Әділғазы Қайырбеков


дейді ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының



Pdf көрінісі
бет13/14
Дата26.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#2759
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

дейді ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының 
лауреаты, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің 
мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің 
директоры  Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.
Әділғазы Жақсылықұлы, өзіңіз басшылық жасап 
отырған Ғ. Мүсіреповтің мұражай-үйі қашан, қай жылы 
ашылған еді?
– Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің 1968-
1985 жылдары өзі тұрған үйінде дүниеден озғаннан кейін 
мұражай ашу ісі қолға алынған болатын. Сол бастамамен 
мұражай-пәтер 1991 жылы Орталық мұражайдың бір 
бөлімі ретінде ашылды. Ал 1999 жылы Алматыдағы Сәбит 
Мұқановтың мұражай-үйі мен Ғабит Мүсіреповтің мұражай-
үйі әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп, мұражай кешені 
аталды. Бірақ тұрған үйлері сол қалпында екі бөлек тұр. Бұл 
үйде Ғабең ұзақ жылдар бойы, өмірінің соңына дейін тұрды. 
Мұражай ашылғанда Ғабең тұрған үйдің кей бөлмелері 
бұрынғы қалпында сақталған болатын. Екі бөлмесі – 
 
мемориалдық бөлім деп аталады. Енді бірі – әдеби бөлім. 
Оның экспозициясы жаңартылып тұрады. Мұражайда төрт 
мыңнан астам жәдігер бар. Салыстырмалы түрде қарағанда, 
Сәбеңнің мұражайында сегіз мыңнан астам жәдігер бар. Оның 
себебі, Ғабең мұрағат сақтау, өзінің жазған-сызғандарын 
жинап-теруге үнемі көңіл бөліп отырмаған. Ғабеңнің 
шығармаларын қайта бастыру, оның текстологиясын жасау, 
жылдар бойынша реттеу, өткен ғасырдың жиырмасыншы 
жылдарынан бастап газет-журналдарда басылып жатқан 
мақалаларын жинастыру мәселесінде М.О.Әуезов 
атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеген, 
профессор Әбділхамит Нарымбетов  көп еңбек сіңірген. Сол 
кісінің арқасында Ғабеңнің әр жылдарда жарық көрген 

234
еңбектері сақталып, жиналып қалды. Жазушылардың 
көбінде үлкен кітапхана болса, Ғабең шағын ғана кітапхана 
ұстаған. Керек кітаптарын пайдаланып болғаннан кейін, 
жергілікті немесе ауылындағы кітапханаларға жіберіп 
отырған. Мұражайдағы әдеби бөлімде жазушының бүкіл 
өмірі, кесек-кесек туындыларының туу тарихы баяндалады. 
Ғабең 1902 жылы Қызылжар өңіріндегі Жаңажол деген 
ауылда дүниеге келген. Ол ауылды Ғабит ауылы деп те 
атайды. Онда да шағын мұражай бар. Ал біздің мұражайдың 
негізгі тірегі – мектеп оқушылары мен студент жастар, қала 
қонақтары. Өйткені екі алыптың да өмірбаяны мен еңбектері 
мектеп бағдарламасына енгізілген. Кейбір мектептерге 
өзіміз барамыз, кездесулер, әдеби кештер, ашық сабақтар 
өткіземіз. 
–  Мұражайда тарихы қызық қандай жәдігерлер бар?
–  Ғабеңнің жазудан қолы қалт еткен кезде айналысатын 
ермегі (хоббиі)  де болған. Ол – таяқ жону. Ғабең өзінің 
барған жерінде әдемі ағаштың бұтағын көрсе, соны 
кестіріп алып келіп, одан әдемі таяқ жонып, біраз таяқтар 
жинаған. Солардың бірнешеуі экспозицияда тұр. Кейбірін 
Жаңажолдағы мұражайға жібердік. Негізі Ғабең әртүрлі 
сыйлық  заттарды көп жинаған. Оның ішінде оттық, 
портцигар, автоқалам, қарындаш сияқты заттар да 
кездеседі. Оларды біраз уақыт қызықтағаннан кейін жақсы 
көретін інілеріне сыйға таратып жіберіп отырған. Таяқтарын 
да кей адамдарға сыйлаған. Жұрт көңілін аударатын тағы 
бір жәдігер – Ғабеңнің 70 жылдығына өзінің құрдасы, досы, 
жазушы Ғабиден Мұстафин сыйлаған орындық-таяқ. Өзінің 
екі құлақшасы бар, құлақшаларын жазған кезде орындық 
ретінде отыруға болады. Құлақшаларын біріктіргенде қолға 
ұстайтын таяқ болады. Таяқтың тағы бір ерекшелігі, онда 
құрдасының жазған әзіл сөзі де бар. 
–  Таяқта не жазылған еді?
 – Онда «Іші кепкен, тоқалы тепкен, жетпістегі сылаң 
шалға сыйладым. Таяқ – үшінші аяқ. Ғабиден.» деп жазылған. 
Құрдастардың қалжыңы ғой. Мұражайға келген адамдар 
таяққа аса үлкен қызығушылықпен қарап, жазуын оқып 
күлісіп жатады. Әрі мен ондай таяқты басқа жерден көрген 
емеспін. Мұстафиннің арнайы жасатқаны екен. Мұражайға 

235
келген адамдардың көбі Ғабеңнің қолжазбаларын сұрайды. 
Ертеде жазылған шығармаларының қолжазбалары мүлде 
сақталмаған. Тағы бір ерекшелігі, Ғабең туындыларының 
барлығын төте жазумен жазған. Соңғы жазған «Жат 
қолында» деген романының қолжазбасы қолымызда. 
Ғабеңнің жазудан тыс кезде үйірсек болған тағы бір 
ісі – бильярд ойнау болатын. Қазіргі күні өздеріңізге де 
белгілі, жыл сайын бильярдтан Ғ.Мүсірепов атындағы 
республикалық байқау өтіп тұрады. Ғабеңнің бильярд 
ойнаған кезінен қалған бір белгі – кийі (бильярд таяқшасы) 
мұражайымызда тұр. 
–  Жазушы мұражайынан тағы бір көзім түскен дүние – 
биік жазу үстелі болды...
–  Ол үстелді Ғабең өмірінің соңына қарай тапсырыспен 
жасатқан. Үнемі отырғаннан шаршайтын болуы керек, бір 
уақыт түрегеп тұрып та жазған. Кітап оқығанда да жаңағы 
үстелге сүйеніп тұрып оқыған. Сондай мақсатпен жасатқан, 
тұрған адамның кеудесінен келетін биік үстел тұр. Бұл да 
Ғабеңнің бір ерекшелігі. Мұндай үстел басқа жазушыларда 
жоқ.
– Ғабит Мүсіреповтің киімдеріне қатысты түрлі аңыз 
көп. Әсіресе кейінгі жазушылар ол туралы «Біз аптаның 
қай күні екенін Ғабеңнің киіп келген костюміне қарап 
ажыратушы ек» дегенді айтады. Мұражайда жазушының 
қандай киімдері сақталған?
– Сырт киімдері, костюмдері, жейделері мен галстуктері 
бар. Бас киімдерінен бастап туфлиіне дейін сақталған. 
Мұражай қорындағы киімдерге қарап-ақ Ғабеңнің өте сәнді 
киінгенін байқауға болады. Тазалыққа жаны құмар жан 
болған. Оның бір себебі өзінің талғампаздығы болса, екінші 
бір себебі, Ғабеңнің таза, ұқыпты киініп жүруіне әйелі Хұсни  
өте үлкен мән берген. Сәбеңнің бәйбішесі Мәриям апайдың: 
«Мен өмірімде Хұсни сияқты күйеуінің шалбарын әтірмен 
үтіктеген адамды көрмедім» дегені бар. Шалбардың қырын 
шығару үшін көп адам су сеуіп үтіктесе, Хұсни апамыз 
әтірмен үтіктейді екен...
Тағы бір қызық нәрсе, ол кісі барлық шығармаларын 
қарындашпен жазған. Жазу үстелінің үстінде бір 
бума қарындаш пен бірнеше өшіргіш тұрған. Ол кісіде 

236
шығарманың бірінші, екінші, үшінші нұсқасы деген 
болмаған. Тек бір ғана түпнұсқа бар. Жазып отырған 
уақытында мәтінді өзгерткісі келсе, өшіргішпен өшіріп, ары 
қарай маржандай жазуымен тізіп кете берген. Оны біз «Жат 
қолынданың» қолжазбасынан-ақ байқаймыз. Бір сөз, тіпті 
бір әріп сызылмаған. Тап-таза, маржандай қалпы. Жазу 
кезіндегі тазалыққа да сондай мән бергенін көреміз. 
– Ғабеңнің жазудан өзге уақытта айналысқан қандай 
сүйікті ісі болды?
– Жоғарыда билярд ойнап, таяқ жонғанды жақсы 
көретінін айттым. Одан бөлек Ғабеңнің аңшылыққа ерекше 
құмар болғанын айтуға болады. Семейлік жазушы Медеу 
Сәрсекеге сыйлаған мылтығы мұражайымызда сақтаулы. 
Ол кісінің аңшылығы соншалықты берілген аңшылық емес, 
шығармашылық адамының бірнеше күн бас көтермей 
жазудан кейінгі бой сергітуі сияқты деп ойлаймын. 
Аңшылыққа шығудың өзі бірге шыққан адамдардың жан 
дүниелерін ақтарып сырласуы, таза ауада жүріп қайтуы, 
табиғатпен қауышуы сияқты. 
– Ғабит Мүсірепов  бірнеш рет шаңырақ көтерген екен. 
Осы туралы  айтып беріңізші.  Жұбайларынан қанша 
баласы болды?
– Ғабеңнің немере інісі Екпін Махмұдовтың жазуына 
қарағанда, 1921 жылдың тамызы мен 1922 мамыры 
аралығында, тоғыз ай, Ғабит Таузар болысының военкомы 
болып тұрады. Осы қызметте жүргенде ол Сәпі дейтін 
байдың Қаншайым атты жас келінін алып қашып, үйленеді. 
Қаншайым Көшебе Аңдамас деген байдың қызы екен. Бір 
жарым жылдай, Орынборға оқуға кеткенше бірге түтін 
түтеткен. Одан бала болмаған. Бұл туралы С. Мұқанов «Өмір 
мектебінде» жазған. Сонда алғашқы жұбайы – Қаншайым 
болады. Екінші жұбайы Хұсни апамыздан Энгелина (Ғалия), 
Роза, Райхан, Ақмарал атты  қыздары дүниеге келген 
екен. Энгелина атты қызы Сәбит Мұқановтың үлкен ұлы 
Арыстанға тұрмысқа шыққан. Екі алып та Қызылжар 
өңірінде, бір Есілдің бойында туып-өсті, одан кейінгі 
өмірлерінде құдандалық байланыс орнатты. Ғабеңде ұл 
болмады. Арыстан мен Энгелинаның тұңғыштары Бақытжан 
дүниеге келіп,  екі атасының көз қуанышына айналды. Ол 

237
көрікті жігіт болып өседі. Әскерден келгенінде әскери киімін 
шешпеген күйі екі атасына кезек сәлем беріпті. Сонда Ғабең 
Бақытжанды ертіп алып, жақын маңдағы фотостудияға 
барып, бірге фотоға түсіп, Сәбеңнің алдын орап кетіпті. Кейін 
қырықтан аса бергенінде Бақытжан да қайтыс болып кетті. 
Ұзақ жылдар бойы Ғабең отбасында жылылықты ұстап 
отырған, оның жазуына жағдай жасаған, дастарханы мол 
Хұсни апамыз. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін Ғабең актриса 
Раиса Мұхамедияроваға үйленді. Одан Гауһар, Гүлнар 
деген екі қыз бар. Олар әкелерінің мұражайымен тығыз 
байланыста. Қандай да бір мәдени шаралар өткізер кезде 
екеуін шақырып аламыз, ақылдасамыз. Энгелина апамыз 
Ғабеңнің 100 жылдық тойына қатысты, өзі басы-қасында 
жүрді. Қазір ол кісі де өмірден өткен. Ғабеңнің ғұмырының 
соңына қарай дәм-тұзы жарасқан жары – Ғазиза. Бұрын 
тұрмыс құрмаған, егде  тартқан жан. 
– Ал жазушының өзі отбасында неше ағайынды болған?
– Жұрт Ғабеңнің туысқандарын жиі сұрайды. Ғабеңнің 
әкесі Махмұт деген кісі 1936 жылы дүниеден өткен. Ал анасы 
Дина 80 жас ғұмыр кешкен. Ғабеңнің Хамит, Сәбит деген 
ағалары, Баязит, Қажым, Әшім деген інілері, Гүлсім деген 
жалғыз қарындасы болған. Олардың көзі жоқ болғанымен, 
олардан тараған ұрпақ бар. Көбісі елде, Қызылжарда, 
Алматыда тұрады. Ғабеңнің балалық шағы аласапыран 
кезге тап келді ғой. Мұражайда Ғабеңнің жастық шағынан 
бір сурет қана сақталған. Бұл Ғабеңнің Бурабай  орман 
шаруашылығы техникумында оқытушы болып жүрген кезі.  
Сол тұста атқа мініп тұрған Ғабеңнің суреті. Бұл –1927 жыл. 
Одан бұрынғы кезінен ешқандай фотосурет жоқ. Әрі бұл 
1927 жылдың  тағы бір ерекше сипаты бар. Осы жылы Ғабең 
«Тулаған толқында» атты алғашқы туындысын дүниеге 
әкелген. Ол қабырға газетіне жарияланады да, оны Бейімбет 
Майлин оқып қалып, ұнатады. Солай Ғабеңнің алғашқы 
туындысы Бейімбет Майлиннің батасын алған. Оның кейін 
баспасөз бетінде жарық көруіне де Бейімбеттің ықпалы 
болған. 
– Ғ.Мүсіреповтің «Бейімбет жау болса, мен де жаумын!» 
дейтіні қай кез еді?
– Ғабеңнің өз өмірінде жасаған бірнеше ерлігі бар. 

238
Соның біреуі – 1932 жылғы аштық кезінде орын алған 
оқиға. Ол жылдары аштықтан қаншама адам қырылды, 
қаншамасы босып, шетелге кетті. Міне, осы кезде Ғабит 
Мүсірепов Халық ағарту комиссариаты  өнер бөлімінің 
 
сектор меңгерушісі болып қызмет істеп жүр еді. Ол кісіні 
экспедициямен солтүстік өңірлерді аралауға жібереді. 
Көзбен көрген жағдайдан шошып келген Ғабең «мұны бұлай 
қалдыруға болмайды» деген оймен өзі бастап, Ғатаулин, 
Даулетқалиев, Алтынбеков, Қуанышев – бесеуі  бірігіп 
Голощекинге хат жазады. Ол – тарихи хат. Ел ішіндегі 
алапат аштықты нақты деректермен көрсетеді. Ол уақытта 
сондай мазмұндағы хат жазу басын бәйгеге тігумен бірдей 
еді. Партияның саясатында «осындай қайшылықтар бар» 
деп айту оңай емес болатын. Бірақ бесеуі бастарын бәйгеге 
тігіп тұрып, осындай ерлікке барды. Соған қарамастан Ғабең 
«Біз солай істеген едік» деп айқайлап айтып көрген адам 
емес. Уақыт өзі екшеді, кейін Алматыдағы партия тарихы 
институтының мұрағатынан бұл  хат та табылды. Орысша 
жазылған ол хатты қазақшалап экспозицияға қойдық. Кейін 
Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты драмалық 
шығармасы дүниеге келді. Театрда  Р.Сейтметов қойған 
спектакль талай жылдар бойы көрермендер назарында 
болды. Ғабеңнің тағы бір ерекше көрінген тұсы Бейімбеттің 
айыпталып, партия жиналысына салынған кезі. Онда Ғабең 
Бейімбеттің жау еместігін айта келіп, «Бейімбет жау болса, 
мен де жаумын» деген. Бұл туралы қазақ зиялылары талай 
рет тілге тиек етіп келеді.
– Сондай сөз айтып тұрып репрессияға ұшырамай 
қалғанында не сыр бар?
– Маған Сәбең, Ғабеңдерді қазақ прозасын алға сүйресін 
деп Алланың өзі қорғап қалғандай көрінеді. Әйтпесе, 
оларға да оңай болған жоқ. Сәбең де, Ғабең де партиядан 
шығарылды. Қуғындалды. Атылып кетудің аз-ақ алдында 
тұрды.  Аман  қалғандарына қуануымыз керек.
– Ғабит Мүсіреповтің жазу шеберлігіндегі  өзге 
жазушылардан ерекшелігі туралы айтыңызшы...
– Ғабең – өте талғампаз жазушы. Сөзге үлкен мән берген. 
«Тулаған толқында» кітап болып жарық көрерде оған 
Сәбит Мұқанов редактор болған екен. Кей жеріне қалам 

239
тигізіп, қысқартулар, өзгертулер жасайды. Бұл туралы 
Ғ.Мүсіреповтің Сәбит Мұқановқа  1928 жылы жазған 
хаты сақталған. Хатта Ғабең «Мен жазып, айтып отырған 
дүниемнің барлығы айқын, түсінікті болып тұрғанын 
қаламаймын. Айтып отырған нәрсемнің тұспалы болып, ол 
ең соңында ғана бір-ақ ашылғанын құп көремін. Гогольдің 
стилін жақсы көремін» деген мағынада уәж айтады. Алғашқы 
шығармасы туралы ұстанған осы көзқарасын Ғабең өмір 
бойы сақтап өтті. Расымен де ол кісінің шығармасын оқып 
отырып, терең астарына қызығасың. Өзі айтқан «Сөзге 
сөз көлеңкесін түсірмеу керек. Бір сөз бір сөзге жарығын 
түсіріп, содан керемет шұғыла шашып тұру керек» деген 
қағиданы ұстанғанын көресің. Ғабең шығармаларын 
ләзаттанып, сүйсініп оқисың. Ондағы жеңіл юмор, әзіл, 
әсіресе этнографиялық, автобиографиялық әңгімелерінде 
байқалады. Ғабеңді көптеген зерттеушілер зерттеді. Одан 
кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. 
Бірақ соған қарамастан біз үшін Ғабең әлі шығармашылқ 
құпиясын ішке бүккен жазушылардың бірі болып қала 
береді. Өйткені, оның қысқа ғана әңгімесін оқып шыққаннан 
кейінгі алатын көл-көсір әсердің сыры қайда жатқандығы, 
осыншама табиғилығы, адамға мол әсер сыйлайтындығы – 
жазушының үлкен шығармашылық шеберлігінің айғағы. 
– Жазушының қай шығармасы өз өмірінен алынған?
– Жазушы қай шығармасында да өзін, өзінің көзқарасын 
жазады ғой. Ғабең өз өмірін «Автобиографиялық әңгімесінде»  
біршама нақтырақ көрсеткен. Сонда наурыздың 22-сінде 
дүниеге келгенін, оның ескі жаңа жыл екенін тілге тиек 
етеді. Ғабеңнің «Ұлпаны» да өз өміріне қатыстыдай көрінеді. 
Ғабең мен Раисаның арасындағы жас айырмашылық тура 
Есеней мен Ұлпанның арасындағыдай еді. Кеңес өкіметі 
орнамай тұрған дәуірде бірнеше әйел алу, әсіресе бай, 
ауқатты адамдар үшін онша таңсық болмаған шаруа. 
Қазақ дәстүрінде, өмір-салтында бар нәрсе. Бірақ олардың 
арасында адамның ақылды әйелмен атағы шығуы сирек 
кездескен. Есеней мен Ұлпанның арасындағы отбасылық 
жағдайдан үлкен әлеуметтік мәселені шығару, Ұлпанның 
қайраткерлігін көрсету, Есенейге лайықтылығын көрсету 
оңай шаруа емес. Бірақ Ғабең сол міндетті алып шықты. 

240
«Ұлпанға» дейін Ғабең бірнеше әйелдің образын жасады. Ол 
жалпы, ана, әйел тақырыбына көп барған жазушы. 
– Ғабеңнің ана, әйел тақырыбын көп жазуының қандай 
да бір себебі бар ма?
– Нақты себебі бар деп айту қиын. Бірақ Ғабеңнің өзі 
өмірде әдемілікке, сұлулыққа құштар жан болды. Ол 
сұлулықты әйелден іздеді. Өзінің «әйел саған тура қараған 
кезде, ешқайда бұрылмай соған қарай жүре бергің келеді» 
деген сөзі де бар. Әйел туралы жазуға деген құштарлық 
Ғабеңде ертеден қалыптасқан.  Және сол тақырыпты жан-
жақты ашуға тырысқан. Бұл тақырыптың соңын «Ұлпанмен» 
аяқтауы оның шығармашылық жолындағы жетістігі 
деп білемін. Өзі ол туралы «Ұлпен – менің Моно Лизам» 
дейді. Осы бір сөзбен-ақ ол өзінің Ұлпан образына деген 
махаббатын көрсетіп тұр. Кинорежиссер Сергей Азимов 
Ғабең өмірінен «Классиктің кеш оянған махаббаты» деп 
аталатын шағын деректі фильм түсірді. Осында Ғабең мен 
Раисаның арасындағы ғажап махаббат керемет ашылған. 
Ұлы адамның ұлы махаббаты! Кейде мұражайға келген 
мұғалімдерге осы фильмді көрсетеміз. Олардың көздеріне 
жас алғандарын көреміз...
– Жоғарыда жазушының алғашқы туындысын 
айттыңыз. Ал соңғы шығармасы қайсысы еді?
– Ол – «Жат қолында». Бұл туынды «Оянған өлкенің» 
жалғасы ретінде жазылды. «Оянған өлке» – жазушылық 
ортада үлкен резонанс тудырған, Ғабеңнің қаламгерлік 
қуатын, шығармашылық әлеуетін айқындаған туынды. 
Жұрт оның жалғасын ұзақ уақыт күтті. Ғабең де кешіктіріп, 
1984 жылы жарыққа шығарды.
– Аға, соңғы уақытта Махамбетті қызылбас, Әуезовті 
арабқа телитіндер көбейді. Мүсіреповтің тегін түрікмен деп 
жүргендер де бар. Бұл қаншалықты рас сөз?
– Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» айтылған 
түрікмен ауылы туралы бір ауыз сөзден кейін жұрт ұзақ 
уақыт солай атап жүрді. «Ұлпанда» да екі Мүсіреп бар, бірі 
– түрікмен. «Бұл Мүсіреп қайдан келді?» деген сауалдарға 
Ғабеңнің Хамит деген ағасының баласы Екпін жауап берген 
болатын. Ол жазушының ата-тегінің шежіресін жазды. 
Сонау шапқыншылық заманында бір түрікмен жігіті қолға 

241
түседі. Ол қазақ қызына үйленеді. Сол түрікменнің бой 
жеткен қызына Ғабеңнің аталарының бірі үйленеді. Екпін 
шежірені жазғанда Ғабең де осы нұсқаны мақұлдаған. 
«Мүсіреповтің тегі түрікмен екен» деген әңгімеге байқап 
қарау керек. Өйткені, Ғабеңнің өз өмірбаянын өзінен артық 
ешкім білмейді. Ал Ғабеңнің ағаларының барлығы Махмұтов 
болып жазылғанын, тек Ғабеңнің Мүсірепов болғанының 
себебі мынада екен. Ол туралы жазушы: «Мектепке 
барғанымда «Фамилияң кім?» деп сұрады. Оған түсінбедім. 
«Атаң кім?» деп сұрағанда, әкемді айтпай, атамның атын 
айтып жібердім» деп жауап берген екен. Ғабеңнің фамилиясы 
солай Мүсірепов болып кете барған. 
– Алдымыздағы жылы Ғабеңнің 110 жылдығы келе 
жатыр екен. Мерейтой қарсаңында қандай да бір шаралар 
қолға алынып жатыр ма?
– Ғабеңнің 100 жылдығы кезінде де, одан кейін де 
атқарылып жатқан шаралар өте көп. Мысалы, қазір 
Солтүстік Қазақстан облысында Ғ.Мүсірепов атында аудан 
бар. Қызылжардың өзінде жазушының атында кітапхана 
бар. Алматыда балалар мен жасөспірімдер театры Ғабеңнің 
атында. Былайша айтқанда, Ғабеңе халықтың құрметі, 
ықыласы жақсы. Есімін ұлықтауда біраз шаруалар істелді. 
110 жылдық мерейтой үкіметтің қаулысымен аталып 
өтілмейді. Бірақ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік 
Біләловтің қолдауымен Сәбеңнің 110 жылдығы былтыр, 2010 
жылы, аталып өтілді. Бұл жолы да Ғабеңнің  туған  жері шет 
қалмас. Ал біз дәстүрлі «Ғабит оқуларын» 110 жылдықпен 
орайластырамыз. Ғабеңе деген халықтың ықыласы ерекше 
ғой. Ақындар қаламынан туған арнау өлеңдер  де аз емес. 
«Кәдімгі Сәбең» атты арнау өлеңдер жинағын  шығарғанбыз. 
Енді Ғабеңе арналған өлеңдерді де жинақтап, дайындап 
отырмыз. 110 жылдық кезінде кітапты жарыққа шығарып, 
тұсаукесерін жасасақ деген ойымыз бар. Мұражайда өзге де 
мәдени шаралар  атқарылмақ.    
Сұхбаттасқан   Марфуға ШАПИЯН,
2011 ж.

242
ӨЗАҒАҢНЫҢ ӨНЕГЕСІ
1978 жылдың күз айлары еді. Алматыдағы Сәбит 
Мұқановтың музей-үйіне қызметке алындым. ҚазМУ-
ден ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішевтің «жолдамасымен» 
бірнеше шәкірттері музейге бірі келіп, бірі кетіп жатқан кез. 
Мен музейге келгенде нағыз қарбаластың үстінен түстім. 
Қараша айының 21-інде музей ашылуы керек. Бұған дейінгі 
жүргізілген жұмыстарды тиянақтайтын, экспозицияны 
жасақтауды аяқтайтын ең жауапты сәт. 
Суретші-дизайнерлер мұрындарынан шаншылып жүр. 
Жұмыс таңертең ерте басталып, түннің бір уағына дейін 
созылады екен. Күнде кешкісін, сағат 18:00-ден кейін, 
музейге Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі 
Жәнібеков келеді. Күні бойғы істелген жұмысты бастан-аяқ 
өзі тексереді: «Мына суретті салған кім?..» –  «Ауыстыр!»; 
«Мына фотоны қайдан таптыңдар?» – «Ауыстыр!»; «Мына 
мәтінді кім жазды?»... Кеше ғана университет қабырғасынан 
шыққан, музей жасақтау ісінен мүлде бейхабар, әлі шіп-
шикі жас мамандар – Жанат пен маған қарап жауап күтті. 
Көзіміз жыпылықтап біз тұрмыз. Бір кезде мені өзіне 
шақырды. «Мына мәтінді қайта жазып, мынадай-мынадай 
мағынада толықтырып, ертең таңғы сағат 9:00-да менің 
жұмысыма әкелесің!» – деді. Бұйырып айтты. 
Содан түннің бір уағында дейін отырып, әлгі мәтінді 
екі нұсқада екі параққа толтырып дайындадым. Ойым 
– бәлкім, министрдің орынбасары біреуін ұнатпаса, 
екіншісін ұнатар дегенге саяды. Не керек, ертеңінде бұрын  
табалдырығын аттамаған Мәдениет министрлігіне сағат 
9-да жетіп бардым. Өзағаң менің жазған мәтіндеріме ойлана 
көз жүгіртіп шықты да, «жұмысыңа бара бер!» деді. «Неге 
дұрыс, бұрысын айтпады?» деп екіұдай күйде қайттым. 
Кешкісін, әдеттегідей, жұмыс аяғында Өзағаң музейге келді. 
Қолтығындағы папкісінен үш парақ қағазды алды да біреуін 
суретші жігіттердің біріне ұстатты: «Осы мәтінді жазасың!» 
деді. Ал енді қолындағы анау әбден шимайланған, сызылған, 

243
өңделген мәтіні бар екі парақ – менікі еді. Бір ауыз сөз айтқан 
жоқ. Өзіме қайтарды. Соңынан салыстырып қарасам: ол әлгі 
мен дайындаған мәтіннің екі нұсқасын да пайдалана отырып, 
үшінші нұсқасын әзірлепті! Қайта жазып шығыпты! Ал, 
керек болса!.. 
Республика Мәдениет министрінің орынбасары музейдегі 
әрбір жәдігірлікке, оның әрбір мәтініне осыншалықты 
жанашырлықпен қарағанын, өз қолымен оның тұратын орнын 
белгілеп, мәтініне түзетулер жасағанын өз көзіммен көріп, 
қатты таңырқадым. Мәдениет министрінің  орынбасарының 
жұмыстары онсыз да шаш-етектен екендігіне қарамастан, 
ол жұмыстан кейін де жұмысқа уақыт тапты. Өзіне де, өзгеге 
де қатаң талап қоятын еді ғой. 
Одан бері С.Мұқанов музей-үйінің экспозициясы үш рет 
өзгерді. Соңғы рет жазушының 100-жылдық мерейтойы 
қарсаңында. Оған өзім де үлесімді қостым. Әрбір жәдігерлікті 
қолға алғанда ойыма ылғи белгілі қоғам қайраткері, 
этнограф-тарихшы, мәдениет пен өнердің нағыз жанашыры 
Өзағаңның, Өзбекәлі Жәнібековтің өнегесі орала береді... 
Өзағаңның өнегесі туралы замандастарының 
жазғандарына үңілген сайын өзімінің де көкейімде 
қордалана абстаған ойларымды қағазға түсіріп қоюды жөн 
санадым. Біріншіден, Өзбекәлі Жәнібеков совет дәуіріндегі 
жастар ұйымының белсенді жетекшісі болып көрінген, Ғани 
Мұратбаев тәрізді қалың қазақ жастарының көшбасшысы 
дәрежесіне көтерілген тұлға. Отаншылдық, шыншылдық, 
әділдік, турашылдық, приципшілдік, жастық жалын мен 
жігерді қоағм мүддесіне, ұлттық мүддеге жұмсау секілді 
қасиеттерді жастар бойында қалыптастырудың жарқын 
үлгісі іспетті. Екіншіден, ол қазақ елінің ұлттық салт-
дәстүрлерін жаңғыртуға, ұлттық өнерін өркендетуге, 
көне мұралардың көмбесін ашуға, ұлт қажетіне жаратуға 
өлшеусіз еңбек сіңірді. Өзағаңның тарих мен этнографияға 
деген ынта-ықыласы терең ғылыми зерттеулерге ұласқанын 
аңғарамыз. Кез келген комсомол, партия, совет қызметкері 
мұндай парасаттылыққа көтеріле алған жоқ. Көбінесе, 
саяси науқандардың шылауынан шыға алмай, әкімшілік 
басқаруды жоспарлы тапсырмалардың шеңберінде ғана 
түсінген әкім-қаралар қаншама. Ал Өзағаң болса, ұлттық 

244
идеологияның көшбасшы күрескері ретінде көрінді. 
Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков 
есімдерінің ұлт жанашырлары қатарында құрметпен 
аталуының бір сыры осында. Үшіншіден, ол «Қазақтың 
қолөнер мәдениеті» (1982), «Жаңғырық» (1990), «Уақыт 
керуені» (1992), «Жолайырықта» (1995), «Қазақ киімі» 
(1996) және қос томдық «Тағдыр тағылымы» (1996-1997) 
атты іргелі ғылыми-зерттеу еңбектерін жазу арқылы сөзін 
ісімен, ісін сөзімен тиянақтаған қайраткер ғалым. Өзбекәлі 
Жәнібековтің тікелей ықпалымен дүниеге келген музейлер, 
театрлар, ансамбльдер, өнер ұжымдары, жаңғырған 
жәдігерліктер, т.б. туралы жиі айтылуы, жазылуы  қажет, 
жадымыздан шығармауымыз керек. Өз ұлтына, халқына 
бір перзенті осындай еңбек сіңіре алса, ел ішінен өсіп шығар 
ұлтжанды қайраткерлер қатары көбейсе, онда еліміздің 
ертеңіне сенім бекиді, күш нығаяды. Өзбекәлі Жәнібеков 
ұлттық рухты қалғытпау үшін, ояту үшін еңбек етті. Бұл 
өнегенің жөні тіптен бөлек-ау, шіркін!
2011 ж.
Ы. АЛТЫНСАРИН МҰРАСЫ 
ЖӘНЕ С. МҰҚАНОВ
  Қазақтың ХІХ ғасырдағы ұлы ағартушысы, ғалым-
этнограф, ақын, жазушы, аудармашы, ұстаз, кирилл 
харпіндегі қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы Ыбырай 
Алтынсариннің соңында қалдырған мұрасы зерттеушілердің 
назарын өзіне әр кезеңдерде де аударып келгені анық. 
Бұған М. Әуезовтің, Е.Бекмахановтың, Б.Сүлейменовтің, 
Ә.Сыдықовтың, т.б. ғалымдардың Ы.Алтынсарин туралы 
жазып қалдырған ғылыми мақалалары, монографиялық 
еңбектері дәлел. ХІХ ғасырдағы қазақтың ақыл-ой 
алыптары Шоқан, Ыбырай, Абай туралы қазақ зиялылары 
ХХ ғасырдың басынан бастап зерттеу жұмыстарын жүргізіп 
келеді. Солардың алғашқылары қатарында академик-
жазушы Сәбит Мұқановтың да есімі аталады. Рас, Сәбит 
Мұқанов 23 жасында, яғни, 1923 жылы 1-наурызда «Еңбекші 
Қазақ» газетінде шыққан атышулы мақаласы арқылы 

245
(«Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер») Кенесары, 
Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы туралы таптық 
көзқарас тұрғысынан баға беру барысында қате пікірге 
ұрынды. Бұл жөнінде өзі 1941 жылдың 10 қарашасында 
«Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан 
очерктер» атты кітабына жазған алғы сөзінде былай деген: 
«Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы қате пікір айтуға 
объективтік және субъективтік бірнеше себептер болды. 
Субъективтік себеп: ол кезде мен саяси шала сауатты едім, 
ғылымға шалағай едім, менің ол кездегі саяси білімім де, 
жалпы білімім де бастауыш көлемде ғана еді....» [1,10-б. ] – 
дейді де көне әдебиет мұраларына сын көзбен қарай отыра, 
пайдалы жақтарын алу керектігін, бұл бұрыңғы бұқарашыл 
халық әдебиетінің жалғасы, ілгері дамуы екендігін 
ұқпағандығын және объективті себеп ретінде «байшыл-
ұлтшыл» тарихшылардың оларды Алашорданың рухани 
көсемдері деңгейінде көрсеткендерін алға тартады. Әрине, 
кеңестік дәуір идеологиясының қалыптасу кезеңіндегі 
бұл таптық көзқарастағы қайшылықтарға қазір басқаша 
баға берілуде. Енді, осы орайда, көрнекті сәкентанушы, 
сәбиттанушы ғалым, професор Тұрсынбек Кәкішевтің 
«Жалпы, Сәбит Мұқановтың мінезіне тән қасиет – өзінің 
қателік жасап, шалыс басқанын басқадан бұрын өзі айтып 
отыратыны» [1,260-б ] – деуінің ескерерлік терең мәні бар. 
С. Мұқанов Абай туралы да, Шоқан туралы да ұзақ 
жылдар бойы іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ол 
монографиялық еңбектері «Жарқын жұлдыздар» деген 
атпен 1961 жылы жеке кітап болып шыққан. Қазақтың екі 
ұлы перзенті – Шоқан мен Абайға қатысты ғылыми көзқарас 
эволюциясының нақты көрінісі болып табылатын бұл екі 
монография С.Мұқановтың ХХ ғасырдың басындағы ұшқары, 
қате айтылған пікірін түбегейлі жоққа шығарады, түбірімен 
түзетеді. Ал Ыбырай туралы ше? Ыбырай Алтынсаринге 
қатысты ғылыми ой-тұжырымдарын С. Мұқанов өзінің 
«Жарқын жұлдыздар» зерттеу еңбегіне  жазған алғы 
сөзінде берік тиянақтаған: «...аз жыл ғана жасаған Шоқан екі 
мақсатына жете алмай кетті: бірі – жазушы болу, екіншісі 
– қазақ арасында орыс мектептерін ашу. Осы екі мақсаттың 
біреуін аз түрінде, біреуін мол түрінде, қоғамдық майданға 

246
Шоқанның із-өкшесін баса шыққан Ыбырай Алтынсарин 
іске асырды» [2,7-б ] – дейді ол. С.Мұқанов Шоқан мен 
Ыбырай бірін-бірі білген, Шоқанды Ыбырай сырттай болса 
да таныған деген болжам жасайды. Оған дәлел ретінде 
Орынбор шекара комиссиясының председателі болып 
қызмет істеген В.В.Григорьевпен Шоқанның да, Ыбырайдың 
да жақын достық қарым-қатынаста болуын алға тартады. 
«1861 жылдан бастап Россияның Географиялық қоғамының 
«Хабарларында» басыла бастаған Шоқан еңбектерін 
Ыбырайдың оқымауы да мүмкін емес, өйткені Шоқан сияқты 
Ыбырайдың  өзі де этнография мәселесімен шұғылданған 
адам ғой» [2,7-б ] – деп жазады С.Мұқанов.
Шоқан мен Абайды ғана емес, Ыбырайды да Сәбит 
Мұқанов зерделей зерттегендігін осы «Жарқын 
жұлдыздарға» жазған алғысөзінен аңғарамыз. «Ең 
алдымен, қазақ балаларына арналған мектептер үшін орыс 
алфавитінің негізінде Ыбырай қазақтың бірінші алфавитін 
жасады. Онымен ғана қанағаттанбай, сол мектептеріне 
арнап оқулықтар құрастырды. Осы ісінің үстінде оның 
жақсы әдебиетші және талантты жазушы екендігі де көрініп 
қалды» [2,10 - б ] – дейді ол. 
Сәбит Мұқанов Ыбырайдың соңында қалдырған 
мұраларына да жоғары баға береді. Ол мұраларының 
қазақ үшін мәні, маңызы аса зор болғанын да қысқаша 
тұжырымдай кеткен: «Қазақтың шын мағынасындағы 
ұлттық жазба әдебиетін бастау – Ыбырай Алтынсариннің 
маңдайына жазылған бақыт. Оның «Жаз басы», «Балғожа 
бидің баласына жазған хаты», «Жаз», «Өзен», «Өнер, білім 
бар жұрттар», «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңдері 
– қазақ поэзиясының европалық поэзия үлгісіне алғаш 
түсе бастауын көрсететін шығармалар. Қазақ әдебиетінің 
прозалық жанрына да жаңалық кіргізіп, жазба прозаның 
алғашқы ізін салды» [2,10- б ].
Қазақтар үшін орыс мектептерін ашудағы Ы. 
Алтынсариннің еңбегінің маңыздылығына ерекше назар 
аудартқан Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлының қазақ 
мектептерін ашудағы іс-шараларына  да жоғары баға берген 
болатын: «Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына 
қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, 

247
қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. 
Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» 
[3,97- б ]. Бұл – 1932 жылы айтылған пікір. С. Мұқанов 
өзінің «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты әдеби-зерттеу 
еңбегінде «Байтұрсынұлы Ахмет» атты мақаланы арнайы 
жазып енгізген. Көптеген объективті бағалаулары барына 
жоғарыдағы пікірі дәлел. Таптық көзқарастың салқыны да 
сезіледі.
«Бірін бірі білсін-білмесін, Шоқан, Ыбырай, Абай – орыс 
оқуының дүкенінде соғылған бір берік шынжырдың біріне бірі 
жалғасқан, бірін бірі ұзартатын үш сақинасы. Шоқан бастап 
бітіре алмаған идеяны (орыс оқуын қазақ арасына таратуды) 
Алтынсарин толығымен іске асырды, Алтынсарин бастап 
бітіре алмаған идеяны (қазақтың европалық мағынадағы 
жазба әдебиетін жасауды) Абай іске асырды» [2, 11- б ] – 
деуін, әрине, Сәбит Мұқановтың он ойланып, мың толғанып 
барып жасаған тұжырымды пікірі деп қабылдаймыз.
С. Мұқановтың Ыбырай Алтынсарин мұраларына деген 
жанашырлық көзқарастарын айғақтайтын тағы бір құжат 
– Музей кешені қорынан табылған, 1960 жылы 4 ақпанда 
жазылған Қ.Т.Жұмағұловтың «Ыбырай Алтынсариннің 
шығармалары» атты кандидаттық диссертациясына 
академиктің  оппонентік сөзі. Араб харпімен (төте жазу) 
жазылған бұл пікір – төрт парақ. Ізденушінің ғылыми ой-
пайымдарына терең талдау жасаумен қатар С.Мұқанов 
Ыбырай Алтынсариннің педагогтік, ағартушылық, т.б. 
еңбектеріне өзінің тиянақты пайымдарын қоса білдіріп 
отырады. Мәселен, «Жұмағұловтың диссертациясы: Кіріспе, 
Ы.Алтынсарин туралы әдебиетті сын көзімен талдау, 
Ы.Алтынсаринның өмірі мен қызметі, Ы. Алтынсаринның 
шығармалары, Қорытынды» аталып, бес тарауға 
бөлінеді. 180 беттік осы бес тараудың 104 беті Ыбырай 
Алтынсаринның көркем шығармаларын талдауға арналған. 
Алдымен көрінетін нәрсе: диссертацияның мазмұны 
атына сәйкес екендігі, яғни – диссертанттың бұл еңбегінде 
Алтынсариннің көркем шығармаларына ерекше көңіл бөліп, 
шұқшия талдауы. Осылай талдаудың арқасында диссертант  
Алтынсарин шығармаларының төмендегідей сырларын 
кең және дәлелді түрде ашып береді» [4] дейді де, еңбектің 

248
жеті түрлі нәтижесіне арнайы тоқталады. Диссертациялық 
жұмыстың жетістік, кемшіліктерін көрсете келе «шын 
мағынасындағы ғылымдық зерттеуге жататын бағалы 
еңбек» деп ой түйіндеген.
Сондай-ақ, Сәбең 1946 жылдың 17 қазанында Қазақстан 
К(б)П Орталық Комитетінің  мәдениет бөліміне, Б. Степановқа 
жазған хатында (Музей кешенінің қорында сақталған) 
Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет 
ғылыми-зерттеу институты Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай 
Алтынсарин мұраларын өз деңгейінде зерттей алмай 
отырғандығын сынайды. Сәбеңнің бұл хаттағы көптеген 
қайшылықты көзқарастарына қосылмасақ та, Ыбырай 
Алтынсарин туралы зерттеу мәселесінің тоқырап тұрғанын 
орынды көрсеткен деп ойлаймыз. Арада біршама уақыт 
өткеннен кейін, 1950 жылы Ә. Сыдықовтың «Алтынсаринның 
педагогикалық пікірлері және ағартушылық қызметі» атты 
зерттеу кітабы, 1955 жылы Ы. Алтынсаринның «Таңдамалы 
шығармалар» жинағы (құрастырған, баспаға дайындаған Б. 
С. Сүлейменов) жарық көрген. Бұл екі кітап та С. Мұқановтың 
жеке кітапханасында сақталған, қазір Музей кешенінің 
қорында. 
С. Мұқанов өмірінің соңына дейін Ыбырай Алтынсарин 
мұрасына деген өзінің оң көзқарасын айқын тұжырымдап 
кетті.
Пайдаланылған  әдебиеттер:
1. С. Мұқанов.  «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы 
әдебиетінің тарихынан очерктер». Алматы, «Арыс», 2002.
2. С. Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. 16-том. Алматы, 
«Жазушы», 1980.
3.С. Мұқанов. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті». Алматы, 
«Атамұра», 2008.
4. СМҒММӘММК –СМҚ- 8-ЖА, 273-б.
2011 ж.

249
Қазақ әдебиетінің классигі, әйгілі сөз зергері, академик-
жазушы Ғабит Мүсіреповтің туғанына биыл 110 жыл 
толып отыр. Осыған орай, Алматыдағы С.Мұқанов пен 
Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай 
кешенінің директоры, ақын Әділғазы  Қайырбековті әңгімеге 
тартқан едік.
 
ҒАБИТ КӨП, ҒАБЕҢ ЖАЛҒЫЗ...
– Әділғазы Жақсылықұлы, Ғабең туралы сөз болғанда 
ең алдымен серілігі, сырбаздығы, суреткерлігі әңгімеленеді. 
Жазушылық шеберлігінің сыры неде деп ойлайсыз? 
Өзгелерден ерекшелеп тұратын өзіндік қолтаңбасы 
жайында, шығармашылыққа қадам басқан алғашқы сапары, 
сол тұстағы әдеби дайындығы, ұстанымы, бағыты туралы  
айтсаңыз. 
– Ғ.Мүсірепов 1927-1928 жылдары Бурабай орман 
шаруашылығы техникумында оқытушылық қызмет 
атқарады. Осы жылдары оның Бурабай орманынан Ой 
орманына  қарай сапарға шыққанын аңғарамыз. Оның 
мұражай экспозициясында тұрған ең алғашқы түскен 
фотосуреті де осы жылдардан қалған бір белгі. Жәй белгі 
емес, символдық мәні бар нышан. Міне, ат тізгінін тартып, 
үзеңгіні шірей, жиырма бес жастағы жігіт ұзақ өмір жолына 
шығуға қамданғандай. Фотосурет өте жақсы сақталған. 
Сол жылы Ғ.Мүсіреповтің тырнақалды туындысы «Теңіз 
тепкісінде» Қазақстан мемлекеттік баспасынан «Тулаған 
толқында» деген атпен жарық көреді. Әдемі үйлесімді 
байқаған боларсыз. Атқа қонған азамат һәм алғашқы кітабы 
шыққан қаламгер!
«Ғ.Мүсіреповтің сол тұстағы әдеби дайындығы қандай 
еді?» деген сауалға оның 1928 жылдың 18 сәуірінде Сәбит 
Мұқановқа жазған хаты жауап береді. Хат С.Мұқановтың 
жеке мұрағатында қалыпты. Хаттың ұзын-ырғасынан 
түсінетініміз – алғашқы кітабының сарашысы Сәбит 
болғандығы. «Теңіз тепкісінде» автордың алғашқы жазған 
көркем шығармасы болғандықтан, мазмұнында да, түрінде 
де елеулі кемшіліктер бар екен. Соларды хат арқылы 
дұрыстату баспаға бір күшке түсті...» – деп жазады 

250
С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында. «Хат арқылы 
дұрыстату» деген сөзге назар аударыңыз. Яғни, түзетулер 
мен өңдеулер автордың келісімімен жүзеге асқан сыңайлы. 
Енді Ғабеңнің әлгі хатындағы мына бір ойларына үңілейікші: 
«... Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы 
білінбей, көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда 
ғана сезілсе екен деймін. Мүмкін бұл ескірген түр болар. 
Сөйтсе де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын 
көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді 
сүйіп оқитынымды білетін едің ғой, көбінесе ол маған осы 
жағынан ұнайды... Менің тағы бір ұнатпайтыным: алған 
теманың өзінен басқа ешқайда бұрылмайтын әдет. Мұны мен 
жеккөрем. Әсіресе, болмысы, тұрмысы... тағы басқалардың 
ізі түсіп отырса екен. Осы күні (меніңше) жазушылар 
«саяси жақ» деп алғанда, басқа жағын ақсақ тастайды. 
Мен оған қарсымын. Сондықтан қай күнде болса да, менің 
жазғандарым көлденең материалдарды көбірек қойып 
отырады. Бұл әдетті (әзір жүзеге асыра алмаған әдетті) 
түбінде жазып кете алған күнде де тастамаспын деймін...».
Бір қызығы, Ғабең әдебиеттегі ұстанымын, бағытын, 
мұратын осынау 1928 жылғы жазған хатында тайға таңба 
басқандай айқындаған. Оның жазу стиліндегі астар, тұспал, 
ишараның қайнар көздері де қайда жатқанын түстеп-
танимыз. Бірте-бірте жылы юмор, ащы сарказмға бой 
ұрған оның жазушылық қолтаңбасы ерте қалыптасқан. 
Жазушы кез келген туындысын көркем  жазуға тырысқан. 
Ғабең: «Сөзге сөз көлеңкесін түсірмеуі керек. Сөзге сөз 
жарығын түсірген кезде ол шуақ, шұғыла шашып тұрсын», 
– дейді. Жазушының осылай өз-өзіне талап қоя отырып 
жазғаны шығармаларынан көрініп тұрады. Ана тіліміздің 
тазалығына қатты мән берді, сол үшін күресті. Осының 
бәрі алғашқы әңгімесінен басталған. Және ол өзінің осы 
бағытынан ешқашан айнымаған. Гогольді сүйіп оқыған, 
Горький секілді ана тақырыбына көп қалам тербеген. Яғни, 
олардан үйрене отырып, өзінің – Ғ.Мүсіреповтың тамаша 
стилін қалыптастырған. Әрине, Б.Майлиннің де әсері бар 
екені сезіледі. 
–  Біздің оқырмандарымыз Ғабит Мүсіреповтің әкесі, 
шешесі, аға-бауырлары туралы, сөз зергерін аялаған, 

251
отбасылық жылуын аямаған аяулы арулар туралы да білгісі 
келеді...
– Ғабиттің әкесі – Махмұт Кәжімбайұлы 1936 жылы 65 
жасында дүниеден озыпты. «Шағын денелі, көп сөйлемейтін, 
арабша оқыған, Құраннан түсінігі бар, мәсі тігетін, қамшы 
өретін, аз уақыт ауыл старшыны, атқамінер кісі болған 
екен». Ғабеңнің жеке мұрағатында әкесінің фотосуреті 
сақталмаған. Шешесі – Дина Оңғарбайқызы. 80-нен асқан 
жасында, 1957 жылы қайтыс болған. Фотосуреті бар. 
«Дина  үлкенге келін боп, кішіге жеңге боп, жастарға шеше 
боп жаққан, мінезі биязы, пейілі кең, асы дәмді, абысын-
ажын арасында ұйымшыл, ақылды болған кісі. Ол – менің 
кіндік шешем» – деп жазды Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір 
мектебінде». Атасы Кәжімбай Мүсірепұлы 81-ге қараған 
жасында өмірден өткен. Ал Мүсіреп Еламанұлы 1800 жылы 
туып, 1889 жылы қайтыс болған. Ғабеңнің 83 жыл ғұмыр 
кешуінде арғы аталарынан, шешесінен дарыған табиғи ұзақ 
жасау қасиеті болуы да мүмкін. Мұндай жандарды қазақ 
«сүйегі асыл» деп те атаған.
Ғабеңнің бірге туған екі ағасы – Хамит пен Сәбит, үш інісі 
– Баязит, Хажым, Әшім  және қарындасы Гүлсім.
1921-1922 жылдары Ғ.Мүсірепов Таузар болысының 
военкомы болып тоғыз ай жұмыс істейді. Сол тұста Ғабит 
ауылдағы Сәпі дейтін байдың Қаншайым атты жас келінін 
алып қашып үйленеді. Ол кісімен 1923 жылдың күзінде 
Орынборға оқуға кеткенше бір жарым жылдай тұрмыс 
құрған. Бала болмаған. Бұл жөнінде алғаш рет С.Мұқанов 
жазған. Туған ауылы Жаңажолдағы Ғабит мұражайының 
директоры болған Айдарбек Аткелтіров те бұл деректі 
нақтылаған. Ғабиттің жеңгесі – ағасы Хамиттің әйелі Рәзия 
Мырзахметқызы да куәлік сөз қалдарған. Ал Ғабеңнің немере 
інісі Екпін Махмұтов «осы бір шындықты жасырмауды» жөн 
көрген екен («Қызылжар»  журналы, №1, 2002ж.). 
Ғабит 1926 жылы 22 жастағы Хұсни  Ягафорова деген әкесі 
башқұрт, шешесі татар қызға үйленеді. Одан – Энгелина, 
Роза, Ақмарал, Райхан атты төрт қыз туған. Хұсни 1964 
жылы мамыр айында қайтыс болды. Ғабит пен Хұснидың 
1926 жылы Орынборда түскен фотосуреттері сақталған. 
Әкелерінің 100 жылдық тойына бұл қыздарынан Энгелина 

252
ғана қатысты (2002 жылы). Энгелина С.Мұқановтың үлкен 
ұлы Арыстанға тұрмысқа шыққан. Сәбит пен Ғабит – мың 
жылдық құдалар. Ортақ немере, шөберелері бар. 
Ғабеңнің Хұснидан кейінгі әйелі – Раиса Мәжитқызы 
Мұхамедьярова. Актриса Раямен Ғабең 60 жасында танысады. 
Рая сонда 23 жаста екен. Олар 1964 жылы үйленеді. Гауһар, 
Гүлнар атты екі қыз дүниеге келеді. 1970 жылдың басында 
өрттей қаулаған өсек сөз, қызғаныш, көре алмаушылық 
оларды ақыры ажыратып тынған. Кинорежиссер Сергей 
Азимов Ғабең мен Раяның арасындағы  сүйіспеншілік сырын 
ашатын «Классиктің кеш оянған махаббаты» атты фильм 
түсірді. Фильмді көріп отырып тебіренбеу мүмкін емес. 
Ғабеңнің жазған хаттарын арқау ете отырып, Раяның өзінен 
сыр суыртпақтаған. Музейге келушілерге жиі көрсетеміз. 
Өте әсерлі шыққан фильм. 
1970 жылы Ғабең  Ғазиза Нұрғалиқызына үйленіп, 
өмірінің соңына дейін бірге тұрады. 
– Қазақтың маңдайына біткен қос перзентінің әдеби-
мемориалдық мұражай кешеніне басшылық етудің 
жауапкершілігін қалай сезінесіз?
–  Негізі Сәбит Мұқановтың музейі 1978 жылы өзі тұрған 
пәтерінде ашылған болатын. Оның ашылуына кезінде 
жазушының жары Мәриям Мұқанкеліні көп еңбек сіңірді. 
Ғабит Мүсіреповтің музейі  де өзі тұрған пәтерде 1991 жылы 
Мемлекеттік Орталық мұражайдың бір бөлімі ретінде 
ашылды. Сәбең мен Ғабең екеуі бір Есілдің жағасында туып-
өскен, әдебиетке де қатар келген қаламгерлер. Сәкен, Ілияс, 
Бейімбет, Мұхтар сияқты алдыңғы буынның өнегесін көрген 
бұлардың өмір жолдары үнемі түйісіп отырған. Құдай қосқан 
құдалар екендігін жоғарыда айттым. Сондықтан да олардың 
бір көшенің бойында тұрған музей-үйлерінің 1999 жылы 
әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп, Музей кешені 
аталуы кездейсоқтық емес сияқты көрінеді маған. Екеуі де 
әдеби-мемориалдық музей. Әдеби-мемориалдық музейдің 
бір ерекшелігі жазушылардың өздері тұтынған заттары, 
кітапханалары, жұмыс бөлмелері – бәрі қаз-қалпында 
сақталады. Келушілерді қызықтыратын да осы нәрсе. 
Дегенмен, екі бірдей алып жазушының музейін басқару 
оңай шаруа емес. 

253
 1978 жылы университетті бітірген соң, жаңадан 
ашылғалы жатқан С.Мұқанов музейіне келіп экскурсовод 
болып жұмысқа орналастым.  Кейін жиырма екі жыл 
баспасөз саласында қызмет еттім. С.Мұқановтың 100 
жылдық мерейтойының алдында, 2000 жылы, Мәриям 
Мұқанкелінінің өтініші бойынша осы музейге қайтып келдім. 
Одан бері де он екі жылдан аса  уақыт өтті. Екі жазушының 
да 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО шешімімен 
аталып өткенін ел-жұрт біледі. Сол қарсаңда музейлердің 
экспозициясы түгелдей жаңарды. Себебі бұрын Сәбеңді 
большевик жазушы, кеңес одағының жыршысы ретінде 
көбірек көрсететін едік. Ал қазір нағыз халық жазушысы 
ретінде таныстырамыз. Оның өзі жазушының «Жол 
таптым бар қазақтың жүрегіне»  дейтін бір ауыз сөзінен 
бастау алады.  Шынында, бұлай батыл айтуға кез-келген 
жазушының дәті бармас еді.. Ал ол өткен ғасырдағы ең 
көп оқылған, ең көп танылған жазушы. Мұхтар Әуезовтың 
өзі Сәбеңе: «Жолы кең жазушы» деп баға берген болатын. 
Ал енді Ғабеңе келсек, ол кісі шынында да көркем ойдың, 
көркем сөздің зергері. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет