Әділғазы Қайырбеков


– Кезінде жазушының «Бесеудің хатын»



Pdf көрінісі
бет14/14
Дата26.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#2759
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

– Кезінде жазушының «Бесеудің хатын» 
жолдаушылардың бірі болғанын, кейін «Бейімбет жау 
болса, мен де жаумын» деуге батылы барғанын білеміз. 
Қаламгердің билікке көзқарасы қандай болып еді және 
билік басындағылар оны қалай қабылдады?
– Бұл Ғ.Мүсіреповтің Қазақ өлкелік комитетінде өнер 
секторының  меңгерушісінің орынбасары болып қызмет 
істеп жүрген кезі болатын. Бұл дегенің ол кезде үлкен 
қызмет. Өйткені әдебиет пен өнердің мәселелері сол кезде 
жоғарыда шешілетін. «Бесеудің хатын» жазған ашаршылық 
тұсындағы, содан кейінгі «Бейімбет жау болса, мен де 
жаумын» дейтін сталиндік репрессияның тұсындағы 
әрекеттерін шынында да ерлік деп бағалау керек. Өйткені ол 
басын  бәйгеге тігіп, саналы түрде соған барды.  Ашаршылық 
кезінде қаншама адам, мал басы босқа қырылып жатыр,  неге 
бұлай деп ашық айту кез келген адамның қолынан келмейтін 
еді. Ғабең үнемі шындық жағында болды. Уақытша билікке, 
өтпелі дүниелерге ешқашан құл болған жоқ. Ал билік 
қай заманда болмасын,  шындықты бетке айтқанды онша 

254
жақтыра бермейді. 
–      Бір қарағанда Сәбит, Ғабит, Ғабидендер өздеріне 
дейінгі зиялыларға қарағанда елінің қошеметіне бөленді 
деуімізге болды. Ел еркесі бола жүріп, кесек-кесек 
туындыларын дүниеге әкелді. Дәл солардай көсіліп жазу 
үшін бүгінгі жазушыларға не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Бұл кісілер әдебиетке үлкен құштарлықпен келген 
адамдар еді. Халықтың жаңа әдебиетін жасауға бар ынта-
жігер, күш-қуаттарын арнады.   Ол кездері әдебиетке жақсы 
қамқорлық жасалып отырды. Өйткені әдебиет иделогияның 
басты құралдарының бірі болды. Жаңа шыққан кітапқа мол 
қаламақы қойылып, кітаптарын елдің түпкір-түкпіріне 
тарататын. Тіпті одақтас республикаларда бірінен-біріне 
аударылып жататын. Яғни, оқырмандар іздеп жүріп оқитын 
жазушылар болды. Соның өзі адамға шығармашылық серпін 
береді ғой деп ойлаймын. Себебі оқырманы бар екенін сезінген 
уақытта бір шығармадан екіншісіне тез ауысып, туындыны 
оқырман талқысына салуға құштарланып отырады ғой. Ал 
енді кейінгі жылдардағы әдебиетке келсек, поэзия өзінің 
көркемдік деңгейін, биіктігін жоғалтқан жоқ. Ал прозада 
аздап баяулау бар. Бүгінгі күн тақырыбына тікелей араласып 
кеткен жазушылар санаулы. Олардың жазғандары да қазақ 
әдебиетінің  асыл мұрасы болып қалады деп ойлаймын. 
– Ғабеңнің ауызекі әңгімеде айтқан оқыс ойларын, 
тапқыр сөздерін де жинастыру керек шығар...
– Әрине, мұражай қызметкерлері Сәбеңнің де, Ғабеңнің 
де «...Деген екен» деп аталатын кітапқа сай сөздерін 
жинастырып жатыр. Кейінірек  жинақтап шығару да 
ойымызда бар...
Бірде Ғабеңді сынағысы келді ме екен, сөзден сүріндіргісі 
келді ме екен бір қаламгерсымақ: «Ғаба, осы қазақтың 
«қолаң шаш» дегені қандай шаш?» – деп сұрапты. Әлгінің 
қойған сауалына дұрыс жауап беруге де болар еді немесе 
«сені де жазушы дейді-ау, соны да білмейсің бе?» деп бетін 
қайтаруға да болар еді. Бірақ, Ғабең өйтпеген, сәл ойланып 
алып: «Қолаң шаш» деп жапондардың шампунімен жуған 
шашты айтады!» депті. Анау сөзден мат алғанын сезіп, тілі 
байланыпты.
Ғабеңнің сырбаз сөз саптауын, астарлы ой меңзеуін 

255
Ақселеу Сейдімбек өзінің күнделігінде: «Ғабең дүние 
саларынан бір ай бұрын менен «Білім және еңбек» 
журналының Шоқанға арналған №11 санын сұрады. Мен 
алып бардым. Үйінде жалғыз өзі екен. Журналды мұқият 
қарап шықты да, «Дұрыс екен» деді. Сонсоң Шоқанның 
150 жылдығына орай жоғарғы жаққа ұсыныс-ойларын 
айтып хат жолдағанын, ол хаттың аяқсыз қалғанын сөз 
етті. Ұсынысының бірі Қарағанды университетіне Шоқан 
есімін беру екен. Сөз арасында өзінен өзі бір ауық қабақ 
шытып үнсіз отырды да денсаулығын сөз етті. «Осы бір 
тұсымда, – деп кіндігінің тұсын бипаздай сыйпап қойды, – 
осы бір тұсымда бір ауру бар. Әлгі жаман ауру дейін десем 
көп белгісі оған келмейді. Ал енді онша жаныма батпаса да, 
бір жағымсыз белгісімен алаң етеді. Қалай ауыратынын 
тілмен жеткізіп айтудың өзі қиын. Егер бұл аурумен Ісләм 
Жарылғапов ауырса, ол лайықты атауын, ұрымтал теңеуін 
тапқан болар еді. Мен қалай ауыратынын дәл елестетер 
сөз таппадым». Осылай деді де Ғабең жымиып қойды» деп 
жазып қалдырыпты
– Ғабит Мүсірепов жазушылардың ішіндегі көп 
жасағаны десек те болады. Және тілі де шұрайлы болатын. 
Сөйте тұра өзгелермен салыстырғанда орыс тіліне дұрыс 
аударылмаған екен. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? 
Мысалы кезінде «Абай жолы» арқылы Әуезов, кейін 
«Ботагөз» арқылы Мұқанов орыстардың назарына ілінді. 
Ал Ғабиттің бұлай танылмауына қандай кедергі болды?    
–  Бірақ сол замандағы ең үлкен марапат Социалистік 
Еңбек Ері атағын  алған жалғыз қазақ жазушысы Ғабит 
Мүсірепов емес пе. 
– Дегенмен сол сыйлықтың өзіне жазушыны қандастары 
емес, орыс ағайындар ұсынған көрінеді деген сөздер 
айтылып қалады.
– 
Енді кім ұсынса да  қазақ жазушыларының ішінен 
осы сыйлыққа ие болған жалғыз қаламгер ретінде Ғабең 
танылды. Еңбегі еленбей қалды деп айту өте қиындау. 
Академик, Халық жазушысы атанды. Ғабең аз жазса да саз 
жазды.  «Оянған өлке» мен «Жат қолынданың» арасына 30 
жыл салып жіберді. Бұл деген ұзақ уақыт қой. Бірақ Ғабеңнің 
бір ерекшелігі баппен, асықпай жазғанды ұнатты. Әр жазған 

256
сөзіне, бояуына мән берді. Ол кісінің жазу тәсілі де қызық. 
Жазар алдында үстеліне көп қарындаштарды ұштап, 
өшіргішін дайындап қояды екен.  Жазып отырғанда бір сөзін 
өзгерту керек болса, ақырын өшіргішпен өшіріп, мұнтаздай 
таза қалыпта түзеген. Қазір «Жат қолында» романының 
түпнұсқасы музейде тұр. Араб қарпімен маржандай тізіліп 
жазылған, баспаханада теріліп шыққандай.  Аз жазса 
да Ғабеңнің шығармалары бағаланып отырды. Алғашқы 
шығармасына Бейімбеттің көзі түсіп, батасын берді. Ғабең 
әдебиетке кездейсоқ келген жоқ, ойланып келді. Кезінде 
Сәкен Сейфуллиннің үйінде Сәбит пен Ғабит пәтерде 
жатқанда, Мұқанов  бұрқыратын өлең жазып, екеуі соның 
қаламақысына күн көреді екен. Ол кезде Ғабит әлі жазбаған. 
Сәбит жазсаңшы деп қамшылап отыратын көрінеді. Сонда 
әдебиетке келер жолында да біраз ойланғанын байқаймыз. 
Алғашқы кітабы шыққан кезде жиырма алты жаста болған. 
–  Сәкен Сейфуллин ұсталарынан бұрын Ғабитке: 
«Біз кетеміз, кейінгі жастарға басшы боп сен қаларсың, 
соларға қамқор бол» деп табыстаған көрінеді. Жазушы осы 
үдеден шыға білгені де бізге аян. Ғабиттің кейінгі жастарға 
қамқорлығы жайында айта отырсаңыз. Және бүгінгі аға 
буыннан осындай қамқорлықты неге байқай алмай жүрміз?
 – Ол кезде шынында да біреудің жазған шығармасын 
оқып, талқылау, бағалау, сынау қызу жүріп жатқан. Қазіргі 
жазушылардың арасында мұндай байланыстар үзіліп қалды. 
Қазір жазушылар бір-бірінің кітабын іздеп жүріп оқиды 
деп те айта алмайсың. Оның түрлі себептері бар. Дегенмен 
әдебиетке келген әрбір жаңа, жақсы дүние назардан тыс 
қалмайды деп ойлаймын. 
– Жазушының «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш–Баян 
сұлу», «Ақан сері–Ақтоқты» пьесалары талай жыл бойы 
театрлар сахнасында үзбей қойылды.  Кезінде жазушы 
шығармаларының желісінде фильмдер де түсірілген. Яғни, 
Ғабеңнің бойында бір ғана жазушылық емес, драматургтік, 
сценарийстік қасиеттер де болған ғой. 
– Сол тұстағы жазушыларға бірнеше жанрда қатар 
жазу дәстүрі тән. Өйткені театрлардың репертуары бос 
тұр. Соны толтыру керек деп шұғыл түрде отырып пьеса 
жазған. Прозамызда кесек дүние тумай жатыр деп соған 

257
атсалысқан.  Жоспарлы түрде шығармашылық өнімдер 
реттеліп отырған. Ғабеңнің киноға да, театрға да бірдей 
қалам тербегені сондықтан болар деп ойлаймын. Тұңғыш 
қазақ киносы «Амангелдінің» сценарийін Бейімбет екеуі 
бірігіп жазған. «Қыз Жібек» пьеса, либретто, киносценарий  
болып туындады. Осының өзі де уақыттың, заманның 
тапсырысы. Әлеуметтік ортаға қажет, сұранысы бар 
дүниелерге атсалысудан   қаламгерлердің қай-қайсысы да 
шет қалмаған.   
– Сұраныс демекші, «Антонио мен Клеопатраны» Ғабеңе 
аттай қалап аудартып алғаны белгілі. Бірақ сахналанбай 
қалғанына не себеп болды екен?  
– Меніңше, осы шығарманы Ғабең өзінің көңілі қалап 
аудармаған секілді.  Ол кісі өзінің драмалық шығармаларын 
жазарда Шекспирді де, өзге драматургтерді де оқыды, 
олардан үйренді. Ғабеңнің драмалық шығарманы ақ өлеңмен 
жазу тәсілінің бір ұшы Шекспирде жатыр. Ал енді «Антонио–
Клеопатроны» тапсырыспен алды, бірақ өзінің бабы келмеді 
ме, әйтеуір ерекше құштарлықпен аударып, биік дәрежеде  
аяқтай алған жоқ. Бұл бір жазушының шабытпен кіріспеген 
дүниесі ғой деп ойлаймын. 
– Сол тұстағы әдеби ортада рушылдық, жершілдік, 
жікшілдік секілді нәрселер байқалмайтын сияқты... 
 – Біздің қазіргі қоғамда сыбайлас жемқорлық деген 
сұмдық өршіп тұр. Бұдан құтылудың жолын іздеу 
мемлекеттік мәселеге айналып бара жатыр. Бұл билікке де, 
басқа салалардың бәріне де дендеп еніп алған дерт. Ал енді 
жаңағы рушылдық деген де сондай нәрсе. Мұндай кеселдер 
өнерге, таланттарды тануға кесірін тигізеді. Рас Мұқаң, 
Сәбең, Ғабеңдердің заманында мұндай кесапат дендеген 
жоқ. Олар кез келген талантты жасқа қолдау көрсетіп 
отырды. Мәселен, Сәбеңнің шапанынан шыққан жазушылар 
қаншама! 
– Ғабең әйел сұлулығына ерекше мән берген сияқты...
–  Ғабең өз шығармаларында әйел, ана тақырыбына көп 
барды. Ол кісі өмірде де сұлулыққа ынтық еді. Әсіресе әйел 
жанының сұлулығына құштар болған. «Дүниеде әйелдің 
көзінен артық қызықтыра алатын,  әйелдің көзінен артық 
сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қандай 

258
да байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің 
бір де бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп 
мойныма асыла кетсе, оқтай қадалған әйел көзіне қарай 
жүре берер едім» деп жазыпты ол өзінің қойын дәптеріне. 
Ол  өмірде де, өнерде де әйел жанының жұмбағын шешуге, 
құпиясын зерттеуге ерекше ықылас байқатқан жазушы деп 
айтуға болады. Өйткені өнерде онсыз мүмкін де емес қой.  
«Әлемді сұлулық құтқаратыны» сияқты, көркем шығармаға 
махаббат  мәңгілік арқау.
– Жазушының мұражайдағы жеке кітапханасы 
қаншалықты сақталған? Солардың  ішінде қызықты 
қолтаңбамен ұсынылған біреуін атап өтсеңіз...
– Ғабеңнің жеке кітапханасы шағын. Себебі өзі көзі 
тірісінде қазақ қаламгерлеріне баспасөз арқылы арнайы 
үндеу жариялап, бір мың кітабын туған ауылындағы 
кітапханаға сыйға тартып, үлгі көрсеткен болатын. Кейін де 
басы артық кітаптарын елге жіберіп отырған. Ал қызықты 
қолтаңба дегенде, қазақ аруларының атынан сыйға 
тартылған бір кітап бар.
«ҚАДІРЛІ ҒАБЕ АҒА!
                  
Ақын жоқ әйел жанын жазып біткен,
Ашылмас биіктік пен жазықтық тең.
Қазақтың әйелдерін асқақтатып,
Аға,Сіз жырладыңыз нәзіктікпен.
Тыңдайтын сыңғырласа жұлдыз үнін,
Түсінген жапырақтың мұңды ызыңын.
Көк бұлттың көбесінен сәуле іздеген,
Халқымның мен-дағы ақын бір қызымын.
Қолыма қауырсындай қаруды алдым,
Қаймығар бұл майданға баруға әркім.
Мен сізге тағзым етіп, алғыс айтам,
Атынан Сіз жырлаған Арулардың!
                                                          Құрметпен...» 
деп қолын қойып ақын Күләш Ахметова 1984 жылдың мамыр 
айында өзінің «Жасыл жағалау» жыр кітабын ұсыныпты.

259
– Бүгінгі таңда Ғабит Мүсіреповтың шығармашылығына 
деген көзқарас өзгерді ме? 
– Рас, ХХ ғасырдағы ақын-жазушылардың таптық 
көзқараспен  жазылған шығармаларына қазір сын көзбен 
қараймыз. Тіпті,  кейбір туындыларды уақыттың өзі жоққа 
шығарып, әдебиет тарихынан сызып тастауы әбден мүмкін. 
Бірақ Ғабеңнің шығармалары мұндай күйге ұшырамауға 
тиіс деп ойлаймын. Себебі онда сол дәуірдің шындығы, сол 
кезеңнің бейнесі анық берілген. Ол  қазақ сөз өнерінің  хас 
шебері. Сөзінің қайталанбас бояуы, өшпейтін мөрі бар. Бір 
өзі мектеп. Міне, ХХІ ғасырға аяқ бастық, қазір біреулер 
ойлағандай ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыптары 
ұмытылып қалған жоқ. Олар келер буын, жас ұрпақтармен 
бірге әлі де жасай бермек. 
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтың 110 
жылдығына орай көптеген конференция, әдеби кештер, 
кездесулер ұйымдастырылуда, қаншама баяндамалар 
дайындалып, тыңдалып жатыр.  Осындай зерттеулер 
жазушыны тануға, оның шығармашылығын білуге септігін 
тигізеді. Жақын арада мерейтойға орай Мұражай кешенінде 
дөңгелек үстел ұйымдастырмақшымыз. Осының алдында 
Сәбеңе арналған арнау өлеңдерді жиып-теріп «Кәдімгі 
Сәбең» деген кітап шығарғанбыз. Енді жүзден аса ақынның 
Ғабеңе арналған өлеңдерінің басын қосып «Ғажайып Ғабең» 
деген жинақ шығардық, бұйыртса,  жақында тұсаукесерін 
жасаймыз. Көп томдықтарының үш томы жарық көрген. 
Жалпы, осы классиктеріміздің көп томдықтары «Мәдени 
мұра» бағдарламасы арқылы шығарылса дұрыс болар еді. 
Жүйелі түрде, жоспарлы түрде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнара АМАНОВА.
          2012 ж.

260
ЕСТЕЛІКТЕР, ХАТТАР  
СОРАБЫМЕН
(С.Мұқанов пен Ж.Бектұров хақында)
 Белгілі бір тұлғаны жан-жақты танып-білу үшін оның 
өмір жолын, шығармашылық жолын зерттеп-зерделеудің 
жөні бөлек. Мұндайда, әсіресе, замандастарының ол туралы 
жазған естеліктерінен, өзара жазысқан хаттарынан да көп 
ойларға дерек, дәйек табасыз.
ХХ ғасырда ғұмыр кешкен академик-жазушы Сәбит 
Мұқанов пен журналист-жазушы Жайық Бектұровтың 
арасындағы ағалы-інілі, дос-бауыр қарым-қатынастың 
сырларын ашуға да әлгіндей естеліктер мен хаттар көп 
көмегін тигізеді.
Ең алдымен ескереріміз, Жайық Бектұров «Орталық 
Қазақстан» газетінде Сәбит Мұқановтың 80 жылдық және 90 
жылдық мерейтойларына орай екі рет  - «Өнегелі өмір» (1980, 
желтоқсан) және «Сәбит сонары» (1990, қазан) – естелік-
мақалаларын жариялаған екен. Сондай-ақ, Алматыдағы 
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мұражай кешенінің 
қорында С.Мұқановтың Ж.Бектұровқа жазған бес хатының 
көшірмелері сақталған. Осы жерде айта кеткен орынды 
шығар, қазақ жазушыларының ішінде оқырмандарына, 
замандастарына ең көп хат жазған және олардан ең көп хат 
алған адам – Сәбит Мұқанов. Сәбең өзі көзі тірісінде өмір 
бойы жинап-сақтаған мол хаттарын Орталық мұрағатқа өз 
қолымен табыстаған екен. Кейін мұрағат қызметкерелері 
ол хаттарды жылдар бойынша жүйелеп, сұрыптап, реттеп, 
тіркеп, есепке алған кезде көлемі 141 том болған! Бұған 
басқалардың таң қалуы өз алдына, кәдімгі Сәбеңнің өзі қатты 
таңырқаған ғой! Қазақ эпистолярлық жанрын зерттеушілер 
бұған енді соқпай кете алмайды. Бұл – зор рухани мұра, 
әдеби қазына.
Сәбит Мұқановтың И.Сталинге, Ж.Шаяхметовке, 
Д.Қонаевқа жазған хаттары бір бөлек әңгіменің тақырыбы 
болса, М.Әуезовке, М.Жұмабаевқа, І.Жансүгіровке, 
А.Толстойға, М.Шолоховқа, Ә.Нұршайықовқа, С.Құдашқа, 

261
Ғ.Ғұламға, Ғ.Мүсіреповке, Ә.Қоңыратбаевқа, Н.Фазыловқа, 
Т.Әлімқұловқа, т.б. жолдаған хаттарының әрқайсысы 
тарата, тарқата ой өрбітуге сұранып тұрған жәдігерліктер.
 
Жайық Бектұровтың естеліктеріндегі мына бір үзік-
ойларға назар аударайықшы: 
«... Хат демекші, соғыстан бұрын Сәбеңмен хатты 
жиі жазыстым. Бірақ олар сақталмады. Өзім тұтқынға 
алынғанда, өмір бойы жинаған кітаптарым, жұрттың 
хаттары түгелдей қолды болып кетті». «... Сәбең 1937-1941 
жылдары партия қатарынан шығып қалды. Оны Сәкенмен, 
Мағжанмен байланысты деп айыптады. Осы тұстың өзінде 
де мен Сәбеңмен өте жақын жүрдім. Сол жақындықтың 
нәтижесінде Сәбит ағамыз мені үйіне де шақырып, алыста 
жүрсем жиі хат та жазып тұрды». «... Өз басым Сәбит 
ағамызбен ұзақ жылдар бойы жақын жүріп, ол кісінің 
өмірінің нелер ұңғыл-шұңғылын білгендей болдым».
(«Орталық Қазақстан», 09.10.1990 ж.)
«Сәбеңмен хатты жиі жазыстым» деген  Жайық 
ағамыздың сөзін Сәбит Мұқановтың  мына  бір  хаты  бекіте  
түседі:  
«Жайық! Жаңа жылмен құттықтаған хатыңды 
алғам. Сансыз рахмет. Менің 16 томдығыма жасап жүрген 
қамқорлығыңа сансыз алғыс! Жергілікті кітап саудасы 
орындарына түрткі салудан тынбассың. Досмағанбетовке 
(Облатком төрағасы) және обкомның үгіт бөліміне айтып, 
жәрдемдесулерін өтінерсің, одан басқа не айтам! Он алты 
томдықтың соңғысы жеке-жеке хат-хабар (переписки) 
болуын көрдің. Менің сенде көп хатым (әсіресе Сәкен 
туралы) болу керек. Мен олардың көшірмесін аз сақтаймын. 
Солардың томға кіруге жарайды-ау дегендерін машинкаға 
көшіріп, маған бір-бір данасын жіберсең қайтеді? Мұның 
асығысы жоқ нәрсе ғой. 
Ертең «Алматы» санаторийіне, 24 күнге тыныстауға 
кетем. Күн жылына солтүстіктің әдемі қысын көріп қайтсам 
ба деген ойым бар. Шыға қалсам – күн бұрын хабарласармын. 
Жолдастарға сәлем. Достық көңілден Сәбит. 16/І-1971 ж. 
Алматы».
Осы хаттағы «Он алты томдықтың соңғысы жеке-жеке 

262
хат-хабар (переписки) болуын көрдің» деген сөйлемге 
қатысты қысқаша түсініктеме бере кетейік. Әу баста 
Сәбең 16 томдық шығармалар жинағының соңғы томын 
хат-хабарларға құрмақ болып жоспарлағаны көрініп тұр. 
Мұны Ж.Бектұровтың білетінін де аңғартады. Сәбең өзі 
жоспарлаған 16 томдықтың 4 томын ғана көзімен көріп кетті, 
қалған 12 томы ол дүниеден өткен соң жарық көрді. 16-шы 
томға хат-хабарлар емес, академик-жазушының «Жарқын 
жұлдыздар» атты Абай мен Шоқан туралы монографиялық 
еңбектері енгізілді. Ал хат-хабарларын жинақтап, кітап етіп 
шығару алдағы күндердің иығында тұрған міндет. Хаттағы 
екінші бір көңіл аудартатыны: «Менің сенде көп хатым 
(әсіресе Сәкен туралы) болу керек...» деген аңғартпасы. 
Шынында да С.Мұқановтың Қарағандымен, ондағы інісі 
Жайық Бектұровпен арадағы байланыстары негізінен 
Сәкенге қатысты екенін байқаймыз. 1964 жылы Сәкеннің 
70 жылдығы Қарағандыда аталып өткен үлкен мерейтойда 
С.Мұқанов арнайы баяндама жасайды. 1967 жылы «Сәкен 
Сейфуллин» атты пьесасы спектакль болып сахналанғанда 
Қарағандыға екінші рет арнайы ат басын бұрады. Ал 1972 
жылы Қарағанды Мемлекеттік университеті ашылғанда 
үшінші рет келген. Осы келулерінің бәрінде де жанында 
Жайық Бектұров бірге болған. Соның алдында екеуара жиі 
хат жазысып тұрған. Жазушылардың мұрағаттарынан 
ол хаттардың сарғайған парақтары әлі де табылып қалуы 
мүмкін ғой... Сәкен Сейфуллин жөнінде Ж.Бектұровтың 
былай деп жазғаны бар: «Біздің келісуіміз бойынша, Сәбең 
осы пьесасының көлемді бір үзіндісін бізге жіберді. Біз 
оны Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде 
бастырттық. Ақыры бұл пьеса қазақ тілінде Қарағанды 
театрында, орыс тілінде Целиноград театрында 1967 
жылдың аяғында сахнаға шықты» Орталық Қазақстан. 
11.10.1990).
Пьеса 1963 жылы 10 қыркүйекте жазылып бітіп, 
1964 жылдан бастап мерзімдік басылымдарда үзінділері 
жариялана бастаған. Сәкен ақталғаннан кейін де, 
С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» атты пьесасы бойынша 
қойылған спектакль сахнаға шыққаннан кейін де әлдебір 
кедергілердің аяқтан шалып, бөгесін бола бергенін 

263
С.Мұқановтың Жайыққа жазған мына бір хаты жеткізеді: 
 «Құрметті Жайық! Омбыдан және Қарағандыдан жазған 
хаттарыңды алдым. Сәкенге біраз қызмет атқарған екенсің, 
ол үшін сансыз рахмет. 
 «Сәкеннің» спектаклі Алматы драм театрында 14 рет 
көрсетіліп, бәрінде де адам сыйғысыз аншлагпен өтті. 
Қарағанды мен Целиноград театрлерінде солай өтуіне өзің 
куәсің. Одан бері де жақсы өтіп жатыр деп естігем. 
Халық осынша биік бағалаған спектакльге 
республикалық газет- журналдарымыздың біреуі де үн 
қатпастан тып-тыныш жатыр. Одан кейін көрсетілген 
кейбір жобалғы спектакльдерге құлаш-құлаш мақала 
беріліп жүргенін оқыған боларсың. Сәкенге республикалық 
газет-журналдардың үндемеуін маған, я, «Сәкенге» 
байланысты екенін және не себепті екенін түсіне алмай 
қойдым. «Қай құдайдың» бөгет болып жүргенін де білмеймін. 
Өз ойымда, бұл пьесаны «Октябрьдің 50 жылдық тойына 
арнап жаздым» деп, «Октябрьді жасасқан большевиктердің 
бейнесін көрсеттім» деп түсінген едім. Халық та осылай 
ұғып жатқан сияқты, өйткені, спектакль сайын залда лық 
толған халық, үздіксіз овация жасап ретті жерлерінде 
күліп те, жылап та отырады. Көрермендердің Қарағанды 
мен Целиноградта да сөйткеніне өзің куәсің. Біз, әдетте, 
«Тарихты халық жасайды» дейміз. Ендеше баспасөздердің 
халық пікірімен санаспауы мен үшін таңғаларлық іс. Неге 
олай болу хақиқатына партия ұйымдары арқылы жетеміз, 
әрине. Бұл жәйда өзім үлкен реніштімін.
 
Бірге жасаған сапарларымыз туралы «Жұлдыз» 
журналына жіберген очеркің келген. Оның да басылуына 
Сәкен себеп болып жатыр ма, басқа себеп бар ма – тез 
байқастырам. Өзім сендерден ажырасқалы тауда демалыс 
үйінде болып, қалаға бүгін оралдым. 
Сәлеммен, Сәбит Мұқанов. 
5.02. 1968 жыл. Алматы».  
(СМҒММӘММК-КП-6001).
«Большевиктің бейнесін» лайықты әдеби образға 
айналдырдым деп түсінген Сәбит Мұқанов қателескен жоқ. 

264
Большевиктің бейнесі пьесада шынайы шыққан. Бұл да 
жиынтық бейне. Жуырда «Орталық Қазақстан» газетінде 
(06.09.12) «Алашорданың соңғы тұяғы» атты мақала жарық 
көрді. Сонда Жайық Бектұровтың үйінде, 1967 жылы, 
Әлімхан Ермеков Сәбит Мұқановқа «Сәкен Сейфуллин» 
спектаклін көріп келгеннен кейін, актерлердің сөз қағысына 
қатысты «Бөкейхановқа Сәкен солай деп айта алушы ма 
еді?» деп сауал тастайды-мыс. «Сәбең қысылып қалып: - Ей, 
Жайық, пьесада өзі сондай сөз бар ма еді? – деп өзі жазған 
шығармасының сөзін ұмытып қалғандай сыңай танытады» 
- дейді. Әлекеңнің Сәбитке дәл солай деп айтуға хақысы 
бар да шығар. Пьесадағы драмалық кейіпкерлердің аузына 
сөз салып отырған автор. Астар бар, тұспал бар. Пьесаның 
16-томдықтың 5-ші томында жарық көрген нұсқасында 
ондай сөз жоқ! С.Мұқанов Жайыққа 1963 жылдың 29 
қарашасында жазған бір хатында: «Сәкен Сейфуллин» 
есімді пьесаның әдебиеттік варианты бітіп, Жазушылар 
одағының драматургия секциясында оқылды. 13 кісі сөйлеп, 
бәрі де «пьеса бар, күшейте түсу керек» деген пікір айтты. 
Пайдалы пікірлер де көп болды. Қазір оларды түзетудің 
үстіндемін. 10-15 күндік жұмысы бар сияқты» деп жазған 
екен. Осы орайда, әлгі он үш кісі аңғармаған бір сөзді Әлекең 
байқап қалыпты. Оны да Сәбең «дұрыс пікір» деп қабылдаған 
сияқты. Мұндай шетін мәселелерде ол өзге жұрттың 
да пікірлерін мұқият ескерген. Жайық Бектұровтың өз 
естелігінде: «Сәбеңнің өзге жазушылардан бір ерекшелігі 
мынадай еді: ол ішіне біреуді жек көрген, не жақсы көрген 
ой-пікірін әсте жасырмайтын. Жазуға мүмкіндігі болмаған 
жағдайда өз ойын жолдастарына ашық айтып отыратын. 
Кейбір жазушылар өз пікірінің терістігіне көзі жетсе де, 
қасарысып, сол алған бетінен әсте қайтпайтын. Біздің Сәбит 
олай емес еді. Жолдастарының әлде оқушыларының бірі 
орынды пікір айтса, «Мынау дұрыс екен» деп, соны тез 
мойындайтын» (Орт.Қаз-н, 11.10.1990).
Жайық Бектұровтың Сәбит Мұқанов туралы ойлары мен 
көзқарастары сырттан таңылған, біреулердің «деген екен», 
«дейді екен» деген пікірлеріне сүйенген тұжырымдар емес, 
өзі ой елегінен өткізіп, өзі куәгер болып, өзі Сәбеңнің аузынан 
естіп барып қана көзі жеткен ақиқаттардың қорытпасы. 

265
Ендеше оның ағынан жарыла жазған: «С.Мұқанов көп 
жазған адам. Асығыс та жазған адам. Өмірдің барлық 
құбылысын, бар көрінісін түгел қамтып қалғысы келген 
алымды адам. Сондықтан да кейде асып, кейде кейін қалып 
айтқан пікірлері де болмай қалған жоқ. Алайда, С.Мұқанов 
өз дәуірінің,өз халқы өмірінің айнасы болды. Ол халықтың 
өзі қандай болса, дәл сол халқына мінезі де, сөзі де, тұлғасы 
да сай адам болды» (Орт. Қаз-н.11.10.1990 ж.) – деген пікірін 
аса құнды санаймыз. 
«... Соңғы 30-40 жыл ішінде өзге ағалармен қатар, Сәкен 
жайлы көп-көп мақалалар жаздым, радиода, теледидарда 
жұртшылық алдында сөйледім. Жоғары дәрежелі оқу 
орындарында да көп кездесулер өткіздім. Мұндай еңбегім 
үшін кезінде Сәкеннің інісі Мәжиттен, оның балаларынан 
да, Гүлбаһрам жеңгемізден де, С.Мұқановтан да алғыс естіп 
жүрдім. Осы алғыс маған үлкен сыйлықтан артық болды» 
- деп жазды Жайық Бектұров (Кітапта: Ақиқаты осы еді... 
(Естеліктер), Алматы, Ғылым, 1995. - 85 б.). 
Рухани інісі Жайық Бектұров 60 жасқа толып жатқанда 
Сәбең алдымен жұрттан бұрын құттықтау телеграммасын 
жолдайды, іле-шала 1973 жылдың 17 ақпанында «Құрметті 
Жайық дос!» деп басталатын ақырғы хатын жазады: «...
Сені мен бала жігіт кезіңнен білемін ғой. Содан бері санама 
берік орнағаны – сенің әділет жолынан таймауың, әрдайым 
сеніміңді сатпауың, өз пікіріңе тұрақты болуың. Маркстен 
бір қызы: «Әке, шындық деген не?» деп сұрапты-мыс. Сонда 
әкесі: «Ол дәлелдеуді керек қылатын нәрсе» депті-мыс. 
Сол айтқандай, дәлелдей алмаған шындық – шындық емес. 
Дәлелдегендер көріп кетеді, дәлелдемегендер өліп кетеді. 
Осының бір дәлелі – Сәкен. Ол өліп кеткен адам. Менімше, 
шындықты одан артық көксеп, одан артық іздеген кісі жоқ. 
Ақыры өзі таптым деген шындықтың оғынан қаза тапты. 
Қандай трагедия десеңізші!... 
Көңілге алма, сен де сондай шерменденің біреуісің...». 
Осы хаттан аңғарылғандай, Сәбең Сәкеннің өміріне қатысты 
күтпеген тұжырым жасайды. Сәкен ғұмырының бүкіл 
трагедиясын жайып салады...
Өмір бойы кеңес өкіметінің жырын жырлап, кеңестік 
идеологияны ту ғып ұстаған, коммунизмге көзсіз сенген 

266
Сәбит Мұқанов өмірінің соңында бірнеше рет тұйыққа 
тіреліп, дағдарысқа ұшыраған. Біріншісі – ұлы Шоқан 
Уәлиханов өмірінен тетрология жазуды жоспарлап, оған 
«Аққан жұлдыз» деп ат қойып, төрт кітаптың екеуін 
тәмәмдағаннан кейін үшіншісін бастай алмай, ұзақ 
толғанып, ақыры Шоқанның орыс империясының шеңгеліне 
түскен трагедиялы тағдырын жазуды тоқтата тұрып, 
«Қазақ қауымы» дейтін этнографиялық еңбекті жазуды 
асығыс қолға алады. Өмір бойы Шоқанды зерттеу, ол туралы 
екі пьеса, бір монография, ақыры роман жазу оны терең 
тануға, ащы ақиқатпен жолығысуға әкеледі... Ал ақиқатты 
айту – тым қатерлі еді, айтпау – алға қойған мақсатына 
жеткізбейтін еді... Бұл тұйықтан ол шыға алмады. Екінші – 
Сәкен туралы ойларының хат бетінде қалған жоғарыдағы 
түйіні. Үшіншісін тағы да Жайық Бектұров: «... мен бірде 
Сәбеңе «Өмір мектебі» одан әрі жазыла ма?» деп сұрау 
бердім. Сәбең «енді жаза алмаспын, себебі 1937 жылдардың 
уақиғасын жазу қиын» деді (ОҚ, 11.10.1990) -, деп көп 
жұрттың көкейіндегі шындықпен жүздестіреді.
 
Иә, жазушылардың жан-дүние әлеміндегі кейбір 
қалтарыстар мен қатпарлар олардың естеліктері мен 
хаттарының сорабында да сайрап жатады.
 2012 ж. 
БАТЫРЛАР ЖЫРЫ 
БАУЫРЛАСТЫРҒАН
СӘБИТ МҰҚАНОВ ПЕН МӘЛІК 
ҒАБДУЛЛИН
«Мәлікті мен 1930 жылдың көктемінде Көкшетау 
қаласында көрдім» деп жазады Сәбит Мұқанов өзінің 
«Мәлік Ғабдуллин» атты естелік-очеркінде (А., Жазушы, 
1974). Бұл тұста екеуінің  жас айырмашылығы – 15 жастай. 
Губерниялық «Кеңес ауылы» газетінің редакторы, жас 
ақын С.Мұқановты оқушы Мәлік мектептегі кездесуге 
шақырады. Жасөспірімнің көзіндегі от пен сөзіндегі 
жалынды аңғарған ол шақыруды құп алады. Тіпті, сол жылы  

267
Қызылжардан Алматыға қызмет ауыстырғанда Мәлікті 
өзімен бірге ала кетіп, Сәкен Сейфулиннің көмегімен, 
Қазақ педагогика институтының екі жылдық даярлық 
бөліміне орналастырады. ҚазПИ-ді бітірген соң Мәлік оның 
аспирантурасына қалдырылады. Қазақтың батырлар жырын 
зерттеуді қолға алады. Жетекшісі – Сәбит Мұқанов. «Сол 
аспирант кезінде менімен ақылдаса отырып, Мәлік қазақ 
ауыз әдебиетінің қалың томдық екі кітабын құрастырды:  
бірі –тоғыз дастаннан құралған «Батырлар жыры», екіншісі 
– қырықтан астам шығармадан құралған «Айтыстар». 
Батырлар жырын іріктеуде де Мәліктің еңбегі ерекше» – деп 
жазды Сәбең (10 б). Бірінші томдыққа «Батырлар жырының 
әдебиеттегі орны» деп аталатын кіріспе мақала жазған 
Сәбит Мұқанов ғылыми зерттеулерге арқау бола бастаған 
фольклордың пайда болуы, жанрлық белгілері, тарихи 
оқиғалармен байланыстылығы, көркемдігі, кейіпкерлер 
 
жүйесі, т.б. мәселелерге қатысты өз ой-көзқарастары 
мен тұжырымдарын жасайды. Батырлар жырларын 
топтастырғанда өзінен бұрынғы зерттеушілердің «Батырлық 
эпос» және «Тарихи эпос» деп жүйелеулерін дұрыс емес деп 
санап, жырдағы қаһармандардың өмірде болғанын немесе 
болмағанын, оқиғаның тарихқа қатыстылығы мен қатысты 
еместігін ескере отырып жүйелеуді ұсынады. Тарихта 
болған Едіге, Қобыланды, Шора, Қамбар, Ер Көкше туралы 
дастандарды жеке қарастыруды, ал тарихи негізі көмескі 
Ер Сайын, Ер Тарғын, Алпамыс туралы жырлар  бөлек 
қарастырылуы керек дейді. Бұл тұжырымның да ғылыми 
шартты екенін аңғартқан.
Ұстазынан алған бағыт-бағдарын алғыр шәкірті 
тереңдете дамытады. М. Ғабдуллин 1947 жылы «Қобыланды 
батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген 
тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ал 1958 
жылы жарық көрген «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» 
атты монографиясында халқымыздың фольклорлық 
әдебиетінің бастау көздері, тұрмыс-салтқа байланысты 
туған шығармалар, көңіл-күйін білдіретін туындылар, 
мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, батырлар жыры, 
айтыс өлеңдері туралы тиянақты ғылыми топшылаулар мен 
қорытындылар жасады. 1972 жылы «Ғылым» баспасынан 

268
шыққан Мәлік Ғабдуллин мен Тұрлыбек Сыдықовтың «Қазақ 
халқының батырлық жыры» атты еңбегі – қазақ эпосы 
туралы көлемді дербес ғылыми зерттеу. Онда «Алпамыс 
батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» 
жырлары туралы егжей-тегжейлі салыстырулар мен 
тұжырымдар жасалады, ақындар, жыраулар, жыршылар 
хақында, бұрын зерттелмеген дастандар туралы да деректер 
бар.
Сәбит Мұқанов пен Мәлік Ғабдулиннің арасындағы ұзақ 
жылдарға созылған ағалық-інілік, ғалымдық-жазушылық, 
ұстаздық-шәкірттік нәзік қарым-қатынастарды, 
берік арқауларды танып-білуге ұмтылыс жасағанда, 
қаһармандық жырлардағы, батырлық дастандардағы 
ұлттық, отаншылдық рухқа деген ұрпақ махаббаты екеуін 
үнемі жақындастырып тұрғанын ескеру керек.
С.Мұқановтың Алматыдағы музей-үйінің қорында 
Мәліктің оқушы кезіндегі (1930 ж.), соғыстан батыр болып 
оралып, Жамбылға сәлем бере барғандағы (1943ж.), 
С.Мұқанов, Х.Бекішев және М.Ғабдулиннің Балтық бойы 
майданында түскен (1944ж.), т.б. фото-суреттері сақталған. 
Сондай-ақ, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» кітабын: 
«Ардақты Сәке! Зор құрметпен осы кітабымды Сізге тарту 
еттім. Мәлік. 04.10.1958.» деген, «Қазақ халқының батырлық 
жыры» кітабын: «Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің 
қамқоршысы  Құрметті Сәкеңе! Сізге тартқан сыйлығым. 
Мәлік. 21.Х. 1972 ж.» деген, «Сұрапыл жылдар» кітабын: 
«Ардақты Сәке! Оқ астында, от ішінде жазылған осы 
еңбегіме көз саларсыз. Зор құрметпен  Мәлік. 21.Х.1972 ж.» 
деген қолтаңбасымен сыйлаған.
С.Мұқановтың «Эпостың арғы түбі мифке, яғни табиғаттан 
тысқары күш-қуаттарға жалғасып кетеді. Мәселен, көне 
гректің эпостары «Иллиада» мен «Одиссея», қырғыздың 
эпосы «Манас», қазақтың эпосы «Қобыланды», т.б.» деп, 
«Тайбурылдың Қобыландымен адамша сөйлесуі, әдебиеттің 
әсірелеу заңынан, гиперболадан туған образ емес, бір ұшы 
мифологиямен жалғасып жататын образ» деп тұжырымдар 
жасауы ғылыми ізденістердің өрісін ашуға жасалған оң 
қадам болатын. 
М. Ғабдулиннің «Батырлар жырының дәстүрін дамытуда 

269
ақындар мен жыршылардың алатын орны айрықша. Олар 
бір-бірінен үйренеді, осы арқылы әрбір жырдың нұсқасын 
жасайды. Әр эпоста көне дәуірден елес беретін эпизодтар, 
мотивтер, сюжеттік өрістер, қатысушы адамдардың іс-
әрекетіндегі әр түрлі жайлар сақталып қалған. Ақын, 
жыршылар батыр жайындағы жырды біріне-бірі қалай 
болса солай бере салмай, творчестволық жолмен дамытып, 
сөйтіп барып ауысып отырған. Әрбір ақын, жыршы өзінің 
бетін көрсетіп, тексті сан құбылтып, өзгертіп отырумен 
бірге, халықтың жайсаң ойын, өміршең пікірін қосып 
жіберуді де ұмытпаған. Осыдан барып эпос нұсқаларының 
айырмашылықтары пайда болған» дейтін түйінді пікірі де 
бағалы.
Өткен ғасырдың 30-40-жылдарындағы қазақ ауыз 
әдебиетіне, қазақ эпосына, батырлық, ғашықтық, тұрмыс-
салт жырларына деген ғылымдағы бетбұрыс – көне 
мұраларымызды тарих тозаңынан аршып алуға біршама 
септігін тигізді. 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың 
кезі де ұлттық, батырлық, қаһармандық рухты көтеруге 
үлкен ықпал жасады. Бірақ, отаршыл қызыл империяның 
қысымымен осы батырлық, ерлік рухтың қазақ елі үшін 
қымбат арғы-бергі тарихындағы өршіл дастандары ғылыми-
зерттеу айналымынан бірте-бірте ығыстырылып, тарихи 
жадымыздан көмескілене бастады. Өзге елдің тарихын, 
батырларын, патшаларын оқып-білуге жасалған жағдай 
қазақ елінің ұлттық қаһармандарын танып-білуге келгенде 
өрісі тарылып қалды. Сондықтан да Мәлік Ғабдулиннің 
зерттеу еңбектері ұлттық рухты, батырлық рухты көтеруімен 
бағалы болып қала береді. Сөз орайында, 1972 жылы ҚазМУ-
дің филология факультетіне түскенімізде, 1-курстың 
алғашқы семестрінде, қазақ халық ауыз әдебиетінен 
дәрісті Мәлік Ғабдулиннің өзінен тыңдағанымызды 
айта кетсем деймін. Тұлғалы, өңді, келбетті профессор, 
академик, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің 
қоңыр дауысы құлағымызда, асықпай, баяу бастап, ерлікті, 
қаһармандықты жырлаған дастандарды талдаған кездегі 
шабытты шағы көз алдымызда мәңгілік қалып қойды. 
Сол кезде Мәкең 57-ақ жаста екен ғой. Біз деканымыз 
– профессор Кәкен Ахановтың, Зейнолла Қабдоловтың, 

270
Тұрсынбек Кәкішевтің, Мырзатай Жолдасбековтің, Сағат 
Әшімбаевтың лекцияларын қалай құмартып тыңдасақ, 
Мәлік Ғабдулиннің қазақ фольклорының байтақ әлеміне 
бастаған дәрістеріне сондай құштарлықпен ден қойғанбыз.
М.Ғабдулиннің «Көрнекті жазушы» дейтін мақаласы 
С.Мұқановтың 50 жасқа толуына орай  1950 жылы 
24 мамырда «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. 
Жазушының шығармашылық жетістіктеріне тоқтала келе: 
«Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын 
дайындау жөнінде де Сәбиттің еңбегі үлкен... Оның қазақ 
фольклоры туралы және Абай, ақындар айтысы, батырлар 
жыры, ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы, 
Жамбыл жайында жазған зерттеу еңбектері, жалпы қазақ 
әдебиеті туралы және бүгінгі әдебиетіміз туралы жазған 
еңбектері, орынды айтқан пікірлері әдебиетіміздің тарихын 
дұрыстап зерттеуімізге аса көп пайдасын тигізуде»  – деп 
салмақты ой түйеді.
«Жыр алыбы» жинағына (1972ж.) енген «Жамбылға 
сәлем бере барғанда» атты естелігінде Мәлік Ғабдуллин 
1943 жылы майданнан елге демалысқа келгенінде Сәбеңнің 
қолдауымен жыр алыбының үйіне қалай жолы түскенін 
баяндайды. Соғысқа аттандырған Алғадайынан айрылып, 
жарым көңіл отырған қарт  Жамбылға демеу сөз айту үшін 
барады. «Мен сені Қобыланды батыр сияқты еңгезердей екен 
десем, талдырмаш қана жігіт екенсің ғой» – деп қарсы алған 
ұлы жырау қазақтың батыр ұлын көргенде қатты толқып, 
тебіренеді. «Бұл келістерің мен үшін үлкен той, қуаныш  
қой. Сондықтан, үйдің  үш ауызын өзім айтып берейін, ал 
ауылдың алты ауызын мына Балуаншолақ айтар, – деп 
Жәкең әзілдеп, Сәбитті нұсқады» – деп еске алады Мәкең. 
Ақынын да, батырын да ардақтаған ел екеніміздің бір 
дәлелі осы естелік. Мәлік Ғабдулиннің батырлық жырларды 
зерттеумен шыққан атағынан да бұрын, алапат соғыста 
бабалар дәстүрін жалғастырып, қан майданда көрсеткен 
ерлік,  батырлық даңқы елге тез жайылған еді.
С.Мұқанов Шоқан туралы «Аққан жұлдыз» романының 
екі  кітабын жазып болғаннан кейін, үшінші кітабына 
кіріспей тұрып, «Қазақ қауымы» дейтін тарихи-
этнографиялық еңбекті жазуға отырады. Екі кітап деп 

271
жоспарланған еңбектің бірінші кітабын аяқтап, «Қазақстан» 
баспасына  қолжазбасын тапсырады. Осы қолжазбаға 
баспа тапсырмасымен М.Ғабдулллин рецензия жазған 
(19.09.1972ж.). Бұл рецензияның бір данасы (мәшіңкеге 
басылған 12 бет) жазушы мұрағатында сақталған. 
М.Ғабдулиннің: «Қазақ қауымы» деп аталатын бұл 
еңбегінде ол қазақ халқының тарихы жөнінде, әсіресе, 
оның революцияға дейінгі әдебиеті мен мәдениетінің, салт-
санасының қалыптасып даму тарихы жөнінде сөз қозғайды, 
көптеген мәселелер көтеріп, олар жайында өзінің ой-пікірін 
ортаға салады, ғылым үшін қызықты және қазақ тарихын 
зерттеген тарихи еңбектерде кездеспеген мәліметтер, 
фактілер келтіреді» – дей келе, кітап қолжазбасының 
бірінші бөліміндегі жалпы шежіре, қожалар шежіресі, қазақ 
шежіресі, қазақ тарихы дейтін тақырыптарды, кітаптың 
екінші бөліміндегі қазақтың қоғамдық өмірін: мекені, елдігі, 
дүние тануы, шаруасы, аңшылығы, мәдениеті, әлеуметтік 
жағдайлары, сенімі сияқты жеке-жеке тарауларда 
қарастырылуы жөнінде «керек те құнды  еңбек» деп баға 
береді. Қолжазбаның әр бетіндегі ұсақ-түйек кемшіліктерге 
дейін, грамматикалық қателерге дейін тізіп көрсетіп, түзету 
керектігіне назар аудартады. Кейбір бұрмаланған тарихи 
деректерге (мысалы, «Кіші жүз Русияға ... 1737 жылы еркімен 
бағынған» делініпті. Дұрысы: 1731 жыл ғой», 166-бетте 
«Сыпыра жырау... он тоғызыншы ғасырда жасаған делінген, 
бұл жаңылыс айтылған сөз», т.б.). Осыған қарап отырып, 
авторға рецензеттің көмегі қаншалықты керек болғанын 
бағамдайсыз. Қазір ешбір рецензиясыз, сын-пікірсіз қаулап 
шығып жатқан тарихқа, этнографияға қатысты еңбектерді 
ойлап, ішің ашиды. Мұндай жанашырлық жоқ қой, жоқ. 
Сәбит Мұқановтың жалпақ жұртқа белгісіздеу бір 
романы – «Біздің заманның батырлары». Әуелде «Өрлеу» 
деген атпен роман-дилогия жазуды жоспарлаған. 
Алғашқы кітабы ғана жазылған. «Әдебиет және искусство» 
журналының 1945 жылғы (№ 4), 1946 жылғы (№№ 1,2,3,4,5) 
сандарында жарияланған. Осы романның жазушының 
жеке мұрағатында сақталған қолжазбасының орысша 
аударма нұсқасының (ауд. Ю.Домбровский, 1946 ж.) бірінші 
бетінде: «Близкому и родному другу моему, славному 

272
сыну казахского народа, Герою Советского Союза Малику 
Габдуллину с любовью посвящает автор» деген жазу бар. 
1916 жыл оқиғасына, Жетісудағы, Верныйдағы (Алматы) 
кеңес өкіметінің орнауын сипаттайтын туындысын Мәлікке 
арнауында былайғы жұрт ұғып-түсіне бермейтін көп құпия 
сыр жатқандай. 
Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінің бойындағы 129-
үйде Сәбең тұрса, 131-үйде Мәкең тұрған. Ал мына бір 
құттықтау открыткасын оқысақ: «Қымбатты Сәке, Мәке! 
Сіздерді келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтаймыз. Жаңа 
Жыл Сіздер үшін мықты денсаулықтың, тыңдықтың, 
қуаныш пен шаттықтың, жемісті еңбектің жылы болуын 
тілейміз. Сіздерді құрметтеуші Нәзия, Мәлік. 27.12.1972» –  
деп жазылса, конверттің сыртына: «1-І-1973 жылы қайтыс 
болды. Өте аянышты! С.М.» – деген жазу қызыл сиямен 
түсіпті. Үйлері қатар тұрғаны өз алдына, құттықтау хатын 
пошта арқылы жіберіп, жақын жүрсе де алыстағыдай 
сағына құрмет көрсетуінде інінің ағаға деген зор ілтипаты 
жатқан жоқ па?!
Жазушы мұрағатындағы «Жарияланбаған дүниелер» 
деген папкіден шыққан мына бір өлеңді Сәбең Мәлік 
Ғабдуллиннің қазасына жиналған қаралы қауымның 
алдында оқып тұрғандай сезінем.Әлі есімде, қақаған 
қаңтардың 5-і күні ұстазымызды ақтық сапарға шығарып 
салу үшін Ғылым Академиясындағы қоштасу жиынына, 
топырақ салу үшін зират басына да  барғанбыз. С.Мұқановтың 
өлеңі «Азаларлық ауыр қаза» деп аталған. «Совет Одағының 
батыры, кенет қазаға ұшыраған – Мәлік Ғабдуллинге» деген 
арнау сөзі бар өлең мынау:
Қалқам-ау, бала боп ең біздің үйге,
Істердің арасында үйме-жүйме. 
Жүргенде жан-таласа атқарысып,
Қалайша ұшырадың мұндай күйге?!
Талайды тамсандырды алған ажал,
Жатқанға тойынбайтын неткен тажал?!.

273
«Кенеттен Мәлік қайтыс болды» деген
Хабарға бойымды ұстап тұрдым азар.
Майданға біздің үйден аттанып ең,
Міндетті азаматтық атқарып ең,
«Баласы біздің үйдің батыр болды!»
Деп дүние жүзіне мақтанып ем.
Жауларға ажал болды берген соққың,
Ішінде төпеп тұрған нөсер оқтың,
Жауды жеңіп, денеңе оқ түсірмей,
Туған-өскен жеріңе аман жеттің.
Жете сап, ғылым кілтін қолыңа алып,
Білімнің сан алуан шамын жағып,
«Бұл өзі тылда-дағы батыр болды!»
Деп ісіңе сүйсінді бүкіл халық.
Ажалға неге жылдам жетектеттің,
Боларын сезінгендей осы кептің.
Майданда, тылда барлық міндетіңді,
Алдында Отаныңның өтеп кеттің!..
Күйзелтті кенет келген ауыр қаза...
Бәрі де жанашырдың тұтты аза.
Тек қана, қам көңілге медеу болар, –
Азамат, қайраткерсің ары таза.
Мейілі, жүрегімді қайғы бусын,
Бетімді сорғалаған жасым жусын.
Тілегім: бүгін және болашақта,
Қазақтан туған ұлдар сендей тусын!
                                                 03-01.1973ж.»

274
Мәлік қазасының өте ауыр тигенін Сәбең Мәлгаждар 
Әуелбековке жазған мына бір хатында да аңғартады. 
«Құрметті Мәлгаждар! Біз – Мәриям екеуміз ноябрьдің 
аяғында Москва жаққа жолаушылап кеткеміз, содан 
Алматыға тек  декабрьдің аяғында оралсақ, сенен  келген 
хат және шежірелер  жатып қапты. Ол сәлемдемелер үшін 
сансыз рахмет. Саған тез жауап қайтаруға, кенеттен Мәлік 
Ғабдуллин қайтыс болды да, соған қатты қайғырып, ауыра 
жаздап қалдым. Ол бала шағынан біздің балалармен бірге 
ойнап өскен, қол-баламыз сияқты еді. Майданға біздің үйден 
аттанып, Совет Одағының Батыры болғаннан кейін, елге 
амандыққа келгенде біздің үйге түскен. Содан жалғасқан 
достығымыз жыл сайын беки түскен еді. Сондай қымбат 
адам кенеттен өлуіне (жүрегінде зақым болған, оны өзі де, 
дәрігерлер де сезбеген) бүкіл ел болып қатты қайғырды. 
Әсіресе – мен. Осы қайғыдан енді ғана ес жиып, саған хат 
жазуға отырдым... Жолдастық көңілден – Сәбит.10.01.1973 ж. 
Алматы.»
Сәбит Мұқановтың да, Мәлік Ғабдуллиннің де 
өмір жолдары, азаматтық ұстанымдары, соңдарында 
қалдырған мол мұралары өскелең буынды, келер ұрпақты 
отаншылдық рухта тәрбиелеуге бағытталған. Олар ұлтты 
сүюді ұранмен емес, нақты өмірдегі іс-әрекеттерімен, 
ғылыми, әдеби, еңбектерімен дәлелдеген. С.Мұқановтың 
Алматыдағы алғашқы қазақ балабақшасын шырылдап 
жүріп аштырғанын марқұм Қадыр Мырза Әлі өзінің 
«Иірім» ( 2004 ж.) атты кітабында жазып кетті. Ана тілінің 
тағдырына қатысты талай еңбектерді қалдырды. Ол аралас 
мектептерді енгізуге үзілді-кесілді қарсылығын Оқу 
министрінің орынбасары А. Щербаковтың кандидаттық 
диссертациясын қорғатпау үшін сөйлеген сөзінде (1967 ж.) 
өте өткір қозғады. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған 
Скворцовтың шовинистік көзқарастары мен іс-әрекеттерін 
партияның Орталық Комитетінің бюросында әшкерелеп 
сөйлеген Сәбит Мұқановтың сөзі де мұрағатта жатыр. 
Мәлік Ғабдуллиннің педагогикалық көзқарастары жеке 
зерттеуді қажет етеді. Мыңдаған шәкірттерді тәрбиелейтін 
жоғары оқу орнын басқарған жылдардағы тәлімі де бөлек 
әңгіме болуға тиіс. 

275
1972 жылы Мәскеуден  «ЖЗЛ» сериясынан Тұрсынбек 
Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин» ғұмырнамалық кітабы 
жарық көргенде Сәбең қатты қуанады. Шәкіртін үйіне 
шақырып алып, енді Мәлік туралы осындай кітапты бірігіп 
жазуға уағдаласады. Әрине, Сәбең ол арманына жете 
алмады.
 Қазақ халқының әдебиеті, мәдениеті, ғылымы мен 
өнері өрге басуы жолында Сәбит Мұқановтың да, Мәлік 
Ғабдуллиннің де сіңірген еңбегі орасан зор. Бүгінгі 
жастардың бойында отаншылдық сезімді, патриотизмді 
қалыптастыруда олардың азаматтық ұстанымдары 
әрдайым үлгі болуға лайық. 
2013 ж.
Б.МАЙЛИН МЕН Ғ.МҮСІРЕПОВ: 
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ 
БАЙЛАНЫСТАР
 
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің дамуына 
өлшеусіз үлес қосқан алыптарымыз туралы сөз болғанда, ең 
алдымен, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан 
Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт 
Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, 
Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит 
Мұқанов, Ғабит Мүсірепов есімдері аталады. Бұларды 
әдебиет тарихында бөле-жармай, таптық жікке топтамай, 
ұлт руханиятының ұстындары, қазақ көркем сөзінің ұлы 
тұлғалары деп біртұтас алып қарауымыз керек.
 
Осылардың ортасында қазақ әдебиетіндегі әңгіме 
жанрының шеберлері ретінде Бейімбет Майлин мен Ғабит 
Мүсіреповтің шығармашылық байланыстары әдебиет 
зерттеушілерінің назарын аударуға негіз бар. Оған қазақ 
жазушыларының арасындағы алғашқы журналист, көркем 
проза мен көсемсөздің, көркем очерктің аса көрнекті өкілі 
Бейімбет Майлиннің жазуға қабілеті бар жастарды іздеп 
жүріп тауып, тапсырма беріп жаздырып, қаламдарын 
ұштауға тигізген әсер-ықпалы жөнінде айтқанда, әрине, 
ең алдымен Ғабит Мүсіреповтің жазғандары ойға оралады: 

276
«Төрт-ақ сөзіңді өзгерттім... Үзбей жазып көрші.., –  деді. 
Бейімбет сияқты атақты шебердің жәрдем берерін сезінген 
соң, мен төрт таңды көзімнен аттырып, «Тулаған толқында» 
деген ұзақтау бір әңгіме жаздым. Бірақ онымды Би ағаңа 
үш рет  әкеліп, үш рет көрсетпей алып қайттым. Аяғында 
рабфактың қабырға газетіне бердім». Ғабиттің әңгімесін 
қабырға газетінен оқыған Бейімбет  Майлин: «... әңгімеңді 
оқыдым. Жаман емес екен... Маған неге көрсетіп алмадың?» 
– дейді. 
Осы бір ауыз сөзде қаншама қамқорлықтың лебі жатыр 
десеңізші. Оны жас Ғабит те жан-дүниесімен түсінеді. Сол 
түсінгенін кейін: «Би ағаңның (Бейімбет Майлинды айтып 
отырмын) мен әр түрлі толқу үстінде көрсеткен сенімі 
болмағанда, өзімнен жазушы шығады деген үмітім бұлдыр 
да буалдыр еді. Тәуекелмен бастап кетпей, тастап кетуім де 
мүмкін еді. Жастарға сенім көрсетудің, жастармен жұмыс 
істесудің үлгісі солай болса етті деген оймен «Біздің Би аға» 
очеркімді жазуға тура келді», – деп тиянақтайды. «Біздің 
Би аға» очеркі 1965 жылы 12 қыркүйекте «Социалистік 
Қазақстан» газетінде жарияланды. Осы очеркінде Ғабең 
Бейімбеттің бүкіл болмыс-бітімін ашып көрсетіп, өзінің неге 
осы бір қарапайым да қарымды қаламгерге көңілі құлағанын, 
екеуара достық, шығармашылық байланыстыраның қалай 
қалыптасқанын, қалай дамығанын біршама толығырақ 
баяндайды.1928 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Тулаған толқында» 
атты прозалық шығармасы кітап болып шығады, сол жылы 
«Қазмемиздаттың» орнына «Қазақстан» баспасы ашылып, 
оқуға кеткен С.Мұқановтың орнына Ғ.Мүсірепов бас 
редактор болып қызметке кіріседі. Бейімбет екеуінің тізе 
қосып, ақылдаса жүріп, көп шаруалар тындыратын кезеңі 
басталады. Тоғыз жылға созылған тығыз шығармашылық 
байланыстағы қарым-қатынасты қызыл репрессия қырғыны 
үзіп кетеді. Бірақ, осы азғантай уақытта екі ұлы жазушы 
бір-бірін жақсы танып-білумен қоса, бір-біріне рухани 
демеуші, жанашыр аға-іні болғанын аңғарамыз. Бейімбеттің 
шығармашылық әлеуетіне қатысты Ғ.Мүсіреповтің: 
«нағыз журналист, «әрі үлкен жазушы, әрі маңдай алды 
журналист» деп бағалауы да сол жылдардағы оның еңбегіне 
берілген жоғары баға еді.

277
1929 жылы Жақан Сыздықов Қызылордаға келіп, 
Ғабиттің үйіне тоқтайды. «Кешке жақын Би ағаң Ғабиттікіне 
келді. Сондағы екеуінің шүйіркелесе сөйлескені, бірін бірі 
зор ілтипатпен тыңдайтыны, ерекше сыйласатындығы осы 
күнге дейін ұмытылмастай зор әсер қалдырды. Би ағаң ол 
үйге келгенде, өте сағынысып, алыстан жолаушылап келген 
адамдай сый-құрметке, әдемі ықылас, жарқын күлкіге 
бөленетін. Ғабиттің үйінде осылай өткен кештерге мен талай 
араластым. Бірге болдым. Талай қызықты әңгімелер естіп, 
талай әдемі күндерді өткіздім» –  деп еске алған екен.  
1932 жылы Б.Майлиннің ақындық, жазушылық жолының 
20 жылдығы аталып өтіледі. «Социалды Қазақстан» газеті  
тұтас бет арнайды. Бірақ, іле-шала Бейімбетті сын садағына 
алған, орынсыз кіналаған, азаматтық арына, ақындық 
шеберлігіне тиіскен мақалалардың шығуы оған қатты 
соққы болды. «Ұлтшыл-байшыл» деп айып тағумен қоса, 
«Қазағым – елім, жұртым деп Бейімбеттің ақындығы туды» 
(С.Қ. 24.05.1932ж.) деп кіналады. Алашқа бүйрегі бұрады 
деген айыптау да алғаш рет айтылды. Келесі жылы ҚазАПП 
ұйымы таратылып, Қазақ совет жазушыларының одағы 
құрылар қарсаңдағы ұйымдастыру комитетінің пленумында 
Ғ.Мүсірепов Бейімбеттің «Он бес үй» повесі мен «Майдан» 
пьесасы туралы оң пікірін білдіріп, былтыр әділетсіз сынға 
ұшырағанын, орынсыз жала жабылғанын айтып, оны 
алғаш рет әдебиет содырларының сойылынан қорғайды. 
Бейімбет пен Ғабиттің бірлесіп жазған жұмыстарының тағы 
бір нәтижесі – «Социалды Қазақстан» мен «Казправда» 
газеттерінде басылған Амангелді туралы очерктері еді. 
1936 жылы 25 қарашада «Социалды Қазақстан» газетінде 
«Амангелді» пьесасы жұртшылық назарына ұсынылған. Оған 
алғаш Сәбит Мұқанов пен Есмағамбет Ысмайлов сын-пікір 
жазған. Бейімбет пен Ғабит арасындағы шығармашылық 
қарым-қатынасқа, ынтымақтастыққа  Дихан Әбілов өзінің 
«Би ағаң» атты естелігінде жақсы тоқталған.
Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Всеволод Иванов – 
үшеуі бірлесіп «Амангелді» атты тұңғыш қазақ киносының 
сценарийін жазады. Амангелді өмірінен деректер жинау 
мақсатымен Торғай, Бетпаққара аудандарында екеуі 
бірге болып, жетпіс-сексен адаммен кездесіп, әңгімелесіп, 

278
Бейімбет – бес, Ғабит бір жарым дәптерді жазбаға толтырып 
қайтады. Үшеуінің шығармашылық ынтымағы нәтижесінде 
дүниеге келген киносценарий бойынша «Ленфильм» кино 
түсіреді... Бірақ, 1938 жылдың соңғы тоқсанында экранға 
шыққан фильмнің авторлары қатарында Б.Майлин есімі 
аталмады. Оның себебі түсінікті... Өкінішті, әрине.
Танымал Бейімбеттанушы, филология ғылымдарының 
докторы Серікқали Байменше «Бейтаныс Бейімбет» 
атты монографиясында: Б.Майлин « 1933 жылы Ғабит 
Мүсіреповпен бірге «Сауат үшін» кітабын жазды. 1934-1936 
жылдары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әміржан 
Ситдықов – үшеуі «Сауаттандырғыш» деп аталатын сауат 
ашу әліппесін жасады. Бұл кітап алғашқы жылы 150 мың, 
келесі жылы 250 мың, ал үшінші кезегінде 75 мың дана 
таралыммен шығарылды» –  деген дерек береді. 
Ғ.Мүсірепов Бейімбеттің жазушылық өнеріне деген 
зор құрметін:  « Ол – әрі теңдесі жоқ әңгімеші ретінде де, 
әрі прозадағы сүйекті шығармаларды жасаушы ретінде де 
біздің тұңғыш зергер прозашымыз. Біздің қай-қайсымыз 
болсақ та Бейімбет Майлиннің осыдан тұп-тура алпыс жыл 
бұрын жазылған «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан 
шығып, етегіне оранып өскендейміз» – деп те білдірген. Ал, 
енді, Бейімбеттің басына қара бұлт үйіріліп, 1937 жылы 8 
қазанда Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш партия 
ұйымының Б.Майлинді партия қатарынан шығару туралы 
болған жиналысында оны ашық қорғап, «Бейімбет – жау 
болса, мен де жаумын!» деуі – тарихи факті, боямасыз 
шындық,  ақиқат. Мұны «басын бәйгеге тігу», «көзсіз ерлік» 
деп қаншама дәріптесек те нақты бағасын бердік дей 
алмаймыз. Ғабең Би-ағасының жазушылық шеберлігіне 
тәнті болғаны өз алдына, оның қарапайым адами тұлғасына 
жанында қызметтес болып бірге болған жылдарда толық көз 
жеткізгенге ұқсайды. Бұл жөнінде белгілі Бейімбеттанушы 
Тоқтар Бейісқұлов Ғабең Бейімбеттен көп қамқорлық 
көргенін айта келе: «Ғабең сол қамқорлықтары үшін 
Бейімбетті қорғады десек, ұшқарылау көрінетін сияқты. 
Оның басқаларға ұқсамайтын айрықша қасиеттері барын 
байқаған, көңілге түйген Ғабең жария етпей кетпеді. Б. 
Майлиннің бойындағы, мінезіндегі, жүріс-тұрысындағы 

279
баға жетпес адамгершілік және азаматтық бейнесін 
ажарландыратын қасиеттердің Ғабең байқаған кейбірін 
атар болсақ, өте қарапайымдылығы, қолының кіршіксіз 
тазалығы, жүрегінің қалтқысыз, қаяусыз пәктігі, талантына 
сай асқан еңбекқорлығы, бастық болуға жоламайтындығы, 
шенқұмарлығының жоқтығы, пәтуасыз айтыс-тартысқа 
бармайтындығы, жүріс-тұрысының табиғилығы, өнер, 
әдебиет десе ішкен асын жерге қоятындығы, байлыққа 
қызықпайтындығы, басқа адамдарға мейірімділігі...» деп 
санамалап шығады да: «Ендеше, Ғабеңнің оны сыйлап, 
құрмет тұтуы тегін емес» – деп ой түйеді.
«1964 жылы әдебиет қауымы, Бейімбет шығармаларын 
сүйіп оқитын оқырмандар – жазушының жетпіс жасқа 
толуын тойлап өткізді.Би ағаңның бұл юбилейлік мерекесін 
басқарған сол кісінің абзал, айрылмас досы Ғабит Мүсірепов 
болды. Айта кетелік, Бейімбет пен Ғабит ағаларымыздың 
достығы жыр болғандай жақсы өнеге» – деген ақын Қалижан 
Бекхожиннің сөзі де әлгі пікірмен тоғысып жатыр. Бейімбетке 
деген адал көзқарасын Ғабең өмір-бақи өзгертпеген. «Мен 
солай істедім!» деп кеудесін соғып, мақтанған да емес. Бәрін 
тарих пен уақыт өз орнына қойды.
2014 ж.
«ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ»  КІТАБЫНА 
ТҮСІНІКТЕМЕ
1. «Музейдегі мәңгілік мезеттің мәні». Мақала «Жас Алаш» 
газетінде   (5 шілде 2001 ж.) шыққан. Кітапта: Қазақстанның 
қазіргі мәдени дамуының басым бағдарлары. Ғылыми 
мақалалар жинағы. (Жауапты редактор – Рахиманова К.Н.) 
– Алматы: ҚазМӨҒЗИ, 2000. – 363 б.; Кітапта: Қайырбеков Ә. 
Саға. Эссе, әдеби сын-зерттеу, ой-толғам. Астана: – «Фолиант», 
2003. – 296 б. 
2. «Көзге ыстық, көңілге жақын». Кітапта: Қайырбеков Ә. 
Саға. Эссе, әдеби сын-зерттеу, ой-толғам. Астана: – «Фолиант», 
2003. – 296 б. 
3. «Музей экспозициясын өзгертудің өзекті мәселелері». 
; Кітапта: Қайырбеков Ә. Саға. Эссе, әдеби сын-зерттеу, ой-
толғам. Астана: – «Фолиант», 2003. – 296 б. 
4. «Сәбит пен Ғабит: қос арна, тел ағыс, егіз өрім». Кітапта: 

280
«Өмірбаяндық өрнектер. Автобиографические эскизы». 
(Құраст. Г.Жетпісқызы). – Алматы: Арыс, 2002. – 288 б. ; 
Кітапта: Қайырбеков Ә. Саға. Эссе, әдеби сын-зерттеу, ой-
толғам. Астана: – «Фолиант», 2003. – 296 б. 
5. «Ғажайып Ғабең». Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде 
(22 наурыз 2002 ж.) жарияланған. «Ғабеңнің музейдегі мұрасы» 
деген тақырыппен кітапта:  «С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов  – қазақ 
әдебиетінің классиктері. Халықаралық ғылыми конференция 
материалдары (Құрастырған Гүлнәр Жетпісқызы) – Алматы: 
«Арыс», 2002. – 168 б.»
6. «Әрбір зат алуан сыр шертеді». «Қазақ әдебиеті» газетінің 
тілшісіне берген сұхбаты (14 маусым 2002ж.)
7. «Сәбең мен Ғабеңнің мұражай-үйінде». «Жас Алаш» 
газетінің тілшісіне берген сұхбаты (28 желтоқсан 2002 ж.)
8. «Ғабеңнің қара шаңырағы». Кітапта: «Ғабит Мүсіреповтің 
көркемдік әлемі: Халықаралық ғылыми-теориялық 
конференцияның материалдары», Жалпы ред. Басқарған З. 
Бисенғали – Алматы: «Қазақ университеті», 2002. – 213 б.
9. «Тәсбих, жайнамаз және домбыра». Мақала «Егемен 
Қазақстан» газетінде (3 желтоқсан 2003 ж.) Сәбит Мұқанов 
музей-үйінің ашылғанына 25 жыл толуына орай  жарық көрген.   
10. «Сұлушаш һәм Мәриям». Мақала «Алматы ақшамы» 
газетінде (28 сәуір2005 ж.) шыққан.  
11. «Бұл бала – Сәбең мен Ғабеңнің тұңғыш немересі!». 
Мақала «Ана тілі» газетінде (10 ақпан 2005ж) жарияланған. 
12. «Ғабең мұражайындағы құнды сағат». Мақала «Алматы 
ақшамы» газетінде (18 мамыр 2006 ж) жарық көрген.  
13. «Шәкәрім һәм Сәбит». Мақала «Шәкәрім әлемі» 
журналында (№1, 2006 ж.); «Шәкәрім қажының Сәбеңе хаты» 
деген тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде (22 наурыз 
2006 ж.) жарияланған. Кітапта: «Шәкәрім Құдайбердіұлының 
шығармашылығын зерттеудің өзекті мәселелері. 
Республикалық ғылыми-теориялық конференцияның 
материалдары. Семей, 2006. – 380 б.; Кітапта: «Етжеңді 
«Егемен Қазақстан» – 2006». Астана:  2007. – 132 б.;  Кітапта: 
«Шәкәрімтану мәселелері». Сериялы ғылыми жинақ. 6-том. – 
Алматы: Раритет, 2008. –352 б.
14. «Тарлан талант тағдыры». Мақала Т. Кәкішұлы мен 
К. Ахметтің «Сәбит Мұқанов» атты кітабына рецензия-пікір. 
«Егемен Қазақстан» газетінде (1 ақпан 2006 ж.) жарияланған.    
15. «Ерекше өрнектелген екі домбыра». «Еуроазия кеңістігі: 

281
рухани және мәдени құндылықтардың тоғысында» атты 
халықаралық конференцияда жасалған баяндама. Астана. 2006 
ж.; Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде (1 қыркүйек 2006 ж.) 
шыққан.  
16. «Айнаның сыртында сақталған сурет». Мақала «Егемен 
Қазақстан» газетінде (31 қаңтар 2007ж.) жарияланған.   
17. «Ғабеңнің төрт хаты». Мақала «Алматы ақшамы» 
газетінде (22 наурыз 2007ж.) шыққан.; «Ғабит Мүсіреповтің 
хаттары» деген атпен кітапта: Қайырбеков Ә. Саға. Эссе, әдеби 
сын-зерттеу, ой-толғам. Астана: – «Фолиант», 2003. – 296 б. 
18. «С. Қирабаев және Сәбиттану мәселелері». Кітапта: 
«Академик Серік Қирабаев және ХХ ғасырдағы әдебиеттану 
ғылымы: Алматыдағы «Академик Серік Қирабаев және ХХ 
ғасырдағы әдебиеттану ғылымы» атты халықаралық ғылыми-
теориялық және Астанада өткен «Академик С.С.Қирабаев және 
отандық әдебиеттану мәселелері» атты ғылыми-практикалық 
конференциялардың материалдары, зерттеулер, мақалалар. 
Алматы: Unigue Service, 2007 – 480 б.; «Ғылымдағы өнегелі жол» 
деген тақырыппен «Ана тілі» республикалық ұлт газетінде (22 
наурыз  2007ж.) жарияланған.
19. «М. Базарбаев және Ғабиттану мәселелері». Кітапта: 
«Мүсілім Базарбаев және қазіргі әдебиеттану мен өнертану 
мәселелері», «Мүсілім Базарбаев және қазіргі әдебиеттану мен 
өнертану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық 
конференция материалдары, зерттеулер, мақалалар. Алматы: 
Unigue Service, 2007 – 410 б.
20. «Алабұртқан көңілдің сөз дауасы». Мақала «Алматы 
ақшамы» газетінде (1 желтоқсан 2007 ж.) жарық көрген. 
21. «Зар-мұңымды ұққан Затаевич». Мақала «Алматы 
ақшамы» газетінде (9 ақпан 2008 ж.) жарық көрген. 
22. «Сәбеңнің жеке кітапханасы». Мақала «Кітап жаршысы» 
газетінде (№2/376/ наурыз, 2008 ж.) жарияланған.
23. «Ботакөз – Гүлфайрус». Мақала «Алматы ақшамы» 
газетінде (10 тамыз 2008 ж.) шыққан. 
24. «Кенекең мен Сәбең!». Мақала «Алматы ақшамы» 
газетінде (13 қазан 2008 ж.) жарық көрген. 
25. Ташкент: Тамыздың ыстық күндері. Мақала «Алматы 
ақшамы» газетінде (09 желтоқсан 2010 ж.) жарық көрген. 
 26. «М. Шолохов  пен С.Мұқанов». Мақала «Алдымен қазақ 
алсын»  деген қаламгер немесе Шолоховтың қазақстандық 
достары» деген тақырыппен  «Алматы ақшамы» газетінде (14 

282
мамыр  2009 ж.) жарық көрген. 
27. «Жүз жасаған жүрек сыры». Мәриям Қожахметқызы 
Мұқановамен жасы жүзге толар қарсаңда жүргізілген сұхбат. 
«Жұлдыздар отбасы» журналында (№15/56 /, тамыз, 2009ж.) 
жарияланған. 
28. «Ең қиын кезеңдерде де мұражайлар жабылған жоқ». 
Республикалық «Заң» газетінің тілшісіне берген сұхбаты. (16 
қазан, 2009 ж.)   
29. «Алтын қалам». Ғ. Мүсіреповтің Мұқағалиға сыйлаған 
алтын қаламынан өрбіген ойлар. «Алматы ақшамы» газетінде 
( 17 қаңтар 2010 ж.), «Мұқағали» журналында (№2, 2010 ж.) 
жарық көрген. Кітапта: «Есіңе мені алғайсың». М.Мақатаев 
туралы ақынның көзін көрген замандастарының естелік 
әңгімелері. Редакторы Б. Мәжитұлы. Алматы. Сарыжайлау. - 
2010. – 258 б.
30. «Шоқан шыққан шың немесе С. Мұқановтың  Шоқан 
Уәлиханов өмірі мен шығармашылығын зерттеп-байыптауы 
хақында».  Мақала «Алматы ақшамы» газетінде ( 26 қыркүйек 
2010 ж.), «Қостанай таңы» газетінде 28 қыркүйек  2010 ж.) жарық 
көрген. Сондай-ақ, кітапта: «Ш.Уәлихановтың рухани мұрасы 
мен қазақстандық және әлемдік ғылымдағы қоғамдық өрлеу 
идеяларының дамуы» атты ғылыми-тәжірибелік конферения 
материалдары. Баяндамалар жинағы. Құраст. Г.Саталкина, 
Н.Оташева. Қостанай. – 2010. -164 б.
31. Екі алыптың артында қалған мұра... Газет тілшісіне 
сұхбат. Мақала «Алтын Орда»  (27.01.2011ж.) газетінде жарық 
көрген. 
32. Жамбыл–жырдың жанашырлары. «Жамбыл және түркі 
халықтарының эпикалық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-
практикалық конференцияда жасалған баяндама. 11-12 сәуір 
2011 ж. Алматы.
33. Өмір өрнектері. Қани Тоқсанбаевтың «Орындалған ой-
арман» кітабына жазылған алғысөз. Алматы. Өнер. 2011 ж.
34. Ғабеңнің алғашқы  туындысына Бейімбет Майлин бата 
берген.... Журнал    тілшісінің сауалдарына жауап. «Жұлдыздар 
отбасы», №21(111), қараша 2011 ж.
35. Өзағаңның өнегесі. Мақала. «Қазақ әдебиеті» газетінде 
(№6, 31/70. 2010 ж.) жарияланған.
36. Ы. Алтынсарин мұрасы және С. Мұқанов. Мақала 
 
«Қостанай таңы» газетінде (23 қараша  2011 ж.) жарық көрген. 
Сондай-ақ, кітапта: «Ыбырай Алтынсарин мұрасының 

283
әлеуметтік, педагогикалық, өнегелі әлеуеті және қазіргі 
заман» атты ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. 
Баяндамалар жинағы. Құраст.: Н.О.Мұқатов, К.Н.Омарова. 
Қостанай. – 2011. -228 б.
37. Ғабит көп, Ғабең жалғыз. Газет тілшісіне сұхбат. Мақала 
«Қазақ әдебиеті»  (13.04.2012ж.) газетінде жарық көрген. 
38. Естеліктер, хаттар сорабымен. Қарағандыда журналист-
жазушы Жайық Бектұровтың 100 жылдық мерейтойына 
орай Қарағанды облыстық Мәдениет басқармасы мен Ж. 
Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы 
ұйымдастырған «Ғасыр дауысы» атты халықаралық ғылыми 
конференцияда жасалған баяндама (18-19 қазан 2012 ж.)
39. Батырлар жыры бауырластырған. Ақмола облыстық 
Мәдениет басқармасының, М. Ғабдуллин музейінің 
ұйымдастыруымен Совет одағының батыры, академик, 
жазушы, педагог, мемлекет қайраткері Мәлік Ғабдуллинді еске 
алуға  орай өткізілген «Батырлар жырындағы елдік мұрат» атты 
ғылыми семинарда «Сәбит Мұқанов пен Мәлік Ғабдуллиннің 
азаматтық ұстанымдары және жаңа қазақстандық патриотизм» 
деген тақырыпта жасалған баяндама.15.11.2013 ж. Көкшетау.
40. Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов: шығармашылық 
байланыстар. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 
С.Сейфуллинннің, І.Жансүгіровтің, Б.Майлиннің туғандарына 
120 жыл толуына орай ұйымдастырған республикалық ғылыми 
конференцияда жасалған баяндама. 17 маусым 2014 ж. Алматы.
Түсініктемелерді  жазған  
Г. Ж. ҚҰДАБАЕВА

284
МАЗМҰНЫ
Музейдегі мәңгілік мезеттің мәні ………………….…........3
Көзге ыстық, көңілге жақын ………………..…………….....7  
Музей экспозициясын өзгертудің 
өзекті мәселелері ..........................................................................….....9
Сәбит пен Ғабит: қос арна, тел ағыс,
егіз өрім …….....................................................................................……..13
Ғажайып Ғабең ……………………………………............….......16
Әрбір зат алуан сыр шертеді......................................................28
Сәбең мен Ғабеңнің мұражай-үйінде..................................31
Ғабеңнің қара шаңырағы...............................................................34
Тәсбих, жайнамаз және домбыра...........................................35 
Сәбит Мұқанов туралы сөз..........................................................42
Сұлушаш һәм Мәриям ………………………..……………..45
Бұл бала – Сәбең мен Ғабеңнің 
тұңғыш немересі! …...................................................................……50 
Ғабең мұражайындағы құнды сағат ………………........53
Шәкәрім қажының  Сәбең хаты……………………….......57 
Тарлан талант тағдыры …………………………..…..............71
Ерекше өрнектелген екі домбыра ……………………….79
Айнаның сыртында сақталған сурет …..………………84
Ғабеңнің тағдырлы төрт хаты …………………………….90
С.Қирабаев және Сәбиттану мәселелері …….....…….93
М.Базарбаев және Ғабиттану мәселелері ………..….98
Алабұртқан көңілдің сөз дауасы ………………………103 
Зар-мұңымды ұққан Затаевич...............................................107
Сәбеңнің жеке кітапханасы......................................................124
Ботакөз – Гүлфайрус....................................................................133
Кенекең мен Сәбең ..........................................................................140
Ташкент. Тамыздың ыстық күндері.................................150
 Михаил Шолохов  пен Сәбит Мұқанов..........................167
Жүз жасаған жүрек сыры..........................................................176
 «Ең қиын кезеңдерде де мұражайлар 

285
жабылған жоқ». ..................................................................................188
 Алтын қалам.......................................................................... ..............194
Шоқан шыққан шың.......................................................................200
Екі алыптың артында қалған мұра ...................................206
Жамбыл –  жырдың жанашырлары.................................218
Өмір өрнектері......................................................................................225
Жаны жаз аға –  Әз-аға................................................................228
Ғабеңнің алғашқы  туындысына Бейімбет Майлин 
бата берген.............................................................................................. 233
Өзағаңның өнегесі ............................................................................242
Ы. Алтынсарин мұрасы және С. Мұқанов...................244
Ғабит көп, Ғабең жалғыз..............................................................249
Естеліктер, хаттар сорабымен...............................................260
Батырлар жыры бауырластырған......................................266
Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов: шығармашылық 
байланыстар...........................................................................................275
Түсініктеме. Г.Ж. Құдабаева..... ..............................................279

Әділғазы  ҚАЙЫРБЕКОВ
ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ: 
Сәбит пен Ғабит. 
Эсселер, ғылыми-зерттеу мақалалар, 
ой-толғам, сыр-сұхбат 
Редакторы 
Әлсейіт ОСПАН 
Қате түзеуші 
Қазына НҰРМАХАНОВА 
Беттеуші дизайнер
 Мақпал АЙТАҚЫНҚЫЗЫ
Техникалық сарапшы 
Нүркен СҮЙЕУБЕКҰЛЫ
ИБ №19
Басуға 04.08.2014 ж. қол  қойылды. 
Пішімі 84х108 
1
/
32
. .  Офсеттік басылым. 
Қаріп түрі “Academy.kz”.  Көлемі 15,0 шартты баспа табақ. 
Таралымы 2000 дана. 
Тапсырыс №19.
«ҚазАқпарат» баспа корпорациясының баспаханасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет