Сүлеймен қарақшы
Әрiпбай дереу оның тiзгiнiн босатты. Сол-ақ екен, әлгi жануар
су ағысымен бiрге төмен қарай аға жөнелдi. Ағып бара жатып
шырқырай кiсiнеп, жағаға қарай жүзуге қанша талпынса да, мол
судың ағысы талпынысына ырық бермедi. Аздан соң ат көрiнбей
кеттi. Тек бiраз уақытқа дейiн оның қайта-қайта ащы дауыспен
кiсiнегенi естiлiп тұрды.
— Ендi абай болып жүрiңдер. Аттар жаурап қалатын болды,
жылжиық, — дедi Елсапа.
Жандарын шүберекке түйген ұрылар тағы алға қарай
жылжыды. Жағаға отыз қадамдай жер қалғанда Елсапа тағы оңға
бұрылып, ағысты бойлай жүрдi. Сүлейменге мынау иек астында
қап-қара болып аққан судың шетi жоқтай болып көрiндi. Өмiрiнде
мұндай мол суды кешпек түгiлi, сырттай қарап көрмеген оған,
осы өзен әлгi атты ағызып кеткенi сияқты мiне, мiне, бұларды
да жұтып жiберетiндей сезiндi. Сол үшiн де су бетiне қарамай,
алда қарауытып көрiнген жарлы жағалаудан көз алмай келе
жатты. Бiр кезде су таязданып, үзеңгiден төмен түсе бастады.
Аз жүрiстен кейiн су ат тiзесiнен келдi. Тағы бiраз жүрiстен соң
Елсапаның аты жағаға ырғып шықты. Оның соңынан қалғандары
да жағалауға тұяқ iлiктiрдi.
— Уа, — дедi Көбек жағаға шыққасын. — Мынадай көр
тұңғиықтың астындағы қияметтiң көпiрiн қалай бiлiп, қалай тап
басып өтiп жүрсiң, Елсапа? Әлде әруақтарың жол көрсетiп жүр
ме?
— Бұл жолды маған көрсеткен Тұраш баукеспе. Оған да
бiреу көрсеткен шығар. Өтiрiк-расын кiм бiлсiн, баяғы өткен
бiр заманда Шыршық қатты тартылыпты дейдi. Сонда осы жол
көрiнiп қалғанға ұқсайды. Соның iзiн бiреулер жадында түйiп
қалыпты. Аттан түсiп, үстiмiздi сығып алайық.
— О заман да, бұ заман “өзен тартылып, қайтып толыпты”
дегендi естiген емеспiн. Көл болса, бiр сәрi. Ағып жатқан өзен
тартылушы ма едi? Әй, бiрақ бәрi Құдайдың қолында. Сонда да
қанша ұры, баукеспе болсам да, мына жолыңды мен қайтып таба
алмас едiм.
— Күндiз екi-үш мәрте өтсең, табуға болады, Көбек. Ол үшiн
жағадағы талдар мен қыр-жотаға қарап бағыт түзеп отыруың
38
Сүлеймен қарақшы
керек. Дегенмен мұның бiр сыры бар. Жаңағы Әрiпбайдың бiр
аты ғана емес, бұл жерден өтем деп үмiттенген талай адам ат-
матымен суға кеткен.
— Құдай сақтасын. Бұдан былай бұл жолмен өткiзбешi бiздi.
— Ойпырмай, Көбек-ау. Сен де қорқaды екенсiң-ау, ә? Бұрын-
соңды мұндай әңгiменi сенiң аузыңнан естiмеушi едiм.
— Жасың елуден асқанда әр нәрседен үркек келедi екенсiң.
Оның үстiне соңыңнан ерген мына жас балдардың бiрi жазатайым
болып қалса, ел алдында да, Досекеңнiң алдында да мен жауапты
болмаймын ба? Қара жердiң үстiнде болса, келген тажалды көрiп
алармыз. Ал мына тiлсiз жау — су патшасы Сүлеймен назаланса,
оған қылар айламыз, әлбетте, жоқ.
— Жә, Көбек, қой ендi. Бар қауiп артта қалды. Жайылма
өткелiмен айналсақ, Қотырбұлаққа таң ата бiр-ақ жетер едiк.
Қиын болса да, төте жол тауып бергенiме ырза болмайсың ба?
Киiмдерiңдi сығып болсандар, атқа қонайық. Қaтты желiспен
жүрейiк. Аттардың денесi жылынсын.
Ұрылар тауды бетке алды. Орталарындағы “тұр” десе
тұратын, “жат” десе жататын, өзiндiк билiгi жоқ Сүлеймен
тағы ойға батып келедi. “Кеше ғой, Көбек “Әулиетасты” қалай
табу керектiгiн ашып айтпады. Ендi мына Елсапасы арқыраған
тажалсудың ортасындағы өткелдiң құпиясын айтпайды. Сiрә,
ұрылар қанша дос болса да, бiр-бiрiне сырларын айтпайды-ау
деймiн. Әнеукүнi үйiнде отырғанда Көбек: “Әр ұрының сезгiш
ит сияқты бөлекше бiр сезiмi болады. Бiрақ оны басқаларға
айтпайды” — деп бiр ойдың ұшын шығарып едi. “Ол қандай
сезiм?” — деп сұрамаппын-ау сонда. Әй, сұрасам да айтпайтын
шығар. Қай жерде келе жатырмыз өзi? Көбекең де қызық. Осы
жердiң бәрiн қолы боста маған күндiз бiр аралатып көрсетпей
мa? Мынау ғой ендi, осылардың жетегiндегi малдай болып, қай
жерде екенiмдi бiлмей дал болудамын».
Бiр кезде: “Қотырбұлаққа жақындадық. Осы жерге аялдайық”,
— деген Елсапаның даусы шықты. Бәрi аттарының басын iрiктi.
Тоқтаған жерлерi қай тұс екенiн Елсапа мен Көбек ажыратпаса,
Сүлейменге қара түнек басқан бұл маң бөтен әлем. Сол қара
түнекке қадала, алды жаққа көз салып едi, сонадайдан жылтырап
|