ҚАҺАР АТТЫ ҚАҺАРЫҢ
Қаһар атты қаһарың – қорқып жылар Қожа Ахмет,
Рахман атты рахымың – сертін қылар Қожа Ахмет.
Күнəйім көп, ылайым,
кешіргейсің, Құдайым,
Кім бар құлдар ішінде дертіңді ұғар, Қожа Ахмет?..
Мұнафықтар ылаңы – күнə-қылмыс қылады,
Жүзін жаспен жуады – өртін қуар Қожа Ахмет.
Тарихатты білмедім,
Хақиқатқа кірмедім,
Пір бұйрығын ілмедім: дертің – бұлар, Қожа Ахмет.
Ақырзаман болған-дүр,
залым төрге қонған-дүр,
Харам, шүбə толған-дүр, татқан зəһар Қожа Ахмет.
Хас шерменде, шын құлмын,
ғашық жолда бұлбұлмын,
Арыстан бабты пір қылдым, –
Бақтан болар, Қожа Ахмет.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,
жыламақты əдет қыл,
Бəле келсе – сабақ біл,
Хақтан болар, Қожа Ахмет.
ЖЫЛАП ДҰҒА ҚЫЛАМ САҒАН
Рахымыңнан мен ғаріпті шет қалдырма,
Тынбай мезгіл жылап дұға қылам саған.
Ояу болам боялғанша ақ таң нұрға,
Жұмбай көзді жылап дұға қылам саған.
Дəргейіңе келдім, міне, белім байлап,
Жүрек, бауырым өртке толып, жаным қайнап.
Орыны толмас өкініш салып қанымда ойнақ,
Ықыласпен жылап дұға қылам саған.
Жастық-бақта күте алмаппын көңіл гүлін,
Қарттық шақта сөндіріппін өмір нұрын.
Дін жолында жеңілдер ме менің жүгім? –
Иə, Құдірет, жылап дұға қылам саған!
Осы жолда болмайды екен жан күтуге,
Жан күткенді күтеді алдан мəңгі түрме.
Безіп барлық пайдалардан хал бітуде,
Осы күйде жылап дұға қылам саған.
Құл Қожа Ахмет нəпсі-шыңнан асты жəйлап,
Фəна филлаһ* мақамына басты байлап,
Жүрек, бауырым аласұрып тасты қайнап,
Осы күймен жылап дұға қылам саған.
ƏНТƏЛ ҺƏДИ
Құнсыз құлың – дəргейіңе жылап келдім,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди*.
Ия, Құдірет, адастырмас шырақ бергін,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Болдым басыр, мыйсыз басты нанға тығып,
Сеніменен сырласпаппын таңда тұрып.
Кешермісің өкінсем мен мəңгі «аһ» ұрып,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Азғын жолға түстім, достар, халім – харап,
Жөн айтар ма жыйған жандар қарынға – бақ?!
Сен жол көрсет, Жаратушым – Əли Жанаб*,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Қорқып келгем Жан мен Тəннен харамдалған,
Кенет маған дауыс жетті Жан-АЛЛАМНАН.
Қайта жақты үміт отын тəмам болған,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Жылап келдім, бетім бар ед кімге қарар,
Айдың нұрын шырақ қылшы түнде жағар.
Падишам – Сен, сүйенішім – Бір жəне Бар,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Кір күнəмен былғап алдым иманымды,
Бұралқы итпін, қақпан шалған сыйрағымды.
Қалай көрем бұл халіммен Дидарыңды!? –
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Қол-аяғым куəлік берер өлгенде мен,
Сен кешпесең, ақтала алар пендең немен?–
Күнəм шексіз, жұртта қалған шермендең ем,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Көп қылмысым ауру қылды – Дəргерім Сен,
Жаным да – Сен, Сүйіктім де, Дəрменім – Сен,
Адасқанның халін сұрар Жан-Бегім – Сен! –
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Кім бола алар саған деген сенімге кес?! –
Сенсіз жүрген жолым дəйім менің көмес.
Мейіріңсіз қыйындығым жеңілдемес,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Жерде, көкте Сенен өзге Қадір* де жоқ,
Осы сөзді естіп тұрсың – шəгім де жоқ.
Бірсің, Барсың, еш шүбəсіз əзір де боп,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Мен жолыңа басты берем, Қадір-Жарым,
Бас деген не? –
Жүз мың пида ғаріп жаным!
Дертім – өзің, Дəрім де өзің, Зарым – қалың,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Сенің зауқың бар қорегі Жан-Иманның,
Махаббат бер, орынына жанымды алғын.
Махшар Күні Нұр ғып соны қабылдармын,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
«Құл һу Алла» Сүбхан* сөзі – қамшы-дағы,
Ораза, намаз, тəхлил, тəсбих – жаршылары.
Пірмұғандар тəліптердің шамшырағы,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Зікірін айтып Əнтəл Һəди, Əнтəл Хақтың,
Келіп еді тура жолда шер тарқатқым. –
Шайтан қорқып зікірімнен, дəркəр таттым,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Əнтəл Һəди, Əнтəл Хақтың зікірі зор,
Пірмұғанның сөзін ұқсаң пікірі зор, –
Жан сарайың жарық табар – шүкірі мол. –
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
Құл Қожа Ахмет, саған рахым тиер ме еді, «Шүкір» дейін, «пендем» десе Ием мені.
«Пендем» демей, жүз қайырса – күйер көгім,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Əнтəл Һəди.
САЛАУАТ
Он сегіз мың ғаламға сəруар* болған Мұхаммет,
Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхаммет.
Жоқшылық пен індетке қанағатшыл Мұхаммет,
Күнə тартқан үмбетке шапағатшыл Мұхаммет.
Кірпік ілмей талықты, –
сабыр табар Мұхаммет,
Жетім, міскін, ғаріпті жарылқаған Мұхаммет.
Үлес берген пендеге сара жолдан Мұхаммет,
Азап кешкен əммеге пана болған Мұхаммет.
Əбужаһил залымға төзім қылған Мұхаммет,
Жалақордың хақ жолға өзін бұрған Мұхаммет.
Жалғаншының қайғысын ұмыттырған Мұхаммет,
Зікір айтып Рухын шынықтырған Мұхаммет.
Малғұн, лағин, шайтанға соғыс қылған Мұхаммет,
Шариғатқа үмбетін тоғыстырған Мұхаммет.
Тариқатқа – жолбасшы,
жаны ышқынған Мұхаммет,
Ақиқатты баршаға табыстырған Мұхаммет.
Жамандыққа – жақсылық бағыштаған Мұхаммет,
Тауфық тілеп, залыммен алыспаған Мұхаммет.
Сəждеге ұрып маңдайын,
тағат қылған Мұхаммет,
Қабыл болып дұғасы – таң аттырған Мұхаммет.
Залымдардың бəлесін харап қылған Мұхаммет,
Бір Алланың Дидарын талап қылған Мұхаммет.
Бес уақыт намазда имам болған Мұхаммет,
Миғражда көргені Дидар болған Мұхаммет.
Ғаршы, Күрсі базарын иеленген Мұхаммет,
Сегіз бейіш төріне Кие берген Мұхаммет.
Міскін Ахмет құлына мұра қылған Мұхаммет,
Жетімдерге жүрегін шыра қылған Мұхаммет.
ҮМБЕТ ТУРАЛЫ
«Əл кəззабу лə уммəти!»* – деді Расул жұпар леп,
Жалғаншылар қауымын үмбет демес Мұхаммет.
Тура жүрген құлдарын Хақтың іздеп Дидарын,
Шын жолдағы ұлдарын үмбетім дер Мұхаммет.
Əркім жүріп үмбетше,
Расул ісін үлгі етсе,
Шапағат күн шын жетсе, мақұрым қоймас Мұхаммет.
Тəңірі-Тағала міндетін,
Расул Алла сүннетін
Инанбаған үмбетін үмбет демес Мұхаммет.
Үмбетпін деп сөйлесең,
бұйрыққа бас имесең,
Үмітсізсің онда сен – хал сұрамас Мұхаммет.
Халың мүшкіл тап сонда,
жан шырағын жақшы онда,
Рəсуа болар мақшарда, демесе үмбет – Мұхаммет.
Үмбет дейді Мұхаммет,
ақырыңды ойлас, Құл Ахмет,
Болғанда ертең қиямет мақұрым қоймас Мұхаммет.
КІМДЕР ҮШІН КЕЛДІ РАСУЛ?
Қан ағызды көзінен ол кімдер үшін?
Барды – талақ, өзін кəуап қылды ел үшін,
Үмбет болсаң, үлгеріп же бұл жемісін,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Көрмедің бе, жылай-жылай көзі іскенін,
Жұлынды үзген зіл салмаққа төзіскенін,
Сонда жөн боп көріне ме өз істерің,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Ей, достарым, үмбет қайда білер мұны,
Табар шексіз нығмет, пайда жігерліні,
Соны ұққанның қияметте күлер күні,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Расул қадірін ойладың ба тереңірек,
Сүннетіне бойладың ба əдебі көп,
Расул үшін көрдің бе бір зар еңіреп,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Білсең етті, – сағадат-дүр ол Мұстафа,
Ұқсаң, шіркін, ғанибет-дүр ол Мұстафа.
Əттең, өкініш, ғинаят-дүр ол Мұстафа! –
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Құл Қожа Ахмет, қылды сені жат күш қапа,
Қылғай опа үмбеттерім жаққыш жапа. –
Үмбеттерге осылай деді хақ Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
«ҺУ» АЛҚАСЫ
«Һу» алқасы* құрылды,
Ей, дəруіштер, келіңдер,
Хақ сыпырасы* жайылды,
Одан үлес теріңдер.
«Қал»* ғылымын оқыңдар,
«Хəл»* ғылымға бекіңдер.
Жоқтыққа шым батыңдар,
Барлыққа шын жетіңдер.
Жырт пердесін түнектің,
Тілеп Хақтың дидарын.
Ашып көзін жүректің,
Көзбен көріп иланың.
Һу арасын алыңдар,
Нəпсі басына салыңдар.
Күні, түні еңіреп
Хаққа құрбан болыңдар.
Алқа ішінде һу деңдер,
Ғашық отына жаныңдар.
Тəкпір айтып бір деммен,
Кəусарына қаныңдар.
«Һу, һу», деп, зар еңіре,
«Һу» демекте мағына бар.
Жетіп Хақтың кеніне,
Ақ жолыңды таңдап ал.
Құл Қожа Ахмет құл болған,
Жол үстінде күл болған.
Одан ғибрат алғанның
Жүрегінде Нұр жанған.
ҺАЙ ЗІКІРІ
Хақ жаратқан – Бір Алланың жанабына ұш,
Лағин шайтан жолдарынан қайтың, достар.
Ықыласпен махаббаттың шарабын іш,
Жан-жүрекпен Һай* зікірін айтың, достар.
Сол шарапты – айтып ішсең Һай зікірін,
Жолда жатсаң, танымассың қайғы түрін.
Харап болмас Аллаң үшін қай бітімің?! –
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Зар илесем босағаңа еңсемді ұрып,
Алқа құрып, қойсаң жұртты теңселдіріп.
Зікір айтып сол сұхбаттың терсем дүрін –
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Ғылымына амал қылған – сауап алар,
Өлгенде ертең тар лахатта дауа болар.
Алла, Расул:
«Дінің кім?» – деп жауап алар,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Мүңкір-Нəңкір:
«Раббың кім?» – деп сұраққа алар,
«Қал» ілімі пайда бермес – жырақ қалар.
Сорлы-ау, сонда халің нешік – сынақ болар?! –
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
«Алла» деген жүректерден бал ағылды,
Ақыретте Алла амалын пана қылды.
Амал қылған шын ғашықты дана қылды,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Көз жасың – май,
қалің – білте,
хəлің – шырақ,
Ғибрат алмас тас жүректер көзін шылап.
Жол үстінде топырақ болғын өзің, шырақ,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Ессіз ғалым амал қылмай тая құлар,
Оқып ұқпас,
дүние жыйнар аяғы бар.
Менмендікпен есіл ғұмырын зая қылар –
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Сыртты бұзып, ішті түзе ғалым болсаң,
Мақшар таңы жағылады жаныңнан шам.
Жолда қалсаң, тəубə қылып жалынған – сəн.
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Ғалым сол-дүр, намаз оқып тағат қылса,
Хақтан қорқып ақыретін абат қылса.
Құран оқып, еңіреп, малын харап қылса,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Ол ғалымның жасы кеппес жанары бар,
Сахарларда ерте тұрып нала қылар.
Хақтың жолын күйген жанға пана қылар,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Тарт қорлықты!
Кəпір нəпсің басы қатсын,
Бұл дүниеде жаны өртенсін, жасы да ақсын.
Топырақ бол, ғалам-дария басып ақсын!–
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Қорлық тартып Хақ-Мұстафа «үмбет» деді,
Күнəһардың қамын жеу-тін күнде еткені.
Сол себептен еңбегі оның құр кетпеді,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Хақ-Тағала қылмасын деп тозаққа отын,
Бауыры күйіп, демі өртеніп, тежеп дəтін,
«Үмбетім» деп батты ол ұлық азапқа тым,
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
Құл Қожа Ахмет, алам десең Хақтан үлес,
Баязиттей нəпсіңменен, жатпа, күрес.
Əй, бейхабар, үмбет болсаң арттан ілес! –
Жан-жүрекпен Һай зікірін айтың, достар.
КЕПІЛ БОЛАМ
Əуелі – Һу, ақыры – Һу деп, өзіңнен кет,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ жолына кемел жан боп төзіммен жет,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Лə илəһа илл-Алла-лап» зарлы түнің
Өткей; жəрдем бер кім айтса Хақ зікірін.
Пірмұғанға қызмет қылсын бар бітімің,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Лə илəһа илл-Алланы» тіліңе сал,
Діліңе сал, əр тыныста нұрын ашар;
Сол Пірмұған назар бұрса түріңе сəл –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Тақты тепкен Адһамдардың жет соңынан,
Кімді көрсең: «Қызыр – ол», – деп өп қолынан.
Сахарда тұр, жанарыңнан төк толы қан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Алла деген пенделердің қолы болғын,
Сапар шексе, топырақ сыйпат жолы болғын,
Ғашықтардың жанып-өшкен күлі болғын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сен Хақты сүй зəкір* болып, шəкір* болып,
Нəпсі көзін ой сахарда, аһ ұр келіп,
Дүниені қой Баязиттей пақыр болып,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Əр деміңде Жаратқанды талап қылсаң,
Тұлпар болып сахарларда жарап тұрсаң.
Олла-биллə, боқ дүниені талақ қылсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Кіргіз сахар Хақ есімін əр деміңе,
Аллаһу деп, отқа қурыл, зарла егіле.
Қайрат құрын мықтап байла жан беліне,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Адһам құсап ақиқаттың жүзін өпкін,
Желік, менмен, байлық үйін бұзып өткін.
Махаббаттың дариясынан жүзіп өткін,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ұйқыдан без ақыреттің қаупіменен,
Күндіз-түні жүр Алланың зауқыменен.
Жүректі жар махаббаттың шауқыменен,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Аулақта бол менмендердің аранынан,
Жасыңды төк гүл сияқты сабағы қан.
Тынбай ішкін махаббаттың шарабынан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ей, достарым, фəни ғой бұл қылышы қан,
Жылап жүріп шыққан дұрыс уысынан.
Шарап ішің махаббаттың ыдысынан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Күндіз-түні тек Алла-лау міндеттерің,
Түнде ұйықтамай қанды жұту – індет керім.
Сен тəрік қыл фəни-дүрмек құрыметтерін,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Бол қашанда Пірмұғанның назарында,
Өзіңді сат мағрифат* базарында.
Шарабыңды іш, зікіріңді қаза қылма,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Йə, Рəббəна, залəмна»
*
, – деп нала қылсаң,
Жан-жағыңа жанарыңнан қан ағызсаң,
Хақ зікірін серік тұтса санаңыз сан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сен – көбелек, ал ақиқат – жайнаған шам,
Өзіңді отқа ұр, сол асыл дерт – пайдаға алсаң,
Дүкенің құр зікір етіп қайда барсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Махаббаттың майданында басты ойнатсаң,
Кірпігіңнің əр талына жас байлатсаң,
Дидар тілеп, «һу-һу-һу» деп тас қайнатсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сен қорғап жат ерендердің астанасын*,
Сахар тұрып, шар зарб* ұрып бастағасын,
Жаныңнан без, ұрғандай боп тасқа басың,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Топырақ бол, нəпсі азаптан сынсын да əрмəн
Халық ішінде рəсуə бол, күлсін – Жалған!
Шын жүрекпен жылай көр тек, білсін де Аллаң, –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Рақым жаусын, дария қыл көз жасыңды,
Ғаріп болып жолда жатып қозға сырды, –
Тəңір сенен керек қылмас өзге асылды,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Көшетін түн отты лаулат лағылыңмен,
Шақпақты шақ көзден аққан жалыныңмен,
Сұқбаттарда судай тасы дауыл үрген,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ей, ынсапсыз, дүние – жалған, Хаққа қайтқын,
Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын,
Пірмұғанның қызыметінде «лəббай!» – айтқын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Алла-һу деп, жоғал, жүрек-бауырың күйсін,
Түнде тұрып, тағат қылғын, Тəңірің сүйсін.
Одан кейін хас ұлықтар əмірін қылсын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сахарда тұр, сияқтанып сабылған көш,
Ғашық болсаң, Ысмайылдай жаныңнан кеш,
Тəңірінің əміріне таңылғанда ес,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Риязат* тарт, жанды қыйна, жас шығындап,
Бұл майданға барыңды бер басты бұлғап,
Бал орынына заққұм шайна, тас тығындап,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Фархадтайын мехнат тартып, таулардан ас,
Баязиттей түнде тұрып, бауларға қаш,
Жөнейіттей шөлді кезіп саулар ма жас?! –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ рахметі алып мұхит тамшысы – нəр,
Сол тамшыдан татар болсаң, жан тұшынар,
Менмендікті кісіліктің қамшысы ұрар,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ рахметі – ұлы дария, аппақ арай,
Оны іздесең басқын аяқ Хаққа қарай,
Тақуалық – бетін бұлттар жаппаған Ай,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Илл-Аллаға» ышығыңды жария қыл,
«Əнал хақ» деп, бол Мансұрдай Жарыңа құл,
Жылап алып, көз жасыңды дария қыл,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ай, бейхабар, ғафыл ұйқы – зайғыдасың,
Дүние тілеп күндіз-түні қайғырасың,
Тағат қылшы, бос сөздерден айны да шын! –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Тағат қылсаң – тас төсекпен қалсаң жолда,
Бітіміңді Хақ ұсынған салсаң жолға,
Өлеріңде толық иман алсаң қолға,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Құл Қожа Ахмет, өзіңе қыл насихатты,
Халықты айтып, өзіңді ұмытып, басың қатты.
Тауың – ауыр, қылмысың – зор, тасың – қатты,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам!
ЗІКІРШІНІҢ ҚАБІРДЕГІ ХАЛІ
Келің, достар, сал зікірді – Хаққа мадақ,
Хақ зікірі жүрек көзін ашар, достар.
Истиғфарды тынбай айтып тап қанағат,
Шайтан-лағын тəн мүлкінен қашар, достар.
Шайтан-лағын – жаудың кетсін мүрдем анты,
Күндіз – Алла, түнде Алла деп шырла, балқы.
Тар лаһатқа кірер сəтте нұрға малты,
Періштелер Алла нұрын ашар, достар.
Алла нұры қабір ішін жарық қылар,
Періштелер шырақтарын жағып тұрар.
Момын пенде оны көріп зарық қылар,
Пəни-жалған жарығынан қашар, достар.
Дəреже боп Құдай үшін аққан жасың,
Барша рухтар жиылып кеп шаттанғасын,
Дұға қылып, – Алласына аттанғасын,
Жүмілə əруақ сүйіп бір-бір құшар, достар.
Жеті қадам қабіріңнен кетпей халық,
Мүңкір-Нəңкір кіріп келер оқтай қарып.
Лаулап тұрған екі көзі оттай жанып,
Нұрды көріп тағзым етіп қашар, достар.
Мүңкір-Нəңкір жауап алмай қашып беріп,
Еңірейді көздің жасын шашып-төгіп,
Хақ зікірін айтқан жанға ғашық болып,
Қанат қағып көкке қарай ұшар, достар.
Əуез келер Хақтан: неге жыладың? – деп,
Қабірдегі ұлымнан не сұрадың? – деп;
Ей, бейəдеп, ұқты нені құлағың? – деп,
Мүңкір-Нəңкір оңды-солды қашар, достар.
Əр демінде зікір қылды ол – қанбай нұрға,
Қылам азат, – кепілдік хат жолдаймын да,
Берем күллі игілікті ондай құлға! –
Барлық қылған күнəларын кешер, достар.
Күнəларын Хақ кешіріп назар бұрар,
Шүкір қылар жатқан барлық ажалдылар.
Əруақ біткен кірлерінен тазарды бар,
Қабірстанға Хақ рахметін шашар, достар.
«Əлһамдулиллə, оңнан келді.
О, Жаратқан! –
Біз құтылдық қабірдегі бар азаптан.
Біз – тірілдік! –
Өлік едік нала – батпан. –
Дұға қылып Хаққа қолын жаяр, достар.
Мүңкір-Нəңкір жылар сонда:
Бар жарықтың
«Иесі – Сен»! –
Жасын көрдің сан ғəріптің.
«Лұтыф етсең»*, – талайсызға бақ дарыттың,
Сəжде қылып шəкір тілін ашар, достар.
«Лə илəһə иллə Аллаға» ғашық-құрбан
Дидар үшін дүние-боқты шашып тынған,
Ақыреттің шын саудасын кəсіп қылған
Хауыз-Кəусар сусынынан ішер, достар.
Ақыретте жазмыш болса Хақ жамалы,
Жүз мың шайтан жаулық қылса жоқ зауалы.
Əр қадамда артық болар «қал» уа «хəлі»,
Даналықпен Хақ жолдарын ашар, достар.
Махаббаттың майданында сөнген-жанған,
Хақиқаттың дариясынан терген маржан,
Мағрифаттың дүкенінде зергер болған
Қимылдаса – дүр мен гауһар шашар, достар.
Ғашық деп біл – Хаққа жанын қылса құрбан,
Шар зарыб ұрып, сахарларда тұрса жылдам,
Жəрдем келіп ерендерден нұр сағынған,
Сұлтан болып, дүр базарын ашар, достар .Мұнда тұрмас Хақтың исі баураған жан,
Қазіретсіп, араласпас дауға жалған.
Пақырлықтан лəззат ап, тəубə қонған
Ғəріп болып улы сусын ішер, достар.
Құл Қожа Ахмет, махаббаттың отын жақшы,
Нəпсі – пəле! –
Жер-көкті жеп сапырмақшы.
Топырақ боп жатса да өлмес – кəпір-нəпсі,
Нəпсісі өлген һүр мен ғылман құшар, достар.
ЖАСЫЛ ҚҰС
«Лə илəһа илл-Алла» – тағаты бар
Құл аузынан жасыл құс шығады ұшып.
Дүр жақұттан тоқылған қанаты бар,
Қарсы алады ғаршылар құрақ ұшып.
Мың тіл берген ол құсқа əмірімен,
Құлды тілер бар тілмен Тəңіріден.
Дəргейіне жабысып, зар-үнімен:
«Жарылқа!» – деп күндіз-түн қылады ышық.
Ұқпас сырын надандар – зая-күмəн,
Ей, достарым, сол құстың аянынан
Мен айтайын, тыңдаңыз баянынан,
Жəннатқа ертіп кірген соң табар тыныш.
«Дар – аламан* бергенше Қадір маған
Бір тынбаймын, – дейді құс, – небір заман».
Шақта ғана зарын Жар қабылдаған,
Сонда қонар жайғасып, алар тыныс.
Ғибадатқа жүрегін жалғамаған
Халің мүшкіл, ғафыл боп қалған адам.
Машайықтар сахарда «Алла-лаған»
Хақ Дидарын көреді, бақ қонады.
Міскін Ахмет Ясауи иланғалы,
Тілге алғалы: «Лə илəһа илл-Алланы» –
Хақ зікірі – Жан, Ділге құйған нəрі,
Ла маканда* сол құсқа тап болады.
ЕЙ, СОПЫ
Ей, сопы, талап қылсаң Хақ Дидарын,
Жаннан кеш, алқа ішінде жан қыйнағын.
Алла үшін тəрік болсын бар жыйғаның,
Талақ қыл түн ұйқыңды – өшсін мұндар.
Ғашыққа Хақ рахметі жуық шығар,
Өң – сынық, жүзін жаспен жуып сығар.
Тамұққа менмендерді қуып тығар,
Тозақта тəкаппарлар өтпес сын бар.
Жарандар бұрынғы өткен аулақ кетті,
Тақ – халас, жасы жуды саулап бетті.
Сенің де ғұмырың тəмəм – нəубет жетті,
Тəуба қыл күнің үшін ей, пəтшағар!
Не істемес ит-нəпсіге берсең ерік?! –
Алла – жат, еңіресең де өршеленіп.
Жеңілсең – тіріледі, жеңсең – өліп,
Ұйқыңды құстай үркіт – түнде шырмар.
Шығармас нəпсі деген түрме-құлып,
Аздырар жолдан бұрып мүрде қылып.
Сонымен сүрдің өмір бірге жүріп,
Нəпсіні, нəпсіні теп ей, пəтшағар!
Тұлдырсың – нəпсіге ерсең ақырдемде,
Қосады діннен қуып кəпірлерге.
Өлерде иман кетер ғафыл желге,
Нəпсіден ақылға ер де болғын бизар.
Перғауын, Һарун кетті шайтанға еріп,
Сондықтан жер жарылды – сойқан болып.
Үлгісін Мұса Кəлим айтар келіп:
Екеуін үлгі алмаған Құдай қарғар!
Хақ сыны тəубасызға тиді қатал,
Кетем деп, жолға жыйнал, сыйлық апар.
Көр-дағы кеткендерді – ғибрат ал,
Тек сонда жатқан жерің болар гүлзар.
Момындар жыйнап өтер Ар мен Ғылым,
Хақ үшін құрбан қылды Жан мен Ділін.
Дүние емес, ақыретке пəрменді кім? –
Сол жанға үр мен нөкер бəрі даяр!
Алланың ғарасат таңы бір атады,
Жер де ойбай, көк те ойбай ғып жылатады.
Парызшыл, тəубашылды ұнатады,
Жарылқап, – сол құлдармен сұхбат құрар.
Намаз бен ораза тұтқан күлер тақтан,
Бар халық сол бір жанды тілер Хақтан.
Ондай құл қиямет күні жігер тапқан,
Ол ұлды періштелер құптап тұрар.
Хауыз бар – жарандарға ем сауда қылған*,
Ғашықтар татады оны тəуба қылған.
Қайығы тəубасыздың аударылған,
Ішер-дүр ол бейбақтар улы зəһар.
Бір күні қияметтің – мың жыл болар,
Санынша бұл дүнияның құрдым болар.
Қайым күн жетпіс мың жыл сүргін болар, –
Тəубашыл құлдар үшін туды баһар.
Кім Хақтың құлы болса – Хаққа жақсын,
Тəкаппар, қалай бері аттамақсың?!
Құл Ахмет, нəпсі тыйып, дат қыламын,
Пірмұған тағар ма екен ақ тұмарын!?
Бейхабар көрмей-білмей қан ағызар,
Жан даусын естігей де Пəруардигар.
СЫН САҒАТ
Қара күн ғой сын сағатта бұл фəниден сапар қылсаң,
Болмас, тіпті, шаңырағыңнан бір тамшы су татар мұршаң.
Ажал сенің қарамайды жердегі əмір-құдіретіңе,
Үкіміңмен бар ғаламға астаң-кестең қаһар қылсаң.
Барлық жанға Хақ бұйрығы – шын өлімнен шəрбат ішу,
Қашып одан құтылмайсың – ой, қиялды қатар қусаң.
Қабірстан жаққа барып өлілерден ғибрат ал,
Сол жарасар: тəнді – кəуап, жан жарасын зəһар қылсаң. Тірлік – жалған əрқашанда, тек ізгілік жолдас саған,
Қиямет үшін жігерді – құм, жүрегіңді баһар қылсаң.
Хақ бұйрығын тұтқан ғана Хақтың сүйген құлы болар,
Уəлиге айналасың ғибадаттан шаһар құрсаң.
Малың-мүлкің пана болмас,
кімді көрдің ажал алмас,
Қара жерге бір кіресің – қанша айламен сақал қырсаң.
Құл Қожа Ахмет, кір күнəмен қылма зая өміріңді,
Жаратқанның жанабына ылайықсың саһар тұрсаң.
ПЕЙІШ ПЕН ТОЗАҚТЫҢ АЙТЫСЫ
Пейіш, тозақ таласар, таласуда баян бар,
Тозақ айтар:
мен артық, менде Перғауын, Һаман бар.
Пейіш айтар:
білмейсің, сенде қандай талғам бар?! –
Перғауын, Һаман сенде-дүр, менде Жүсіп, Кенған бар.
Тозақ айтар:
мен артық, дүниепарас көп құл жүр,
Қолдарына салынған алмас кісен, от-шынжыр.
Пейіш айтар:
мен артық, мен – пайғамбар мекені,
Алдарында олардың: кəусар, һүр мен нөкері.
Тозақ айтар:
мен артық, менде жөйіт, тарса бар,
Жөйіт, тарса тəндерін сансыз азап паршалар.
Пейіш айтар:
мен артық, менде иманды құлдар бар,
Момындардың алдында шексіз нығмет – гүлзар бар.
Тозақ айтар:
мен артық, залым құлдар бар менде,
Залымдарға беретін зəһар – менде, зəр – менде.
Пейіш айтар:
мен артық, ғалым құлдар – төрімде,
Аят, хадис, құран бар ғалымдардың көңілінде.
Тозақ айтар:
мен артық, алаяқ бар – қойынымда,
Оттан ескен кісен бар мұнафықтар мойынында.
Пейіш айтар:
мен артық, менде – хақ жол тұтқандар,
Сопылардың көңілінде зікір, пікір, Сұбхан бар.
Тозақ айтар:
мен артық, бейнамазды аяр бар,
Бейнамаздың мойынында жылан менен шаян бар.
Пейіш айтар:
мен артық, менде – Дидар-Мұратың,
Жар Дидарын көрсетер бар Рахман-Рахым.
Тозақ сонда тақ тұрды, пейіш көкке самғады, ал,
Құл Қожа Ахмет, не білдің? –
Білдіруші Алла бар.
ƏБУБƏКІР СЫДЫҚ ХАҚЫНДА
Көрген бойда-ақ иланған Əбубəкір Сыдық қой,
Ұстын болып қыйналған Əбубəкір Сыдық қой.
Мұңдасқанда зарлаған,
құлдыққа бел байлаған,
Іші-бауырын қарнаған Əбубəкір Сыдық қой.
Бір сөзінен қайтпаған,
сырын əркез сақтаған,
Ғапыл болып жатпаған Əбубəкір Сыдық қой.
Сүйгендерді тап қылған,
қызын қолдан тапсырған,
Қол қусырып тақ тұрған Əбубəкір Сыдық қой.
Жеткен айтқан сөзіне,
түскен Рухтың тезіне,
Сенген Расул өзіне Əбубəкір Сыдық қой.
Мұхамметке қайын ата,
қылған емес еш қата,
Ерте тұрған, кеш жата Əбубəкір Сыдық қой.
Құл Қожа Ахмет толғасын –
үңгірдегі жолдасын,
Ғаріптікке, олла, асыл Əбубəкір Сыдық қой.
ОМАР ХАҚЫНДА
Сəни* досы Расулдың əділетті Омар-дүр,
Мүмін жары асылдың əділетті Омар-дүр.
Білəлге азан айттырған,
шариғатты хат қылған,
Дін шырағын жақтырған əділетті Омар-дүр.
Қағба есігін аштырған,
барша пұтты ылақтырған,
Расул көңілін хош қылған əділетті Омар-дүр.
Шариғатқа күш-қорған,
тарихатты ұстанған,
Ақиқатты түс таныған əділетті Омар-дүр.
Əділеттің жолында
құрбан қылған ұлын да,
Қалған шындық шыңында əділетті Омар-дүр.
Шырақ болып парлаған,
дін жолынан танбаған,
Жөнсіздікке бармаған əділетті Омар-дүр.
Міскін Ахмет, жол алғын,
əлсіздікті доғарғын,
Сонда рухы болар – нұр əділетті Омардың.
ОСПАН ХАҚЫНДА
Үшінші дос – жар болған иман қабы Оспан ғой,
Əр демінде бар болған иман қабы Оспан ғой.
Пайғамбардың күйеуі,
дініміздің сүйеуі,
Барлық ісі киелі иман қабы Оспан ғой.
Тек Хақ сөзін жадқа алған,
аят-хадис ақтарған,
Əрбір сөзі жатталған, иман қабы Оспан ғой.
Тұр тауындай – тобасы,
екі нұрдың қожасы,
Айтқанының бəрі асыл, иман қабы Оспан ғой.
Мінгізбей жау атына,
қол салысты сапыға,
Шаһид қылды қапыда – иман қабы Оспан ғой.
Құл Қожа Ахмет, достарды –
сыйпаттадың Оспанды,
Күмəн одан бос қалды, иман қабы Оспан ғой.
ƏЗІРЕТ ƏЛІ ХАҚЫНДА
Төртінші дос – жар болған Алла шері Əли-дүр,
Миғражда бар болған Алла шері Əли-дүр.
Хақ əмірін жүргізді,
кəпірлерді кіргізді,
Ай дидарлы, нұр жүзді Алла шері Əли-дүр.
Көрген адам пір тұтар,
тек зікірді тіл тұтар,
Қолында бар – зұлпықар Алла шері Əли-дүр.
Мінсе дүлдүл – нұрлана,
жерге кірер зілзала,
Кəпірлерге мұң-нала Алла шері Əли-дүр.
Дұшпан ықты не күшті,
кəпірге ашты соғысты,
Оңға бұрған терісті Алла шері Əли-дүр.
Нығмет сенде, Бір мен Бар,
Төгем саған тілден зар,
Құл Қожа Ахмет білген жар – Алла шері Əли-дүр.
ОПАСЫЗ ФƏНИ
Опасыз фəни – бұл жалған
Жұтады жуан-жұқаны.
Малыңа сенбе құлданған,
Қурайдың ол бір бұтағы.
Қай жаққа кетті аттанып,
Пікір қыл, сонау көп халық?
Жетеді қуып ат-табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны.
Аңдыма дүние қапысын,
Тірлік қыл Тəңір хақы үшін.
Жей гөрме жанның ақысын,
Қылкөпір ертең тұтады.
Ұл-қызың, досың жорықтас,
Ешбірі жебеп жарытпас.
Жігерлен, сілкін, ғаріп бас,
Ғұмырың желдей зытады.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,
Ғұмырыңды қай жан санап тұр?
Топырақ пен судан жаратты –
Топырақ қайта жұтады.
ДƏРІЛ БАҚИҒА ӨТУ
Күн байқалмас Əзірейіл келіп қалған,
Ыстық тəннен əзиз жанды беру керек.
Бес-ақ күндік ғұмырыңды беріп қолдан,
Шара таппай ақыр бір күн өлу керек.
Ұлың-қызың жылар сонда еңіреп кіл,
Мүлкің қалар, малың тұрар мөңіреп тұл.
Дұшпандарың қуанысып жолы боп тұр,
Мойынсұнып сұлап түсіп көну керек.
Бар мұраң сол – аяқ пенен бастан байлап,
Ыстық суды құйып байқар шаштан жайлап,
Айналаңды алар сонда достар жайлап,
Алты кез-ақ бөзден кебін кию керек.
Жаназаңа үлкен-кіші тегіс келер,
Көрстанда көптен бөлек сен ішке енер –
Жетпіс жерде сұрақ сұрар періштелер,
Бір-біріндеп жауаптарын беру керек.
Ғимаратты мазарында підə-көптің
Түрлі-түрлі ғаламатты қиял еткін.
Лахат атты есігі бар қияметтің,
Саясаттық үйге барып ену керек.
Кіріп көрсең, бір сəуле жоқ – қараңғы ерек,
Толған қайғы. Жан табылмас алар дерек.
Сол сағатта кім қылады саған көмек? –
Қиямет таңы атқанша оған төзу керек!
Ақыры, сөйтіп, болған күні бар іс тəмəм,
Осы ісіңмен барсаң егер Дəрис-сəлам*,
Халал емес, жеген болсаң нəжіс-харам,
Дəл сол жерден жемісіңді теру керек.
Құл Қожа Ахмет, тоба қылғын өлмес бұрын,
Қызыл жүзің көрде жатып сембес бұрын,
Жылан, шаян көр ішіне енбес бұрын,
Қаза жетсе риза болып еру керек.
АШ ЕЙ, МОМЫН, КӨЗІҢДІ
Аш ей, момын, көзіңді
Сахар мезгіл болғанда,
Құтқар оттан өзіңді
Сахар мезгіл болғанда.
Сахарларда барша гүл
мадақтайды Құдайды,
Айтып бұлбұл аңсарын,
махаббаттан жылайды.
Зікір қылсаң еңісте
сахар мезгіл болғанда,
Түсер көктен періште –
сахар мезгіл болғанда.
Жазықта нұр аққасын
сахар мезгіл болғанда,
Ашар жəннат қақпасын –
сахар мезгіл болғанда.
Ояу құлдар кек қыспай,
сахар мезгіл болғанда,
Өлетінін еске ұстай,
сахар мезгіл болғанда;
Сахар сырын жалғанда ғашық құлдар ұғады,
Қорқыныштан көкке ұшқай –
сахар мезгіл болғанда.
Көрер олар Құданы сахар мезгіл болғанда,
Кеудеңе нұр толғанда –
жүрегіңді қолға ал да, –
Сахар мезгіл – хош сағат, болар рахат һəм жəннат,
Тəңірге қыл ғибадат –
сахар мезгіл болғанда.
ҚИЯМЕТ КҮН ЖАҚЫН ҚАЛДЫ
Əулиелер уағдасы келді, міне,
Қияметтің күні жақын жетті, достар.
Ақылды құл кетеді айтып ендігіге,
Ел-халықтан мейір-шафқат кетті, достар.
Барша жұрттан əдеп кетті – қыйналған жоқ,
Əйелден – қыз, үлкеннен жас иба алған жоқ.
Расул айтты: «Ұят деген – иманнан» деп,
Арсыз қауым жайлады жер, көкті, достар.
Мұсылмандар өлтіреді мұсылманды,
Тура ісіңді нақақ бұрса, ішің жанды.
Мүрит біткен пірді аямай ұшынған-ды,
Ондай сұмдар болады екен кекті, достар.
Дүние байлап жүрек көзін,
шын асылға
Қолы жетпей қалды жұрттың, ұғасың ба?
Нəтиже жоқ дəруіштер дұғасында,
Сан бəлені ел үстіне төкті, достар.
Ғалым біткен кетті айналып сұм-залымға,
Əмірлер көп шаруасы жоқ мұң-зарыңда.
Айтқан Хақты қыйын болды шын ғалымға,
Жер бетіне сұмдық заман шөкті, достар.
Қиямет күн жақын қалды – бұрмады бет,
Құл Қожа Ахмет айтты сөзін – тыңдары жоқ.
Өзі өзіне бір насихат қылғаны жоқ,
Насихатын халыққа айтып кетті, достар.
ҒАШЫҚ ДЕРТІ
Ғашық дертке ем сұрама, əсте, тегі,
Ойран қылып кетеді оның дауасы жоқ. Жан қыйналып, жасың ағып, ес кетеді,
Ол бір дерт қой ей, достарым, шарасы жоқ.
Ғашық оты бермес, сірə, жанға шыдам,
Жаны күйсе шығар түтін ағзасынан,
Бауырын оның шұрық тесік қып қан жосыған,
Сыртқа, бірақ көрініп тұрған жарасы жоқ.
Кім не таппақ – Құдай болмай дерт-құмары! –
Көбелекті махаббаты мерт қылады,
Көре тұрып өзін-өзі өртке ұрады,
Пайда-зиян дегенмен еш шаруасы жоқ.
Бұрылмасаң шайтан салған ізден қырын,
Ей, бейхабар, із қалмайды сізден де ырым.
Сан керуен сапар шеккен бізден бұрын,
Бұл – опасыз фəни жалған, таласы жоқ.
Хаққа жеткен даналардан жолды сұра,
«Илл-Алламен» қарсы алғайсың таңды, сірə.
«Һу» сұхбатын құрған жерден жанды шыра,
Нұрмен шайған жүректердің қарасы жоқ.
Құл Қожа Ахмет айтты, достар, есті мұны,
Қап тауындай тастар тисе – өшті мұңы.
Зар еңіре – естілгенше Достың үні,
Олла-биллə, ғашық дерттің дауасы жоқ.
ҒАРАСАТ МАЙДАНЫ
«Куллу ман алайһа фанин» – Құранда мəн:
Өледі екен басқа жан Бір Алладан.
Исрафыл сүр үрлеп, келер тағы
Көрден бəрі тіріліп шығар заман.
Елу мың жыл тұрғанда көр-ошақта,
Сүрген кезде содан соң арасатқа,
Жалаң аяқ, жалаң бас – ала-соқта,
Адам ұлын есті алып, сынар жаман.
Басты Сауал: жандағы тазалығың,
Екінші есеп: намазың – қаза-жүгің,
Халал, харам жайынан жазалы кім? –
Менмен қалмас жүрегін мұң алмаған! Махшарға айдар жүргізіп екшеу көпке,
Көтерілер шарасыз өкшең көкке.
Тозақ Отын көрсетер тексермекке:
«Сақтай гөр!» – деп бет бұрып тұрар-ды адам.
Жүз жыйырма мың сап болып тұрады үмбет,
Періштелер қоршайды шырақ үрлеп.
«Айнал мафар»* үндеуі сынағың боп,
Қашар жері жоқтығын ұғар-ды адам.
«Айрылыңдар бүгін!» – деп үн шығады,
Ораза, намаз сол күннің нұр-шырағы.
Ақыл таппай пəмсіздер тұншығады,
Тіл байланып, ішінен тынар-ды адам.
Адам-Ата алдына сонда халық
«Қолдай гөр!» – деп жүздерін сорға малып,
Шұбырады, жүрегін қолға да алып,
«Ибраһимге барайық», – дер Мүбəрəк.
Адам-Ата – Халилден* сұрар көмек:
«Шапағат қыл тезірек бұларға», – деп.
Ол да айтады: «Пенде сол қылар медет,
Мұса жаққа барайық, сол-ды – Жанаб».
«Дидарыңды көрем», – деп, өкініштен,
Содан бері ұяттың отын ішкем,
Мұхамметке барайық өтінішпен», –
Барар сонда Расулге бар жұрағат.
«Бер, Мұхаммет, – дер Мұса, – тез-ақ көмек,
Жоғалуда үмбетің тозаққа кеп» –
Мұхаммет те бұрады со жаққа бет,
Мұса бірге құтқармақ елді азаптан.
Аршы астында тəжін ап зар еңірер,
«Иə, Қадир, иə, Ғафур!» – деп жəне егілер.
Хақтан сонда үн келер жан езілер:
«Көтер басты, хабибім!» – дер Жаратқан.
«Дəргейіме алып кел үмбетіңді,
Кешірейін, көрсетіп құрыметімді.
Жəннатыма кіргізем міллетіңді» –
Деген Хақтың даусынан дəме кірер.
Ғұламалар көзінде шыра жанар,
Тəңір тағы сол жерде сынақ алар:
«Жазаламау бұзықты күнə болар!?» –
«Кеше гөр!» – деп Мұхаммет зар еңірер.
«Бəсі бір ме бұзық пен ғұламаның? –
Жəннатыма кіргізсем, сірə, бəрін –
Аударайын өзіңе күнəларын!» –
Десе Тəңір, Расул мəз болады.
Мұса менен Расул: «Жүр, – деп, – бері,
Һай кешті, – деп, – күнəһар үмбеттерін!» –
Шат боп бастар Жəннатқа дүрмектерін,
Жұпар аңқып бар ғалам жаз болады.
Құл Қожа Ахмет мұны айтты қияметтен,
Бұл – хикмет.
Сөз деме қиял еткен.
Оны ұлы кітаптар зиялы еткен, –
Қанша дұға қылсаң да аз болады!
ХАЗІРЕТКЕ ҚАЛАЙ БАРАМ?
Рахым Мəулім рахымымен жадына алса,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Жолға түсіп, жанда тəуба шамы жанса,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Хақ пендесі амал-дəптер алса қолға,
Рахым қылып жарылқаса баршаны Алла,
Бағдар беріп пірмұғаным* салса жолға,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Жетсе бір сəт қақпақыл ғып ажал-ағын,
Отан үкім қылса, қарсы қазаға кім?!–
Өлмей заһар жұтып, тартсам жан азабын,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Сырлас достар үлгілерін шашып кетті,
Жедел қылып қақпаларын ашып кетті.
Шар зарб ұрып, дариядай тасып кетті,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Хақ Расулі – күндіз күлкі, түнде түсін
Бұзып өтті, қайғы жұтып үмбет үшін,
Ішпей-жемей қызымет қылу – сүннеті шын,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Хақ расулі дүние үшін қайғырмады,
Үмбетінен басқа жаққа бой бұрмады.
Ақырды ойлап,
бір сəт көңілін жай қылмады,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Уа, дариға, Мақшар күні парқым бар ма? –
Қазылық қып, көрген шақта қалпымды Алла –
Қылмыс, күнəм таразыға тартылғанда,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
Күндіз-түні тынбай жылап Құл Қожа Ахмет,
Хақ расулге болғын үмбет қыл да құрымет,
Бақ боп қонып үмбеттерге қылды ол рахмет,
Не бетіммен Хазіретке барамын мен?
ҚҰДАУАНДА, МЕНІ ТУРА БҰР ЖОЛЫҢА
Құдауанда, мені тура бұр жолыңа,
Нəпсі құлы, бардан ада болдым мəн-а.
Фасық, фажыр дүниені алды кір қолына,
Қасірет-қауіп тұтқынында қалдым мəн-а.
Дүние – нəжіс, иттей жортып безіп жүрмін,
Соны қудым, сезім – құрдым, өзім – құлмын.
Əмірін тұтпай, Хақ жолына көзім жұмдым,
Ая, достар, енді қайда бардым мəн-а?
Нəпсі, шайтан қылды тұтқын адам ұлын,
Жүрегінен ұрлап алды сана-мұңын.
Оң-сол білмес қара құлың – қарағұрым,
Уа, дариға, қасірет уға қандым мəн-а!
Мендей сұм жоқ, – шарласаң да бұл ғаламды,
Хақтан безіп, бизар қылдым күллі адамды.
Жүзім – қара, жаным енді тұл-қараңғы,
Уа, Жасаған, бұлай неге болдым мəн-а?
Ғазиздерге иілмедім, – көн боп тұлғам,
Ішкі-сыртқы құлшылыққа бермеппін мəн.
Хақ дəргейі не күтеді көр-бет сұмнан?! –
Иə, Раббым, не қылсаң да келдім мəн-а.
Тағатым жоқ, күнəм шексіз, – азабым бұл,
Тəуба қылып жеткен жерім – базарың-дүр.
Рахметіңмен Қожа Ахметке назарың бұр,
Не қылсаң да сорлы басым – көндім мəн-а!
ЛƏМƏКАНДА САБАҚ АЛДЫМ
Жүрек көзін аша алмасам тағат қылып,
Хақ дəргейі мақұл көрмес, білдім мəн-а.
Хақиқаттың пəк сөзімен таң аттырып,
Лəмəканда*
Хақтан сабақ алдым мəн-а.
Бір уа Барым сабақ берді ашып перде,
Жер мен көктен шайтан безді, қашып көрге.
Сайран құрдым, –
шарап ішіп ғашық-пенде,
Лəмəканда Хақтан сабақ алдым мəн-а.
Дидар-талап пендеге жан аямаған
Мақшар күні тақ пенен бақ даяр оған.
Ғашыққа Алла нұр-құшағын жаяды əмəн,
Лəмəканда Хақтан сабақ алдым мəн-а.
Қанды жасын төгіп көздің, жад етпедім,
Жүз мың түрлі мехнат арттың, дат етпедім.
Сенен қорқып қаста көңілім шат етпедім,
Лəмəканда Хақтан сабақ алдым мəн-а.
Алла дертін сатып бермес, – сатып алсаң,
Пірмұғанның қызыметінен қапы қалсаң.
Хақ жолына кірдің, –
құлдың сафы болсаң,
Лəмəканда Хақтан сабақ алдым мəн-а.
Ғашық патша, ғашық пақыр қайтпас жолдан,
Хақтан ғана пəрмен алар, –
айтпас жалған.
Дүние қумас, –
Құдайымен шарттасқаннан,
Лəмəканда Хақтан сабақ алдым мəн-а.
Құл Қожа Ахмет, жеті жаста білдім сабақ,
Сегізімде жалғаншымен тындым, – талақ.
Тоғызымда Құдайымды қылдым талап,
Лəмəканда Хақтан сабақ алдым мəн-а.
ҒАШЫҚТАРҒА УАҒДА ҚЫЛДЫ ДИДАРЫН – ХАҚ
«Фа азкуру уа Аллаһу касиран» – иманым хақ! –
Зікір айтып, зар еңіреп жүрдім мəн-а.
Ғашықтарға уағда қылды дидарын – Хақ,
Ғашық жолда жанды байлап жүрдім мəн-а.
Шын ғашықты сүйіп Аллам жолды аршыды, ал,
Аллам сүйсе, жарты жолда қалман сыңар.
«Дидарымды көрмес, – деді, – жалғаншылар», –
Ғашық сында бекем болып тұрдым мəн-а.
Ақылға ерсең, көрстаннан хабар білгін,
Соңғы сағат маған да кеп соғар бір күн.
«Маута қабла əн тамутаға»
*
амал қылғын,
Бұл хадистен пікір етіп білдім мəн-а.
Хабар берер: «Файадхаку қалилан»
*
, – деп,
Айтар жəне: «Уа лиабку касиран»
*
, – деп.
Бұл аяттың мағынасын аш, илан, деп,
Бұл дүнияда еш күлместен тындым мəн-а.
Пəмсіз күлер, алып қашып бойын сыннан,
Қайғы шегер Хақ əмірге мойынсұнған, –
Жанарлары жастан кеппей уайым қылған,
Көз жасымды дария қылып тұндым мəн-а.
Нəпсісі өлген шын ғашықтар «Алла» деді,
Сахар тұрып, шар зарб ұрып зарлап еді.
Ондай құлға Алла назар салған еді,
Сонда жарды дария болып ұрдым мəн-а.
Ырық бермей отқа салды залым нəпсім,
Тұла бойым бара жатыр жалындап шын.
Мүшіріктен иман ұрлап лағын жатсын, –
«Ағузы биллаһи бисмилла» – деп жүрдім мəн-а.
Мұнафықтар күйіп-жанар тозақтағы,
Иман тапқан жолығады ғажапқа əлі.
Имансыздың тартар мəңгі азап тəні,
Барлығына иман тілеп жүрдім мəн-а.
Нəпсім билеп, арбағанда есімді анық,
Пірмұғанға қарай қаштым басымды алып...
Құл Қожа Ахмет, қақпаны ашып, есік жауып,
Ұшқан құстай Лəмəканға кірдім мəн-а.
УА, ДАРИҒ, ТҮСТІ БАСҚА ҒАРІПТІК КЕП
Уа, дариғ, түсті басқа ғаріптік кеп,
Бел байлап кезбелікті қылдым мəн-а.
Хорасан, Шам, Ғираққа бағыт тіктеп,
Қадірін ғаріптіктің білдім мəн-а.
Көрмек шарт не келсе де бір Алладан,
Жүсіп те Кеңғанында тұра алмаған.
Мүбəрак Түркістаннан – тұран-далам,
Бауырыма тасын ұрып келдім мəн-а.
Бұл ғұрбат* Мұстапаның жолы еді ашқан,
Сахаба отыз үш мың сара басқан.
Мұртаза, Əбубəкір, Омар, Оспан
Жүрген жол, соңдарынан ердім мəн-а.
Бұл жолда қуат бітіп шала жанға,
Шикілер айналады даналарға.
Ас, киім уайым емес сара жолда,
Сол үшін Түркістанға ендім мəн-а.
Ғаріптік жүз жыл езсе, аһ ұрып тұрсам,
Тақ, бақыт бағы – зындан, сақылық құрсам.
Құл болды ол ғаріптікте Махмұд Сұлтан,
Жарандар, осы жолда күйдім мəн-а.
Ғаріп ем, Арыстан бабам жетті ізімнен,
Перделеп, сыр таныды бет-жүзімнен.
«Көрдім, – деп, – бихамдилла», – өпті ізімнен,
Қайран боп осы сырға тұрдым мəн-а.
Арзулық бөлейді елді гүл-шаһарға,
Бағында ұлық баба тұр сахарда.
Бабамның рухы салды бұл сапарға,
Өзіңе шексіз тағзым қылдым мəн-а.
Жеткіздің, Құл Қожа Ахмет, Хақтың жадын,
Ұқтырдың достарыңа хаттың мəнін.
Кезіп кеп шаһарыңның таптың бағын,
Мазар боп Түркістанда қалдым мəн-а.
РАСУЛДІҢ РИЗАЛЫҒЫ
Ұшырадым ышықтың дұғасына, – Мұхаммед,
Жеттім аңсар шыңына – ырасына, – Мұхаммед.
Үмбет болған жарандар тынбай айтар мадақты,
Ей, пəк Алла, қыл мені рəсуа, – Мұхаммед.
Сал көңілге ышық пен махаббатты ылайым,
Саған ғана жылайын ғашықтықтан, Мұхаммед.
Көрсет маған, мəжнүн ғып екі дүние шырайын,
Диуана қыл көз жасын жасып сыққан, – Мұхаммед.
Өлтір, өрте!
Жаманат – қаншама ұрсын қабағат,
Қиямет күн жазаға ат! –
Аңсарымсың, – Мұхаммед.
Нығмет татпай, Жомартым, кешкенің – өрт, жасың – от,
Тұрмын сенің қайғыңның тілеп бəрін, Мұхаммед.
«Үмбетім!» – деп басып от,
шектің қайғы-қасірет,
Шығарасың кеудеден жүрек қанын, Мұхаммед.
Шаһтың шаһы, сұрадың үмбетіңнің күнəсін,
Қиямет күн болғанда панамызсың, Мұхаммед.
Іздеп, баз кеш бəрінен, берсе ырзалық Расул,
Жүрегіңнен Жан-Алла бал ағызсын, – Мұхаммед.
Бар тілегім, Мінсіз Жар, –
Зарық-тобам, Жаратқан:
Қам-қайғысын зар атқан дарыт маған, – Мұхаммед.
Айналайын, хош Карим, Жаратушы Жаббарым,
Дарияңнан бір тамшы татқыз маған, – Мұхаммед.
Жолды аш, Рахман-Рахим, Ғаффар уа Саттарым,
Адастырмай жолыңды тапқыз маған, – Мұхаммед.
Əл-Мисақтан бір тамшы шарап маған несібе,
Татсам содан, енер ед мадаққа жан, Мұхаммед.
Қара жүзім төсеп ем Пірмұғанның жолына,
Мейірім қылды, – қолыма нұрды да алдым, Мұхаммед.
Жаратушы Мінсіз Жар, жеткіз мені мұратқа,
Арзумын мен кірпігің-қасыңа да, Мұхаммед.
Пердеңді ашып мен пақыр жаққа қара, жылатпа,
Ғашық құлмын əрбір тал шашыңа да, Мұхаммед.
Міскін Ясауи назары – Хазіреттің мазары,
Топырақты сен басқан əзір еткін, Мұхаммед.
ЕСТІП, ОҚЫП ЖЕРГЕ КІРДІ ҚҰЛ ҚОЖА АХМЕТ
Хақ Тағала фазылымен пəрмен қылып,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Алпыс үште сүннеттерін дəрмен біліп,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Жер үстінде өлмес бұрын өліп едім,
Алпыс үште сүннет тұтып, еніп едім.
Жерастында жан-діліммен еңіредім,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Жарандардан бақыт, баян – нұр алмадым,
Жүз жыйырма бес жасқа келіп біле алмадым.
Хақ-Тағала тағаттарын қыла алмадым,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Болармын ба Мұхаммедтің үмбеті шын,
Үмбет үшін ғана бұзды ол түнде түсін.
Балдан тəтті оның маған міндеті – сын,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Біздер үшін ол Мұхаммед жаннан кешті,
Үмбет болсаң, жанға тұтпа жалған досты. –
Ол күнəһар босқа өткізді таң мен кешті,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Елу жаста болды хабар: «Адам өлмек,
Нұр-и иман ғана саған салады өрнек.
Таңда Мақшар мейман ғып Хақ, баға бермек», –
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Ей, мүміндер, бұл жалғанда баян бар ма?! –
Бұл бір шын сөз, – дүние сəтке аялдар ма!
Хақты білмес имансызға саям бар ма?! –
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Асылым – топырақ, нəсілім – топырақ, гүл ашпадым,
Басып өтсең, ар тұтады ылас тəнім.
Ар тұтқанды шайтан шырмар, ырас, мəлім,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Шын зікірші, – жоғын Құдай қамдапты оның,
Таңда Мақшар ұсынады қалғат*-тонын.
Дидар көріп, Дəулет қылар жəннат төрін,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Пенде болсаң, мехнат тарт, ғафыл қалма,
Ғанибет – сол, тозбас киім ақыл жанға.
Жан – аманат, қиянатқа хақың бар ма?! –
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Алпыс үште сүннет – жердің түбіне енбек,
Расул үшін екі ғалам нұры келмек.
Ғашықтардың сүннеті-дүр тіріде өлмек,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Үмбет болсаң, соңынан жылап ермес пе едің?!
Мұстафаға жаның құрбан – өлмес пе едің?!!
Жан не болған, иманыңды бермес пе едің?!!–
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Құл Қожа Ахмет алпыс үште болды ғайып,
Əдеп сақтап Мұстафаға ерді найыб.
Сұлтан болды тəубе тауып – қолды жайып,
Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
ХАҚ ШАРАБЫН ІШКЕН ЖАНДАР
Хақ шарабын ішкен жандар есі танып,
Қиямет күн ауыздан от шашар, достар.
Құдіретпен жаратылған жеті тамұқ
Ғашықтардың зар үнінен қашар, достар.
Тағатым жоқ бір мысқал да – ғашықта бар,
Дозақ жылап берер Хаққа сасып хабар.
Хақтың сонда панасына қашып барар,
Ғашықтардың жасыменен ұшар, достар.
Шын ғашықтар құрған дүкен ғажапты ашар,
ИншАлла, одан қорқып дозақ қашар.
Жасын шашып, кеудені ашып, азап басар,
Жеті ғалам тағат таппай көшер, достар.
Рахман-сахи берсе маған асыл шарап,
Барлық тірлік мұқтажынан кешірсе пəк.
Көкіректен əзəзілді қашырса – Хақ,
Қылмыс, күнəм тұл бойымнан өшер, достар.
Ғашық хəлін ақиқатқа қақпа қылса,
Екі ғалам нұры сонда ақтарылса.
Шын ышықтан жүрек балқып Хақ сағынса,
Ғашық құлдар Хақ сарайына ұшар, достар.
Сұбхан Ием шарабынан құрсан табам,
Зікір сырын айтып-айтып қылсам тəмам.
Үр-ғылмандар, періштелер тұр самсаған,
Жəннаттағы жібектен тон пішер, достар.
«Алла!» – десем, ғалам жылар жанын сөгіп,
Ием сүйер, хас пендем деп, нəрін сеуіп.
Жүзін бояр жас орынына қанын төгіп,
Əлхамды айтсаң, шайтан жаннан күсер, достар.
Мен айтпадым, Аллам өзі қылды уəде,
Жолсыз едім, хақ жолына бұрды жəне.
Қолымды алды, қашты менен түрлі бəле,
Ондай ғашық шауық шарабын ішер, достар.
Құл Қожа Ахмет, имансыздар жанын езер,
Хақ дидары нəсіп емес қаныпезер.
Ғаршы-Күрсі, Лаухы-Кəлəм – бəрі безер,
Кəпірлерге дозақ есік ашар, достар.
МАХАББАТТЫҢ ІШПЕСЕМ ШАРАБЫНАН
Махаббаттың ішпесем шарабынан,
Жан мен ділім қайғымен кетер, достар.
Аулақта өлсем Алламның талабынан,
Есіл ғұмырым арманмен өтер, достар.
Алла деген шын ғашық пырақ мінер,
Бейнет шегіп ышықтан, жылап сүрер.
Тарихаттың базарын мұрат білер,
Хақиқаттың дариясын кешер, достар.
Хақиқаттың селіне шомылған жан, –
Өзі мұңдық, көзде жас, көңілде арман.
Қорлық, зорлық көргені – небір зордан,
Хақ Дидарын талап қып, жетер, достар.
Хақиқатқа ғашықтың нəпсісі өлі,
Нені іздесе шын сопы – тапты соны.
Тілі – шырын, шындықтың ақты сөлі,
Пұшық пұлға дүниені сатар, достар.
Ғашық болсаң, азапқа əсте батқын,
Хаққа қарай дария-жаспен аққын.
Жалғаншының əуресін таспен атқын,
Таспен атсаң, менмендік кетер, достар.
Қияметтің қайғысын шекпегендер,
Тар лахаттың азабы жоқ дегендер,
Хақ кəрінен қорқып жас төкпегендер
Сансыз ғазап тозақта тартар, достар.
Уа, дариға, жетті əмір, біле алмадым,
Жаннан кешіп хазіретке кіре алмадым.
Хақ əмірін нəпсі өліп, қыла алмадым,
Қасіретпен өтті өмір бекер, достар.
Өтті ғұмыр, шариғатқа жете алмадым,
Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.
Ақиқатсыз мағрифатқа бет алмадым,
Жолдан қалай пірсіз жан өтер, достар.
Құл Қожа Ахмет, бұл жолға салды нəпсім,
Қаштым, достар, сол үшін бəңгі боп шын.
Алланы айтпай, қайда енді қаңғымақсың?! –
Алла деген шауық шарап ішер, достар.
АҚЫРЗАМАН ШАЙҚЫЛАРЫ СЫРТЫН ТҮЗЕР
Рух құсын тұтқанға – бал, інжір берем,
Самғай шарлап ғаршыларға өтер, достар.
Тынбай дəйім зікір айтар құлмын деген,
Зарын қылар ғашық отта күлмін деген.
Бейхабардың өмірі өшер бүлгінменен,
Ғафылатпен жаһаннамға кетер, достар.
Ақырзаман шайқылары сыртын түзер,
Жолды бұзып, іш тазартпай, мұртын күзер.
Надандығын – керемет деп, үмітіңді үзер,
Рия қылып халыққа өзін сатар, достар.
Ей, ғафыл жан, ғұмырың сенің барады өтіп,
Жасыңды ағыз, мінді жаннан харап етіп.
Иең сені тастаған жоқ талақ етіп,
Қожа сүйсе, құлын азат етер, достар.
Ғафылатпен ғұмырың сенің өтті білгін,
Қыл жаныңмен пірге қызымет, епті жүргін.
Сол құлықпен дəргейіне жет піріңнің,
Қызымет қылған мұратына жетер, достар.
Құл Қожа Ахмет, хикмет айтып, жыла сахар,
Жарандармен басталады, сірə, сапар.
Сөз гауһарын танығандар сұраса, апар, –
Сырттан баққан міскіндер құр қалар, достар.
ХАҚ ҚҰЛДАРЫ
Хақ құлдары – софылар – хақиқатты білгендер,
Хаққа ғашық оты бар – Хақ жолына кіргендер.
Хақ жолына кіргендер – бір Алла деп жүргендер,
Жарандардың іздерін іздеп өмір сүргендер.
Ғалам пақыры Мұстафа, болсын бізден мархабат,
Миғраж түні бізге айтты: «пақырлыққа бол талап!»
Дүние боғын малталап, харам қумай анталап,
Хақты сүйген ғашықтар көпті өтеді арқалап.
Дүние қуған батпандар – жаһан малын сатқандар,
Құзғын құсқа айналып, арамға əбден батқандар.
Молда, мүфти – соққандар – жалған жала жапқандар,
Ол тамұқтың отыны – аққа қара жаққандар.
Қази, имам болғандар – наһақ дағуа
*
қылғандар,
Есек болып жегіліп, жүк астында тырбаңдар.
Арам жеген əкімдер, пара жыйған мұндарлар –
Жапырақтай қалтырап – бармақ шайнап тұл қалды, ал.
Жұмсақ жеген тіс еді, асыл киген кісі еді,
Алтын таққа мінсе де жер астына түседі.
Момын құлдар – шыншылдар, садақамен сүргендер,
Жұмақ хорын құшады – сұм дүнияға күлгендер.
Құл Қожа Ахмет, білгейсің,
Хақ жолына кіргейсің,
Хақ дидарын көреді – хақ жолына кіргендер.
РАСУЛДІҢ ƏУЛЕТІ
Мұхаммедті біліңіз: оның заты араб-дүр,
Тарихатқа кіріңіз,– жолы тұнған əдеп-дүр.
Хақиқатты білмеген адам емес,– пұт-самас
*
;
Ұқсаң, адам түгілі, мақұлыққа ұқсамас.
Құдай – мінсіз һəм мұңсыз, туылмаған, тумаған.
Серігі жоқ – теңдессіз. Оған мұқтаж бұл ғалам.
Қаһарланса, қылады ол жермен-жексен ғаламды,
Зілзала боп жер мен көк, болар дүние қараңғы.
Рақым қылса, біліңіз, жолықтырар кенішке,
Шетсіз-шексіз нығымет жеткізеді періште.
Сыйпатына Расулдің сөз жете ме, дариға,
Анасының есімі мүбəрəктің – Əмина.
Абдолла-дүр атасы, Хақ бұйрығы жеткен-дүр,
Тумай тұрып Расул – ол фəниден кеткен-дүр.
Мұхаммедті асырап, сақтап еді бабасы,
Аш-арыққа қашанда тиген оның панасы.
Есіңде ұста есімін, бабасы – Абдулмүтəліп,
Жадыңда əркез жаңғыртып, тілге дəйім тұталық.
Бабасының атасын біл тағы да – Һашим-ді,
Естілгенде сол есім ағызады жасымды.
Ал əкесі Һашимнің – Абдулманап ныспысы,
Мұны білген жандардың саф болады іш-тысы.
Расулді кім егер білсе төрт-бес жасынан,
Қияметте жай табар сегіз бейіш қасынан.
Жеті жаста Мүбəрəк жерге берді бабасын,
Паналады содан соң əкесінің ағасын.
Əбутəліп дүр еді ол – Əлі-Шердің атасы,
Күллі арабтың ұлығы, қабыл болған батасы.
Əбутəліп табылды барлық істің басынан,
Мұхаммед те екі елі қалмаушы еді қасынан.
Сөйтіп жүріп Мұхаммед жасқа жетті он жеті,
Хадишаның жүзіне түсті нұр боп келбеті.
Мұхаммедке кез келсең, – айтар едің сұңқар деп,
Хадиша оны көргеннен зар иледі іңкəр боп.
Махаббаты аударды Хадишаның тілегін,
Мұхаммедке ғашық боп өрт шарпыды жүрегін.
Күн-түн жылап Құдайға, жасы айналды бұлаққа,
Көріп Құдай көз жасын, жетті ақыры мұратқа.
Көріңіздер Құданың келтірген бұл жүйесін,
Мұхаммедке баққызды Хадишаның түйесін.
Расулді Хадиша жалшы қылды ақылы,
Фазылымен Алланың жары болды ақыры.
Хадишаның Жаратқан шын бақытын ашты-дүр,
Расулдің басына дүр-жақұтын шашты-дүр.
Жылжып ғұмыр, Расул толған шақта қырыққа,
Жаратушы Иеден келді уаһи
*
ұлыққа.
Содан кейін Мұхаммед падиша боп жұртына,
Жар болды Алла Расулге, көндірді елін ырқына.
Мұхаммедтің əр ісін оңдап, жолға иді Алла,
Барша жұрттың жүрегін келтірді өзі – иманға.
Ақ сəлдесі оралған Расулдің басында,
Отыз үш мың сахаба кемел тапты қасында.
Расулдің тағдыры – бəрі Алланың жарлығы,
Əдеппенен қызымет қылады оған барлығы.
Келді бірде бір жетім Расулдің алдына,
Ғаріп, мүшкіл жағыдайын баяндады зар қыла.
Қылды Расул рақым оның міскін халіне,
Жетті бейбақ сол жерде тілегінің бəріне.
Расул айтты сонда оған:
«Мен де сендей жетіммін,
Жетімдік пен ғаріптік кешіп жүріп жетілдім».
Айтты тағы Мұхаммед:
«Əркім жетім, білің, – деп, –
Жетім болса кімде-кім, сол, – деп, – маған шын үмбет».
Жетім көрсең, жебей жүр, жəбір берме жетімге,
Ғаріп көрсең, демей жүр, əмір қылып жекірме.
Қор екен-дүр жетімдер бұл бір жарық жаһанда,
Ғаріптер де мелдектеп жүр мұң-шерге – зəһəрға.
Ісі – түзік, іші – өлі, түсі – сынық ғаріптің,
Жетім – өлік, тірілтіп жолын оның жарық қыл.
Белгілі-дүр Құдайға ғаріп ісі қашанда,
Есігіңді аш, төр көрсет ертелі-кеш нашарға.
Сыйпаттайын Əлиді – арыстанын Алланың,
Семсерімен кəпірді құрбандыққа шалғанын.
Қылды оларға дағуат
*
– құлды иманға келтіріп,
Исламның қуаты ол, əр заманда серті нық.
Мүмін болған құлдарды алып келген Əлі-Шер,
Дін-иманнан тұлдарды шауып келген Əлі-Шер.
Серт семсерін қолға алып, мінсе Əлі-Шер дүлдүлін,
Құты қашар кəпірдің, қайғы қылып тірлігін.
Жарқылдайды жарағы шақпақ ұрған білтеше,
Қырық кезге ұзарар зұлпықары – сілтесе.
Əзіреті Əлінің бар еді ұлы он сегіз,
Олар барда, мүміндер, түспеп еді еңсеңіз.
Исламның діні үшін Əли қанды жұтты-дүр,
Пайғамбардың ақ туын қолға бекем тұтты-дүр.
Құл Қожа Ахмет ғаріп боп, жүрегіне мұң батып,
Əулетіне Расулдің тұр, мінеки, тіл қатып.
МІНƏЖАТ
Құл Қожа Ахмет, қылдым, міне, мінəжат,
Алла, барша құлды азаптан қыл азат.
Ғаріп Ахмет сөзі сөнбес тіріде еш,
Жер астына көмсе де оны шірімес.
Мансұқ болып, қалмайды əсте мазаққа,
Оқыған құл ұрынбас дерт, азапқа.
Оқығанға шафхат қылам фəниде,
Қияметте шапағат бар, əрине.
Құдай маған сыйласа егер жəннатын,
Ұққан жанға ұсынамын шəрбатын.
Тəңір Ием қабыл қылып тілегін,
Махаббаттың шауқы билеп жүрегін;
Пəруардигар нəсіп қылып Жамалын,
Бір, Бар оның бұрсын оңға қадамын.
Құдай қолдап, махшарда оны шат қылсын,
Қиямет күн шын Иесін таптырсын.
Əр мұсылман жəрдем болса дұғаға,
Өлер шақта нұр-и иман сыбаға.
Менің əрбір хикметім – зор ғалам,
Арманда өлер естімеген, сорлаған.
Хикметтерім – дерттілердің дəрмені,
Кім ұқпаса, жолда үзілер əл-демі.
Хикметтерім бар ғаламның дастаны,
Келсе рухым, сұхбаттың ол бостаны.
Хикметтерім – хадистің кен-мазмұны,
Ұқпағандар – адамзаттың азғыны.
Хикметімнен – талаптыға нұр жауар,
Бұзық ойлы бейбақ одан құр қалар.
Хикметтерім – келген пəрмен Сұбханнан,
Бар мағынасы Құран оның ұқ, қарғам!
Бар ғаламның сұлтаны олар –
нұры ұшқан
Бір-ақ сəтте қылар шөлді – гүлстан.
Хикметтерім – шауқы шалқар махаббат,
Көз жасыңмен алдырады таһарат.
Намазына Расул Алла имам боп,
Періштелер қауымы келер мейман боп.
Еткен намаз сынықтықпен биязы,
Қабыл болар оның Хаққа ниязы.
Хикметімді ғашықтарға айтыңдар,
Ділі айнадай шыншыл сырын айқындар.
Ылғи соқыр, керең кеуде, тоқ таным,
Ықылым кезіп саф құлдарды таппадым.
Хикметімді сарапшылар естісін,
Сақи жандар – іздегендер Досты шын.
Əділ патша, бір аты оның Садық-дүр,
Жаратылған шашу үшін жарық-нұр.
Хикметімді надан ғана ұқпайды,
Діліқара – кəусар берсең жұтпайды.
Құдайсыздар – жазған хаттан бейхабар,
Пірсіз, сырсыз бейəдепке не айла бар?!
Хатты жазсаң – тілдеріңнен тамсын бал,
Сол арқылы мақсатына барсын дəл.
Діл-имансыз, исламы ойран залым ба? –
Жұртта қалар қияметтің таңында.
Кəміл пірсіз шайқысынған ниеті ылаң, –
Қабыл болмас Құраны оның оқыған.
Екі жастың жетпей жатып біріне,
Балар өзін барша жанның піріне.
Ажыратпай тұрып жақсы-жаманды,
Насихатпен баурамақ бар адамды.
Сөздері оның тұрады өсек, жалғаннан,
Шариғатты тұтқан жандар арланған.
Аңғалдарды түсірмек боп қақпанға,
Əулиенің сөзін тартар көкпарға.
Ұрламақ боп ұл ұятын, қыз арын,
Өткелдерге қояр құрып тұзағын.
Қулығынан шайтан оның жаңылар,
Таңда мақшар жүзіқара неғылар!
Ондай пəле табылмасын жаныңнан,
Жүзі күйсін, сақтан ондай лағыннан!
Соқырларға жарық бердім от-тілмен,
Хақ сөзімен надандарды сөктім мен.
Ғалым болсаң, шын ақиқат аңсаған,
Жан – садақа, жауһар берем мен саған!
Дүр-жауһарды шашу ғып шаш ғаламға,
Ой жеткізіп Хақтан келген кəламға.
Барым құрбан сондай ғалым тап болса,
Қыйналмаймын бар жыйғаным сап болса!
Кəні, жаран! Кəні, естияр, балдырған!
Хақ сөзді айтса ол – жолына қыл жан құрбан!
Шын ғалымдар мұз төсеніп, тас жастап,
Бар ғаламға ақыл құйып, ес қоспақ.
Хақты танып – өзін тану арқылы,
Тапты ынсапты, құлдық ұрып əр түні.
Хикметімді дана естісін, толғансын,
Дастан қылып, мақсатына жалғансын.
Хикметтерім – іс пен сөздің бүтіні,
Ділінде егер болса Мəула зікірі.
Хикметімнен кəміл бір пір тапқаның,
Мойынсұнып, жақындаса Хаққа кім.
Хикметімді сүйер Хаққа жақындар,
Дұға қылып, рахметке батыңдар.
Хикметтерім – кереметті пір еді,
Естігеннің шарапқа мас жүрегі.
Оқыған жан бұл жаһанда қор болмас,
Қашар одан барлық індет ем қонбас.
Қияметте жолбасшымын мен оған,
Дертті болса, шын дəруін бере алам.
Жүз жыл өмір сүрсе де ол қарымас,
Жер астымен айдаса да арымас.
Құдай оны қылады ада тозақтан,
Мəңгі пейіш – қарсы алады азат таң!
Хикметімді оқыса егер пенде-кім? –
Перзентім де, шəкіртім де сол менің.
Хикметімді тұтса кімнің мый-жады,
Өлер шақта болар жолдас иманы.
Ясауи хикметтерін даналар
Ести көрсін –
Бар мақсатқа ол барабар.
Бір түйірін алсын жауһар кенінен,
Алмағандар қасіретке көмілер.
Құлаққа ілмес бұл сөзімді хас надан,
Адам деме, ол хайуаннан аспаған.
Бұл хикмет хақ сөзінен шыққан-дүр,
Естігенге рахмет жауар – құт-жаңбыр.
Хикметімді бекем тұтқан ойлы жан,
Құдай оны азат қылар қайғыдан.
Ақиқаттың үлес алып бағынан,
Пейішке енер кейіппен ол шадыман.
Хикметтерім – Хаққа мадақ.
Асықпын.
Жан дертінің шын дауасы ол ғашықтың.
Хикметтерім бал-кəусардың шендесі,
Барлық сөздің ішінде жоқ теңдесі.
Хикметтерім – сыйы Алланың сапарда, –
Астағфарды кім көп айтса сахарда.
Оның шайтан тұта алмайды жолынан,
Хақ Мұстафа жетектегей қолынан.
Үмбетім деп мейірленер пайғамбар,
Əзəзілді Құдай өзі ойрандар.
Хикметімді дертсіздерге жеткізбе,
Жауһарымды надандарға өткізбе.
Ясауи хикметтері – бақыт-бал,
Ғашық-шарап, –
Бір тамшысын татып қал.
Шарабынан татсаң егер ғашықтың,
Хақ Дидарын көруге енді асыққын!
ХИКМЕТ
«Бісміллə» деп баян еттім хикмет айтып,
Шəкірттерге дүр мен гауһар шаштым, міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дəптер сəни» сөзін аштым, міне.
Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне.
Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсəпірді сырлас болғыл.
Махшар күні Тəңірге жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,
Сол кеште Миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр халін білді,
Ғаріптердің жайын ұғып келдім, міне.
Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.
Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,
Қанағат етіп, сауық шарабын іштім, міне.
Мəдинеге Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте азап тартып, сүйді жанып.
Жапа тартып, Жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып, ауыр жолды бастым, міне.
Ақылға ерсең, ғаріптерді мейіріммен сүй,
Мұстападай елді кезіп, жетімді жи,
Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,
Бойым тып, дариядай тастым, міне.
Ғашық есігін Мəулім ашты, маған сыйлы.
Топырақ қылып əзір бол деп мойнымды иді.
Қара нөсер қарғыс оғы келіп тиді,
Найза алып, жүрек, бауырым сұқтым, міне.
Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым
Құран оқып бой ұсынбас жалған ғалым.
Жаным құрбан, аямаймын жоқ дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне.
Алпыс үшке жасым жетті, өтті ғапыл,
Хақ əмірін бекем тұтпай болдым жаһил.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кəпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне.
Уа, дариға, махаббат шарабының дəмін татпай,
Қатын-бала, үй-мүліктен, түгел қашпай,
Қылмыс, күнə айыбын мұнда шашпай,
Шайтанға еріп, жан берерде састым, міне.
Иманыма қол ұрып қайғы салды.
Пірмұған
əзір бол деп апиын алды.
Шайтандығым бар күнəсімен кете барды,
«Биһамдилла» нұрлы иман аштым, міне.
Пірмұған қызметінде зыр жүгірдім
Жұмыс қылып көзімді ілмей əзір тұрдым.
Медет қылды: əзəзілді қуалап ұрдым,
Одан кейін қанат қағып ұштым, міне.
Пақыр мен жетім болсын шат-шадыман,
Мойныңда тұзақ, ғазиз жаның болсын құрбан.
Туыс тапсаң, жан-тəніңмен қылғыл мейман,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым, міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді əркім сұрар,
Разы болар ол пəндеден Пəруəрдигəр.
Ей, бейхабар, сені ол себепсіз-ақ өзі асырар,
Хақ Мұстапа уағызымен айттым, міне.
Жеті жаста Арыстан Бабқа қылдым салам,
Мұстапаның аманатын бер деп маған.
Сол мезетте мың бір зікір еттім тəмам,
Нəпсім тыйып, Аллаға бет бұрдым, міне.
Құрма беріп, басым сипап, назар салды,
Бір сəтте ол дүниеге сапар салды.
Қоштасып бұл əлеммен кете барды,
Мектеп көріп, қайнап толып, тастым, міне.
«Инна фатханы»
оқып мағына білдім.
Нұрын төкті: естен танып дидар көрдім.
Молдам ұрып, - тыныш деді көз жазбадым,
Басым қатып, мең-зең болып тұрдым, міне.
Ей, надан мағына осы деп айтты, білдім,
Одан кейін шөлдер кезіп қияқ жедім.
Қуат берді, əзəзілді ұстап міндім,
Салмақ салып, белін басып, жаныштым, міне.
Зікір салып мүсəпір-диуана болдым,
Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым.
От іздеген көбелектей шəкірт болдым,
Шоқ болып күйіп-жанып ұштым, міне.
Жалған атақтан арылып сəби болдым,
Алла атын айта-айта ашық болдым.
Аллаға бар жаныммен адал болдым,
«Фанафилла» мақамына салдым, міне.
Сүндет емес кəпірге де берсе азар,
Көңілі қатты, діл азардан Құдай безер.
Ондай құлға Алланың азабы даяр,
Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне.
Сүндеттерін бекем ұстап үмбет болдым,
Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым.
Сопылардың мақамына жақын болдым,
Нəпсіні көңіл найзасымен шаныштым, міне.
Нəпсім мені жолдан бұрып қор етеді,
Телміртіп халайыққа зар етеді.
Зікір салдырмай шайтанға «жар» етеді,
Дайынмын деп нəпсі басын жаныштым, міне.
Құл Қожа Ахмет, надандықпен өмірің өтті,
Қасіретпен тізе, көзен қуат кетті,
Қайғы менен өкініштің уақты өтті,
Амалым жоқ, керуен болып көштім, міне.
42 ХИКМЕТ
Ия, достар, құлағың сал осы кепке,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Меғражда хақ Мұстапа рухымды көрді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Хақ Мұстапа Жебірейілге қылды сауал,
Бұл неткен рух тəнге кірмей тапқан жамал?
Көзі жас, халыққа бас, жаны адал,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жебірейлі айтты: үмбет ісі сізге бір хақ,
Көкке шығып періштеден алар сабақ.
Жылаушыға сыйға берер жеті табақ,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Перзентім деп хақ Мұстапа қылды кəлəм,
Одан соңыра барша əруақ берді сəлəм.
Рахметіне дария толып жетті хабар,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Рахымменен пида болды, хабар жетті,
Зікір айт деді, жан дүнием балқып кетті.
Перзентім деп хақ Мұстапа үлес берді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Төрт жүз жылдан кейін шығып үмбет болғай,
Неше жылдар жүріп халыққа жол көргізгей.
Он төрт мың мүжтаһиттер қызмет қылғай,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым.
Ғаршы-күрсі баспалдағын барып құштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ғарыш үстінде намаз оқып тізем бүктім,
Разы болып, хаққа қарап жасым төктім.
Жалған ғашық сопы көрдім, оны сөктім,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаннан кешпей «уһ-уһ» деген бəрі жалған,
Жалтақтардан сөз сұрама жолда қалған.
Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бір жасымда əруақ маған үлес берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді.
Үш жасымда шілтен келіп халім білді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Төрт жасымда хақ Мұстапа берді құрма,
Жол көрсеттім, адасқаны, салдым жолға,
Қайда барсам Қызыр бабам бірге, жолда,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап əдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып тəубə қылдым.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алты жаста тұра қаштым халайықтан,
Көкке шығып дəріс үйрендім мəлəйіктан.
Киім киіп ынтық болдым шын көңілден,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жеті жаста Арыстан Бабам іздеп тапты,
Əр сырымды көрген сайын бүркеп жапты.
«Билхамдиллаһи» көрдім деп ізімді өпті,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Əзірейіл кеп Арыстан Бабам жанын алды,
Хорлар келіп торғын тоннан кебін қылды.
Жетпіс мың періштелер жиылып келді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаназасы оқып, жерден алып көтерді,
Бір мезетте ұжмақ ішіне жеткерді.
Рухын алып аспанға ұшып жөнелді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алла-Алла жер астынан мекен қылды,
Мүңкір-Нəңкүр: «раббың кім?» деп сұрақ қылды.
Арыстан Бабам ислам дінін баян қылды,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ақылың болса жарандарға қызмет қылғыл,
Əмір Мағруф тұтқындарға ізет қылғыл.
Нəһи мəңкар ұстағанға құрмет қылғыл,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,
Хикмет айт деп басыма нұр шашылды.
«Билхамдиллаһи» Пірмұған шарап ішкізді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Пірмұған хақ Мұстапаға басыңды иің,
Қайда барсаң сипатын айтып тағзым қылып.
Жалбарынып Мұстапаға үмбет болың,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Тоғызымда толғанбадым тура жолға,
Тəбəрік деп алып жүрді қолдан қолға.
Қуанбадым бұл сөздерге, қаштым шөлге,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Он жасыңда ұлан болдың, Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа мұнара қойып қылмай тағат,
Қожамын деп жолда қалсаң, міне қасірет,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
ХИКМЕТ
Əр таңда хабар келді құлағыма,
Зікір айт деді, зікірді айтып жүрдім, міне .
Құдайсыздарды көріп едім жолда қалды,
Сол себептен ғашық дүкенін құрдым, міне.
Он бірімде рахмет дариясы толып тасты,
Алла дедім: шайтан менен жырақ қашты.
Əуестік кетіп, менмендік жылжып көшті,
Он екімде бұл сырларды көрдім, міне.
Он үшімде құштарлықты қолға алдым,
Басыма жүз мың пəле қармап салдым.
Тəкəббарды жерге ұрып басып алдым,
Он төртімде топырақ сипат болдым, міне.
Он бесімде хор қызы мен жігіттері келді,
Бас ұрып, қол қусырып, тағзым қылды.
Фардус атты жəннаттан хабар келді,
Дидар үшін баршасын қойдым, міне.
Он алтымда барлық əруақ үлес берді,
Айхай, Сізге мүбарак деп адам келді.
Перзентім деп мойным құшып көңілім тапты.
Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне.
Он сегізде шілтенменен шарап іштім,
Зікір айтып, əзір боп көкейім тесті.
Несібе берді, жəннат кіріп хорлар құштым,
Хақа Мұстапа дидарын көрдім, міне.
Он тоғызда жетпіс мақам айқын болды,
Зікір айтып іш сарайым таза болды.
Қайда барсам Қызыр Бабам əзір болды.
Рахым етіп шарап берді тойдым, міне.
Жиырмаға жасым жетті, еттім мақам,
Билхамдилла қызметін қылдым тəмам.
Ұшқан құс құрт-құмырсқа етті сəлем,
Сол себептен хаққа жақын болдым, міне.
Мұсылман емес хикмет айтып жыламаса,
Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса.
Аят, хадис мазмұнын аңдамаса,
Кереметті ғарыш үстінде көрдім, міне.
Кереметті көріп Хақпен тілдестім мен,
Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен.
Сол себептен Хақты айтып іздедім мен,
Жан-тəнімді Оған пида еттім, міне.
Құл Қожа Ахмет жасың жетті жиырма бірге.
Не қылғайсың күнəлəрің таудан да ауыр.
Қиямет күн азап берсе Раббым Қадыр,
Ей, достарым, не деп жауап айтам, міне.
ХИКМЕТ
Хош, ғайыптан хабар келді құлағыма,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Барша əулие жиылып келіп ырзық берді,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Мен жиырма кеі жаста толысып жігіт болдым,
Шипа болып, шын дертке дауа болдым,
Жалған ғашық пен шын ғашыққа куə болдым,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Ей, достар, жасым жетті жиырма үшке,
Тағатым жоқ, жалған іс пен даукестікке.
Қиямет күн жалаңашпын, көзім соқыр,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Жаназамның артынан тас атыңдар,
Аяғымнан сүйрелеп көрге атыңдар.
Хаққа құлдық қылмадың деп тепкілеңдер,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Жазуменен жасым жетті жиырма бес,
Субхан Ием, зікірменен көкеймі тес.
Көкірегімдегі түйіндері сен өзің шеш,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Жиырма алты жасымда «сауда» қылдым,
Мансұр сипат дидар үшін талас қылдым.
Пірсіз жүріп дерт пен шерді пайда қылдым,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Мен жиырма жеті жаста пірді таптым,
Əр сыр көрдім, перделер бүркеп жаптым.
Астанасын жастанып ізін өптім,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Мен жиырма сегіз жасымда ғашық болдым,
Жаннан кешіп, мехнат тартып садық болдым.
Одан кейін дидарыңда лайық болдым,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Жиырма тоғыз жасқа кірдім, халім харап.
Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ.
Халім харап, бауыр кəуəп, көз бұлдырап,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Отыз жаста отқа қақтап күйдірді,
Күллі əулие жиылып дүниеқорлықты қойдырды.
Ұрып-сөгіп дүние қызығынан бездірді,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, дүние қусаң ісің бітер,
Көкіректен шыққан даусың көкке жетер.
Жан кетерде хақ Мұстапа қолын берер,
Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне.
ХИКМЕТ
Төтеннен тұрарымда барша əулие,
Хақ сүйіспендігін көңіліме салды, достар.
Қызыр Бабам дайын тұрып мейірін төге,
Медет қылып қолымды алды, достар.
Отыз бірде Қызыр Бабам шарап ішірді,
Көңілімнен əзəзілді хақ қашырды.
Сауда қылдым, жазығымды құдай кешірді,
Содан кейін хақ жолына салды, достар.
Отыз екі жасымда жетті хақтан пəрман,
Пенделікке қабыл еттім, қылма арман.
Жан кетерде бергем саған нұрлы иман,
Кəріп жаным шадман болып күлді, достар.
Халқымнан хабар жетті, риза болдым,
Əркім сөкті яки тепті, сабыр болдым.
Бұл əлемде көзімді ілмей əзір болдым,
Əуестік пен менмендік кетті, достар.
Отыз үште сақи болып шарап үлестім,
Тостаған толы шарапты тоя іштім.
Əскер түзеп шайтанмен мен ұрыстым,
Шүкір Алла, екі нəпсім өлді, достар.
Отыз төртте ғалым болып, дана болдым,
Хикмет айтдеп субхан айтты, күйіп-жандым.
Шілтенменен шарап ішіп дос-жар болдым,
Жан дүнием хақ нұрына толды, достар.
Отыз бесте мешіт кіріп дəурен сүрдім,
Шəкірттерге ғашық дүкенін шексіз құрдым.
Теріс жолға əркім кірді, сөктім, ұрыстым,
Ғашықтарға хақтың нұры түсті, достар!
Отыз жеті жасқа кірдім оянбадым,
Ынсап қылып Алла мейірін толғамадым.
Таң сəріде зар илеп еңіремедім,
Тəуба қылдым қожам қабыл қылды достар.
Отыз сегіз жасқа кірдім, ғұмырым өтті,
Жыламай-ақ өлер уақтым жуық жетті.
Ажал келіп шектеулі уақтын тосты,
Білмей қалдым, ғұмырым ақыр болды, достар.
Отыз тоғыз жасқа кірдім, қылдым қасірет,
Уа, дариға, өтті ғұмырым, қане тағат?
Қанағатшыл хақ қасында хош-сағадат,
Қызыл жүзім тағат қылмай солды, достар.
Шаш пен сақал ағарды, көңілім қара,
Махшар күні рахым еткін, халім нашар.
Саған аян амалсызбын, көп дүр күнəм,
Бар періште жазығымды білді, достар.
Пірмұған шарабынан тамшы таттым,
Жол таба алмай бас айналып түндер қаттым.
Бихамдилла ізгілік берді, нұрға баттым,
Көңіл құсы жеті қат көкке жетті достар.
Қияметтің азабынан ақылым қайран,
Көңілім қорыққан, жаным үріккен, көкірек ойран,
Ділім шошып Сират атты қыл көпірден,
Ақылым кетіп, естен танып қалдым, достар.
Құл Қожа Ахмет, қырыққа кірдің нəпсіңді тый,
Мұнда жылап, ақыретте есіңді жи.
Иман - шариғат, мəні - тариқат,
Құдай деген хақтан үлес алды, достар.
46 ХИКМЕТ
«Ия иллəһи» сенің даңқыңа хикмет айттым,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Тəуба қылып күнəмнан қорқып қайттым,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық бірімде ықылас қылдым жол табам деп,
Жарандардан əр сыр көрсем мен жабам деп.
Пірдің ізін тауып мен өбейін деп,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық екімде шəкірт болып жолға кірдім,
Ықылас қылып жалғыз хаққа көңіл бердім.
Ғарсы-күрсі лаухыдан өтіп ғалам кездім,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық үшімде хақты іздеп зар еңіредім,
Көз жасымды көл қылып егілемін.
Шөл далада ғашық боп тентіредім,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық төртімде махаббаттың базарында,
Жағамды ұстап жылап жүрдім гүлзарында.
Мансұр сипат бас тіктім ғашық дертіне,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық бесімде сенен қажет тілеп келдім,
Тəуба қылдым, əр іс қылдым, қате қылдым.
«Ия илаһим», рахметіңді ұлық білдім,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық алтымда зауқым асып толып тасты,
Рахметіңнің нұры тамып шайтан қашты.
Хақтан шабыт жолдас болып есік ашты,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық жетімде жеті жақтан шабыт жетті,
Сақи болып жам-шарапты ием тұтты.
Шайтан «өліп» нəпсі-құйын өзі кетті,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық сегізде ғазиз жаннан безер болдым,
Күнə дерті ауру қылды, кесел болдым.
Сол себептен хақтан қорқып көз ілмедім
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Қырық тоғызда ғашық болып күйіп-жандым,
Мəжнүндей туған-туыстан қашып тындым.
Түрлі-түрлі жапа көрдім, мойынсұндым,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Елуімде ермін дедім, дəрменсіздік,
Қан төкпедім кезімнен баурымды езіп
Нəпсім үшін жүрер едім иттей кезіп,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
Құл Қожа Ахмет, ер болмасаң өлген жақсы,
Қызыл жүзің қара жерде солған жақсы.
Топырақ сипат жер астында болған жақсы,
Заты ұлық ием, сыйынып келдім саған.
47 ХИКМЕТ
«Құлһу аллаһу Субхана аллаһу» құлшылық қылдым,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Бастан-ақ қасіретіңде күйіп-жандым,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу бірде шөлдер кезіп тамыр сордым,
Тауға шығып, тағат қылып, көзім талды.
Дидарыңды көре алмадым, жаннан тойдым,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу екі жаста кештім мүлік-малдан,
Мал-мүлкім не тұрады бір жанымнан.
Бастан кештім, жаннан кештім һəм иманнан,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу үште сол шарапты несіп қылды,
Жолдан тайған адам едім, жолға салды.
«Алла» дедім, «Лəббай» деп қолымды алды,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу төртте жан дүнием зар жылады,
Ғылым-білім майданында бас айналды.
Ысмағұлдай əзіз жаным құрбан болды,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу бесте дидар үшін тіленші болдым,
Күйіп-жанып, күлдей ұшып ғайып болдым.
«Бихамдилла» дидар аңсап ада болдым,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу алты жасқа кірді мұңлық басым,
Тоба қылдым ағар ма екен көзден жасым.
Жарандардан лəззат алмай көңілім қалды,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу жеті жаста ғұмырым желдей есті,
Ей, достар, амалсызбын басым қатты.
Билхамдилла Пірмұған қолын берді,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу сегіз жасқа кірдім бейхабармын,
Өзің біліп нəпсімді тый, қаһарлы ием,
Қанағат берсең сұм нəпсімді ұрып-тебем,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Елу тоғыз жасқа кіріп қылып ем дат,
Жан берерде сүйіктімді қылмадым жат.
Қай бетіммен қыл деп айтам саған азат,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Көзім жұмып ашқанша жетті алпыс,
Белді буып қылмадым бір жақсы іс.
Ертелі-кеш бейқам жүрдім жас жəне қыс,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Алпыс бірде шермендемін илəһымнан,
Ия, достар, көп қорқамын күнəлардан.
Жаннан кешіп, пана тілеп құдайымнан,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Алпыс екі жаста Алла мені жерге тартты,
Бастан-аяқ надандықтан азат етті.
Жан мен ділім, ақыл-есім Алла деді,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Алпыс үште хабар келді: құлым, жерге кір деген,
Жаныңменен, жананыңмен шыбын жанды бер деген.
Көңіл семсерін қолға алып нəпсіні қыр деген,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
Құл Қожа Ахмет, нəпсіні тептім, нəпсіні тептім,
Одан кейін сүйгенімді іздеп таптым.
Өлмес бұрын жан бермектің дертін таптым,
Бір жəне Барым, дидарыңды көрермінбе?!
48 ХИКМЕТ
Таңсəріде дүйсенбі күн жерге кірдім,
Мұстапаға қайғы тұтып кірдім, міне.
Алпыс үште сүндет деді естіп білдім,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Жер үстінде жарандарым қайғы тұтты,
Барша əлем сұлтаным деп зар жылады.
Хақты сүйген шын сопылар қандар жұтты,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Бақыл айтып жер астына қадам қойдым,
Жарық дүниені талақ етіп хақты сүйдім.
Зікір айтып, жалғыз өліп, жалғыз күйдім,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
«Таһ» оқып көз ілмедім түні бойы,
Кеште намаз, ораза ұстап күні бойы,
Осы халмен жер астында өне бойы,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Алпыс түн, алпыс күнде бір-бір тағам,
Таң атқанша намаз оқып бердім сəлем.
Алпыс үште болды ғұмырым ақыры тəмам,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Хақ Мұстапа рухы келіп имам болды,
Бар періште жер астында ғұлам болды,
Көп жыладым хақ Мұстапа ризық берді.
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Миғраж түні нұр дедім, перзент деді,
Қолымды алып үмбетімсің, үмбет деді.
Сүндет жолын берік ұста, сүйіктім деді,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Қияметте жолдан тайсаң жолға салам,
Мұхаммед деп жолдас болсаң, қолыңды алам.
Перзентім деп қолыңды ұстап жаннат кірем,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Əй, жарандар, бұл сөзді естіп көңілім артты,
Үмбет деді жан дүнием нұрға батты.
Нұрын шашып дидарын хақ көрсетті,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Дидар көріп, рухым ұшып ғарышқа қоңды,
Мұсаға ұқсап көкірегім күйіп жанды.
Мəжнүндей туыс-туғаннан қашып тынды,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Жер астында қорлық көрдім көп машақат,
Төсек, жастық тастан қылдым, шектім мехнат,
Əй, жарандар, бұл дүниеде жоқ дүр рахат,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Машақат тарпайынша пайғамбардың жүзі қайда,
Қызмет қылмай бос қиял бермес пайда.
Жан-тəніңді хақ жолына етсең, пида,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Жер астына кіргенімде естен тандым,
Көзімді ашып Мұстапаны бірден көрдім,
Ғаси, Жафи үмбеттердің халін білдім,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Ей, перзентім, менен сүрасад, қане үмбет,
Үмбет айтты: көкірегіме түсті қасірет.
Үмбет үшін көп тартамын хақтан азап,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Үмбеттерімнің күнəсін жұмада кеш,
Алып келіп, ей, Мұхаммед, сен мұны шеш.
Тəңірге жылап сəжде қыл əр күні кеш,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Əр жұма кеш үмбетке тəн күнəні,
Алып келіп, ей, Мұхаммед, көргіл мұны.
Үмбеттерің не істер екен, Ахмет, сені,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Мен періштеден ұялармын, ей үмбетім,
Жаратқан өзі білер арзаным мен қымбатым.
Түн ұйықтамай тағат қылсаң артар бағың,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Жер астына кірдім, достар, бейықтияр,
«Əумин» деңдер жамағат, сахабалар һəм шарияр.
Үмбеттердің күнəсін кеш, пəруəрдигəр,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, мен «Дəптер саниді» айттым,
Екі əлемнің қызығын «шарапқа» саттым.
Өлмей тұрып жан ашуы зəрін таттым,
Мұстапаға аза тұтып кірдім, міне.
49 ХИКМЕТ
Ол Тəңірім құдіретімен назар салды,
Шаттықпенен жер астына кірдім, міне.
Ғаріп пендең бұ дүниеден сапар шекті,
Құлшылықпен жер астына кірдім, міне.
Зікір айтып, риза болып хақты таптым,
Дүние қызығын талақ етіп жаншып тептім,
Естен танып, рəсуə болып, жаннан бездім,
Бəрінен безіп жер астына кірдім, міне.
Сұмдығымнан тау менен тас сөкті мені,
Өткір тілмен зекіп айтты: ісің қане.
Ғашық болсаң əуел барып хақты таны,
Дəнекер боп жер астына кірдім, міне.
Сізді, бізді хақ жаратты тағат үшін,
Бұл бір ғажап: ішпек-жемек рахат үшін.
«Қалу бəлə» деді рухым мехнат үшін,
Қарабет боп жер астына кірдім, міне.
Нəпсі мені көп жүгіртті хаққа бақпай,
Күндіз-түні бейғам жүрдім жасым ақпай.
Нəпсім мен менмендікті отқа жақпай,
Қайғы жұтып жер астына кірдім, міне.
Құлды көрсем қызмет қылып құлы болсам,
Топырақ сипат жол үстнде жолы болсам.
Ғашықтардың күйіп өшкен күлі болсам,
Серік болып жер астына кірім, міне.
Жаннан кешіп мехнат тарттым, пендем деді,
Қан жұтып Алла дедім, рахым етті.
Дозақ ішінде қалмасын деп қамым жеді,
Шаттықпенен жер астына кірдім, міне.
Жасым алпыс үшке жетті, ойым тұнық,
Уа, дариға, хақты таппай көңілім сынық.
Жер үстінде сұлтанмын деп болдым ұлық,
Ризалықпен жер астына кірдім, міне.
Шайыхпын деп уағыз айтып жолда қалдым,
Сəлдемді соқыр тиынға сатып келдім.
Нəпсім мені алдап кетті, жолда қалдым,
Алаңсыз жер астына кірдім, міне.
Басым топырақ, өзім топырақ, тəнім топырақ,
Хақ пайғамбарға жетемін деп рухым аңсап.
Күйдім-жандым бола алмадым əр кез шапақ,
Терлеп-тепшіп жер астына кірдім, міне.
Пірмұған ықлас етті, шарап іштім,
Шəбліге ұқсап зікір айтып жаннан кештім.
Масаң болып ел-жұрттан танып қаштым,
Зəмзəм болып жер астына кірдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, ақылшы болсаң өзіңе бол,
Ғашық болсаң жаннан кешіп бір жола өл.
Надандарға айтқан сөзің қабыл болмас,
Белді буып жер астына кірдім, міне.
50 ХИКМЕТ
Ия, достар, пəк махаббатты мақсат еттім,
Бұл дүниені дұшпан тұтып жүрдім, міне.
Жағамды ұстап хазіретке сыйынып келдім,
Ғашық жолында Мəнсұр сипат болдым, міне.
Ғашық жолында ғашық болып Мəнсұр өтті,
Белін буып, хақ сүймекті бекем тұтты.
Жəбір-жапа, қорлауды көп есітті,
Ей, мұсылман, мен де Мəнсұр болдым, міне.
Ғашық Мəнсұр «Əнə Əлхақты» зарлап айтты,
Жебірейіл келіп «Əнə Əлхақты» бірге айтты.
Жебірейіл келіп басыңды бер деп айтты,
Дарға асылып хақ дидарын көрдім, міне.
Мəнсұр келгенше дар иіліп өзі алды,
Көңіл көзі ашықтар қайран қалды,
Алланың нұры шашылып назар салды,
Ашылды деп дидарын көрдім, міне.
Хабар келді: осы дарда көп қинама деп,
Мықты бол қайғыланба өзіңді жеп.
Сыртқа айтты: əмірім сақтап тимеңдер деп,
Лəуһі Махфуз тақтасында көрдім, міне.
Үш жүз молда жиылып айтты көп риуаят,
Шариғат дүр мен де бітірсем бір риуаят.
Алла жолы ақиқатта жар болсын хақ,
Басым беріп хақ сырын білдім, міне.
«Əнə Əлхақтың» мағынасын білмес надан,
Дана керек бұл жолдарға пəк, мардан.
Ақылды құлдар хақ жолын жадына алған,
Жаннан кешіп жаратқанды сүйдім, міне.
Ишарат еттім: дана болса мағына алсын,
Сөз өнерін өрнектедім, нышан қалсын.
Дүрі гауһар сөздерімді есіне алсын
Халімді айтып ғашықтарға бердім, міне.
Ессіз Мəнсұр қорлықпенен болды ада,
Бір сөзбенен жарандардан болды жүдə.
Халін, ділін ешкім білмес тəңірім куə,
Қан жұтып мен де куə болдым, міне.
Мансұр шаһтың өмірі міндет емес,
Жолды тапқан біз секілді алжас емес.
Азғындарға бұл сөздер керек емес,
Ə, құдай, жадыма тұтып алдым, міне.
Бір күн сахар ғаріп Мансұр көп еңірепті,
Нұрын шашып Алла өзі рахым етті.
Одан кейін шілтен көріп шарап берді,
Даналарға осы сөзді айттым, міне.
Надандарға иесіз сөзім жеңіл хикмат,
Адаммын деп белін байлар қане қымбат.
Дүние үшін бір-біріне қылмас шафхат,
Залымдарға тұтқын болып өлдім, міне.
Залымдарда ар-ұят жоқ, бізде күнə,
Дəруіштің жаны өлік, өшпес дұға.
Сол себептен патша қылар бізге жапа,
Аят, хадис мағынасын айттым, міне.
Залым егер жəбір қылса Алла дегіл,
Қолың жайып, дұға оқып мойынсұнғыл.
Құдай тілек бермесе сабыр қылғыл,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым, міне.
Залым егер зұлымдық етсе маған жыла,
Жасың төгіп, маған сыйынып белің байла.
Арам, шүбəні тəрк қылып досты талға,
Залымдарға жүз мың пəле бердім, міне.
Залымдардың арғы түбін мен жаратқан,
Жаратқанды назарға ілмей сен ұмытқан.
Менен кешіп залымдардың қолын тұтқан,
Залымдардың жолын ашып бердім, міне.
Саған жаза: жаратқанға жалбармадың,
Алланы айтып, түнде тұрып еңіремедің.
Хақиқаттан сөз сөйледім, естімедің,
Залымдардың қолын ұзын қылдым, міне.
Ей, бейхабар, хаққа көңіл жүгіртпедің,
Дүние харам, одан көңіл суытпадың.
Нəпсіден безіп бір Алла үшін толғанбадың,
Бұл нəпсі үшін зарлап қайран болдым, міне.
Залымдарды айыптама, залым өзің,
Арсыз болсаң өтпейді халыққа сөзің.
Дүние малын түгел бердім, тоймас көзің,
Сараңдарды қараңғыға жаптым, міне.
Қызыл ерні сыбырлап айтты мұны,
Жаным-тəнім, үмбеттерім, көзім гүлі.
Хаққа құл, маған үмбет болған қане,
Шын үмбетті көкірегіме қойдым, міне.
Құл Қожа Ахмет хақ сөзін сөйлеп өтті,
«Ғайнил-иақин» тариқатта боздап өтті.
«Ғилмул-иақин» шариғатты көздеп өтті,
«Хаққул-иақин» хақиқаттан айттым, міне.
51 ХИКМЕТ
Алла Тағала ғашықтарды ынтықтырды,
Ризалықпен өртеніп күйдім, міне.
Екі ғалам көзімнен бұлбұл ұшты,
Көрінбеді жалғыз хақты сүйдім, міне.
Жаннан кешіп жалғыз хақты жанға қостым,
Одан кейін дария болып толып тастым.
Тəңірімен сырластым, əнге бастым,
Дүние қызығын жүз мың талақ еттім, міне.
Хақ алдында ақылы кəміл түк қыла алмас,
Ғашық өрті лапылдаса жанды қоймас.
Көбелектей отқа түсіп өзін білмес,
Бұл сырлармен дүниеден тойдым, міне.
Тариқат жолдарының азабы көп,
Шын ғашық болмайынша тəуекел жоқ.
Дидарыңды көре алмадым күн-түн ұйып,
Көзімді ілмей дидарыңды көрдім, міне.
Тариқат жолы қатты, телміріп көзім талды,
Басым қатты, пірмұған құяр балды.
Пір етегін тұттым көңілде шырақ жанды,
Рəсуə болып жол кезіп жүрдім, міне.
Тариқаттың жолы болар ауыр азап,
Бұл жолда талай ғашық болды топырақ.
Ғашық жолына кім түссе халі хараб,
Жарандардан жол мəнісін білдім, міне.
Тариқаттың жолы болар азап, ұлық,
Несіп қылған пендесіне болар жуық.
Ұшқынына шыдай амас жеті тамұқ
Ей, жарандар, ғазіз жаннан тойдым, міне.
Хақиқаттың мəнісіне жеткен кісі,
Естен танып, күйіп-жанар іші-тысы.
Қан боп саулар көзінен аққан жасы,
Көз жасымды көл қылып бардым, міне.
Шариғат дүр ғашықтардың əпсанасы,
Білгір ғашық тариқаттың дүр данасы.
Қайда барса сүйіктісі һəм туысы,
Бұл сырларды ғарыш үстінде көрдім, міне.
Махаббаттың бағын кезбей ғашық болмас,
Қарлық-зарлық тартпайынша нəпсің өлмес.
Бір тамшыға мейірі қанбай ол дүр болмас,
Мейірім қанып шын гауһарды алдым, міне.
Ғашық отына күйген жанның өңі қашар,
Ол дүниеге жеделдетіп мұнан көшер.
Мұнда болған түйіншекті онда шешер,
Расул: дүние опасыз деді, қойдым, міне.
Шын ғашықтың болады жүзі сынық,
Айнаға назар салса, одан тұнық.
Өзі қайран, көңілі ойран, көзі жасты,
Құдіретіне қайран болып қалдым, міне.
Алла айтты: көп жыласаң көрерсің мені,
Зар еңіресең пендем деп айтам сені.
Жаннан кешіп мені ескерер ғашық кəні,
Шабыт келді құлаққа ілдім, міне.
Шын көңілден күйгендерге дидар сыйлық
Жалған ғашық жолға түссе бəрін қидық.
Шын ғашықтың көзі жасты, басын иіп
Тəжім етіп, жер астына кірдім, міне.
Хақиқат шын ғашыққа сыйлық тұрар,
Махшар күні қалайсың деп халін сұрар.
Қорғаушы мен шапағатшы өзі болар,
Рахымыңнан үміт етіп келдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, хақтың атын есте сақта,
Хақтан қорқып тынбай жылап, түнде жатпа,
Намаз оқы, ораза ұста əр ақшамда,
Солай болып мұратыма жеттім, міне.
52 ХИКМЕТ
Ей, достар наданменен жолдас болып,
Бауырым күйіп, жаннан тойып, өлдім, міне.
Тура айтсам да теріс жолға мойнын бұрар,
Қан жұтып қасірет уына тойдым, міне.
Наданменен өткен өмірің тозақ болар,
Надан барса тозақ та одан қашар.
Наданменен тозаққа қылма сапар,
Наданменен қазан айындай солдым, міне.
Дұға қыл надандарға мойын бұрмай,
Хақ тағала қолдаса тіптен оңай,
Надандар сорласа жүре бер халін білмей,
Надандардан жүз мың жапа көрдім, міне.
Жер астына қашып кірдім надандардан,
Қолым жайып дұға тілейін жомарттардан.
Ғаріп жаным жүз тасаттық даналардан,
Дана таппай жер астына кірдім, міне.
Надандарды мен білмеймін көңілім қапа,
Хақтан қорқып аза тұтсам күлер қа-қа.
Аузы ашық, нəпсі ұлық, мешкей лақа,
Надандардан қорқып саған келдім, міне.
Үміт қылма надандардан қадірің білмес,
Қараңғыда бірге жүрсең жолға салмас.
Мойныңа бұршақ салсаң қолыңды алмас,
Надандардан күдер үзіп келдім, міне.
Ақырында жақсы кетті, қалдым жалғыз,
Надандардан естімедім бір жақсы сөз.
Дана кетті, надан қалды көп өкініш,
Жол таба алмай қайран болып қалдым, міне.
Өткен істер жанымды езді қаным қайнап,
Қасиетті жерде қасиетсіз жүр көңілі жайнап.
Аят, хадис қанша айтсам құлаққа алмас,
Көкірегім қам-қайғыға толды, міне.
Дертті халім азап көрді бар ма тəуіп,
Мұң-шерімді саған шақтым көңілім ауып.
Менен өзге үлес алды, мен бейнəсіп,
Үлес іздеп сағым сынып келдім, міне.
Дүние-мүлік тəрік қылып үлес алғыл,
Ей, пақыр, дүние ісін артта қалдыр.
Алла сақи мейірін көріп қайран қалғыл,
Көрейін деп баз кешіп келдім, міне.
Мен «Дəптер саниді» Сізге еттім жəдігер,
Əруағымнан медет тілеп қорғана көр.
Дұға қылам қабыл қылсын пəруəрдигəр,
Рахман ием, арызымды айтқалы келдім.
Хикметімнен баһра алған көзіне сүртсін,
Ықыласпенен көзге сүртіп дидар көрсін.
Шарты сол дүр: қанағатқа мойынсұнсын,
Жан пида етіп жанананы көрдім, міне.
Дидар үшін тіленші болдым əумин деңдер,
Шəкірттерім хəлім көріп қамын жеңдер.
Жолда қалған Құл Ахметке жол беріңдер,
Жолды іздеп тіленші боп келдім, міне.
Құл Қожа Ахмет, тіленші болсаң хаққа болғыл,
Басыңменен жарандарға қызмет қылғыл.
Назар салсаң алқа-қотан сұхбат қылғыл,
Қауым боп іштей тілеп тұрдым, міне.
53 ХИКМЕТ
Көзім жасты, көңіл қайғы, жаным күйік,
Қандай амал істерімді білмен, достар.
Бұл қасіретті бастан кештім жасым құйып,
Қай тарапқа барарымды білмен, достар.
Түрлі-түрлі ғаламаттар келді қайдан,
Жүрегімде жарақаттар болды пайда.
Бұл дүниеде бірден азат болмақ қайда,
Қандай амал істерімді білмен достар.
Алла үшін перзенттерім жетім қылсам,
Жаннан кешіп, малдан кешіп, ғаріп болсам.
Шөл далада жалғыз қаздай қаңқылдасам,
Қандай амал істерімді білмен, достар.
Хас құлдардай түні бойы қайыспасам,
Жомарттардай ораза ұстап майыспасам.
Түні бойы көзімді ілмей Алла десем,
Қандай амал істерімді білмен, достар.
Арамза тұқым аямадым, тағатым аз,
Өтті ғұмырым өкінішке қыс пенен жаз.
Жаным құсша шарықтаса көңілім мəз,
Қандай амал істерімді білмен, достар.
Құл Қожа Ахмет хақ жолында жан бермесе,
Диқан емес кетпен шауып нан бермесе.
Бəйшешек ашылар ма су бермесе,
Қандай амал істерімді білмен, достар.
54 ХИКМЕТ
Ғашық сырын баян қылсам ғашықтарға,
Тағат қылмай өз бетімен қашар достар.
Тау мен тасқа басын ұрып естен танып,
Ел-жұрты, үй-ішінен безер, достар.
Ғашық азабын басқа түскен ғашық білер,
Танымасын тас лақтырып оған күлер.
Дуана деп басын жарып қанға бояр,
Риза болып «Хамад сəнаны» оқыр, достар.
Сүймегенде жан да жоқ əрі иманы,
Расулалла сөзін айттым, мағына кəне,
Неше айтсам да естуші жоқ, білген кəне,
Бейхабарға айтсам көңілі қалар, достар.
Ғашық гауһары дария тұңғиығында жатар болар,
Жаннан кешіп гауһарды алған жанан болар.
Көрсеқызар ғашықпын деп жолда қалар,
Ар, иманнан соқыр тиынға сатар, достар.
Отқа күйдім, жаннан тойдым, қайран болдым,
Бұл қандай от: күймей-жанбай бір жан болдым.
Махаббаттың атын естіп көзім ашылды,
Көзі ашылған мұратына жетер, достар.
Зар жылаңыз, зар еңіреңіз рахым келсін,
Адассаңыз рахымы түсіп жолға салсын.
Қызмет қыл Пірмұған қолыңды алсын,
Еңбек еткен мұратына жетер достар.
Заманақыр болды да пейіл кетті,
Расулалла уағдалары жуық жетті.
Хақ құлдары жақсы сөзге құлақ тұтты,
Жаман құлдар күннен-күнге бітер, достар.
Əрбір күнің өтер деді хақ Мұстапа,
Үмбет болсаң қауымдасып бірге жаса.
Жақсыларды жарылқап, жаманға берер жаза,
Қияметте жазаларын тартар, достар.
55 ХИКМЕТ
Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша,
Ысмағұлдай дидар үшін арман етпен, достар.
Жаннан кешіп тариқатқа кірмейінше,
Ғашықпын деп жалған уəде қылма, достар.
Ғашықтық қиын жұмыс білсең мұны,
Мехнатпен жаратушы сынар сені.
Реніш, азаппен бірге болсаң күні-түні,
Көңілді Тəңріден өзгеге бөлме, достар.
Менмендіктен тариқатқа кірмеді олар,
Жаннан кешпей жолға қадам баспады олар.
Нəпсін тыймай хақ жолында болмады олар,
Жалқаулармен сапарға шықпа, достар.
Ғашықтық жолы құры тілмен бола қоймас,
Мұнда жылап, ақыретте күліп болмас.
Күллі реңі запырандай солмақ болмас,
Мұндай болмай ғашықпын деп айтпа, достар.
Ұстаздарға қызмет қыл еркіңменен,
Күнəлі ол өз бетіммен келдім деген.
Жақсы білсең тариқаттың қатері бар,
Қаламасаң осы жолға түспе, достар.
Ұстаздарға қызмет қылсаң нəпсіге апат,
Наданға тиме: бұл жолдарда қылмас тағат.
Адал ұлдар бұл жолдарды білер рахат,
Өлмей тұрып хақ дидарын көрем деме, достар.
«Кəзəптар үмбетім емес» деді Расул сізге,
Ол Мұхаммед хақ расулі деді бізге.
Жалғаншыға жаннат жоқ олда-білда,
Жалған сөйлеп, имансыз боп кетпе, достар.
Дүние-мүлікті тəрк етпей көрмес дидар,
Дидар көрем деген ғашық жанын қинар.
Ондай ғашық ақырында көрер дидар,
Дидар көрмей Алла сырын шашпа, достар.
Сырдан мағына түймегендер бөтен болар,
Ол ғашықтың мекені ойран болар.
Ғашық жолында жан қиғандар жақын болар,
Жаннан кешпей жаннан хабар алма, достар.
Құл Қожа Ахмет, бастан кешпей пəтуа қылма,
Халық ішінде ғашықпын деп ауызға алма.
Ғашықтық ұлы іс дүр ғапыл қалма,
Ғапыл болып хақ дидарын көрме, достар.
56 ХИКМЕТ
Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан,
Дуананың мақамына кірді, достар.
Аш пен тоғын, пайда-зиян еш білмеген,
Сауық-сайран, қызықпен жүрді, достар.
Сауық-сайран құрғандарға дүние харам,
Ел-жұрт, дүние-мүліктен кешті тəмам.
Таң сəріден хаққа сыйынып жылар дəйім,
Одан кейін сауық-сайран салды, достар.
Сауық-сайран құрған ғашық өзін білмес,
Ессіз жүріп дүние малын қолға алмас.
Жүз мың адам тақсыр десе мақтана алмас
Дүние теуіп сауық-сайран салды, достар.
Дүние таппай сауық-сайран құрған адам,
Хақты айтпай хақ жолынан сыртта қалған.
Дəруішпін дер дүниеқоңыз жаны жалған,
Дүние үшін сауық-сайран құрды, достар.
Естен танбай сауық-сайран құрып болмас,
Жаратқан иеден оған иман болмас,
Бойсұнса да көңілі таза болмас,
Арсыздықпен ойын –сауық құрды, достар.
Уа, осындай надандардан үміт қылма,
Қайыр-шапағат алармын жүгіріп жүрме.
Нəпсісі ұлық, шариғаты бұзық əкім білме,
Шайтан малғұн ноқта салмай мінді, достар.
Естен танбай сайран салса Алла безер,
Дауысынан жер тебіреніп тартады азар.
Дұға қылам: көрсетпесін оған дидар,
Діннен безіп сауық-сайран құрды, достар.
Дуаналық жеңіп шықпай сауық құрар,
Хақ Мұстапа шəриярдан безіп жүрер,
Бастан-аяқ күнəлары əзір тұрар,
Күнə тілеп сауық-сайран құрды, достар.
Шəблі ғашық, сайран салды нұрын көріп,
Мұстапаны енді көріп, сауал беріп.
Дүние азабын артқа тастап, көзін жұмып,
Сондай құлдар сауық-сайран құрды, достар.
Шəблі ғашық жылап еді: «ия, Расул» деп
Сайран салсам да тағатсызбын, қайғым көп деп,
Расул айтты: «иншалла, бол қабыл» деп,
Рұқсат сұрап сауық-сайран құрды, достар.
Құл Қожа Ахмет, сауық-сайран əр кімге жоқ,
Мазақпенен сайран салса кірер тамұқ,
Бұл сұмдық сыр айтылса көңілім жабық,
Хақты тауып сауық-сайран құрды, достар.
57-ХИКМЕТ
Шариғаттың шарттарын білген ғашық
Тариқаттың жол-жосығын білер, достар.
Тариқаттың бар жұмысын ада қылған,
Хақиқаттың дариясына батар, достар.
Дидарын көріп болмас күн-түн ұйып,
Пəк ғашықты қолға алмай болмас жүріп.
Хақиқат дариясының қатері көп,
Көзімді ілмей дидарын көрдім, достар.
Ей, ғашық, бұл дүниеде мехнат тартқыл,
Сол тартқан жапаларды рахат білгіл.
Зікір салған жеріңе басыңды ұрғыл,
Басын тіккен мұратына жетер, достар.
Бұл жолдардың азабы: қайғы, мехнат,
Мехнат тартып жапа шеккен көрер рахат.
Таң сəріден зар жылаған табар бақыт,
«Аһ-уһ» деумен бұл дүниеден өтер, достар.
Шын ділімен жылағандар дидар көргей,
Субхан ием дидарын сыйға бергей.
Сапар шекпе жол мəнісін түсінбей,
Жолға түскен мұратына жетер, достар.
Уə, дариға, өтті ғұмырым, білмей қалдым,
Бұ дүниенің əбзелін қолыма алдым.
Дүние қуып діннің жолын артқа салдым,
Біле алмадым халім қалай болар, достар.
Махаббаттың шарабынан татпағандар,
Баязиттей əр күн өзін сатпағандар.
Бұл дүниенің қызығынан безбегендер,
Хайуан ғой, бəлкім одан бетер, достар.
Ғашық болсаң ғашық жолына қойғыл қадам,
Дүниені талақ қылғыл мысал Адһам.
Ақылға ерсең дүние үшін жемегіл қам,
Қиямет күн жазаларын берер, достар.
Сыр шарабын ішкен ғашық өзін білмес,
Бұл дүниенің лəззатын көзіне ілмес.
Жүз мың рет кеңес айтса ақыл алмас,
Гүлгүл жайнап өзін білмей жүрер, достар.
«Руз аласт» құдай өзі хабар қылған,
«Қалу бала» деп рухтар жауап берген.
Хазірет Таба рухы ұшып қарсы келген,
Ондай ғашық хақ жамалын көрер, достар.
Құл Қожа Ахмет, ғашық болсаң дүниеден без,
Ақыреттің азабынан зар еңіреңіз.
Жарандардың қылғанын сіз де істеңіз,
Қызмет қылған мұратын табар, достар.
58 ХИКМЕТ
Хақ танып, мұсылман болсаң мойынсұнғыл,
Мойынсұнған хақ дидарын көрер, достар.
Жүз мың пəле басқа түссе еңіремегейсің,
Сонда ғана ғашық сырын білер, достар.
Ғашықтары зар еңіреп жолға кірді,
Əрбір шеккен жапасын хақтан білді.
Риза болып жерге енуге əзір болды,
Зар илеп таң сəріде тұрар, достар.
Ей, достар, еш білмедім мен жолымды,
Игілікке байламадым мен белімді.
Өсек сөзден еш тыймадым мен тілімді,
Надандығым мені рəсуа қылды, достар.
Күні бойы бейғам жүрдім зікір айтпай,
Іждаһатпен күні-түні пікір айтпай.
Махаббаттың базарында өзін сатпай,
Нəпсім менің жүз мың тағам тілер, достар.
Нəпсі еркіне жіберуге болма құмар,
Ішпей-жемей тағат етіп болғыл бидар.
Ақыры бір күн көрсетер саған дидар,
Бидар болған онда дидар көрер, достар.
Ей, ғапылдар, хақ зікірін айтпай қойма,
Дүниенің бір түйірін де алма қолға.
Жақсылардың соңынан əсте қалма,
Жолға кірген ақыры мұратына жетер, достар.
Уə, дариға, арманменен өмірім өтті,
Нəпсім мені алжастырды, шектен асты,
Жан құсы шарықтады, рухым қашты,
Надандардың өмірі желге ұшар, достар.
Дидар көрем деген құлдар бидар болар,
Жатса-тұрса, жүрсе-қойса зікірін айтар.
Іші-тысы ондай құлдың нұрға толар,
Алла нұрын ондай құлға төгер, достар.
Білген ғашық өз жанын отқа жақпас,
Бидарларға ғашық шақпағын жағып шақпас.
Дүние келіп қарық қылса қия баспас,
Ғашық емес бейғамнан да бетер, достар.
Құл Қожа Ахмет, пəнде болсаң жылап жүргіл,
Махаббаттың мəжілісін де өзің көргіл.
Қияметтің азабынан қайғы тұтқыл,
Қайғы тұтқан сырдан хабар алар, достар.
59 ХИКМЕТ
Аңызда бар: осылай деп айтылды,
Жеткізді мұнда Баба Мəшін сұлтанды.
Хорасанда төрт жүз жасты жасады,
Жиырма төрт ағаш əр күні ұшар, достар.
Есітті Баба Мəшін ол заманда,
Ахмет атты бір шайх шығар деп Түркістанда.
Сұхбат құрмай қыз-келіншектермен онда,
Тыйым салғалы Түркістанға келді, достар.
Келді де көрді ол машайхты,
Сен шайхпысың азғырушы халайықты?
Сол айтқан серігіңмен, білгіл мұны,
Деп хазірет оған жауап берді, достар.
Əмір етті Хəкім қожа Сүлейменге,
Сол сопы Мұхаммади данышпанға.
Байлап ұр бес жүз қамшы ол наданға
Бір ұстынға бекем байлап қойды, достар.
Жүз кісі келсе де ұстай алмас еді,
Екі кісі ұстап оны байлап алды.
Сол сəтте-ақ бес жүз қамшы санап ұрды,
Аһ дегенін, иəки уһ дегенін білгін, достар.
Жалаңаштап оны бекем байлап қойды,
Бес жүзден бір қамшыны артық ұрды.
Соңғы қамшы тигенде зар еңіреді,
Ахмет Ата шештіріп қойды, достар.
Сол сəтте-ақ мүридтері сұрақ берді,
Бес жүз қамшы ұрғанда мыңқ етпеді.
Соңғы қамшы тигенде естен танды,
«Намрин» деп асқап одан сұрады, достар.
Ата айтты: арқасында бар оның дию-пері,
Қорғаған соң бес жүз қамшы соған тиді.
Дию-пері арқасынан кеткен сəтте,
Бір қамшы оған тиді, білгін, достар.
Баба Мəшін: «өлдім» - деді, уа, Ахметім,
Келе алмасам халайыққа қарабетпін.
Өлер едім осылай болса халім,
Зар еңіреп арыз-халін айтты, достар.
Атасының ерлегенін сонда білді,
Қиындықтан өткеріп жол көрсетті.
Атасымен үш мəрте қылуетке енді,
Мұрат-мақсат ежелден деп білгін, достар.
Басшы болмай əр кез мұрат табылмай дүр,
Қызмет қылмай хаққа жақын болмайды дүр.
Зар еңіреумен күні-түні көз ілмей дүр,
Зар жыламай хақ дидарын көрмес, достар.
Есте ұстайық Құл Қожа Ахмет əулиені,
Мүридтердің Баба Мəшін ол сұлтаны.
Қолдағай да Ғаси Жүсіп Бидауаны,
Назым еттім бұл хикаяны білгін, достар.
60 ХИКМЕТ
Қызыр Бабам салды мені осы жолға,
Одан кейін дария болып тастым, достар.
Шариғаттың базарында сайран салдым,
Білімнің басқшасында қайран қалдым.
Тариқаттың сарайында тайраңдадым.
Хақиқаттың есігін аштым, достар.
Əуел бастан шарапты Пірмұған тоя берді,
Іше бердім хал-қадарымша, құя берді.
Құл Қожа Ахмет, жан дүнием күйе берді,
Шəкірттерге дүрі гауһар шаштым, достар.
61 ХИКМЕТ
Хош ғайыптан келіп түсті бір топ дəруіштер,
Көңілінде зікірі, көзден таса дəруіштер.
Тынбай жүріп жол шегіп, тына қалса тəкбір айтар,
Сұхбаттас кісі табылса, сұхбат құрар дəруіштер.
Киімдері мың шоқпыт, көңілінде бір Алла,
Қызмет қылар əр күні тыным таппас дəруіштер.
Иінінде кір шапан, көкірегінде жүз мың арман,
Бұл дүние опасыз, көзіне де ілмес дəруіштер.
Иығында шапаны, қолға ұстаған асасы,
Ізгі мұрат жанында, Алла дейді дəруіштер.
Арғы тегі пақырлар, көңіл шаһарын кезгендер,
Жан сарайы нұрланып, бақыт кешкен дəруіштер.
Машайықтың сыры мол, қызмет қыл да жалбарын,
Пайғамбардан мұра боп келе жатыр дəруіштер.
Құл Қожа Ахмет, міскін бол, міскіндерден жөн сұра.
Дəруіштікті біл, өмір мəні зікір дүр.
62 ХИКМЕТ
Жол үстінде отырып жол сұраған дəруіштер,
Ғайыптан хабар естіп жолға түскен дəруіштер.
Асалары қолында, жол нəсібі белінде,
Хақтың аты тілінде, Алла деген дəруіштер.
Кигендері кір шапан, ділінде бар жүз мың аян,
Біліңіз: екі жаһанды көзге ілмес дəруіштер.
Дəруіш хақтың сүйгені, зікірі тұрар гүл бағы,
Хақ атына ынтызары, бек əдепті дəруіштер.
Жазығым көп жуытпас, аспан даруын таппас,
Көзде жасын құрғатпас, жасы аққан дəруіштер.
Жаныменен сырласып, тіліменен мұңдасып,
Ғашықтықпен жан кешкен, реңі сары дəруіштер.
Ит нəпсіні өлтіріп, қызыл жүзін солдырар,
Қожа Ахметке осы лайық, сатып жесін дəруіштер.
63 ХИКМЕТ
Он сегіз мың ғаламға қайран болған ғашықтар
Ғашық сырын таба алмай, сарсаң болған ғашықтар.
Дəйім басы айналып, халыққа көзі телміріп,
Таңырқай күліп таңданып, жолы болған дəруіштер.
Күйіп-жанып күл болған, ғашығына бұлбұл болған,
Кімді көрсе құл болған, жомарт болған ғашықтар,
Жол үстінде шаң болған, үсті жара, кір болған,
Зікірін айтып пəк болған, зар жылаған ғашықтар.
Беліне азығын байлаған, жүрегін сонымен жалғаған.
Зар еңіреп жылаған, жолы болған ғашықтар.
Кейде жүзі сарғайып, ғашық жолында боп ғаріп,
Құдайға арнап тасбиғын, басы айналған ғашықтар.
Ахмет, сен де ғашық бол, садақаңмен адал бол,
Хақ дидарына лайық сүйікті болған ғашықтар.
64 ХИКМЕТ
Ғаріптікте ғарып болған ғаріптер,
Ғаріптердің халін білген ғаріптер.
Бір себеппен алыс жерге жол шеккен,
Туыстықтың қадірін білген ғаріптер.
Сусағанда суға мұқтаж болған,
Тірлігіне зар болып өлген ғаріптер.
Кісі білмес ғаріптердің халі қандай,
Кім мəңгілік, олар да міскін ғаріптер.
Кел енді, Ахмет, өзіңе бақ,
Ғаріпсің сен де, ғаріп-міскін ғаріптер.
65 ХИКМЕТ
Тəуба қылып хақты тапқан ғашықтарға,
Ұжмақ ішінде төрт арықша шəрбаты бар.
Тəуба қылмай хақтан тайған ғапылдарға,
Тар лахатта қатты азап, қасіреті бар.
Ұжмақ жайын білген құлдар тəуба қылсын,
Тəуба қылып хазіретіне жуық болсын.
Хор мен сарай нөкерлері қызмет қылсын,
Алуан-алуан ұжмақтың шапаны бар.
Тəуба қылған ғашықтарға хор қызын қосар,
Күні-түні ораза жүрсе көңілі толар.
Өлгеннен соң көрге кірсе, көрі кең болар,
Соған лайық пендесіне рахметі бар.
Тəубасыздар бұл дүниеден кешпес болар,
Өлсе дағы көр азабын көрмес болар.
Құл Қожа Ахмет, қайтіп бұдан орын тапсын,
Күндіз-түні қорқатұғын Алласы бар.
66 ХИКМЕТ
Ғашық жаны күйзеліп қайғы тартса,
Он сегіз мың бар ғалам көзді ашар.
Көңіл құсы қос қанатын қомдап ұшар.
Жан дүниесі сайраумен бұлбұл болар.
Махаббаттың майданына өзін салса,
Мағрипаттың жолына белін буса,
Сыр шарабын ішіп ғашық рухы қанса,
Дос көңілдің гүлзарында шаттық болар.
Жарандар хақ жадынан ғапыл болмас,
«Рижəл лə тəлһиһим» дер халық ағаш.
Құдай жолын ұстаған жолда қалмас,
Жаратқан иеме тілегі қабыл болар.
Алғашқы шарапты кім алса сол болар сақи,
Наша тартып есірер мəңгі бақи.
Жанын, тəнін күйдірер жалындатып,
Іштен күйіп өртеніп һəм күл болар.
Атын бояп, затын безегендер,
Ішкі жанын есебімен түзегендер.
Көңіл күйін жағдайымен кезегендер,
Пейілі оның қашан аппақ болар?
Тариқат дүр бұл жол атын білсе дəруіш.
Мағрипат дүр білім нəрін алса дəруіш.
Өзге жолдар сенімсіз, білсе дəруіш,
Хақиқат майданында ол ер болар.
Қатуланып, Құл Қожа Ахмет, жолға кіргіл,
Құлды көрсең құлы боп өмір сүргіл.
Қадір ием нəсіп берсе қанағат қылғыл,
Қанағат сұрап қанағат алған шын құл болар.
67 ХИКМЕТ
Субхан ием пендесіне шапағат берсе,
Іші жанып, сырты күйген бір жан болар.
Пір етегінен ұстап ғашық жолына кірсе,
Хақты іздеумен екі көзі төрт болар.
Жаннан кешпей ғашық сырын біліп болмас,
Малдан кешпей менмендікті қойып болмас.
Зерек болмай жалғыз өзін сүйіп болмас,
Ондай ғашық ел көзінен аулақ болар.
Жанын қинап ынты-шынтыңмен ғашық болғыл,
Жасың төгіп, кезді сулап, адал болғыл
Одан кейін хақ жүзіне лайық болғыл,
Жаның берсең, рахым етсе, жанан болар.
Ғашық жолында күндіз-түні жылағандар,
Жаннан кешіп белін бекем байлағандар.
Қызмет етіп хақтың сырын аңдағандар,
Түн ұйқысын төрт бөліп қайғылы болар.
Уə, дариға, ғашық жолында жанын бермей,
Сүңгуір болып дария ішінде гəуһар термей,
Хақтан өзге, надандықтан аулақ болмай,
Таңда махшар тағамдары дайын болар.
Ғашық болсаң Баязиттей өзіңді сатқыл,
Аллаһи- биллəһи дүние арам, тастап лақтыр.
Қан төгіп, ұйқы көрмей түндер қатқыл,
Бір мезетте шайтан мүлкі ойран болар.
Таң атқанша зікір айт жаңыңменен,
Тау мен шөлді бауға айналдыр қаныңменен.
Тастан қатты тасқа жатқыл жамбасыңмен,
Жолдан азған жүз мың ғапыл қараң болар.
Тастан қатты тасты сүзген бейхабарлар,
Ол ақырет ісін қойып, дүние іздер,
Аят, хадис баян қылсам – кесім сөздер,
Залымдардың көкірегі шайтан болар.
Зікіріңді айт: қан ақсын көздеріңнен,
Хикмет айт: дүр тамсын сөздеріңнен,
Гүл енсін əрбір басқан іздеріңнен,
Гүлді күтсең гүл ашылып гүлзар болар.
Сахарда ерте тұрып қандар жұтқыл,
Пірмұғанның етегінен бекем тұтқыл.
Хаққа ғашық болған болсаң жаннан түңіл,
Жаннан кешкен шын ғашықтар махрум болар.
Бұл дүниеде пақырлықты əдет қылған,
Қорлық көріп, машахатты рахат білген.
Құл Қожа Ахмет, жақсыларға қызмет қылғын,
Қиямет күн сондай адам сұлтан болар.
68 ХИКМЕТ
Бұл сырларды білмеген надан кісі,
Дəруіштердің қадірін қашан білер?
Тіл ұшында үмбетпін деп дау шығарар,
Мұстапаның қадірін қашан білер?
Тариқаттың лəззатынан татқан кісі,
Дүниесін дін жолына сатқан кісі,
Күндіз-түні көзден жасы аққан кісі,
Бұл дүниенің қадірін қашан білер?
Күндіз-түні тағат қылса осы ғашық,
Бұл дүниеде күнəсынан болар қашық.
Дəруіштерді ғайбат қылған ол оңбаған,
Мағрипаттың қадірін қашан білер?
Дүние малын жиып мұратына жеткендер,
Есіл өмірін заяда өткізгендер.
Ең далада қамсыз тірлік кешкендер,
Махаббаттың қадірін қашан білер?
Көп адамдар дау шығарар нəпсі бағып,
Ішіп-жеп хайуандардай түнде жатып.
Ораза тұтпас, зекет бермес, ұйқы бөлмес,
Хақ Тағала қадірін қашан білер?
«Матқи кулли, матқи кулли» айтты расул,
Əй, Құл Ахмет, бұл хадисті қылғыл қабыл,
Сирия халқы қабыл қылмай қалды ғапыл,
Надан халық пір қадірін қашан білер?
69 ХИКМЕТ
Алланың мақамы ғажап мақам дүр,
Ол мақамда ғашықтар серуен қылар.
Көңілге құдіреттің нұры түссе,
Естен танып өзін білмей жалғыз қалар.
Ол мақамның жолдарының сырлары бар
Өз бетінше лағып кетсе жолдан азар.
Азғыруымен шайтан малғұн діні бұзар,
Өз жолына салып оны қайран қылар.
Ол мақамды білдіруге басшы керек,
Тариқаттың басында жақсы керек.
Осы жолда серттен таймас серке керек,
Ондай көсем жұмақта сайран қылар.
Ол мақамға жеткен ғашық шарап ішер,
Мал-мүліктен бас тартып жаннан кешер.
Қос қанатын Хазірет Таба қомдап ұшар,
Ғаршы-күрсі, Лауқ-қалам думан қылар.
Алланы ойлап дүниеден безіп кеткін,
Өлмей тұрып о дүние үшін жасың төккін.
«Уанһар мин ғасамин мусаффани»,
Ұжмағын сүйген құлға тарту қылар.
Ол мақамның Таухит атты дарағы бар,
Саясында ғашық құлдар пырақ ұстар.
Бір бұтақтың мың жылдық өмірі бар,
Əр қайсысы өз орнын мекен қылар.
Ол дарақтың миуасынан татқан құлдар,
Дүние қызығын ақыретке сатқан құлдар.
Көр ішінде көз жұмып жатқан құлдар,
Сахарларда көз жасын дария қылар.
Ықыласыңмен, Құл Қожа Ахмет, белді байла,
Махаббаттың отымен жүрек жалға.
Жағаңды ұстап таң атқанша тынбай жыла,
Мүмкін саған рахым етіп жанан қылар.
70 ХИКМЕТ
Иманы жоқ халайықтан əр кім қашса,
Білімділер кеңесінен безер болар.
Күйіп-жанып ғашық жолына жасын төксе,
Субхан ием ғарыш үстінде мейман қылар.
Пендем дегей күйгендерді сүйіп Алла,
Хақ көрсеткей ақ дидарын олла-біллə.
Қайда барса құлшылығы Алла ісі,
Əр не тапса хақ жолына сарқып бере.
Зəкір болып зікірін айтса келмек хабар,
Шайтандардың бəлесінен айырып алар.
Дерті болса хақ дертіне бергей дауа,
Ондай құлды өзі тауып мейірім қылар.
Түні бойы хақ оятып қан жылатар,
Көзін ілмей ғашығы үшін белін байлар.
Дауасы жоқ дертті беріп зар еңіретер,
Мұнда еңіреп, онда барса сұлтан қылар.
Хаққа ғашық болған құлдар көзін ілмес,
Мақсұтына жетпесе риза емес.
Туған-туыс, мал-мүлікке көңілін бөлмес,
Ысмағұлдай ғазиз жанын құрбан қылар.
Дуаналық жолында ол хақты тапқан,
Семсерді хақ қолға алып нəпсі тапқан.
Қайда барса көз жұмып сырын тапқан,
Ондай сырды тапқан кісі жомарт болар.
Шайықпын деп бас көтерген хаққа қарсы,
Көкірек керіп жаратқанға бомас жаршы.
Жыласа да құдайсызға болмас емші,
Бұл дүниені момындарға зындан қылар.
Ей, мұсылмандар, тағат қылып таянбаңыз.
Аманат қой, ғазиз жанға иланбаңыз.
Харамдықпен жиған малға қуанбаңыз.
Малдарыңды Қарыш атты жылан қылар.
Бұл дүниеде мал жинаған Харун қане,
Өсиет айтып жар салған Ферғаун мен Һаман қане?
Уамық, Ғазра, Фархад, Шырын, Мəжнүн қане,
Қаһарланса жерменен жексен қылар.
Білдіңіз бе өлмей адам қалғанын,
Бұл дүниенің опасызын, жалғанын.
Дүние талап – ризығың алғаның,
Алла десең көздің жасын көл қылар.
Ғашық дертіне дауа іздеген болар делбе,
Іші-сырты жалған жанға əсте сенбе.
Арың таза болса, əр кез жеңіс сенде,
Ғашық дертіне рахым қылса Алла қылар.
Кімді көрсең бұл жолдарда жалған ғашық,
Іші таза болмайды көңілі ашық.
Сол үшін де сүйгеніне болмас лайық,
Жалғаншыны махшар күні сарсаң қылар.
Тəн сөйлемес, жан сөйлемес, иман сөйлер,
Жаннан кешкен шын ғашықтар хақты көздер.
Ғұламаға қызмет қылып жолын түзер,
Сол ғашықты халайыққа сұлтан қылар.
Ғашық болсаң күндіз-түні хақты іздегіл,
Парызды өтеп түні бойы көз ілмегіл.
Ақылды болсаң надандарға сыр айтпағыл,
Дəруіштер сенімдерін жасырын қылар.
Дəруіш болсаң парызыңды өте, қылма жалған,
Иман келтір, рахым қылар саған Аллам,
Дəруіш емес қайда барса жолда қалған,
Əділ патша парызын өтеп, əділ қылар.
Ей, осындай дəруіштерге пана бергіл,
Ол наданға ұлпат қылмай жанымды алғыл.
Ей, іңкəрім, жолда қалдым, жолға салғыл,
Тəуба қылған қожам жайын гүлзар қылар.
Дəруішпін деп парызын істер халық алдында,
Айламенен зыр жүгірер онда-мұнда.
Алла үшін бойсұнған дəруіш қайда,
Шын дəруіштер тау мен шөлді мекен қылар.
Ғашық болсаң ғашық жолында пида болғыл,
Дидар іздеп қасіретінде ада болғыл.
Шипа болып шын дертке дауа болғыл,
Жақсыларды аларда оңай қылар.
Ғашықтары хаққа қарап зар еңірер,
Махаббаттың дариясына шомып кірер.
Гауһар алып ғашығына зарын тербер,
Тамшы жасы жер əлемді көл қылар.
Ғашықтарға берді ғашық отын күйдіргелі,
Зылихадай өн бойын сүйдіргелі.
Қасіретпен өңі-түсін солдырғалы,
Шын ғашықтың нұр-жүзін сары қылар.
Ғашық жандар хақ қаһарынан қорқып тітірер,
Жер мен көкте періштелер жылап тұрар.
Бірде қызыл, бірде сары болып жүрер,
Зар еңірер жер мен көкті дүр сілкінтер.
Ғашықтардың сүйіктісі сиқыр қыздар,
Көңіл көзбен күл етер, баурап алар.
Ғашық оты өртеген дерті зорлар,
«Қайдасың?» деп жүрек-баурын езіп тынар.
«Қайдасың?» деп, «қайдасың?» деп ғашық айтар,
Махаббатқа сабыр қыл деп машық айтар.
Аузы айтпас, тілі айтпас, ділі айтар,
Үш жүз алпыс тамырлары толқын қылар.
Ғашықтардың қиямет күн халін білгей,
Шын ғашықтың көкірегін жарып шерін сезгей.
Пəк аузынан көбігі ағып жүгіріп жүргей,
Кімге берсе пəк ғашықты қайран қылар.
Ғашықтардың үміттері жам шарап,
Сүйіктісіне жетер жолда бауыры кəуəп.
Жүрек қылы жан азығына болар жауап,
Тербелсе жеті ықылым ойран болар.
Құдіретімен əр не қылса ерікті өзі,
Құдіретінен мəлім боп тұр қыс пен жазы.
Əй, найсап, Алламенен ойнап көрме,
Қаһарлы ием жандыларды жансыз қылар.
Жыламақты əр адамға бергені қане,
Жылау деген қиын емес, бауыр қане,
Көз жасыңды текке төкпе, хақты таны,
Хақ Тағала өз сүйгенін боздауық қылар.
Құл Қожа Ахмет, пендемін деп көп айтпа көп,
Алдауменен қылсаң тағат болар кəзəп,
Шариғатта, тарихатта ісің бөлек,
Ақыретте кəзəптарға жаза қылар.
Тəмəм, тəмəм!
29
Достарыңызбен бөлісу: |