2006 ж.
57
ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫҢ
СӘБЕҢЕ ХАТЫ
Қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ ғасырдың соңы мен
ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен, Абайдың ізбасар
шәкірт інілерінің бірегейі, абыз ақын, озық ойшыл Шәкәрім
Құдайбердіұлының орны бөлек.
Алматыдағы С. Мұқанов мұражай-үйінің қорында
Шәкәрімнің 1931 жылы 3 ақпанда “Елсіздегі Саят қорада
жазылды” деген анықтамасы бар, “Ардақты Сәбит
бауырым!” деп басталатын хаты (1), фотосуреті және
бір кітабы сақталған. Бұл хат, кітап және фотосурет көп
ойларға жетелейді. Шәкәрім мен Сәбит арасындағы қарым-
қатынастан әр алуан сыр суыртпақтауға сұранып тұр.
Ең алдымен фотосурет жөнінде мағлұмат берейік.
Біріншіден, бұл фотосурет – көшірме емес. Түпнұсқа!
Екіншіден, фотосуреттің ерекше құндылығы – сыртындағы
Шәкәрімнің кирилл жазуымен орысша, араб жазуымен
қазақша қалдырған қолтаңбасында!
Енді ретімен баяндайық. Суреттегі Шәкәрім қажының
басында тақиясы бар, шапанының қаусырмасы, сол жақ
өңіріндегі екі түймесі анық көрініп тұр. Сақалы қауғадай
һәм қалың, қырау шалғаны да байқалады. Суреттің төменгі
жағында “К.Могилевцевъ. Семипалатинск” деген жазу
өрнектеле қоршалған. Негізі, Шәкәрімнің дәл осы бейнесі
қазіргі қауымға жақсы таныс. Соған қарағанда, мұндай
фотосурет бірнеше дана болғанға ұқсайды. Бірақ, мұның
артықшылығы: ешқандай ретуш жасалмаған, суретші-
өңдеушінің қыл қаламы тимеген, тіпті, маңдайындағы
әжіміне дейін айқын көрінеді.
Фотосуреттің сыртында – қағаз, қалам, фотоаппарат,
картиналардың коллаж суреті және орта тұсында тағы
да “Фотография К.Н.Могилевцева” деген жазу оқылады.
Төменгі қапталында “Семипалатинскъ” деген сөз ірі
әріптермен, оның астында кіші әріптермен “Уголъ Областной
и Казначейской улицъ. Против Волжско-Камского банка”
деп жазылған. Шәкәрімнің кирилл және араб әріптерімен
58
қалдырған қолтаңбасы осылардың үстіне түссе де, одан
бері ғасырға жуық уақыт өтсе де айқын сақталған. Мәтіні
мынадай: “Любезному брату Тугрулу Ибрагимовичу на
добрую память от Шах-карима Худайбердина. 15 февраля
1912 г.”. “Сүйүклі баурым Тұғрұл Ибраһим марқұм ұғлына
ұмытпас белгі үшін. Шах-карим Хұдайберді ұғлынан. 15
февралде 1912 жылы”.
Бұл фотосуретті Шәкәрім Абайдың ұлы Тұрағұлға,
өзінің бауырына сыйлағанына ешқандай күмән болмаса
керек. С.Мұқановтың қолына қалай тигені белгісіз. Бәлкім,
өткен ғасырдың отызыншы жылдары Алматыда қызмет
істеген Бағдәулет Құдайбердіұлынан алған шығар…
Қалай болғанда да құнды қолтаңбасы бар фотосуреттің
сақталғанын айтсаңызшы!
Енді хат мәтініне үңілейік. “11 /ХІІ-да жазған хатыңызды
жаңа ғана алдым. Бүгін Аягөзге жүрмек адамнан осы хатты
асығыс жаздым” деуіне қарағанда, бұл – Шәкәрімнің жауап
хаты. Яғни, мұның алдында Сәбит Мұқанов Шәкәрімге
арнайы хат жазған. С.Мұқанов 1930 жылы Мәскеудегі Марр
атындағы Тіл білімі институтының аспиранты, 1931 жылы
БКП (б) жанындағы Қызыл профессура институтына түсіп,
оны 1935 жылы бітіреді. Яғни, 1930 жылы 11 желтоқсанда
Шәкәрімге хат жазған тұсы Мәскеуден келіп, қайтадан
кетуге дайындалып жүрген кезі болса керек. Шәкәрімнің
хатынан аңғаратынымыз – Сәбит оның қолжазбалары
мен кітаптарын сұратқанға ұқсайды. “Қолымда барынан
біраз ғана жазбамды жібердім, - дейді Шәкәрім. – Олар:
Бәйшешек бақшасы, Нартайлақ әңгімесі, Қазақтың түп
атасы, (жыйырма бес жасымда жазған) – Бозбала мен
кәрілік, (отыз екі жасымда жазған) баламен айтысып
жеңілгенім. Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан
бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплотной
қылдым. Бұрын басылған; Қазақ айнасы, Еңлік – Кебек,
Қалқаман – Мамыр деген өлеңдерімді әрбірінен өз
қаражатыммен 1000 (егземпляр) дана бастырып, елге
таратып едім, Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрік шежіресін
де бір мың бастырып таратып едім. Соларды балаларға
іздетіп, шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып;
бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар
59
болғандықтан көшіріп жатырмын түзетіп. “Әділ, Мәрия”
деген романымның көшірмесі Алматыдағы осыннан барып
қызметке тұрған Бағдәулет Құдайбердіұлында бар шығар.
Оның тұрағы Алматыда Лепсинская көшеде №63. Сол
балада: Американың Бичер Стоу деген әйелі жазған құлдар
тұрмысы жайынан, “Том ағай балағаны” деген қазақшаға
аударғаным бар шығар. Бірақ, оларды бастырам деп
рұқсат алып еді. Ол екеуін бір баламыз өлең де қылып еді,
табылса менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл,
өлеңшесін өзіңіз білесіз. Қолымда “Шыныбақ әңгімесі”
деген пьесеге аударуға лайықты бір романым бар болса да
басқа кісі оқи алмастық шорнабай болғандықтан, көшірмей
жіберуге болмайды. Және Пушкиннің “Дубровский” деген
романын қазақша өлеңге аударып, ана бір жылы Семейде
бастырылып еді. Ол үйде бар еді, мынау адамнан жіберуге
болмады”…(1).
С.Мұқанов Шәкәрімнің хатын 1952 жылы мәшинкеге
кирилл жазуымен көшіртіп бастырады да, соңына мынадай
түсініктеме жазады: “Копиясы дұрыс. P.S. Бұл хаттың
Шәкәрім Құдайбердіұлынікі екенін, біріншіден, - аталған
кітаптардан білдім, екіншіден, - хатта аталған Бағдәулет
деген баласы келіп айтты. Кітап беріп жібердім деген адамы
әкеп берген жоқ. Почтамен салдым деген кітаптары келген
жоқ, баласы қолындағы кітаптарын берген жоқ. Хатқа
“Мұтылған” деп қана қол қойылған. С.Мұқанов,. Қолы. 5/Ү
– 1952 ж.” (1).
Мұражай-үйінің қорында Шәкәрімнің 1912 жылы
Семейдегі “Жәрдем” баспасынан шыққан “Жолсыз жаза
яки кез болған іс” (Самосуд или случайность) – “Еңлік-
Кебек” деп аталған кітабы да бар. Жоғарыдағы хат мәтінінде
бұл жөнінде “өз қаражатыммен 1000 (егземпляр) дана
бастырып, елге таратып едім” деп қана мағлұмат береді.
Шәкәрім хатында бұл кітапты Сәбитке беріп жібергендігі
жөнінде дерек жоқ. Соған қарағанда, С.Мұқановтың қолына
бұл кітап басқа біреулер арқылы тиген және оны Сәбең
ұзақ жылдар бойы жасырып сақтаған. Музей қорындағы
Мағжан Жұмабаевтың “Шолпан” өлеңдер жинағы (1913 ж.),
Жүсіпбек Аймауытовтың “Мансапқорлар” пьесасы (1925
ж.), Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” (1914 ж.)
60
романы сияқты Шәкәрімнің “Жолсыз жазасы” да аса құнды
мұралардың бірі.
“Шәкәрім Құдайбердіұлының телегей-теңіз мол
мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеп, танып-білуге ақын өмірі
мен шығармаларына қатысты архив деректері мен архивтік
документтердің маңызы аса зор һәм бағалы, - деп жазды 1988
жылғы 27 желтоқсанда шыққан “Лениншіл жас” газетінде
Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің аға ғылыми
қызметкері, белгілі әдебиетші, тарихшы ғалым Бейсембай
Байғалиев, - Солай бола тұрса да ақыннан қалған бір парақ
асыл түпнұсқа қағаз назардан тыс қалғандай. Бұл – Шәкәрім
Құдайбердіұлының 1931 жылы 3 февраль күні елсіздегі
Саятқорадан Сәбеңе (Сәбит Мұқановқа) жазған әйгілі хаты.
Хат тексі осы жылғы (1988 жыл. Ә.Қ.) “Қазақ әдебиеті”
газетінің 17 июльдегі санында жарияланды. Өкінішке
орай, ақынның әзірге қолда бар бірден-бір қолтаңбасының
фотокөшірмесі газетке жарияланбады. Алайда, оқырман
көпшілікті ақын қолтаңбасымен таныстырып кетуі керек-
ақ еді” (2).
“Асыл түпнұсқа” хаттың Орталық мұрағатта
сақталуының сыры – С.Мұқанов өз қолындағы хаттар мен
қолжазбаларды көзі тірісінде шашау шығармай Орталық
мемлекеттік мұрағатқа өз қолымен тапсырған. “… қолда бар
хаттарын түгел буып-түйіп архивке өткізсе, тура 141 том
болыпты. Қазақ жазушысынан бұрын-соңғы мұндай көп
хатты көрмеген архив қызметкерлері қатты таңқалыпты
және Сәбеңнің осы бір қастерлі іске ұқыптылығына өте-мөте
ризалық білдіріпті” (3,379).
Рас, Сәбит Мұқанов кешегі кеңестік дәуірде қазақ
жазушылары арасында таптық көзқарастың ең алдыңғы
қатардағы насихатшысы болған адам. Өзі жетімдіктің
тақсіретін тартып, байдың жалшысы, бақташысы,
тұлдыр кедей, батырақ болып жүргенде қол ұшын созған
кеңестік жүйені жан-тәнімен жақсы көріп, жанашырым
деп қабылдаған жан. Сол кеңестік жүйеге барынша адал
қызмет етуге тырысқан. Сол жолда бұра тартқан, асыра
сілтеген тұстары да аз емес. Кейбір кемшіліктері мен
қателіктерін уақыт өте келе түзетіп те отырған. Әсіресе,
Сәбит Мұқановтың Алаш партиясының қайраткерлерімен,
61
Алашордашылармен арадағы көзқарас қайшылығы өте
күрделі, біржақты шешім жасап, біржақты кінәлауға да
болмайды…
С. Мұқановтың 1931 жылы баспадан шыққан “ХХ
ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1 бөлім (ұлтшылдық, байшылдық
дәуір – буржуазно-националистический период)” атты
атышулы еңбегінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып
Дулатов, Ғұмар Қарашев, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт
Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бернияз Күлеев, Мұхтар
Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовтардың өмір жолдары
мен шығармашылықтары талданады. Бұл кітап туралы
өзінің арнайы жазған мақаласында белгілі сәбиттанушы,
филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішев
мынадай бір тұжырымды ой айтады: “Сонсын, айрықша
ескеретін бір жай, Сәбит Мұқанов бұл ақын-жазушылардың
творчестволық портретін бірінші жасап отырғанын еш
уақытта естен шығармайық және олардың кімнен кейін
кімнің тарихтан орын алатынын айқындау да Сәбеңнің
үлесіне тиіпті” (4,129). Бірақ, неге екені белгісіз, осы
кітапқа С.Мұқанов Шәкәрімді қоспаған. С.Мұқановтың 1930
жылы желтоқсанда Шәкәрімге хат жазып, кітаптарын,
қолжазбаларын сұратқан шағы жоғарыдағы еңбегін жазып
жүрген кезімен тұспа-тұс.
Шәкәрімнің 1931 жылы ақпанда жазған аталған хаты
Сәбеңнің қолына тисе де, кітаптары, қолжазбалары
жетпегендігін хат соңына жазған ескертпесі аңғартады.
Бәлкім, кітаптың екінші бөлімін жазғанда пайдаланбақ
болды ма екен? Белгісіз. Өкінішке орай, “ХХ ғасырдағы
қазақ әдебиетінің” жалғасы жазылмақ түгіл, оны қайта
шығаруға, оқытуға тиым салынады, алғашқы нұсқасы қазір
аса сирек, құнды кітаптар санатында. Мұражай қорында бір
данасы ғана сақталған.
С.Мұқанов 1951 жылы “Әдебиет және искусство”
журналында (№7) “Абайдың шәкірттері туралы” дейтін
мақаласын жариялайды.
Бұл – сол жылы 13 маусымда Жазушылар одағында
жасаған баяндамасы. Бұдан бұрын М.Әуезов “Абай
ақындығының айналасы” атты мақала (1934) жазған
болатын. Абайдың ізбасарлары ретінде Ақылбайдың,
62
Мағауияның және Көкбай мен Шәкәрімнің аттарын ерекше
атайтыны белгілі. Ал С.Мұқанов бұдан кейін де Абайдың
шәкірттері атала бастаған 25-30 шақты ақындардың
бәрін Шыңғыстаудағы ақындық мектебінің өкілдері деуге
қимайды. Көкітай, Ақылбай, Көкбайдан басқа Шәкәрім,
Тұрағұл, Нарманбет, Әріп, Әсет, Мәшһүр Жүсіп Көпеев,
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаевтарға қатысты
өзінің таптық көзқарасын ашық білдіреді. Сыңаржақтық сол
таптық қалыпқа салудан байқалады.
Біздің тақырыбымызға қатысты алғанда, белгілі
шәкәрімтанушы, филология ғылымдарының докторы,
профессор Б.Әбдіғазиев бұл жөнінде: “С.Мұқанов бұл
мақаласында М.Әуезовтің Шәкәрімді, Нарманбетті Абай
шәкірттерінің қатарына қосқанын құптамайды. Бұл да, сөз
жоқ, сол кездегі солақай сын мен даурықпа идеологияның
салқыны еді” (5, 19) – дейді.
Шәкәрімнің Сәбитке жолдаған хатында: “… жергілікті
үкімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан қолда
қаражат, баста бостандық қалмай тұр” деген сөйлем бар.
Шәкәрім де қызыл саясаттың құрбаны болды. Әйтсе
де С.Мұқанов Шәкәрім шығармаларымен, оның ішінде
“Қалқаман-Мамыр”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Еңлік-Кебек”,
дастандарымен таныстығын М.Әуезовке 1941 жылы
Мәскеуден жазған хатында да білдіреді. Ендеше, белгілі
мұхтартанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын
Жұртбайдың: “Халық тарихы туралы әр кездегі қарама-
қайшы пікірлеріне, тіпті, кейде оқиғаның тым асқынып
кетуіне тосқауыл қоюдың орнына, сол ағымға өзі де қоса
араласып кетуіне қарамастан, Сәбит Мұқанов өзінің туған
халқын сүйген. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов,
Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев туралы
мәліметтерді оларды ауызға алуға болмайтын күннің љзінде
мақалаға кіргізуінде, әрине, сынап отырып, үлкен мән
бар. Ол да күрестің бір түрі, ең болмаса, атын елдің есінде
қалдырудың амалы еді” (6,354) – деуі ақыл таразысына
жүгінгенін аңдатады. Белгілі сәбиттанушы ғалымдар
Т.Кәкішевтің, Қ.Ергөбектің, т.б. өз пікірлерінде мәселеге
дәл осы қырынан келіп, екпін түсіре назар аудартуларында
айқын көзқарас қалыптастыру ниеті құптарлық.
63
С.Мұқановтың Шәкәрім поэзиясымен таныстығына,
тіпті, образды ой топшылауларындағы ұқсастыққа дәлел
ретінде зерттеушілер мынадай салыстырулар да жасайды:
“Ақындық туралы өлеңдерінің бірінде Шәкәрім “Ғаскерім
– өлеңім мен сөздерім” деген ойды да айтады, осы образды
оралымға кейін жазылған С.Мұқановтың “Сөз – Советтік
Армия” деген өлеңі үндесіп, жалғасып жатыр. Лирикалық
поэзия мектебін Абайдан және Абайдың үлгі тұтқан
ақындары Пушкин, Лермонтовтардан бастаған Шәкәрім
шығармаларында ұстаз ықпалы әдемі де айқын сезіледі”
(7,13).
1969 жылы 3 желтоқсанда “Қазақ әдебиетінің даму
заңдылықтарын зерттейтін” ғылыми-үйлестіру кеңесі мен
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
ғылыми кеңесі бірігіп, Шәкәрім Құдайбердиевтің мұрасын
бағалауға байланысты мәжіліс өткізген екен. Онда С.Мұқанов,
Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Базарбаев, Ы.Дүйсенбаев,
С.Қирабаев, Ә.Нұрпейісов, т.б. сөз сөйлеп, Шәкәрім
шығармашылығын зерттеудің жолдарын талқылайды. Осы
мәжілісте С.Мұқанов былай депті: “Шәкәрім бір қазаққа хат
жазған жоқ, маған ғана бір хат жазған еді, сол хаты менде
бар, сонда барлық пікірін жазған. Қандай принцип ұстаған,
не істеп жатыр, шығармасы қашан жазылған, осылары бар.
Осы хатта біраз мән бар. Хаты жазушылық жолының есебі
сияқты” (7,23).
Әрине, бұл сөзінде Сәбең Шәкәрімге алдымен өзі хат
жазғанын, содан соң одан жауап хат келгенін тәптіштеп
жатпаған. “Маған ғана бір хат жазған” деп сенімді түрде
айтуына қарағанда, бұрын замандас тұстастарынан
сұрастырып байқаған да сияқты. Қалай болғанда да
Шәкәрімнің осы өзіне жазған жалғыз хатын Сәбең сұрапыл,
қысталаң кезеңдерде жыртып тастамай, жойып жібермей,
аман алып шықты!
1988 жылы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтің
мұражай қорынан Шәкәрімнің бірнеше өлеңдерінің
қолжазбасы табылғанда оның нақты Шәкәрімдікі екендігін
анықтау үшін ҚР Орталық мұрағат қызметкерлері
Шәкәрімнің Сәбитке жазған хатындағы қолтаңбасына
жүгінген. Өйткені, бұл хат мәтіні соған дейін Шәкәрімнен
64
қалған жалғыз түпнұсқа қолтаңба саналып келді.
Сөйтіп, “Елуінші жылдары Абай шәкірттеріне қарсы
болған Сәбит Мұқанов алпысыншы жылдары “Туманян
дашнактарға қатысқан. Оны бір халық көсем тұтады.
Ал, Шәкәрімде жаңа өмірге қарсы ештеңе жоқ”, - деп,
Шәкәрімді ақтау, арылтуға барын салды” (8,276), -- дейді
ғалым-сыншы Құлбек Ергөбек.
С.Мұқановтың “Шәкәрімде жаңа өмірге қарсы ештеңе
жоқ” деуінің астарында көп әңгіменің қозғауы жатыр.
Шәкәрім 1917 жылы “Бостандық туы жарқырап” дейтін
өлеңін жазады. Одан кейін жылы белгісіз “Бостандық таңы
атты” деген өлеңі тағы бар. Бірақ, нағыз тапшыл, кедейшіл
Сәбит Шәкәрімнің бұл өлеңдерін ауызға алмайды. Оның
себебі, 1917 жылы ақпан төңкерісін Алаштың қайраткерлері
қуана қарсы алғаны белгілі. Қуанышты бірте-бірте күдік
жеңді. 1917 жылғы қазан төңкерісі қоғамдық дамудың
арнасын мүлде басқа жаққа бұрып жіберді.
Шәкәрім:
Енді өмір не болар,
Күн туа ма оңалар –
Түзелер не жоғалар,
Бал ашайын шамалы.
Еркін тиіп қонысы,
Кеңір ме екен өрісі,
Не болады орысы,
Соны ойлайық бағалап.
Патсалық енді тірілмес,
Бұлайша билеп жүрілмес,
Николай ісі білінбес,
Айтқаным емес табалап.
Орыс әзір тына алмас,
Орнығып жұмыс қыла алмас,
Болмас па екен тайталас,
Бірін-бірі сабалап (7,183) –
дейді.
65
Араға ғасырға жуық уақыт салып, осынау өлең
жолдарының тереңіне үңіліп көрсеңіз, Шәкәрімнің со
заманда-ақ болашақты болжап, қуанса да қауіп ойлап,
көрегендік танытқанына таңырқай қарайсыз. Қауіптің қай
жақтан келерін де тап басқан. “Орыс әзір тына алмас” деп
қазаққа келген бостандықтың бағасы қымбатқа түсетінін де
бағамдаған. Жаңаға қарсы болмаса да, көзсіз құптап, ессіз
ере жөнелуден тартынғаны сезіледі.
“Өмірінің соңғы жылдары мен күндерін тауда жалғыз
өткізіп жүрген жетпіс үштегі Шәкәрім 1931 жылдың
2-октябрінде дүниеден кетті. Зұлымның, сұмның қолынан
асыл адам қаза тапты. Қаныпезерлер оның сүйегін құдыққа
тастайды, туыстары кейін мүрдесін тауып, жерлеген…
Оған ұзақ жылдар бойы буржуазиялық ұлтшыл “Алаш”
партиясының қызметіне, Совет өкіметін орнатуға қарсылар
тобына – бай-кулак элементтерге қатысы бар делінген кінә
тағылды, аты аталмайтын болды” (7, 12).
Абай елінің тарихын зерттеп жазған Бекмұхамед
Исабаев көзкөргендердің куәлігімен: “… Бердеш (Кейбір
деректерде көтеріліс басшыларының бірі, Шәкәрімнің
жақын туыстарының бірі Берлеш Әзімбаев. Ә.Қ.) Шаһкәрім
атын жамылып, Шыңғыстау халқын көтеріліске шақырды,
халық қырғын тапты. Шаһкәрімдей адамды адастырды…”
деп және Шәкәрімді екі ұлыңды совет өкіметі өлтірді,
үшіншісі түрмеде жатыр, несіне қарайлайсың, Қытайға өтіп
кетейік, қажы атың бар, ондағылар атыңа қанық, бізге жол
көрсет деп үгіттегендерін, сол күні қажының қасында болған
Қасымбектің айтуымен былайша жалғастырады: “…Қажы
зарлап-зарлап, ақыры ерді бізге. Қажы ерген соң, жаңа күш
бітті. Жүріс-тұрыста, жер-жол табуда қысылысымыз жоқ.
Бәрін қажы нұсқайды. Қуғын күшейді. Кеткеннен басқа жол
қалмады. Аялдауға болмайтын болды. Шыңғыстау баурына
– Аршалыға құлап, одан жайлауға шығып, Қытайға бет
алған жолда Қажы атылды ғой…” дейтін жаңа деректерді
алға тартады (9,204). Ендеше С. Мұқанов Шәкәрімнің
Шыңғыстау ауданындағы Совет өкіметіне қарсы құралды
көтеріліске қатыстылығы, өзінің оққа ұшқандығы туралы
деректерді ойдан шығармаған. Бірақ, Қажының атын
басқалар өз мақсаттарына пайдаланып кеткендігін білмеуі
66
де мүмкін.
Шәкәрім өзінің “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар
шежіресі” атты кітабын 1911 жылы Орынборда өз
қаражатымен шығарған. Бұл жөнінде С.Мұқановқа жазған
хатында да айтқан. Ал осы шежіремен Сәбит Мұқанов жақсы
таныс болған. Белгілі әдебиетші, абайтанушы ғалым Қайым
Мұхамедханов өзінің “Шаһкәрім” атты мақаласында:
“Сәбит Мұқанов “Жарқын жұлдыздар” (1964) атты
монографиясында Абайға арналған бөлімінде Шаһкәрім
шежіресіндегі тарихи мағлұматтарды мол пайдаланған.
Бірақ ешбір жерде Шаһкәрім шежіресі аталмайды,
шежіреге сілтеме жасалмайды” (10, 34) – деген. Содан соң
“Жарқын жұлдыздардың” 159, 166-167-беттеріндегі және
Шәкәрім шежіресінің 61-62, 44- беттеріндегі сәйкестіктерді
нақты мысалмен көрсеткен. Тек Сәбиттің ғана емес, Әлкей
Марғұланның да осы шежіреге сілтеме жасамай кітабында
дайын деректерді пайдаланғанын айтады. Мұның басты
себебін – “кінә тағылды, аты аталмайтын болды” деген пікір
анықтап, дәлелдеп тұр. Шежіреге сілтеме жасамаса да,
С.Мұқанов “Жарқын жұлдыздарда” әлгіндей деректерді
пайдаланар алдында, мысалы: “Арғын” деген аттың қайдан
шыққаны туралы ғылымда мынадай жорамал бар…” (159
б.) деп бастайды. “Ғылымда” деген сөз әлдебір түпнұсқаға
мегзеп тұрғаны анық. Ал оны нақты көрсете алмауының
себебін айттық.
Шәкәрім орыстың ұлы жазушысы Лев Толстоймен хат
жазысып, пікір алмасқанын Сәбетқазы Ақатай, Ғарифолла
Есім, Ғалым Боқаш, т.б. ғалым-зерттеушілер талдап-
таразылап жүр. Мынаған назар аударайықшы: “Үшінші
сұрағыма Толстой: - Жазушының артық қасиеті – өз қатесін
көріп, оны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді.
“Біреудің қатесін біреу көреді” деген бар. Бәрінен де адам
өз қасиетін өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын
қасиет адамның өз бойында бар. Ол – адамға біткен ақ жүрек.
Егер адам өзі істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната
білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл
толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу
керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз мінін
де, біреудің мінін де көре алады. Сондықтан, әділ сыншың –
67
ақ жүрегің, - деп жауап берді. Осындай ақыл, кеңес берген
Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын, - дейді
Шаһкәрім” (7, 42).
Осы өзінің қатесін өзі көріп, өзі түзететін қасиет – қазақ
жазушыларының ішінде Сәбит Мұқановқа ерекше тән.
Бұған сәбиттанушы ғалымдардың көптеген пікірлерінен
дәлел келтіруге болады. Ең берісі, Шәкәрімді ақтауға
белсене атсалысуынан да ақ жүректігі байқалып тұр ғой.
Шәкәрім 1912 жылы “Айқапта” (№5) білімділерге өтініш-
хат жариялайды. Бес сауалдың жауабын сұрайды. “Бес
сауал мынау: 1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұды
не? 2. Адамға тіршілік ең керегі не үшін? 3. Адамға өлген
соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауап-азап)
бар ма? 4. Ең жақсы адам не қылған кісі? 5. Заман өткен
сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып
бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз
не? Шаһкарим Хұдайбердіоғлы”(11,3). Бұл сауалдардың
әрқайсысына жеке-жеке еңбек арнауға болады. Қазіргі кезде
қазақ ғалымдары арасында ондай ізденістер бар. Академик
Ғарифолла Есім өзінің “Шәкәрім” атты еңбегінде осы бес
сауалдың да жауабын іздейді. Толыққанды толғамдар
жасайды. Ой тарқатады. Пікір жарыстырады. Жауап
демейді, “сауалға ізденіс” дейді. Мәселен: “Байқап отырсақ,
адам баласыныњ жауапқа қанағаттанған кезі болмаған.
Бәрі уақытша. Сұрақтың жауабы дәл сәтінде дәлелді
болғанмен, заман оза, күндер өте сол дәлел дәлелсіздене
бастап, адамның күдік сезімін оятып, жаңа жауап іздеу
басталады”(12, 238) – дейді философ-ғалым.
Шәкәрімнің бес сауалын тілге тиек етудегі мақсатымыз
– Сәбит Мұқановқа 1931 жылғы жазған хатында ол өзінің
кітаптары мен қолжазбаларын таныстырумен қоса, өзін
мазалап жүрген өзекті сауалдарды да, көзқарастарын да
білдіреді.
Шәкәрімнің хаты былай жалғасады: “Бұлардан басқа
да аудармаларым, өлең, сөздерім бар, бірінші уақыт тығыз
болып, екінші қырық бес жасымнан бергі өлең, сөздерім
философия жағына салынып: об отвлеченного вопроса
объективное рассуждение болғандықтан, үкімет басуға
рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз
68
ба деп жібермей қалдым. Себебі: жан сыры, жаралыс сыры,
дџниедегі тәмам шатақ діндер туралы жазылған. Қырықтан
аса бергенімде: Жан не? Дін не? Барша әлем қалай жаралған,
адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, нысабы жағынан
салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік
бар ма? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде
не ғылған жөн? деген сияқты ылғый дене сезімімен сезілмей
іш жаққа: әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай
ойлайтын ноқтасыз – таза ақылмен ғана білетін істер туралы:
дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл
туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып,
дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым
еді. Мен: пәлен пайғамбар, түгілен профессор айтты дегенге
тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса
да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса
ол кім болса да бас ұрам. Мақтанып кеттім. – Мақтан емес
іздегенім, тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым
айтқан хақыйқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін” (1).
Міне, С.Мұқановқа жазып отырған хатында Шәкәрім
өзінің білімділерге сонау 1912 жылы қойған сауалдарын
басқа бір қырынан алға тартады. Осы сауалдарға өзінің
“философия жағына салынып” жауаптар іздегенін де
жасырмайды. Жан сыры, жаралыс сыры, жаратушы міндеті,
дін сыры, адамның ары, әдеті, нанымы, құмары, нысабы,
т.б. жөнінде “қырықтан аса бергенінде” ой кешіп, Абай
секілді дүние сырына үңілуге бет бұрғанын ашық айтады.
Шәкәрімнің ойшылдығы әлгі сұрақ-сауалдарды қоюынан-
ақ аңғарылады. Қ.Мұхаметхановтың: “Шаһкәрім сыншыл
еркін ойдың, өз сөзімен айтқанда, “ноқтасыз ойдың”, “сау
ақылдың” адамы” (10,17) деуіне толық қосыламыз.
Шәкәрім арнайы оқу орындарында оқымаса да,
зерттеушілерінің пікір тоғыстыруынан аңғарылатындай,
оның ең үлкен мектебі – Абайдың мектебі екендігіне дау
жоқ. Ол, тіпті, қажылық сапармен екі рет Меккеге сапар
шеккенде, мұсылмандық парызын өтеумен қоса, ілім-білім
жинап қайтқандығын, Меккеден, Мәдинеден, Стамбұлдан,
Парижден қаншама кітаптар арқалап әкелгендігін
шәкәрімтанушылар салыстыра пайымдайды. Шәкәрімнің
діни ұстанымдары, философиялық көзқарастары енді
69
зерттеле бастады. Сондықтан, оның қазақ білімділеріне
қойған сауалдары, Лев Толстойға қойған сауалдары,
С.Мұқановқа жазған хатындағы сұрақтар өзара сабақтасып
жатқандығын байқаймыз. Дала ойшылы оңашада, елсізде,
қалың жұрттан шеттеп, кеңестік өмір салттарын жан-
дүниесімен қабылдай алмай, саяқ ғұмыр кешіп жүрген
кездерінде қоғамның, адамның, жаратылыстың құпияларын
өз бетінше ашуға әрекет жасайды.
“Шәкәрімнің тағдыры нағыз кәсіби ойшылдың тағдыры.
“Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда” деп Абай ұстазы
айтқандай, ойшылдық еш адамға тыныштық, бейбіт-
рахат өмір әкелмеген, ойшылдық – рух мазасыздығынан
туатын шексіз талап. Біреулер айтады: ойшылдықтың
негізі – білмекке құмарлық деп, тегі, бұл толығымен
қабылданатын шындық болмаса керек. Білмекке құмарлық
ғылым жолы, ойшылдық ғылымнан тыс, бәлкім жоғары
немесе сапалық ерекшелігі өзгеше. Ойшыл адам тек біліп
қана қойып, онымен қанағаттанбайды, ол білгенін түсінікке
айналдырумен харекеттенеді” (12.305-306) – деп Ғ.Есім
Шәкәрім ойшылдығының терең сипатын аша түскен.
Шәкәрімнің хаты былай аяқталады: “Міне, осыны
айтып отырғанымда адамшылық арым: барша адам
баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан
хақыйқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге
тіленбейсің деп еркімді билеп, “Жан сыры, Жаралыс сыры”
деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім. Әттең,
дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай, орысшаға
да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды
азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді?
Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы
айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл
алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл “Жан сыры”,
“Жаралыс сыры” басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды
өтінемін. Лажы болса, қолжазбаларымның бәрін қайтырып
отырарсыз. Тағы бір тілегім: менің қай жазбам басылса да,
басылысымен баспахана харажатымен маған әрқайсысынан
елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас
деп беру үшін. Қайсысы басылса да Мұтылған деген атыммен
басылғаны жөн болар еді. Бір сөзім: менің кейбір өлеңдерім
70
қазақтың бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтылмайды,
әрқайсысының өзім шығарған әні (матифы) бар. Әнді хатпен
ұғындыруға болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілікті
үкімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан қолда
қаражат, баста бостандық қалмай тұр. Хош! Бақытты
болыңыз! Мұтылған”(1).
Лев Толстой елуден асқан шағында “Жан сыры” және
“Менің дінім қайсы?” дейтін ой-толғауларын жазған
екен. Шәкәрім де өзінің ғұмырының соңғы отыз жылын
тұтастай дерлік дүние сырын ұғуға арнағанын екпін түсіре
ескертуінде үлкен гәп жатыр. Енді сол еңбегінің тасқа
басылып, жарық көргенін армандайды. Өзінің 8 айлық
қана көрер жарығы барын сезгендей, “тірі күнімде”, “біліп
өлсем” деген сөз тіркестерін қолданыпты. “Баста бостандық
қалмай тұр” деуінен қауіп ойлап, алаң көңіл бола бастағаны
да байқалады. Шәкәрім “Мұтылған” – яғни “Ұмытылған”
деген әдеби бүркеншік атты таңдауында да терең астар бар.
Бірақ, ол ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да.
“Шәкәрімнің мейір мен зорлық, әділет пен зұлымдық,
ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары
екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған
қалпын, бүкіл Түркістан өңіріндегі алдыңғы қатарлы, биік
өресін айғақтаса керек” (13,14) – дейді көрнекті жазушы,
ғалым Мұхтар Мағауин.
Елсіздегі Саятқорадан жолданған хаттан суыртпақталған
сыр сорабы тармақталып барып, Шәкәрім мен Сәбит қарым-
қатынастарын жаңаша байыптауға ұласатынын байқаймыз.
С. Мұқановтың мұражай қорындағы аталған хат,
фотосурет және кітап Шәкәрімнен қалған жәдігерлер
ретінде аса бағалы, құнды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Шәкәрімнің хаты. МСМ. Мұрағат.2-том, 458-460 б.
2. Байғалиев Б. Табылған қолжазба. “Лениншіл жас”,
27.12.1988.
3. Кәдімгі Сәбит Мұқанов. Естеліктер кітабы. Құраст.
С.Шәймерденов, Қ.Ергөбеков. – Алматы: Жазушы, 1984. –
392 б.
71
4. Кәкішев Т. Ахмет К. С. Сәбит Мұқанов. Әдеби-ғылыми
ғұмырнама. – Алматы: Арда, 2005. – 304 б.
5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна (Абай дәстүрі және Шәкәрім).
– Алматы: “Қазақ университеті”, 1992. – 128 б.
6. Жұртбаев Т. Сенің келуің шын келу. Кітапта: Сәбит
Мұқанов тағлымы. – Алматы: Жазушы. – 1990.-384 б.
7. Шәкәрім. Шығармалары. Құраст. М. Жармұхамедов,
С.Дәуітов, [А.Құдайбердиев]. – Алматы: Жазушы, 1988. –
560 б.
8. Ергөбек Қ. Сәбит Мұқанов. Оқу құралы. – Алматы:
Санат, 2000. – 320 б.
9. Исабаев Б. Ұлылар туған өлке. Жұлдыз, 10, 2005.
10. Мұхамедханов Қ. Абай ................. мұрагерлері. –
Алматы: Атамұра, 1995. – 208 б.
11. Шәкәрім. Иманым. Құраст. [Б.Байғалиев],
Е.Қасейінұлы. – Алматы: Арыс, 2000. – 321 б.
12. Есім Ғ. Адам – Зат. Философиялық эсселер мен
новеллалар, зерттеулер. – Астана: Фолиант, 2002. – 312 б.
13. Құдайбердіұлы Ш. Жолсыз жаза: Өлеңдер мен
поэмалар. Құраст. М.Мағауин. – Алматы: Жалын, 1988. – 256 б.
Достарыңызбен бөлісу: |