5
Абай мен Ербол қалаға кеп жатқалы бірталай күн өтті. Құнанбай балалары
қалаға келсе, Тінібек байдың үйінде жатушы еді. Семейге Абайдан бұрын
келген Тәкежан сол құданың үйіне түскен екен. Қасында Майбасар мен тілмәш,
атшабарлары бар. Қоршап жүрген топыры көп. Соны көріп Абай мен Ербол
Семей қаласының өзі ішінен пәтер алды. Орталық тұста Кәрім дейтін момындау
саудагер бар еді. Балалары жоқ, ерлі-қатынды екі бас. Үш бөлмесі бар екен. Сол
үйге түсті.
Қала арасы салт аттыға соншалық қолайлы емес. Бұрын баларақ кезінде
қалада өскен Абай, сол қаланың ыңғайына икем, салт атты қойды да, шана
жегіп жүретін болды.
Қазір Ербол мініп келген семіз көк атқа кәшаба шана жегіп, екі жігіт қатар
отырып, сар желдіріп келеді. Күн ашық болғанмен, шытқыл аяз екен. Көше
бойының шыныланып қалған қалың қары, көк аттың тағасы тиген сайын
сықырлай түсіп, кірш-кірш етеді. Бұлар Семей қаласының даңқты адвокаты
Ақбас Андрейдікіне келеді. Алғаш келе жатқаны осы.
Жігітек адамдарының ісіне Абай Семейге келісімен белсене кірісті. Бұл
уақытта қала толған Тобықты. Әсіресе, қуғын көрген Жігітек пен қуғын
салушы болыстар жағы қаптап жүр. Болыстар бұрын көрсетілген отыз кісінің
жайындағы сөздерін «расқа шығарамыз, барарына барғызамыз» деп, сотқа да,
ояз бен «жандаралға» да қағаз тоғытып жүр екен.
Жігітек кісілерінің әзіргі бастығы Бөжейдің баласы - Әділ. Бірақ оның өзі
де, ақылшылары да кеңсе тәртібі мен қағаз тартысын білмейді. Ерте келсе де,
жөн таба алмапты. Абай ең алдымен солардың ісін түзу беттетті. Ұстауда
жатқан Балағаз, Әділхандардың қатын-баласы атынан арыздар жолдады. Болыс
кағаздары баратын жерлердің бәріне енді жарыса түскен қарсы сөздер бар.
Тәкежан да есік-тесікті көп білмейді. Онысы Абайға мәлім. Бірақ оған
кіріс-шығысты оңайлататын кісі Тінібек. Абай жақын арада сол Тінібекке кісі
салып:
273
- Тәкежан Құнанбай баласы болса, менің де жөнім сол. Біздің болыс осы
жолы абырой алатын, жақсы ат табатын іспен келіп отырған жок. Өзін де,
әкесін де жаман атқа ұшыратып, қарғыс алатын іске басты. Тінібек орынды
кезде болысқан. Бірақ дәл бұл жолы жалған намыс дегенді айтып, ағайынның
обалына қалғалы отырған Тәкежанға болыспасын! Шын достык ойласа, қайта
тыюға себепші болсын! - деген.
Мұнысы Тәкежан жағын әлсіретем деген іс. Тінібек Абайға өзі кеп
сөйлесіп, біраз іркіліп қалды.
Осымен қатар Абай істеткен бір жұмыс: адвокат жалдау. Облыстың үлкен
адвокаты Ақбас, казірде Балеғаздардың ісін алып, жоқтаушылардан арыздар
жиып, соны өзі өңдеп жазып, тиісті жерлерге беттетіп жатқан.
Абай мен Ербол Ертіс жағасындағы жалғыз қабат тас үйдің терезесінің
алдына келіп тоқтады да ішке кірді.
Ақбасты бұлардың алғаш көргені осы. Бет ажарында оншалық кәрілік
белгісі болмаса да, шашы аппақ, сақал-мұрты бурыл кісі екен. Бойы зор, бас
бітімі ірі кел-ген, келбетті. Түсі ойлы кісідей салқын. Көзілдірік арқылы
көрінген мөлдір көк көздері салмақты сабырымен, барлай қарайды.
Бұл үйде Ақбастан басқа, қара мұрт, таңқы мұрын тілмәш отыр екен.
Абаймен уақыт байласып, әдейі кеп тосып отырған. Ол мінезі жеңіл, білімге
шолақ адам. Бірақ облыс сотының тілмәшы осы. Бір тәуірі, орысшаға жүйрік
деседі.
Абай Ақбаспен амандасып отыра беріп, үлкен бөлменің ішіндегі кітаптарға
қарады. Мол үйдің төрт қабырғасы бірдей иін сүйесіп тұрған көрікті кітаптар.
Барлық әңгіме бойында Абай осы көріністен көз ала алмай, қайта-қайта
айналып қарап отыр. Бір үйден, бір кісінің қасынан мұншалық көп кітап көргені
осы.
Ақбасқа Абай арыз ұсынды. Ерболмен екеуі қол қойып, Жігітек кісілерін
ақтаған екен. Бұлардың, әсіресе, арашалайтыны - Базаралы, Қаумен, Үркімбай
сияқты жандар.
Тілмәш арыз жайын айтып болған соң, Ақбас Абайдың аты-жөнін сұрады.
Жас жігіт өзін Құнанбаевпын дегенде, адвокат жалт қарап, таңданыңқырады да,
алдыңғы арыздарды қолына алып, бірдемені іздей бастады.
Оны таңдандырған нәрсе, болыс пен бұл жігіттің ортақ фамилиясы. Осы
жөнін айыра сұрап кеп, Абайдың Тәкежан болыспен туысқан екенін білгенде,
адвокат, әсіресе, таңырқай түсті.
- Сенің туысқаның бұларды қуып отырса, сен кеп ақтайсың да қорғайсын!
Бұл қалай? - деді.
Абай тілмаштан ұғынды да:
- Рас, болыс менің бірге туған ағам. Сондай жақын кісі болғандықтан
қасында отырып, жаман істерін анық көріп, толық таныдым. Жұртка істеген
әділетсіз зорлық, қиянатын көрген соң, үндемей отыруға шыдамадым.
Адамшылық қарызы осы деп, әдейі өзім тіленіп келдім. Ұлық та емеспін, ақы
алған қуғыншы да емеспін. Жауапкер Қаумеповпен бірде-бір ілік жалғасым да
жоқ. Мына жолдасым Ербол да солай. Екеуміз тура көлденең, бөгде кісінің
куәлігін айтпаққа келдік. Арызымыз соның жайы. Егер ұлықтар, соттар барлық
істің хақиқатын білем десе, осы біз сияқты көлденең, қалыс ағайыннан
274
шындықты сұрау қажет деп білеміз. Біздің арызымызда осы жайды анықтап,
дәлелдеп жазуыңызды өтінеміз! - деді.
Бүгінгі шаруаның үлкені осы. Абай сөздерін Ақбас жақсы ұғынды.
Ұғынды да Абайдың жүзіне ырза боп қарады. Адамшылық дейді, қарыз
дейді. Көшпелі, жабайы халықтың адамы болса да, мұның аузында үлкен
сөздер бар.
Ақбас білімді, тіс қаққан адам болғанмен, қазақ арасына жаңада келген.
Бұл халықты білмейтін. Өзі бір кезде Петербор тұрғыны болатын. Сол жақта,
жасырақ кезінде, патшалық өктемдігіне наразы болған қауымдарға азырақ
араласқан. Сондайдың салдарынан, Петерборда тұра алмайтын боп, жылжып
кетті. Бертім заманда алғашқы қауымынан да ажырап, жалғыз қалды.
Содан кейін шетірек жерлерде адвокаттығын қайта жүргізуге рұқсат алып,
тыныш тіршілікке көшкен. Көп уақыт Еділ бойында, Орал тауларында жүріп,
соңғы екі-үш жылдың ішінде Сібірге орналасқан. Өзі ғылымға бейім,
оқымысты адам болғандықтан, Ақбас енді қазақ сияқты елдің әдет-ғұрпын, заң-
дәстүрін жиыстырып, тексерсем деп жүретін. Шен дәрежесі үлкен болмаса да,
бұл шаһардың білікті, басты адамы осы.
Жаңағы арыз жөнінен Ақбас берген бірнеше сұрауларға жауап айтып
болды да, Абай тағы кітаптарға қадалды. Қайраң боп, сүйсініп отырып:
- Шіркін, жасау мен жиһаз асылы мынау екен ғой. Жарастық қандай,
қасиет қандай! - деді.
Тілмәш Ақбаска Абай сөздерін аударып берді.
Осы уақытта Абайдың көзі жақын жердегі жақсы мұқабалы бір топ кітапқа
түсті.
- Мынау закон кітабы ма екен? Не жайдағы кітаптар екен, ә?.. - деп, ойлана
сөйледі. Ол кітаптар Пушкиннің томдары еді.
Ақбас әуелде ұғындырмақ боп: «Ол закон емес, поэт жазған сөздер...» деп
келді де, артынан қолын сілкіп:
- Сен білмейсің... оны білу қиын! - деді.
Өз ойынша: «Поэт, «киргиз» сияқты елде жоқ болар, сондықтан ондай
ұғым да жоқ болар!» деп, сөзді қысқа қайырған.
Абай тілмәштан білмек болды. Ол «поэт» деген сөздің қазақша не екенін
ойлап көрмеген екен.
- Әнші... Әнші кітабы... - деп, Ақбас сияқты қысқа қайырды.
Абай әнші деген сөзге тоқтай алмай:
- Қалай дейсіз? Әнші дейсіз бе? - деп, түсіне алмады. Тілмәш Абайды
керексіз сөзден тоқтатпақ болып:
- Сен білмейсің, ұқпайсың деп айтады мына кісі, - деді.
Абай намыстанып қалып, мысқылдай күлді.
- Япырм-ай, бұл кісі болса, білімді адам. Біз де бір жұрттың сөз ұғарлық
басы бар жастарымыз дейміз. Адамға адамды жанастыратын тіл-ау! Сол
болмағандықтан бірімізге біріміз оп-оңай ұғындырарлық жайларды қиын
асудай көріп отырғанымызды қарашы! Қазірде екі адамзат емес, екі мақлұқ
тәріздіміз. Мұжықтың мәстегі мен сахраның түйесі кездескендей ме, қалай? -
деді.
275
Ербол күліп жіберді. Абай сөзін Ақбастың білгісі келді. Тілмәшқа Абайдың
өзі де: «Осы сөзімді жеткізші» деген.
.
Ақбас Абайдың сөзін түгел естіп болды да, күліп жіберді.
- Рас, бұл дұрыс айтады! Мәстек түйеден үркеді. Түйе де оған жоламайды.
Біздің хал солай екені рас!.. - деп, тағы күлді де, - жалғыз-ақ сен екеуміз ғана
сондай емеспіз. Қазір Россия патшалығындағы закон-тәртіп пен қырғыз
сахрасының арасындағы барлық тұтас халдың өзі сондай. Сен жақсы айттың! -
деді.
Осыдан кейін Ақбас пен Абайдың кездесулері көп болды.
Өйткені қырдың аласапыраны молайып кетіпті. Жігітектен көрсетілген
отыз кісінің тағы бірнешеуі ұсталып кеп, абақтыға түсіпті. Базаралы, Қараша
болса, қашып жүр деседі.
Елдегі әрекет асқындап кеткен соң Байдалы да қалаға келген. Әр жерге
түртініп жүріп кеп, бір күні Абайға шынын айтты.
- Қарағым Абай-ай, көшеде жүрсек атымыз үркіп, қаласына сыймайды.
Үйіне беттесек, есігінен тон-күпіміз сыймайды. Жалтыраған тақтайынан көн
етігіміздің табаны тайғанайды. Адамына тілдесейік десек, саңырау мен
мылқаудай боп, ымдасудан әрі бара алмаймыз. Бұл қыр сорлыға қала деген
қамау екен ғой. Жалтыр мұзға айдап салған кәрі түйедей, мүгедек боп
жүргеніміз мінеки... - деген.
Отырған жұрт күліп тыңдады. Бірақ Байдалы күлдіріп айтса да, күйігін
айтқан. Абай осыдан соң Жігітек тобын өзі бастап, өзі басқарып жүрді.
Енді бар жаңалықты Ақбаспен ақыл қосып, тауып жүр.
Тәкежандар тың адамдарды тоғытып жатқанмен, істің беті адвокат
кіріскелі дұрыстыққа қарай ойыса бастады.
Жақында адвокатқа Абай шешіп берген бір түйін үлкен құрал боп, барлық
жұмыстың бетін өзгертіп келеді.
Ұзак әңгіменің бірінде Абай Ақбаска Балағаздардың ісі ұрлық емес,
шабынды емес деп, кеп дәлел айтқан. Жерінен айырылған, малынан ажыраған,
жұтқа ұшыраған аш-арық халықты айтты. Жұттың көпшілікке неліктен ауыр
болып, аз ғана топқа неліктен жеңіл өткенін білдірді.
Балағаздардың мал алғанда, кедейден, көптен алмай, жуаннан мықтыдан
алғанын және қолдарына түскенді кедейлерге, аштарға беріп отырғанын
жеткізді. Әңгіме осыған келгенде, Ақбас үлкен ойға кетті.
Көп елдердің тарихынан, кітаптарынан хабары зор білімпаз адам, бұрынғы
замандардың әңгімелерін есіне алды. Европа ескілігінен Робин Гуд, Карл Моор,
Жакерия, орыс әңгімесінен Владимир Дубровский, Сохатый... баршасы да
ойына түсті.
Осы әңгіме болған күні Абайды түн ортасына шейін жібермей, мейлінше
сөйлетті. Ендігі ақылды да басқаша айтты.
Сонымен абақтыда отырған Балағаз, Әділхандар жауабы да жаңа арнаға
түсті. Артынан қуған қатын-бала да арыздарын бір сағаға сарқатын болды.
Сүйтіп аз күн ішінде Қаумен, Үркімбай, Базаралы, Қарақан сияқты айқын
жаламен тізілген адамдар ақталып қалды.
Жігітек сүйінші тілеп, кісі шаптырып жатты. Тәкежан осы хабарды
білісімен, Абайға кісі салып:
276
«Тыйылсын, бұл қай қастығы!?» деп, ашу айтқан екен. Абай:
- Біз ата-ананың алдында туысқан болысуға жарасақ, со да жетер. Мынадай
ажал аузына, қыл көпірдің үстіне ел-жұртты өзі айдап келген соң, менен жөн
сұрамасын!.. - деген.
Осы жауабын келтіріп, тағы да кеп шағым айтып, Тәкежан Құнанбайға кісі
шаптырып еді. Әкесі Абайға: «Тез қайтсын! Болыс болмаймын деген өзі
болатын. Енді Тәкежанды ақсатпасын! Аяғын тартсын!» деп сәлем айтыпты.
Бірақ бұл сәлем Абайдың барлық істі аяқтап қалған кезінде келді. Тоқтата
алған жоқ.
Уезд бен облыстың ұлықтары Ақбаска барлық жұмысты ұттырмады. Өз
қолдарымен іс қылмаған бір топты босатқанмен, Балағаздар жағын, Әділхан
ісін қатты ұстап қалды. «Ашаршылық, жоқшылықтан туған амалсыз қимыл»
деген сайын, қатая берді.
Ресей ішіндегі көп жерден шығып жатқан крестьян қарсылығы ояз бен
жандаралдың көз алдына елестеген. Бір ойдан, бұндай іске барынша қатты жаза
қолданбақ та болған: патшалықтың зәрлі законы ондай жерге барынша
қадалмаққа керек.
Тек қана өздеріне сыры мәлім емес сахра уақиғасы болғандықтаң және
іздеуші жұрт көбейіп кеткендіктен барып, батыл қимылдай алмады. Тайсала
соқты. Бірақ соның өзінде де отыз кісінің ішінен он шақты адамға жаза берді.
Басында ол жаза да сұмдық болатын. Балағаз, Әділхандар өмірлік каторгаға
бұйырылады деп еді.
Ақбас пен Абайлар барды салып жүріп, көп жеңілдік тапты. Балағаздар
каторгаға бармайды. Үркітке жер аударылатын болды.
Қалада жатқан барлық ағайын енді. Балағаздармен қоштасқан уақытта
жылап айрылысты. Бірақ көріспейміз деген жоқ. «Аз жылдар өткен соң, ел
ішіне ораласыңдар, келесіңдер» - деп, алдағы күнге үміт артып ұзатты.
Абай енді елге қайтпақ еді. Сонғы рет Ақбаспен көріскелі келгенде, қарт
адвокат Абайға ақыл айтты:
- Сен жас болсаң да ақылды адамсың. Халқыңа жаның ашиды екен. Оның
зор қасиет. Бірақ сол елің мен өзіңнің қамыңды шын ойласаң, білім жарығына
ұмтыл! Оқу ізде! - деді.
Бұл сөздер Абайдың өз арманының дәл үстінен түскен сөздер.
- Оқуға жаным құмар. Бірақ қайтіп оқимын? Школға түсуге ұлғайып
кеттім... Басқа оқудың жолы бар ма? Ақыл айтыңызшы! - деген.
Адвокат көп мәслихат берді. Ең әуелі үлкейгендік бөгет емес екенін айтты.
Жасы қырыққа келіп те білім іздеп, өз-өзінен ізденіп, ғалым болып шыққан
кісілер бар екен. Солардың аттарын атады. Және оқушы школға түспей оқуға
болатынын да айтты.
Абай тез уақытта қайта келмекке уәде берді. Адвокат частный оқытатын
учитель тауып бермек болды. Жалғыз-ақ, Абай өзі бұдан былай өздігінен көп
ізденіп, қажымай, қадалып оқуға бекіп келсін. Сонда бұған білім есігі оңай
ашылатынын сөйледі.
Жас жігіт талайдан бері көкейін тескен бір түйіннің шешуін тапқандай боп,
қуанып кетті. Енді ауылға барып, үй ішінен рұқсат алып, пұл қамдап, тез
277
уақытта қайта оралмақ боп, елге қайтты. Көптен бері жас көңіліне жат боп
кеткен, көтеріңкі қызу мен сергек желік тауып қайтты.
Жидебайға келген соң, Абай көп бөгелген жоқ. Ділдә мен шешесінің
рұхсатын оңай алды. Басқа кісілермен ақылдасқан жоқ. Соңғы күндер қала
жаққа Мырзаханды жөнелткен. Соятын соғым жіберді. Ұстауға пұл керек.
Соған арнап, мұндағы соғым терілері мен бірен-саран ірі қара айдатты.
Енді өзі де жүргелі отыр.
Осы жазда Ділдәнің үшінші баласы туған-ды. Кішкентай, ақсарылау келген
Әбдірахман әзір күлуге, талпынуға жарап қалды. Абайдың ең алғаш бейіл бере
бастаған баласы осы. Өзінің еті де, түсі де ақшыл келген. Бет бітімі дөңгелек
емес, сопа0тау және жұқалаң. Қасы, көзі қиылып тұр. Бар тұлғасында нәзік
келген бекзадалық бар.
Ділдәнің бар баласы, рең жағынаy Абайға тартпай шешеге тартып келеді.
Бәрі де ақшsл сарғыш. Бірақ мына бала сонымен бірге, туысты, сүйкімді.
Абай Ділдәменен оңаша қоштасты. Көп сөз айтысқан жоқ. Татулық,
тілеулестік арқасында қабақпен танысқан. Сөзге сараң, сырға сырдаң Ділдә бір-
ақ айтты:
- Кәрі шешең бар, жас балаларың бар. Бізді ойламасаң да, соларды ескер.
Көп сарғайтпай, келе жүр! - деп күлген-ді. Оншалық күрсініп, қиналып қалатын,
емес. Ондайға Ділдә шорқақ. Ішінде көп нәрсе жүрмейді. Жүрер болса, қатқыл
мінез, қатаңдау үнмен оп-оңай айтып қалып отыратын. Абай әйеліне
кешіріммең қарап, иығынан қақты да:
- Мен желік іздесп бара жатқам жоқ. Адамшылық қасиетін іздеп барам!..
Соны ұққайсың! - деді.
Әбдірахманды киіндіріп тұрып, көтеріп қолына алып, шешесінің үйіне
келді.
Бұл шақтарда недәуір қартайып қалған Ұлжан баласының жүзінен көз
алмай, көп қарады.
Әбдірахманды өз қолына алып иіскеді де, Ділдәға берді. Азғана күрсініп
қалып Абайды да өз қасына тартып, бетінен сүйді. Қуаң тартқан жүзінде ана
жүрегінің терең бір толқыны сезіледі.
- Қарағым, әжең маркұм сені жалғызым деуші еді. Айналасындағы өзге
өрен-жараны бір төбе болғанда, сен оған бір төбе едің. Есіңде бар ма, жоқ па?
Сырқаттанып жатқан шағында, зауал уақытында бір тілек айтып еді. Осы
қарағыма өзгелердің тас бауыр, қатыбас мінезін бере көрме деген еді. Сол сөзді
айтқан анаң да кетті!.. - деп, тоқталыңқырап қалды.
Әжесі айтқан жаңағы сөз Абайдың есінде болатын. Қазірде өз шешесінің
біраз өзгертіп айтқанын да түсінді. Ұлжан тағы да ойланып отырып:
- Заман сенікі, майдан сенікі. Соларыңның балуаны бол. Қай жолмен
жүрсең мұратың орындалады. Оны енді бізден де өзің артық танитын болдың.
Аяғыңа оралғы боламыз ба? Жолың болсын! - деді.
Абай анасын бала күндегідей құшақтады да, үндемей қоштасты. Ербол
екеуі тысқа шығып, атқа мінерде, барлық ауыл ере шыққан. Дәл жөнелер кезде
Ұлжан ат үстінде тұрған Абайды өзіне қарай шақыртып алып:
278
- Абайжан, Тойғұлының аулына бара кет. Әкелерің құда түсе кетіпті. Осы
ауыл тегіс барсын деген екен. Мен қайдан сүйретіліп жүрейін. Бірақ сен
бармасаң тағы да бізге ренжиді. Жолшыбай аз аялдап кете берерсің! - деді.
Абай баруға уәде берді. Сонымен барлық жұртпен тағы да ұзақ-ұзақ
қоштасып, жүріп кетті.
Ұлжан айтқан Тойғұлының аулы дәл жолда емес. Бұл арадан қиғашырақ,
Орда тауының бөктерінде. Бірақ Семей жаққа Жидебайдан көрі кірісірек.
Тойғұлы Мамай руының үлкен байы. Түбірлі, шоғырлы жердің бір шоқысы
еді. Сонымен Құнанбай осы қыста құда болатын бопты.
Қыс жақсы, мал күйлі болғандықтан, Тойғұлы кұдаларға уақыт айтқан екен.
Қыз алатын Құнанбай жағы. Енді құда түспекке, қонақ боп қайтпаққа, сол
Тойғұлы аулына Құнанбайлар барыпты.
Абай мен Ербол да келді. Құнанбай қасындағы ылғи қарт серіктері:
бастығы Қаратай, жорға Жұмабай, Жақып сияқтылар. Тойғұлының үш тамы
лық жиын. Күлкі, қызу дырду көп. Абайлар Құнанбай отырған үйге кіріп,
үндемей әңгіме тыңдады. Сөздің көбін Қаратай бастап отыр.
Үлкендердің әңгімесі әр саққа соғып кеп, бір кезде заман мен заман арасын
салғастыруға ауысты. Қаратай өздерінің жас кезін айтып, әкелер заманын еске
алып кеп, бүгінгі заманның азғанын, бүгінгі адамның құнарсыз боп, жұтаң
тартып бара жатқанын айтты.
Абай осы тұста мырс беріп күлді де, қиғаш сөйледі.
- Бұрынғы заманның жақсылығы со ма, қатар отырған бір туысқан елдер
бірін-бірі шауып, шаншып, сойқаннан арылмаушы еді. Кемпір-шал, қатын-бала
тыныштықпен ұйқы ұйықтап, түгелімен асын іше алмаушы еді. Осы тұрған
Сыбан мен Тобықты арасында, Тобықты мен Семей арасында жалғыз-жарым
қатнаса алмаушы еді. Алып кетеді, жұлып кетеді деп, ылғи ғана жасанып
жүруші едіңдер... Сол заман да жақсы ма екен? - деген.
Қарттар көнген жоқ. Ол күндерден әртүрлі қасиеттер тауып: барлықты,
байлықты да санады. Бұрынғы адамның бітімді келетін, ірілігін де айтты.
Көпшіліктің сөзіне Құнанбай қосылып кеп, тағы бір салмақты дәлел тастады:
- Дәурен ұзаған сайын, ақыр заман белгісі арқыңдай бермек. Адам құлқы
өзгеріп, азғындай түседі. Біздің заманымыз өзге, өзгені қойғанда, пайғамбар
заманына жақынырақ. Бір табан жақын болса, ілкім артық та болар!.. - деген.
Абай осы сөзге іле жауап берді. Қазіргі күйде бұнын көңілі, шабыты келген
ақындай боп, шарпысуды, қаржасуды тілеп отыр. Жайнап сергіген ойы да
қиынға, биікке мегзегендей болатын.
- Жақсылык пен игілікке алыс-жақын жоқ. Алатаудың басы күнге жақын.
Бірақ басында мәңгі кетпес мұз жатады. Ал, бауырында неше түрлі гүл, жеміс,
неше алуан нәубеттер өседі. Жан-жануарлардың баршасы содан қуат алады.
Сіздер пайғамбарға Абуталыптан жақын емессіздер. Ол әкесі еді. Бірақ
Абуталып кәпір болатын! - деді.
Үй тола жұрт күле беріп, басылып қалды. Құнанбай қатты зекіп калып:
- Жә, тоқтат! - деді.
Абай таң қалып, алақанын жайды да, үндеген жоқ.
279
Қарттың бәрі өздерінің қатты жеңілгенін сезді. Үй іші осыдан соң күлкіден
де, бейпіл әңгімеден де іркіліп, томсарып қалды. Абайға ішінен сүйсінген кісі
Қаратай қасында отырған Жақыпты түртті де, күңк етіп:
- Мынау өзі аттатар емес! Бас салып, қарап тұр ғой! - деп қалды.
Аздан соң ет желінді. Абай мен Ербол енді жүрмек боп киіне бастады.
Құнанбай да тысқа шықты.
Шығысымен Абайды шақырып алды да, жақын жердегі тастақ төбешікке
отырды. Әке мен бала оңаша. Көптен бергі бетпе-бет кездесулері осы.
Құнанбай салқын жүзбен, кінәлай қарады:
- Сен окыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің. Біз надан өстік. Бірақ сол
білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған? Көп көзінше
таласып кеп, әкеңді сүрінткенде не мұратқа жетпексін?
Әкесі жеңілгенін біліпті. Енді суық жүзі солғындап, үлкен бойы басылып,
кішірейіп қалған. Әлдеқандай бала сияқты, кіна тағып, өкпе айтып отыр. Үлкен
алдында жас қарызы, ата алдында бала қарызы - әдеп пен сый екені рас. Абай
бұған дауласқысы келмеді.
- Ол кінаңыз орынды. Айып менде екені рас. Ғафу етіңіз! - деді.
Осымен сөз біткен шығар деп ойлады. Бірақ әкесінің тағы да бір айытпағы
бар екен. Ол азырақ бөгеліп отырды да, қайта сөйледі:
- Орайы келгенде, айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін
көремін. Соны тыңда! - деді.
Абай:
- Айтыңыз, әке! - деп, Құнанбайдың жүзіне тура қарады да, тосып қалды.
- Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барынды
арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды
шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен
қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жок. Ішіңде жатқан
сыр ұшығы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйрілмейді.
Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат
санайтынын ескермейсің! - деді.
Бұл сөздердің түкпірін Абай оңай таныды. Жас жігіттің өз жүрегіндегі
нәрім мен барым деп жүргендеріне шабуыл жасалып отыр. Әкеге ермей, өз
өмірін өзгеше беттетем дегендегі көп сырлары осы арада болатын. Баласының
басындағы басқалықты Құнанбай да танып, тауып айтты. Бірақ Абай ендігі өз
ішін дүниенің қай күшіне болса да көндірмек емес. Намыскер жүректің ызалы
толқыны білінді. Жаңа үйде отырған шақта, пайда болған шабыт, қызу қайта
келген еді. Бұл тұста әкесін аяп қала алмайды. Сөйлеп кетті:
- Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп
айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға
ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа
түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын
тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір
заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «айт» десе өргізіп,
«шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас
лақтырып «шөк» десең, аңырып барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы
көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел
280
жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны
көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек,
жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады. Жан ашыры бар, жақсылық
пайдасы бар ғана кісі бағады... Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім
үшін де дүниенің ең асылы білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен
ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма?..
Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас... - деді.
Құнанбай тыңдап болды да күрсініп қойды. Шарасыздық ажары білінді.
Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен еді. Абай қоштасты да, жүріп кетті.
Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалды Құнанбай қиналған күйде.
Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі өмір мегдеп барады.
«Әлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің» деп тықсырып кеп, шетке қағып барады.
Өз баласының аузынан естіген үн, сол бір - «дәуренің өтті» деген суық
сарынның қатаң лебі еді.
Абайдың Ақшоқыға соға кететін жұмысы бар-ды. Ордадан шығып, солай
қисая жүрді. Жол жоқ. Бірақ қар жұқа болатын. Ербол екеуі саржеліп отырып,
Есембайды бауырлап кеп, Тақырбұлақ тұсындағы жолға түсті.
Бір шақта, қаладағы оқудан қайтып келе жатып, ауылды аңсап, асығып
шапқан көк жазығы осы еді. Қазірде аппақ суық қар басқан. Алыстағы жоталар
мен айналадағы өлкелер де панасыз, жүдеу. Айықпас ауыр мұңға батқан. Бұл
күнде Абай көңіліне панасыз, кемтар көрінетін бар сахрасының, бар халкының
күйі де осы реңдес. Бір кезде нанғыш, таза бала жүрегі, барлық рахат, бақыт
осы қырда, ауылда деп алас ұрған болса, қазір Абай қайта жортып келеді. Енді,
бірақ сондағыдай үміт, бақыт тілегін қаладан іздеп, соны аңсап келеді.
Бұл уақытта Абайдың жасы 24-ке шыққан-ды. Көз алдынан өзі шегіп өткен
жылдардың бірталай күйлері шұбатылып өте берді. Байқап қараса, өмірдің
бірталай қат-қабатынан, шытырманынан, бел-белесінен өтіпті. Бір шақта ерге
басып, енді міне қияға қарай да өрлеп келе жатқан тәрізді. Осындай өз
тірлігінің бұраң жолын көрді.
Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң кұздын басындағы тақыр кұм
мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай
бір өмір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын
тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да
қатер болудан қалған еді.
Достарыңызбен бөлісу: |