Мүлкаман
22
Мүлкаман ел ылдиға түскелі жанып жүр, жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ; үй
басы электр жандырды, радио сөйлетті, клуб салдырды, әйтеуір жас маманнан тілейтін
іскерліктің көкесін көрсеткен. Безбеннің бір басын басса, келесі басы көтерілетіні секілді,
село жұмаққа айналып жатса, малшы жайы қағажу қала берді. Бұл бір тауқыметі көп көр
бейнет тегі.
Завферма бүгін кеңседе; әлгі жоғары көтерілген таразы басы – малшылардың
жағдайына шындап шұқшиған.
– Әлө, шөп – жүз он бес процент, қой қоралары жүз он тоғыз процент жөнделді,
жүн – жүз отыз пайыз орындалды, ет пе? Ет – жүз жиырма бес пайыз тапсырылды. Ие-е!
Әлө! Әу, қыз, телефонды тыңдама, сотқа беремін. Жазып алдыңыз ба? «Қойлар» дейсіз
бе? Ә, қойшылар ма? Қойшылардың жағдайы жақсы, жылы киім, қант-шай, ұн
дегендеріңіз жүз пайыз жеткізіліп берілген. Әлө! Басеке, ауылға келіп қайтпайсыз ба,
бағлан піскен кез, әлгі пайыздарды көзбен көрер едіңіз. Түсінемін... Жер балшық, бұл
жақта мәшине жүре алмайды, вертолет болмаса... Әлө! Сау болып тұрыңыз! Иә, көктемге
дейін, көріскенше!
Телефон трубкасын құлағынан алған завферма «уһ, жан-ай» деп ентігін басты,
терін сүртті. Тысырлатып ақпар жазып отырған Нағанайға қарады.
– Жаңылып қала жаздағанымды қарашы.
– Ол дәуіңіз кім?
– Аудандық газеттің редакторы.
– Есепті не қылмақшы екен?
– Жаңақорған ауданы бойынша қой өсіретін ұжымшарлардың жылдық қорытынды
есебін жариялайтын едік дейді.
– Е, қорытынды есепті ұжым басшыларынан алмай ма?
– Қырсығы бар: ұжым басшылары шөп жинау мен қора жөндеудің проценттерін
сәл өсіріңкіреп жазып берген секілді. Иттер сезіп қалыпты. «Әр фермаға телефон соғып,
есепті өзіміз анықтаймыз», - дейді.
– Мәселе шатақи екен.
– Ұжым басшыларына жазып қап жүрмейік.
– Пәле қайда – бассаң аяқ астында деген осы.
– Қарап отырмайық. Сол пайыздарды көзбен көріп қайталық. Қойшылардың
жағдайын білерміз, сөйлесерміз, қыдырармыз.
– Атпен шығамыз ба?
– Тебініп жүреміз бе? Газикке мінейік...
Әлгіде ғана телефонмен сөйлескен дөкейге «жер балшық, вертолет болмаса жүре
алмайсыз» деген сөзі завферманың есіне түсті, терезеден қарап еді, ауада бұлт бар, әзірге
жауатын түрі көрінбейді.
Гаражда тат жеп қалқиып тұрған газик ферма меңгерушісі мен есепшіні аттай
шауып, қиянда бір сайдың басында отырған қой қорасына жеткізді.
Шопан үйінде екен, қойы қиырда жайылып жүрген. Итін әріге жасқап жіберіп
газикке жақындады, аяғында тырпылдақ кебісі, көзі кіртиіп кетіпті, ұйқыдан әлгіде
тұрған-ау, көйлегінің қыртысы жазыла қоймаған. Басшыларды көргенде қауқалақтап
қалды.
Шіреніп машинадан түскен бастықтар алдында қай малшы болса да өстіп елпектер
еді, өйткені шаруа адамының үстінде жұпыны киім, қарапайым күй, ал бастықтардың
басында дағарадай шляпа, иығы қоқырайған қырлы костюм, аяғында керзі етік емес,
шиқылдақ көн етік, зырлатып кеп кабинадан сыртқа домалап жатқанда мысың қалай
түспесін... Қарапайым жандардың арасында: «Шляпа мен мәшиненің кісіні басар мысы
болады» деген сөзі бар.
– Ахуал қалай, бай?!
Мүлкаман әдейі «бай» деген сөзді салмақтап айтты.
– Жаман емес.
– Күнде бір қой жеген кісіден күй тая ма?!
– Қайдағы қой? Есептеулі нәрсе.
– Әнеукүні ғана қосымша еңбекақыңа отыз тоқты алдың емес пе!
– Жарап кетеді-дағы. Ұн, қант-шай, киім-кешек... Есігіне жалтақтай қарады. – Үйге
кіріңіздер, даяр болған шығар.
Үйдегі қойшының келіншегі бөлмені жинап, сыпырып, төрге көк көрпеше жайып,
үстіне ақ жастық тастап үлгергенше бастықтар есік алдында тосылып тұрған. Енді ішке
ағытылды. Қойшының келіншегі босағада тұрып сәлемдесті, балаларын бұрышқа, пештің
түбіне шүпірлетіп отырғызып қойыпты. Үй әлгіндей, төрде таза көрпеше, жастықтар,
«шық та шәниіп жата кет» деген пейіл байқалады. Завферма мен Нағанай төрге ілінер-
ілінбесте-ақ құлай-құлай кетісті, құшақта бір-бір ақ жастық.
– Мал қалай?
– Жаман емес.
– Қой айдау ма?.
– Жаюға үлкен баланы жібергем. Бүгін сегіз көзім сырқырап...
– Фельдшер әйелге көрінбедің бе? – деп қамкорсыды завферма.
– Босанған әйелдер-ақ босатпайды оны, – деп күмілжіді Нағанай.
– Кідіретін шығарсыздар.
Қойшының мұнысы қонақтардан мал союға рұқсат сұрағаны еді.
Завферма әуелі оң бүйірдегі жатқан Нағанайға бұрылды, сосын пеш түбінде
уылжып тұрған келіншекке көз тоқтатты, сонан соң жағы түтеленіп, қолы алдына сыймай
тізерлеп отырған қара қойшыға қарады.
– Байдың жағдайын жайланып отырып сұрасақ деймін.
Бұл оның – отырамыз, соя бер, барыңды әкел – деген мезіреті еді. Үй иесі қапысыз
түсінген.
Зырлап тұрған газик машина түу сонауда, кең даланың төсін тұяғымен шиырлап,
жусан бүрін жеп жүрген бағланды алып келді, қылпыған пышақ пақырдың жанын
жаһаннамға жіберіп, ту денені мүшелеп бұза бастады. Үй төбесінде қыдиып отырған
моржадан қисық түтін шықты. Ет былқып пісті. Пеш түбіндегі баланың біреуі қыңқ етсе:
«құлағыңды кесемін» деп Нағанай қыдың етеді. Қойшыға арнап салынған бұл стандартты
үйдің іші жинақы, едені тақтай, есік-терезесі де суық қолдан аман секілді. «Ауқатты
қойшы бұл өзі. Іш есебі мол» деп ойлады Нағанай.
– Үйлеріңді дұрыстап жөндеген екен.
– Иә, үй оңды.
– Қой қорасы қалай?
Қойшы жігіт шай толы кесені әперіп жатып, завфермаға қиыла тіл қатты.
– Әнәукүні барып өзіңізге жағдайды түгел мағлұмдаған едім...
Завферма қызарақтап қысылып қалды, мұнысын қойшыға сездіргісі келмеді.
– Жұмысбасты боп жатып есімнен тарс шығып кетіпті!
Шопан жыларман боп айтты.
– Бас–е–ке, қой қораның тамтығы қалмаған. Соны өзіңізге айтып ем.
«Жаманеркекті бас етіп құрылысшыларды жіберемін. Жөндейді де береді» дегенсіз. Сол
жігіттерді күткелі қашан... әні–міне деп... сойысымызды әзірлеп... жолына қарап
отырмыз...
Нағанай еңсесін оқыс көтеріп алды, таңданулы.
– Құрылысшы балалардың басшысы Мақұлбек кәрия емес пе еді, басеке?!
– Жаманеркек: «екі тау арасында ішқұса болып өлуге айналдым, қорықтың
қарайтын дәнеңесі қалмады, балалар оқитын еді» деп құлақты жеген соң, қорықшылықтан
босатқамын. Содан Мақұлбектің орнын алып бердім, қазір құрылысшылар бригадирі. Ал
кәрияңның жұмысқа қыры жоқ секілді, қартейген, қайғы ойлаған, ісінде береке қалмаған...
– Онда кәрияны қайта қорықшы етіңіз.
– Жо-ға... қисық шал алдыма келіп өтініш айтатын емес, басшы екен-ау деп
менсінетін түрі жоқ түге, принципім ұстады... Сосын, қазір тауда қоритын ештеме
көрінбейді, жоңышқалықтар айтақырға айналған, кіл қалқиған ағашқа кім тиеді, қорымаса
да қалыбы қисаймас, өкіметтің ақшасын желге шашқым жоқ...
Завферма мәселені тереңнен бажайлап түсіндіріп тастадым-ау деген сыңай
танытты. Жанындағы серігіне тікірейді, қойшыға әдейі көз қып отыр.
– Қимылды тездетіңдер деп жаздан қақсадым! Шешініп өзім шығам ғой деймін?!
Қойшы жігіт бастықтың ашу шақыра бастаған түрінен сескенді, қипыжықтап
алдын орағытты.
– Қорасы құрғыр жөнделе жатар. Ыстық–ыстық бауыр алайықшы, – деді.
Завферма жас бауырды молынан қарпыды, ыстық шай ұрттады, әлі ашуы сөне
қоймапты.
— Сол құрылысшы балалар қалай өзі?! Жын ба, пері ме? Қайда жүреді, қалай
істейді, бірін білмеймін. Тек ақша алар ведомостысына қол қоямын. Соларың жарық
дүниеде бар ма өзі?!
– Жұмыста тентіреп жүреді де.
– Жүрсе, бір бітпейтін кикілжіңге жол болсын?!
– Үлгере алмай, жабдық жетіспей жатыр.
– «Жетістік, тындырдық» деген сөздерің болмас сірә. Естімей-ақ дүниеден өтермін
осы. Шетінен ұры, кәззап, жабдықтарды жымқырады-дағы.
– Алғашында аздап әлгіндей бір күна болған. Қазір ешкім өкіметтің бұрауына
тимейді.
– Әй, сенбеймін!
– Құйылғанды тамақ алдынан тастап жіберелік, – деп қойшы жігіт қолы дірілдей
дастарқанда мөлдіреп тұрған стаканын көтерді.
– Арызшы алдыңнан кездескен жаман екен.
– Қанекей, тамақ алайық! – деп қойшы жігіт артындағы әйеліне бұрылды: – Әй, жас
сорпаға айран қос, сапыр, қышқыл боп тұрсын.
– Басеке, мынаны кішкентайлап алып қойсақ...
– Мейлі де.
Ас желініп, қатық қосылған сорпа ішіліп көзге ұйқы бұлты қаптап, отырған кісі
қажи бастағанда завферма: «Тұрып, қой қораны көрейік» деген пікір тастады. Нағанай
шалжайып жатқан, жанары жұмыла бергенде өстеді, бүйірден ызғырық соққандай
тыжырынып, еріншектей тұрды. «Көрсек көрейік. Не тұр дейсіз онда».
Қой қорасы... Қосүйеңкі фермасына ғана емес, Оңтүстік облыстарының Қаратау
мен Сырдария аралығын алып жатқан, ресми қағаздарда шөлді және шөлейт зонаға
жататын жерлерге лайықталып салынған бір тақылеттес қоралар бұл. Үлкен сарай, төбесі
жабық – қыстағы жауын-шашын, боран деген пәледен шиыр тұяқ пақырларды
қорғаштайды, оның алдында ашық қора – қойлардың күз бен көктем жататын мекені.
Сонадайдан қараған көзге қалқиып тұр, оңды–ақ секілді. Жақындай бере, Нағанай көзін
жыпылықтатты, «жанарымды ұйқы ұстап тұр ма» деп ойлаған, өйткені, ашық қораның
қабырғасы шөккен түйелерге сондайлық ұқсап көрінді. Әр жерде құлаған қабырғаның
қалдықтары, ішке–тысқа омырылған кесек, тас, ағаш аяқ астында бырдай боп шашылып
жатыр. «Иә–ә, ашық қора мәз емес, айналасын шеңгелмен қоршаса да далбайға келтірген
жөн. Жабығына кіре кетейік. Мынасы несі тағы?» – деді завферма. Шифрлы төбенің әр
тұсы үңірейген тесік, кей жері қақыраған ба, жел алып кеткен бе, аңқиып тұр. «Жел алып
кеткен», - деді қойшы жігіт. «Басында шегесі бос қағылған да, қатты жел шифрды
ұшырып әкеткен»... «Сөзсіз тамшы ағады. Ақпақ тұрсын қар ішке түсіп ериді, қой сызда
жатады, жүні садыраға айналады, үсиді, көтерем болады».
– Түсінікті-е-е! – деп завферма жаман көзімен Нағанайға қарады. – Түсінікті. –
Кеттік келесі қораға!
Бұлар қойшы жігіттің ішімдік уыты шауып буынын алған қолын кезек қысысты да,
бет алды жөнеліп берді. Былай шыға, орта жолға жеткенде, завферма Нағанайға бұрылды.
– Сотталамыз! Екеуміз де сотталамыз!
... Келесі қой қорасы сайдың ішіне салынған екен. Басшылар шоферға: «қойшының
үйіне емес, әуелі тіке қой қораға тарт» десті.
Сонадайдан қараған көзге әп–әдемі. «Сойқаны ішінде болады мұндайлардың» деп
Нағанай қаупайлап келе жатқан. Ашық қора бүтін, сәл кетілген жерлеріне кесек, тас қалап
бекітіп тастапты. Жөн. Жабығына кірді, төбесіне қарады. Зәрені алып аңқиған, үңірейген
тесік көрінбейді. Көңілдері жылып, көздері күлімдеп жөнелді. Бір-біріне, аяқтарынын
астына қарасты. Осы мезетте бөгде жүрісті көрген қойшының өзі жүгіріп жайға кіріп келе
жатқан. Сәлемдесті.
Завферма мінезінен жаңылған жоқ, дүрсе қоя берді.
– Қораның көңін неге оймағансың? Мал жатса базданады, ысиды. Сарып болсын
деймісің?! Түске дейін ұйықтайсыңдар. Іздегендерің көкпар. Мал жайын қашан
ойлайсындар осы?! Істегілерің келмесе, күрек әкел, Нағанай екеуміз–ақ көңді ойып
тастайық! Шалқиып қатыныңның қасында жат!
Қойшының жаны алқымына тақалды білем, жағасының түймесін ағытты, терін
сүртті.
– Қол тимейді жүдә...
– Не қырып жатырсың?!
– Үйді жөндеп... есік–терезесі жоқ... еденін қақыратып ұрлап әкетіпті... Түнімен
балалар жылап...
Завферма мен Нағанай бір-біріне қарасты; көптен көрмей, шырамытқаны болмаса,
жыға тани алмай тұрған кісілердің бей-жай көзқарасы еді бұл.
– Көрейік.
Завферманың бұл дауысы тіпті бәсең шықты.
Шынымен, қойшы айтқандай, малшыға арнап салған еңселі стандартты үйдің
тамтығы қалмаған, есік-терезесі үңірейіп тұр, кіре беріс ауыз үйдің едені жоқ, жақында
ғана бұзып әкеткені байқалады. Қойшының әйелі іште пеш сылап жатыр. Балалары
бұрышта шүпірлесіп тонға оранып отыр. Әнебір кішкентайының ерні көгеріп кетіпті.
– Түнімен балалар жаурап шықты... – деді қойшы жалтақтап.
– Әдіра қалғыр-ай, осы қойды қояйық деп қанша қақсадым. Қандай рақатын көрдің,
қанша абырой алдың?! Өлетін болдық азып-тозып... – деп, пеш сылап жатқан әйел
бажылдап қоя берді.
– Тәйт ары, кісілер келгенде шаптықпа! – деп күйеуі басып тастамақ болды.
– Күйем ғой тегі! Жылда осы. Жаурап, шаршап келгенде жылы үйде жан
шақырамыз ба десек, әдіра қалғыр өлік шыққан тамдай болады да тұрады.
– Доғар дедім ғой енді! – деді қойшы қоқиланып.
– Неме доғарам. Айтатын да, ашынатын да кез осы емес пе?!
– Енді қонақ боп үйге келгенде жағадан аламысың?
– Қояйық, ә. Жағдай белгілі, – деп завферма есік жаққа сырғақтай бастады. Нағанай
да «бұл үйде күй болмас» деген сыңаймен табалдырыққа жетіп қалған.
– Шай ішіп шықсаңдаршы, – деді қойшы. Әлгі жеңгейдің жан үркітер үні қайта
шықты.
– Әй, қайным, қашпа? Күй болмаса да көңіл бар. Сендерге айтпағанда күйімізді
кімге шағамыз. Отырып дәм татыңдар. Құр ауыз жібермеймін, – деді. Батыл байлам
еркектерді тоқыратып тастады. Бұлар уәжға жығылды. Қайта бұрылып: «Қой, ә, жеңгейдің
қолынан шай ішіп шығайық», - десіп бұрыштағы балалардан төменірек кеп жайғасты.
Жаңа салынған пештің жануын күтісті.
Пәлекет жабысты, пеш тартпай, ащы түтін кейін тепті, қапталдай кеп көзге ұрды.
Қойшы плитканың қақпағын бір ашып, бір жауып, үргілеп әлекке түсті. Болмады, үйдің
ішін көк ала әлек қаптады, көз ашыды, көңіл жасаурады.
Завферма шофер балаға ым қақты.
– Әй, байеке, бізде бір шөлмек ащы бар тұғын. Шайға әуре болмай-ақ қойыңдар.
Дастарқаннан нан ауыз тисек жетеді!
– Ұятты кісілер келгенде қырсық айналдырғанын қара. Әкеңнің... – деп қойшы
басы зеңгіп, көзі қызарып дастарқан жиегіне келді.
Азғана арақ тобатай кеселерге жағалай құйылды.
– Жеңгейге де құй, денесі қызсын, – деді Нағанай.
– Қатын ішпейді, – деді қойшы.
– Амандық-саулық үшін! Енді келгенде үй жылы тұрсын! – деді завферма.
– Әй, қайдам? – деп күңіренді қойшы.
Еркектер дастарқан басынан ду етіп көтеріліп кетті. Есік алдына шыққан Нағанай
қойшымен көңілі босап қимай қоштасты: «Ертең құрылысшылар келіп үйіңізді жөндеп
береді. Уайым етпеңіз. Бекем болыңыз», – деп нақа барса келмеске бара жатқандай қолды
қаттылап қысысқан.
Былай шыға завферма Нағанайға бұрылды, көзінде үрей.
– Сотталамыз! Екеуміз де абақтыға түсеміз! – деді. Нағанай басын изеп, әлгі
өңменінен өткен ауыр сөзді құп көрген бейіл байқатты.
– Басқа қоралар жөнделген. Мін таппайсыз, – деді.
– Шиі шығып жүрмей ме?!
– Апырмай, бес саусағымдай білемін енді. Ауылға бұрыла берейік.
Завферма онсыз да жол жеп, қажып келе жатқан. Нағанайдың сөзіне сенді,
ызғырығы да, қаңыраған қорасы да жоқ тыншу ауылды ойлады, оның үстіне Үрбаланың
жылы қабағын көргісі келген. Келісті. Газик тіке Қосүйеңкіге тартты. Жолай кеңсеге соға
шықпақ болды. Бастық әлдебір жазатын қағаз, әлдебір есеп-қисаптарын үйіне ала бармақ,
содан жылы пеш түбінде отырып шимайламақ.
Кеңсенің табалдырығынан аттағаны сол еді, безілдеген телефон даусын естіді.
Шырқырап тұр. Трубканы завферма көтерді.
– Әлө! Ие, мен! Қойшыларды аралап кеп тұрғанымыз осы! Қазір (Стол
суырмасынан кір сіңген ақпар қағазды алды). – Қой қоралары жүз он тоғыз пайыз
жөнделген, шөп – жүз он бес пайыз, ет – жүз жиырма бес пайыз артығымен тапсырылған,
әлө, қойлар дейсіз бе? Ә, қойшылар ма? Қойшылардың жағдайы жақсы, жылы киім, қант-
шай, ұн дегеніңіз жүз пайыз жеткізіліп берілген!..
23
Жаманеркек бес сағат бойы санын ерге қажатып, Салпаңқұлақтың терін жеп, жедел
аяңдатып, өзеннен өткенде де сусаған аттың ауыздығын алмай, қара адырларды қиялай
қырқып Сопаздың сазында отырған Доскейдің үйіне суыт кеп түсті. Екінді шақта
Қосүйеңкіден шыққан. Басқа жылқы бес сағаттың ішінде екі арасы қия-жон, адыр, құмайт
боп келетін осы шалғай жолды аршындай алмас еді.
Салпаңқұлақтың аяңы басқаның сау желісіне бергісіз, әрі-беріден соң
қаршылдатып басқанда кеудесі кеңіп, екі иінін салып жіберіп не қиырдың танабын бір уыс
қып тартып жібереді.
Доскейдің үйіне тақап келіп тізгін тартқанда барып астындағы атына назар
аударды; ентігіп тұр, ауыздығын қаршылдата шайнайды, бұрын күрең-тұғын, қазір торы
түске айналыпты, қос құлағы ғана бояуын бермеген. Тақымы дымданып кетіпті, талтаңдап
жүріп қаңтарып қойды. Жаңыл ошақ басында табаға нан салып отырған, қол беріп
сәлемдесті, саусағына қамыр жұқты, үйге беттеді. Шалың төр алдында шекпенін
жамылып ұйықтап жатыр екен, кемпірі барып аяғынан ақырын түртті, оянды, «об-боу»
деп басын көтерді.
Жаманеркек жіті тұрып қолын алды, Доскей тамсанып аз отырды да тілге кеп жөн
сұрады.
– Жол жеген бе, өңің сынық қой...
Көзі кәнігі шалың жігіт қабағын қас қақпай таныған, шындығында Жаманеркек
түтігіп қарайып кеткен еді, жағын шарта таңып алған орамалды шешті. Қызарған көзін
сүртті. Қолындағы қамшысын жүкаяқ астына тастады.
– Қаза әкелдім.
– Уә, жаратқан, ол кім?!
– Мақұлбектің үйіндегі жеңгеміз. Таң әлетінде оң жамбасынан жатты.
– Жүрек ауруы бар еді байғұстың.
– Алып тынды...
Үшеуі үнсіз отырып, қол жайып қаза көтерісті, көздеріне жас алды.
– Аңқылдаған жаны жоқ байғұс тұғын. Кісінің жақсылығы өлген соң білінеді деген
осы.
– Қызының құтты орнына қонғанын құттықтап барғалы жүр едік, – деді Жаңыл.
Жаулығының ұшымен бетін басып теріс айналды. Ашылып қалған самайынан ақ шашы
қылаң етті.
– Сол қыздың күйігі-ау ертерек әкеткен, – деді Жаманеркек. Аңқау сөйлеп, сырын
ашты... қайтсін, өзі осылай ойлайтын (Өзгелер пәлен деп тіл қатқан жоқ).
Жаңыл дастарқан жайды, табадан ыстық нан әкелген, иісі танауды қытықтап
түшкірте жаздағаны, «тостақтағы сары майға мыжып жесе ғой, таңдайды сорар тансық ас
болар еді; көп болды, Жаманеркегің мыжыма жеп мұрты майланған емес».
... Доскей Салпаңқұлақ аттың аяңын әнгіме етті, сүйегі болат жылқы екенін, мініс
тілеген жанға құт болатынын молынан бажайлап, ұзақтан қайырды. Жаманеркектің
делебесін қоздырды. Бұл Кертөбелдің аяқ тастасын мақтады, өзі мініп шапқан атышулы
салымда күллі Қаратау қазағын таң қалдырып, таңдайын құрғатқанын айтқанда...
қопаңдап... дастарқанның үстіне түсіп кете жаздады, тостақтағы түгесілуге айналған сары
майды ұмытты.
Еркектер жатар алдында тысқа шыққан.
Айнала тау ай жарығына малынып, көгілдір, ақшыл сәуле толқынында жүзіп бара
жатқан кемелерді ұсатты. Жаманеркек тіксінгендей боп қайта қарады, кемелер емес, іркіс-
тіркіс кәдімгі көш... Көзіне таулар қозғалып жөнелгендей сезілді. Бірте-бірте елес
айқындала түсті, түйе қойтастар қарауыл шыңдарды арқасына артып алып адырларды
аралап кетіп барады. Беріде, етекте құлдырап аққан бұлақ суы айға шағылысып әлгі
түйелердің ақжібек бұйдасындай иретіліп жатты.
«Кісі көзіне не қилы елестейді екен ә!» деп күбірледі Жаманеркек.
«Жаманшылығыңды көрсете көрме, енді адам боп ес жиып келе жатқанда...» Жағасын
ұстады. Былтыр ғана Қоқаң қорығынын күллі құсын бытыра салған қосауызбен
шыбындай қырғаны есіне түсті. «Аңның да киесі болады деуші еді. Сол мақұлықтардың
обалы өзімді тауып, көзімді ақитып кетпесе жарағаны». Жанынан Доскейді іздеді. Жоқ.
Салпаңқұлақ та жер жұтқандай зым–зия. Төңіректегі таулар көшіп жатыр. Әлдебір
дыбыстар сылдыр, сыңғыр етеді. Көлеңкелер көбейе түседі, әрідегі жылтыр шыңдар ай
жарығынан күміспен аптағандай жалтырайды. Олар да қозғалады, жылжиды, түйе
жүрісімен ырғалады. Аяқ астындағы саз да сытырлай бастапты.
Келе жатқан Доскей екен.
– Салпаңқұлақты отқа жібердім. Жануар тау шүйгінін қатты аңсапты.
– Біздің үйдегі қыз орыстың Гөгіл деген жазғышының кітабын әкеліпті. Пері дей
ме, жын дей ме, ойына келгенін қиыстырған. Қарап жатқанша деп оқи салып едім... көзіме
әлдене елестеп кеткені құрғыр...
Жаманеркектің үні дірілдеп шықты.
– Тәубаңа келейін депсің, – деп Доскей қағытқан болды. Жігіттің осы мезеттегі жан
толқуын, сезім ұйтқуын түсінбеді.
– Есірік боп кетпесем тегі!
– Жетімшілік көріп, ашаршылыққа ілігіп оқи алмадық. Қаңғыбастанып кеттің.
Әйтпесе негізінде бар еді, – деді Доскей.
Осы түн Доскей де, Жаманеркек те көз ілмей шыққан.
Алакеуімде, бозторғай шырылдар мезетте Доскей төсегінен тұрып, көліктерді
әкелді, тізгін тартып үш бірдей атқа ер салды, Кертөбелді үйірден ұстап әкеліп басына
ноқта тақты: ноқта көне зергерлердің қолынан шыққан, екі жағына күміс құймаларын
қондырып, сағақтығына көз тартар өрме қайыс байлаған, шылбыр салар сақинасы сары
жезден істелген. Таңасқан қымызды қана ішкен соң Доскей, Жаманеркек, Жаңыл қатар
атқа қонды: бет алыстары ылди: Қосүйеңкі, Мақұлбектің босағасына бата оқыр сапар еді.
Доскейдің жетегінде Кертөбел ат келеді.
– Кертөбелді шынымен қазаға тіккеніңіз бе? – деді бір қырдан асқан соң
Жаманеркек.
– Мақұлбектен аяп қалар ештемем жоқ! Жолаушылар кеп жерге дейін үнсіз жүрді.
– Кертөбелді Далабай шаппас па еді, – деді тағы да шыдамаған Жаманеркек.
Доскей екі ұшты ғана:
– Келе алмады ғой... – деді. Ләм деп сыр ашпады.
Жолаушылар Қосүйеңкіге түскенше бір бірімен тілдескен жоқ. Қайнар бұлағына
жетіп, ат ауыздығын сыпырғанда Жаманеркек айтты:
– Сонау, ауыл шетіндегі біздікі. Соға шығайық. Мақаңа құрқол барғаным ұят-ты,
байлауда ешкі бар болатын, сол немені өңгере кетейін.
Соқты. Кер ешкіні бақылдатып өңгеріп алды.
Бұл Жаманеркектің мал атаулыдан жалғыз тұяғы, шай ақтар сүт сауып отырған
ешкісі болатын. Ешкі жылда егіз табатын. Қос лақ та күзге іліккен емес, қадірлі кісі
келеді, қазанға түседі, не осындай төте шығын киіп кетеді. Әйелі ешкіге төнген талай
қатерге қарсы тұрып, алып қалып келе жатыр еді, бұл жолы шамасы жетпеді,
Жаманеркектің ызғарынан қорықты.
Мақұлбектің үйі қауындықтың басында екен.
Жұрт жиналып қалған, бірі кіріп, бірі шығып, шағын киіз үйді құмырсқаның
илеуіне айналдырып жіберген. Қазан басы толы қатын. Жолаушылар алыстан дауыс сап
келді, үй жанынан тізгін ұстайтын балалар шығып, қолтықтап аттан түсірді. Бұлар үйге
беттеді. Есік алдындағы аша қазыққа ышқына кісінеп, үйірін іздеген Кертөбел ат пен кер
ешкі қатар байланды. Көрген жұрт жағасын ұстасты. Доскей шалдың жомарттығына,
жомарт болғанда да өздері түсінбестей қиын мінезіне таң қалысып сарсаң боп, ысырылып
жол беріп жатты. Жаманеркектің зор дауысы жуық арада басылар болмады. Доскей үнсіз,
задында қатал кісі, ешқашан өлікке дауыс шығара алмайтын, үнсіз күйінетін, іштей
күңіренетін.
Ақ таяқ ұстап Мақұлбек отырған, шілде ұрып қуратқан ебелектей, сақал–шашы
қуарып, шөгіп, енді осы үйдің ығын қойып өтіне шықса үп еткен желге ұшып
жөнелетіндей сезілді. Келгендермен ұзақ тұрып көрісті. Мақұлбек тек күбірлей берді.
– Арысым–ай! Жеттің бе сөгіліп! Сен болмасаң бұл дүниеден жөнеліп кетуге де
қиналмас ем. Қасиетті қазағым! Жүрген жеріңді өмір етіп келдің бе? Жоққа дуа, тіріге
көңіл деген осы да.
– Дүниеден қосын түзеп кім жөнелмес. Бекін, қанатыңа кара, – деді Доскей.
– Сауранбай естімеді ме, келе алмай жатыр...
– Далабай да келе алмады ғой...
Доскейдің осы сөзі тосын құлаққа жай айтыла салғандай естіледі. Қарттың жүрегін
күніге мың қозғап, ақырында тоң етіп, жібімейтін қылып, сол жүректен шыққан сөздің
қайсысы жылы, қайсысы суық – білместей етіп жіберген себептер болған. Қарт жүрегі
көмбе. Көбі ашылусыз жер қойнына енеді. Көбі тіріде өз қадіріне жете алмай, сөз түсінер,
сыр ұғар серік таппай, қиырда теңіз жағасында қайраңдап қалған жалғыз қайықтай болып,
күн қақтап, жел кеулеп, қақырайды, шіриді, бір күндері жоқ болады. Ойға алып жазылмай
қалған кітаптай, көкіректе ұйып, пендешілік тірліктен тозып зым ғайып жоғалады.
Қарттар қалған күндерін өтелмес өкініш деп түсінетіні содан болар.
Доскей кідіре алмады.
Кешке қарай, мал жайын, тірлік күйбеңін айтып Мақұлбектен рұқсат алды, қайыр
қош айтысты. Жаңыл мен екеуі қос атқа мініп, түстікке Қаратау бойына, Қарадырға сіңіп
жөнелді. Алдарында кеш, көгілдір көлеңке қос аттыны жалмап жұтып әкетті. Әуелі қос
жолаушы, сосын қосылып кетіп қырдағы тас оба секілденіп, осынау, кең алапта қарайған
нүкте болып кете барды. Күн де соңдарынан қарай– қарай жанары қызарып, шалдығып,
көкжиекке иек артқан. Сол таудың түрегеліп тұрып қалғыр, осы даланың созылып жатып
дамылдар мезетін күтті.
Күн, Қаратау, жайпақ дала, тынымсыз өмір, кәрі жаға – қарттық, күллісі – бұл
ғұмырда жолаушы ғана.
... Құлшығаш, осы босағаның күйеу баласы, табалдырықтың ернеуінде отырып
ойланған. «Неме керек қайғылы әңгіме? Өлер ана өлді? Жерледік, қойдық. Өзім де тас
жетіммін. Үйге тезірек жетіп, шалжайып жатып дүниені ұмытып қорылға басса. Жо–о...
Саяны да ала кеткені лазым. Саясыз қорылдың да, жантыныштықтың да қызығы жоқ.
Есікті тарс бекітіп, пердені түсіріп, ай толы қабағына қара да қиялда, құш, сүй.
«Сүймейсің» деп өкпеле».
Жігіт молда торғай тәрізді табалдырықтан сыртқа жорғалап өтіп, еңсесін көтеріп,
тұрып жөнелді. Жалтақтап Саяны іздеді, көрші үйде, жақын әйелдермен қосылып қара
көтеріп отыр екен. Кездесе кеткен кішкентай қызды тоқтатып алды.
– Сая тәтейіңе айтшы, шығып кетсін...
Сая шыққан. Кеш көлеңкесі жанарын көрсетпей тұр. Әдемі мұрны, аздап
домбыққан еріні, жұмыртқанын ұшындай сүйір, сұңғыла иегі Құлшығаштың ішін қыз-қыз
қайнатты.
– Сая, үйге жүр!
– Не дегенің бұл?
– Шаршадың ғой тегі... ұйықтап... дамылдап алсаңшы.
– Қаралы күні қалай аузың барады.
Әуелгіде Сая қарсы алдында ыржиып тұрған күйеуін онша түсінбеген, жай
қылжағы, қалжыңы болар деп ойлаған, байқаса, шыны, іші суып жүре берді.
– Қатындар–ақ қазанға қарар.
– Жөнел жайыңа! – деп, тамағына кеп кептеліп қалған ащы сөздерді айта алмады,
Сая тұтығып қалды.
– Саяш! – деп білегінен ұстаған. Қолын тартып алды.
– Жетер азаптағаның! Жетер!
Құлшығаш желкесінен біреу түйіп жібергендей еңкеңдеп, ессіз ыржиып, бұрылып
кете барды, ішінен ыңырсып жөнелді...
Жаманеркек те қаза күткен бірер шалдан сыбырлап пұрсат сұрап, кепкасын киіп,
тысқа шықты. Ыстық қайтыпты. Ауыл үсті көк ала шаң; көгі – кешкі астың астынан
шыққан түтін де, аласы – өрістен қайтқан мал шұбырыны, қосылып алып кешкі ауаның
қаймағындай кілкілдеп тұр.
«Иә–ә, – деді ішінен Жаманеркек. Әкем марқұм көз жұмғанда көріп ем қазаны...
Докторға қарал–қарал деп қанша қақсасам да қаралмап ең, өліпсің де қалыпсың ә...
дегенмін. Ұят–ай, сондағы кещелігім есіме түссе қара жерге кіргім келеді. Ел іші алтын
бесік қой, сонымды да ұмытты, тәрбиеледі, азамат етті! Әйтпесе, ақшасы мол жұмыс іздеп
сандалбаймен жүргенде қай шахтада сүйегім шашылып қалары белгісіз екен».
Қазалы үйге бұрылды. Табақ тартып зыр жүгіріп, қызмет істеп жүрген қара торы
келіншегіне қарады. «Шіркін шалдықпайды–ау бір. Нағыз арғымақ секілді. Үйге тезірек
жетіп, ұйықтайын, жан шақырайын. Қатыны құрысын. Ертең қора жөндеу керек» деп
ойлады; төсі дірілдеп қазан сапырып тұрған келіншегіне ала көзімен ата қарап, кепкасын
көзіне түсіре киіп, үй жаққа жөнеле берді. Салпаңқұлақты мана отқа тұсап жіберген.
Орта жолда тарылдаққа мінген Нағанай қуып жетті. Тоқтады, мінгізіп алды.
– Қой қораны қашан жөндеп бітіресіңдер?
– Бітпейді, – деді Жаманеркек дүңк етіп. Зырлап бара жатқан мотоцикл кілт
тоқтады. Түсті.
– Бұл қай сөзің?!
– Өмірі бітпейді. Дәл бұл күйінде Қосүйеңкідегі қора жөндеу мың жылда да
аяқталмайды. Бір жағын қалқитсақ, келесі жағы жығылады.
– Жығылмайтын етіп соқ.
– Цемент пен тасты төгіп тұрғандай сөйлейсің. Көңнен қора тұрғызып көр.
– Сен кергіме. Көзіңнің еті өсіпті. Мүлкаман менің жанымды шығарады ылғи.
Бастықтың алдында қалай сөйлеуді білмейсің ноқай неме.
– Мен турасын айттым...
– Айтпады деме, осы жетіде қоралар түгел жөнделіп бітпейді екен, бригадирлік
орныңнан алам, қуам, поштакеш боласың!
Мотоцикл Жаманеркекті шаңға көміп жөнеліп берді. Үстіндегі иесі секілденіп
батпырақтап барады. «Қорқытқан түрін қара!» деп ойлады. «Ақшасы аз демесең, қазіргі
көр бейнеттен поштакештік көш ілгері. Болсам боламын–дағы. Бәрібір жақсы атану жоқ.
Бір жағын жөндесең келесісі құлайды. Қойшылардың қазитін жинап–жинап, жарты айда
бір апарып, ет жеп, құрт ішіп қайтып тұрсам... аштан өлмеспін».
Көшенің оң бүйіріндегі бүйрек бет үй Мүлкамандікі. Терезесі жылтырайды.
Жаманеркек бастыққа кіріп, жағдайын айтып шыққысы кеп бір тұрды. Тақап келіп
тоқтады; «түннің ішінде ұры иттей сүмеңдеп нем бар осы. Үйге барып дамылдайын,
таңсәріден бейнетке жегілемін» деп бұрылып жөнімен жүріп кетті...
Жылы үйде қызыл көрпеше үстінде қисайып, келіншегінің бөксесіне сүйеніп, шай
ұрттап, қабырғадағы құлақтай радионың әуенін тыңдап балқып отырған Мүлкаман басын
көтерді. Есік ашылған. Үрбала бұлт етіп тұрып кетті. Тыжырына түсіп ернінің ұшымен
сәлемдесті. Нағанай бұл үйге «жұта шығатын әне біреусі болар ма» деген үмітпен кірген.
Үрбала суып қалған шай ұсынды. Байқайды, қарсы алдында «қисайып жатқаның»
бұрынғы Мүлкаманға мүлде ұқсамайды, күрт өзгерген. «Ішуді қойдым. Жақпайды.
Дәрігерден қағазым бар» де-е-еп қасқиып қарап отыр. «Мұндардың шыны ма екен?»
Нағанай сенбеген сыңай байқатты.
– Шынымен бе?
– Шынымен.
– Өмір бойы?
– Өмір бойы.
– Татып алмаймысың?
– Татып алмаймын.
«Ант алғандай болды. Заман өзгерейін десе өстеді. Бұрынғыдай дәурен жоқ енді.
Тауда отырған кездер–ай, көзден бұлбұл ұшырдың–ау, бұл жексенбіде – мектеп
директоры, келесіде – Мүлкаман, келесіде – Жаманеркек, келесі бір демалыста –
Құлшығаш қиылып тұрып қонаққа шақыратын. Кезек өзіне келеді–ау деген шамада есеп
тапсырамын деген сылтаумен ауданға кетіп қарасын батыратын. Қонақкәде әлгідей ретпен
қайталанып тұратын. Өй, пәлі–ай! Ол да бір жалқынданып батқан күндер екен! Енді...
Мынаның молда бола қалғанын қарай көр, Құлшығаш ит үйінен шықпайды, келіншек
алмады қақпан алды, тіл тауып сөйлесе алмайсың, қияли тұрған. Жаманеркек дүңк етпе
қатынынан жарты ауыз сөз аса алмайтын күйге душар болған, жақындап кетсең, «сегіз
баланы асырай алмай жүрмін» деп зар жылайды. Өй, пәлі–ай! Үйге барып дамылдайын,
ертең айлық есепті тапсыру керек еді...»
– Отырсаңшы, Нағанай! Әңгімелесеміз, шахмат ойнаймыз.
– Ертең айлық есепті тапсыру керек.
– Ренжіме енді...
– Несін ренжиін...
Нағанай сүйретіліп шығып кетті. Мүлкаман босағада тұрған Үрбалаға қоқилана
қарады. Көзінде: «Алғашқы ауыр сыннан мүдірмей өттім. Сүйретпеге салып өстіп жүріп
қойып кетемін де. Татып алмағаныма бүгін жетінші күн. Аттай жеті күн!» деген сөздер
тұрды.
– Байың айтса сөзінде тұрады.
– Көрерміз...
Үрбала босағада тұрған. Бұрынғы былқылдап, толысқан дене қайтқан секілді,
сұңғақтана, ысыла түскен. Жүзінің алауы да кеміген. Ерні жұқарып, көзінің астына
көлеңке қонақтапты. Кірпігі ұзарғандай сезіледі, көйлегі кеудесі мен мықынына тырсыл
қақпай, бос қалған.
– Атамның үйіне барайын, кісі күтер әйел аз... Ұят болар тегі, – деді.
– Сенен өзге қатын аз ба?!
Мүлкаман Үрбаланың «қаралы үйге қолқабыс етемін» деп бүгін айрықша
желпілдей қалғанын жаратқан жоқ. «Әктептің қатынымын деп шіреніп отырмаймысың?»
деп айтып қала жаздады. Үрбала қайрылған жоқ, сытылып жөнелген.
Табанын тайдырып, жүрегін лоблытып тартып әкетіп бара жатқан пәле бар. Мана
қазалы үйден Құлшығашты көрген. Жеделдете жүріп келеді. Көңілі өрекпіп, көз алды
бұлдыр елеске толады. Ойлайды. Қатты құшар білекті, ырыққа, ерікке қоймас жігерді,
іштегі өрт алауды шым–шымдап басар бақытты шақты аңсайды. Құлшығаштың үйлену
тойы тарқар түнгі қателіктен соң «момақан қозысын» ұшырата алмай кеткен, жоғалтып
алған. Жаны көшкен жұрттай құлазыңқы жүрген. Мана, Мақұлбектің үйінде жігіт қарасын
көріп қалды. Екі жанар бір мезет кездесіп қап, арадағы әлде бір әсем сезім жіптерін ұзақ
ұстап тұра алмай үзіп әкетіскен, Үрбаланың көкірегіне бүлік сап, баяғы жан шыдатпас
алауын қайта тұтатып жіберген.
Мақұлбектің үйінен қазаға бата оқи келген қонақтың көбі аттанып кетіпті, кісі
сиреп қалыпты.
Ошақ оттары басылған.
Үлкен үйдегі қонақтар шайлатып жатыр екен. Мақұлбек ақ таяққа сүйеніп тысқа
шықты. Үрбаланы кезіктірді.
– Ә, келін, сенбісің?!
Үрбала үлкенге иіліп сәлем етті, ойламаған жерде кездесіп қалғанына қысылды...
Кешкі кеңістік пен Мақұлбек ұшыраса кетті.
Мақұлбек кең даланың қарауыл қазығындай қатты да қалды, тұнық ауаны кеудесін
кере тыныстады. Батысқа қараған, әлгіде ғана қызыл алау кеткен жақ кешкі үміттей,
ертеңгі тілектей бұлдыр да, буалдыр бояу құшағында қалған. Кең жазира құлазыңқы, төсін
түрткен дүбір де, шаңытқан құйын да басылған. Күйі шертіліп, қаңсып қалған домбырадай
жадау жатыр. Мақұлбектің кеудесі де тап осындай, күйі тартылған, дүбірі басылғап кеуде.
Салақұлаш ұзақ ғұмыры Қаратау қойнын мазалап біткен, мезі қылған.
«Жетеді» деді ішінен күбірлеп. «Кәрі домбыраның күйі кімге керек? Жылда бір
машинамен зырғытып кеп жергілікті жұрттың салтын, әнін, жырын жинап жазып алып
жүрген тарихшы, тілші ғалымдардан өзгеге, әй керегі қанша? Заманның өз үні, өз күйі бар
емес пе?..»
Төменгі жақтан қалықтап шыққан ән естілді, жас қыздың әні, тақауда мектеп
бітіріп, қолдарына аттестат алған, қиырдағы алау толы арманға, күрес пен тілекке тәуекел
деп ұшпақ үміт құстарының әні бұл.
24
Уақыт соғар да тынар жел емес. Уақыттың бедер–ізі қабырғасы қақыраған Қаратау
шыңында; соны мекен еткен кәрі қыранның жел жұлған қауырсынында; қатары күн санап
кеміп, жалғызсырап, жадаулап жүрген ауыл шалдарының күйбең тіршілігінде жазудай
сақталған; кәрілік те айтылмай өтер ән секілді, көкіректе саф алтын болып жиналады да,
қазусыз, ашылусыз ұмытыла бермек, жоғала бермек.
Шілдеде көлеңкеге, ақпанда пеш түбіне жайғасып, болмашы тірлікті місе тұтып,
тұшынған өмір, көрер жарығына зауал іздеп отыратын осы кәриялар көршіге де
қатынаспайды. Өйткені, ол шаңырақтағы көненін көзі былтыр келмеске аттанып кеткен;
енді кеп сол үйдің тік аяқ келініне барып тіл қатудың өзі қиын; қараборбай балаларына
нан тауып беруден өзгені ұмытқан, қолы май, құлағына мәшиненің шуылы сіңген жас
жігітпен де түсініспейді. Бұрын күн құрғатпай: «Пәленшекең келіп, әңгіме шертіп, ас ішіп
қайтсын» деген сәлемді алып жететін бала, енді, табалдырықты басып тұрып: «Тамақ
ішсін деп жатыр», - деп тұра зытады. Кәрия дауыстап тоқтатады: «Шақырған кім?»
«Көкем». «Көкең кім?» «Төленшебай көкем ше?!» Кәрияның құлағы бұрын–соңды
Төленшебай деген есімді естімеген. «Төленшебайың кімнің баласы?»... - деп сұрайды шал.
Табалдырықта тұрған тақылдақ неме: «Төленшебай көкем Жарғақбай атамнын баласы
да», - деп таңдана тіл қатады. «Әб–бәсе, Жарекеңе ұқсайсындар, жарғақтай ғана қара еді,
жарықтық...» Өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың деген... Қайтерсің... уақыт озады, күндер
тозады. Өмірдін өзі сонысымен тәтті».
Мақұлбек қалың ойдан басын көтерді.
Бозқырау күз-тұғын.
Жадау ағаштарға сусоқты тозған жапырақтар ілінген. Беліне тоқым қыстырған
жаман қозы маңырап өтті. Кенже туып көкке іліне алмай қалған көк қатпа да. Еті бар
кезде пышаққа ілгені жөн, өйтпесе, көкжасық қалады, сосын тістің, сосын іштің соры.
Мақұлбек бұрылып пешті ұстады, суып қалыпты, тұрып от жаққысы келді, бірақ өйте
алмады. Сая кеп қалса ренжіп жүрер деп қаупайлағаны бұл. Айдан асты, Сая осы үйде.
Әкесінің қабағына, сұрғылт күйіне қарады ма, әлде, дәм-тұзы жараспады ма
Құлшығаштан сырғақтап, ұшқан ұясына қайтып келген. Мақұлбек: «Балам, босағаңда бол,
кәрі сүйекке қарама», - деп көріп еді, үндемеген, кетпеген. Сосын шал қазбайлаған жоқ.
Қапа көңілін тағы бір жұмбақ күймен бүркеп алып жата берген. Енді сол Сая үй тірлігіне
кәрі әкесін қозғалтатын емес: қалт етсе, қолы кимылдаса: «көке, өзім-ақ істеймін ғой,
отырыңызшы!», - деп налиды. Шал қолынан көсеуді алып от жағады, тысқа шықса кебісін
қояды, түйе суарса шөбін салады, дәрет алса суын жылытады... таң әлетінде басын көтеріп
қараған, Саяның төсегі бос, «түзге шыққан болар, келер» деп ойлады. Мақұлбек ұзақ
ғұмыры, Қаратау туралы ойлап, бүк түсіп жата берді. Сая оралмады, пеш суыған, тыста
сылбыр күз, беліне тоқым тартқан қозы ғана.
«Көңілі бұзылып жүр ме?» деп ойлады Мақұлбек, ойы Саяға орала берді. «Кеше
күні бойы жақ ашқан жок. Тура қарамайды. Бүгіліп, иіліп тірлікке бұрылып кете береді.
Әйтеуір, арты қайырлы болсын, жас неменің жүрегіне дық түспесін. Есік алды
тықырлағандай болды ма, құлағын салды, ештеме естімеді. Суыған пештің аркасын
сипады.
«Көңілі бұзылып жүрмесін?.. Жас адам...»
Орнынан көтерілді, есікті ашып сыртқа шықты. Боз інген сауын тілеп тұр екен.
Жәудіреген көзінен байқады, бұл түйенің бір қасиеті – бейберекет боздамайды. Саяның
келуін күтпей-ақ сауа салмақшы болды. Ауыз үйде шелек көрінбеді, «мұнысы несі?»,
қауақты іздеді, «қаңсып қалған ба құрғыр», қауақты төңкеріп қақты да, інгенге беттеді.
Желініне жармасып сауа бастады. Ботасы құрғыр шалғайын тістелеп шыдатар болмады,
тұрып ашқарақ мұндарды қазыққа тұқыртып байлады. Желіні таза, үрпісі мықты жас інген
бір сауғанда қауақты орталай ақ береді; бетіне майы кілкіген, қою сары сүт, жұпар жер
иісі бар, әкеліп ашытпаның үстіне құйды. Қауақ түбінде қалған азғана ағарғанды тостаққа
құйды да сіміріп салды. Көкірегі ашылып, кеуіп тұрған тамағы жұмсарды. Қайтып келіп
ботасын босатты, кешкі сауынға қызықпай–ақ, енесімен бос жібергісі келген: «Онсыз да
қауақ толы қымыранды таусар кісі жоқ, тайрандаған неме енесін еркін еміп қарық
болсыншы», – дегені. Екеуін де ауладан шығарып, далаға айдап салды. Маңайда ештеме
көрінбейді.
«Саяжан қайда жүр екен? Көңілсіз еді, қаяулы еді, жас неме... көңілі бұзылып»...
Тәубасының атын атады, көзін жеңінің ұшымен сүртіп, қиырға, қарға ма, малшы ма
көрінген жаққа сүзілді. «Бұл дала неткен кең жазира! Жас кезде байқай бермеппіз.
Қартейгенде көзің ашылып, көкірегің сөйлейді екен. Кең дала... қазақтардың сүйіп,
құшқан жерұйығы... төсіңді керіп жатысың мынау! Не қилы дүрмек болса-дағы бағзы
мінезіңді, жайдары табиғатыңды жоймағансың. Бір шетіңнен бір шетіңе күннің өзі талай
мезгіл домалайды, қысқа адым біз бейбақ қиырыңа қалай жетерміз?..» Қарт өз ойына
ілесіп жүре берді, жаяу-ақ жер шетіне жететіндей көрінді.
Кеңдік.
Қазақ жанының жалпақтығы, қай пұшпағына шықсаң да жадыратар жайдарылығы,
жұмсақтығы, егіздей ұқсастығы, осы далаға тартқандығынан болар. Бала анаға тартады.
Ананың жылы мейірімін, ар-ұятын, жылылығын сіңіреді. Содан да қазақ анасын далаға
теңейді, ғұмырдан ғибрат тоқыса да, соққы жеп опынса да далаға шағынады, сырласады.
Көз жеткісіз сары қиыр туралы не қилы қиссалар, дастандар, хикаяттар туған: даланы
жазамын деген қазақ өзін жазды. Өзімен осы сарғайған кеңістіктің со-о-ол әлімсақтан
(дүниенің жаралуын қазақтар осылай атайды) бері, енді ақтық күнге дейін бірге, бір
төсекте, жаманшылықты да, қуанышты да қосыла көретінін айқын біледі. Содан «кең
мінез», «жел мінез», «даладай аңқау», «сарғайған сабыр», «даладай долы жан» деген сан
қилы мінез қырын бізге тегін тақпаған.
Кеңдік.
Өмірді кең кешіп, адымдауы да, арындауы да үлкен, төрі де, көрі де кең қара
қазақтар жер бетіндегі тамырын тереңге жайған бұтағы мол ұлттардың бірі. Осы кеңістікті
құйындай жайлап өткен бабалар туралы: «Cақтардың қиыры кең-ді, жебесі желді; тізгінді
кері бұралық», – деген Дарийдің сөзі бар:
«Mаңғұлдан мыңбасым, қыпшақтан түменім болса – жер дүние алақаныма
айналар», – деген Шыңғысхан сөзі:
«Жердің жартысын алып жатқан сары дала бар, оны жайлаған жалбағай жаугер
жандар бар, жеті ай жырлағанда әзер таусылатын жыры бар...», – деп Марко Поло айтқан.
«Қазақтың қымызы кеудеге күш берер женшень шөбі тәрізді», – деген Лев Толстой.
Осының күллісі кеңдікті, кеңдікке тартқан мінезді, ұнатса сүйіп өлер, жек көрсе
кетісіп өтер, тік айтар, қоңыр тұрмыс жандардың мысқал болса да табиғатын аңғартары
ақиқат...
Біраз жерге жаяулап жеткен Мақұлбек айналасына қарады, ғашық қызын күткен
жігіттей боп айналсоқтап жүрді, өз ғашығы – даласымен дидарласты, енді бұрылып үйге
қарай беттеді. «Ауыл жандары босып кеткен бе бұл? Бейсуат шуласып, құлағыңды
дыңылдатар балалар да көрінбейді. Саяжан қайда жүр екен... жас неме... қайдам?..»
Аяңдап үйіне келді; ауыз үйде табақ тықырлайды, мысық кіріп кетіпті, ендігәрі
жоламастай етіп қуды кеп, есікті жапты. Пеш түбіндегі үйреншікті орнына жайғасты,
мәсісін шешті. Оң жағына тастады. Қисайып жатып, басын шапанымен бүркеп, мызғып
алғысы келді. Көзін жұмды. Санасына қайдағы бір жымысқы ой сумаңдап кіріп алып, енді
қане шықсыншы... Олай ойлады, бұлай ойлады, шықпады; мазаны алды, ұйқыны көзге
жолатар болмады.
«Астанаға биыл жазда оқу қуып кеткен жаманы не бітіріп жүр екен? Бәтшағардың
қарасы батты. Қарт әкем бар еді деп, сылтауратып, сұранып келіп тұрса қайтеді... «Баланы
оқуға жібердім» дегенде осы жұрт: «бекер өйткенсіз. Ол жаман енді Сізге жоқ. Әр нәрсеге
еліріп, құлағы көтеріліп, білгішсініп жоғалады. Өкіметке де сондайлар керек, қағып алып:
Кентауға ма, Теміртауға ма, Қаратауға ма... жөнелтеді», – дескен. Мақұлбек бұл әңгімені
құлағына ілмеген. Енді қараса, халық бекер айтпапты, рас... жоғалды... жөнін тапты...»
Аударылып жатты. «Өзіне тартқан жаманы артында қалып тұқымын өрбітсе
болғаны. Қайбір рақат көрсетер дейсің».
Мақұлбек осы күнгі балалар, заман, заманның жаймашуақ күндері туралы ойлады.
Ұжым малының соңында сүмеңдеп, құйрығы ойылып, үй көрмей жортуылда жүрген
Доскейді: қорық дей ме, қора дей ме, әйтеуір балашағаның наны жолында тер төгетін,
анда-санда келіп әнгімеге қарық қылып кететін Жаманеркекті ойлады. Мақұлбектің
басына қиял кеп қонды... «боз інгеннің ботасын Жаманеркекке сыйласам қайтеді? Мал
етіп өсірсін. Жалғыз ешкісін әне бір кезде көз жұмған әйеліме әкеліп байлағаны қайда. Әй,
өзі де кедейдің шыр бітпесі бір. Әкесі де сондай болған... Иә-ә-ә... інген суалған соң
ботасын апарып берейін. «Жаман немелеріңе мінгізгенім» дейін. Қуанып қалсын...»
Мақұлбек осы ойына өзі аса риза болып, тебіреніп, ішінен жымиып; досқа, жақынға деген
жақсы ниетке мас болып жатып қалың ұйқы құшағына енді.
Бұл мезетте кәрі Қаратау да ұйқыға кеткен. Кешкі күннің қызусыз нұры
Жылағаната шыңын шалып, одан түстікке таман көш түзеп жатқан Келіншектауға, одан
әрі Мыңжылқы шатқалына еніп, қимай қоштаскан келіншектей балқып бір сәт тұрды.
Қаратау табиғатында қартқа ұқсайтын. Содан ба, тентек жел шыңын еркін кезе алмайды,
шатақ шалдан сескене ме, лезде бұлдыр сағымға айналып кететін. Ал, күні ыстық-ақ. Күн
Сарыарқадан шаршап-шалдығып жетіп, Қаратау беліне иек сүйеп, көп дамылдап
қалатындай еді. Содан Қаратау үстінде ұзақ кідіретін. Жазда қақтап, күзде қыздырып тас
төбеден аумай тамылжып тұрғаны. Бүгін... иә... тап осы... мың тоғыз жүз алпыс жетінші
жылдың қазан айының ақырғы күні... күн ерекше нұрланып, ерекше балқып тұрды да
көкжиекке шомп етіп түсіп жоғалды. Күңгірт көлеңке баурап алды. Қас қарайып, көз
тұтылардың алдында болатын бозаң мезгіл еді. Қаратау кеуде кере тыныстаған секілді
болды, рас, шыңдары биіктеп барып басылды, адырлар терең әжімдей айқындала, ашыла
түсті. Қыр арқасына тырмысып шығар жолменен Ай да ілбіп көрінді. Нұрсыз. Күз айы
Қаратауда қызықсыз келеді. Тек ұзақ ұйықтар, ұзақ түс көрер кәрі таудың тыныштығын
күзетіп, таңға дейін көз шырымын алмайды. Тағы да Қаратау қырқасы көтеріліп-
басылғандай болды; тыныстағаны, ұйқы шақырып дөңбекшігені ме. Қиырсыз далаға қарап
құлазыды ма. Беймағлұм. Әйтеуір, бұл Қаратау ғасырлар бойы сары далаға ғашық, ұзақ
қараумен, қарайлаумен келеді. Қартейсе де, ғашығы жақтан соққан керімсалды жұтып, сол
бір қилы заманда, жігіт шағында Дала – қалыңдығына ынтыққанын, қызғаныштан бұлт
жұтып құрсанғанын, сағыныштан «аһ» ұрып аптап шығарғанын еске алады.
Не заманнан Қаратау Сары далаға ғашық. Қазір Қаратау – қарттық күйі.
25
Таң алдында. Сая басын жастықтан жұлып алған. Әйнек ағара бастапты. Маңын
бағдарлады, бөлменің қаракөлеңке жағында әкесі шапанын бүркеніп ұйықтап жатыр.
Киімшең, таң намазын оқып кеп қайта қисайғаны бұл. Сая төсектен ысырылып түсті.
Жаны жаншылған; босағадан сипалап қызыл сақтиян етігін тауып қоңылтаяқ киді, сыртқа
шықты. Әлі алакеуім мезгіл. Күздің қошқыл бұлттары көкжиекті көмкеріп алған. Тау жақ
бүйірден ызғырық білінді. Көйлекшең тұғын, иығына ілген түбіт шәліні кеудесіне таман
тартты; бас сүйегінің ішіне шөже торғай еніп кеткендей сезілді, әлгі қанатын қаға бастады.
Қос қолымен шекесін ұстады... ауру аздап саябырсыды, кешеден бері осылай. «Әлі торғай
шырылдамапты», - деп күбірледі. Мұндар мақұлықты ойлауы–ақ мұң екен: басы тағы
зырқырай жөнелді, торғай пырылдай бастаған. Жүрегі көтерілді, көкіректі кернеген ащы
залалдан, басына кесел боп кірген «торғайдан», бәрінен, бәрінен құтылғысы кеп Сая
жүгіре жөнелді.
Қаратаудың керме иық Саясы! Ауыл жігіттерін «аһ» ұрғызып, сан соққызып
жүруші еді, талайы қиялда ғана құшушы еді... енді қызығы мен қызуы мол қиын
жастығын қиып;
«Сая ақ төсегінен безіпті»;
«Сая жер тіміскіп кен іздеген қаңғыбастарға ілесіп кетіпті» деген жұрт дабырасын
естіместей болып, жас ғұмырының өтеуін іздеп шықты...
Сая бір қырқадан асқан соң барып кідірді. Жүрегі қатты соғып ентігіп қалды. Бет
алды – Қаратаудың қою шатқалы, тастақ жолында өзінің балғын бала шағының ізі қалған
туған жері. Аяғын еріксіз тартып бара жатыр. Қазір-ақ жететін секілді; мана әлгіде үйден
шыққан мезетте жанын жаншыған, басын зырқылдатқан жаман ой ыдыраған. Еркін
тыныстады.
Кеше кеште, су алғалы келген қайнар бұлақ басында ұшырасқан сары жігіт есіне
түсті.
Таудан ылдиға азық–түлік алып қайтуға жолдама алған геолог екен. Саяның
шелегімен машинасына су құйды. Қазақшаға тілі сынып қалыпты, сөйлесе кеткені.
– Суыңыз дәмді екен!
Күліп, шелекті келіншектің қолына ұстатқан. Еңгезердей неме көйлекшең тұғын,
аптыға сіміремін деп өңірін сулап алды. Сая бейтаныс жігіттің бұл қалпын
қысылғандыққа жорыды.
– Асықпасаңыз да болатын еді, – деді.
– Атыңыз кім?
– Сая.
– Орысшалау тәрізді. Қазақ арасын көп араладым, бірақ сіздікіндей есімді алғаш
естідім.
Табиғатында сенгіш Сая жігіттің әзілі емес, шыны деп ойлаған. Түсіндірген болды.
– Қазақтың-ақ сөзі. Қан шілдеде шалдыққан жан отырып тыныстайтын, желпінетін
тал көлеңкесін «сая» дейді. Таудағы қорықты сіздер де сая қып жүрген шығарсыздар.
Осы мезет жігіттің сарғыш қастарының арасы қосыла қалды. Жүзіндегі күлкі ізі
құмға сіңгендей зым-зия жоғалды.
– Онда біз сол саяны жойып жатырмыз.
– Түсінбедім, – деді Сая орысшалап. Аузынан еріксіз шыққан сөз болды, сасқанда
өстетін.
– Қоқаң қорығы деген бар екен. Арықтары қаңсып, өрік, жидесі шөлдеп қурай
бастаған. Сондағы малшы жұрт; «баудың ұлтанын қопарып, қой тоғытатын, балалар
шомылатын үлкен тоған жасап беріңдер» деп өтініш айтқан. Қойдан кім қашсын. Техника
жетеді, қазір күн демей, түн демей дәрі қойып қопарып жатырмыз... Қорықтың түтіні
шықты...
Жігіт соңғы сөзін әзер айтты. Қиналған қалпын аңғартқысы жоқ, бірақ келіншектің
кең ашылған жанары бәрін де көріп, біліп тұр.
– Неге өйтесіздер?!
Үні жай шықты, жігіт Саяға тақала түсіп, құлағын тосты. Шыңылдап тұрған. «Неге
өйтесіздер?!»
– Неге өйтесіздер?!
– Жұмыстың жеңілін ойлаған заман, – жігіт алыстан орағыта түсіндірді.
– Қойшылар тоғанның бау ішінде, салқын саяда болғанын қалайды. Біздің жігіттер
жердің қазуға жұмсақ құйқасын іздейді, содан өзеннің сағасы, бау ұлтанынан өзге
қолайлы жер таппаған. Кейде жұрттың уақытша тәуір табысқа қызығып, содан соғар зор
залалды тарс естен шығаратын шағы болады. Опат әкелетін мінез осы... Осылайша кете
берсе, енді бірер жылда Қаратаудан бұраулық ағаш таппайсыз.
– Жалғыз-жарым адам қайдан тосқауыл болсын!? – деп жігіт сөзін ақтала аяқтады.
– Жанашыр жастар біріксе; жұртқа ұғындырса; қарауыл қойса...
– Ол енді біздің міндетіміз емес, – деді сары жігіт.
– Сіздің міндет; дарақы малшының екі-үш қойы үшін – халықтың ғасырлар бойғы
маңдай тері мен ырысын жою емес шығар!
Сөз жігіттің шымбайына батты, күлген болды, іс мұндай насырға шабар деп
ойламаған. Айтып тұрған сылтауы пәлендей қызық көрінбесе де, кеңкілдей берді, өз–өзін
алдаған көңілсіз мінез еді бұл.
– Бізге, экспедицияға жұмысқа келіңіз. Әсіресе, жер жайына, табиғат тіліне жетік
жергілікті кісілер қажет–ақ. Әсіресе, сіздей «жанашыр» қыздар... Еһе–еһе!
Тағы кеңкілдеп кеп күлді. Сая да езу тартты, «жанашыр» деп кекеткенге
шамданбады.
– Шынымен қабылдайсыздар ма?
Жігіт мұндай жауап естимін деп үміттенбеген еді, бұл жолғы кеңкілі шынайы, шын
шықты; анадай жерде есегін суарғалы келе жатқан шал бұларға таңдана қарады, келіншек
қысыла түсті. Сары жігіт құлақты жарып барады.
«Қабылдағанда қандай; қуана–қуана! Арамызда қыздар баршылық. Орысша
үйренесіз, геолог боласыз, институтта сырттан оқисыз. Жыл бойы Қаратау қатпарын түгел
тінтеміз, зерттейміз. Романтика дегеніңіз осы».
Жым бола қалды. Ерсілеу кеткенін сезді білем, тізгін тарта сөйледі.
– Шынымен келесіз бе? Мерзімін айтсаңыз мәшинемен кеп алып кетемін.
– Ойланайын.
Сары жігіт мысық дәме боп қалды. Содан ол Саямен үмітпен хайыр–қош айтысып,
Қаратаудың қара әжімдеріне сіңіп жоғалған. Сая көп ойланды, табан тірер тоқтамға келе
алмай қатты толқыған.
Сая жүріп келе жатып Далабайды ойлады.
Шілде сағымындай алыстан бұлдырап, ащы өкініш, кермек дәмеден өзге ештеме
таттырмай, жүрегін әуелі тәтті лүпілге, сосын күдікке, сосын күйінішке толтырып кеткен,
сонда да жанына аса жақын сол жігітті есінен әсте шығарған емес. Аңсай ойлайтын. Тіпті
басына ақ орамал салып, некелі төсекке жатқанда да көз алдынан жазық маңдай, жаз мінез
жігіт кетпей қойған, сонда өзі іштей өксіп, жаман қиналды, маңын қарманды. Қараңғы
түнде қапияда түлкі аузына түскен тауықтай боп аласұрып еді. Тіпті түсіне кірген... өзінің
сілекей жібіне ілінген өрмекші тәрізді Сая құзар ернеуінде тырмысып тұр екен. Асты
шыңырау. Қит етсе құлап түсетін. Әлден уақытта, қар талып, көз қарауытқан шақта шың
басынан Далабайдың қарасы көрінді. Бұл ілініп тұрған жіпті жоғарыға саумалап тарта
бастады... Ояна келсе, жастығы суланып қалыпты. Далабаймен түсінде соңғы көріскені
бұл.
Ойлайтын: «Мендік болмаса да Далабаймен дидарлассам, жылдар бойғы жүрегіме
беріш боп қатқан махаббат зәрін қайта бір қотарсам, арыла айтсам; сосынғы ғұмырымды
жаңадан бастар едім...» Қайтсе де кездесуді аңсайтын Сая.
Тақауда ел арасын ызғырықтай тосын хабар тіліп өтті... «Далабай елге келмейтін
көрінеді»... Осы төрт ауыз сөз Саянын ілініп жүрген үміт жібін шорт үзген. Құлаққа талып
жетер сарын басылған. «Енді ше?.. Елге келмейтін болса... жолын күтіп не қылам... жөн
табар мезгіл жеткен жоқ па?!», – деп тоқтаған. Құлшығашты ойлаған.
Ай жүзі болды – айырылысқан; мұндай болар деп кім ойлаған? Саяның жаны
езілді, төзімі мүжілді, соңғы ренішті желеу қып әкесінің үйіне кетіп қалды. Сол
айрылысар кеште Құлшығаш жұмыстан жүдеп-жадап, дүниеден түңіліп оралған. Көз алды
көгіс. «Тексеру комиссиясы келіп, архивты ақтартып, сілікпемді шығарды» деді
танауының астынан. Сая мән-жайды сұрады. Құлшығаш о дүниелік көзқараспен
келіншегіне қарап отырды-отырды да шынын ақтарды: «Құритын болдым... мойынға
қарыз мінді... бес мың...» деді. Сая өз бетіне от басқандай сезінді, өйтетін де орайы бар,
күйеуінің алғаш қарыздануы болса бір сәрі, бақандай үшіншісі бұл.
Енді ағайынның алдынан қалай өтер?.. Қалай қатарға қосылып, тең иық боп
сөйлесер?..
«Қойшылардың қалтасын қағып, жалғыз тиын болса да шотқа асық салып, жарым
қадақ болса да таразыны шынашақпен басып, саудашының артық ақшасын қайырмай
жүргендегі... сиқы осы... кімді көгертер бұл мұндар?». Сая күйіп кетті білем, көкірекке
бұлт үйіре қалған ащы ойын ірікпей айтып салды. Құлшығаш та осы сөзді күткендей екен.
«Тұқымымды құртқан сен!» деп бажынады. «Қадамың қырсық, сен босағадан аттағалы
іске береке, үйге қыдыр қонақтағанды қойды. Сосын ыржыңдап кеп ырысыңды ішіп
кететін текежәуміт жігіттер көбейді. Қолыңды қақпайын деп... міне шайың!.. міне майың!..
сонда да қабағың ашылмай өтті. Өлтіремісің енді? Қатыным қаса жау боп қасымнан
шықты, ойбай!»
Әрі қарай естуге Саяның құлағы зыңылдап, тынысы тарылды. Дәті шыдамады,
бетін басып сыңсып алды, жеңіл киімдерін киіп «ытылып жөнелді. «...Құтсыз босаға...
ширатпа шай... ақ май... шақылдақ бай...» күллісі артында, тарс жабылған есіктің арғы
жағында осылайша адыра қалды.
Кеше от ала келген қатындардан естіді. Құлшығаш: «ағайыннан қайыр кеміді,
өкіметтің қарызынан құтқаратын сұры жоқ. Астанаға барып, Доскейдің дөкей баласын
сотқа саламын, істі бұздырам. Жақсы ит өлігін көрсетпейді деген. Елден кетем, түңілдім»,
- деп өкпе айтыпты.
Комиссиядан пұрсат сұрап Алматыға суыт аттаныпты... Артында алпыс құлаш
арқандай, айтсаң түгесілмес даң–дамай өсек қалды. Бұл өсек те Қосүйеңкі жолымен
құйғытып өткен машинаның шаңы іспетті еді; енді талай уақыт жұрттың құлағын бітеп,
омырауын ыстайды, тамағын құрғатады. Әкесін ойлады.
Даланың қара ағашындай майыспа морт сынатын томырық шал қызы үйіне қайтып
келгенде қатты күйінген. Қолымен от көсегендей болған. Жер шұқылап отырып жалғыз
айтқаны:
– Сақалы күнге ағарған дейтін болды әкеңді жұрт, – деді. Теріс қарап жантайып
жатып қалды. Бұрын жай сұрап жағдай білетін, енді ол мінез ұмытылған, қит етсе қияпат
ойын ішіне бүгіп сыртын береді. Көңілден қорына ма, сөзден қаша ма, қуыстанғыш-ақ...
Оның үстіне Сая тұрып: «Әке, кен іздегіштерге жұмысқа барайын...», – десе, қатал
жанның біржола кетісіп тынатынын білді. Қаһарынан қаймықты.
Алакеуім шақта жанға сездірмей сытылғаны сол еді.
Сая басындағы күй осы.
Олақ балықшының қолына түскен ау тәрізді ерте сетінеді, балық емес, балдыр ілді,
ағысы асау бүгінгі күннен өте аз қармады. Сонысына опынады да өкінеді. Шынайы жүрек
ақыры шыдамады, «тәуекел» деп өмірдегі өз жолын іздеп шықты. Кіндік қаны тамған жері
Қаратауға жетпекші... сондағы кен іздеген геологтарға жұмысқа тұрмақ, арғы жағын
уақыт көрсетер де.
Сая осы ойдан соң жіті аяндап жөнелгенін өзі де аңғармады, қарсы беттен жел
уледі. Мидай жапан далада бар дүниеден баз кеше безіп, тамыры қырқылған қу қаңбақ
жүгірмеуші ме еді...
Саянікі ондай күй емес, қайта бір талпынып топшы қағуы, қайта басқан қадамы.
|