енді, есі кірді, ақыл-есін алды, аруағы риза, аруақ қолдасын, аруақ қысты,
аруақ қонды, жыны келді, арқасы қозды, дегбірі қашты, делебесі қозды,
бағы ашылды // жанды, қайтты, құт қонды, берекесі кетті т.б.
Олай болса, осы тектес тұжырымдарға сүйеніп, тілімізден көптеп табуға
болатын мифтік түсінік, наным-сенім негізінде қалыптасқан жеке сөздер мен
сөз тіркестерінің лексикографиялық дефинициясын, этнолингвистикалық
интерпретациясын беруге болады. Мысалы: Бойтұмар. Ескі наным
бойынша, оның «желеп-жебеп жүретін қуаты бар» деп есептеледі.
Асатаяқ – бұл шамандар қолында жүретін қоңыраулы таяқ. Яғни кез
келген кісі оны ұстамайды және жай таяқ емес, ерекше қасиеті бар таяқ.
Оны фольклор материалдары да дәлелдейді:
Ақ сәлдесі басында
Сырлы аса колында.
Өзі ақтың жолында
Бір диуана келді де
Асамен түртіп оятты («Алпамыс» жыры).
Ұлттық дүниетаным мен рухани мәдениеттің ерекше кумуляциясы
фразеологиялық тіркестер жүйесінде сақталғандығы белгілі. Бұл тұрғыдан
фразеологизмдер ғалымдардың тұжырымдарында «рухани әлемнің үзік-үзік
бөліктері» деп анықталып, профессор Қ.Жұбанов идеясымен астасады.
Мысалы: Жұлдызы қарсы болу, жұлдызым жоғары, қазан аузы жоғары т.б.
Сонымен бірге мифтік танымнан эвфемистік, символдық мәнге ауысып,
қазіргі тілде ол мәннен де алыстап кеткен сөздер мен сөз тіркестері тілде
баршылық. Немесе отқа табынумен байланысты туған: отың өшсін (қарғыс),
отбасы, отағасы т.б.
Ал, қазіргі қолданыстағы тұсаукесер, мәңгүрт т.б. мысалдар бұрынғы
этнографиялық, мифтік мәнін жоғалтып, қазірде жеке атауларға, терминдерге
айналған. Немесе ала сөзін синхрондық тұрғыдан түстің атауы ретінде
түсінсек, ежелгі заман түсінігіне сай «ала» сөзі – бойында жұмбақ сыры мол
киелі ұғым. Қараңыз: ала жіпті аттамау, адам аласы ішінде, алас ұрды,
аластау, алас-алас, отқа қалас.
Демек, қазақ тіліндегі ұлттың әлеуметтік тұрмысын, тарихы мен
мәдениетін белгілеген тілдің деректері – профессор Қ.Жұбановтың
пайымдауында қазақ әлеуметтік-мәдени кеңістігінде қалыптасқан ұжымның
этнотаңбалық жүйесі. Мысалы, тайға таңба басқандай, қой үстіне
бозторғай жұмыртқалаған заман (8, 100) т.с.с. идиомалар көркемдік ойлау
деңгейін ғана емес, ұлттың күнделікті тәжірибесінен қалыптасқан танымдық
тұжырымын да белгілейді.
225
Сонымен, тіл халықтың рухани да заттық мәдениетінің мол көзді арнасы,
халықтың өткен өмір жолын бейнелейтін бай тілдік деректері сақталған
«таным қоймасы» (Қ.Жұбанов).
Себебі тілдік қолданыстың танымдық негіздерге сай өзгеріске түсуін
көрсететін тарихи, мәдени (рухани, заттық) тілдік деректер жетерлік.
Тіліміздегі осындай тарихи сілемдерді зерттеуде Қ.Жұбановтың ана
тіліміздің өзіндік ерекшеліктері мен тілдік деректерін негіз етіп алуды
ұсынған мына тұжырымын ұстаным ретінде белгілеуге болады: «...Поскольку
история языка не постигается одним тем, что в состоянии дать
письменные памятники, то не остается иного пути кроме использование
материалов, которые доставляют нам сам живой язык, в силу своей
природы представляет собой накопление всей предшествующей истории
человечества» (8, 35).
Профессор Қ.Жұбановтың тіл деректерін осылайша тіл тарихымен, сол
тілде сөйлеуші этностың тарихымен бірлікте қарау оны этнолингвистикалық
зерттеумен сабақтастырады. Оның себебі мен мәнін акад. Ә.Т.Қайдаровтың
мына пікірі нақты түсіндіреді: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму
жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған
сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде
жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана.
Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана
сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-
жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға,
әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты
ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни
жеке сөздер мен тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана
бізге жетуі мүмкін» (101).
Демек, осы тұжырымға сай тілдің тарихи даму барысын зерттеудің бір
тірегі – этнолингвистикалық қағида, яғни атаулар тек шартты түрде болса да,
тілдегі сөзжасам модельдері арқылы заттың уәжді белгісіне ғана
негізделмейтіні байқалады. Себебі, бір затты «тілдік көру» әр сөйлеуші
ортада әртүрлі болуы мүмкін.
Нақты айтқанда, әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани,
мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті
тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы т.б. сол
тілде сөйлеуші ортада қалыптасып, тілінде сақталады. Демек, сөз заттың тура
таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік
шығармашылық үдеріс нәтижесінде туған бейнесі. Сондықтан «ұлт пен тіл
біртұтас» деген қағидаға тектес зерттеулердің табиғатынан туындайтын
этнолингвистикалық тәсіл лингвистикалық талдау мен этимологиялық
ізденістің кепілі мен қажетті шарты бола алады.
Қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалаған тұңғыш профессоры
Қ.Жұбановтың ғылыми ой-өрісі мен танымдық тереңдігінен туындаған
ғылымдағы сабақтастық қазіргі тілді зерттеуде тілді тұтынушының жан-
226
дүниесімен, күнделікті әрекетімен тығыз байланыста сипатталатын үрдіске
сай лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. бағытта жан-жақты зерттеліп,
өз жалғасын табуда. Соған орай ұлт болмысы туралы Қ.Жұбановтың ғылыми
мұрасында маңызды тұжырымдар жасауға дәйек болған этнографизмдер,
лингвокультуремалар, басқа да этномәдениеттің архетиптік көріністері тек
қана мәдениетті айқындап қана қойған этнолексика емес, түрлі символдар
түрінде этномәдени кеңістік құратыны антропоөзектік парадигмада жаңа
мазмұндық теориялық-әдіснамалық сапада кешенді қарастырылуда.
Достарыңызбен бөлісу: |