2. Қазақ хандығын нығайту жолындағы Тәуке ханның қызметі
Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында Қазақ хандығының күш-қуаты өсіп,
бірлігі артты. Тәукенің туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылына байланысты ғылыми
зерттеулердегі пікірлер де әр түрлі. Жәңгір ханның ұлы және мұрагері Тәуке 1680 жылы
Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен
бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат
жұмсады. Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді.
Тәуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «әз-Тәуке» деген атқа ие болған.
Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тәуке
хан өте ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады», - деп
көрсетеді. Халық зердесінде Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстіне
бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. Орыстың белгілі
тарихшысы А.И.Левшин Тәукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген.
Тәуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін қазақтың барлық
рулары мойындамаған. Сондықтан Тәуке хан бытыраңқы қазақ қоғамының басын біріктіріп,
бір орталыққа бағынған мемлекет құруды басты міндеті деп санады. Осы мақсатта әр түрлі
әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды мемлекетті басқару ісіне тартты.
Бұған дейін мемлекетті басқару ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен
тартылатын еді.
57
Тәуке хан мемлекетті басқару ісіне туа біткен данышпан, ел арасында асқан ерлігімен,
батырлығымен дараланған тұлғаларды, яғни билер мен батырларды тартты. Бұл шаралар
нәтижелі болды. Мемлекетті басқару ісіне де үлкен өзгерістер енгізді. Билер кеңесін құрып,
оның билік ауқымын кеңейтті. Билердің әлеуметтік тегі тек ақсүйек табынан болмағанын
ескерсек, қарапайым халықты мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тәуке хан енгізген үлкен
өзгеріс болды.
Билер кеңесі мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты мәселелерді шешуде
үлкен қызмет атқарды. Билер шешіміне хан қарсылық көрсетпеді, яғни мемлекеттік биліктің
басым бөлігі халықтың қолында болды. Тәуке ханның тұсында «Билер кеңесінің» құрамына
атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Досай, Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба,
Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық би, Байдалы, Тайкелтір, Қоқым сияқты дарынды
қайраткерлер енді. Билер кеңесінің билік ауқымы зор болған. Бұл органның шешімі негізінде
ғана Тәуке хан мемлекеттік мәселелерді шешуге құқықты болған және билер кеңесі
қабылдаған заңдар мен шешімдерді жүзеге асырып отырған. Сонымен қатар «Билер кеңесі»
хандық билікті шектеу құқығына ие болған. Билер кеңесі соттық билікті де атқарған.
Халықтың дәстүрлі менталитетінде билердің қоғамдағы мәртебесін анықтайтын қағидалар
көп сақталған. Мысалға, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны
– биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік»
т.б. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тәуелсіз би атынан шығарылды. Атақты Әйтеке би
ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырды: «Менің өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі». Туа біткен
даналық мен шешендікті иеленген билердің өмірлік тәжірибесі де мол болды. 1820 жылы
орыс және европалық құқық нормаларымен жетік таныс Д. Самоквасов қазақтардың құқық
жүйесін зерттей келе, қазақ билері халқының салт-дәстүрі мен өткен тарихын да жақсы
білетіндігі туралы жазған. «Биі жақсының елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін
дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын да
көрсетеді. Билер шешен болған. Атап айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай әйгілі
шешен» деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тәуке хан ел билеуде атақты қазақ билеріне арқа сүйеп,
олардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді.
Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Әңгірен, Түркістан
мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мәртөбеде шақырылған. Жыл сайын Ташкент
қаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп
тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды.
Тәуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерінің және шежірешілерінің басын қосып,
қазақтың мақал-мәтел, шежірне, аңыз-жырларын жинаған. Сонымен қатар қазақ халқы
арасында бұрыннан қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын қайта
анықтап белгілеген. Бұл тарихта Орта Азияда өмір сүрген көшпелі хандықтарда болып
келген салт еді. Жаңадан таққа отырған хан өзіне қарасты тайпалардың таңбасын белгілеп
беріп отырған. Бұл көшпелі тайпалар арасында хандық өкімет билігін күшейтудің дәстүрлі
шараларының бірі еді.
Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан ыдырай бастаған үш
жүздің басын қосты, жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың бөлектенуіне тежеу салып,
Қазақ хандығының ішікі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едәуір
күшейтті. Бұл тұста едәуір қырғыз тайпалары мен қарақалпақ тайпалары Тәуке ханның
қарауында болды. Тәуке қырғыздарды олардың өз биі Қоқым Қарашор арқылы,
қарақалпақтарды олардың Сасық биі арқылы басқарып отырған. Бұл іс жүзінде
жоңғарлардың шабуылынан қорғануды негіз еткен қазақ, қырғыз және қарақалпақ
халықтарының әскери-саяси одағы еді.
Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Ол
қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер
сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен
бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын
жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар
58
жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен
белгілі. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ
салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің
барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-
феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Қазақша
«жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден
тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір
дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау,
ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал
кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Сонымен бірге «Жеті жарғының» өз
кезінде қағазға түсірілмегені де белгілі. Кеңестер дәуірінде «Жеті жарғыға» «феодалдық
қатынастардың сарқыншығы» деген сипат тағылып, мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті
жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы
Г.Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті
жарғының» 11 үзіндісін 1820-шы жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде
жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы ( 34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде
беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» дүниеге келгеннен кейін 100 жылдан соң халық ауыз
әдебиеті негізінде жариялады. Сондықтан, бұл заңдар жинағының толық нұсқасының бізге
жетпегені белгілі.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы
заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл
жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру
негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары
болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір
бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз
таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына
сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым
жер меншігі қатаң белгіленді.
«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс
ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы
басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл
жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны
құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар:
егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, егер әйел
некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық»
дәлелденген жағдайда және «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының
екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану.
Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген
адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер
адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген адамның
әлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа
тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл
тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің
немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де
белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған.
Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы,
ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті
жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.
«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да қолданылған.
Мысалы, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-
59
анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген екіқабат
әйел елден қуылса, христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген. Құдайға тіл
тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген.
Мал мен мүлікті ұрлау да ауыр қылмыс болып табылды. Егер ұрыны ұрлық үстінде
өлтірсе, онда құн төленбейтін болған. Ұстап алған ұрыны дүре соғып жазалауға, сотсыз-ақ
рұқсат етілген. Сөйтіп, ұры қатаң қылмыс жазасына тартылды, ұрлап алғанын қайтаруға
және «тоғыз» айыбын тартуға міндетті болды, яғни ұрланған бір мал үшін тоғыз мал беруге
тиіс еді.
Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасыларының қолында болған. Қылмысты істі
шешкені үшін билерге ақы төленген. Атап айтқанда, өтелетін есенің оннан бір бөлігі тиіселі
болған. Сұлтандар қылмысты болған жағдайда, олардың істерін тек хан қарап, жазалаған.
Қылмыстық іске 13 жастан бастап тартылған. Есі дұрыс емес адамдар жауапқа
тартылмаған.
«Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін ішкі қырқыстар азайып, қоғамда біршама
тыныштық орнады. Тәуке хан мемлекеттің ішкі жағдайын нығайту барысында басқа да
шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, кіші жүздің аз жеті руын бір тайпаға, орта жүздің
уақтары мен керейлерін бір уақ-керей бірлестігіне біріктірді. Сөйтсе де, көшпелі қоғам салты
мен оның геосаяси жағдайы мемлекет бірлігіне қайшы келді. Тәуке ханның билік құрған
соңғы жылдарының өзінде басқа хандар мен сұлтандардың оқшаулануға ұмтылысы
байқалды.
Тәуке ханның сыртқы саясаты көрші елдермен тату көршілік байланыс орнатуға,
олармен экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға тырысқан бейбіт
дипломатиялық саясат болды. Тәуке хан 1687 жылы Бұхар ханы Субханқұлымен Ташкент
жөнінде келіссөз жүргізіп, оны қазақтар иелігінде қалдырды. Бұхар хандығымен сауданы
дамытуға күш салды. Нәтижесінде Қазақ мемлекеті мен Бұхар хандығы арасында бейбіт
қарым-қатынас орнап, Бұхар саудагерлері қазақ жеріне кіріп сауда жасауға мүмкіншілік
алған. Қазақ жерінде Бұхар көпестерін тонауға қарсы Тәуке хан арнайы жарлық шығарып,
ендігі жерде тонаушылар қатаң жазаланып отыратын болған. Бұхар басшыларының
тарапынан жоңғарларға қарсы соғыста қазақтарға көмек көрсетілмеді. Бұл мемлекетпен
байланыс тек сауда қатынастарының жандануымен шектелді.
Орыс деректерінде Тәукені тек қазақтардың ғана емес, қарақалпақтардың да ханы деп
жазады. Олар жыл сайын қазақтарға салық төлеп, өз одақтастарымен бірігіп соғыс
қимылдарына қатысып отырған. Бұл туралы орыс деректерінде былай делінген: «Арыстың
оң жағасындағы құмды жол арқылы Ақсу тастарына дейін жарты күн, осы тастар арқылы
қарақалпақтарға жол түседі… Түркістаннан Сыр өзенінің төменгі ағысы арқылы үш күндік
жолда Үзкент қаласы, сол қалаға 1683 жылы Тәуке хан қарақалпақтардан салық жинауға
түсті. Олар егін егіп, қазақтармен қатынаста өмір сүреді. Үзкенттен төмен Сырдың екі
жағалауында да қарақалпақтар көшіп жүреді. Қалалары көп емес. Әскери істері қазақтармен
ортақ. Олардың билеушілері Табұршық сұлтан». Қарақалпақтар Тәуке ханға бағынышты
болған, оларды ол Сасық би арқылы басқарған.
Тәуке ханға қырғыздардың басым бөлігі де бағынышты болды. Қырғыздар да
қазақтардың жоңғарларға қарсы әскери қимылдарына белсене қатысып отырған.
Ш.Уалиханов өзінің «Қырғыздар туралы жазбалар» деген еңбегінде: «Ал енді Есімнің
немересі, Жәңгірдің баласы Тәуке қырғыздардың биі ретінде басқарып отырған
(қырғыздардың Тиес деген биі соған бағынған). Бүкіл рудың билеушілері есебінде Тәуке мен
Тиестің аты Тәуке-Тиес деп бірге аталыпты». Шоқанның бұл еңбегінде қырғыз елінің Тәуке
ханға бағынышты болғаны сипатталады.
Тәуке хан билік құрған жылдары Ресеймен қарым-қатынас жанданды. Осы жылдары
шекара аудандарындағы орыс бекіністері мен қазақ ауылдары арасындағы қақтығыс
шиеленіседі. Осындай келеңсіз әрекеттерді бейбіт жолмен шешу үшін Тәуке хан 1687 жылы
Тобыл қаласына Тәшім батыр бастаған елшілік жібереді. Бұл елшілік сауда қатынастарын
жандандыруды да мақсат етеді. Сөйтіп, Тәуке хан Ресеймен дипломатиялық және сауда
60
байланыстарын орнатты. 1686-1693 жж. аралығында Тәуке хан Ресейге бес елшілік жібереді.
1694 жылы хан ордасында орыс елшілері Скибин мен Трощинді қабылдаған. Сөйтсе де,
орыс-қазақ қарым-қатынастары 17-ші ғасырдың соңы мен 18-ші ғасырдың басында барынша
шиеленіседі. Өйткені осы жылдары Ресей мен Жоңғар мемлекеттері жақындасады. Қазақ
мемлекетінің күшейгенін байқаған орыстар жоңғарлармен жақындасып, оларды қазақтарға
қарсы қою саясатын жүргізеді.
Тәуке хан билік құрған жылдары қазақ мемлекеті мен жоңғарлар арасындағы қарым-
қатынас тұрақсыз болды. Тек 1653-1670 жылдар аралығында жоңғарлардың қазақ жеріне
шапқыншылығы біршама тыйылды. Өйткені 1653 жылы Жонғар хандығының негізін салған
Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері таққа таласумен болды. 1670
жылы билікке келген Ғалдан-Бошокту қонтайшының тұсында оңтүстік Қазақстанға
шапқыншылықтар жиіледі. Ол 1681 жылы Шудан өтіп, Сайрам қаласын басып алуға әрекет
жасады. 1684 жылығы жоңғарлардың Сайрамға шабуылы нәтижелі болды. Жоңғар
хандығының территориясына қытайлар тарапынан шапқыншылық басталғандықтан олар
Сайрамнан бас тартты. Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін
тұтқынға айдап әкетті.
1697-1727 жылдар аралығында жонғарлар мемлекетін басқарған Цеван- Рабтан
тұсында қазақ-жоңғар қарым-қатынастары барынша шиеленісті. Осыған байланысты 1710
жылы Қарақұмда Тәуке ханның бастамасымен қазақ жүздерінің біріккен жиналысы болды.
Жиналыс нәтижесінде қазақтар жоңғарларға қарсылық көрсетуге шешім қабылданды. 1713-
1714, 1717 жылдардағы жоңғарлардың шапқыншылықтары қазақтар үшін ауыр болды. Осы
қиын жылдары Тәуке ханның қолбасшылық, реформаторлық, батырлық қасиеттері айқын
көрінді. Тәуке хан Шыңғыс хан құрған әскери басқару жүйесін қайта жаңғыртты. Әскерді
қатаң басқаруға үлкен мән берілді. Әскерде басшылық ету онбасы, жүзбасы, мың басы
болып тағайындалды. Мыңбасыны Тәуке ханның ұсынысымен Билер кеңесі аса ерлік
көрсеткен батырлардан тағайындады. Бас қолбасшы Тәуке ханның өзі болды. Әскер саны
соғыс жылдарында 80 мыңға жеткенімен, бейбіт кезеңде хан ордасында тұрақты
сарбаздардың саны 1000-нан аспады. Бұл сарбаздар ханның қауіпсіздігін қорғады.
Соғыс жылдары әскерді қару-жарақпен, көлікпен әр ру басылары қамтамасыз етіп
отырған. Бұл мәселе де Тәуке қабылдаған тәртіп негізінде жүзеге асырылған.
Жауынгерлердің алдын-ала соғыс өнерінің түр-түрінен дайындықтан өтуі хан жарлығы
негізінде міндетті болған. Бұл әскерлердің соғысу қабылетін күшейткен. Сонымен бірге хан
жарлығымен шекара аудандарында әр 5-7 шақырым аралықта әскери мұнаралар
тұрғызылды. Жоңғарлар шабуылы басталған сәтте мұнаралардағы тұрақты жауынгерлер от
жағып, келесі мұнараға жау шабуылы басталғаны туралы хабар беріп отырды. Бұл
стратегиялық тактика негізінде жау шабуылын 100 шақырым жерден көріп, ұтымды
қарсылық алдын-ала ұйымдастырылды.
Қорыта келгенде, Тәуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі және сыртқы саясатты сәтті
жүргізді. Ол ХҮІІ ғ. аяғы мен ХҮІІІ ғ. басында Қазақ хандығындағы саяси жағдайды реттей
алды. Бұл кезде Қазақ хандығы біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында тәртіп сақтау
және мемлекеттік құрылыстың негізгі принциптерін анықтаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы
Тәуке тұсында жасалды. Тәуке хан дипломат-мәмілегер, айлакер қолбасшы, әдеттік құқық
жүйесінің реформаторы және қазақ ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан
аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. Тәуке ханның күшті мемлекет
құрғаны туралы А.Левшин, Е.Бекмаханов т.б. көрнекті тарихшылар жазды. XVII ғасырдың
соңы мен XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамында интеграциялық сана күшейіп, хан билігі
нығайды. Үш жүздің құрамына 112 ру кіріп, қазақ халқының саны 2-3 миллион адамға жетті.
3. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі.
61
XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тәуке
хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда
сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ
қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында
ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес
күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен
батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия
хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп –
Жоңғар хандығы тарапынан төнді. XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың негізгі
тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол Алтайы, Ертістің жоғарғы
ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта
және жоғарғы салалары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошоуттар
мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Мал басының өсуімен,
жер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы территориясына
шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-
қолөнер орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді.
1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар
әскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп:
Әбілқайыр және Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы
жылы жоңғар әскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян және Арыс өзендерінің бойында
қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан.
1715-1722 жж. жоңғарлардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы
соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты
күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы
шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ
хандығына қарсы соғыс ашуды шешті.
Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде
жоңғарлар 70 мың әскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-
Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан әрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан батур
Алтайға және Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана әскері Нұра өзені бағытында, Қалдан
Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы
Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-
Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Бас қолбасшылықты Цеван-
Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің
қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық
әуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-
мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мәжбүр
болды.
Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты.
Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап,
Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз
қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал
Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара территориясына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын,
қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Әсіресе, Шона-Дабаның
бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның әскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000
жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар Қазақ хандығы территориясының басым бөлігін
жаулап алды. Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш
көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан
шұбырынды, Алқакөл сұлама » деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері
Сырдарияның сыртындағы Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында
«Сауран айналған» деген атпен әйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары
соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға
62
«Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық
бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық
жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап
тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан
қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды
ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жәнібек, Малайсары және т.б.
халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты.
Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ
өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз
еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана әбден әлсіреген халық қаланы
жауға беруге мәжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың
ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар
шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен.
Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне
шабуылы жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға
ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру
басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ
жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек,
Әйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан
басталды. Бұл жылы негізгі әскери қақтығыстар Орталық және Батыс Қазақстан
территориясында болды. Бұл қақтығыстарда Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты
қимылдады. Әбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл
жылдары Әбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы
Әбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың соны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып
алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен
тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ
сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ
өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мәшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан
Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жәнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында
жоңғарларды талқандады делінеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен
кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды.
Бұл шайқаста Әбілқайыр ханның, батырлар Тама Есет, Тама Жантай, Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер
«Қалмаққырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы
ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті.
1726-27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының
басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Әбілқайыр белсенділік
танытты. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз
өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары - Әбілқайыр,
Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер,
батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен
қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп
шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мәселенің бірі – бүкіл қазақ жасағының
қобасшысын сайлау туралы мәселе болды. Ордабысында Әбілқайыр хан бас қолбасшы
болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы
Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ
халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады.
А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды.
1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы әскери дайындықтан өтіп, қару-
жарақты жетілдірумен, дайындаумен айналысты. Әбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып
63
алып, әскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындаған.
Сонымен бірге әскери барлау ісіне үлкен мән берілді. Күзде Сарыарқа даласындадағы
Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп
аталады. Осы маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарамолда
деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Кейіннен шайқас болған
аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ
күреске жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында
бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Әбілқайыр хан және Бөгенбай батырдың басшылығымен
Қаракерей Қабанбай, ошақты Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жәнібек, тама Есет,
Малайсары, тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы қазақтардың
ерлігі туралы мәліметтер М.Тынышпаевтың, А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде
айтылады. Үмбетай, Ақтамберді, Тәттіқара, Бұқар, Көтеш тағы басқа жыраулардың
жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары жан-жақты сипатталған.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор
шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-
батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға
созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, А.Диваевтың зерттеулерінде
нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстан халық жазушысы Ә.Кекілбаев пен тарихшы
М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді.
Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына
да үлкен мән берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты
(Сұмқайтты) өзені, қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Әбілқайыр сайы
бар. Ал халық ауыз әдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай жеңілген деген мәлімет бар.
Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп
табылды.
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз,
Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ
әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық
басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей
Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар
құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын
Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын
Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды.
Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар
басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да
бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың
болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы,
атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-
жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-
жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын
көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр)
Абылай есіміне ие болды.
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей
Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек ,
Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың
алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар
өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен
таныс тәжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды
ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын
қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай
жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс
64
барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау
тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата
түсті.
Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ
билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін
жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның
орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің
қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен
хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нәтижесінде
Әбілмәмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Әбілқайыр кіші жүз территориясына қайтады.
Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді.
Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тиылмады.
1723-1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлының
жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ
халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар. Демограф М.Тәтімовтің санағы
бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн. 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн. 222
мыңға азайған.
1730-шы жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы өз мемлекетінің
тәуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тас-талқанын шығарып жеңіске жетті.
Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке
көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар ерлігін дастан ететін жырлар
жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жәнібек батыр»,
«Қойгелді батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты ұранға айналып, ел
ардақтайтын аруақты жандар дәрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда олардың атымен аталатын
Қазақстанның әр қаласында көшелер, мекемелер бар. 1723-30 жылдардағы Ұлы Отан соғысы
қаһармандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси
өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді.
Қазақтар мал-мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы
жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-қонудың ғасырлар бойы
қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мәдениетінің
ошақтарына үлкен нұқсан келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды
басып алуының қазақ қоғамының экономикалық және мәдени өмірі үшін елеулі зардаптары
болды. Қазақ рулары сауда және қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің
арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар әлсіреді.
Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарына да теріс әсерін
тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар және т.б.
көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп
байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа
шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша
агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727-1745 жж.) билік басына келуі мұндай
шабуылдың қаупін күшейтті.
Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде
қала берді. Еділ қалмақтары және башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай
жағдайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет – қазақ жүздерін сыртқы
жаудан қауіпсіздендіру және елдің феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін
жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті.
Солтүстіктегі қуатты көрші – Орыс мемлекетімен одақтасу қажеттігі туралы пиғыл
туындады. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси және экономикалық
байланыстарын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым
қалыптасты.
65
7-тақырып. Патшалық Ресейдің Қазақстанды жаулап
Достарыңызбен бөлісу: |