ІІІ-бөлім
ІІІ-бөлім
Әміре Қашаубаевқа
Әміре Қашаубаевқа
арналған шығармалар
арналған шығармалар
Мұхтар ӘУЕЗОВ:
«Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шам-шырағы
жанғандай, жүректі тербеп қуантатын аспандаған қуаныш
белгісі бар. Әміре - әншіліктің ақыны».
348
Николай АНОВ
ӘН АНАТЫ
... Әміре досының көңіл-күйін сезіп-ақ отыр. Бикені
көргенше асық. Әнші алғашқы махаббат не екенін жақсы
біледі. Әміре оны өз басынан кешірген, күні бүгінге дейін ол
тәтті әндей жүрегінде толқиды да тұрады, ойласа-ақ болды,
балдай бір сезім жан-жүйесін балқытып жүре береді.
Жаңа Семейде он алтылар шамасындағы талдырмаш қана
үріп ауызға салғандай әдемі Мәкет атты қыз болды. Тұла бойы
тұнып тұрған биязылық пен пәктік. Бұқар жібегіндей жұп-
жұмсақ қолаң шашы қиядан көз тартады. Ұп-ұзын кірпіктері
мейірім төгіп, үлбіреген ерні күлкі үйіріп тұратын. Жаңа
Семейдің көп жігіті сияқты Әміре де Мәкетке ынтық болып,
бос уақытының денін қымызханада өткізіп жүрді. Себебі
онда өгей шешесінің сауда-саттығына көмектесіп, қолы-
қолына жұқпай сары қымызды сапырып құйып беріп, Мәкет
отырады. Кәрі мыстанға салса, Әмірені маңына жүргізбей
қуып-ақ шығар еді... Алайда оның қисыны және жоқ.
Әміре ән шырқап, Мәкеттің ғана көңілін көтеріп қоймай,
қымызханаға күллі жұртты жиып ап жүр емес пе. Жұрт,
әрине, сұлу қыздың қолынан қымыз ішуге құлшына келеді.
Ал, Әміренің әні оларды қымыздан бетер баурайды. Тіпті
өгей ененің ытырынар да реті жоқ, саудасы күсет, қоңырау
үнді әнші бас сұқпайтын көршілеріне қарағанда мұның
қымызханасы бір босамайды.
Әміренің – Мәкетті, қыздың әншіні сүйетінін бүкіл Жаңа
Семей білетін. Бірақ, Әміре ойлаған арманына жете алмады.
Қатыбас қақпас айдай ару өгей қызын қымызханасымен
қосып, қымызды кәсіп қылған келімсек саудагер Мұстафа
дегенге сатты да жіберді. Осылайша, Әміренің алғашқы
махаббаты аптап шөлдегі гүлдей мезгілсіз солды.
***
... Рябовпен театр туралы кеңесе отырып, Мұса мен Әміре
клубқа да жетті. Клуб көрермендерден аузы-мұрнынан
шығады, іші самаладай жарқырап кетіпті.
– Репетицияны кейінге қалдыруға тура келді, - деді
Серғали. – Халық сіздердің әндеріңізді тілейді. Ести
салысымен-ақ осылай лап қойыпты.
– Мен домбырасыз қалай айтпақпын! – деді Әміре.
349
– Домбырада тұрған түк те жоқ. Ол осыннан табылады.
Ал көрермендер залында тағатсыз жастар шулап:
– Мұса! Әміре! Мұса! – деп айғайға да басып жатыр.
Бірінші болып сахнаға Әміре шықты. Қашанғысындай ол
әдемі айтты және ынтамен айтты. Оны алғаш тыңдаған Рябов
ғажап қалды.
– Мұндай тенормен тек Мәскеуде, Үлкен Театрда шырқау
керек қой, – деп сыбырлады ол Мұсаға. – Ленский ариясын
айтқызар ма еді!
– Иә, Әміренің даусы сирек кездесетін дауыс! – деп
қоштады ақын.
Әнші ақырғы әнін салып берген соң, шақырайған сахнаға
Мұса шықты. Оны ду қол шапалақтап қарсы алды. Ақын бас
иіп сәлемдесті де, тыңдаушыларды бір шолып шығып:
– Маған тақырып берулеріңізді өтінем, - деді.
***
...Әміре сонау баяғыдағы қаралы шақты, ең алғаш ауыр
қайғы жұтқан күнді есіне алды. Көзін жартылай жұмып,
жұмыс пен аурудан құр сүйегі ғана қалған қолын кеудесіне
қойып, әкесі кереуетте жатыр. Бейне бір ұйықтап жатқан кісі
сияқты. Бірақ, анасының көзінен парлаған жас бетін жуып
кетіпті. Ақыретке оралған мәйітті үйден шығара бергенде
анасы шашын жұлып, жан даусы шыға зарлады-ай келіп.
Үй иесін жерлегеннен кейін кәрі Тойған балаларымен
ақылдасты:
«Айналайын, құлындарым! Әкелерің еріншек кісі
емес еді. Ертеден қара кешке дейін еңбек ететін, бірақ
артына қалдырған ештеңесі жоқ. Тапқаны тамағымыздан
артылмады. Енді қайтіп күн көреміз, балалар?»
Тойғанның көзінен жас кешегіден де көп парлады.
Балалары да анасын аяп кетті.
«Мен жұмыс істейін, - деді Әміре. - Әкем құсап отын
кесейін, аула тазалайын».
«Ойбүй, құлыным-ай! – деп дауыстап жіберген анасы оны
аймалай сүйіп жатыр. – Сен әлі кішкентайсың! Жассың ғой!»
Кешкісін басын орамалмен таңып алған Тойған Әмірені
жетелеп, Жаңа Семейдегі ең бай, ең беделді саудагер
Назымбектікіне тартты. Назымбек пен Қашаубай бір рудан,
Тарақтыдан тарайды. Ал қиын күнде бір-біріне қол ұшын
беру – рудаластардың ата дәстүрі.
– Аман ба, Тойған?! – иіліп, ізетпен сәлем берген әйелді
350
еріне сөйлеген бай сауалмен қарсы алды. – Нендей шаруамен
келіп едің маған?
Қайғы жасытқан жесір жыламсырап:
– Қашаубай қайтыс болды, - деп күбір етті.
– Естігем, алдынан жарылқасын!
Назымбектің де аласа маңдайына қайғы ізі түскендей
қатпарлана қалды.
– Марқұм алты сом қарызын өтей алмай кетті. Оны сенен
өндіру қиын болады ғой.
Тойған саудагердің соңғы сөзін естімегендей сыңай
танытты. Сосын сөзімді бөлмесе жарар еді деп, асығыс сөйлей
жөнелді:
– Мен екі баламмен қалдым. Қол ұшын беріңіз, Назымбек
аға. Бай адамсыз ғой. Әміренің оқуы керек, ал менде ақша
жоқ.
Назымбек есіркеген тәрізденіп, семіз бұғағын сипай берді.
– Сонда балаңды кім болсын деп оқытпақсың, Тойған?
– Әйтеуір, Әміре сауатты болсын деймін.
– Сауатты болсын дейсің, ә? Бәлкім, оны менің ұлым оқып
жүрген орыс гимназиясына бергің келетін шығар?
– Кез келген мектепке беремін. Тек ол оқып, жаза білетін
боп шықса болды.
– Оһо! Демек, Әміре песірлікті оқып шықсын дейсің ғой? -
деп жаныға сұрады Назымбек.
– Әрине, солай деймін! – деп дауыстап жіберді Тойған.
Шешесінің жүзі жадырап қоя бергенін байқады Әміре.
– Ал, Тойған, сен тіпті балаңның Керейбайдың ұлы
сияқты адвокат болғанын қалайтын шығарсың, осы? - деп
кекетті бай.
Тойғанның көзіне жас толып кетті.
– Біздің тіске басар түгіміз жоқ, Назеке! Ал, сіз сорлы
жесірді келеке етесіз. Осыңыз ұят емес пе, азамат басыңызға!
- деді ол ызалы үнмен кінәлай сөйлеп.
Саудагердің беті шикі еттей қып-қызыл болып кетті де, ол
бәз-біреу қылқындырып жатқандай қырылдап айғай салды:
– Жұрттың бәрі оқығысы келеді, сонда жұмысты кім
істемек? Ақымақ қатын болмасаң, сенің байың сорлы жалшы
емес пе еді! Оның балалары да өз орнын білуі керек.
Тойған үн қатпай саудагердің ашуы тарқауын күтті. Ақыр
аяғында, Назымбек:
– Жарайды, Әмірені жалшылыққа алайын, - деді. – Ол
351
ертең ерте келсін. Айына оған бір сом төлеймін. Сонымен
әкесінің қарызын өтесін.
...Пойыз Батысқа қарай заулап барады.
«Әміре Парижге бара жатыр! Әміре Парижге бара жатыр!
Парижге бара жатыр!» - деп қайталағандай доңғалақтар бір
ырғақпен дүрсілдейді.
Әнші Жаңа Семейін есіне алады. Онда балалық, жастық
шағы өтті, аз күнде ана болатын жан-жары Оразке сонда
тұрады. Қалжыраған Әміренің кірпіктері іліне бастады.
Доңғалақтардың «Әміре Парижге бара жатыр...» деген
біркелкі сарынымен ол ұйықтап та кетті.
Оның түсіне Семейдегі ең бай саудагер Назымбектің
думанды үйі енді.
«Әміре! Тұр, Әміре!»
Әншіге әуелі бұл оятып жатқан қабардалық Ибрагим
сияқты көрінді. Жо-жоқ! Бұл баяғы көзінде ағы бар қисық
бас қарт Әлпейіс қой. Бар күшімен сілкілеп жатыр. «Қарашы
әне, қамшысын ұстап Назымбек келе жатыр, жаның барда
шапшаң тұр».
Әміре көзін әрең ашады. Таңғы ұйқы қандай тәтті. Тым
құрыса бір минут жата тұрар ма еді, тағы. Далада әлі қараңғы.
Бірақ, қисықбас Әлпейіс илігер емес, оның үстінен көрпе
орнына жамылған жалбыр тонын жұлып кеп алды. Суықтан
тітіркенген бала бүрісіп, тізесін иегінің астына тығып аз-
кем жатты да, ақыры, оянып кетті. Жалма-жан ол аттарды
суғаруға шықты. Ай сәулесінен көгілдір тартқан қар аяқ
астында сықыр-сықыр етеді. Атшының иісін сезген аттар
кісінеп қоя берді. Күнде ертемен Әмірені осылай қарсы алу
– олардың әдеті.
Местей шиқанбек Назымбек түлкі ішік киіп үйден
шығады. Есік алдында екі қара көк арғымақ жегілген сәнді
шана әзір тұр. Делбені тартып Әміре отыр.
Саудагер шанаға жайғасады да, құндыз бөркін маңдайына
түсіріп:
«Қалаға тарт!» - деп әмір етеді.
... Экспресс арқырап, түсірлеп ағып келеді. Әміре көзін
сәл ашты. Айнала көгілдір күңгірт ала көлеңке. Әнші әуелі
аңтарылып қалды. Қайда жатыр? Е, иә! Парижге кетіп
барады екен ғой.
Ол көзін қайта жұмып, Ертістің жылы толқыны
тербегендей ұйықтап кетеді. Қайтадан быжынаған біртүрлі
түстер көрді...
352
Сауда адамдары «Достар сұхбаты» трактирінде арақ ішіп,
айтысып-тартысып, ойнап-күліп бір-біріне тоқты-торым,
жүн-жұрқа, тері-терсек, май сатып отыр. Назымбек быртиған
жуан саусағын жыбырлатып, Әмірені өзіне шақырады. Жас
атшының даусы сыңғырап тұр.
«Әміре шырқап жіберші!»
Балаға дем беріп, мол қолымен толтырылған стақанды
ұсынады. Әміре басын шалқайтып, кеңірдекті өртеп, көз
жасын бұрқ еткізер отты суды бір-ақ тартады. Енді өлең
айту керек. Әміре сауда адамдары Назымбекке қызығып,
қызғаныштан іші күйгендей қып шырқайды. Олар Әмірені
жабыла мақтап, мынау атшы емес, бұлбұл ғой деп жер-көкке
сиғызбайды.
Араның өзі кішкентай болғанымен балынан тәтті не бар!
Назымбек саудагердің атшысы Әміре жұдырықтай ғана бала,
бірақ әні оның балдан тәтті! Жарлы, жалшы бейбақ, бейне
құс сияқты тегін шырқайды. Жақсы әнді де, қой сияқты
сатуға болатынын ол әлі білмейді. Әмірені әр алуан тойларға
шақырады. Қарт әнші Естай оған «Ағашаяқты» Біржан сал
айтқандай, жан-жүрегімен шырқауды үйретеді.
***
... – Қазақтың халық әні – «Ағашаяқ». Орындаушы
Қазақстанның халық әншісі Әміре Қашаубаев!
Яков Захарыч бұл сөздерді французша айтты, бірақ Әміре
оның мағынасы не екенін бірден түсінді. Ол жан-жағына
қарады да, терең тыныстап, кеудесін кере ауа қармап алды.
Оның саф үні кенет тік шырқап, тыныштық түндігін тіліп
жіберді.
- О-о-о-о-о-э-э-ей!
Әнші көмейінен самғаған жалғыз-ақ дыбыс сан алуан
әшекей өрнекке малынып, тыңдаушылардың құлағына
бір мезет мың әнші қатар шырқап, әрқайсы өз үнін қосып
жатқандай болып естілді. Егер Әміре осылай қырда шырқаса
ғой, даусы жеті шақырымға жетер еді. Көрермендер есі шығып
аңырып қалды. Шаляпинге таяу, екінші қатардағы креслода
отырған музыканың сұңғыла білгірі жазушы Ромен Роллан
ойлағандай қабағын түйді. Өзгелердің бәрінен дерлік әдеттен
тыс боп көрінген мынадай кіріспе оны түк те таңдандырған
жоқ. Концерт алдында Затаевич сыйға тартқан «Қазақтың
мың әні» жинағын шолып шыққан ол дала әндерінің дені
353
осындай үн ашар шалқымамен басталатынын біліп алған-ды.
Әнші даусы құдіреттене түсіп, тамылжыған үн көрермендер
залын кернеп, тылсымдап тастады. Бір минут өтті. Үн
бәсеңдер емес. Әншінің қола түстес тотыққан бетіне қан
шапшып, бірте-бірте қып-қызыл болып кетті. Оған мыңдаған
көз қадалды. Қазақ әншісінің үн ашар ғаламат шырқауынан
Ромен Роллан өзіндік бір сұлулық сезді.
- О-о-о-о-о-о-э-э-ей!
Үн ашар айғай шарықтау шегіне жетті де, қалай басталса
солай оқыс үзілді. Дауыстың кеңдігі мен қуаты ғаламат
кіріспе осымен аяқталды да, бір сәтке тылсым тыныштық
орнады. Әміренің бетіндегі қаны тарап, өңі бозарып, жүзі
сұсты тартты. Содан соң Ромен Ролланның құлағына
ырғақпен күмбірлеген домбыра үні келді. Саусақтары перне
бойлай жүгірген әнші «Ағашаяқты» бастап та кетті. Әміре
ән айта отырып, өзіне қанат бітіп, осынау қапырық залдан
көтеріліп, жасыл кілем жамылған шетсіз-шексіз дала
кеудесінде қалықтап бара жатқанын аңғарды.
Атандым бала жастан ағашаяқ,
Құдайым кедей қылды аямай-ақ.
Өлеңнің сөзі құс тізбегі сияқты. Әр құстың қауырсынының
өз түсі, өз бояуы бар. Ал құстардың бәрі сахнаға нұры төгіліп
толықсыған алты айға самғап барады. Көз шалғытқан сол
алты прожектор әншінің алтын жіппен кестеленген барқыт
шапанының түгін мың құбылтады.
Малға бай дүлдүлдермен айтысам деп,
Бұл күнде елге симай жүрмін саяқ.
Ромен Роллан әншіні көзін жұмып отырып тыңдады.
Жазушыға театр сахнасынан өзге бір әлем енгендей көрінді.
Уақыт зым-зия. Ән сарқылмас тап-таза тау бұлағындай
сылдырап тынар емес. Оның әуені бірде ұшы-қиырына көз
жетпейтін көсілген кең жазыққа сіңіп жоқ боп кетеді де,
енді бірде құзар таудың көз жетпес шырқау шыңына қарай
шалқып, алуан нақышпен асқақтап кетеді де, ізінше күміс
бұлақтың тасқынындай сылдырап төгіле жөнеледі.
Әй, қалды-ау, қалды-ау
Қыз қайда, ойбай,
Қыз қайда?
Жүздеген дүрбі Әміренің бетіне бағытталды. Көрермендер
354
әншінің қоңырқай жүзінде мөлдіреген әрбір тамшы көз
жасын көріп отыр. Дауыстың әрбір ырғағынан ауыл-ауылды
ағаш аяғымен ақтап жүрген ғашық жігіттің жан-жүрегін
жайып салар батпан қайғы байқалады.
Қара жол ма дегенім
Шұбырынды із болды-ау, ойбай
Ала жаздай нәр татпай
Іздегенім қыз болды-ау, ой-ой,
Әй! Қыздар-ай есіңе ал,
Алсаң ал, алмасаң қой,
Мен дағы өлер деймісің,
Шіркін-ай, шіркін-ай
Үкілі кәмшат бөркің-ай!
Ұлы Біржанның осынау әнінде қаншама қайғы мен
қуаныш жатыр! Әміре мұны қырдағы тойларды халық
алдында талай шырқаған. Бұл «Ағашаяқты» салғанда көзіне
жас алған жұрттың көз жасын жинаса атан бойламайтын ащы
көл тұрар еді. Қазір де жұрт әдеттегідей демін ішіне тартып,
«Ағашаяқты» тыңдап отырғанына әнші кәміл сенімді.
Дос көңіліндей адал серпінді ән кемерінен асқан өзендей
буырқанып тасып жатыр, тасып жатыр, тасып жатыр.
Әміренің көзіндегі жасы кеуіп, жалпақ беті шырайланып,
миығына күлкі үйірілді.
Ромен Роллан Әміренің саусақтары перне бойлап көз
ілеспес шапшаңдықпен қалай жүгіргенінен, күлкісі
қуанышпен астасып жүзі жадырай түскенінен көз алар емес.
Қазақ әншісінің күлкісін қоштағандай өзі де жымиып қояды.
Ой, пәлі-ай, пәлі-ай,
Ой, пәлі-ай!
Осылай ма едің
Қыздар-ай!
Әміре әнді асқақ әуенмен аяқтап, орнынан тұрды да басын
иді. Сахна сыртына ол жеңімпаздың берік қадамымен аяқ
басты. Оны сәт сайын үдей түскен ду қол шапалақ шығарып
салды. Шаляпин көршісіне асығыс бірдеңелер айтып, қолын
соғып жатыр.
Ұлы әншінің жүзінен мерейлі таңырқау байқалады. Жұрт
түсініксіз тілде айқайлап, Әмірені сахнаға қайта шақырып
жатыр.
– Сахнаға! Сахнаға шығыңыз! – деп толқыған Яков
355
Захарыч Әмірені жеңінен тартты. – Осы әніңізді тағы бір
қайталаңыз.
***
Міне, концерт те аяқталып, Әміре үшін ғажайып түс қайта
басталды.
Затаевич оның қолынан ұстап:
– Әміре, сізбен жазушы Ромен Роллан танысқысы келеді,
– деді.
Александр Викторович қазақ әншісін көк көз егде
французға таныстырды.
Әміре жазушы да Мұса сияқты ақын деген ұғым беретінін
түсініп, Ролланның етсіз саусақтарын қуана қысады.
Көрмені көз шағылтар жарықпен түрлентіп, мың саң
алау оттар жайнайды. Реклама әріптерінің оттары жүйтки
ойнап жүгіреді. Ашық ресторанның айналасындағы жалпақ
жапырақты ағаштар саясында түрлі-түсті қытай шамдары
жарқырайды.
Әрбір орындықтың арқалығында түрлі-түсті әуе шарлары
байлаулы тұр. Әміре, Ибрагим, Қаширин, Затаевич, оның
досы профессор Перно, Ромен Роллан, Анри Барбюс және
Шаляпин келіп, бір столдың басына жайғасты.
Затаевич Анри Барбюспен қатар отыр. Жазушының
иығында желең салған ашық сұр бешпент. Оның ішкі жалыны
сыртқа теуіп тұратын ашаң өңі сұсты. Ұзын қара шашы
қобырап самайына түсіп тұр. Кең ашылған өткір көзі қазақ
әншісіне құмарта қадалады. Онда жасқа тән бір құштарлық
ұшқыны бар.
– Әміре Қашаубаевты мен шынайы ләззат ала отырып
тыңдадым, – деді ол.
Қазақ әншісіне Шаляпинмен көрші болу құрметі тиді.
Федор Ивановичтің бойы биік, денесі ірі, иығы кең. Аласа
бойлы Әміреге қарағанда ол алып сияқты. Күлкі үйірген
көк көзі мен қылау шалмаған сары шашы оны жасартып
көрсетеді.
– Әндеріңізбен мені қатты қуанттыңыз! – деп дауыстай
сөйлеген Шаляпин Әмірені достық ілтипатпен жауырынынан
қақты. – Дарын ұшан-теңіз, тек оқу керек, оқу!
Содан соң көзі кішкентай, қасы жоқ, қызыл шырайлы
жуантық француз, профессор Перно бірдеңе айтты. Оның
Әміреге арналған сөзін Затаевич аударып берді.
– Сарбоннадағы фонография кабинетінің жетекшісі
профессор Перно өзінің қайран қалғанын жеткізуімді өтінеді.
356
Қазақ әндері оған қатты ұнапты. Профессор оларды фонограф
валигіне жазып алуға тілек білдіріп отыр.
– «Қазақ халқының мың әні» жинағы үшін сізге шын
жүректен алғыс айтамын, - дейді Затаевичке Ромен Роллан.
– Қағазға түскен әуендермен таныса отырып, көңіл-күйінің
алапат асқақ күшіне тәнті болдым, оны қазақ әуендері
қарапайым құралдарымен-ақ шырқау шыңына жеткізеді
екен. Сіздің Қазақстандағы еңбегіңіз – музыкалық ерлік.
Атақты француздың түсініксіз сөзіне құлақ қоя отырып
Әміре оның сәл сарғыш табы бар боп-боз жүдеу жүзіне, самай
тұсындағы майда әжімдеріне қарайды, қою шашы әдемі биік
маңдайының өңін ашып күмістей жалтырайды. Жұқа ернінің
үстінде жібек мұрты жалт-жұлт етеді. Роллан баяу, сәл ұяң
үнмен сөйлейді екен. Мөлдіреген көк көзінен мейірім төгіліп,
жылылық лебі еседі. Әміреге ол күтпеген жерде кездестірген
қаһармандарының жанына үңілген жазушының жанарымен
сынай қарап, сөзін әрі қарай сабақтады.
– «Ақсақ құлан туралы аңыз» бен «Сыр Дуан» әні тамаша
екен. Оларды мен Еуропаның музыка дүниесіне туыс деп
таптым, қазіргісі болмағанмен өткендегісіне бір жақындығы
бар.
Затаевичтің жинағымен таныс профессор Перно
келіскендігін білдіріп басын изейді. Ал, Ромен Роллан
Затаевичке бұрылып:
– Әміре Қашаубаев салған төртінші әннің аты қалай еді?
– деп сұрады.
– «Қыздың әні», - деп жауап қатқан композитордың
французша сөйлегенінен Әміре тек осы сөзді ғана түсінді.
Затаевич пен Перноға бірдей бағыштап, Роллан сөзін
жалғады.
– Осы ән дорий сарынындағы әуенімен Жольен Тирсо
халық әндерінің белгілі жинағына енгізген бретон өлеңін
еске салады.
Сыпайы қара костюм киген егде француз ақынының
не айтып отырғанын түсінбегенімен, Әміре әңгіменің қазақ
әндері жайында екенін іштей сезеді.
Достарыңызбен бөлісу: |