101
Мұны естіген Әбу Зәрр басын көтеріп:
"Иә, жолаушымын, алыс жолдан келген жайым бар", - деді.
Хазіреті
Әли:
"Онда жүр үйімізге, қонағымыз бол" - деп, Әбу Зәррді үйіне ертіп
апарып, күтеді. Бірақ екеуі де бір-біріне сақтық жасап, ол түні жақ ашпады.
Таң атқан соң Әбу Зәрр Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) іздеу үшін тағы да
қағбаға барады. Келген-кеткенге қарап, әрлі-берлі жүрумен кешті батырады.
Бірақ ешбір дерек жоқ.
Осылайша тағы да үмітсіз кейіпте отырған оның жанына тағы да
Хазіреті Әли келеді.
"Әлі қайда кетеріңді білмей отырсың ба?" - деп сұрайды.
"Иә, дәп солай" - деді Әбу Зәрр.
"Онда бізге жүр, мейманымыз бол" - деп, Хазіреті Әли тағы да қолқа
салады. Жолда келе жатып ол қонағынан қайдан, не мақсатпен келгенін
сұрайды.
Әбу Зәрр:
"Егер ешкімге тіс жарып
айтпайтындығыңа сөз берсең, айтайын", -
деді.
Хазіреті Әлидің уәдесін алған соң Әбу Зәрр оған сапарының мақсатын
түсіндіре бастады:
"Мен - ғифар руынанмын. Осы Меккеден ақырзаманның пайғамбары
шықты деп естідім. Сол адамға жолығайын деп келіп едім."
Әбу Зәррдің мақсатын ұққан жас сахаба Әли көздері күлімдеп:
"Сен тура жолды таптың, қуаныштымын.
Мен қазір Расулаллаһқа бара жатырмын. Сен де ізімнен жүріп отыр.
Мен кірген есіктен сен де кір. Нысаналы жерге жеткенше осылай бейтаныс
кісілерше жүріп барамыз. Егер алда-жалда жолай саған зияны тиетіндей
біреу кездесе қалса, еңкейіп кебісімді түзеткен боп белгі беремін. Ал сен
маған қарайламай, тіп-тіке қасымнан өте шық", - деді.
Сөйтіп, екеуі үйден шықты. Хазіреті Әлидің ізімен жүріп отырып, Әбу
Зәрр аман-есен Мұхаммедтің (с.а.у.) құзырына кірді.
Әбу Зәрр кірген бетте:
"Ассалаумааләйкум, уа, Аллаһтың Расулы!" - деді.
Ислам тарихында бұлайша сәлем берген
тұңғыш адам - осы Хазіреті
Әбу Зәрр.
Сүйікті Пайғамбарымыз: "Аллаһтың рахметі саған да жаусын", -
деді де, келген кісіден кім екендігін сұрады. Әбу Зәрр:
- Мен - Ғифар тайпасының өкілімін.
- Қашаннан бері Меккедесің?
- Қайда жатып, ас-суыңды қайдан ішіп жүрсің?
- Зәмзәм суын ішіп күнелттім. Аштықты сезінген де жоқпын.
- Иә, зәмзәм - берекелі, тойымды азық.
- Уа, Расуаллаһ! Маған Исламды түсіндір.
102
Екі жиһанның нұры - Мұхаммед (с.а.у.) Аллаһтың соңғы діні, иманның
шарттары жайында егжей-тегжейлі баяндап берген соң Хазіреті Әбу Зәрр сол
жерде кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман атанады.
Иман келтіріп, мұсылмандықты қабылдаған Әбу Зәррге әрдайым
сақтықты ұстанатын Мұхаммед (с.а.у.) мынадай ұсыныс айтты:
"Ей, Әбу Зәрр! Сен әзірге бұл іс туралы жан баласына айтпа. Еліңе
қайт, жақсылықты жария етуге асықпа. Дінімізді ашық таратуға Жаратқаннан
жарлық алғанымды естіген күні келерсің."
Толқып, жүрегі қуаныштан лүпілдеген Әбу Зәрр:
"Уа, Расулаллаһ! Сені хақ пайғамбар ретінде жіберген Аллаһ
Тағаланың атымен ант етемін. Мен бұл жайтты мүшріктер арасында ашық
түрде жарияламай қоймаймын", - деді де үйден шығып, Қағбаға қарай бет
алды. Сол жерден бүкіл мүшріктерге естірте:
"Уа, құрайыштар!
Мен Аллаһтан
басқа тәңірінің жоқ екендігіне, Мұхаммед (с.а.у.) оның
елшісі екендігіне куәмін!" - деп дауыстады.
Әрине, мұны естіген мүшріктер қарап қалмады. Тарпа бас салып, Әбу
Зәррді қан-жоса қылып соққыға жықты. Егер сол сәтте (әлі мұсылмандықты
қабылдамаған) Хазіреті Аббас көріп, оның Ғифар руынан екенін,
ғифарлардың Шамға барар сауда-саттық жолының иесі екенін ескертпегенде,
мүшріктер Әбу Зәррді өлтіруден тайынбайтын.
Алайда иманнан қуат алған Хазіреті Әбу Зәррді сойыл да, соққы да
тоқтата алмады. Есін жия салып ертеңіне тағы да Қағбада Аллаһтың барлығы
мен
бірлігін, пайғамбардың хақтығын айтып, жар салды. Мүшріктер сау
тамтығын қалдырмай дүрелесе де, ол айтқанынан қайтпады. Бұл жолы да
Хазіреті Аббас араласып:
"Неткен жауызсыңдар! Ғифар руының адамын өлтіріп, осы күндеріңді
өздеріңе көп көріп отырсыңдар ма? Ғифарлар сауда жолын жауып тастаса не
істейсіңдер?!" - демегенде мүшріктердің қолынан мерт болуы мүмкін еді.
Осы оқиғадан кейін Әбу Зәрр хақ дінге өз руластары мен жерлестерін
шақыру мақсатымен еліне қайтты. Хижри алтыншы жылына дейін сонда
болып, Бәдір, Ухуд, Хәндек шайқастарына қатыса алмады.
Онан кейін ылғи
ақырзаман пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.у.) қасында жүрген.
Достарыңызбен бөлісу: