261
ҚОРЫТЫНДЫ
Ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде бағалап отырған айтыс
жырларының да негізгі өзегі сөз (тіл) өнерінен нәр алатындығы белгілі. Қадым
замандардан адамдардың сөйлеу, ұғынысу құралы ретінде танылған сөз
өнерінің тағы бір қыры ақпарат алмасу, тарату екендігіне зерттеу барысында
жан-жақты тоқталып өттік.
ХХІ ғасырдағы ғылыми-технологиялық прогресс адамзат баласына тосын
жаңалық, тың пайымдаулар ұсынуда. Ғасырлар қойнауында қалған жазба
жәдігерлерге тіл бітіп, тастар «сөйлей» бастады. Адамзат эволюциясының даму
тарихында орын алған іргелі оқиғалар мен түрлі өзгерістердің болмысын
бүгінгі ұрпаққа шынайы түрде баяндауда сөз өнерінің атқарып отырған
мүмкіншілігі орасан зор.
2003 жылдың 4 сәуірінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арналған
дәстүрлі Жолдауы негізінде өмірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы
аясында ұлт зиялылары болып жұмыла кіріскен ізгілікті шараларға атсалысу
ниетінде қолға алынған бұл ғылыми зерттеудің де мақсаты халықтың асыл
қазынасы айтыс өнерінің өміршеңдігі мен қоғамдық-әлеуметтік мәніне тәуелсіз
ел ғылымы тұрғысында қайта қарап, әділ бағасын беруден туындаған еді.
Тәуелсіз Қазақстан тұсында қайта жаңғырып, жанданған айтыс өнері уақыт
пен қоғам талқысына түсе отырып, өзінің бәсекеге қабілетті шығармашылық
түр екендігін танытты. Ғасырлар бойы халықтың көз қуанышына, көңіл
медеуіне айналып келген төл өнердің ХХІ ғасыр табалдырығын аттағанда
«Ақындар айтысы» енді қажет пе? немесе қажет емес пе? деген даулы сауалдың
арасында қалуы көңіл қынжылтады. Өркениет деп өрекпіген әлем
халықтарының біразы өзінің ұлттық рухани құндылығынан қол үзіп, соны қайта
қалпына келтіре алмай жанталасып отырған уақытта, ата-бабадан мирас болып,
туған елінің тектілігін, дегдар болмысын, тілін, ділін, ар-иманын, дәстүр-
салтын, тарихы мен мәдениетін насихаттап, бағзы дәуірдің бар асылын бойына
жиып, Тәуелсіз Қазақстанға жеткен айтыс өнеріне тіксіне қарау қандай
пиғылдан туып отыр?!
Зерттеу мақсаты осындай күрделі сауалға жауап іздей отырып, айтыс
өнерінің қазақ халқы үшін, мемлекет үшін қаншалықты қажет екендігін
ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге талпыныс жасады. Ең алдымен сөз (тіл) өнері
төркініне ой жібере отырып, оның (сөздің) тіршілік үшін қаншалықты
маңызды екеніне тоқталдық.
Сөздің (тілдің) ақпараттық сипатын зерттеген ғалым Г. Әлімбек мынадай
пікір келтіреді: «Тіл ақпараттың көзі әрі сақтаушысы болумен қатар
жинақталған білімді жеткізудің және адам тәжірибесінің негізінде
қалыптасатын жаңа білімнің қоймасы да болғандықтан, сол тілдің белгісі болып
табылатын сөз арқылы берілетін ақпарат табиғатын арнайы қарастырудың
маңызы айрықша».
Сөз (тіл) өнері туралы айтылған халық даналығы мен ғалымдарымыздың
теориялық тұжырымдарына жүгіне отырып, ақпарат таратудың, алмасудың
қайнар көзін адамзаттың алғашқы тілдесу, ұғынысу дәуірлерінен
262
тарқататынымыз да осындай уәждерден туындайды. Күнделікті сөйлесу,
тілдесудің өзін ақпарат алмасу деп бағаласақ, сөз өнері арқылы осы дәуірге
жетіп отырған рухани жәдігерлерден мәлімет, дерек көздерін іздеуіміз қисынды
қағида болмақ.
Қайымдасу (айтысу) түрлерінің бағзылық үлгілері «Аужар» «Бәдік», «Жар-
жар», «Өлі мен тірінің айтысы», сияқты жырлардың өзінен халықтың таным-
түйсігі, салт-дәстүрі, тұрмысы, жер-су атаулары, шаруашылығы, наным-сенімі
тәріздес мағлұматтық дерек көздерін аңғаруға болады.
Ғасырлар бедеріндегі халық шығармашылығы түрлерінің дәуірге,
қоғамдық ахуал сипатына қарай белең алып, негізгі рөлге ие болып отыруының
да табиғи заңдылықтары бар. Тұрмыс-салт жырларының дүниеге келуі халық
басындағы мамыражай, бейбіт уақыттың белгілерін айшықтайды. Бұл көрініс
әсіресе «Аужар», «Жар-жар» жыр үлгілерінде көрініс береді. Жырдағы көңіл-
күй әуендері, ата-баба дәстүрінің шынайы көрінісі салт жоралғыларының
толықтай баяндалуы, халықтың қамсыз, алаңсыз тіршілігінен хабар береді.
Ал «Бәдік», «Өлі мен тірінің айтысы» сияқты жыр үлгілері халықтың сол
кездегі наным-сенім, таным-түйсігін айшықтайтын өлең түрлері.
Уақыт алға жылжып, адамзаттың ақыл-ойы, таным-түйсігі кеңейген сайын
ол құбылыс, сол дәуірдің рухани мұрасында бедерленіп, өрнегін салары ақиқат.
Мәселен, жыраулар поэзиясы ел басындағы ереулі заманда дүниеге келген
шығармалар. «Аттың жалы, түйенің қомында» туған мұндай шығармалар
жоғарыда айтып өткеніміздей, дәуірге, қоғамдық ахуалға бейімделіп,
шығарылған. Жыраулар поэзиясын зерделей отырып, көз алдыңызға домбыра
мен найзаны қатар ұстанған жауынгер халық бейнесін келтіретініңіз сондықтан.
Мұның өзі шығармашылық мұра поэтикасының өзіне танымдық тұрғыдан
қарауға мүмкіншілік береді. Ал, жыраулар аттан түскен ХІХ ғасырдағы халық
шығармашылығының негізгі күші айтыс ақындарына түсуінің де өзіндік
заңдылығы бар. ХІХ ғасыр Ресей империясының «бөліп ал да, билей бер»
саясатының өз күшіне еніп, көпшелі елді губернияларға бөліп, сұлтандық
биліктің белең алған тұсы еді. Халық арасында жалпы ұлттық намыстан гөрі,
тайпалық ойлау жүйесі қалыптаса бастады. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысына
«рулық-тайпалық» деп сипат беріп жүрген ғалымдар пікірінің де кейде дәлелді
екеніне осы жағдайға қарап көз жеткізуге болады. Біртұтас қазақты руға,
тайпаға бөліп, бір-біріне айдап салған отаршыл ел саясаты, сол кездегі халық
шығармашылығына да әсер етпей қоймады.
Тарих талқысы кейінгі ұрпаққа халық мұрасын осындай халде тарту етсе
де, ұлт мұратын ұлықтауда біз ұтылған жоқпыз. Халық өнері қашанда өзінің
ұлттық сипатында қалады. ХІХ ғасырдағы ақындар айтысын тұтастай алып,
зерделеу барысында біз ұлтымыздың сол дәуірдегі жалпы болмысын, кескін-
келбетін, ой-арманын, мақсат-мүддесін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, саяси
көзқарасын, шаруашылығын, жер-су атауларын, халықтың белгілі тұлғалары:
батыр, билерін, шешендерін, байларын, жақсы мен жайсаңын жырдағы ақпарат-
деректер арқылы саралауға мүмкіндік алдық. Мұның өзі бүгінгі Тәуелсіз
Қазақстан тарихын тереңнен тану үшін аса құнды мәліметтер.
263
Отандық публицистика тарихын зертеушілеріміз, қазақ журналистикасына
тән элементтердің ұлттық руханиятымызда ертеден көрініс беріп келе
жатқандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдей бастағанына да біршама уақыт
болды. Қазақ даласында ақпарат тарату мен алмасудың дәстүрлі жолдары
ұлттық өнерде қалыптасып, дамығандығы ақын-жырау, би-шешен мұралары
мен айтыс өлеңдерінде мол ұшырасатындығын ғалымдарымыз нақты мысалдар
арқылы орынды дәлелдеп келеді.
Зерттеудің негізгі өзегі сөз өнері төркінінен бастау ала отырып, жыраулар
поэзиясы мен шешендік сөздердің әлеуметтік мәнін көрсетумен қатар, айтыс
жырларының ақпараттық, насихатшылдық сипатын айқындау болып
табылатындығы да сондықтан. Қазіргі ұлтық журналистиканың қайнар көзі би-
шешен, ақын-жыраулар мұрасынан бастау алатындығы зерттеуде нақты
мысалдар арқылы жан-жақты көрсетілді.
Әсіресе, шешендік айтыс жырлары сияқты сөз өнері түрлерінің
насихатшылдық сипатына терең мән беріліп, оның әлеуметтік мәніне, қоғам
алдындағы
жауапкершілігіне,
ағартушылық
ұстанымдарына
ғылыми
пайымдаулар жасалынды.
Шешендік сөз өнерінің мәні ретінде елдік мәселелер туралы ой толғамдар
мен дін, дәстүр, тәрбие негізінде өрбитін нақыл сөздердің публицистикалық
сипатын айқындайтын критерийлер нақты мысалдар арқылы ашып көрсетілді.
Қазақтың Сырым, Бөлтірік, Жанқұтты сияқты шешендері мен Қазыбек, Төле,
Әйтеке сынды қабырғалы билерінің бүгінге жеткен сөздері негізге алынып,
аталмыш сөз зергерлерінің бүгінгі ұлттық журналистикаға тигізіп отырған әсер-
ықпалы туралы байыпты пікірлер айтылды.
Қазан төңкерісіне дейінгі ХХ ғасырдың басындағы ақындар айтысында
ағартушылық сарынындағы ойлардың айтылуы да қоғамдық болмыс ахуалымен
байланысты туындаған. Ұлы дала мәдениетінің саһар болмысынан қол үзіп,
отаршылдық қамытын киген көшпелі елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, өнері
мен рухани шығармашылығы бойкүйездікке ұрынып, енжарлық пен
самарқаулық сияқты жат әдеттердің белең алуы да уақыт салған таңба еді. Дәл
сол кездердегі ұлт зиялыларының «Оян қазақ?», деп жар салуы (М. Дулатұлы),
«Маса» болып елді оятуы (А. Байтұрсын), «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп
шығып күн болуға» ұмтылған (С. Торайғыров) шығармалары қазақ қоғамының
рухани болмысына өлшем болса керек.
«Айқап» журналының 1914 жылғы № 1 санында жарияланған «Ғылым мен
надандық айтысының» жариялануы да осы ойларымызды қуаттай түседі.
Қазақ халқының өмір сүру қағидалары мен рухани санасына кері әсер
еткен уақыт, қоғам таңбасы сол кездегі айтыс жырларында айқын көрініс тауып
отырды.
ХХ
ғасыр басындағы
қазан
төңкерісіне дейінгі халық
шығармашылығын мәтіндік мағынасымен, әлеуметтік, қоғамдық мәні бойынша
саралай отырып, төмендегідей қорытындыларға келеміз:
Біріншіден, көне дәуір жазбалары мен сөз «тіл» жәдігерлерінің
ақпараттық-деректілік сипаты, уақыт пен қоғам болмысын тануға, сол заманда
өмір сүрген халықтың дүниетаным көзқарасын байыптауға мол мүмкүндіктер
беретін тарихи құндылық ретінде бағаланады;
264
Екіншіден, сөз өнері негізінде дүниеге келген халық шығармашылығын
поэтикалық тұрғыдан бағалау арқылы дәуірдің саяси-экономикалық,
әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын тануға болады.
Үшіншіден, уақыт пен қоғам арақатынасы негізінде адамдар санасындағы
психологиялық өзгерістердің рухани құндылыққа тигізген әсерін айқындау
негізінде, ұлт тарихының тұманды тұстарын таразылауға мүмкүндік аламыз.
Жетпіс жылдай уақытты қамтитын кеңестер дәуіріндегі ақындар айтысы,
аталмыш өнер тарихында үгітшілдік, насихатшылдық, идеология жаршысы
сипаттарымен көрінгені белгілі. Ұлт руханиятының небір жауһар үлгілеріне
«ескіліктің сарқыншағы» ретінде қарап, тәрк еткен комунистік идеология
ақындар айтысының тамырына балта шаппады.
Оның негізгі себептері туралы зерттеу барысында жан-жақты айтып өткен
болатынбыз. Айтыс өнерін коммунистік тәркілеуден аман алып қалған
үгітшілдік, насихатшылдық, идеологиялық мүмкіншіліктерінің молдығы еді.
Ақындар айтысының осы ерекшіліктерін кеңестік идеология өз мақсаттарына
пайдалануды көздеді. Коммунистердің бұл саясаты нәтижесіз болған жоқ.
Жетпіс жыл бойы кеңестік Қазақстан ақындары «ұлы» Ленин бастаған көреген
партияның жалынды жаршысына айналды.
Әрине, совет дәуіріндегі жазушы-ғалымдарымыз сол уақыттағы
шығармашылық дүниелерге социалистік реализм, коммунистік көзқарас
тұрғысында қарағаны әрі сол тұрғыда бағалағаны белгілі. Сол уақыт талабымен
бағамдар болсақ, Әуезовтың совет айтысы туралы айтқан пікірі нағыз
шындықты көрсетеді. Айтыс тарихында аталмыш өнердің дәл кеңес дәуірі
тұсындағыдай қоғамдық маңызға ие болып, әлеуметтік мәні барынша ашылып,
жауынгер жанрға айналған сәттері (Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстан басқа)
аса көп емес. «Сын болсын, сын шын болсын» демекші, кеңес дәуіріндегі
айтыстың мазмұндық, тақырыптық тұрғыдан терең болуы, әрине, алдымен
қоғамдық идеологияға тікелей байланысты. Ленинді, партияны дәріптей
отырып, сол кездегі қоғам ахуалының кемшілігі мен жетістігін жеріне жеткізіп
жырлаған айтыс ақындарын уақыт өзгергеннен кейін қаралаудың еш қисыны
жоқ. Халық арасынан шыққан ақындар өз міндеттерін орындады. Ең бастысы
айтыс ақындары өнерге адал болды. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан
дәстүрлі өнерді қандай жағдайда, қандай қоғамда болмасын өлтірген жоқ. Сөз
өнерінің мәйегі – айтыс жырлары тоталитарлық жүйенің жетпіс жылын артқа
тастап, Тәуелсіз Қазақстан қоғамына аман-есен жетті. Кеңес дәуіріндегі айтыс
ақындарын осы үшін де ардақтауға, құрметтеуге болады.
Айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын айқындау
тұрғысында XIX ғасырдағы айтыс жырларына кешенді ғылыми талдаулар
жасалынды. Сондай-ақ XX-ғасырдың басындағы һәм кеңес дәуірі тұсындағы
ақындар айтысының ақпараттық, насихатшылдық сипаты нақтты мысалдар
арқылы көрніс тапты. Әсіресе, ғылыми жұмыстың 1941-1945 жылдар аралығын
қамтитын күрделі кезеңі зерттеу барысында жан-жақты талданды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысының үгітшілдік,
насихатшылдық, ақпараттық сипатын айқындайтын тұжырымдар кітаптарда
жарияланған мәтіндік нұсқалар негізінде ғылыми тұрғыда сараланды. Соғыс
265
жылдарында өткізілген ақындар айтысының мемлекеттік маңызы идеологиялық
тұрғыдан қарастырылып, оның (айтыстың) кеңестік қоғам үшін қаншалықты
қажет болғандығы нақты мысалдар арқылы көрініс тапты. Айтыс өнерінің
тарихында, дәл Ұлы Отан соғысы кезеңіндегідей азаматтық рух, патриоттық
жігер болған жоқ шығар. Дәл сол жылдары айтыс өлеңдері жауынгер жанрға
айналды. Айтыста ақындық сезім, лирикалық толғаныстардан гөрі нақты
мәлімет, дерек, ақпарат көздері шешуші рөл атқарды. Соларды көрсете отырып
ақындар нағыз жалынды насихатшылар бола білді. Жауды жеңіп, жеңісті
жақындату жолында айтыс ақындары өлшеусіз үлес қосты.
Кеңес дәуірі, оның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар
айтысы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болғаны белгілі. Ақындар
айтысында қандай мәселенің жырланып, тыл еңбеккерлеріне қажетті үгіт,
насихаттың қандай бағытта өрбитіндігі де межеленіп отырды. Ұлы Отан
соғысы басталысымен апта өтпей жатып-ақ жер-жерлерде халық ақындарын
жинап, семинар кеңес өткізудің де мақсаты, сол кездегі коммунистік идеология
тарапынан болған жедел әрекеттер сипатын аңғартады. Соғыс жылдарында
өткізілген ақындар айтысы өзінің көркемдік, мағыналық, идеялық қырларымен
ерекшеленгенін әрі айтыс жырларында бұрын-соңды кездеспеген цифрлы
мәлімет, деректердің мол көрініс беруі халық ақындары шығармашылығының
публицистикалық бояуын одан сайын қоюлата түсті. Ақындық сезім-күй,
лирикалық толғаныс сияқты поэзияға тән элементтер екінші қатарға
шығарылып, оның орнын үгітшілдік-насихатшылдық сипаттағы деректі ой
толғамдар толтырды. Сол кездегі «Шашубай мен Көшен», «Маясар мен
Нұрлыбек», «Құмар мен Сұраубай», «Шаймерден мен Мұзарап», «Орынбай
мен Әлібек», «Қазанқап пен Нартай», «Жақсыбай мен Ердәулет», «Қайып пен
Ілияс», «Гүлжамал мен Қуаныш», «Аппаз бен Ысқақ», «Нияз бен Болман»,
«Нұрқан мен Майташ», «Қалқа мен Қуат» т.б. айтыстар уақыттың әлеуметтік
жүгін көтеріп, қоғамдық ахуал сипатын барынша ашып көрсеткен сөз
сайыстары есебінде тарих беттерінде қалары сөзсіз. Соғыс жылдарындағы
ақындар айтысына поэтикалық тұрғыдан бағалар болсақ, оның жырмен өрілген
жалынды публицистикалық жауынгер жанр болғандығына толық көз жеткізуге
болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысын зерделей
отырып төмендегіше пайымдаулар жасауға болады:
Біріншіден, айтыс өнері уақыт тезі мен қоғам ахуалына бейімделгіш,
оңтайлы шығармашылық сала екендігі;
Екіншіден, ел басына күн туған ереуіл уақытта идеология туын ұстап,
үгітшілдік, насихатшылдық сипатын барынша ашып көрсете алатындығы;
Үшіншіден, статистикалық мәліметтер мен цифрлы деректерді жыр
барысында қолдануы һәм насихаттық тұрғыда пайдалануы;
Төртіншіден, осы аталған ерекшеліктер негізінде дәуір болмысының
келбетін шынайы көрсете білуі.
Кеңес дәуірінің үлкен кезеңін қамтитын 1945-1985 жылдар аралығында
өткізілген ақындар айтысының да өзіне тән ерекшелік сипаттары зерттеу
барысында жан-жақты ашылды. Соғыстан кейінгі өндіріс пен экономиканы
266
қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, адамзат баласының
ғарышқа сапары, Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізу сияқты
уақыттың елеулі өзгерістері сол жылдарда өткізілген ақындар айтысында бедер
тауып, насихатталып отырды.
«ХХ ғасырдың 46-86 жылдар аралығындағы ақындар айтысының
тақырыптық мазмұндық ерекшелігі» атты тараушада кеңес дәуірінде өткізілген
ақындар айтысы ақпараттық-насихатшылдық тұрғыда жан-жақты талданды. Ең
бастысы, айтыс өнерінің тоқтап қалмай қандай деңгейде, қандай жағдайда
болмасын жалғасып отырғандығы еді.
Кеңес дәуіріндегі айтыс жырларының мазмұндық сипаты мынадай
бағыттарда көрініс тапты:
- коммунистік партия ісіне адалдық және оны қолдау;
- Ұлы Октябрь әкелген теңдікті жырлау;
- өнеркәсіп, өндіріс орындарының жетістіктері;
- ауыл шаруашылығының өркендеуі;
- оқу-ағарту, мәдениет пен өнер саласы;
- саяси көзқарас;
- әлеуметтік мәселе;
- атеизм, мораль мәселесі;
- кәсіп, мамандық жөнінде.
Айтыс жырларына арқау болған, осы тақырыптардың барлығы өзінің
деректілігі һәм реалды болмысымен дәуір дидарының кескін-келбетін боямасыз
көрсетіп тұр. Өнердің құндылығы да кейінгі ұрпаққа шынайы ақпарат, мәлімет
жеткізуімен өлшенетін болса, кеңес дәуіріндегі ақындар айтысы бұл тұрғыда өз
миссиясын толық атқарды деуге болады. Әр заман – өзінің ақиқатымен құнды.
Ол ақиқат қандай мазмұнда, қандай сипатта болмасын, келешек тарих үшін
оның шындығы, шынайылығы қымбат. Идеология уақытқа қызмет етеді. Ал,
дерек пен дәйек, нақты ақпарат – тарих үшін теңдессіз қазына.
Кеңес дәуіріндегі ақындар айтысын зерделей отырып, мынадай
қорытындылар жасаймыз:
- коммунистік партия мүддесін жырлау арқылы, айтыс ақындары елдің
саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын барынша ашып
көрсеткен. Бұл дегеніміз айтыс өнерінің иделогиялық қырын айқындайды;
- уақыт тудырған өзекті мәселелерді нақты фактілер негізінде көрсетіп,
оның халықтық мәнге ие болуына ықпал етуі айтыс жырларының журналистика
функцияларын атқара алатындығына дәлел болады.
- айтыс жырларында цифрлы мәліметтер мен дәйек, деректердің мол
кездесуі, аталмыш өнердің публицистика жанрына тән екенін көрсетеді;
- 1946-1986 жылдарында өткізілген ақындар айтысы, кеңестік дәуірде
ғұмыр кешкен халқымыздың саяси-әлеуметтік көзқарасын, ұлттық сана-сезім,
мінез-құлқын тануға мол мүмкіндіктер береді;
267
- кеңестер дәуірінің тұтастай қырық жылдай уақытын қамтитын айтыс
жырлары, сол кезеңнің қоғамдық болмысын барлық қырынан танып-білуге,
бағалауға негіз боларлық ақпарат қорымен қамтамасыз етеді;
- кеңестер дәуіріндегі ақындар айтысы, ұлт тарихының сындарлы кезеңдегі
тағдыр-талайын шынайы көрсетуімен құнды. Біз айтыс жырлары арқылы
халқымыздың саяси-ахуалын, экономикасын, ауыл шаруашылығын, оқу-ағарту
саласын, әдебиеті мен мәдениетін, дәстүрдегі жаңа таным-түйсіктерін, рухани
болмыс деңгейін тану арқылы шынайы ақпар-мәлімет аламыз.
Осы айтылған тұжырымдар кеңес дәуірінде өткен ақындар айтысы да ұлт
тарихы үшін аса маңызды міндеттер атқарғандығын көрсетеді. Уақыттың
қандай кезеңі болмасын өнер қоғамдық ахуалдан тыс дамымайтыны белгілі. Ал,
өнерге салған уақыт, қоғам бедері тарихымызды таразылау үшін қашанда өз
маңыздылығын таныта береді. Қырық жылға жуық уақытты қамтыған кеңестер
дәуіріндегі ақындар айтысы да өзінің ақпаратты-деректі сипатымен ұрпақ
кәдесіне қызмет ететіндігі ақиқат.
1985-1991 жылдар аралығы Қазақстан қоғамы үшін, рухани сілкіністің,
жаңару, жаңғыру үрдістерінің белең алған уақыты болды. Дәл осы кезде айтыс
өнерінің қоғамдық белсенділігі артып, идеологиялық күшке айналды. Жылдар
бойы қордаланып қалған халықтың рухани күйзелісі айтыс ақындарының
жалынды жырларымен ақтарыла төгіліп, шындықтың ащы үні алдаспандай
жарқылдады. Кеңес дәуіріндегі айтыстың майталмандары М. Көкенов,
К. Шәкеев, Қ. Алтынбаев, К. Омаров сияқты ақындардың соңын ала
Ә. Қалыбекова, Ә. Беркенова, Қ. Әбілов, Ш. Ділдебаев, Б. Әлімжанов,
Е. Асқаров, Е.Жақыпбеков сияқты орта буын өкілдері жаңарған айтыстың
көшін бастады.
Осы жылдары өткізілген ақындар айтысындағы жаңашылдық пен
жаңғыру үрдістерінің сипатын былайша бағамдауға болады:
- 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысында сөз
еркіндігі, ой азаттығы ұғымдары көрініс таба бастауымен ерекшеленеді;
- қазақ қоғамындағы күрделі проблемалар – тіл мен экология мәселесі
батыл көтеріліп, олар ұлттық мүдде тұрғысында қарастырылып, көптеген
түйткілді жағдайлардың беті ашылды;
- айтыстың демократиялық ұстанымы қалыптасып, қоғамдық ой
қалыптастыруда идеологиялық белсенділігі артты;
- айтыс өнерінің бұқаралық сипаты артып, ел ішінен көптеген
суырыпсалма ақындар шығып, халық өнерпаздары – әнші, күйші, термеші-
жыраулардың қатары молайды;
- телевизиялық айтыс, ұлттық өнердің белсенділігін арттырып, жалпы
ұлттық сипатқа ие болуына мүмкіндіктер туғызды;
-
айтыстың ақпараттық-насихатшылдық қырлары жаңару-жаңғыру
үрдістерін бастан өткеріп, ұлт мүддесі мұраттарын жырлау сипаты өріс алды.
268
Қорытындылай айтқанда, коммунистік иделогия шырмауынан арылып, ел
тәуелсіздігінің баянды алғышарттарын қалыптастыруда 1985-1991 жылдар
аралығындағы ақындар айтысы көркемдік һәм мазмұндық тұрғыдан жаңарып,
жаңғыру үрдістерін бастан өткере отырып, қазақ қоғамының рухани түлеуіне
белгілі дәрежеде ықпал етті. Ең бастысы, 1991 жылғы ел тәуелсіздігін қазақ
халқы осындай жаңару, жаңғыру идеяларымен қарсы алды. Мұның өзі ұлт
руханияты үшін зор жетістік еді.
Тәуелсіз
Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы ел өміріндегі ең елеулі
тарихи сәттердің куәсі болуымен қатар, оның саяси-әлеуметтік мәнін халыққа
насихаттауымен ерекшеленеді.
Айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнінің барынша ашылып,
жарқырай көрінген тұсын Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алған жылдарымен
сабақтастыра қарауымыздың бірнеше себептері бар.
Алдымен сөз бостандығы, ой еркіндігі ұғымдарының қоғамдық санаға
үлкен қозғау салғандығы еді. Екіншіден, коммунистік идеология құрсауынан
босанған халыққа азаттық идеясының жарқын шұғыласы, ұзақ жылдар «жабық»
тақырып ретінде бүркемеленіп келген ұлт тарихын, мәдениеті мен әдебиетін,
сан-салалы рухани құндылықтарын қайта қарап, оны тәуелсіз ел тұрғысында
бағалауға мүмкіндіктер алды. «Идеологиялық өктемдіктен» арылған қазақ
руханияты қайта түледі. Қазақ қоғамында болған осындай оң өзгерістердің
нәтижесі ақындар айтысына да зор әсер етті. Өмірдің барлық жетістіктері мен
жақсылықтарын коммунистік партия саясатымен байланыстыра қарап ой
түзейтін айтыс ақындары ендігі жерде қоғамдық проблемаларды ұлттық мүдде
бағытында жырлауға бет бұрды. Мұның өзі айтыс өнерінің қоғамдық маңызы
мен әлеуметтік мәнінің артуына зор әсер етті.
Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі айтыстарда қоғамдық проблемалар мен
әлеуметтік мәселелер белгілі бір иделогиялық кеңістікте көтерілсе, азат елдің
ақындары бұл ұғымның аясын барынша кеңітті. Ақындар айтысындағы азаттық
идеясы өнердің өрісін кеңейтумен қатар, оның өміршеңдік қағидаларын да
айқындап берді. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысының қоғамдық
маңызы мен әлеуметтік мәніне баға бере отырып төмендегідей тұжырымдар
жасаймыз:
- азат ойлап, еркін сөйлеу категориялары айтыс өнерінің қоғамдық
маңызын арттырумен қатар оның әлеуметтік мәнін де тереңдете түсті;
- ұлт тарихы мен руханиятын таразылап, оған тәуелсіз ел тұрғысында
қайта қарау қағидалары, айтыстың тақырыптық, мазмұндық қырына үлкен
өзгерістер әкелді;
- айтыс тақырыбының саналуандылығы һәм оның өзектілігі аталмыш
өнердің идеологиялық аспектілерін айқындап, бұқаралық сипатын күшейтті;
-
айтыстағы азаттық идеясы халықтың аңсар-мұратымен бірге
қарастырылып, өнердің рухани насихатшылдық рөлін айқындады.
Тәуелсіздік тұсындағы жаңарған, жанданған ақындар айтысының
идеологиялық мұраттары, халықтың рухани серпілуіне, ұлт болып ұйысуына,
мемлекет болып қалыптасып, ілгерілеуіне зор ықпал, әсер еткендігін зерттеу
269
барысында келтірілген нақты мысалдар мен ой-тұжырымдардан анық байқауға
болады.
Ақындар айтысындағы ұлттық иделогия аспектілерін саралай отырып,
мынадай қорытындылар жасаймыз:
- айтыс тарихын зерделей отырып, қай ғасыр, қандай қоғамда болмасын
аталмыш өнердің үнемі идеологиялық күшке ие болып келгендігін, ХІХ, ХХ
ғасырларда өткен ақындар айтысы, өз уақытының рухани насихатшысы болды.
Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы ұлттық идеологияның
ұйытқысы һәм ұлықтаушысы ретінде өзінің ақпараттық-публицистикалық,
үгітші-насихатшылдық сипаттарымен ерекшеленеді;
- айтыстың идеологиялық қуаты, оның ұлт мүддесі мұраттарын
насихаттауы арқылы айқындалып, өзінің қоғамдық маңызын арттырды;
- айтыс жырларындағы елді-жерді құрметтеу ұғымдары, өскелең ұрпақты
патриотизмге баулыды. Бұл тұрғыдан айтыс өнерінің тәрбиелік-тағылымдық
мәні артып, рухани-ағартушылық бағыттары күшейді;
- айтыста айтылған көптеген көкейкесті мәселелер, ұлт мүддесі сипатында
көрініс тауып, ұлттық иделогияның қалыптасуына алғышарттар жасады.
Зерттеу барысында осы мәселелерге тереңірек мән беріліп, жан-жақты
талдаулар жүргізілді. Қазіргі айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні
Қазақстанда болып жатқан түрлі саяси-эконмикалық реформалар негізінде
қарастырылды. Ұлт менталитетінің барлық ізгі қасиеттерін бойына сіңіре
білген айтыс өнері, қоғамдық ой қалыптастыруда ықпалды нәтижелерге қол
жеткізді. Осы сипаттар айтыс жырларының мазмұндық ерекшелігін талдау
барысында уақыт пен қоғам арақатынасы тұрғысында көрініс тауып,
сараланады. Осы айтылған пікірлерді бағамдай отырып, Тәуелсіз Қазақстан
тұсындағы ақындар айтысының қоғамдық ой қалыптастырудағы рөлі туралы
мынадай тұжырымдар жасауға болады:
- айтыс жырларының публицистикалық қырын айқындайтын басты
критерийлерінің бірі насихатшылдық сипаты деп танитын болсақ, бұл
ерекшелік аталмыш өнердің қоғамдық ой қалыстаптырудағы ролін тануға зор
мүмкіндік туғызады;
- ақындар айтысындағы ұлттық идеология аспектілері халықты белгілі бір
бағытқа, мүддеге жұмылдыруда шешуші рөл атқарады. Мұның өзі ақындар
айтысының идеялық, көркемдік ерекшелігін танумен қатар, әлеуметтік-
қоғамдық мәнінің маңыздылығын көрсетеді;
- ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты келтірілген өзекті проблемалар
айтыс жырларының идеологиялық қуатын арттыра отырып, оның жалпы
халықтық мәнге ие болуына тиімді жағдайлар жасайды;
- қазақ қоғамында болып жатқан кезкелген саяси-әлеуметтік реформалар
нәтижесі айтыс жырларында жан-жақты сараланып, халық талқысына
ұсынылып отырады. Бұл көрініс ұлт мүддесі бағытындағы мемлекеттік іс-
шараларға белгілі дәрежеде ықпал етіп отырады.
Айтыста көтерілген сан-алуан тақырып ауқымдылығы мен оның мақсат-
мұраттары ұлттық идеологияны қалыптастырушы әрі насихаттаушысы ретінде
танылып, бағаланады. Қазіргі айтыстағы тақырып ауқымдылығы және оның
270
өзектілігі қазақ қоғамындағы ең басты проблемалар негізінде қарастырылып,
жеке-жеке талданды. «Тіл», «Ауыл», «Дін», «Тарих», «Саясат», «Жер»,
«Экология» тақырыптарын талдап, саралау арқылы айтыс жырларының саяси-
әлеуметтік, ақпаратты-насихатшылдық қырларының поэтикалық сипаты
айқындалды.
Жекелеген айтыскердің ақындық шеберлігі мен азаматтық позициясын
көрсету, зерттеу өзектілігін ашудың негізгі тетіктері ретінде қарастырылды.
Жаңарған айтыстың көшін бастап, өнерге өршіл рух әкелген А.Әлтай,
М.Тазабеков, М.Қосымбаев, Д.Кәпұлы, Б.Шойбеков. Б.Имашев сынды
ақындардың тегеурінді толқынын С.Тоқтамысова, Д. Қамиев, М.Аханов,
Ж.Бұлғақов, М.Қуандықов сияқты жастардың жалғастырып әкетуі, өнердің
өміршеңдік мұраттарын танытумен қатар, оның әлеуметтік мәні мен қоғамдық
маңызының өзектілігін дәлелдейді.
Айтыс табиғатына тән насихатшылдық, үгітшілдік сипаттар аталмыш
өнердің иделогиялық қуатын айқындай отырып, оның мемлекет, қоғам үшін аса
маңызды шығармашылық фактор екендігін танытады. Бұл ерекшеліктердің
барлығы Тәуелсіз Қазақстан бастан өткерген саяси-экономикалық өзгерістер
мен тарихи бетбұрыстардың айтыс жырларында көрініс тауып, бұқаралық
сипат алып отыруынан туындайды.
Ақындар айтысының көркемдік-идеялық ерекшеліктері оның ақпараттық
немесе насихатшылдық қырларымен ғана өлшенбесі белгілі. Айтыс
жырларының басты өлшемі – проблеманы ақпараттық тұрғыда көтерумен
шектелмей оған сараптамалық-талдамалы сипаттар беруінен көрінеді. Тіл
мәдениетін
қалыптастырудағы
айтыс
өнерінің
әсер-ықпалы
туралы
ойларымызды қорытындылай келгенде мынадай бағыттарды саралап
көрсетеміз:
- біріншісі ақындар айтысының мемлекеттік тіл төңірегіндегі түрлі
проблемаларды тарқатып көрсетуі болса, екіншісі ұлттық тіліміздің ажарын
ашып, қорын молайтуға қосқан үлесі болып табылады;
- қазіргі айтыстың көркемдік деңгейі, сөз (тіл) мәдениетінің қалыптасуына
алғышарттар жасайды. Оның себебі – айтыс ақындарының білім деңгейлері мен
сөз өнерін еркін меңгерген шеберліктері ауызекі сөйлеу түрін, әдеби тілдік
нормаға бейімдеді;
- ақындар айтысының үгітшілдік-насихатшылдық сипаты бұқара халықтың
зерде-танымын кеңейте отырып, ұлттық тілдің асыл жауһарларымен
қауышуына мол мүмкіндіктер жасады;
- ақындар айтысы – ана тіліміздің ажарын ашып, айбынын асқақтататын
өнер түрі. Ұлт тілінің өркендеп, кемелденуі үшін айтыс сияқты сөз өнерінің
барлық қасиетін бойына жинаған рухани шығармашылықтарды насихаттау
мемлекет үшін аса маңызды, қажетті фактор болып есептеледі.
Мерзімді баспасөз беттерінде жазылған айтыс жайлы ой-пікірлерді саралай
отырып, мынадай тұжырымдар жасаймыз:
- айтыстың әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын екшеп көрсеткен
проблемалық мақалалар өнердің өміршеңдік мұраттарын көрсете отырып, оның
тағылымдық-тәрбиелік қырларын айқындайды;
271
- айтыс өнерін ұйымдастыру барысында оның бедел, абыройына нұқсан
келтірер келеңсіздіктер ашық көрсетіліп, олардың алдын алу шаралары
баяндалады;
- айтыс ақындарына қойылар талап пен міндет түрлері сараланып, олардың
шығармашылық тұрғыдан шыңдалу жолдары бағамдалады;
- айтыс өнерінің рухани қажеттілігі, ғылыми пайымдаулар арқылы көрініс
табады;
- айтыстағы ой қайталау, әуендегі бірсарындылық сипатындағы
кемшіліктер нақты көрсетіліп, болашақта оны болдырмау жөнінде пікірлер
айтылады;
- айтыстың патриоттық, идеологиялық әсер-ықпалы сөз болып, оның
мемлекеттік маңызы байыпталады.
Айтыс өнері туралы ұлттық баспасөзде жарияланған ой-пікірлер мен
мыңдаған мақала-зерттеулердің мән-мағынасы қорытындылай келгенде
осындай тұжырымдарға саяды. Мұның өзі ұлттық өнердің өміршеңдік
мұраттарын көрсетумен қатар, халық үшін рухани қажеттілігінің қаншалықты
қымбат екендігін айқындайды.
Халықтың рухани шығармашылығының ішіндегі айтыс сияқты
көпшіліктің көңілінен шығып, асыға күтетені өнер додасы ХХ ғасырдың соңғы
жиырма жылы мен ел тәуелсіздігін жариялаған тұстан бері мүлдем жаңаша
сипат алып, өзінің қуаттылығы мен көкейкестілігін бұқара халыққа жақсы
танытты. Ең алдымен ұлттық идеологияның жалынды жаршысына айнала
білген ақындар айтысы, ақпараттық-насихатшылдық тұрғыдан басқа өнер
түрлеріне қарағанда өзінің алымдылығы мен оңтайлылығын қоғамға барынша
дәлелдеді.
272
Достарыңызбен бөлісу: |