  Покровкадағы  (Ақжар) 
ауылшаруашылығы  техникумын  бітіріп,  арнаулы  орта  білім 
дәрежесiне  ие  болады.  Жиырмасыншы  жылдардың  аяғында 
ұжымдастыру,  кәмпескелеу  науқандарына  белсене  араласады, 
жастар одағына, партия қатарына өтедi, Айыртау аудандық милиция 
бөлімін  басқарады.  1930  жылы  «Халық  жауы»  деп  кiнәланып, 

сотталып,  айдалады.  Бiр  кінәсi  «алашордашының  баласы» 
болғандығы.  Сот  шешiмi  шыққаннан  кейiн  батыстағы  Беломор- 
каналда, солтүстiктегi Таймыр түбегiнде, Қарағандының Карлагында 
болып, бiраз жердiң дәмiн татып, михнатын көредi. Тек 18 жылдан 
кейiн  ғана,  жас  –  жiгiт  шағында  (25  жаста)  кетiп,  елге  есейген 
шағында (43 жасында) оралады. Үйленедi, балалы-шағалы болады. 
Уәкең  тағдырдың  тәлкегiне  түсiп,  айыпталды,  тек  1989  жылы 
ғана,  60  жыл  өткесiн  ғана  ақталады,  заңсыз  қуғындалғандар 
қатарына іліктi («Ленинское знамя» газеті, 10.01.92 ж. саны). 
Уахит  Темiрбеков    ұзақ  ауыр  сапардан  оралғаннан  кейiн 
ұжымдық  шаруашылықта,  кеңшарда,  орман  шаруашылығында 
әртүрлi  қызметтердi  белсене  атқарады,  содан  зейнеткерлiкке 
шығады.  Бiрақ,  оның  ежелден  келе  жатқан  ермегi  өлең  жазу 
болатын, сондықтан ақындық өнерiн есейсе де шыңдай түседi, азды-
көптi  шығармалары  газет-журналдарда  көрiне  бастайды.  Кейiн  бiр 
неше  облыстық,  республикалық  ақындар  айтысына  қатысып, 
жүлделi орындарға ие болады, ел құрметіне бөленеді. 
Уахит  Темiрбеков  1982  жылы  77  жасында  дуние  салды. 
Артында ұрпағы, өлеңдерi қалды. 2004 жылы баспадан «Бiр өлiп, Бiр 
тiрiлдiм» атты шығармашылық жинағы жарық көрдi. Оған ақындық, 
еңбек, отан, туған жер тақырыбына жазылған өлеңдерi, поэмалары, 
қапастағы  қойын  дәптерiндегi  өлеңдерi  енгiзiлген,  онда  айтыс 
өлеңдерi де бар. 
Бiз  бүгiн  Уәкеңнiң  тарыншылықта,  қиын-қыстауда  жазылған 
бiрнеше  өлеңдерiн  берiп  отырмыз.  Онда  ақынның  көрген 
қиыншылығы, ауыр азабы суреттелген. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет