Сүлеймен қарақшы
пiскенше әлi қай уақ. Одан да ертең ұрлыққа қалай барамыз, сол
жайында айтыңызшы.
— Әп, бәрекелдi. Мұның бiлген адамның сөзi, — дедi Көбек
көңiлденiп. — Арқа құрыстырып, шеке тырыстыратын әңгiме
айтқанша, осылай болатын сөзге көшкенiң тәуiр ғой. Бүрсiкүнi
осында бiр жiгiт келедi. Сол үшеумiз кешiрек үйден аттанып
кетемiз де, Аққорғанның қолтығында қалған жiгiттермен
кездесемiз. Бәрiмiз бiр үйге жиналып, ауыл арасынан аттануға
болмайды. Жұрт көзiне түсiп қалуымыз мүмкiн. Бұл жердегiлердiң
көзiне түссек, ештеңе емес. Дегенмен артыңа артық сөз iлестiрiп
керегi не? Сапта болатын жiгiттермен сонда таныстырамын.
Сөйтiп бәрiмiз жиналып болған соң Бадамның бастау тұсынан
өтiп, Қазығұрттың арт жағын айнала Жылыбұлақты көктей,
Оймауыттың “Көктастысайына” жетемiз. Одан әрi Келестiң
шығар бұлағынан асып, Қаржан асуына бiр жетсек, ар
жағымызда Шыршық бiр күндiк жер. Алғашқыда “Әулиетаста”
бiр күн жасырынсақ, ертесiне түнiмен тағы жүрiп отырып,
таң ата Қайыршақтыға құлаймыз. Қайыршақтыда бiздi күтiп
алатын жiгiттер бар. Сол жерде бiр-екi күн жатып, арғы беттегi
Ғалабасайдағы жылқылардың аужайын байқаймыз. Жолымыз
болып, оларды сол күнi-ақ қуалап кететiн жағдайымыз болса,
олжа малдарды Шыршық өзенi басталатын шыңдарға қарай
айдаймыз. Ол жақтың жылқылары тау-тасқа әбден үйренген.
Оның үстiне Шыршық пен Құрама тауларының қосылар сiлемi
айналасы шатқалды, терең айналма сайлы жол болып келедi.
Егер артымыздан қуғыншы түсетiндей болса, сол айналма
сайлардың бiрiнен соң бiрiне ауысып, адастырып кету де оңай.
Осылайша құз-қия, шың түбiндегi жолдармен жүре отырып,
Шыршық бастауын айналып өтемiз де, таудың батыс жақ еңiсiне
қарай ылдилаймыз. “Ақтас” пен “Құмдытас” құздарын бойлай
“Еркөбек жұртына” ат аяғын бiр iлiктiрсек, Өгемнiң “Аюқұлаған”
жырасына дейiн атшаптырым жер. “Еркөбек жұрты” деген
аумағы теп-тегiс жазық жайлау. Ертеректе қаңлы миямның
Еркөбек деген бiр байының жайлауы болса керек. Содан ғой,
ол жер “Еркөбек жұрты” деп аталып қалғаны. Мейлi, оны қоя
бершi. Айтпағым, тар шатқалдардың арасындағы жалғыз аяқ
14
Сүлеймен қарақшы
жолда айдауға көнбеуге амалдары қалмай келе жатқан жылқылар
осындай жазықтарда бiздi бiраз әуре-сарсаңға түсiрiп, әлекке
салуы мүмкiн. Неге десең, айдалған жылқылардың iшiнде
кейде ақылды үйiрбасы айғырлар болады. Сондай айғырлар
шабуға оңтайлы жазыққа тұяқ iлiктiрсе болды, айдаушылардың
дегенiне көнбей, үйiрiн соңынан ертiп, керi қашуға әрекет етiп
бағады. Сен жылқылардың соңынан айдап келе жатсаң, ол
үйiрдiң алдына кесе-көлденең тұрып, үйiрлестерiн өз жұртына
қарай қуалап әкетуге жанталасады. Ондай айғырдың айдауына
көнiп, дегенiне жүрiп үйренген үйiрлi жылқыны дiттеген жерiңе
жеткiзу қиынның қиыны. Мұндайда амал жоқ, әлгiндей айғырды
атып тастауға тура келедi. Етi жол азығымыз болады. Тағы бiр
қиыны — айдаудағы үйiрдiң iшiндегi әлдеқандай биенiң құлыны
өз жұртында қалып кететiндiгi. Бұл биелер сенiң қамшың мен
құрығыңнан да сескенбей, артқа қарай қашқанда, жаңағыдай
үйiрбасы айғырларыңның қырсықтығы жолда қалады. Мұндай
биелердi де жолда бiз азық етемiз.
— Күндiз қайда тығыласыздар?
— Күндiз жасырынатын сай, жыра көп. Оның қайсiбiрiн
айтайын. Екi-үш күннен соң өзiң көресiң бәрiн, жиен. Ал мен
қазiр даладағы малдарды жайғап келейiн. Содан кейiн сенен бiр
сұранатыным, кешкi, ертеңгi дастархан басында, әйел мен бала-
шағаның көзiнше ұрлық жайында сұраушы болма. Менiмен бiрге
баратыныңды да ешкiмге бiлдiрме. Уағдаластық қой,
— Мақұл, нағашы. Ешкiмге сыр шашпауға уәде етейiн.
Көбектiң үйiнде екi күн қонды. Үшiншi күнi түс қайта
Көбектiң үйiне жарау ат мiнген отыздар шамасындағы бiр жiгiт
келдi. Мезгiл әлi салқыны бiлiне қоймаған қоңыр күз болса да
әлгi жiгiт бұтына терi шалбар, үстiне мақталы күпi, басына тымақ
киiп алыпты. Мына түрi оның ұзақ жолға шығуға дайындалып
келгенiн байқатып тұр. Үйге кiрген соң ол Көбекке қарап:
— Қоржыныңды әкелшi. Мына қалың киiмдерiмдi қазiрше
салып қояйын. Өз қоржынымның түбi сөгiлiп, қор болып қалдым.
Бұларды тау iшiне кiрген соң бiр-ақ киермiн, — деп сыртқы
киiмдерiн шеше бастады.
— Айтпақшы, Әрiпбай. Мына отырған бала менiң жиенiм.
Аты — Сүлеймен. Өзiнде күш десең — күш, жүрек десең —
|