Оқулық Алматы, 012 ƏОЖ



Pdf көрінісі
бет72/140
Дата16.06.2022
өлшемі3,28 Mb.
#36961
түріОқулық
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   140
Байланысты:
Әбдиманұлы-Ө.-ХХ-ғасыр-басынд.-қазақ-әдебиеті-Оқулық-2012ж

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
 Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын. 
Сұлтанмахмұт өз поэмасында елге еңбегі сіңген қазақтың 
елеулісін бағалай біліп, қадірлісін қастерлей алған. «Жақсының 
жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тағылымды даналық – 
ақынның басты ұстанымына айналған.
Қазақ зиялылары қадірлеген қазақтың абыз ақсақалдарының 
бірі ұлы Абайдың шəкірт інісі, ақын Шəкəрім Құдайбердіұлы 
екені белгілі. «Таныстыруда» Шəкəрімге Сұлтанмахмұт 
айрықша көңіл бөлген. Мұның себебі де жоқ емес, Алаштың 
ақсақалы атанған дана қария осынау ел тығырыққа тірелген 
тұста, көшелі көзқарасымен жұрт көшінің түзелер жөнін сілтеп, 
ұлт тіршілігінің ісіне еркін араласып, ел жақсыларының ал-
дында жүрген-ді. Сондықтан да поэмада ақынның ел ардағына 
айналған асыл бейнесі жылы жүрекпен жырланады. Ақын арда-
гер арыстың абыздық тұлғасын бір мысқал кемітпестен жеткізе 
алған. Сұлтанмахмұттың қаламынан туған тарихи тұлғаның 
көркем бейнесі шыншылдығымен шырайлы.
Ерте оянған кісінің біреуі осы,
Бұл жұрттың түзеймін деп антұрғанын.
Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға
Ақсақал бола алғандай осы кəрің.
...Бұл қазақтын мақсұты биік алыс,
Таппаса да сөзіне құлақ салыс.


218
Қазақ деп жекелеме, адамзат де,
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
Шəкəрімдей кемеңгер ақын поэмада бұрынғы өткен жырау-
лардың көзіндей көрініп, қазақ хандығы құрылар тұстағы 
Асанқайғы жыраудың бүгінгі замана төріне шыққан елесіндей белгі 
беріп, ақылы дария айдынды жыраудың алқалы топта толғаулы сөз 
қозғаған айбыны мен айбары көзге шалынғандай болады. Ақынның 
оны «Байтұрсынов, Бөкейханға ақсақал бола алғандай осы кəрің» 
деуінде үлкен мəн бар. Ел ардақтаған екі арысқа «ақсақал болу» бар-
ша жұртты аузына қаратқан, бар қазақтың бірлігін ойлаған бүгінгі 
Шəкəрімді кешегі Асан атадай қамқоршы бейнесінде танытпай ма?! 
Мұнда ел тілегін тұғыр еткен ізгілікті ой бар. 
«Таныстыру» поэмасында ақын қаламына іліккен əйел затты 
жалғыз тарихи тұлға бар. Ол – Нəзипа Құлжанкеліні. Халық ағарту 
саласында қазақ қыздарынан шыққан алғашқы қарлығаштардың бірі 
Нəзипа бейнесін ақынның қалай сомдап, қалай жеткізе алғанына 
көз салайық:
Ардақты бар Нəзипа деген ханым,
 Газет, журнал жүзінде жұртқа мəлім.
 Оқыса сондай əйел шығар ед деп,
 Оқығандар бағалар сөздің дəмін.
 Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,
 Семейдің одан өтер адал жанын.
 Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын,
 Ынтасы жеткізбекке əйел халқын.
Əрине, жоғарыда атап өткеніміздей, ақын мақсаты – қазақтың 
ұлтын сүйген ұландары туралы кейінгіге сөз қалдыру. Дегенмен, 
Сұлтанмахмұт Торайғыров орынсыз мадаққа, артық мақтауға сөз 
шығын етпеген. Соған дəлел поэмадағы Мұқыш Поштайұлы, Жақып 
Ақбаев, Райымжан Мəрсеков т. б. бейнелері сомдалатын тұстар. 
Сұлтанмахмұт поэмасындағы тарихи шындық пен көркемдік 
шешімнің арақатынасын ақынның азаматтық ұстанымының 
тазалығынан іздеген жөн. Жалпы шығармалық болмыс пен 
азаматтық ұстанымның арасы тым алшақ емес. Тарихи шындық 
негізі сəл басқашалау болғанымен, біз көркем дүниеде ақынның 
шығармашылық шабыты мен шығарма табиғатынан туындар қиял-


219 
қисынның орнын тапқан танымына жүгінуге тиіспіз. Осы тұрғыдан 
алғанда, «Таныстыруда» шығармашылық ізденіс бағытында өзін-өзі 
ақтайтын біраз еркіндікке бой алдырған шешімдер бар. 
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасы, ең ал-
дымен, көркем шығарма, сондықтан оның əр жолынан дерек көзін 
іздеп, əр кейіпкердің бейнесінен тарихи тұлғаның дəл көшірмесін 
көрудің қажеті жоқ. Рас, ақын уақыт талабынан туындаған зама-
на сұранысына орай публицистикалық орамы орнықты поэма жа-
зып шыққан. Бірақ публицистикалық сарынның басымдылығына 
қарамай, шығарма – көркемдік талаптарға толық жауап бере алатын, 
жанр табиғатына сай жазылған дүние. Сондықтан да поэмада көрініс 
тапқан кейбір тарихи тұлғалардың бейнеленуінің біздің бүгінгі күні 
қалыптасқан көзқарасымыздан өзгелешеу шығып жатқандығына, 
салқындау қараудың қажеті жоқ.
Ақынның өзі таңдап алған тарихи бейнелерді қалауынша сомдауға 
ерік беретін бірнеше себептер бар. Біріншіден, Сұлтанмахмұт 
деректі дүние жазып отырған жоқ. Екіншіден, творчестволық тұлға 
ретінде ақын кейбір еркіндікке баруға толық құқылы. Үшіншіден, 
ақын сол заманға жақын тұрғандықтан да оған көп нəрсе бізден гөрі 
айқындау жəне оның өзіндік қабылдауы барлығын ұмытпаған жөн.
Сұлтанмахмұт 
поэмасының 
басты 
жетістігі 
аталмыш 
кейіпкерлердің көркемдік бейнесін сомдаудағы ақын ұсынған 
образдық қалыптың танымдық тағылымында жатыр. Біз поэмадағы 
бейнелерге осы талап деңгейінен келуіміз керек. Тарихи тұлғаны 
көркем образға айландыруда ақын дəстүрлі жағымды – жағымсыздық 
үрдіс жетегінде кетпей, шындықтан туған шынайы образдар галере-
ясын жасауға ұмтылған. Өз ойын жүзеге асыра да алған. 
«Таныстыру» поэмасы туралы ойымызды қортындылай келе 
айтарымыз, ақын өз мақсатына толық қол жеткізген. Ал мақсат – 
жұртына қызмет еткен ұлт азаматтарының абыройын асқақтату, ке-
мел тұлғаны əдеби көркем бейнесі арқылы елге үлгі, жастарға өнеге 
ету. Сұлтанмахмұт ақын ретінде қазақ зиялыларының атын тарихта 
қалдыруды көздей отыра, олардың ел үшін еткен еңбегін бағалай 
біліп, өмір ағысының толқынды да толқымалы тұстарындағы 
қиындықтарда қия басқан сəттерінде жыр желісіне енгізіп, өмір 
шындығын көркемдіктің көрігіне суарған. Ел тарихының қиын 
кезеңін жырлауда дəуір ұғымына ыңғайлы поэзиялық түрді таңдай 
алып, жалынды жырдың отты қызуы арқылы ұлт рухын көтеруді, 
елдің саяси санасын оятуды алға ұстаған. Публицистикалық стиль, 


220
сипат айқын болғанымен, көркемдік қуат кемшін соғып жатқан жайы 
жоқ. Мұнда құдіретті сөз өнерінің сəулелі шуағы мен көркемдік 
қуаты айқын басымдылық танытады.
Ақын міндеті – қазақтың ұлтын сүйген ұландары туралы кейінгіге 
сөз қалдыру. Мұны көрегендік десе де болғандай. Кейін ұзақ жыл-
дар бойы сол ұлылардың аты аталмай, шығармалары оқылмай, 
тарихымыздың “ақтаңдағына” айналарын Сұлтанмахмұттың 
сезімтал жүрегі сезінген болуы керек. Басқасын былай қойғанда, 
ақынның осы поэмасы – алаш азаматтарының тарихтан алар орнын 
айқындап беруімен бағалы.
Ақынның іргелі жанрдағы кең құлашты қуатын танытатын 
көрнекті поэмасы – “Адасқан өмір” (1918). “Адасқан өмірдің” жан-
рын зерттеушілер лирикалық-философиялық, сюжетсіз поэмаға 
жатқызып жүр (А. Еспенбетов). Поэманың басты тақырыбы – 
қоғамдағы əлеуметтік теңсіздік.
Поэма “Мен – бала”, “Мен – жігіт”, “Мен тоқтадым”, “Мен – 
кəрі”, “Мен – өлік” атты бес бөлімнен тұрады. Мұнда жалғыз ғана 
кейіпкер бар, ол – лирикалық қаһарман – “Мен”. Оқиға осы “Мен” 
арқылы баяндалып, соның өмірге, қоғамға деген көзқарасы арқылы 
сараланады. Бір ғұмырдың өмірге келгеннен бастап, өмірден өткенге 
дейінгі пəнидегі тірлігі, түйсігі, ой-танымы терең толғаммен жырла-
нып, реалистік шындықпен суреттеледі.
“Мен – бала” бөлімінде өмірге келген сəбидің пəктігі, тазалығы, 
өмірге құштарлығы жырланады. Ол өзімен қоғам арасындағы 
алшақтықты, ертеңгі өмір қайшылықтарын əлі сезінбейді. 
Сондықтан да жаны таза, сезімі пəк.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   140




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет