МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет8/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21


 
Осы  сөз  болған  күннің  кешінде  Абай  Қарқаралы  қаласын  жапа-жалғыз 
аралап  кетті.  Кейде  бір  іші  пысып,  жүдеу  тартса,  немесе  бір  нәрсеге  риза  боп, 
көңілі  өрбісе,  осылайша  жалғыз  кетіп  қалушы  еді...  Күн  кешкіргенмен  әлі 
батқан  жоқ  екен.  Қала  желкесіндегі  әсем  таудың  карағайлы  жотасында  қызыл 
арай сәуле бар. Тау басында жел тұрды білем. Тоғайсыз ашық жондар да сырғақ 
көрінеді. Жаяу борасындап, ұйтқи түсіп қызғылт құйын ұшқындайды. 
Қала  ішінде  желсіз  шыңылтыр  аяз  білінеді.  Жайсыз  суық  емес.  Бойды 
ширықтырып,  жинақы  ұстататын  жеңіл  мезгіл.  Таудың  қалаға  қараған  бетін 
кеш  көлеңкесі  басқан.  Жақын  жердегі  жақпар  тастардың  өзі  де  қазір  көкшіл 
көлеңке ішінде көгілдірленіп, алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады... 

 
83 
Абай  өз  пәтерлерінен  екі-үш  көше  ұзап  кетіп  еді...  Бір  уақытта  пұшпақ 
айналып,  даурыға  сөйлеп  келе  жатқан  жаяу  топты  көрді...  Көп  адам  болса  да, 
ішінен  Абайға  таныс  кісі  білінбеді.  Күлісіп,  дабырласып  сөйлеп  келе  жатқан 
ылғи  жұпыны  киімді  жатақтар...  Жаяу  жүрістерінен  де  қаладағы  қаракет 
адамдары екені танылып тұр. 
Бүгін  Абай  көңілі  дүниенің  бар  көрінісінен  бітім,  жарастық  іздеген  бір 
мейрімділік халінде. Жас, кәрісі аралас тегіс құрдастай күлісіп келе жатқан топ 
Абайға қызықты, жарастықты көрінді. 
Себепсіз  жымия  күліп,  осы  топты  Абай  көше  ортасында  аңырып,  тосып 
қалды.  Бірақ  топ  ішінен  мұны  байқап,  елеген  бір  жан  да  жоқ.  Аяқтары  шыны 
қарды  шақыр-шұқыр  басып  жақындап  қалды.  Абай  енді  байқады.  Бар  топтың 
ентелеп қамағаны - үлкен ақ сақалды, келісті қарт екен... Өзі де күліп, топты да 
күлдіріп келе жатқан сол. 
Бір  тосын,  ғажап  нәрсе:  шалды  екі  жағынан  қолтықтасып  келеді.  Шал  өзі 
басын  тік  ұстап  ілгері  басып  келе  жатқаны  болмаса,  ешқандай  бет  бұрмайды. 
Сөйлегенде де ешкімге қарамай, тура бет алдына қарай сөйлеп келеді... 
Абай  мынадай  өзгеше  шалды  бірталай  аңырып,  хайран  қап  тұрып  зорға 
аңғарды. Қарт соқыр екен... 
Топтың  мұны  байқамағаны  тіпті  жақсы  болды...  Қасынан  өте  бергенде 
Абай  да  қосылып,  ере  жүрді.  Осы  көше  бойында  жалғыз  Абай  емес,  қақпа 
алдында отырған, қарсы келе жатқан кісінің бәрі де шал тобына қызығып, ілесе 
келеді... 
Кейінірек келе жатқан бір бурыл сақалдыдан Абай:  
- Бұл кісі кім, аға?.. - деп еді. Анау таңданып: 
- Е, білмеушімең Шежікеңді?.. О не дегенің?.. Бұл - Шөже ақын емес пе? - 
деді. 
Шөженің  атына  Абай  қанық,  бірақ  көргені  осы.  Атын  ести  сала  ол  бурыл 
сақалдан  сытыла  жөнеліп  топтың  алдыңғы  қатарына  ілесіп,  Шөжені  жақсылап 
қарап, сөзін тыңдай бастады. 
- Шөжіке,  бізге  жүр!..  Біздің  үйге  келдік  міне,  айтып  тұрған  мына  мен 
Бекбергенмін, - деді бір қырма сақал жаяу... 
- Жо, бізге барады... 
- Уа, қойыңдар, мен өзім алыстан ертіп келемін!.. 
- Ой,  не  дейсіңдер?  Шөжікеңнің  түскен  үйі  біздікі!..  Аты  біздікінде  тұр!  - 
деп, тағы біреу үн берді. 
Осындай  керіс  үстінде  топ  тегіс  иіріліп  тоқырап  қалды.  Әрлі-берлі  өткен 
жүргіншілер  тағы  кеп  қосылып  жатыр.  Жаңағы  даурықтардың  бәрін  естіп, 
тоқыраған Шөженің өзі. Ол қатты, ашық дауыспен қарқылдап сүйсіне күліп: 
-  Уай, жарандар, мен бір ақыл айтайын ба?.. – деді. 
Жұрт тегіс қадірлі қарттың аузынан шыққан лебізін күтіп: 
- Айт, айт... Шөжіке!.. Уа, төресін өзің айт! 
- Уа, қайда қонасың, өзің таңда! - десіп, аңталай бастады. 
Шөженің даусы бұл дабырдың бәрін басқандай, зор екен. 
- Уау,  осы  жегізбегің  -  асың,  жаймағың  -  тәсегің  ғой...  Дән  ырзамын, 
ағайын...  Бірақ  ырзамын  деп  қана  қоймаймын,  осы  жаңағы  «маған-маған»  деп 
даурыққаныңның  бәріне  де  барам...  Бәріңнің  де  асыңды  ішем...  Шөженің 

 
84 
көмейіне  тас  тығылып  қала  қоймас  енді  бұл  бес-он  күнде...  Сол  сарайым  сау 
болса,  жаңағы  үн  бергеніңді  тегіс  мұрныңнан  тізіп  тұрып,  бір  күн  түстік,  бір 
күн  қонақасы  жеймін...  Ал,  қазір  болса,  күн  ызғырық  тартты.  Кешкірді  білем. 
Менің  кәрі  сіңірімді  соза  бермей,  осы  ең  жақын  қақпаның  біріне  бұрамысың, 
әкелер?.. - деді. Бастан бергі сөзінің барлығын күле тыңдап тұрған жұрт еріксіз 
тоқырады... Ең жақын үй осы қақпасының алдында жиын тұрған үй еді. 
Қора  иесі  қалбалақтап,  ішке  қарай  жүгіріп  кетті.  Жиын  тарқай  алмай, 
Шөжені қимай тұр. 
Қонақасы  жайынан  тоқтам  тапқан  ел,  енді  Шөженің  бірер  ауыз  сөзін 
естімей кете алатын емес. 
Шөженің қасында тұрған бір қартаң кісі ақынға қозғау салғысы келді білем: 
- Уа,  Шөжіке,  дуанға  жаңа  келдің  ғой,  мұндағы  дақбыртты  естіп 
жатырмысың? - деп еді, Шөже: 
- Е, е, айт! Не дейді? Не деп жатыр дуаның? - деді.  
Жаңағы  қартаң  кісі  қала  жаңалығынан  хабардар  екен.  «Құнанбай  салған 
мешіт  бітті.  Алшынбай,  Құнанбай  соны  той  етпек  және  аға  сұлтан  Құнанбай 
ағайынымен  бітісетін  бопты.  Ұлықпен  Алшынбайлар  табыстыратын  бопты!  - 
деді. 
Абай  мына  сөзге  аса  қайран  болды.  Өз  әкесінің  атын  дәл  мына  жерден 
естимін  деген  жоқ  еді.  «Мешіт  бір  сәрі,  тіпті  оның  араз-құразы  да  иен  жұртқа 
мәлім екен-ау!» - деп таңданды. 
- Е-е, араздасам деп, ұлықтығынан айрылып қалмасын дейді ғой. 
- Құнанбайдың қамқоры Алшынбай бопты ғой. 
- Әрине, бәр-бәрін жалғастырып, септестіріп жүрген сол Алшынбайлар... 
- Тобықтыға абырой әперіп, ұлық қып, үске шығарып қойған да сол өздері. 
- Енді  міне  Тобықтының  жемпаздары  қасаптың  да  семізін,  лапкенің  де 
кызарғанын құртып барады. Осы маңдағы қос атаулының да қысыр тайы мен ту 
биелерін түгел жемей кететін емес... - деседі. 
Шөже  осы  жайларды  күле  тыңдап  тұрып,  бір  кезде  оп-оңай  өлеңдете  қоя 
берді. Ашық даусы саңқылдап: 
 
Болыпты бір ақсақ таз және соқыр 
Кұранды мысық сопы молдаң оқыр. 
Болғанда ақсақ дария, соқыр қарға 
Ортасын дарияның қарға шоқыр, - 
 
деді.  Жұрт  тегіс  ду  етіп  күліп  жіберді...  Шапшаңдығына,  айтқыштығына 
қайран боп, таңдай қаққандар да бар. 
- Ақсақ тазы - Алшынбай... 
- Соқыры - Құнанбай. 
- Не  қыл  дейсің?  Ал,  қайтпас  кәрің  жалғыз  ауыз  өлеңмен  жайратты  да 
салды!  -  деп  жұрт  жапырлап  сөйлеп  жатыр...  Абай  бұл  сөздерден  қатты  ұялып 
қысылды да, шеттей берді. 
Осы кезде үй иесі шығып Шөжені ерте беріп еді.. Жиын тарамастан бұрын 
Абай жалғыз бөлініп, өз үйлеріне қарай асыға жөнелді. 

 
85 
Төмен  қарап  келе  жатқан  Абайдың  құлағынан  жаңағы  бір  ауыз  өлең  әлі 
айыққан жоқ. Бар сөзі есінде... Ішінен қайта-қайта айтады. Жаттап апты. 
Мынау  жалғыз  ауыз  өлең  бағана,  күні  бойы  күмбездей  боп  үлкен  көрініп 
отырған  екі  рудың  екі  шоқысын  бір-ақ  соғып  жермен-жексен  етті.  Тайпитып 
кеткен сияқты көрінді. 
«Алшеке,  Алшеке»  дегендері  -  «ақсақ  таз»  аталды.  Алшынбай  сылти 
басады,  ақсақ  екені  рас.  Ал,  «аға  сұлтан»,  «мырза»  атанған  өз  әкесі  -  «қарға!» 
Қандай қарға? Қарқаралының ен байлық, ел дариясының жалғыз еркесі. Жақсы-
жәйлісін жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!.. 
Әлемде  сөзден  күшті  не  бар  екен?  «Сөз  өңменіңнен  өтеді  ғой»  деген 
Қаратайдың тағы бір тапқыр сөзі есіне түсті. 
Осындай  өз  ойымен  өзі  боп,  ішінен  аса қатты  теңселткен  бір  күшті  сезген 
Абай көшені де, көшедегі жүргіншіні де аңғармай, көрмей келе жатыр. 
Бір пұшпаққа жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы 
шыққан үш аттыға көзі түсті. 
Аңырып  тұра  қалды  да,  тез  таныды.  Келе  жатқан  Бөжей,  Байсал,  Байдалы 
екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты – Бөжей. Ақсұр жүзі жабыңқы. 
Қоңырқай мұрты менен сақалына кешті аяз қылау салыпты. 
Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар 
кісідей көлденеңдеп кеп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрді 
ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап еді, жақындап, тұстас келді. 
Сол  уақытта  Абай  үлкен  ықылас  білдіріп,  айрықша  бір  тағзыммен  төсін 
басып, қатты дауыстап: 
- Ассалаумағалайкүм!..  -  деп  сәлем  берді.  Медреседе  жүргенде:  «Көшеде 
қазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер үйретуші еді. 
Абай  көптен  бері-ешкімге  бүйтіп  сәлем  беріп  көрген  жоқ.  Қарқаралыға 
келгелі  Бөжейдің  көрінгені  осы.  Шешесінің  жүрердегі  сөзі  есіне  түсті  ме, 
болмаса  қазіргі  көңіл  күйіне  сай  келді  ме?..  Қалайша  бүйтіп  әдеп  шығарғанын 
Абайдың өзі де байқамай қалған-ды. 
Өзге  қазақтан  бөлек,  мына  сияқты,  бір  алуан  сыпайылыққа  Бөжей  оң 
назарын салды білем... атының басын тежей беріп: 
- Уағалайкүммәссәләм, балам!.. - деп тоқырай қалды. 
Байсал Абайды жаңа таныған еді. Жақтырмай, мұрнын тыржитып: 
- Өй, мынау екен ғой, жә жүрші! - деп, атын қозғай беріп еді, Бөжей: 
- Тоқташы! - деді. 
-  Ей,  сол  антұрғанның  баласының  сәлемін  алушы  ма  ем?..  -  деп,  Байсал 
Абайға қабағын түйе қарады. 
Абайдың екі беті ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. 
Кәнәлап,  ренжіген  жазықсыз  баланың  отты  көздері  жарқ  етіп,  Байсалға  қадала 
қарады. 
Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып: 
- Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ 
өздігіңмен істедің бе? - деді. 
- Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!.. 
Абай  болса,  күндізгі  өзін  көңілдендірген  күйін  ұмытпаған  болатын. 
Қарқаралының кейбір көше қазағы естіген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлі 

 
86 
естіген  жоқ-ты.  Жаңа,  кешке  жақын  ғана  Алшынбай  бұл  үшеуіне  кісі  жіберіп, 
өз  пәтеріне  асқа  шақырған  екен.  Не  сөз  барын  білмесе  де  соған  аттанып  бара 
жатқан беті осы еді. 
Абай жауабын естіген соң Бөжей ықыласпен қаран түсіп, жақындады да: 
- Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар 
көрдім ғой, шырағым!... - деді. 
Байсал  бұл  сөзді  де  жақтырмай  сырт  қарай  беріп  еді,  Бөжей  оның 
қозғалысын танып: 
- Ей, Байсал, сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой, - 
деді де, Абайға бұрылып: 
- Ендігінің  жүгі  сенде  қалар,  балам!  Жолың  болсын!..  Жалғыз-ақ  өзгені 
берсе  де  әкеңнің  қаттылығын  бермесін!  -  деп,  бетін  сипады.  Абай  да  Бөжейге 
қадала қарап тұрған қалпында бата қылып, бетін сипап еді. 
Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге 
қарап: 
- Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің... - деді. 
Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды. 
Шын ба?  Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі 
балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай 
жақсы  бата  берді!  Ойда  жоқтан,  оп-оңайдан,  осындай  таудай  үлкен  сый  бола 
ма?..  Мырзалық  па?  Жоқ  әлде  Абайды аз  білсе  де,  тез  танығаны  ма?  Үлкендер 
көрген,  танығыш,  сыншы  ғой!  Шынымен-ақ  танып  айтқаны  ма?..  Олай  болса, 
Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!.. 
Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзімшілігі қатты ырза болды. Абайдың 
іші  ала  қызыл,  біртүрлі  қуана  серпіліп,  тез-тез  құлаш  сермегісі  келгендей. 
Әлдекандай өріс іздегендей. 
Енді асыға жүріп келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады. 
Екі көше адасып, пәтерінен асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді. 
Ауылда  жүргенде  қысы-жазы  дөң  басында  ететін  кеш,  қазір  тағы  да  бір 
өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді... 
Өзі салмаса да, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына еткен жазда көп 
еріп  еді.  Сонда  ымырт  жабыла  бергенде,  апақ-сапақта,  кеш  қараңғылығы 
қоюланған  сайын,  көк  қаршыға,  өрттей  қаршыға,  секунд  санап  жалындай 
шалқып, жайнай беруші еді... Абай өз ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл 
сол  шабыттағы  беті  қайтпас  қаршығадай  сезді.  Бүгін  біртүрлі  сергектік, 
сезімділік бар. 
Өзге  күндерден  дәл  бүгінгі  күннің  уақиғалары  әлде-қайда  бөлек.  Күндізгі 
әкелер,  әлгі  Шөже,  жаңағы  Бөжейлер...  Бір  Қарқаралы  қаласының  алақандай 
аясының  ішінде  болғанмен,  осы  адамдар  арасы  соншалық  кереқар.  Тіпті 
дүниенің  төрт  бұрышындай  алшақ  жатыр.  Бір  жерде  күш,  бір  жерде  өнер,  бір 
жерде  мінез...  Аралары  және  бітімсіз  боп,  әр  салада  жатқаны  несі!..  Бәрі  бір 
орынға жиылып, ынтымақпен бір арадан табылса не етер еді?.. 
Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де... және тіпті өз ойы сияқты көрінді. 
Анығында: «ақыл, қайрат...», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, 
таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл 
әңгімесі бар-ды. 

 
87 
Қазірде Абай соны өмірден тапқанына да дән ырза... Өз ақылымен тапты... 
Тапты  да:  «Осының  бәрі  бір  жерде,  бір  кеудеде,  бір  адамның  ішінде  болмаққа 
лазым...» деп, өзгеше бір сенімді байлау жасады. 
Осы оймен қатар, өзін осы Қарқаралыға келгелі қатты өсіп, ұлғайып қалған 
кісі  сияқты  көрді.  Талай  жанды  көріп,  талай  сөздерді  ұқты...  Тіпті  Шөже 
ақынды да өз құлағымен есітті. 
Талай ру, талай жерлерді де білді. 
Тыстан  аса  көңілді  әсер  алған  Абай  ымырт  әбден  жабылғанда 
Майбасардың пәтеріне кеп кіріп еді. Ауыз үйде, етігінің өкшесіне қатқан қарды 
Абай  бүгін  өзге  күндерден  қаттырак,  ширак  текпілеп  түсірді  де,  табанын 
жылдам-жылдам  сүйкеп,  сүйрете  сүртіп,  төргі  үйге  кіріп  келді.  Екі  беті  кешкі 
аяздан  қып-қызыл.  Үлкен  көзінің  ақ-қарасы  ап-айқын  боп,  жалт-жалт  етіп, 
ширақ бір оттылықпен қарайды... 
Үйде  Майбасар,  Жақып  бастаған  туған-туыскандар  көп  екен.  Бағана 
тайдың  етін  жей  алмай  кеткен  жиын,  енді  шындап  ниет  қып,  қайта  тегіс 
жиылған  тәрізді.  Үлкен  сары  самауырды  жаңа  ортаға  алысыпты...  Шайды 
«сорап-сорап» тартысып жатыр... Майбасар Абайдың түсіне сүйсіне қарап: 
-  АбайжанІ  Тоңған  жоқпысың,  қайда  жүрдің!  Кел,  шешін,  шай  ішіп 
жылыншы!  -  деп,  қағыла  беріп,  өз  қасынан  орын  босатты...  Абай  асықпай 
шешініп болып, шайға кеп отырды. 
Жақып шайды сілтей түсіп: 
- Бол,  бол!  Шайды  тез-тез  ішіп,  әзір  отырыңдар,  жігіттер!  -  деп,  барлық 
жиынды асықтырып отыр екен. 
- Рас,  рас...  Қаратай,  Ызғұттыдан  хабар  келісімен,  жөнелу  керек...  -  деді 
Майбасар да. 
-Е, ас әзір, үй әзір... «Жасиғ» намазынан соң келеді, - деді ғой қонақтарды... 
- Ол намазды жаңа мешіт ішінде ұзақ оқитын да шығар... 
- Е-е,  енді  Хасен  молла,  жаңа  имам  болғаны  осы.  Бұл  намазды  тез  бітіре 
қоймас... 
- Бәсе,  «Ясин»  мен  «Тәбәрәктің»  бәрін  оқымай  не  бопты?  Өзін  мақамдап 
оқымай  тоқырамас!  -  десіп,  күле  түсіп  Төлепберді,  Бурахан,  Жұмағұл  сияқты 
жас жігіттер шайдан оп-оңай шыға қойғысы келмей отыр... 
- Өй, не айтасыңдар, тәйір!.. Тез болыңдар! Өздерің жаңа мешіттегі намазға 
бармаймысың әуелі?.. Майбасар, бармаушы ма ең намазға? - деп, Жақып қайта 
дегбірсізденді. 
Майбасар  дәл  намаз  үшін  онша  асыға  қоятын  тәрізденбеді.  Мойнын  бұра 
беріп күліп, Абайға қарап: 
- Е,  жаңағы  қалың  жиынның  ішінен  мешіт  ішінде  орын  тиеді  деймісің, 
тәйір! Төріне кетсең конақ шыққанша үйге жете алмай қаласың... Онда Ызғұтты: 
«Қонақтан бұрын келмейсің» деп, бауыздалып өлсін... - деді. 
- Е, шығар ауызға, жақын жерден-ақ сапқа кірсең болмай ма... Бармасақ ұят 
қой! Тіпті, мырза білсе, ұрсып жүрер!.. - деп Жақып күдік айтып еді: 
- Мырзаңа  «бардық,  оқыдық»  деп  өтірік  айта  саламыз...  -  деп  жұртты  ду 
күлдіріп,  Майбасар,  -  жарықтық  мешіт  жақсы  болғанмен,  босағасында  қайдан 
отырам...  Намаз  оқимын  деп,  өңшең  киіз  төбе  Бошан  Қарашордың  саптамасын 

 
88 
күзетем  бе?..  Соның  жалпақ  табаны  басқан  жерге  бас  қоям  ба?..  -  деп  намаз 
жайын біржолата қылжаққа сала бастады. 
Абай  Майбасардың  үп-үлкен  басымен  балаша  қылжақтап  отырғанына 
қызығып күле бастады. 
Дәл  мешіт  ашылғалы  тұрған  жерде  және  Қарқаралы  елінің  бар 
шонжарлары  сонда  жиылып,  алғаш  намаз  оқып,  Құнанбайға  алғыс  айтатын 
сағатта  Майбасардың  былайша  қылжақ  еткенін  Жақып  жақтырған  жоқ  еді. 
Ішінен:  «Дағдылы, бейпіл ауыз, мінезсіздігі» деп ойлады да,  өзге көпке бүгінгі 
кештің ерекше кеш екенін ескертпек болды. 
- Бұл  мешіт,  біле  білсеңдер,  біздің  мырзаға  да,  онан  соң,  осы  отырған 
бәріңе де зор абырой әперетін мешіт қой, жарықтық! - деді. 
Майбасар бұл тұста қайтадан нығызсып, дардия түсіп: 
- Е-е,  соны  айтсаңшы!..  Дұшпан  атаулының  аузына  құм  құймай  ма  бұл 
мешіт?  Бәлем,  Бөжей  де  осыны  сезген  болар.  Татулықты  іздеген  тәрізді  ғой!  - 
деді. 
Татулықты  кім  іздегені  бұларға  мәлімсіз  еді.  Бірақ  Құнанбай  айналасы: 
«Бөжей  ығыпты!  Бөжей  әлі  жетпесін  біліп,  татулық  сұрапты!»  дегенді  енді 
осылайша  бастамай  отырмайды.  Ондайды  алдымен  айтатын,  әрине,  осы 
Майбасарлар. 
- Байғұс  Алшекең  де  дос-ақ  қой!  Біздің  мырзаның  анық  тілеуі,  адал 
жақыны  сол  бақыр  ғой...  -  деп,  Жақып  Алшынбайдың  күндізгі  мінезін  еске 
алып  еді.  «Қызғанады...  Абыройыңды  төре-қараның  бар  жел-аузы  қызғанады, 
тіпті  ұлық  та  қызғанады.  Алдымен  әлгі  Майыр  қызғанады!»  деді  ғой...  Дұп-
дұрыс қой, мешіт салып, абырой асып, елді алып, Еділді алып бара жатқан соң, 
өзімен иығы асып ырық бермей кетеді, - дейді ғой Майыр. 
- Майыр, піскен бас, қызғанудан бұрын әуелі  Бөжей, Байсалдан параны да 
соқты  ғой!..  Сол  ғой  оның  өктеп  отырғаны,  құлкынын  танымаймысың?..  -  деп, 
Майбасар  өзінің  күндізден  байлаған  шешуін  айта  кеп,  -  ал,  енді  Бөжеймен 
татуласу  да  осы  бүгін  кешке  болады.  Осы  намаз,  осы  астың  үстіне  олар  да 
келеді, оны есіттің бе? - деді. 
Дәл бұл арасын Жақып та, өзге бұнда отырған жігіттер де естіген жоқ еді. 
Абай  да  білмейтін.  Бәрі  де  аз  аңтарылып  қалып,  іштерінен  Бөжейдің  бүгінгі 
татуласа келетін пішінін көргісі келді. 
Майбасар осы жайдың бәріне тоқмейілдене түсіп: 
- Бар  жақсылықтың  басында  әйтеуір  бір  Алшекең...  Берген  мал  адал,  адал 
ғой Алшынбай аулына! - деді де, қасында отырған Абайға иіліңкіреп, төне түсіп: 
- Ұқтың  ба?  Бәлем,  осы  жолы  бармай  құтылшы  қайныңа!  -  деп,  Абайды 
тағы  қолға  ала  бастады.  Бірақ  Абай  дәл  осы  жолы  бұрынғыдай  жасыған  жоқ. 
Әншейін  бұндай  топ  ішінде  Майбасардың  осы  қалжыңынан  терлеп-тепшіп 
қысылатын  болса,  бүгінгі  кеште  олай  емес.  Үйдің  іші  Абайға  қарап  ақырын 
күлісе бастады. Майбасар Жақыпка қарап көз қысып отыр еді... 
- Майеке, тағы бастадың ба, бармаймын тіпті!.. - деп, үлкендерге бұрылды 
да, күліп қойды. 
- Өй,  жаман!..  Жаман  бола  ма  деймін  осы  шіркін!  «Өлі-тірісін  берген  соң, 
өлі  күйеу  жата  ма?»  деп,  өзің  қалайсын?  Иегі  ителгінің  тамағындай  боп 
үлпілдеп  келін  отыр  анада  «Келмей  кетсінші  бәлем!»  деп,  ол  сені  сынап  отыр 

 
89 
осы жолы. Өзің сүйекке намыс болатын жайды ойламасаң керек мүлдем! - деп, 
Майбасар Абайды шындап айналдыра бастады. 
Абай  әлгі  де  қысылмай,  күле  қарап  Майбасарды  мысқыл  еткендей  мырс 
етті  де,  арт  жағында  тұрған  домбыраны  алып,  даңғылдатып  тарта  бастады. 
Жауап қатқан жоқ. 
Майбасар жауап ала алмай аз отырып, қайтадан қадалып: 
-  Ал,  айтсаңшы!..  Қасыңа  жолдас  қып  мына  отырған  барлық  атпал 
жігіттерді ертем. Тек емеуірініңді білдірші! – деді. 
-  Майеке, қойыңыз дейім!.. 
- Уа, тіпті қоймаймын!.. Білдің бе?.. 
- Япыр-ау,  осы  сізге  түсер  олжа  бар  ма?  Тым  құрыса,  жеңге  болсаңыз  бір 
сәрі еді!.. 
- Жеңге болмасам жеңгеден артық айызым қансын!.. Абай күліп жіберді де, 
бір ерекше ойнақы тентектік тауып: 
- Осы бір емес, екі емес... шын қоймайсыз ба? - деп, домбырасын тоқтатып, 
алдына  көлденең  салып  Майбасарға  қадала  қарады.  Күлімсіреп  қараған  үлкен 
көздерінде аса бір қызулы жалын көрінгендей еді. 
- Ал, қоймадым!.. - деп Майбасар, «қайтер екен» дегендей ежірейе қарады. 
Абай өзі көрген  Шөженің қалпына салып, күлімсіреген көзін сығырайтып, 
басын жоғары көтере беріп соқтырта жөнелді: 
 
Уа, қой десе бір қоймайсың, 
Аз болды ма, Майеке, 
Осында көрген қызығың? 
Кертіп жеп-ақ жүрсің ғой, 
Қарқаралы халқының 
Жал-жаясын, шұжығын, 
Алған, жеген аздай-ақ 
Тағы бірді тауыпсың. 
Уә, Алшынбайдың қызы кім? 
Адақтамақ сертің бе, 
Осы өңірдің елінің 
Жүйрігі мен жортағын? 
Айтпай-ақ қойсаң нетуші еді, 
Сонда да бар ма ед ортағың? 
Гүж-гүждеп бір қоймайсың 
Бұқасы ма ең қашырар 
Сол ауылдың торпағын? 
Біле білсең осы сый 
Жетер еді, қайнаға, 
Орайы болмас қолқаның... – 
 
деп сақылдап күліп, Абай Майбасарға қарай жантая кетті. 
Үйдің  іші әрі қайран боп, әрі сүйсініп, қарқылдай күле жөнелді. Майбасар 
қысылғаннан,  үнсіз  ғана  лекітіп  күле  беріп,  Абай  бітірген  уақытта,  басын 
шайқап, дымы құрып, боқтап жіберді де: 

 
90 
- Қап! Қап! Мына жаманның қылығын-ай!.. Енді қайттім, бәтір-ау?! - деді. 
Абай күліп, мысқылдап: 
- Бол,  айтатын  болсаң  өлеңмен  айт,  Майеке,  әйтпесе  тыңдамаймын!  -  деп, 
басын шайқады. 
-  Ал,  бәлем,  соңынан  қалмайсың!..  Алар  сыбағаңды  алдың  ба?..  Шоқ!.. 
Шоқ!.. енді, -деп, Жақып қып-қызыл боп, шексілесі қатқанша күлді. 
- Қап,  мына  Шаншардың  жиені!..  Ұлжан  жеңешем-ау,  сені  бүйткізіп 
отырған... Бәлем, ауылға барған соң сыбағаңды берермін шешеңе айтып!.. - деді 
Майбасар. 
Төлепберді, Бурахандар да мына сөздің төркінін ұғып: 
- Бәсе, нағыз Тонтай! 
- Тонтайдың жиені ғой!.. 
- Сайқымазақ Шаншардың шанышпасы ғой мынау! - деседі. 
- Уә,  бұл  өлеңді  бір  жерден  қойнына  салып  әкелді  ме  деймін?!  Өлең 
айтушы ма еді бұл жаман?.. - деп, Майбасар әлі қайран боп отыр. 
Шынында  Абайдың  өлең  жазып,  өлең  айтатынын  бұл  үлкендердің  көрген, 
сезгені  осы  ғана.  Абай  өзінің  қалжыңынан  мұндай  үлкен  әсер  болады  деп 
ойлаған жоқ еді. Енді қайтадан өз-өзінен қысылыңқырай бастап: 
- Өз  өлеңім  емес,  -  деді  мынау  үлкендердің  шамасын  біраз  қылжақ 
еткендей боп, - бағана кешке Шөжені көріп ем, соның өлеңі, - деді. 
Үйдегілер  нанар-нанбас  боп  жапырлап  сұрастыра  бастағанда  Абай  бір 
қалыпты күлімсіреген жүзбен сыр білдірмей отырып: 
- Осында  бір  Майбасар  деген  ағам бар. Күнде  сүйтіп  маза  бермейді,  соған 
бір жауап үйретші деп ем, сол кісі үйретті, - деді. 
Шөженің  бағанағы  мысқылшыл,  ойнақы,  ащы  күлкісі  Абайдың  қазір  көз 
алдында.  Жаңағыдай  Майбасарды  жайратып  салғанына  Абай  өзі  де  ішінен 
қатты ырза болатын. 
«Шөжеге  ұқсадым-ау!..  Шындап  ұқсай  алар  ма  екем?!»  -  деп  ішінен 
қызғана құмартқан жай бар-ды. Үй іші мұның «Шөже» деген сөзіне шала нанып, 
жаңағы оқыс мінезіне әлі тамашалап отырғанда, сыртқы есік ашылып, жылдам 
басып  Қарабас  келді...  Дырду  тез  басылды.  Қарабас  үйге  басын  сұға  бере, 
табалдырықтан аттамай, даурығып: 
- Болыңдар!  Намаз  бітті!  Қонақтар  мырзаның  пәтеріне  беттегелі  жатыр... 
Қаратай мен Ызғұтты жетсін!  - деді.  Ал, тегіс, шапшаң! - дегенде, үйдегі жұрт 
дүрк тұрып, асығып киіне бастады. 
Абай  неғыларын  білмеді.  Үйткені  Жақып  бұған:  «Сен  қонақ  күтіп  табақ 
тасуға жарамайсың, ал әкең қасында үлкен кісілермен тағы да отыра алмайсың... 
Орын тар болар. Одан да бүгін осында жатсаңшы!» - деген. 
Абай  өзі  де  осыны  «тапқан  ақыл»  екен  деп  еді.  Бірақ  Майбасар  мен 
Қарабас: 
- Е-е, ең болмаса қонақтарды көріп, сәлем беріп қайт! 
- Мына шаһардың көп қонақты қалай сыйлайтынын көріп қайт!.. - дескен. 
Өзге жұрттан кейіндеп қалса да Абай жаңағы соңғы сөздерді біраз орынды 
көріп, ақырын аяңдап әкесінің үйіне келді. 
Жалғыз  келіп  еді.  Өзге  барлық  үлкендер  киіне  сала  асығып,  қалбақтап, 
жылдам басып кеткен екен. 

 
91 
Ұзақ намаздың артынан түнгі асқа қарай шабыттанып қозғалған жұрт Абай 
келгенше тегіс орналасып қалған тәрізді. 
Қора  ішінде  күтушілер,  аспазшылар  болмаса,  өзге  жүргіншілер  жоқ.  Бірақ 
қақпаның  іші-сырты  толған  ерттеулі  ат  екен.  Түнгі  аязбен  үстері  қылауланып, 
шаңытып тұр. Әдемі шана мен қамыт-саймандары сықырлай түсіп, жегулі дара 
аттар,  пар-пар  аттар  да  көрінеді.  Ылғи  жақсы  жеңіл  шаналар...  Бұл  қала 
байларының аттары болу керек. Сеңсең тондарына оранып, шана ішінде қалғып 
отырған бірен-саран көшірлер де байқалады. 
Үлкен  ағаш  үйдің  қораға  шығатын  кең  есігіне  қарсы  кішілеу  асүй  бар  еді. 
Соның  есігі  дамыл  таппай  ашылып-жабылып  жатыр  екен.  Табақ-табақ  ыстық 
асты жаңағы Майбасар пәтеріндегі жігіттер жүгіре басып тасып жүр. Асүй мен 
қонақүйдің  арасында  Майбасар,  Жақып  та  қарбаласады.  Үй  ішінен,  қонақ 
қасынан бұларға да орын тимеген екен. 
Барлық ас жақты басқарып жүрген Ызғұтты. 
Ол: 
- Былай...  Бас  аяғыңды!..  Әпкел!  Бол...  Бол  шапшаң!  -  деп,  Майбасар, 
Жақыптарға  да  шолақ-шолақ  бұйрықтар  береді.  Жеңіл  мешпет  ішік  киіп, 
білегін сыбаныңқырап алған Ызғұтты аңшыдай шапшаң, ықшам. Құнанбайдың 
бүгінгі қонағынан аяған жаны жоқ сияқты. 
Абай  үлкен  үйге  кіретін  есікке  тақай  бергенде,  қарсы  алдынан  Қазақпай 
жүгіре  шықты.  Асүйге  қарай  ұшып  барады  екен.  Оған  жол  беріп,  енді  кіре 
берейін деп еді, арт жағынан: 
- Былай, былай тұр!.. - деген Ызғұттының қатты буйрығы естілді. 
Екі  қолдарына  екі-екі  үлкен  жасаулы  табақтан  алып,  Бурахан,  Төлепберді, 
Жұмағұл,  Қарабастар  келеді  екен.  Абай  тағы  тоқтап  жол  берді.  Дәл  қасынан 
буы  аспанға  шығып,  табақ-табақ  ет  өтіп  жатыр.  Ылғи  бір  түрілген  қазы, 
төңкерілген  жас  құйрық,  сары  алтындай  балқыған  жал,  желін  майлар...  Әрбір 
екі табақтын бірінде, әлгінің үстіне бір-бір қоңыр бас орнапты. Бұларды кіргізіп 
жіберіп, Абай енді үйге қарай қозғалайын деп еді, үй ішінен тағы бір нәрсемен 
қарбаласып, Қаратай шығып келеді екен. Ол Абайды, тіпті, қағып кете жаздады. 
- Өй, тұздықтарың... қайда?.. Жеке қоятындарың қайда?.. - деп келеді екен. 
- Бар!  Бар  тұздық!  Әне!  Міне  келеді!  -  деп,  Ызғұтты  Қаратайды  қайта 
қайырды. Абайды бұл екеуінің есік алдындағы қарбаласы тағы кіргізбеді. 
Бағанадан  бері  кірген-шыққанға  есік  ашушы  сияқты  боп  тұрғанына  Абай 
ыза  болып,  енді  Ызғұттыны  ығыстырыңқырап  үйге  кірді.  Бірақ  кіре-бере 
Ызғұттының  шынтағын  қағып  калып  еді.  Бұған  сырт  қарап  тұрған  Ызғұтты 
жаңағы  тұздықты  бөліп  құйып  тұр  екен.  Қозғалып  кетіп,  тұздығының  біразын 
жерге төгіп алып: 
- Өй, тәңір алғыр!.. Бұл кім өзі?.. - деп ашумен сырт айнала беріп, Абайды 
көрді де: 
- Өй,  Абай,  сенбісің?..  Ай,  шырағым-ай,  бір  тыныш  жерде  отырсаң  етті!.. 
Бұл қарбаласта не бар еді саған?.. - деді. 
Абайдың  мұнда  келгенін  жалғыз  Ызығұтты  емес,  өзгелер  де  онша  мақұл 
көрмеген сияқты. Бұны қорғайтын қабақ байқалмады. 

 
92 
Жалғыз-ақ  бір  тәуірі  бөтеннен  ешкім  жоқ  екен.  Бұл  үй  тегі  кісі  отыратын 
үй  де  емес,  дала  сияқты  еді.  Бөлменің  едені  мен  іргесі  толған,  жапырлап 
тізілген кебіс, калош, саптамалар екен. 
Осы кіреберіс бөлмеден төрге қарай және оң жақ, сол жаққа қарай бірнеше 
бөлме  бар  еді.  Дәл  оң  жақтағысы  Құнанбай  жататын  үлкен  бөлме...  Сол  үй 
жақтаң  зор  дауыспен  көңілдене  сөйлеп  отырған  Алшынбай,  Майыр  үндері 
келеді... Тұтаскан қатты күлкі де естіліп қояды. Кеңінен кесіліп, күлдіргі сөздер 
айтып отырған Алшынбай сияқты. Төрдегі бөлмелер екеу еді. Онда да жағалай 
тізіліп, малдас құрып, сығылыса отырған қонақтар екен. Бұндағы қонақтың көбі 
каланың татар саудагерлері, қазақ байлары және тап ортада жаңа мешіт имамы 
Хасен  молла  көрінді.  Бұл  бөлме  әлгідей  емес,  ақырын  сөйлеп,  аз  күледі.  Ылғи 
бір  бой  тежеп  сыпайылық  бағып  отырған  ауыр  кісілер  тәрізді.  Сол  жақтағы 
бөлмеде  Бошан,  Қарашор  руларының  жуан-жуан  атқамінерлері  мен  бірнеше 
төрелері  бар  екен.  Ол  бөлме  де  даурығып  сөйлегіш,  бірін-бірі  мысқылдағыш, 
күлегеш, қызу бөлменің бірі көрінді. 
Абай  қонақүйлердің  есік-есігінен  бір-бір  қарағаны  болмаса,  ешқайсысына 
кірген жоқ. 
Бір  есептен,  осы  аралық  бөлмеде  қалып,  жан-жағының  бәріндегі 
өзгешеліктерді  ести  тұрудың  өзі  жақсы.  Тек  ашуланшақ  Ызғұтты  тағы 
қақпайламаса болғаны. 
Бір бұрышта ұмыт қалғандай боп, жалғыз серейіп қалған орындық бар екен. 
Абай соған отырып, табақшылардың асығыс, қарбалас қимылдарына қарайды. 
Жеті-сегіз жігіт бағанадан бері әлі күнге шейін табақ тасудан дамыл алған 
жоқ. 
Үлкен-үлкен төрт бөлменің бұл сағаттағы мешкейлік қарекеті қалын топыр, 
қан  жайлаудағы  бәс  пен  астан  бір  кем  емес.  Бағанадан  бері  бірнеше  ту  бие, 
қысыр тай, төл емген жабағы, талай-талай ісек, ту қойлар жұтылған болар. 
...Бір  уақытта  табақшылардың  әбігері  қайтадан  қыза  жөнелді...  Бос 
табақтар  бөлме-бөлмеден  сумаң-сумаң  шығып,  тағы  да  асүйге  қарай  тайпия 
қалқып келе жатыр... Сол бос табақтардың ең соңғылары Құнанбай бөлмесінен 
шығып  бола  берген  кезде  асүй  жақтан  тағы-тағы  қайқайма  табақ  палау 
қаптады...  Оның  да  беті  булана  түсіп,  қызара  бөртіп:  «Мені  қайтіп  жемейсің, 
мені қайтіп тастайсың?» деп келе жатқан сияқты. Ауызүйде ешкім үн шығарып 
сөйлемейді. Құнанбай жігіттеріне Ызғұтты үйреткен тәртіп сол болу керек. Үш 
есіктің  тұсында  қазірде  Жақып,  Майбасар,  Ызғұтты  -  үшеуі  тұрып  ап  табак 
жақындай  бергенде,  қонақүйдің  есігіне  қарайды  да,  табақшыларды  үндемей 
нұсқап, рет-ретімен кіргізіп жібереді. 
Палау...  Палаудан  соң  үзім  суы,  одан  әрі  шай...  Әйтеуір  ел  жататын 
уақыттан  асып,  қалың  ұйқының  бір  мөлшеріне  барғанша  төрт  бөлме  дамыл 
алмай, болдым демей жеп, жұтып, ішіп жатты. 
Абай  есінеп,  түрегеліп,  енді  Майбасар  пәтеріне  қайтпақшы  еді.  Әлі  күнге 
мұнымен  бірауыз  тілге  келер  ағайын  жоқ.  Күтушілер  әлі  де  сол  алғашқы 
қарбаласта. 
Тиін ішігінің түймесін салып, енді сыртқы есікке қарай баса бергенде Абай 
Құнанбай бөлмесінен шырқай шыққан үн есітті. 

 
93 
Табақшының  біразы  да  бұған  елең  етті.  Абай  да  барып,  есікті  біраз 
ашыңқырап  қарап,  көз  салды...  Шоқша  бурыл  сақалы  бар,  жал  тұмсық,  сұр 
жүзді бір кісі екен. Домбырасын безілдете ойнақшытып, зор қайырманы басып 
ап,  содан  әрі  домбыраны  көлденең  салып  қойып,  тақпақтай  соғып,  желдірте 
жөнелді... 
- Бұл кім?.. 
- Бұл қайсысы?.. 
- Қай  ақын?..  -  дескен  үндер  өзге  бөлмелерден  де  және  табақшылар 
арасынан да естіліп еді... 
Құнанбай бөлмесінен ауызүйге қарай басын шығара беріп, Қаратай: 
- Балта, Балта ақын! - деді. 
Жанынан  шығарып,  сілтеп  отырған,  Алшынбай  қасында  жүретін  Балта 
ақын екен... 
 
Алған жарын жамандап, 
Асқанды қайдан табарсың? 
Ақ тоныңды жамандап 
Атылас қайдан табарсың? 
Өз басыңды зор етіп, 
Теңдес қайдан табарсың? 
Ағайынды жат біліп 
Жақынды қайдан табарсың? 
Араз болсаң еліңе 
Жамандық айтар хабаршың. 
Тату болсаң, ағайын, 
Сонау қатын-балаға 
Сүйінші айтар хабаршың, - 
 
деп тоқтады. Үй ішінен: 
- Пәлі, пәлі сөзіне!.. 
- Бәрекелде, әбзел сөз!.. 
- Уа, сөз төресі осы да!.. - деп, даурығып, мақтау айтып жатқан Алшынбай, 
Қаратай, тілмәш үндері келді. 
Осындай  үлкен  ауыр  жиынға  мынадай  суырып  салма  сөз  және  аразды 
табыстыратын  бітім,  жамау  сөз  Абайға  бір  алуан  қызық  сияқты  көрінді...  Ол 
тағы:  тыңдай  түсейінші  деп,  ентелеп,  бағанағы  орындығын  әкеліп,  осы  арада 
отыруға бейімдеп еді... Бірак ақын жыры қайта шықпады. 
Үй іші қайтадан томсарыңқы қоңыр әңгімеге кірісті. 
- Абай  Бөжейдін  пішінін  жаңа  жақсылап  көрді.  Ажарында  ашу  жоқ.  Бірақ 
соншалық ашық-жарқын, сауық, қызық та жок. Салқын, тыныш қана, тартымды 
сабыр бар екен... 
Құнанбай  пішініне  Абай  көзі  түсіп  еді,  ол  жинақы  боп,  әр  нәрсеге  сергек 
қарап отыр екен. Күлкі, сауыққа ол да оншалық бой ұрайын деп отырған жоқ. 
Бұл  үй  әңгімесін  қоңыр  кеңеске  айналдырған  Алшынбай  мен  Баймұрын. 
Еңгезердей  үлкен  бойлы,  сары  Баймұрын  Бөжейді  татуластыра  әкелген  кісі 

 
94 
болатын.  Қазір  Алшынбай  екеуі  ғана  сөйлейді.  Өздері  үшін  емес,  Құнанбай, 
Бөжей сияқты екі жақ үшін сөйлейді. 
Абай Балтаның жыры тоқтап, салқын кеңес басталғанын көрген соң есіктен 
қайта  бұрылды.  Осы  уақытта  Қаратай  ауызүйге  шығып,  Ызғұтты  мен 
Майбасарды шақырып ап: 
- Татулық  болды,  татуластырды!  Алшекең  мен  Баймұрын  екі  жақтын  да 
бар сөзіне ие боп өздері сөйлеп, өздері шешіп отыр. Осылай етіңдер деп мырза 
да, Бөжей де ерік беріп еді! - деді. 
- Ал,  байлау  не  болды?..  Тынымы  не  болған  екен?..  -  деп,  Майбасар 
ентелей түсті. 
- Тынымы да өзгешелеу болды білем... Араларың алыс болса, қыз алысып, 
құда  болысыңдар  дер  едік.  Ағайынсың,  жақынсың,  бірақ  сол  жақындығың 
қайта  жаңғырсын!  Екеуің  бала  алысыңдар!  Бөжей  Құнанбайдан  бала  ауысып, 
бауырына салсын. Сөйтіп, иістерің аралассын! - десті... 
- Осыған тоқтасты ма?.. 
- О  не  қылған  бала?..  Өзінен  туған  бала  ма?..  -  деп,  Майбасар,  Жақып 
қайталай сұрасып еді... 
- Тәйірі айттым ғой!.. Өз баласы!.. Асырауға алады!.. - деп, Қаратай асығып 
қайта кетті... 
Абай  мына  байлауға  қатты  аңырып,  аң-таң  болумен  бірге,  ішінен  біртүрлі 
түршігіп қалды. 
- Қай  бала?..  Кім  беріледі?..  Оспан  ба,  Смағүл  ма?..  -  деп,  еркек  балалар 
беріледі  екен  деп  ойлады.  Жаңағы  атаған  екі  інісінің  ешқайсысын  да  ана 
қойнынан алып, өзге жаққа жіберуге қия алатын емес... 
Ана  қойнында  уайымсыз,  жазықсыз  жатқан  інілерінің  біреуінен  әлі 
айрылғандай көрді. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет