Түйінді сөздер: этнограф, қыр баласы, депутат, ғылыми-зерттеу экспедициясы.
Ә.Бөкейханов бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына
арнаған аяулы азамат, соңғы демі біткенше осы мақсат жолында сан алуан қызмет
жасаған. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты,
Ресейдің Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, ғалым
ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы,
тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының
саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
XVIII-XIX ғасырларда қазақ халқы мемлекеттілігі, өзін-өзі билеуден айырылып,
бөтен жұрттың езгісі мен қанауына түссе, ХХ ғасырдың басында сол кезгі өркениет
үлгісімен жерлерін біріктіріп, мемлекеттілігін қалпына келтіруді батыл қолға ала
бастады. Бұл істің басында зиялы топ пен олардың көсемі Әлихан Бөкейханов тұрды.
Әлихан Бөкейханның еңбектерінде ХІХ және ХХ ғасырлардағы әлемдік деңгейде
өтіп жатқан тарихи оқиғаларға саяси-әлеуметтік тұрғыдан талдаулар жасалып, қазақ
халқының тарихы, экономика мен мәдениеті, шежіресі мен тұрмыс-салты, отарлану
тарихы да қамтылды. Төңкеріске дейін «Дала уалаяты», «Пікір», «Уақыт», «Айқап»,
«Қазақ», «Сарыарқа» сияқты газет журналдарда, Кеңес дәуірінде «Жаңа мектеп»,
«Темірқазық», «Жас азамат», «Жас қазақ», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» секілді
мерзімді басылымдарға жариялап тұрған. Орысша мақалаларында «Туземец, Киргиз,
Киргиз-Степняк, Сын степей, Статистик», қазақша мақалаларында «Қыр баласы, Ғали
хан, Қалмақбай, Арыс ұлы» деген бүркеншек аттармен жарияланған.
ХХ ғасырдың басында қазақтардың дәстүрлі құндылықтары ығыстырылып,
халық рухани күйзелуді бастан кешті. Әлихан Бөкейханов жалпыұлттық мақсатқа жету
үшін ұлтты ұйыстырудың тетіктерін, яғни ұлтжандылықты, ауызбірлікті,
ынтымақтастықты орнықтыруды алдыңғы орынға шығарды. Сондықтан да қазақ
зиялыларын айналасына топтастырып, жол көрсетіп, ұйыта білген көшбасшыны халқы
еркелетіп алаштың Әлиханы деп атады.
Әлихан Бөкейханов 1894–1926 жылдар аралығында төрт түрлі ғылыми-зерттеу
экспедициясының жұмысына қатысты: «Тобыл» экспедициясы; В.А. Щербинаның
жетекшілігімен жасалған экспедициялар; С.П.Швецов басқарған статистика-
экономикалық экспедиция; сондай-ақ 1926 жылы КСРО Ғылым академиясының
антропологиялық экспедициясына қатысады. 1896 жылғы Орыс үкіметінің Ф.А.
46
Щербина бастаған экспедициясына мүше болып қатысқан Әлихан көшпелі
шаруашылықтың жер пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарын тереңірек зерттеп-
үйренді.
1896-903 жылдар аралығында бұл экспедиция Ақмола және Семей облыстарының
он екі уезінен жинаған материалдар бойынша 13 томнан тұратын ғылыми зерттеу болып
Воронеж қаласында басылып шығады. Оның 4 томында Ә.Бөкейханов Павлодар уезіне
қатысты еңбектері түгел жинақталды.
Осы кезге дейін мал бағып, малының артынан еріп көшкен қазақ сияқты халық
байлық, қазына мал кіндігінде деп біледі. Мың қойды бір-екі қойшы бағатын жұрттың
сиқы «тамақ, ұйқы, жалқаулық» – дейді. Адамды еріншектікке, жалқаулыққа, тоғышар-
лыққа душар еткен олардың тұрмыс-салттары ғана емес, халықтың ғылым-білімнен
кенжелеуінен, қараңғылығынан деп білді [1].
Әлихан Бөкейханов қазақтың мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға
қойған, өркендетуге елеулі үлес қосқан азамат. Щербина экспедициясынан кейін 1903
жылы С.П.Швецов бастаған Сібір темір жолы бойында орналасқан Челябі мен Томск
қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған
экономикалық экспедициясының бас қасында болады. Экспедиция мақсатына сай
Ә.Бөкейханов қазақтың қой шаруашылығы, қазақы қойдың тұқымдары, жем азығы,
жайылымы, малдың аурулары мен емдеу әдістері туралы мәліметтерді жинақтап
зерттейді. Ол бүкіл қазақ даласы Жетісу, Сырдария бойындағы қазақтардың
шаруашылығын да қамтып, салыстырып монографиялық еңбек жазып шығады. Бұл
еңбегі экспедиция материалдарымен бірге «Материалы по экономическому
обследованию районов Сибирской железной дороги» деген үш бөлімнен тұратын кітап
болып 1904 жылы Том қаласынан жарыққа шығады. Ә.Бөкейхановтың монографиясы
«Животноводство» атты 1 томның 1-кітабында жарияланады.
Ә.Бөкейханов ғылыми-зерттеу экспедициясына қазақ төңкерісінен кейін де
араласқан. 1926 жылы КСРО ғылым Академиясының одақтас және автономиялық
республикаларды жан жақты зерттеу мақсатында құрылған Ерекше Комитеттің
құрамына Қазақстан бойынша тұрақты сарапшы қызметіне шақырылады. 1926-1927
жылдары Ерекше Комитеттің тапсыруымен С.П.Швецов басшылық еткен
экономикалық, антропологиялық, этнографиялық экспедициясымен Қазақстанның
зерттелмей кенже қалған өлкесі Адай уезіне аттанады. Уездің табиғатын, экономикалық
жағдайын, мекендеген кіші жүз руларының тұрмыс тіршілігін, әдет-ғұрпын зерттейді.
Уезд халқының құрамына тоқталып 27 болыстың 22-ін қоныстанған Адайдың қай жерді
қыстап, жайлайтынын, мал санын, құдық шыңырау қазу әдісін, рулардың шежіресін
схемаға түсіріп, алғаш рет генологиялық карта жасайды. Жинақталған материалдарды
қорытып, «Адай уезінің қазақтары» (Казахи Адаевского уезда) деп аталатын еңбегін
экспедицияның басқа материалдарымен бірге 1927 жылы Ленинградтағы академия
баспасынан басылып шығады [2].
Ә.Бөкейхан қазақтың географиясын жан-жақты терең зерттеген ғалым. Жер –
адамзаттың алтын бесігі. Қандай да бір халық, ұлт болмасын, оның дамуы жерге
байланысты. Ол Қазақстанның қандай аймағында жер құнарлы, құнарсыз екенін өте
жақсы білген. Сондықтан осыған орай қазақ халқы өзінің ыңғайлы, тиімді, сапалы
шаруашылығын ұйымдастыруы қажет деген. Ә.Бөкейханов қазақтың көшпелі мал
шаруашылығы отаршыл оқымыстылар айтып жүргендей жабайы, дөрекі, пайдасыз кәсіп
емес, керісінше сан ұрпақтың мыңжылдықтар бойы жасаған тәжірибесінің негізінде
сұрыпталған, қоршаған орта жағдайына бейімделген, табиғатпен адам әрекеті
арасындағы бірлік-ынтымақты сақтап қалған, тұрақты өнім алуға болатын шаруашылық
жүргізудің қалыптасқан тамаша жүйесі екенін дәлелдеп береді.
47
Бұл тіршілік – үлкен талас, бір бәйге, жүйірік алады, шабан қалады. Жүйіріктік
ақыл, ұсталық. Сондықтан қазақтарды қоныстас жаңа көршілерден шеберлікті,
кәсібилікті, өнімді еңбек етуді үйренуге шақырды. Мейлі мал бақ, мейлі егін сал бірақ
сол істе шебер бол, мал тұқымын асылдандыр, жеріңді өңде, салған егініңді бапта.
Қандай іспен шұғылдансаң да кәсіби шеберлік, іскерлік, білімділік қажет екендігін
«Қырғыздар», «Павлодар уезі», «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» мақалаларында
жан-жақты талдап, ғылыми тұрғыдан тұжырымдар жасады.
Заманның өзгеруіне байланысты дүние керегінің бәрін қолдағы алтынымызды
беріп, бәрін сырттан сатып алып отырмыз дейді. Басқаларға жем болмай сауда
серіктіктерін құру, әлеумет дүкендерін ашу керектігін бірігіп іс қылуға шақырды. Қазақ
болмысын жаңа арнаға бұруды көздеп, әлеуметтік өзгерістерден артта қалмау үшін
алдымен адам бойындағы бойкүйездіктен арылу қажет деп білді.
Ә.Бөкейханов этногенез, яғни халықтардың шығу тегі, тарихы мен мәдениеті, ру
тайпалар шежіресі, қазақ жерлерінің ортарлану тағдыры туралы да маңызды зерттеулер
жүргізген. «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры мен мәдени өркениеті» (1903 ж), «Дала
өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары» (1908 ж), «Қырғыздар» (1910 ж) және т.б.
Бұл еңбектерінде қазақ этнонимінің шығуы мен қазақтарды қырғыздар атауының
орыстар таңған қате атау екенін, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс, қазақ-қытай қарым
қатынастары, қоныстандыру және шоқындыру саясаты, ел билеу ісіндегі өзгерістерді
статистикалық деректермен, дәлелді фактілер, мысалдармен көрсете берген. Мысалы:
«Қырғыздар» деген зерттеуінде «Ұлтымызға жасалған зорлықта шек жоқ. Мемлекеттік
Думаның депутаты Марков деген біреу бет ауызы қисаймай, шіміркпестен қазақтар
бұлар Шыңғыс хан мен Ақсақ темірдің ұрпағы, сондықтан Америкада қызыл терілерді
қалай қырса, біз де қазақтарды солай жойып жіберуіміз керек деп айтуға дейін барған.
Тапа тал түсте мал айдап кету, жазықсыз абақтыға қамау, ата-қонысты тартып алу, әбден
әдетке айналдырған отаршылар туралы «Орыстан досың болса, қойныңда балтаң
болсын», «орыс келді қасқыр келді» деген сөздердің шыққанын Ә.Бөкейханов жасырмай
айтады [3]. Ә.Бөкейханов ғылыми ізденістерінің ішінде тарихи құжаттарды да жариялап
отырды, олар «Из бумаг султана Большой Киргизской орды Сюка Абылайханова», «Из
переписки хана Средней Киргизской Орды Букея ии его потомков», «Из переписки
киргизских ханов, султанов».
Ә.Бөкейхан мемлекет, құқық, партия, дін, әбедиет т.б. мәселелер жөнінде де көп
келелі ой-пікір, кеңес, ұсыныс берген. «Би һәм билік», «Русские поселение в глубине
Степного края», «Серуен жасап зерттеу әдісі», «Мұғалімдерге хат: планеталар»,
«Хахас». «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қазақ жыры «Қобыландыдағы» әйел бейнесі»
атты ғылыми-әдеби мақалалары мен сын, рецензиялар жазды. Әлихан бұл ойларын
қазақтың ұлан-ғайыр даласын мекендеген халқының арасында баспасөз арқылы
мақалалар, ашық хаттар түрінде таратты. Қазақтың көзі ашық оқыған азаматтарын осы
мәселе төңірегінде талқылауға қатысуға шақырды. Мақсаты халықтың ұлттық сана-
сезімін ояту. Жалғыз ақпарат көзі болған газет жұмысын жандандыру. Төңкеріске дейін
төрт газетті ұйымдастырып, шығарып отырған. Оның үшеуі орысша «Омич», «Иртыш»,
«Голос степей» газеттерінде өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш рет жалпыұлттық
«Қазақ» газетін ұйымдастырды. Ал, төңкерістен кейін «Темірқазық» журналын
шығарды. Жалпы ағартушылық идеясын тарату арқылы қазақты саяси сауаттандыруға,
белсенділіктерін арттыруға, оятуға, өз тізгінін өзі ұстайтындай халге жетуге үндейді.
Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің қазақ халқының болашақ дамуына пайдалы
және залалды жақтарын жан-жақты зерделей келе Әлихан Нұрмұхамедұлы «Сайлау»
атты мақаласында қазақ қоғамындағы келеңсіздіктердің себеп-салдарларын талдап-
тарқатады. Мысалы: Ресей империясы әуелі халқымыздың аңғал, ақкөңіл, мәрт, жомарт,
48
қонақжай сияқты жақсы қасиеттерін пайдаланып, оның ішіне кірді. Халықты
тұтастығынан айыру басты нысана етіп алынды. «Бөлшекте де, билей бер» деген
қағиданы мықтап ұстанған орыс шенеуніктері біртіндеп өзара алауыз болып отырған
елді кедергісіз, соғыссыз жаулап ала бастады. Енді, жаңа қоңсымыз жақыннан біздің осал
жақтарымызды, руға бөлінушілігімізді, мансапқорлығымызды тағы басқа толып жатқан
кемшіліктерімізді білген бойда ағайындар арасында дау-жанжалдар туғызуға лайықты
әдіс-айлалар ойлап тауып отырды [4].
Ресейге қараған кезден бастап жалақорлық, даукестік, іштарлық, мансапқорлық
сияқты келеңсіз әдеттер сахара жұрты арасында әсіресе ел тізгінін ұстаған кісілер
бойынан көрініс бере бастады. Олар әртүрлі тәсілдер арқылы қазақтар арасында іріткі
салудың, бір-біріне айдап салу саясатын ұстанды. Ауызбіршілігі мен шынайы ақ
пейілділік сияқты жақсы қасиеттерін жоғалтқан, керісінше екіжүзділік, күндестік,
көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттерді бойларына жұқтырған жаңа қазақтар
қалыптасты. Қырда азды-көпті жаңаша хат танитындар көздерін домалақ арыз жазумен
ашты. Сайлау науқаны әкені балаға, ағаны ініге қарсы қойып, руластардың арасына іріткі
туғызды. Бірі асқа, бірі атқа сатылып сандалады дейді.
Жатжұрттықтардың көздеген мақсаты кең байтақ жердің асты-үсті байлығын
иемденіп, халқына үстемдік етуге негізделген болатын. Оның қырағы көзі мен ақыл-
пайымы дүние жүзіндегі барлық дамыған елдердің қоғамдық жүйелерін шолып
шыққандығын, оның сол жылдардағы ғылыми-мақалаларынан байқаймыз. Әлихан
Бөкейханның өрелі ой-тұжырымдарының негізгі алтын қазығы еркіндік идеясы болды.
«Жұрттың тірлік күйде, я өлімтік күйде өмір шегуі өзінің жігерінен болады» деді.
Намысың мен жігеріңді қайрамасаң құлшылықта болудың өзі сенің еркіңде
болады. Ол сенің таңдау еркіндігің. Осы жағдайда Әлихан Бөкейхан «Екі жол» деген
мақала жазды. Онда: «Әр заманның өз рәсім, өз салты бар. Адам баласының құл кезіндегі
салтында хұқы үшін талас-тартысы болмайды. Хұқы үшін таласу-тартысу орнында
жылау болады. Бұл бір жол. Біздің замандағы салт: әркім хұқына таласу, хұқына тартысу
болады. Жылау салты артта қалды. Ендігі рәсім хұқы үшін жылау емес, хұқын талас-
тартыспен қорғау. Міне бұл екінші жол».
1910 жылдардың өзінде Әлихан Бөкейхан «Қырғыздар» деп аталатын
мақаласында, таяу болашақта далада қырғыз арасында, екі саяси бағытқа байланысты екі
саяси партия құрылуы мүмкін, оның бірі – ұлттық-діни, қазақтарды басқа
мұсылмандармен біріктіруді мақсат етсе, екіншісі батыстық деп жазған болатын. Сол
кездің өзінде ұлттық көлемдегі саяси сананың қалыптасып, соған сол кезеңдегі
қалыптасып отырған тарихи шындыққа нақты сараптамалар жасалғанын көреміз.
Ә.Бөкейханов: «...ойында көзі бар адамдар халықтың кемшілігін шамасынша
көрсетіп, сездіріп, аурудың атын айтып, емін жазып, қағаз бетінде халық алдына салып
жүр. Бірақ сөз қандай терең, үлгілі орынды болсын іс көмегі болмаса, жұмыс болып,
дүние жүзіне шықпаса, келісімді болғанмен жансыз сурет қатарында қалмақшы...
Күннен күнге халық нашарлап, кедейленуге айналды... тілегіміз мынау: Халық ішінде
бірігіп іс жүргізетін ұйым, игілік қауымдары таралса екен» деген ойдың ар жағында,
халыққа саяси партия құру қажеттігін айтты [5].
Кеңестік билік тұсында алашордашыл қазақ зиялыларына сенімсіздікпен қарап,
оларды кеңестік қызметке қолданғанмен үнемі бақылауда ұстады. Бірақта, Ә. Бөкейхан
өзінің шығармашылық қызметін тоқтатпады. 1927–1932 жылдар аралығында Мәскеуде
КСРО халықтарының орталық баспасында әдеби қызметкер болып жүріп көптеген
кітаптар, аудармалар, мақалалар жазып ұлтының рухани қазынасын толықтырды. Ол
ұлтымыздың дәстүрі мен тарихының білгірі, өлкетану жағынан нағыз энциклопедист-
ғалым болатын. Әлихан Бөкейхан патшалы Ресей өкіметі кезінде мемлекетке қарсы
49
митингілер мен петициялар ұйымдастырушы қырғыз-қазақтардың діни-саяси
қозғалысының басты жетекшісі ретінде қудаланып, түрмелерге жабылды. Кеңес өкіметі
тұсында да Алашорда үкіметінің контрреволюциялық күресінің жетекшісі ретінде
«буржуазияшыл ұлтшыл» деген айыптар тағылып, өмірінің соңғы күніне дейін
бақылауда болды. Үкіметтің бұл қудалаулары ойшыл-ғалымның еркін ойлауы мен
жігерін мұқалта алмады. Ол өз халқының игілігі жолында қажымай-талмай қайраткерлік
көрсете білді. Алаш қайраткерлері Отаны мен халқының алдында өздерінің тарихи
миссиясын абыроймен орындады да. Халқымыздың рухани өміріндегі өзгерістердің қай
бағытқа қарай бет алысын, оның түп тамырдан ажырап бар жатқандығын қазақ ойшылы
көре білді. Алаш көсемі Әлихан – адамға білімді болу жеткіліксіз деп түсінеді. «Ендігі
жерде білімнен мақсат шықпайды. Ғазазіл жұмақтан білімсіздіктен шыққан жоқ. Балқан
соғысында екі жүзден астам адам өлді, бұл соғыс білімсіздіктен емес. Ұлтына жұртына
қызмет қылу білімнен емес, мінезден деп білді. Мұсылманша, орысша оқыған білімді
қазақтардың ішінен неше түрлі залалды мінез көріп жүрміз. Білімнен жақсы мінез шықса
бұл қалай? Бас салып әлі келгенді талап алатын болса, ұят-абыройдан тысқары болса,
жығылған жаққа қылғаны иттік болса, мұның жетілген Еуропалығы, христиандығы
қайда?» Ендеше білімді болу, прогресске қол жеткізу, техникамен қаруланудың оңды
жағы да, залалды жағы да бар. Адамға білімді болумен қатар ізгілікті болу қажет деп
білген. Ә.Бөкейхановтың «Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам қазаққа
қызмет қылмай қоймаймын» – деген намысшыл, ұлтжандылық секілді қасиеттері әр
қазаққа үлгі болуы тиіс! Ал оны үлгі ету үшін әр адамның санасына Әлиханның қандай
намысшыл, ұлтын сүйген ұлы адам екенін білуі керек. Бүкіл саналы ғұмырын ұлтының
бостандығы мен дербестігі үшін арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды пікірлері,
әрекеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі және өнеге. Ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан
болған ұлт зиялыларының артына қалдырған еңбектері арқылы еліміздің шынайы
жанашырларын, елжанды, ұлтжанды азаматтарын қалыптастыруымыз керек.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Бөкейханов Ә. Таңдамалы. А., 1995. 477 б.
2.
Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. А., 1995. 256 б.
3.
Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 1995. 474 б.
4.
Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. А., 2004. 83 б.
5.
Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының
эволюциясы. А., 1998. 360 б.
Достарыңызбен бөлісу: |