40
Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан
ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың
саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы
салдарынан өндіргіш күштер әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, ортағасырлық қала
мәдениетіне үлкен зиян келтірілді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі
отырықшылық өмір мен егіншілік мәдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған
халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды. Зерттеушілердің айтуынша
салықтың 20 шақты түрі болған.
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды
жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына
жағдай жасады, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар
бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын
қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы – «Ясасына» сәйкес келтіре
бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дәрежеде
пайдаланылады. Мемлекеттіліктің әлеуметтік ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары
монғол дәуірінен кейін Қазақстанда пайда болған мемлекеттерде қажетке асырылады.
Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: