Мухангалиева Ж. К. Тарихи өлкетану


§1.6 Жайық өңірі тарихынан (шығыс, батыс, орыс деректері негізінде)



Pdf көрінісі
бет9/94
Дата01.03.2023
өлшемі1,73 Mb.
#70849
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   94
Байланысты:
Myhangalieva J.K. Tarihi olketany. 2018

 
§1.6 Жайық өңірі тарихынан (шығыс, батыс, орыс деректері негізінде) 
 
Жайық өңірі көне дәуірлерден бастап түрлі тарихшы ғалымдардың, 
саяхатшылардың, географтардың, өлкетанушылардың назарына ілігіп, 
зерттеулердегі әрқилы пікірлерге арқау болды. Жайық өзені саяхатшыларға 
Джаха – Яик – Джайк тағы басқа да көне атауларымен белгілі болған. Жайық 
өзені туралы алғашқы мәлімет грек ғалымы Птоломейдің еңбегінде кездеседі. 
Клаудий Птоломей өзінің картасында алғаш рет Жайық өзенін сипаттап, оның 
Хазар теңізіне (Каспий) құйылатынын анықтайды. Азия картасында ол 
Жайықты Даикс деп көрсеткен. Түрік қағаны Истемиге (Дизабулу) келген 
Византия императорының елшісі Земарх өзенді «Даих» деп атаса, ХІ-XII ғ.ғ. 
авторы әл-Идриси хабарламасында Жайық өзенінің аты башқұрт даласында 
болған бір саяхатшының әңгімесі негізінде «Руза», көптеген орыс 
жылнамаларында, атап айтсақ, Лаврентьевский, Холмогорскийдің, өзен 1229 
жылдан Гаик, Яик, Еик деп те аталады.
Осы Еділ-Жайық аумағында дәуіріміздің бастауында және Азия мен 
Еуропаның ортағасырлық тарихында аса маңызды рөл атқарған мемлекеттер 
пайда болды. Алғашқы тайпалық дәуірі кезінде Еділ мен Жайық далалары 
савроматтар, сарматтар бірлестігінің қонысы болғандығын Геродот баяндаған 
еді. «Тарих атасының» айтуынша, савроматтар, ерекше тайпа ретінде, 
скифтердің амазонкалармен – соғысқұмар әйелдермен некесінен таралған. 
Геродоттың аңыз-әңгімелері кейінгі кезде өз дәлелдерін тапты. Мәселен, 
американ археолог, профессор Жанина Дэвис-Кэмбел кеңестік ғалымдармен 
бірге Батыс Қазақстанда савромат-сарматтық 50 қорғанды зерттей келіп: 
«Қорғандардан біздер қола қанжарлар мен қола жебенің ұштары кездескен 
әйелдер жерлеулерін таптық. Бұл олжалар, амазонкалар туралы гректік 
жазбаларды шынайы фактілермен негіздейді деген пікір туғызады» деп жазған 
болатын. 
Каспий теңізі солтүстігінде, қазіргі Батыс Қазақстан жерінде, Еділ мен 
Жайық аралығында ІІ ғасырда Ғұн ордасы пайда болды. Оның ең күшейген кезі 
Еділ Мұндзукұлының тұсы еді. Олар ІҮ ғасырда Шығыс Еуропаға қарай 
жылжып, Батыс Қазақстан өңірінде V-VI ғасырларға дейін өмір сүрді және 
Қазақстан аумағында қалыптасқан ежелгі бірлестіктер құрамына кірді. Жазба 
деректер ішінде сыңаржақ болғанына қарамастан, Сыма Цянның (б.з.б. 145-86 
ж.ж.) «Тарихи жазбалар», б.з. І ғасырында Бань Гу жазып, оның оқымысты 
қарындасы Бань Чжао аяқтаған «Ежелгі Хань тарихы», осы еңбекке V ғ. 
қосымшаны жазған Фань Е-нің еңбектері ғұндардың тарихы мен мәдениетін 
зерттеуде ерекше құнды.
Ғұндарға өз зерттеулерін арнаған еуропа тарихшыларынан Аммиан 
Марцелианды атап өткен жөн. Оның «Іс қимылдар» деп аталатын 31 кітаптан 
тұратын шығармасында б.з. І ғасырынан Ү ғасырына дейінгі ғұндар туралы 


32 
маңызды деректер келтірілсе, гот тарихшысы, б.з. Ү ғасырында өмір сүрген 
Иордан еңбегінде ғұндар көсемі Ругила, Аттила басқарған мемлекеттер туралы 
және Аттиланың Римге жорығы туралы, соғыстың жеңістері жөнінде өте 
бағалы мәліметтер қалдырылған. Сондай-ақ, 1253 жылы Франция королінің 
елшісі фламандтық Виллем Рубрук өзінің қолжазбасында Жайық өзені және 
осы елдегі әр түрлі жерлер мен халықтар жөнінде жан-жақты мәліметтер 
келтіре отырып, осы өңірді бір кездері ғұндар жайлағанын атап көрсеткен. Б.з.д 
ІІ мыңжылдықтан б.з. ІІ мыңжылдығының ортасына дейінгі Жайық өңірі 
дамуын анықтауда ХХ ғасырда жүргізілген А.Харузиннің, П.С. Рыковтың, М.П. 
Грязновтың, М.В. Комарованың, Т.Н. Сенигованың, И.В. Синициннің, М.Г. 
Мошкованың, Г.А. Кушаевтың, Б.Ф. Железчиковтың археологиялық-
этнографиялық зерттеулері де маңызды. 
651 жылдар шамасында Солтүстік Каспий, Еділ мен Жайықтың төменгі 
сағалары аймағында ежелгі көктүріктердің қолдауымен Хазар мемлекеті пайда 
болса, ҮІІІ ғасырда басталған, ІХ ғасырдың соңында жалғасқан көші-қонының 
нәтижесінде қаңғарлар осы Еділ-Жайық аралығында кейбір жергілікті 
тайпалардың басын біріктіріп, печенег тайпалық одағын құрды. Бұл тайпаның 
ІХ ғасырда Жайық өзені бойында саяси билікке ие бола бастағанын әл-Идриси, 
Истахри, Масуди, ибн Фадлан, К.Богрянородный және т.б. еңбегінен көруге 
болады.
ХІ ғасырдың басында бұл территорияда оңтүстік орыс даласының, Еділ 
бойы мен Жайық өңірінің түркі тілдес халықтары – печенегтердің, оғыздардың, 
хазарлардың қалдықтары мен ертедегі болгар мен башқұрт тайпаларының бір 
бөлігін қамтыған Қыпшақтар әскери-саяси үстемдікке ие болды. Олар Сыр 
бойындағы Оғыз жерлерін, Арал-Каспий, Жайық пен Еділ аймағындағы 
бұрынғы Хазар иеліктерін басып алды. Ал, ХІІІ-XIV ғасырларда өңірде Алтын 
Орда мемлекеттері өмір сүрді.
Моңғол дәуірінде Еділ мен Жайық аралығы Жошы ұлысына қарады. Еділ 
мен Жайық өзені аралығында билігін жүргізген моңғолдар Жошының баласы 
Батый тұсында сарайлар салдырса, кейінірек оның жоғарғы жағынан Берке хан 
да қала салған. Моңғол дәуіріне дейін өңірді мекен еткен түркі тайпаларының 
тағдырына келер болсақ, сол заманда өмір сүрген араб тарихшысы әл-Омари 
моңғолдар туралы хаттарында: «Ертеде ол жерлер қыпшақтар елі болған, 
оларды моңғолдар билеп алғаннан кейін, қыпшақтар солардың қол астына 
қарап қалды. Сонан кейін олар бұлармен араласып, туысып кетті... Олардың 
бәрі бір атадан туғандай, қыпшақ болып кетті, осыдан кейін келіп моңғолдар 
қыпшақ жеріне мекендеп қалды», - деп З.Ғ. Шарафутдиновтың баяндауы, 
моңғолдардың қыпшақтануын көрсетеді. Уақыт өте келе түркі тайпаларын 
біріктірген жаңа халық, жаңа атау «Ноғайлар елі» тарих сахнасына шықты. 
Алтын Орда билеушісі Меңгі Темір тұсында Еділ мен Жайық өзендері 
аралығы Ноғайға сыйға, яғни, «сойырға» берілген. Ноғай Ордасының негізін 
Едіге би құрады. Ноғай дәуірі қазақ жырауларының жырларында көп 
жырланған. Мәселен, Қазтуған жыраудың: 


33 
«Тоқсан баулы ноғайлар 
Мәслихат төбе басында 
Жиылып кеңес құрады», - деп басталатын жырынан моңғол дәуірінде 
өңіріміздегі түркі тілдес тайпалар «Ноғай елі» құрамында болғандығын білеміз. 
Орыс ғалымдары зерттеулерінің арасынан Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі 
кезеңдегі Еділ өзені бойы мен Жайық өзені аралығы жөнінде құнды 
мәліметтерді Г.Перетяковичтің зерттеуінен кездестіреміз. Онда ғалым XVI 
ғасырдағы ноғайлардың қазақтармен қатынастары туралы, Ноғай Ордасындағы 
жекелеген мырзалардың өздеріне бағынышты рулармен бірге Жайық үшін 
қазақ билеушілерімен өзара тартыс кезеңіне көшуі туралы баяндайды. 
XVII ғ. басында Едіге ұрпақтары арасында билік таласы басталып, 
мемлекеттің іргесі шайқалады. Осы орайда, сөзімізді қуаттайтын халық ауыз 
әдебиетіндегі шығармалардың, оның ішіндегі Шалкиіз жыраудың: 
«Балпаң, балпаң басқан күн, 
Бай ұлынан асқан күн, 
Орманбет би өлген күн 
Он бес ноғай бүлген күн», - деп, ноғайлы елінің іргесі сөгіліп, дәурені 
өткенін өкінішпен жырлайтын тұсын, орыс тарихшысы Карамзин «Ноғайларға 
бас би болып Ескербек 1604 жылы келді», - деп жазады.
Хақназар ханы тұсында Еділ мен Жайық аралығы қазақ хандығының 
қоластына өтті. Жалпы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Мұрын, Асан қайғы 
және басқа жыраулар Еділ-Жайық өңірінің саяси өмірін, оның ата қоныс, 
бабалар мекені болғанын жырлаған.
Жайық өңіріне қатысты мәселелердің бірі, оның бойында қалыптасқан 
қалалар мен қалалық мәдениет. Ахмет ибн-Фадланның «Еділ Бұлғариясына 
саяхат» (Х ғасыр) және Әбу-Хамит әл-Гарнатидың «Шығыс және Орталық 
Еуропаға саяхат» (ХІІ ғасыр) еңбектерінде Батыс Қазақстандағы қалалар, сауда 
және керуен жолдары жөніндегі деректер кездеседі. 
Осындай маңызды деректі 921-922 жылдары халиф елшісімен бірге Еділ 
Бұлғариясында болған және Жайық өзені бойымен жүріп өткен араб 
саяхатшысы әрі жазушы ибн-Фадлан қалдырған. Ибн-Фадланның кітабын 
аударушы ретінде белгілі кеңес зерттеушісі, шығыстанушы А.Ковалевский 
елшіліктің жол картасында ибн-Фадланның өзеннің сол жағасынан оң жағасына 
Шаған мен Жайық өзендерінің қиылысында, қазіргі Оралдың ескі бөлігі 
орналасқан тұста өткелден өткендігін көрсетеді. Х ғасырда, ибн-Фадланның 
нақтылауынша, осы жерде қалашық болған.
Ибн-Фадланның саяхаты оғыз мемлекетінің өркендеу кезеңімен тұспа-тұс 
келді. Мемлекет шығыста – Хорезммен, солтүстікте – Еділ бұлғарларымен, 
батыста – Хазар иелігімен шектесіп жатты. Кәсіпшілігі дамыған, ірі қалалары 
бар мемлекетпен көрші болған қағанат Орта Азия мен Еуропа арасындағы 
өзінің географиялық орналасуын саудасын өрістету үшін тиімді пайдаланды 
және отырықшы қалашықтардың құрылуын ынталандырып отырды. Міне, араб 
саяхатшысының туындысында осы үрдіс көрініс тапқан. 


34 
Жалпы, екінші мыңжылдық басында араб елдері мен Жайық пен Еділ 
арасындағы халықтар байланысы тұрақты болды. Шығыс географтары бұл алыс 
өлке туралы жақсы білді. Қалалар туралы үзік-үзік деректер Рашид-ад-Дин, 
ибн-Сайд, Әбул-Фид және басқа араб-парсы авторларының шығармаларында 
келтірілді. ХІ ғасырдағы отырықшылық пен оны мекендеген халықтар жайында 
Махмуд Қашқари «Дивани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде жазды. 
ХІІІ-ХІV ғасырларда еуропалық зерттеушілер мен саяхатшылар өздері 
әлденеше рет кесіп өткен Жайық өзенін жазуды жолжазбаларында ұмытқан 
жоқ. Олардың ішінде 1339 жылы өңірде және Жайық өзені бойындағы 
Сарайшық қаласында болған дін қызметшісі Пасхали, 1367 жылы итальяндық 
ағайынды көпестер Доминико және Франциско Пициганилер Сарайшық қаласы 
мен одан солтүстірек орналасқан қала жөнінде мәліметтер берді. Ағылшын 
көпесі А.Дженкинсон өзінің 1562 жылы картасында Жайықтың төменгі 
ағысында, батыс оң жағалауында Сарайшықты белгілесе, солтүстігінде, осы 
жағада Шакафни қаласын орналастырған. 
Осы аталған саяхатшылар мен шығармалардың авторлары Ватикан, 
рыцарьлық ордендердің тапсырмаларын орындау мақсатында Орталық және 
Оңтүстік Еуропадан Монғолияға сапарын Жайық өңірі арқылы жүзеге асырған. 
Батыс еуропа саяхатшылары өз сапарларын Жайық өңірі арқылы 
жалғастыруларының басты себебі, Ұлы Жібек жолының батыстан шығысқа 
Үндістанға баратын ең ерте және қысқа жолдың өтуі еді.
Сөйтіп, Х-ХІV ғасырлардағы саяхатшылар, көпестер мен миссионерлер 
зерттеулері мен еңбектерінде Еділ мен Жайық аралығындағы, сондай-ақ Жайық 
бойындағы қалалардың тұтас желісі болғандығы көрсетіледі. Шығармаларда 
ХІV ғасырда әйгілі Сарайшықтан басқа Жайықтың жоғары жағында, 
солтүстікке қарай қазіргі Орал қаласының орнында тас ғимараттары бар тағы 
бір қала болғаны тура айтылады. 
Ал осы араб деректерінен бізге жеткен бұл мәліметтер ХVІІІ-ХІХ 
ғасырлардағы орыс зерттеуші ғалымдарының еңбектерінде жалғасады. Атап 
айтсақ, «Үлкен сызба» («Большой Чертеж») деп аталған алғашқы орыс 
карталарының бірі ХVІ ғасыр аяғында жасалып, бүкіл мемлекеттің аумағын 
бейнелеген. Уақыт өте келе бұл карта әбден тозғандықтан, оның дәл сондай 
жаңасын жасау, оған толық түсінік беру қажеттігі туындады. «Үлкен сызба 
кітабы» осылайша дүниеге келді. Картаның өзі бізге жеткен жоқ, ал 
көшірмелері баршылық. 
1692 жылы шығарған, картаның соңғы көшірмелерінің бірінде қазіргі 
Оралдың орнында бүгінде белгісіз Метжет, оның солтүстігінде, Елек пен 
Жайықтың қиылысында Солянск көрсетілген. Мұнда: «Жайықтың оң жағында 
ноғайлар мен Алтын Орда, сол жағында қалмақтар тұрады» деп жазылған, 
казактар жөнінде бірауыз сөз жоқ. Осындай жеткіліксіз тұсына қарамастан, 
«Үлкен сызба кітабында» Батыс Қазақстандағы қала мен қалашықтардың елеулі 
бөлігі көрініс тапқан. 
Петр Рычков 1748 жылы жазылған «Орынбор губерниясының 
топографиясы» еңбегінде Жайық өзені бойындағы қалалар жөнінде көптеген 


35 
дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Автор жазғанындай, олар бір-біріне жақын 
орналасқан, арасы - бір-екі күндік жол. Бұл олардың арасында байланыс 
болғандығын, біртұтас мемлекет аясында өмір сүргендігін болжауға мүмкіндік 
береді. Аталған қалалардың ғимараты сақталғанын ескерсек, бұл мемлекет 
Алтын Орда болуы мүмкін. 
Петр Рычков өз еңбегінде қазақтар Ордасында талай болған Орынбор 
губернаторы кеңсесінің аудармашысы Яков Гуляевтің мәліметтерін, сонымен 
қатар, ол Орынбор губерниясы кеңсесіндегі ресми мәліметтерді, қариялар, 
көпестер мен жиһанкездерден алынған деректерді пайдаланған. 
Орыс зерттеушілері еңбектері ішінен Петр Палласты атап өтеміз. Ол 
Жайық өңірінде үш рет болды, Жайықты Гурьевтен Оралға дейін түгел жүріп 
өтті, өлкенің солтүстік бөлігін, Бөкей ордасын зерттеді. Петр Паллас өз 
жинағандарын «Ресей империясының әр өлкесіне саяхат» атты көлемді еңбегіне 
енгізді, мұнда ол өлке аумағын, этнографиясы мен тарихын барынша толық 
көрсетті. Өз шығармасында Петр Паллас екі қалашықты көргенін жазады. 
Мұның біріншісі - Жайықтағы ескі бекіністің қалдықтары. Екінші қалашық 
Қараөзен мен Сарыөзеннің қиылысқан тұсында орналасқан. Мұнда Паллас 
көптеген арықтар мен қорғандар, үй қалдықтарының ізін тапқан, содан келіп 
бұл жерлерде кезінде халық мекендеген деген түйін жасайды. 
Сөйтіп, Петр Паллас та өзіне дейінгі барлық зерттеушілер сияқты қала 
мәдениетіне жататын ескерткіштердің көптігіне назар аударды. Өкінішке қарай, 
бұл деректер Қазан төңкерісіне дейінгі орыс және кеңестік тарих ғылымында 
пайдаланылмады.
1996-2000 және 2002-2004 жылдарда жүргізілген археологиялық қазба 
жұмыстарының Сарайшық қаласы жөнінде бай мәліметтер беруі, Ә.Марғұлан 
атындағы археология институты мен Батыс Қазақстан Тарих және археология 
орталығының археолог-ғалымдарымен бірлесе отыра жүргізген зерттеулердің 
нәтижесінде ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын, Жайық өзенінің жағасында, Орал 
қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан «Жайық» қалашығы, Жаңақала 
ауданындағы «Өзен» қалашығы және Казталовка ауданындағы «Жалпақтал» 
қалашығының ашылуы жоғарыда келтірген ойдың айғағы болып табылады. 
XVI ғасырда өңірдің саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени өмірінде 
маңызды рөлді казактар атқарды. Жайық казактары жөнінде құнды 
мәліметтерді XIX-ХХ ғасыр бас кезеңіндегі казак тарихын зерттеген орыс 
зерттеушілерінің еңбектерінде көрініс табады. Олардың қатарында А.Рябиннің 
«Жайық казак әскерлері» (1861ж.), В.Н. Витевскийдің «И.И. Неплюев 
«Орынбор өлкесі бұрынғы оның құрамынан 1758 жылға дейін» (1891ж.) атты 
еңбегі мен Н.Бородиннің «Жайық казак әскері», шығармаларын атауға болады. 
В.Н. Витевскиий Жайық казактарының қалыптасуы жөнінде: «Жайық 
казактары бастауын XVI ғасырдағы Азовтықтардан алған Дондықтардан 
таралады. Жайық әскерінің құрылуын біздер XVI ғасырға, Иоанн Грозный 
билігінің соңғы жылдарына (1584ж.) жатқызамыз; Жайық казактарының 
қызметі жөнінде алғаш мәлімет 1591 жылға жататын актіде аталады...» деп, 
Жайық казактарының құрылу уақытын XVI ғасырға жатқызады. Олардың 


36 
біртіндеп Орынбор губернаторы әкімшілігіне, төменгі Жайық линиясына 
бағындырылғандығы, осы линия бойында екі бекіністің: Жайық (қазіргі Орал) 
және Гурьев қалашықтары жөнінде деректер қалдырған. Сондай-ақ, отарлау 
саясатын ұстанғанына қарамастан, 1866 жылы жарық көрген «Уральские 
войсковое ведомости», 1891 жылы «Уральский листок», 1897 жылы жарық 
көрген «Уралец» атты шағын баспасөз басылымдары Ресей патшасына қызмет 
еткен казактарының әскери құрамаларын реформалау, олардың үлесіндегі жер-
су көлемін өзара реттеу, әскери қамалдардың орталықпен почта байланысын 
күшейту, Жайықтан балық аулау кәсібін жетілдіру және өзге де мәліметтер 
қалдырған. 
Жалпы, Жайық өңіріне өз зерттеулерін жазып қалдырған орыс 
ғалымдарының ерекшелігі, еңбектерінде отаршыл Ресей империясының 
жүргізіп отырған саясатын мадақтау басым болса да, кейінгі зерттеушілерге өте 
маңызды деректерді қалдыра білді. Олардың көбі ғылыми экспедициялар мен 
қызмет бабындағы сапарлар кезінде өлкенің ауқымды мәселелері бойынша 
жадығаттар жинады, сонымен бірге тарих, мәдениет, этнография, география 
және басқа да мәселелерді қамтыды.
Қорытындылай келе, жазба, ауызша халық шығармаларын, археологиялық 
зерттеулерді, орыс зерттеушілерінің шығармаларын саралау, талдау Еділ мен 
Жайық аралығындағы өңірдің ежелгі заманнан сан мыңдаған халықтың өмір 
сүру ортасы, олардың тарихи бесігі болғандығын, дала мен қала мәдениетінің 
ошағы екендігін анықтауға мүмкіндік берді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   94




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет