45
сипаттайды.
Мұнда тікелей нақыл айтылмайды, бір ғана оқиғаға, жағдайға
байланысты пікір болады.
Мақал мен мәтел қазақ өмірінің барлық саласына қатысты айтылады.
Өзінің философиялық, нақылдық мағынасы және нақтылық сипаты
арқасында мақал мен мәтел әрі практикалық,
әрі эстетикалық қызмет
атқарған. Әсіресе, бұрынғы қазақ қауымы үшін олар белгілі дәрежеде заң
ролінде болған. Билер ел арасындағы дау-дамайды шешкенде мақал мен
мәтелді жиі пайдаланып, соған сүйенген. Сондай-ақ мақал-мәтел өмір
тәжірибесіне негізделгендіктен тәлімдік те мақсатта қолданылған, сондықтан
да онда дидактикалық, үлгілік, ақыл-кеңес берерлік қасиет басым.
Тіршіліктегі
әр қилы жағдайға, қиындыққа, сауалға дайын жауап болып
көрінеді.
Терме. Бұл жанр құрылысы мен формасы жағынан өлеңге жатады.
Алайда, терме тақырыбы мен мазмұны жағынан іштей ерекшеленеді.
Айталық, лирикалы-эпикалық сипатта айтылатын термелер нақты бір
оқиғаға, жағдайға байланысты болады. Сонымен қатар терме көбінесе
нақылдық, ғақлиялы болып келеді. Міне, осы топтағы терме дидактикалық
жанрға кіреді. Мұндай термелердің басты мақсаты – ғибрат беру, сол себепті
олардың мазмұны өмірдегі бір ситуацияға, көбінесе адамның мінез-құлқына,
әсіресе, отбасының жағдайына байланысты мәселелер болып келеді. Бұл
шығармаларда тіршіліктің әр түрлі аспектілері теріліп алынады да, олар
кейде салыстырыла, бірде қарсы қойыла, я болмаса қатарластыра
баяндалады, соның негізінде нақыл айтылады, адамға ой салынады. Термеде
де белгілі бір жағдайда не істеу керек деген сауалға өзіндік жауап беріледі.
Бірақ осы таза практикалық ақыл-кеңестер ұйқас сөздермен, келісті әуенмен
жеткізіледі, ал бұл қасиеттер термені халықтың сүйікті өнеріне айналдырады.
Мысал. Кең тараған жанрдың бірі. Оның қайнар көзі екі түрлі: а) ежелгі
фольклор, дәлірек айтқанда миф пен хайуанат туралы ертегі; ә) көне
кітаптар, шығыстық кітаби тәмсілдер. Қазақ арасында мысалды (прозалық)
әңгіме түрінде де, өлеңмен де орындау дәстүрі болған.
Мысалдың негізгі
мақсаты – мораль айту, тәлім беру. Бұл тұрғыдан ол мақалға жақын. Оларды
жақындастыратын тағы бір нәрсе – нақты бір жағдайға байланыстылығы.
Бірақ мақал мінез-құлықтың моделін көрсетеді, ал мысал – өмір салтының
түрін жасайды. Мысалда аллегория басым, бірақ ол жалаң болмайды.
Аллегория мысалға эстетикалық
функция дарытады. Оның эстетикалық
болмысы баяндаудан көрінеді: кейіпкерлер контраста болады,
олардың іс-
әрекеті тартыста көрсетіледі. Сюжет мықты мен әлсіз кейіпкердің күресіне
құрылады да, көбінесе әлсіз жеңіп, әділеттілік орнайды. Осы аркылы ғибрат
беріліп, мораль айтылады, халықтық утопия жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: