ӨРДЕ
1
Құдасынын аулына Ұлжан отыз шақты кісімен келген. Алшынбай бұлар
келер қарсаңға мол сулы, кең бір жазыққа кеп қонған екен. Қазыбектің өзінен
тараған ауылдар, көрші туысқандары бар, барлығы қырық шамалы ауыл осы
жерге сіресе қоныпты.
Қонақ келетін болғандықтан, бұл өлке биелерін де жылдағыдан ерте
байлапты.
Дағды бойынша Ұлжан бастаған үлкендер құданың аулына күйеулерден
бір түстік бұрын келіп түсті. Ұлжан қасына әйелден Қалиқаны, күтуші
келіншек Қатшаны алған еді. Еркектердің үлкені - қазіргі бас кұда - Ызғұтты.
Содан басқа, әлденеше ақсақал, әнші жігіттер, атшылар бар.
Абайдың қасындағы жас жігіттер саны он екі. Мұның көпшілігі
Ырғызбайдың жастары және күлдіргі Мырзахан, атшабар Жұмағұл. Жақын
туысқаннан Тәкежан бар. Осы топқа Абай өзі шақырып Ерболды қосып алған.
Жеті-сегіз күндік жол бойында Абай мен Ербол үнемі жұбы жазылмай, бірге
болған.
Ұлжан Алшынбайдікіне көп қазына әкелді. Келген жылқы, түйеден басқа,
жыртыстың бұл-матасының өзі екі үлкен атанға артылып келіп еді. Оның
ішінде келінге жасау тігілетін батсайы, мақбал, манат, дүрия, шағи бөлек
салынған. Бірер сандық осы қымбаттарға толы болса, өзге теңдері құда-
құдағилар сыбағасы. Шапан, кемзал, көйлек, шаршы. Және толып жатқан
ырымдар бойынша төленетін сый-сипат.
Қалыңмал басы Алшынбайдың өзіне арналған кесек күміс бесік жамбы.
Бұл ілу деп аталып еді.
Екі жаққа да мәлім ілу китке орай.
Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп кұда түсіп, Ділдәні
Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға кит деп, Алшынбай аулы күміс
тартқан. Ол күмістің аты - тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді. Тегінде
есептесіп келсе, әдет бойынша, ілу мен кит құн жағынан қаралас болатын. Бірақ
Құнанбай оны есептемей, Алшынбайға өз бергенінің дәл өзін жібермепті.
Құда, құдағи келген күні түнде-ақ барлық кең жазық сый құдалардың
қандайлық, мырзалықпен келгенін біліп қалған. Сол түннің өзінде
Алшынбайдың барды аямай, мырзалыққа мырзалық орай етіп көсілетіні мәлім
болған. Құдағи мен күйеулерге арналып, үш үлкен аппақ үйлер оңашарақ
тігілген екен.
Сол үйлердің қонақасысы: қысырдың семіз тайынан, құнан қой, ту
қойлардан, үйіткен марқадан басталды. Алшынбай Ұлжан отырған үйдің есігін
аштырып, тысқа семіз асау құла тайды көлденең ұстап тұрып, қонақтардан бата
тілетті.
178
Абайлар Алшынбай аулының тұсына бір шақырымдай жер қалғанда, иіріле
тоқтасты. Енді тобының ішінен Тәкежан, Мырзахан сияқты жасы үлкенірек
жолдастар бөлініп, хабар айта кетті. Абай мен Ербол және үш жігіт аттарынан
түсіп, қарсы алушы қыз-келіншектерді тосып қалды.
Осыдан осылай толып жатқан күйеу дәстүрі басталатынын мойынға алып,
Абай Ерболға:
- Осы үйлену деген ата-анаға да, жастардың өзіне де қуаныш қой. Солай
емес пе? Ал ендеше сол қызығына жеткенше, күйеу мен қалыңдықтың жолына
ырым-жырым, әдет-дәстүр деп неше алуан құбыжықтар қоятыны несі? - деді.
Ербол бұған күлді.
- Рас айтасың, құбыжық екені рас. Дәл осы қазір кім келеді? Қандай асау
жеңгелер екен, не бұйырар екен деп, мен де үркектеп тұрмын!
Күйеу қасында қалған жігіттердің бірі Жұмағұл атшабар. Ол өзі әлдеқашан
үйленген. Мұндай қиындықтың талайын көріп өткен. Абай мен Ербол жол
көрген біреу керек деп, мұны ылғи басшы боп отыруға лайықтап, өз қастарында
ұстайтын боп еді.
Жұмағұл ауыл жаққа қарай түсіп:
- Әлі тұра тұр, басыңда үкің жоқ деп қиғылық салады! Тымағыңды көзіңе
кимесең, жақтан да ұрады. Екеуің бе? Ербол екеуің талай құқайды көресің. Не
қыласың, тек ұсына бер!
Басқа үкі тағу - бар күйеудің әдеті. Ол ғана емес, қызыл манат шапан мен
биік өкше етік киіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу, бұл өңірдің
бар күйеуіне жол болатын.
Абайға ауылдан шығар жерде Зере, Айғыз сондай киімдерді әзірлетіп
ұсынған-ды. Кәрі әже әшейінде Абайдың дегеніне көне берсе де, бұл тұста
ырық бермей, қатты бұйрық еткен:
- Ата-бабаң жолы осы! Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі күйеу, шешесі
қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! - деп, дәл аттанар жерде Абайға
жаңағы күйеу киімінің бәрін кигізді.
Абай сол күні өзінің өзгеше қалпын бақсы-құшнаштай көрген. Өз
ауылдарынан шығысымен, Ұлжанға кеп:
- Япырау, мен күйеу болсам, Бошанға күйеумін, Тобықтыға, Тарақтыға
күйеу емес ем ғой. Жолдағы елдің бәріне мен күйеу деп, жынды кісіше
шақыратыным не? Рұхсат етіңіз, барар жерде киейін, әзірше өз киіміммен
барам! - деген.
Ұлжан мұны теріс көрсе де, көнген-ді. Сол Абай жаңағы бақсы мен салға
ұқсататын күйеу киімін әлі кимеген. Үкілі тымақ, қызыл шапан қоржында.
Жұмағұлдың жаңағы айтқаны сол. Арнаулы киімді кимегенге ол өзі ырза емес-
ті.
Енді Абайдың сескенгенін әбден түсінген Жұмағұл тағы бір уақыт:
- «Құрсаулы жаудан қорықпаған жүрегім, қайынға барғанда жеңгелерден
қорықты» деп, Барақ айтқаны қайда? Қорқарын қорқарсын! Бірак, әйтеуір түбі
қайыр. Менің білетінім сол-ақ, - деп, Абайларды күлдіріп алды.
Ербол бұған бұрын айтқан тілегін қайта айтып:
179
- Әйтеуір қай жерде тәжім ету керек, қай уақытта тұру керек, қай уақытта
тымақты көзден алып, кең отыруға болады, бәрін өзің айтып отыр! - деп өтініп
тұр.
Абай Ерболдың енді басқаша міндетке ауысқанына қарап, ойланып қалды.
Бүгін Абаймен бірге, күйеу өтетін тар есік, тас босағаның бәрін бұл да өткелі
тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаған жайдың бәрін де Абай
үшін бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берілгені. Бірақ
мынау Ербол мен анадағы Ербол қайда? Бұл қазір екі кісі сияқтанып барады.
Сонда қайсысы ыстық? Қайсысы қымбат?
Дәл осы кешке шейін Абайға таңдатса, анау Ербол, қызыл өгізге мініп,
тасқын судан Абай үшін өтіп келген Ербол, аспанда тұрғандай жоғары.
Осы жолға ере шыққан күні Ербол Абайға аса бір өзгеше сәлем әкелді.
Тоғжан мұның Абай қайнына бірге баратынын естіп отырып:
- Ай батқандай қылды да, адастырып кетті ғой! Бірақ сонда да жолы
болсын! Жақсы қызық көрсін, сәлем айт! - депті де, Ербол кете бергенде,
орамалымен көзін басып, жылап қапты.
Осыны есіткелі Абай жол бойында бір сейіле алмады. Өзін бір бұйрық
қуып, еріксіз әкеле жатқандай көретін. Осындай күйлерде күйеулер тосып
тұрғанда, бір шақта, сам жақтан күлкі естілді. Әйелдер күлкісі. Келесі секундте
көп шолпының шылдыры да жетті. Күйеу алдынан шыққан қыз-келіншек екен.
Қалың топ. Ақ жаулықты келіншектер, үкілі кәмшат бөрікті қыздар көрінеді.
Айнала жүгірген балалар да көп.
Абайлар топталып тұр. Жақындай бергенде, келіншектердің алдыңғы
қатарында, орта тұсында келе жатқан біреулері:
- Абай қайсы?
- Күйеу қайсы бұл!
-Бәрінің киімі бірдейі несі! Күйеуше неге киінбеген? - десіп, жақындап кеп,
амандаса бастады.
Абай жаңағы үндерді естігенде, сескеніп қысылып қалды. Енді біраз бойын
жинап, күліп:
- Қайсымызды ұйғарасыз, сонымыз Абай болсын! - деді. Келіншектер күлді
де, Абайдың дәл өзін таныды. Бірақ тани сала, бір келіншек:
- Қой, шырағым! Тобықты тымағын аулыңда киерсің. Біздің аулымызда
күйеу тымағымен жүр! - деп бұйрық берді.
Осы жайды күлкі етіп, қалжыңдай бастаған келіншек, күйеу киімін іздеп,
сұрау салды. Жұмағұл шыдамады. Атының қанжығасынан қоржынын шешіп
алып:
- Бәсе, ки десем бір көнбейді. Ал, міне, үйретіп алыңдар! Бар киімі мына
менің қанжығамда, - деп, келіншектерге берді.
Осы кезде келіншектерге еріп келген балалар күйеу жігіттердің аттарына
екіден, үштен мінгесіп ап, шаба-шаба жөнелісті. Абайдың мінгені, ақжал, сары
жорға ат. «Күйеу атымен күл тасы» дейтін әдет бойынша, енді ақжал аттың көзі
ашылмайтын
мәлім.
- Өзі жорға ғой!
- Ойбай, рақат екен! - деп, мінгесіп алған үш бала соқтырып, тайпалта
жөнелген. Алшынбай аулына күйеулер мен барлық қыз-келіншек жаяулап келді.
180
Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше шатырдай аппақ екен. Ішінде
жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп, бос қойыпты. Бірақ үйдің керегелері
көрінбейді. Уықтың қарына шейін жағалай тұтылған, ылғи су жаңа жібек кілем.
Ашық түсті бояулары да, ұсақ шебер өрнектері де үйдің ішіне қызыл, жасыл
көрік беріп тұр. Есіктен төрге шейін жайылған тақыр алаша, манат мақпал мен
оюлап сырған үлкен-үлкен сырмақтар. Соның үстінде қабат-қабат жаңа көрпе,
кестелі жастықтар. Үлкен бұйымынан - оң жақта әдемі сүйек төсек тұр. Он бес
қатардай жібек көмкерудің үстіне құстөсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер
жиналыпты. Көкшіл-қызғылт еңі бар шілтері шымылдық биік төсектің жоғары
жағын перделеп тұр.
Абай осы төсектің алдына кеп отырғанда, екі жағынан Ерболдар отырған
жоқ. Балдыздар, құрбы қыздар, қайынбикелер отырды.
Солардан жоғары таман Ербол, Жұмағұлдар орналасты. Олар да бірыңғай,
өкшелеп калмаған. Орталарына үлкен сырғалы, кәмшат бөрікті кекселеу қыздар
араласып отырысқан екен.
Күйеулер осылайша орналаса бергенде, жаңағы бірге келген келіншектің
үшеуі кіріп кеп:
- Шымылдық, шымылдық түсір! - десті.
Абай қасындағы аққұба қыз атып тұрып, атлас шымылдықты сусылдатып
түсіріп жіберді. Сүйткенше, әлгі келіншектер есікті шалқасынан ашып:
- Кіріңіз, кіріңіздер! - деп, тысқа дауыс берді де, күйеулер жаққа қарап: -
Ал, балалар! Үлкендер! Енелерің келеді! - деді.
Абай, Ербол, Жұмағұл және қастарындағы бар қыздар орындарыңан ілезде
тұрысты.
Шымылдық түсірулі. Үй ішіне үш үлкен әйел кірді. Ортадағысы Абайдың
үлкен енесі - Алшынбайдың әйелі, семіз, қара бәйбіше.
Қасындағы орта жаста, ақ сары әйел - Абайдың өз енесі, Түсіптің қатыны.
- Ал, шешелер, көрімдік!
- Көрімдік кәні!
- Болмаса, балаларыңды көрсетпейміз, беті ұялады! - деп, алғашқы келген
келіншектер, күлген бойларында, шымылдықтың шетін ұстады.
-Алыңдар! Көрімдік сендердікі! Бірақ бізге баламыздың жүзін көрсетіңдер,
алыңдар! - деп, үлкен бәйбіше қолына шашуын алды. Сол сәтте атлас
шымылдық шалқая ашылды. Күйеулер бұл кезде төмен иіліп, тәжім қып тұр
екен. Үлкен бәйбіше:
- Өмір-жасың ұзақ болсын! Алдыңнан жарылғасын, қарағым! - деп
шашуын шашты. Лақтырғаны бір табақ өрік, мейіз, кәмпит.
Өздері осы ауылдың балалары болғандықтан иілмей Абайларға күле қарап
тұрған қыздар, шашуды теруге тап берісті. Күлісіп, таласып алып жатыр.
- Қадамың құтты болсын! Қызығың ұзақ болсын, қарағым Абай! - деп,
Абайдың өз енесі де тілеуін айтты. Күйеулерінің жауап айтуы шарт емес. Олар
үндемей сызылып қана тұр.
Сол кезде екі ене жақындап кеп Абайдың бетінен сүйді де, көп бөгелмей
шығып кетті.
Абай бұл кеште өзінің өзгеше халына үйрене алмай, қатты қысылумен
болды. Ұзын тымақ та көзіне түсіп, терлетіп мазасын кетіріп отыр.
181
Әсіресе, қиыны: келген мен кеткен де, есіктен қарағандар да, жабықтан
сығалағандар да, мынау жағалай отырған қыз-келіншек те қайта-қайта Абайға
қарасып, көздерін алмайды.
- Күйеу көрікті ме екен?
- Баламызға сай ма екен?
- Қайтіп отыр екен? - деген, ылғи бір бөтен, қадалғыш көздер.
Жігітті жігіт емес, келін еткендей, елден ала бөтен киім киіндіріп қойып,
көлденең тартып: «Міне, мынаны көріңдер!» деген сияқты.
Күйеулер үйі аз отырып шай ішкенше, оншалық жазылып жадыраса
алмады. Жұмағұл, Ерболдар үй ішіне түгел жететін калжың, әзіл айтпай, тек,
өзді-өз қасындағы қыздармен ғана ақырын, сыпайы түрде тіл қатысып отыр.
Абай бағана үйге кіргеннен бері өзінің жоғары жағында отырған екі-үш
сәнді, сұлу қыздардың пішініне көз салып, бір нәрсеге қайран болды. Бұл
қыздардың пішіні соншалық аппақ, беттерінің ұшы да дымырақ ашық қызыл
реңденіп тұр.
Абай бұл жақтың әдетін білмеуші еді. Қарқаралы маңындағы Бошанның
ержеткен қыздары беттеріне опадалап жағатын.
Шайдан кейін күйеулер үйіне Тәкежан, Мырзахан сияқты, бағана бөлініп
кеткен үлкенірек жігіттер келді. Солармен бірге әншілер, сауықшы жолдастар
және осы ауылдың өз жастары да қоршалай кеп қалды. Үй іші бұл топтар
келісімен күле жайнап, даурыға көбейіп, әзілі, күлкісі молайып, жанданып кетті.
Кұйеуді қоршаған қыз-келіншекте сан жок. Бірақ осындай шат-шадыман
думанның тап ортасында боларлық кісі - қалыңдық болса, Ділдә болса, ол әлі
көрінбеді.
Абайдың бұл келісі: ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре
келу, қол ұстау деп те аталады. Ең алдымен алғашқы келіс осы. Өзге
келістердей емес, күйеу бұл жолы алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу
керек. Сол өзгешеліктің үлкені - қалыңдықты оңай көрсетпеу.
Екі жақтан табысқан ата-ана әуелі осы келудің үлкен тойын жасау керек.
Той оңай емес. Көп қиын қаммен, асықпай істеледі. Сол тойдың артынан барып
қана қол ұстау кеші болады.
Сүйтіп, Абай алғашқы күн ғана емес, тағы екі күн өткенше де өз
қалыңдығы қандай екенін, кім екенін көре алған жоқ, білген жоқ.
Бұлар келген күннің ертеңінде Ербол ғана барып, Ділдәмен амандасып, жүз
көрісіп қайтты. Қалыңдықтың түсін, отырысын Ербол айтқысы кеп еді. Ол өзі
Ділдәнің ажарына қатты ырза боп, сүйсініп келген. Бірақ Абай айтқызбады.
Сөзді басқа жаққа бұрып кетті.
Жастарды күттірген той Абайлар келген соң үшінші күнде болды. Бұл күні
Абай отырған үйге келіп кеткен қатындардың саны айтып болғысыз, мол еді.
Таңертеңнен бері әлденеше топ бәйбішелер, қыз-келіншектер, ұрысқақ, тентек
жеңгелер өтті. Бәріне сызылып сәлем етуге Жұмағұл мен Ербол жалыққан жоқ.
Абайды үнемі, қайта-қайта:
- Ал тұр!
Ал, келіп қалды!
- Ойбай ана кісілерді қара! - деп, ылғи үркітіп тұрғызып, тәжім еткізумен
болды.
182
Күйеу үйі бұл күні үздіксіз шырқаған ән, мәз-майрам күлкі, дамылсыз
шашу. Тоқтамай әкелініп жатқан кымыз, шай, жиюсыз дастарқан болатын.
Мезгіл түске тақай беріп, жастар еттерін жеп болған кезде, тыстан:
- Той! Той басталды!
- Атқа, атқа қоныңдар! - дескен үндер келді.
Абай мен барлық осы үйдегі еркектер тысқа шығысты. Күйеулердің аттары
тегіс ерттеулі, кермеде екен. Ат үсті ойын-сауықты көп жұртпен бірге көру
күйеуге де рұхсат етілетін. Қыз-келіншектер ауылда қалып, Абай өз
жолдастарымен, он-он бес кісі боп бөлек аттанып, әрлі-берлі жүрген қалың
топтан оқшауырак шығысты.
Күйеулер мен құдалар жағы ерте сайланып, ерте аттанған екен. Абай
Алшынбай аулынан сыртқарырақ шыға беріп, Ерболмен бірге оңашарақ тоқтап,
мынау кең жазықтағы ауылдардың қонақ күткен көрінісін тамаша қылды.
Бұл той Алшынбайдың үлкен той етем деген бір мерекесі екен. Жиылған
қонақтардың аттары топ-топ. Үйірім-үйірім қара нөпір боп көрінеді. Жалғыз
сол аттардың өзі де бір қос жылқыдай. Әсіресе, үлкен белгі, тойға тігілген
үйлер. Солар саны елу-алпыс. Алшынбай аулынан бір шақырымдай жоғары,
қалың көк шалғынның ортасына ұзыннан-ұзақ екі қатар боп тігіліпті. Ас
пісірген жер ол үйлердің маңында емес, жаңа Абайлар шыққан ауылдың
шетінде. Қазір сол ас басынан анау алыстағы қонақ үйлерге қарай күтушілер
жосылып жатыр. Күтушінің бәрі де ат үстінде. Бастарын ақ шытпен керте
байлап алған аспазшылар жиырма шақты жігіт.
Бір өзге салтанаты: осы жігіттердің бәрі де жорға мініпті. Аттары қан сорпа
болған, өңшең желқайықтай жылмаңдаған жараулар. Сол жиырма кісілік
күтуші қонақ үйлерге қарай Алшынбай аулынан ағыза жөнеліседі. Қолдарына
қос табақ алған жігіттер тізгіндерін ауыздарына тістеп алыпты. Арттарында
егде тартқан жай шапқыншы сияқты үлкен күтушілер бар.
Олар табақшылардың атын қамшылап айдап, қуып отырады. Ыңғайлы,
шапшаң табақшылар ат үстінен көсілтіп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын
төкпестен ұсынып, қонақ үйлердің алды-алдына тұра-тұра қалысады. Үй
алдында тұрған нағыз күтуші ақсақал, қара-сақалдар сол табақтарды шапшаң
алып, үй ішіне сүңгітіп жатыр.
Сөйтіп қазаннан жаңа түскен ет, бір қолдан бір қолға лып-лып етіп,
салқындамай, тоңазымай лезде жетіп тұр.
Қонақ үйлер дағды бойынша көп жеді. Сол үйлер мен ас үй арасында
жиырма табақшы бір емес, екі емес талай рет жорғаларын асыға тайпалтқан еді.
Бұл сыйдың басы Абайлар тысқа шықпай тұрып басталса, енді бұлар тыста көп
уақыт тосып тұрған кезде де аяқтамай, бітпей жатты.
Қонақ үйлердің ішінде әр жерге орнатылған емізіктеген сабаларды бұрап
болып, жаңағы табақтарды құрғатқан кезде ғана тойшы халық аттарына міне
бастады.
Тыстағы ойын: ат шабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестіру -
баршасы да осы күні болды. Ойын бітіп, күн бата тарқар кезде, Алшынбайдың
тойынан қайтқан кәрілер:
- Тойы той-ақ болды!
- Әкелген қалыңмалына сай Алшынбай да көл-көсір қылды!
183
- Күйеу келген той дәл бір астай болды, не қыл дейсің? - десіп, мақтасып
қайтқан.
Осы күні кешке Абай ең алғаш рет қалыңдығын көрді.
Күйеудің үйіне бұл кеште халық сыймай, кернеп кеткен. Қазір мұнда
Алшынбай, Ұлжан, Ызғұтты бастаған екі жақтың үлкендері, бас құдалары лық
толы. Абайлардың алдына шымылдық түсіріліп, үлкендерден жастар жағын
бөліп тұр.
Үй ішінде сөйлессе де, күлсе де, ашық үн қататын, сол төрдегі үлкендер.
Шымылдық ішінде тек сыбыр мен ақырын күлкі ғана бар. Онда да өз аулына
еркін қыздар күледі.
Осы жаймен біраз отырған соң, есік жақта үлкен қозғалыс басталды.
Босағаға жақын отырған келіншектер түрегеліп, шымылдықты есікке қарай
созып тұрған уақытта, тыстан бір топ қыздар кірді. Солардың ортасында
басына қызыл жібек шапан жамылған, бетін түгел бүркеп алған - қалыңдық бар.
Абайлар Ділдәнің бойын ғана көрді. Ол кебісін шешіп жатқанда, сырт
сымбаты талдырмаш, бірақ аса сұңғак бойлы, биік көрінді.
Абайдың төменгі жағынан орын босатылған-ды. Қалыңдық осы араға келіп,
шапанын басынан алмай, күйеуге азырақ сырт беріңкіреп, қырындау отырды.
Абай амандасармыз деп ойлап еді. Қалындық бетін бұрған жоқ. Сондықтан
екеуі амандаса да алмады.
Ділдә келісімен ас жасалып, төр де, шымылдық іші де ас жеді. Бірақ күйеу
мен қалыңдық көп дәм татқан жоқ. Сол астың артынан төрде отырған, түсі
Абайға көрінбейтін бір молда неке оқыды. Суық су құйған бір кесе төрдегі
жұртты жағалап кеп, Абайға ұсынылды. Абай ұрттады да, Ділдәға берді.
Асының артынан екі жеңге ақырын күлісіп кеп, Абай мен Ділдәнің алдына
қарсы отырып, екеуінің де он қолдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды.
Екі қолдың арасында бір қабат сусылдаған жібек жүр. Сол арқылы
ұстатады екен. Абай Ділдәнің жіңішке саусақтарын көбірек ұстап қап еді.
Алдында отырған бір жеңге ақырын мысқылдап, Абайдың қолын тарта беріп:
- Тоқта, жабысып қапсың ғой! Бері кел! Шаш сипа! - деді. Жақын отырған
қыздар күліп жіберді. Жеңге Абайдың қолын өзі көтеріп апарып, Ділдәнің
арқасындағы қос бұрымына тигізді. Әлі де Абай қолының астында жаңағы
жібек жүр. Сол жібекпен Абай бір-екі рет сипап өтті.
Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы. Шаш сипардың
алдында күйеу жақтан берілетін үлкен сыйы болады. Жаңағы Абайды
мысқылдаған ашық жеңге сол шаш сипарды Ұлжаннан бір сыбаға ғып алған
екен.
Некеқияр мен той салтының бәрі өткен соң, үлкендер тегіс дауыстап бата
қылысты да, жалпыға айтқандай боп:
- Қайырлы болсын!
- Ұзак қызық берсін!
- Құтты, құтты болсын! - десті. Шымылдық арқылы Абай мен Ділдәға
айтқан ата-ананын тілектері еді. Осыдан сон барлық үлкендер қауырт көтеріліп,
шығып кетті.
Олардың артына іркіліп қалған жастар да бұл кеште көп отырмай, ерте
тарасты. Күйеу, қалыңдықты оңаша қалдырудың қамы сияқты.
184
Абай әлі күнге Ділдә мен тіл қатысқан жоқ. Бір-бірінің жүздерін де
жақсылап көріскен жоқ. Жалғыз-ақ есіктен келіп, шымылдық ішіне кіріп, Абай
қасына отыра берерде ғана Ділдә өз бетін ашпай, Абайды сығалап көріп қалған.
Онда да бір-ақ сәтке көрген.
Үй іші сейіле бере, жаңағы шаш сипарды алған жеңге Абайға:
- Жә, енді біз төсек жайлаймыз. Сен біраз тысқа шығып сейіліп кел! - деді.
Абайға бұл сөз, біртүрлі түрпідей тиген қатты тұрпайылық сияқты көрінді.
Бірақ, бөгелген жоқ, атып тұрып, тысқа шығып кетті. Үй маңынан барлық жұрт
арылыпты. Күйеу жолдасы Ерболдар да кетіп қапты. Абай жалғыз. Түн жарық
емес, бұлты бар ма, тастай қараңғы екен. Күйеу жігіт жапа-жалғыз аяңдап,
ұзаңқырап бара жатты.
Ділдә да жолдас қыздарынан арылған. Жаңағы екі жеңгемен бірге қалған
еді. Оны бір жеңгесі ертіп, бөлек шығып кетті де, екінші жеңге үлкен төсекті
бұзып, шымылдықты түсіріп, орын сайлай бастады. Ділдәні ертіп шыққан ең
жақын жеңгесінің бірі болатын. Ол қалындықты құшақтап ап:
- Ал, еркем, күйеу қалай екен? Ұнаттың ба? - деп сұрады.
Ділдә қымсынған жоқ:
- Қайдан білейін? Бір жуан қара ғой! - деп ап-ашық қомсынғандай сөйледі.
- Қой, байқамағансың ғой. Қара торының әдемісі ғой! - деп, жеңгесі
жұбаныш айтты.
Жалғыз кеткен Абайдың көңілі қазірде біртүрлі ен-жар. Жүрегін
әлдеқандай реніш, өкініш басқандай. Өзінен-өзі суық тартып, сұлқ түсіп,
жүдеңдеп барады.
Барлық осы күйеулік жәйін лезде қайта шолып өтті. Мол дүниемен,
салтанат, нөкермен құда, күйеу боп келісті. Мұнда да қонақ асы, күтім, той-
жиын, сән-салтанат олқы емес. Өңшең ынтымақ. Мол тілек, жағалай бата. Бәрі
де кім үшін? Екі жастың бағы, қызығы үшін дейді. Бірақ енді бағып қараса,
олар үшін емес. Сол үлкендердің өз ойларындағы сыпайылық, сыйластық,
дәстүр үшін.
Ал, Абай мен Ділдә болса, әлі тіпті пішіндерін де көріскен жоқ. Бірақ
үлкендер үшін ол тіпті ойландырар да іс емес. Күйеу мен қалыңдық ең алғаш
біліскен, көріскенде, анау салынып жатқан төсекте ғана білісу керек.
Абайдын оқыған кітабы көп. Ғашык дос, асыл жар дегендер бұның әлі
күнге дақсыз келген жүрегіне соншалық бір биік, пак заттай көрінетін.
Шұғыласына тал бойын ұйытқан, ой-қиялын сондайлық мүшкіл еткен Тоғжан
өзі қаншалық алыста. Бұлт құшқандай, шарықтап елестемеуші ме еді?
Ендігі бұның жары осыншалық сөлекет ырымдар, үйреншікті дәстүрлер
ішінде, бұған соншалық арзанға келгені несі? Екеуін малша табыстырып тұрған
қолдар не деген сөлекет? Неткен сезімсіз тұрпайы? Абай осы ойларға жеткенде
көңлі қатты жабығып, іштегі қиял мекені ойран-асыр боп, құлағандай көрінді.
Жүректе де әлдебір нәзік сұлу шырақтар күрсініп өшкендей болды. Аяғы қайда
басқанын байқамағандай екен. Сыбдыр есітті. Қараса, бағанағы жеңгенің бірі
іздеп кепті.
Күліп, қалжың етіп:
- Немене, қалыңдығыңа бұлданып жүрмісің? Неге сонша күттірдің? - деді
де, үйге қарай алып жүрді.
185
Төсек салған жеңге, жұмысын бітіріп кетіп қапты. Мынау Ділдәні ертіп кеп,
үй жанына қойып, Абайды іздеп кеткен екен.
Абай үйге кірді. Шымылдық түсірілді, төсек әзір тұр. Жеңге Ділдәні
кіргізбей тұрып, Абайды шешіндіре бастады. Сырт киімін Абай өзі шешіп еді.
Жеңгесі соны іліп келіп, дәл мәсіні шешерде, ырымды ескертті.
Етік тартар дейтін бір алым тағы бар. Күйеудің етігін жеңге шешеді де,
тағы ақы алады. Абайдың қалтасына шешесі салып берген ақша бар-ды. Ішінен
аса ыңғайсызданып отырып, Абай сол ақшаны жеңгеге тастады.
Шешінісімен Абай төсекке атқып шығып, шағи көрпені оранып, жатып
қалды. Ділдә үйге әлі кірген жоқ. Тыста анда-санда шылдыр еткен шолпысы
білінеді. Бұ да жол болса керек. Тым құрса, шам барда да кірген жоқ. Жеңге
Абайды жатқызып, шамды алып тысқа шықты да, есік ашып, Ділдәні кіргізді.
Қалыңдық қараңғыны жамылып, ар ұялар іске, жүзін ғана ұялтып, өзі
басып келе жатқан сияқты. Абай осы күйдің бәріне енді ыза болып, не қылсан о
қыл дегендей тек жатты.
Бірақ Ділдәнін бар қозғалысын естіп жатыр. Ол кемзалын шешті. Мәсісін
де тастады. Бір сәтте төсекке келді. Соншалық жасқанбай, тура келді де,
көрпені аша беріп, орнын сипады. Абай төсектің шетіне жуық жатыр екен.
Күйеу өзі, алғаш қалай жатқанын байқамаған. Қырылдаңқырап шыққан қатқыл
дауыспен қалыңдық:
- Ар жатшы! - деді.
Талай күннен бері сан ырымды жасап, мәпелеп, аялап келген екі жардың ең
алғаш тіл қатысқаны осы еді. Абай үркіп қалғандай қатты серпіліп, ірге жаққа
бір-ақ аунады.
Қазірде Абай көңілі қандай салқын болса, Ділдә да сондай жалынсыз.
Әдетке, жетекке ергені болмаса, дәл жүрегінде ол да Абайды жатырқап келген.
Соның үстіне, сен Құнанбайдың баласы болсаң, мен Алшынбайдың қызымын
деген өр көңіл де болатын.
Әлдекімше жасқанып, қылымсыған жоқ. Жеңгелер не бұйырса, соны істеді.
Осы түннен сон Абайлар Алшынбай аулында он бес күн жатты. Ұлжан он
күн өткен соң қайтып кетті де, күйеулер бес күндей кейіндеп барып аттанған.
Айрылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйреніскен болатын. Оқта-
текте қалжыңдап та отырысады. Ділдә Абайға сүйкімді, сұлу көрінді. Абайдың
пішініне Ділдә да үйренді. Бірақ іштей екеуі де бір-біріне қабыспайды, салқын
күйде қалысты.
Үлкендер зор меженің бірі деп білетін, өмір белі ұрын бару болса, Абай
содан асты. Бірақ жас жүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта, бірқатар
жарықшақ, ақау салып, көңілмен әлдеқандай мосқал тартқандай боп қайтты.
Достарыңызбен бөлісу: |