Сүлеймен қарақшы
ашып сұраған емен. Сенен сұрайыншы. Бұл жұрт, жоқ, мысалы,
мына сен, менi неге, нелiктен қарақшы атайсыңдар?
Қапелiмде күмiлжiп кiбiртiктедiм де қалдым:
— Кiм бiледi... Жұрт солай дегесiн... бiз де солай...
— Соны айтқан жұртың бар болсын, — деп Сүкең дереу
түнерген кейiпке ендi.
Оның мұндай кейпiн көрген соң оны ренжiтiп алдым ба деп
iштей қатты састым. Көңiлiн не айтып жiбiтсем екен деп ойлап
отырғанымда, Сүкең терең күрсiнiп, сөйлеп кеттi. Даусында
ызғар жоқ. Үнi тым мұңды жанның даусындай боп, жұмсақ
естiлдi.
— “Құлан құдыққа құласа, құлағында көлбақа ойнайды”
деген сөз бар-ә, Дүйсенбек? “Арыстан қартайса тышқанға күлкi”
деген тағы бар. Баяғыда қауқарым мол кезде ешкiм бетiме ойнап
болса да, шын болса да “қарақшысың” деп айта алмайтын. Қазiр
құрдасым да, замандасым да, үлкен де, кiшi де ойнағансып, осы
бiр тұрпайы, естiсем аза бойым қаза болатын сөздi бетiме былш
еткiзiп айта беретiн болды. Дегенмен мен өзiмдi қарақшы санаған
емеспiн. Iлкiде, жастық кезiмде аласапыран күндердi бастан
өткерiп жүргенiмде адамға жақпайтын талай қылықты жасаған
шығармын. Иә, жасағаным анық қой. Бiрақ оларды — өзiмдi,
қала бердi өзге әлсiздер мен момындарды қорғау үшiн жасадым.
Жасамасам болмады. Қайтейiн, тағдырыма әу баста сондай iстер
жазылған шығар.
Сүкеңнiң сөзiне зейiн қоя тыңдаған мен, ол тоқтаған кезде
әңгiменi ары қарай жалғастыру үшiн не айтарымды бiлмей, тағы
дағдардым. Ол да бiрауық үнсiз отырды. Бiр кезде тамағын кенеп
алды да сөйлей жөнелдi:
— Бiлсең, Дүйсенбек, маған қарақшы деген ат жиырма үш
жасымда жабысты. Жалғандықта көп нөкерiн маған қарсы
айтақтатып, менi келемежге айналдырған орыс попының басын
тамға салынған паруаз ағашпен ұрып, қақ жарып кеткен соң
жұрт өзiмдi қарақшы атап кеттi. Расында, содан кейiн қырық
жасқа дейiнгi өмiрiм ылғи дала тағысындай түзде өттi. Тауда
басмашылармен, шаһарда адам жегiш жөйiттермен, опасыз
қаскөйлермен алысқа түстiм. Бiр жерде жұртқа бекерден-бекерге
541
Сүлеймен қарақшы
зәбiр көрсетiп жүрген мықтысымақтың атын естiсем болды,
соны тiзерлетпейiнше, тыныштық таппайтынмын. Жайлы
тұрмыс, жұмсақ көрпе маған жақпайтын. Әлi де сондаймын ғой.
Қартайсам да қыранға ұқсап биiкке самғағым, көкжалға ұқсап
дала кезiп кеткiм келiп тұрады. Осы мiнезiмдi әлi күнге дейiн
өзiм де ұқпай келемiн. Сенсең, iнiм, мынау кең дүние маған тар
болады да тұрады.
Соғыс басталған қырық бiрiншi жылы мен қырық үште
едiм. Онда Тәшкенде тұрғаныммен, ешқандай жеке документiм
болмайтын. Документiм болмағасын, еш жерде тiркеуде де
жоқпын да. Соның кесiрiнен Тәшкен военкоматына “Менi
соғысқа жiбер” деп қанша өтiнсем де, майданға жiбермей қойды.
Бiр жағы — менiң түрiме қарап, “Сiз елуге таяп қалғансыз-ау.
Елу жастағыларды соғысқа жiбере алмаймыз. Одан да соғыстағы
майдангерлер үшiн осында еңбек етiңiз” деп дәл жасыма сенбедi.
Сөйтiп, қан кешуге әбден үйренген мен, жат жерде өлiктерi
қалған талай қандастарыммен бiрге соғысқа бара алмадым. Алай
мен Тәшкендегi баскесерлер мен жөйттердi басып-жаншып,
қаһарман атанғанша, сол соғысқа барып, жаумен аянбай ашық
айқасып, батыр атанған мың есе тәуiр ме едi. Амал не, Ұлы
Отан соғысының нәсiбiн Құдай маған таттырмады. Егер де
сол соғыста сондағы ұран — “Ел үшiн”, “Сталин үшiн” деген
аттанмен жауға шауып, мерт болсам, менiң күрделi ғұмырымды
жете түсiнбегендiктен, ой-саналары ауыл қырынан аспайтын
надан жел сөздiлер мен қорқақ бейпiл ауыздылар айтып жүрген
“қарақшы” деген ныспым жоғалып, жұрт менi “Ел үшiн жанын
қиған ер Сүлеймен” дер ме едi.
Осы сәт ол туралы көптен берi бағамдап жүрген ойымды
айтудың сәтi келдi. Сүкең сөзiн тоқтатып, кеседегi шайға қолын
созғанда сол ойымды жайып салдым:
— Сiз тегiн адам емессiз, Сүке. Арғы бабаңыз Төле биден
бастап бергi аталарыңыздың барлығы әруақты кiсiлер болған.
Бiрi шешен, бiрi би, бiрi батыр, бiрi бай едi. Солардан қалған рух
пен қасиет жиылып кеп, бiр байлықтан басқасының бәрi өзiңiзге
қонған-ау. Сонша қатерлi өмiр кешiп жүргенiңiзде, сiздi неге
бiр тентек тасада тұрып атып кетпедi. Ұйықтап жатқаныңызда
542
Достарыңызбен бөлісу: |