ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
Оразханова М.И.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТАБИҒАТ
ЛИРИКАСЫ
(1960-1990 жж.)
Оқу құралы
Павлодар, 2012
2
ӘОЖ 821.512.122 – О (075)
ББК 83.3 Каз. я7
О 65
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Павлодар мемлекеттік
педагогикалық институты Ғылыми кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар: Н.Қ. Жүсіпов – филология ғылымдарының докторы.
Ә.Д. Әміренов – филология ғылымдарының кандидаты.
Оразханова М.И.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ (1960-1990 жж.). Оқу құралы. –
Павлодар: ПМПИ, 2012. – 176
ISBN 978-601-267-190-2
Оқу құралында 1960-1990 жылдар аралығындағы қазақ әдебиетіндегі табиғат
лирикасы жан-жақты талданады. Табиғатты жырлаудағы дәстүр жалғастығы мәселесі,
лирикалық кейіпкер, табиғат бейнелері, бейнелілік мәселелері С. Мәуленов,
К. Салықов, М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Ф. Оңғарсынова, Т. Айбергенов, О. Асқар,
К. Ахметова, Ұ. Есдәулет сынды ақындардың табиғат лирикасы негізінде ғылыми-
теориялық тұрғыдан қарастырылып, ақындық шеберліктері арнайы зерделенеді.
Оқу құралы әдебиеттанушыларға, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен
студенттеріне арналған.
ISBN
978-601-267-190-2
ӘОЖ 821.512.122 – О (075)
ББК 83.3 Каз. я7
©Оразханова М.И., 2012.
©Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, 2012.
О 65
О 65
3
КІРІСПЕ
Поэзия – әдебиеттің ертеде қалыптасқан көне саласы. М. Базарбаев
сөзімен айтқанда «...жасаған сайын жасара түсетін жанды саласы» [1, 3].
Ол – ежелден зерттеушілердің назарын өзіне аударып келген әдебиет
жанрының бір түрі. Сондықтан болар, поэзия туралы зерттеулер әлі толас-
таған емес. Қай ел әдебиетінде болмасын ол туралы аз сөз болып жүрген
жоқ. Мәселен, орыс әдебиетінде Потебня А. [2], Томашевский Б. [3],
Поспелов Г. [4], Гинзбург Л. [5], Гринберг И. [6], Кожинов В. [7], Сквоз-
ников В. [8], Гачев Г. [9], Овсянико-Куликовский Д. [10], Жирмунский В.
[11], Гуляев Н. [12], Лотман Ю. [13] еңбектері жарық көрсе, қазақ әдебие-
тінде де ауыз толтырып айтарлыќтай лирика табиғатын танытатын бірша-
ма ғылыми еңбектер бар. Атап айтқанда, Уәлиханов Ш. [14], Байтұр-
сынов А. [15], Жұмалиев Қ. [16], Тәжібаев Ә. [17], Ахметов З. [18], Базар-
баев М. [19], Қабдолов З. [20], Нұрғали Р. [21], Нарымбетов Ә. [22],
Мырзалиев Қ. [23], Кәрібаева Б. [24], Жүсіп Қ. [25], Негимов С. [26], Әлім-
баев М. [27], Кәрібозұлы Б. [28], Шәріп А. [29], Жәмішев Ә. [30], т.б.
Әдебиеттің өрістеуі 1960-1990 жылдары десек, қазақ поэзиясының
дамыған тұсы да осы кезең. Әдебиет әлеміне М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев,
Ф. Оңғарсынова, Т. Айбергенов және т.б. талантты ақындардың келуі поэ-
зияның, әсіресе, лириканың дамуына мол үлес қосты. Табиғат лирикасы да
осы кезеңде назардан тыс қалған жоқ, қайта ақындардың жиі жырлайтын
өзекті тақырыбына айналды. Табиғат лирикасы өрісінің кеңейе түсуі
әдебиеттану ғылымында табиғат лирикасының ерекшелігі, пейзаж болмы-
сы туралы ғылыми пікірлер қалыптастырды. Мәселен, зерттеуші Қ. Жұма-
лиев: «Пейзаж автордың негiзгi мақсатына байланысты болады. Кейде
пейзаж оқиғаға қатысушы кейіпкерлердің басында болған жағдайын
көрсету үшiн де қолданылады» [16, 81], – деп қолдану мақсатын көрсетсе,
әдебиетші І. Омаров: «Табиғатты жырлауда екі өзгешелік бар: біріншісі –
табиғатқа сүйсіну, дәлдікпен суреттеу, көрген жердің фотографиясын бе-
ру, екіншісі – табиғатқа жан беру, тірілту, адаммен, қоғам өмірімен
теңестіру» [31, 400], – деп екі өзгешелігін нақты атайды. Ал ғалым
С. Негимов: «Асылы, пейзаж ұлттық тілдің нәзік, мөлдір, терең сырларын,
сөздің музыкалық, поэзиялық, көркемдік қасиеттерін жарқырата ашуға
ұйытқы болса, екінші жағынан, шығарманың ішкі мазмұнын, идеялық
сапасын байытады» [32, 164] – десе, зерттеуші Ә. Жәмiшев: «Дала суретiн,
онда өскен гүл мен ағашты тұрған қалпында қаздитып қана шимайлай
салғанмен поэзия болмайды. Табиғат лирикасында әрқашан адам, адам
өмiрi, адам еңбегi, адам ойы араласып отырса ғана оқушының мейiрiмi
қанады, жан дүниесiне жаңа бiр нәр құйылғандай болады» [30, 113], – деп
орынды аңғартады. Ал пейзаж жайында орыс ғалымы М. Пришвин былай
дейді: «Жануарлардың, өсімдіктердің, тастардың және кез-келген тағы
4
басқа табиғаттың құрамдық бөліктерінің жеке адамға қатысты жиынтығы
пейзаж болып табылады» [33, 100].
Қазақ әдебиетiнде лириканың түрлерi туралы пiкiрлер де бiрiздi емес.
Әдебиетшi М. Базарбаев [34, 88] қазақ поэзиясында өмiр сипатын
бiлдiретiн саяси лирика мен азаматтық лирика бар екенін айта келіп, шарт-
ты түрде махаббат лирикасы, табиғат лирикасы деп бөлінетінін ескертсе,
зерттеуші Ә. Жәмiшев: «Лирика атам заманнан берi: философиялық, саяси,
табиғат, махаббат лирикалары деп түр-түрге бөлiнедi. Бүгiнгi қазақ
лирикасында бұл сипаттардың қайсысы болса да мол» [30, 8] – дегендi
айтады.
Поэзияны түр-түрге бөлуде ақын Ф. Оңғарсынова: «…азаматтық ли-
рика, азаматтық тақырып дегендi бiз өз алдына оқшау қоятынымыз әбестiк.
Осы оқушылардан қырсықтық пен тайыз түсiнушiлiк туындайды. Бұл, сөз
жоқ, жақсы өлеңнiң тууына кедергi жасайды. Мынау азаматтық лирика,
анау махаббат, үшiншiсi табиғат деп шекараны қызыл сызықпен бөлiп қою
дұрыс емес» [35, 184], – дейдi. Ал поэзияда бiр өлең iшiнде та-биғат суретi
мен махаббат сезiмiнiң астасып, сабақтасып келуi немесе табиғат көрінісі
мен қоғамдық, философиялық ойлардың қатар жүруі Ф. Оңғарсынова
пiкiрiн қуаттай түседi. Дегенмен шартты түрде табиғат, махаббат,
азаматтық лирика деп бөлемiз. Тек қазақ әдебиетiнде ғана емес, қай елдiң
болмасын көркем әдебиетiнде табиғат тақырыбы елеулi орын алады.
Қазақ әдебиетiнде табиғатты жырлау ауыз әдебиетiнен бастау ала-
тындығы белгiлi. Төл арнадан тамыр алған табиғатты бейнелеулер өзiнiң
даму барысында жеке «табиғат лирикасы» деп аталарлық күйге жеттi.
Оның бiр кезеңдерде баяу, бiр кезеңдерде жедел қанаттануына заман, қо-
ғам жағдайы өзiндiк әсер еттi. Ойымыз дәлелдi болу үшiн Ш. Сариев сөзi-
не жүгiнейiк. Ол кеңестiк жүйенiң әдебиетiмiздiң өсу процесiне керi ықпал
тигiзгенiн айта келiп: «Заман мен қоғам ағымына байланысты жалаң үгiт
насихаттық поэзияға жол берiлдi де, адам жанының иiрiмдерi уақытпен
үндеспейдi дегенге дейiн барды. Осындай түрлi себеп-салдары бар әлеу-
меттiк жағдайдың кеселiне қарай отызыншы жылдардан алпысыншы
жылдарға дейiнгi қазақ лирикасы бiрсүрең, бiрыңғай бояуда дамыды.
Осындай заманда 1956 ж. (30.06) «Жеке адамға табынушылық және оның
зардаптарын жою туралы» қаулы жарық көрдi де, адам санасында, әдебиет
пен өнерде жаңа бiр бағыт белең алды» [36, 3], – деп көрсетедi.
Қазақ әдебиетіндегі табиғат лирикасының зерттелуін шетелдердегi
сол саламен салыстыруда бiраз ретте қалыс қалғанымызды да атап өткiмiз
келедi. Мәселен, қырғыз әдебиеттануында А. Дюшембиева «Қырғыз таби-
ғат лирикасы» тақырыбында диссертация қорғаса [37], орыс әдебиетiнде
Н.Н. Скатовтың «Русские поэты природы» [38] еңбегі жарық көргенi,
С.Л. Соложенкинаның «Пейзаж в русской советской поэзии» (20-30 г.) [39],
В.Д. Карпенконың «Человек и природа в современной лирике» [40],
Т.Ю. Павлованың «Человек – Природа – техника в русской советской
5
лирике 20-х годов» [41], Р. Гассанның «Человек и природа в советской
поэзии» [42], Н.Н. Старченконың «Проблемы экологии в современной
поэзии» [43], А.С. Эркиновтың «Мастерство Алишера Навои в создании
пейзажа (на примерах поэмы «Садди Искандери»)» [44], В.П. Ромаштың
«Поэзия Р. Фроста. Концепция природа и человек» [45], В. Чухованың
«Чувство природы у Майкова, Фета и Толстого» [46], Г.П. Трефилованың
«Природа и человек в творчестве М. Пришвина» [47], «Пейзаж как разви-
вающая форма воплощения авторской концепции» (ғылыми еңбектер
жинағы) [48], Т. Курдюмованың «Пейзаж – средство эстетического воспи-
тания» [49], С. Абишеваның «Поэтическая система «мир природы» [50]
тақырыбында диссертациялар қорғалғандығы, мақалалар жарық көргендігі
белгiлi. Сонымен қатар поэзияда жекелеген ақындардың шығармашы-
лығына қатысты қорғалған кандидаттық диссертациялар бар [51].
Орыс ғалымы М.Н. Эпштейн немiс әдебиетiнде орман бейнесi, фран-
цуз әдебиетiнде бұлақ бейнесi жайында жазылған зерттеу еңбектерi жарық
көргендiгiн айта келiп, өзi орыс табиғат лирикасындағы бейнелерді
жүйелеудi жүзеге асырған. Ол: «19 ғасырдағы орыс фольклоршы ғалымы
А.Н. Афанасьевтің «Славяндардың табиғатқа поэтикалық көзқарастары»
атты 3 томдық еңбегі бар. Бұл славян аңыздары зерттеулерінің қолда
барының ең толығы, онда тек табиғат туралы сөз болады» [52, 4], – деп
өзiне дейiнгi еңбектi де атап көрсетедi. Орыс табиғат лирикасы жайында:
«Орыс поэзиясы табиғат өмірі туралы ойларға өте бай және осы жағынан
әлемнің ұлы поэзияларымен: неміс, ағылшын, француз поэзияларымен
теңдес» [52, 4], – деп дүниежүзiлiк поэзияның озық үлгiлерiмен салыстырады.
Қазақ әдебиетіндегі табиғат лирикасы тақырыбының игерiлу тари-
хына шолу жасағанда, зерттелуiн сөз еткенде, алдымен Ә. Тәжiбаевтың
«Табиғатты жаңарту тақырыбы қазақ поэзиясында» [17], Ә. Нарымбетов-
тың «Қазiргi поэзиядағы дәстүр тұтастығы» [53], Қ. Мәшһүр-Жүсiптiң
«Поэзия және табиғат» [54], А. Сейдімбектің «Табиғат пен таным» [55],
Ә. Шәрiповтің «С. Мәуленов творчествосы» еңбегiндегi [56] С. Мәуленов-
тің табиғат лирикасына арналған бөлім, К.М. Сейітованың «К проблеме
общности природы и человека в казахской поэзии» [57] мақалалары мен
iзденiстерiн айтамыз.
Табиғат тақырыбы қазақ әдебиетiнде күрделi зерттеу жұмыстарына
тек тоқсаныншы жылдардан бастап нысан бола бастады. Прозада табиғат
тақырыбына қатысты 1993 ж. А. Рамазанованың «Қазiргi қазақ повестерiн-
дегi адам және табиғат қарым-қатынасы мәселелерi» [58], 1996 ж.
С. Майлыбаеваның «М.О. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы пей-
заж» [59], 2000 ж. С. Айтуғанованың «Адам және табиғат концепциясы
шағын прозада» [60], 2000 ж. Г. Жандалиеваның «Тема природы и ее изоб-
ражение в художественной литературе» [61] кандидаттық диссертация-
ларын атасақ, поэзияға қатысты 1999 ж. Ө. Танабаевтың «Жыраулар поэ-
зиясы және табиғат» атты еңбегiн [62], 2001 ж. қорғалған Ш. Қияхмето-
6
ваның «Қазақ лирикасындағы табиғат пен тағдыр» атты кандидаттық
диссертациясын [63] атай аламыз.
І ТАРАУ
ТАБИҒАТТЫ ЖЫРЛАУДАҒЫ ДӘСТҮР ТАҒЛЫМЫ
1.1 Табиғатты жырлау дәстүрінің қалыптасу негіздері
Табиғат пен Адамзат бір-бірімен болмысынан тығыз байланысты.
Табиғат адамсыз жасай берсе де, адамның табиғатсыз өмір сүруі мүмкін
емес екендігі белгілі. Сондықтан Адамзат өмірінде табиғат үлкен мән
атқарады. Әр нәрсенің өз пайда болу, даму тарихы болатындығын ескер-
сек, табиғат лирикасының түп-тамыры тереңде жатқандығы күмәнсіз.
«Жаңа тақыр жерде пайда болмайтыны сияқты көркем әдебиеттегі дәстүр
ұғымы ұзақ дәуірлерді, сан толқын жазушылардың қажырлы ізденістері
мен творчестволық табыстарын қамтиды» [64, 51]. Сондықтан табиғат ли-
рикасын сөз еткенде, оның бастау көздеріне, даму тарихына үңіліп, қысқа-
ша шолу жасаған жөн. Жалпы табиғатты суреттеу дәстүрі ауыз әдебиетi-
нен, ақын-жыраулар шығармаларынан бастау алады. Ертегiлерде орын ал-
ған аң, құс, өсiмдiк бейнелерi, олардың қасиеттерi адамдардың табиғатқа
көңiл бөлгендiгiн танытады. Төрт түлiк мал жайындағы тiлек-батаның
өзiнде де табиғаттың бiр бөлшегi – жануарларды, олардың ерекшеліктерін
суреттеу кездеседi. Мысалы: «Ай мүйізі шоқпақтай, // Шүйделері тоқпақ-
тай, // Тегене құйрық қошқарлы, // Малды берсең қойды бер» [65, 39].
«Қара өлең бойындағы жан-жануарлар тақырыбы зооцентристік та-
быну да емес, экологиялық жоқтау да емес. Өмір салттың ажырамас тірегі
– төрт түлік болса, сол төрт түлікке халықтың практикалық қажеті және
эстетикалық-этикалық қарым-қатынасы тұрғысынан ден қойып отырады»
[66, 106].
Ғалым Ә. Дербісалиев араб әдебиетіндегі табиғатты жырлау туралы
«өз таланттарының қайнар көзін уасф жанрында аша білген бәдәуи ақын-
дары Араб даласының түрлі көріністерін жырға қосса, тоғызыншы ғасыр
шайырлары да оларға еліктеп Сирия мен Ирактың, Мағриб пен Мысырдың
өзендері мен көлдерін, таулары мен тастарын, талдары мен жанға сая жа-
сыл жапырақтарының әдемі көріністерін кестелей білген» [67], – деп
көрсетсе, «ІІІ–ХІY ғасырдағы Қытай табиғат лирикасы» деген еңбекте:
«Қазіргі біздің табиғат лирикасы дегеніміз көне Қытайда «тау және су поэ-
зиясы» немесе «егістік пен бау-бақша поэзиясы» деген атаумен белгілі
болды» [68] делінеді. Ал қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Х.Сүйін-
шәлиев он бірінші ғасыр ескерткіші Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік»
шығармасында да табиғатты суреттеулер кездесетіндігін айтады [69, 120].
Алғашында табиғаттың бiр бөлшегi түрiнде көрiнiс берген бұл түр-
дегi бейнелеулер ұшырасса, кейiннен ақын-жыраулар шығармаларында та-
7
биғат аздап суреттеле бастайды. «Табиғат ұғымы жыраулар поэзиясында
көпшілігінде «туған жер», «ата қоныс», «атамекен», «ата жұрт» деген сөз-
дермен беріледі. Ал бұл сөздерді біз туған жер табиғаты деген ұғымның
синонимдері ғана емес, тікелей өзі деп санаймыз. Өйткені ол кез – табиғат
деген араб сөзінің әлі халықтық қолданысқа ене қоймаған кезі» [66, 9].
Әрине, жыраулар шығармаларын түр жағынан да, тақырыбы жағы-
нан да, мазмұны жағынан да табиғат лирикасы дей алмаймыз. Мысалы:
«Тауға бiткен қайыңның // Солқылдар басы жел өтсе // Тоғайға бiткен жо-
ңышқа // Солғын тартар күн өтсе» [70, 167] немесе «Ақжайлау мен
Сандықтас // Атамның қонған қонысы. // Түн асса, тұтам түгi өскен //
Басылмайтын сонысы. // Аққан бұлақ сай-салаң, // Шытырман тоғай айна-
лаң...» [70, 198]. Ал Абыл ақын өлеңiнiң үзiндiсiнен тау биiктiгi, сұңқар
құстың ерекшелiгi, көл суының молдығы байқалса, Есет биде таудағы
қайың мен тоғайдағы жонышқаның кей қасиеттерi көрiнедi. Дулат ақында
жердiң қасиетi, құнарлылығы, бұлақ көптiгi, өсiмдiктiң өсу ерекшелiгi,
тоғайдағы тал жиiлiгi, жайлау кеңдiгi айтылады. Сөз жоқ, бұл көрiнiстер өз
алдына жеке тұрып, табиғат әсемдiгiн, ерекшелiгiн жалаң қызықтауға
әкелмейдi, белгiлi бiр адам сезiмiн, көзқарасын салыстыра ашуға қызмет
етуiмен ерекшеленедi.
Қазақ, башқұрт, татар әдебиетiнiң көрнектi өкiлi Ақмолла
Мұхамедияров табиғатты арнайы өлең объектiсiне айналдырған. Мәселен,
«Күз», «Жаз», «Көктем» деп аталатын шығармалары әр жыл мезгiлiнiң өз
ерекшелiктерiн ашуға арналған. «Жаз» өлеңiнде: «Тербетiлiп айдын көл-дер
шалқиды, // Түрлi құстар баурын төсеп қалқиды. // Көкорай шөп көлдi
айнала көмкерiп, // Мас қылады, күштi жас иiс аңқиды» [70, 346].
Жалпы қай саланы алмайық, өз жолы, қалыптасу дәстүрі болады.
Пейзаждық лирика да сондай қалыптасу дәстүрін басынан кешті. М. Базар-
баев дәстүрдің мазмұн мен формадан ерекшелігін нақты көрсетіп, оның
формаға қарағанда кең мағынаны білдіретінін, белгілі бір дәуір барысында
өзгеріске аз ұшырайтынын не ұшырамайтындығын айтса [71, 286], белгілі
әдебиеттанушы М. Қаратаев дәстүрді кең мағынасында философиялық
проблемаға жатқызады: «Дәстүрге сүйену дегенді дәстүрге еліктеу немесе
дәстүрді қайталау деп ұғатындар болады. Және дәстүрдің әсерін қабылдап,
одан үйрену жолын осы ретпен іздеу жиі кездеседі» [72, 163] – деп көрсе-
теді. Ғалым Р. Нұрғали дәстүр мәселесін жан-жақты қарастырса [73, 7],
зерттеуші Н. Келімбетов дәстүрге мынадай жалпы анықтама береді:
«Дәстүр халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекетінің рухани негізі болып
табылады. Мұның өзі көркемдік дәстүр жалғастығына да тікелей қатысты
болып келеді. Өйткені әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық
ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеріп, оны жаңа қоғамдық-тарихи
жағдайға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс» [74, 3].
8
Табиғатты реалистiк әдiспен арнайы алып бейнелеу дәстүрі қазақ
әдебиетiнде Абай поэзиясынан бастау алды деуге негiз толық. Көрнектi
ғалым З. Қабдолов пiкiрi ой саларлық: «Табиғат көрiнiстерiн, оған бөлен-
ген қазақ даласындағы тұрмыс-халдi суреттеуге көптеген өлеңдер арнал-
ған және қазақ әдебиетiнде Абайдан бұрын табиғат көрiнiсiн мұншалық
шебер, терең һәм жан-жақты жырлаған ақын болған емес» [75, 32]. «Абай-
дың табиғат лирикасы, әсiресе жылдың төрт мезгiлiн суреттейтiн өлеңдер –
күштi ақындық шеберлiкпен, зор мәдениетпен жазылған аса сұлу, сырлы,
сылқым жырлар. Бұлардың композициялық құрылымында да өзiндiк
ерекшелiктер бар…» десе [75, 34], зерттеуші Т. Әлімқұлов: «Абайдың та-
биғат туралы жазған жырларының өзінде әлеуметтік өмір асқан зор
байқампаздықпен суреттеледі, қазақ ауылындағы тоқтық пен жоқтық,
үстемдік пен кіріптарлық қарама-қарсы көрініп отырады. Ақынның алғаш-
қы жариялаған «Жазында» бұл сыр байқалыңқырамаса, кейінгі «Күзінде»,
«Қараша мен желтоқсанында» толығырақ ашылады» [76, 30].
«Табиғатты жырлау – сонау ауыз әдебиетiнен бастап күнi бүгiнгi
поэзияға дейiн ешқашан үзiлмей жалғасып келе жатқан дәстүрлi үрдiс.
Жылдың төрт мезгiлiне арнап өлең жазу дәстүрiн қазақ поэзиясында Абай
жасап берген болатын» [53, 5], – деп көрсетеді.
Тақырыптарды «махаббат лирикасы», «табиғат өлеңдерi» деп бөлуде
шарттылық орын алады. Кейбiр өлеңдерде табиғат пен махаббат, т.б. өзара
ұштасып, өрiлiп жатады. Мысалы, Абайдың «Желсiз түнде жарық ай»
өлеңiн алсақ, мұнда табиғат көрiнiсi мен адам сезiмi сабақтастырыла
өрiлген: «Желсiз түнде жарық ай, // Сәулесi суда дiрiлдеп,...//... Келмеп пе
едiң жол тосып, // Жолығуға аулаққа?» [77, 60].
Өлеңдегi алғашқы шумақты оқи отыра көз алдымызға табиғаттың
әсем көрiнiсiн елестетемiз. «Желсiз түнде жарық ай» болатынын келесi
тармақ аша түскен. Ай жарық болмаса, сәуле суда дiрiлдемейтiн едi. Ағып
жатқан өзен толқынының әсерiнен де сәуленiң суда дiрiлдеуi лирикалық
кейіпкердің қабылдауына сай алынған. Келесi тармақтардан да ақынның
күнделiктi табиғат көрiнiсiн келісті өрнектеумен шектемей, адамның iшкi
сезiмiмен астастырып, өлеңдi әсерлi етiп жеткiзгенiн көремiз.
20-30-жылдар өлеңдерінде табиғатты жырлау жаңа қоғам құрушы-
лардың артықшылығын дәлелдеуге бағындырылып, соның нәтижесінде
адамдардың канал қазу, т.б. жалған әсемдікке баса көңіл бөлінді. Белгілі
зерттеуші М. Базарбаев: «Бұл жылдарда уақыт, заман тудырған тақырып-
тар дүниеге келді. Әсіресе сол кездегі идеология ақындардың басын
бұлтартпастай етіп, жаңа заманға лайық қамыт кигізгендей, тақырып ауқы-
мы тарыла бастады. Біріншіден, ақындардың төңкерісті жырлауы міндет
болса, екіншіден, жаңа қоғам құрып жатқандықтан таптық аражікті айыру
үшін де тап күресі тақырыбын сол тұстағы идеология алға қойды: кедейді
жырлау, бай-манап, шынжырбалақ, шұбартөстерді сынап-мінеп жазу,
9
байлықтан бас тартып, кедейлік дәстүрге шоқындыру қоғам талабына
айналды. Осыған орай кәмпеске тақырыбы да жыр өзегіне айналуға тиіс
еді. Бұдан соңғы коллективтендіру кезеңі мен Қазақстанда жүргізілген
«Кіші Октябрь» науқаны да поэзияның жазбасаң болмайтын тақырыбына
айналғаны – сол кездің уақыт шындығы» [78, 76], – деп көрсетеді.
«30-жылдарда табиғат лирикасы біршама дамығанымен сәтті үлгі-
лері айтарлықтай көп емес. І. Жансүгіровтің «Жетісу», Қ. Аманжоловтың
«Хан Тәңірі» сияқты суырылып шыққан жырлар сирек» [78, 205].
Табиғат туралы жазбаған ақын кемде-кем. Бiрақ соны қалай жыр-
лады дегенде, бiз әр ақынның өзiндiк ерекшелiктерi мол екенiн анықтай-
мыз. С. Торайғыровтың табиғат жайындағы өлеңдерiн қарастырсақ, онда
әсем көрiнiстер аясында сезiмдегi өзiндiк мұң да байқалады. Мысалы:
«Дауылға әлсiз қара ағаш, // Күдерiн үзбес өмiрден. // Бұтасыз түбi
жалаңаш, // Жас топыраққа көмiлген» [79, 155] екендігін анық көрсетеді.
Ал Сәкен өлеңдерiнде табиғат көбiнесе көтерiңкi көңiл-күй әсерiмен
суреттеледi: «Мен келем тау iшiнде түнделетiп, // Аймақты күңiрентiп,
өлеңдетiп, // Астымда ақ боз атым сылаң қағып, // Жалтақтап құлақтарын
елеңдетiп» [80, 68].
Мағжанның да стиль ерекшелiгiне сай табиғат тақырыбындағы өлең-
дерiнде өзiндiк торығу, күйiну, т.б. басымдығы назар аудартады. Атап айт-
қанда, «Жаралы жан» өлеңiнде ақын даланы өлiкке балайды: «Сар дала
бейне өлiк сұлап жатқан, // Кебiндей ақ селеулер бетiн жапқан. // Тау да
жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ, // Сәуле емес, қан шашып тұр күнi батқан»
[81, 56].
Зерттеуші С. Қирабаев: «Қазақ даласының табиғатын Мағжан таза,
пәк күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Та-
биғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да
оны әр күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөп-
тер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даланы кебін оран-
ған өлікке теңейді. ..Оларда ой да, сезім де еркін, сыршыл, нәзік, мұңды
көңіл-күйі аралас жүреді» [82, 99], – деп байқатады.
«Соғыс жылдары лирика жанрлық жағынан жан-жақты өріс алып,
жетіле түсті... Табиғат лирикасы да қатардан қалысқан жоқ. Табиғат лири-
касының өзінен де сол дауылды жылдардың лебі есіп тұратын болды. Бұл
жылдары біраз ақындар туған өлкенің табиғатын ақынға, жауынгерге дем
беріп, рухтандырған ана, Отан кейпінде символдық образдармен орынды
жырлады (Ғ. Орманов «Алатау-Ана», «Гүл», Ә. Сәрсенбаев «Атырау»,
«Шалқы теңіз»). Кейде майдандағы жауынгерлердің елдегі туған-туыста-
рына деген ыстық сағынышы, жүрегін елжіреткен жылы сезімі де осы
табиғат лирикасы арқылы әдемі өрнек тапқанын байқау қиын емес» [83, 9].
Табиғатқа әдеттегi, қарапайым адам көзiмен қарап, оны сәттi жыр-
лаған ақын – Ғали Орманов. «Ғ. Ормановтың аз сөзбен астарлы сурет салу
10
шеберлiгiн, әрi соның бәрiн ақын стилiне сай лирикалық кейіпкердің өзiн-
дiк сабырлы, салмақты сезiмi тұрғысынан нақыштауын көремiз» [84, 57].
Мысалы, «Бурабай» өлеңiнде: «Толқын тосып құшағын, // Еркелей жүздiм
көлiне. // Кiлемiн жайып көп шалғын, // Аунадым майса көгiне” [85, 194].
Толқын құшағын тосуы, шалғынның кiлем жаюы, лирикалық «меннiң»
көлде еркелей жүзуi, көк майсаға аунауы, соның бәрiнде ақын стилiне сай:
лирикалық кейіпкердің қарапайым пенде әрекетi шеңберiнен шықпауы,
онша асып- саспай-ақ әдеттегi, қалыпты сезiмiмен көрiнуi – бәрi келiстi
өрнек үлгiлерi. Келесi шумақтарда да көлдің «алдыма тартып айнасын» деу
арқылы мөлдiрлiгiн, тұнықтығын жайып салады. «Аз сөзбен әсерлi сурет
салу шеберлiгiн» дәлелдей түседi.
Қ. Аманжоловтың да өзiндiк ерекшелiгi бар. Ол өлеңдерiнде өзiнiң
iшкi сезiмiн жай сездiрмей, оны ерекше үнмен бередi. Ақынның 1943 жы-
лы жазылған «Байкал» өлеңiндегi: «Шымылдықтай төгiлген // Араладым
орманын, // Аспанменен егескен // Бастым зәулiм шыңдарын. // Күркiреп
көкте кеңескен, // Бұлттың сөзiн тыңдадым» [86, 93] деген жолдарға көңiл
бөлейiк. «Шымылдықтай» төгiлу арқылы кестеленген орман ағаштарының
жиiлiгi аспанменен егесу арқылы өрнектелген шың биiктiгi суреттеуiнен
кейiн бұлттың күркiреп келуi де оқырманды ұйытарлық көрiнiске айналған.
Елуiншi жылдардың ортасына дейiн көркем әдебиеттiң басқа сала-
лары тәрiздi лирикаға қойылған талаптарда өмiр қайшылығын жеңiлдету,
адам сезiмiндегi тартыс атаулыға жолатпау, социализмдi жалаң мадақтап,
капитализмнен тек кемшiлiк iздеу тәрiздi солақай, терiс, қарадүрсiн саясат,
зорлық, қысым үстемдiк еттi. Соның салдарынан табиғатты жалпылама
бейнелеп, жалаң ұран, еңбек жетiстiктерiн мадақтау, т.б. үстiрттiк басым
болды. Мысалы: «Жанданған дала ой мен қыр, // Көңiлдi колхоз ауылым. //
Жорытқан таңнан трактор, // Тiлiмдеп жердiң сауырын» [87, 139].
Ауыз әдебиетiнен бастау алып табиғатты жырлауда қалыптасқан
дәстүрдiң бүгiнгi поэзиядағы орны ерекше. Зерттеуші ғалым Ә. Нарым-
бетов дәстүр жайлы былай дейдi: «Әдебиетте дәстүр деп бiз кейде көне
ауыз әдебиетiнiң көркемдiк амалдарын жаңғырта пайдалануды айтамыз.
Ауыз әдебиеті мұрасына творчестволықпен арқа сүйеудiң әрi дәстүр екенi,
екiншi жағынан жаңашылдық екенi рас. Өйткенi ауыз әдебиетi сарынының
қазiргi жаңа өмiрдi жырлауға қызмет етуi, әрине, дәстүр» [53, 47].
Табиғат лирикасын сөз еткенде, оның тамыры тереңдерден нәр алған
дәстүрдiң озық үлгiлерiн, қаймағын бойына азық қылғанын естен шығар-
маған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |