З. Ж. Тасмағамбетова ХІХ ғасырдағЫ Қазақ Әдебиетінің тарихы



Pdf көрінісі
бет22/43
Дата15.02.2023
өлшемі0,86 Mb.
#68100
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   43
 
?! 
1) Ы.Алтынсарин әңгімелері қандай үш топқа бөлініп қарастырылады? 
2) Ы.Алтынсариннің төл әңгімелерін атаңыз? 
3) Ы.Алтынсариннің еңбектерін атаңыз? 
4) Ы.Алтынсариннің көркем бейнесін сомдаған ақын-жазушыларды атаңыз? 
5) Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегі туралы ғылыми 
тұжырым жасаған кімдер? 
 
 
 
11 Абай Құнанбайұлы 
(1845-1904) 
Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл – ойы мен мәдениетінің, өнері 
мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев. Абай - 
өз ұлтының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясының 
қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің шындығын дәл 
бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. 


56 
Кемеңгер ақынның ұлы мақсат – мүдделері бізге тамаша әдеби еңбектері 
арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі 
мәселелерін қамтиды, сол кездегі қазақ қоғамының шын сырын ашты. Абайдың 
шығармалары - өз дәуірінің келелі мәселелерін реалистікпен суреттейтін, 
мазмұнға бай, ізгі ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.
Абай шығармалары (бір-екі өлеңінен басқасы) қолдан көшіріліп, қол 
жазба күйінде не жатқа айтылу арқылы ғана дараланды. Ақын өлеңдерін шағын 
жинақ ретінде 1909 жылы Кәкітай Ысқақов бастырған еді. Ал одан кейін 1917 
жылы Құрманов дегеннің редакциясы бойынша Абайдың таңдамалы 
өлеңдерінің шағын жинағы Орынборда басылып шықты. 
Россия географиялық қоғамы Абай туралы мәліметтерді ерте кезден-ақ 
бере бастады. 1906 – 1907 жылғы «Хабарларында» ақынның суретін және ол 
туралы мақала жариялады. Ал 1917 жылы сол қоғам А.Н.Веселовскийдің 
құрметіне арнап шығарылған «Шығыс жинағының» үшінші бөлімінде ақынның 
кейбір өлеңдерін бірінші рет орыс тіліне аударып басты.
Абай ақындық жолға бет бұрғандағы алғашқы сөзін орыс мәдениеті мен 
білімінен үйренуге, оның маңызын насихаттауға арнады. Оның «Жасымда 
ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы 
болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. 
Абай мұнда ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. 
Абай дін жайын, адамның жартылыс сырын өлеңде де, қара сөзде де көп 
қозғаған ойшыл. Ол шығармаларда ислам дүниетанымын, ислам негіздерінде 
жатқанын арнайы, кең, әрі ғылыми негіздерді, исламның ғылыми, танымдық 
қағидаларын ескере отырып, ендігі кезеңде соны пайымдаулар жасаудың 
қажеттілігі айқын сияқты.
...Көңілге шек мүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын,
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлуге тоя алмаймын. 
1898 жылы жазылған өлеңі «Өлсем, орным қара жер» М.Әуезовтың 
түйіндеуінде Абай өмірінің соңғы шағының үлкен қорытындысы. 
1902 жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде де ақын дін, 
исламият жайын қорғайды. Адамзатты махаббатпен жаратқан алланы сүюге 
тартады.
...Махаббатпен жартқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жөннен тәтті. 
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, 
Және хақ жолы осы деп әділетті. 
Абай қазақ жеріндегі теңсіздікті, тағы басқа қайшылықтарды түсіне білді. 
Оны өзінің бойындағы ақындық шабыттың бар күшімен жырлады. Бай мен 
кедейдің арасындағы тұрмыс қайшылығын, дәулет теңсіздігін көрді. Өзінің 
«Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлеңдерінде қазақ 
кедейлері мен байларының өмірін салыстыра бейнелеп, кедейлердің аянышты 
халін аша суреттеді. Кедейдің үй ішінің көрінісін ауыр тұрмысына ұштастыра 
реалистікпен бейнеледі.


57 
Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып. 
Тоңған үйін жылытып, тонын илеп, 
Шекпен тігер қатыны бүрген қағып. 
Қожасының малының соңында ауыр азапта жүрген кедей тұрмысы, оның 
реңсіз үй іші, құлазыған үйде бүрсен қағып, тай терісін илеп, шекпен тігіп 
отырған әйелі көзіне елестейді. Абай А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовтың 
реалистік әдістерін жете меңгерген еді. Осы әдіспен қазақ ауылының 
тұрмысына тән көріністерді бейнелейді. Әлеуметтік өмір шыңдығын жырлады. 
Мәселен, ол оқушыларға кеңінен мәлім «Жаз» деген өлеңінде тек көкрай 
шалғын, бәйшешек басқан даланы, не үйрек ұшып, қаз қонған қоғалы көлді 
жалаң суреттемей, көл жағасын жайлаған құлан тайлары, маңыраған малымен 
қонып жатқан қазақ байларының салтанатын қоса суреттейді.
Абай шығармаларында халық поэзиясының көркем тілі, қанатты сөздері 
көп кездеседі. Мысалы, халық аузында иі кездесетін теңеу, эпитет, 
метафораларды Абай мол қолданады. Ақынның «Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі 
қызыл, ұқсайды қоса сұлу шомылғанға». «Сен жаралы жолбарыс ең, мен 
киіктің лағы ем», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аө қара көзі нұр 
жайнайды» деген және тағы басқа сол сияқты жолдарындағы теңеу, эпитет, 
метафоралар, образды сөздерінің негізі, сайып келгенде, әрине, халықтық. 
Өйткені, халықтың мақал – мәтелдерін, импровизаторлық поэзияның кейбір 
үлгілерін орынды пайдаланды. Бұл да Абай поэзиясының халықтығының және 
реалистігінің бір сипаты еді. 
Абай өлеңдері – тіл жағынан ерекше көркем. Ол – қазақ тілінің 
лексикалық байлығын жете меңгерген ақын. Абай, әсіресе, қазақ тілін діни 
сөзбен шұбарлаушыларға өте-мөте наразы болды. Ол тіл бүлдірушілерді қатты 
сынға алып, өзі қазақтық әдеби тілін байытты. Ақынның:
Бөтен сөзбен бұлғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы, -
деп келетін атақты өлең жолдары бәрімізге жақсы таныс.
Сөйтіп, Абай «тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін», айналасы теп-тегіс 
өлең кестесін жасап берді.
Абай поэзиясының тілі туралы алғаш ғылыми пікір қозғаған профессор 
Құдайберген Жұбанов: «Абай тілінің сөздігі, грамматикасы, Абай өлеңінің 
өлшеуі, ырғағы, ұйқасы, Абай суретінің бейнесі – бәрі бірге қосылып та, бірге 
тұрып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптық күйіне билеп тұраты... Өлеінің 
өлшеуі мен ұйқасына кіргізген сыртқы өзгерісінің өзі тек өздігінен бола салған 
іс емес. Абайдың барды сынай отырып, соған тартқанынан туған межесі» деген 
орынды пікілер айтып, ақын жаңалықтарын ғылым тұрғысында тұңғыш 
танытты. 
Абай поэзиясындағы бірнеше әдіспен, маңызды тақырыптар түйісіп, 
шоғырланып келетін өлең – «Сегіз аяқ». Бұл өлең өз басының мұңын шаққан 
ақынның арнауынан басталады. Ол сөз өнерін: 
Жүректен тербеп,
Алыстан сермеп, 


58 
Шымырлап бойға жайылған, 
Қиуадан шауып, 
Қиыннан тауып, 
Тағыны жеңіп қайырған, - деп жырлай келіп елдің берекесін кетіріп, 
көзін аштырмай отырған бір – бірімен дауласу, қастасу, өтірік ауыз беру секілді 
жаман әдеттер бар екенін нақтылап көрсетіп: 
Таласып босқа. 
Жау болып досқа, 
Қор болып құрып барасың, - деп өкініш білдіреді.
Абайдың табиғат лирикасы өлеңдерінде ақынның ой – сезімі, жан – 
дүниесі де терең ашылған. Ол өзінің шығармашылығында жыл 
маусымдарының: қысты, күзді, көктем мен жазды береді. Табиғат лирикасының 
ішінде өзгелерден тақырыбы жағынан оқшаулау туған өлең – саятшылық 
өнерді өте көркем, келісті бейнелейтін «Қансонарда шығады аңға». Бұл өлеңде 
Абай аңшының құс салып түлкі алуын түрлі – түсті бояумен бейнелеген 
суреттегідей көзге айқын елестете сипаттаған. 
Абайдың табиғатты суреттеудегі туындылары күзге арналған. Көшпелі 
елдің күзгі тіршілігі мен табиғатының жүдеу көрінісін ақын былайша 
суреттейді: 
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай. 
Қайыршы шал кемпірдей түсі кетіп, 
Жапырағынан айырылған ағаш қурай. 
Абай шығармалары біз үшін аса қымбат мұра екедігін, Абайдың қазақ 
әдебиетінің тарихында ерекше орны бар, әдебиет тілдің негізін қалаған классик 
ақын екендігін дәлелдейді. Сондықтан оны Мұхтар Әуезов «Қазақтың 
классикалық әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» 
деп орынды атаған. 
Абай – ХІХ ғасырдағы ағартушыларының озық идеясын қазақ жеріне 
алғаш әкелуші. Олардың тамаша шығармаларын өз халқы тіліне аударып 
таратушы.
Абайдың қазақ мәдениеті мен әдебиеті тарихынан алатын орны да оның 
шығармашылық жан – жақтылығымен, тереңділігімен, ағартушылық, ақындық 
еңбегінің зор маңыздылығымен белгіленеді. 
?! 
1) Абайдың әйгілі «үш сүюін» атаңыз? 
2) Абайдың бірыңғай афоризмдерден тұратын қара сөзін атаңыз? 
3) Абайдың ақын шәкірттерін атаңыз? 
4) Абайтану тарихының даму жолдары қандай кезеңдерге бөлінеді? 
5) Абай туралы алғашқы зерттеу-мақалаларды атаңыз? 
6) Абайдың демократтық-ағартушылық, халықтық көзқарасының дамуына үлес 
қосқан қандай орыс ойшылдарын білесіз? 
7) Абайдың 17- қара сөзі не жөнінде? 


59 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет