Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет3/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

С
   ая
   
7
Талма түсте құба жонды аптап ыстық күйдіріп, әр сайдан бір-бір құйынды қуып 
шығып, алдына салып айдап жөнелді.
«Қызметке тақауда кіріскен. Үйленетін еекілді».
Далабай туралы айтылған бір ауыз сөз қыздың жан дүниесін сілке күйзелтіп, қапа 
қып кетті. Сая ақ үрпек балапан құсқа парапар еді. Ертеңінен мол үміткер болатын; 
талпынуы көп, қанат қағып шарықтауға әлі ерте. Енді көп ұзамай қауырсыны қатайып, 
жылы ұямен хайыр-хош айтысатын еді әлгі хабар ауыр соққы боп топшысын сындыра 
серпіп өткендей сезілді; жерге қайыра құлатып кеткендей болды.
Сая есік алдында боздап тұрған жас ботаны қазықтан шешіп алды да жетелеп, 
ойдағы жақпар тастың арасынан жылтырап ағып жатқан бұлаққа беттеді. Бейкүнә хайуан 
шөлдеген білем, жайылымға кеткен анасын іздеп жіңішке даусын дірілдете созатын; 
тынши қалыпты, соңынан томпаңдап еріп келеді. Келе салқын кәусарға бас қойды.
Сая жиектегі қойтасқа тізе бүгіп отыра кетті. Кішкене танауы қусырылып, 
жанарына жас толды, маңына жетімсірей қарады.
Тас төбеде сексеуіл шоғындай сары күн шақырайып жерді күйдіре түседі, сәлден 
соң ми қайнатар аптап басталады. Жағы тынбайтын шегірткелердің үні өшкен. Көз 
ұшында бірен-саран бозторғай салқын сай іздеп беталды безіп барады. Аппақ жол 
құшақтаған күдері жонның белінен бапты қазанның буындай сыздықтап сағым көрінді. 
Күнге күйген жусанның ащы иісі қолқаны қабады. Сонадайда есек жеккен кос дөңгелекті 
ағаш арбаға жусан артып қойшының шаруақор әйелі жүр, алыста күнде қалып қаңсыған 
бөшке тәрізді бірер мазар бұлдырайды... қараған сайын Саяның жаны жалғызсырап, 
құлази түсті.
Әлі күнге сағыныш сезімі өзегін өртеген, кіршіксіз құлай сүйген Далабайды 
аңсады, ойлап отырып, осы жонда былтыр болған оқиғаны көз алдына әкелді.
«...Бұлар мотоциклмен жол жағасына тоқтай қалғанда қою шаң қуып жетіп бүркеп 
қалды. Ауыр шаң да, желсіз тымық ауа да еңсені езіп, жүйкені жейді. Артқы отырғыштан 
жеңіл ырғып түскен Сая шаңнан қашып, сықылықтап күле түсті. Үстіндегі жасыл шыт 
көйлегінің етегін әлсін– әлсін қағып қояды. Жүзі алаулап жанып, мөлдір қара көздері 
жайнаң қағады. Бір мезетте жалаң аяғына жусан батып қабағы түйіле қалды. Үлбіреп 
тұрған астыңғы ернін әрәдік қырши тістейді.
Далабай жеңіл әзілдеп күлді.
– Бұл ауылда өскен жан шаңнан жиіркенбес болар.
Моторы сөнген мотоциклді май топырақтан шығара алмай мықшыңдап жатқан. 
Беті күреңітіп түтігіп кетті, тершіген. Тарылдақты зорға дегенде жолдың борпылдағынан 
шығарып, жиектегі жыраның ернеуіне апарды. Жүрегі қатты соғып, ентігіп тұр. Басына 
тартқан кішкене ақ орамалды сыпырып алғанда, самайынан, осыдан біраз бұрын аққұба 
болғандығы білінді.
Далабай тамсанды, аузы қышыр– қышыр етті.
Сая сусыз қаңсып қалған кең жыраны бойлап жүгіріп жөнелген. Жасыл көйлегі 
желпілдеп, тұнық күлкісі естіліп барады.
Мотоциклді жарқабақтың басына жатқыза салып Далабай да сайға секіріп түсті. 
Жеңіл туфлиден құм ыстығы білініп келеді. Сая жеткізетін емес. Лақтай орғып, 
талдырмаш денесі бұлт– бұлт етеді. Енді бір секіріп кеткенде басындағы орамалы сусып 
түсіп, қос бұрымы тарқатылып, иығын жапты. Қыз кілт тоқтай қалды. Езуінде әлгі 

күлкінің дәмі. Жерге еңкейіп, орамалын іліп ап көтере бергенде Далабай да жетіп үлгеріп, 
білегінен ұстай алды.
Сая қолын тартпады. Күлкісі ішіне түсіп, тұла бойын аралап әредік дір-дір еткізеді. 
Кеудесі толқынданып көтеріле басылды. Осы мезет Далабайдың бойын бір асау сезім 
билеп, ойын ұйтқытып ала жөнелді, қызға тақала түсті. Қыз құдды үп еткен лептен үзіліп 
түсетін піскен алма тәрізді, қалтырап кетті. Демі неткен ыстық!
Сая кенет ыршып түсті. Көзі бұлдырап, Далабай әуелгіде ештеме ұқпай қалды. 
Қыздың шошыған жанары жерді мезгеді, аяқ астында жорғалап жүрген тасбақаны көрді. 
«Жүретін жер құрып қалғандай, мұндар неме!» Далабай қатты кейіп, мақұлықты ойға 
қарай аяғымен домалатып жіберді. Сая шетте үрпиіп тұрған, алай-түлей ойы енді 
басылды.
– Мына жарқабақ көлеңкесіне отырайық, – деді Далабай.
Сая үндеген жоқ, келіскені.
Қолын ұсынды, саусақтары тіпті майда, үгіліп тұр, ақырындап ұстады. Көлеңкеге 
жетелеп әкелді. Көлеңке толы көбелек екен. Бұлардан үркіп, қаптай ұшты. Бірақ күн 
көзінен қаймығып, қайта айналып келе береді.
Далабай қызды қаусыра құшып, өзіне тақады да қаны сыртына теуіп уылжып 
тұрған ернінен сүйіп алды. Қыз шыдай алмай иіліп кетті, алабұртқан жүзін алып қашып, 
жігіт кеудесіне жасырды. Екеуі де сәлге дейін үнсіз қалған. Қос көбелек Саяның сусып 
түскен етегіне кеп жасқана қонды.
– Сая, сені жақсы көремін,— деді Далабай жүрегінің дүрсілін басып. Маңдайынан 
тер бұрқ ете қалды.
– Елге келгенімнің себепкері өзіңсің!
«Шының ба?» дегендей Сая үлкен жанарын төңкеріп қарады. Далабай: «Шынымен 
жақсы көремін! Ауылдың ұяң қызы болсаң да; жаның, сезімің кіршіксіз ғой. Мына 
маңайда ұшып жүрген үркек, нәзік көбелектен айырмаң қайсы?! Сол үшін де сүйіктісің» 
деп, ақтарыла айтқысы бар.
– Сая, сен мына көбелек секілдісің! – деді Далабай. Қызды қаусыра құшақтап өзіне 
тарта түсті.
– Үркітпекпісің оны... – Саяның үні дірілдеп шықты.
Жүрегінің тарсылдап қатты соққаны білінеді. Далабай ойлады; «мұнысы не дегені? 
Әлде қорқа ма екен? Көбелек құсатып, шап беріп ұста да, алақаныңнан шығарма дегені 
ме? Өзі әлі ешкімді шын жүрегімен құлай ұнатып көрмеген... қалада бірер қыздын 
қасында болғаны бар... олар есінде аз сақталды. Жүрегіңе жетіп тебірентпегесін көңілде 
көп тұрмайтын әдеті де».
Далабай күнге шығып қалған аяғын тартып алды. Көлеңке ауып барады.
– Сая, – деді сәлден кейін. Әлдене айтқысы келді.
Сая әлгіде мақұлықтан қорыққан сәттегідей, жігітке тақала түскен. Оның да үлкен 
мөлдір жанарында айтылмаған сөздер тұр.
Далабай ойлады; «қандай сөздер екен?.. Сауал ма... Әйтеуір бұрын ешбір жанардан 
оқымаған ұғымдар. Бірақ дәл осындай көзбен кездескен, қыста, студенттер кешінде. Көңіл 
құтыртқан шарап пен күлкі қосылып тұла бойды билеген мезгіл. Сыңғытып шарап ішті. 
Жаңа ғана жолдасы әкеліп таныстырған күлімкөз қыз қасында. «Есімі Гүлмира, жақын 
құрбым» деген. Түсінікті. Жолдасының «жақын құрбысы» темекі сұрады. Тартпайтын. 
Шарап құйды. Әлгі күлімкөз жанарын өңменінен өткізе қадала қалғаны. Бұл көзін алып 
қашады. Дегбірсізденіп шарап толы шөлмекке жармасты. Енді бір қарағанда байқады, 

жолдасының «жақын құрбысы» жанына тым тақалып, тақымдасып алыпты. Иә-ә-ә... сол 
мезеттерде күлім көздерден аса бір түсінікті сөздерді оқып еді... Қазір де солай 
болмасын».
Жүрегі аузына тығылып, қатты қимылдап, Саяны құшағына қысты. Қызды еркінен 
тыс сүймек болды, қайраттанып, қатайып алған тәрізді; алаулаған әдемі жүзі, жас толған 
жанары, жасыл шыт көйлегі дөңгеленіп, көз алдына кезек келеді. Самайынан тұзды тер 
сорғалап ақты. Қанша қайрат қылса да қыз от ерніне жақындатар емес. Қайта мезгіл өткен 
сайын титығын құртып, әдемі үміті қанат қағып қашықтап барады. Тамағы құрғап кетті.
Қыз жан дәрменімен қарсылық етеді. Күнге тотыққан сопақша сұлу жүзі алабұртып 
қызарған. Сәл бұрын жылылық, сосын ұяңдық қана ұялаған үлкен жанарын енді салқын 
ызғар жайлаған. Болар емес.
Құшағынан бұлқынып шығып кетті де, жылап жіберді.
Көзінен ытқып шыққан тамшы жас жан тазалығының куәсіндей болып ыстық 
жүзінде бытырап, тұрып-тұрып қалды. Әлі жылап тұр. Далабай бойын жинап алды. 
Аузына еш сөз түсер емес. «Сол кездескен жолдасының «жақын құрбысындай», 
Гүлмирадай екен десе... ол деген әншейін жігіт деміне дірілдей ұшып, от көрген 
көбелектей қалтыраған қыз екен ғой... Жылап тұр... Ауылдың аңқау, сенгіш; лағыл 
тасындай ең асылын оңай жарып, дәмін татқысы келді– ау... жеңіл жаңғаққа санады ғой. 
Қазір, мүмкін, өзін Сая жек көріп тұрған болар. Неге сонша тайыз ойладым, тез 
ренжіттім?!»
Далабай осы мезетте өзін-өзі соншалықты сүйкімсіз сезінді. Аузында ашқылтым 
жусан дәмі, түкіре алмады, алдындағы қыздан қысылды.
Жардың арғы қабағынан құйын көтерілді. Дүрілдеп билеп жүр. Енді өздеріне қарай 
туралай тартты. Далабай дереу Саяның қолынан ұстап, қиыс сүйреп әкетті. Бірақ құйын 
кыздың тарқатылған қою бұрымына қол созып үлгерді, ұйпа-тұйпа қып үйіріп қалды. Қара 
шаш қыз жүзін көміп кетті. Сая күліп жіберді.
Далабайдың да жаны жеңіліп сала берді. Жаңа ғана жоғалтып алған тәтті сезімдері 
қайта кеп көкірегіне ұялай бастады. Қосыла күлді. Қыз да жігіттің жаңағы жәбірін тарс 
ұмытқандай. Аппақ маржан тістерін көрсетіп жадырай сылдырады. Тап манағы көзді 
суырар сұлулық қылаң етіп қайта көрінді.
Далабай мана ферма орталығында болған; астанадан келгеніне бес күн болса да іші 
пысты, зерікті, мәслихат іздеді – содан орталықта мектеп директорымен дидарласқан. 
Мотоцикл де соныкі. Көптен көрмеген Қоқаң қорығын аралап қайтуға бел буды. Жүре 
бергені сол еді, қарсы алдынан Сая шыға келді. Өз көзіне өзі сенбеді; бойжетіп, 
сұңғақтанып кетіпті. Сол ұяң мінезі, әдеппен сәлемдесті.
– Келді деп естігем, – деді Сая. Жұмсақ үні жанын елжіретіп жіберді.
– Мектепті медальмен бітіріпсің, құттықтаймын, Сая! 
Жаңа ғана мектеп директорынан естіп алған.
– Әрі қарай оқисың ғой!?
– Қайдам...
Далабай қыздың сыр бүгіп тұрғанын білді, сөйлескісі келді. Бұрынғыдан да 
сұлуланып кеткен сияқты.
– Қорыққа барсаңыз, мені ала кетпейсіз бе? – деді ұялшақтап.
– Неге болмасын! Жайсыз тиіп жүрмесе. Күн ыстық, керімсал ұрады ғой.
– Үйренген жел ғой, – деп жымиды.
– Онда тіпті жақсы. Қатты жүрсем қорықпайсың ба?!

– Ауылдан шыққанша жайрақ айдаңыз. Далабайға қыз күлкісі соншама ұнап кетті. 
«Күлкісі де, сезімі де терең. Сурет қып салар ма еді». Мотоциклдің артқы отырғышында 
ұстайтын тұтқа жоқ тұғын. Қыз қолы қос бүйіріне тигенде жүрегінің тулағанын 
айтсаңшы!..
Оймен отырғанда, от кірпікті күн сәулесі әлгінде ғана бұлар жайлаған көлеңкені 
кеміріп жеп қойыпты. Машина гүрілі естілді. Гүрілге араласа қосылып салған ән; ылдиға, 
күрішшілерге көмекке бара жатқан балалар дабысы болды. Ән таусылған еді, кезек 
күлкіге тиді.
Далабай мен Сая да қозғалды.
...Екеуі қатар жүріп келеді. Тастан ырғып аттай бере Сая көз қиығымен Далабайға 
қарап қойды. «Ол неге сазара қалды екен? Өкпелетіп алғаны ма? «Сая, сені жақсы 
көремін» деді ғой; сенеді, жүрегімен ұғып қабылдайды. Ол елге тақауда оралған. «Далабай 
келіпті» деген хабарды естігелі өзі де бір түрлі мінезге түсіп, өзгеріп кеткен. Онымен 
кездесу сәтін сан саққа жүгіртіп көз алдына келтіруші еді. Бірақ тап әлгідей жат қылық 
болады деп әсте ойламаған. Далабай туралы тек жақсы ойда жүрген, тәтті сезімнің балын 
жұтқан, мұндағы титтей де алалығы жоқ әдемі ықылас еді.
Осы ықылас тақауда ғана емес... түу– у... Далабай осы мектепте оқып жүрген 
кезден басталған. Өзі оқитын класқа ол келсе болды, жүрегі алып– ұшып тынышсызданып 
бітетін, түкке түсінбей, шуылды көбейтетін құрбыларына ызаланатын. Жігіттің жалт етіп 
қарағаны тұла бойынан жалын жүгіртіп өткендей әсер беретін. Жанында тұтанған осы 
сезімді қанша бүгіп жасырғанымен ол біліп қалғандай еді.
Қызық, күлдіргі әңгімелер айтатын, сәлемдесетін.
Сөйтсе. Далабай мұны, Саяны әлі балаша сезініп келген екен. Жаңа түсінді. Күллі 
жақсы сезімдерін Далабайдың әлгі оқыс қимылы, әншейін сөзі шайқап, лайландырып 
кеткендей... ауыл қызы қармағыма оңай ілінеді деп ойлады ма... жоқ... олай ойламас... өзі 
секілді сүйістің де не екенін білмейтін болар».
Жүзі кірбің тартқан. Жалаң аяғына жусан батып, кейіндеп қалды. Туфлиі мана 
мотоциклде қалған. Күн қырқаға жамбастап жатып алыпты. Кешікпей батады. Далабай 
мотоциклді тұрғызып ап, шұқылай бастады. Кейпінде қысылу, ыза, ернін тістеніп алған. 
Әлгіде басына тартатын қол орамалын қалтасына бүктеп– бүктеп сала салды.
Жігіт бұрылып қарап еді. Сая анадай жерде көйлегіне жабысқан шөп– шаламды 
қағып секілді. Сәл жымиып күледі, қисайған жағына тарқатылған бұрымы төгіле түскен. 
Далабай ықылық атып зорға от алған тарылдақты тежеп Саяны күтті. Ол әлі өз шашымен 
ойнап жүргендей ғой. Қара толқын бұрымы арғы жағындағы Қаратау қатпарына, сол 
қатпарға жаяу түсіп келе жаткан түн бояуына соншама ұқсайды, егіз тамшыдай тегі.
Сая келіп мотоциклге мінгесті. Жүріп кетті. Майысқақ қос білек белін орай ұстаған 
мезетте жігіт бұрын-соңды байқап білмеген шабытқа кенелді, ішінен ыңылдап ән салғысы 
келді. Кең таспа жолдың шаңын тіліп зымырай жөнелді. Жүрген сайын екі жастың бойы 
да, ойы да сергіп, қанат бітіп жеңілдеп кеткендей.
Қаратау жоны дана адамның маңдайы тәрізді ойға толып торсиып жатыр. Жусанды 
адырдың құлашы кең жазылып құшағын ашып бұларға қарсы жүгірген секілді. 
Далабайдың жаны мұнша кеңімес; «жақын арада жауын болады-ау», – деп дауыстады.
Қыз естіген, бірақ жауап қатпады, өз ойымен арбасып келе жатқан.
...Оқиға осы.
Сая жанына әсем әсерін қалдырған осы оқиғаны жіпке тізгендей етіп көз алдынан 
өткізіп, жылтыраған бұлақ жиегінде ұзақ отырды. Жас бота суға әбден қанып басын 

көтерді, боздап қоя берді. Қыз қалың ойдан құтыла алмай... ішінен тынып қиналды... ең 
болмаса Далабаймен жалғыз ауыз тілге келсем ғой деп армандады... сағынды...
Қарап отырып жаны торықты, жылағысы келді.
«Үйленетін секілді»... Кімге? Неге?
Осы қос сауал Сая аузынан еріксіз шығып кетті. Жүрегіне шөге– шөге құйма 
алтынға айналғап, сүйіспендік сезімі суалып, шашылып; енді құмға араласып кеткендей 
сезілді. Өзі де көрген; кен іздегіштердің дорбасының әр бұрышында, шаң арасында алтын 
тозаңы жылтырап қана көрінетін; Далабайға деген қыз сүйіспендігі алтын тозаңы 
секілденді.
«Жұрттың қағыс естіп, қосып айтатын қаңқу сөзі болмасын» деп тағы толқиды. 
«Бірақ Доскей кәрия өмірінде екі сөз сөйлеген емес. Амалсыз сенеді».
Бұрын оқуға барсам, армансыз араласам деп аңсап жүретін Астана қаласы Сая 
көңіліне енді мүлде қызықсыз мекендей көрінді... енді ше... жас шыбықтай бүр жарып 
келе жатқан сүйіспендігіне балта шапқан қатыгез қолмен парапар емес пе. Ол қалаға 
бармайды енді. Арманы да, ақиқаты да Далабай емес пе еді! Енді содан айрылса, ой қуып, 
оқу қуып не мұрат таппақ? Сағымдай бұлдыраған ертеңгі күнге несін қызықпақ?! Бәрі де 
өстіп, әуелі қуантып, соңынан жанды ауыртып ұмытыла береді де...
...Іштегі өксік жас боп сыртқа ағытылды, Сая ышқына күбірледі. «Оқуға 
бармаймын»...
Түс ауа терістіктен самал соқты.
Ызылдаған самауырын дыбысынан Доскей оянып, басын көтерді. «Ұмытпаса, осы 
қыздың аты Сая болар». Жүзі сынық. Шай жасап қойыпты. «Көзі жылтырап бой жетіп 
қалыпты. Өзі қараторының әдемісі. Әкесі иығын кетпен қажаған жаман қазақ, шешесі 
татар, солардан да осындай сұлу туған ә?.. Табиғат та көрікті қиыстыра салады, 
қиналмайды. Біз ғой сол сұлулықты түсіне алмай шаршайтын. Мына қыз Қаратаудың бір 
жақпарында жатқан алтын жүлгесіне ұқсайтыны ғажап».
Шай ішіліп болғанша Доскейдің ойы сан саққа жүгірді.
Кідірмей аттанып кетті.
Ойға түсе «етке айдау» деген тажалдың құрығынан құтылған азғана жылқыға 
кезікті, шыбығын білегіне ілген жылқышы жігіт бейтаныс аттылыны көріп, бері бұрылған. 
Сонадайдан сәлем берді.
– Маңдайында төбелі бар күрең сәурік келді ме?
– Келген.
– Қайда жүр?
– Бүгін бұл жылқының ішінде көрінбеді. Кеше екі үйірді етке айдаған. Соның 
ішінде кетті-ау, сірә. Біз Сыр бойынан қашқан екен ғой деп ойладық. Сіздікі екенін 
білгенде қайырып қалатын едік.
– Сойып жібермесе неғылсын.
– Етке айдаған жылқыны қусаңыз жетесіз. Өзенді аяқтап кеткен. Жол ұзақ, жайып 
айдайды жылқышылар.
Атына қамшы ұрды. Тұмсықшаны айнала бергенде, артынан айқай шықты, ат 
басын бұрды. Жаңағы жылқышы жігіт атын борбайлап шауып келеді екен. Сүйінші 
сұрағанда осылай шабушы еді, мынаның екпіні тіпті қатты, жақсылық болғай.
– Ақсақал, айып етпеңіз. Сұрауды ұмытып кетіппін. Сіздің ауылдың жігіттері 
қашан көкпар шаппақ? Жиылып бармақшы едік.
– Тәйір-ай, балалар ат суытып жүрген, болса болып қалар.

– Қай күні шабады екен?
– Білмедім.
– Жарайды. Бала жіберіп анықтап алармыз. 
Атын борбайға алып, қайрылып шаба жөнелді. Қиқулап барады. Көкпар көзіне 
елестеп, арқасы ұстап еліріп жүрген жігіт болды. Нағыз көкпаркештер көкпарды сағынса 
есеңгіреп кетеді; ас батпай, ұйқы көрмей жөнді-жөнсіз атын борбайлап, боршаға түсіп 
жүргені. Білетін шалдар, көкпар қызығы апиын секілді деседі, бойды біртіндеп жайлап 
алады да қашан жігітті қаражаяу қалдырғанша есірте береді, елірме етеді. Шын болар. 
Доскеймен замандас талай жігіттердің тақымын созған да, тақыр кедей еткен де сол 
көкпар; Қаратаудың шаңын тулақша қаққан не бір көкпаршыны көрген.
Көкпар шабудан жалықтық дейтін қазақты тағы таппайсыз.
Көкпарды ойлағанда Доскейдің де тақымы бұрыш тигендей дуылдады. Алпыс екі 
тамырға қан қызуын таратар; аруақ деп, атойлап даланы басқа көтерер кез еске түссе, кәрі 
жүрек өстіп қайта бұлқынатын. Қайта бір жасарып қалмақ– ау. Күнделікті күйкі тірлікті 
тарс естен шығаратын; қайырылары аз, қатаяры мол шақты кім болса да аңсамас па! Сол 
шақты сағынып базбір жас ішкілікке ден қояды. Іштегі запыран ойды түгел ақтарып, 
досты досша, қасты касша танитын сол мезетті аңсап апиын жұтады. Көңілсіз күйбеңді 
көк түтінге араластырып темекі тартады.
Білетін кісілер ойдың, мұңның уытын қайтарар жалғыз-ақ көкпар деседі.
8
Доскей етке айдаған топ жылқыға ертеңінде таң әлетінде Жылағаната өзенінің 
салдырама ақ тасты арнасында ілікті. Түнде, жұлдыз ауа ат шалдырып алған, шатқал 
жымы мол тау ішінде жападан-жалғыз елегізіп көзі ілінбеді. Өзен жиегінде аздап қисайып, 
дамылдаған еді, су сызы ұрды ма, әлде таң салқыны тиді ме, мойын омыртқасын суық 
сірестіріп ұстап қалыпты. Оң жағына еркін бұрылып қарай алмай әлек.
Алыстан шұрқыраған жылқы дабысын естіп қасқа екілене аяңдаған. Жақындап 
келді.
Қиыс жайылған байталды топқа қайыра қуып, бері бұрылған еңгезердей жылқышы 
Доскейді көрді, тізгінін тартты. Бұл дауыстап сәлемдесіп еді, еңгезердей жылқышы ернін 
жыбыр еткізгені. Қасында ақ боз атқа мінген баласы бар, өз астындағы арық дөненшығар.
– Маңдайында төбелі бар күрең сәурік сендерге ілесіп кетіпті. Жылқыда ма?
– Жылқыда бөтен мал жоқ.
– Күрең сәурікті қайда жібердің?
– Алдыма салып бергендей сөйлейсің. Білмеймін дедім ғой!
– Бәтшағар-ау, «білмеймінің» не? Ізімен қуып келдім ғой.
Еңгезердей жылқышы мініс атынан түсті, баласын шақырып ап, «аттан түс» деп 
бұйырды. Ақбоз атқа ауысып мінді.
Доскей мына жылқышының бүлік бастағалы тұрғанын сезді.
Дереу жиектегі жыңғылдан жігер сындырып алды.
Екі қырдың астында қаракет кешкен бейтаныс екі еркек, айдалада, салдырама 
өзеннің сағасында, болмашыға бүлініп, сойылдасуға айналды.
Доскей дөкір жігітті жасытып тастамақ боп әкесінен жіберіп ақыра ұмтылды, анау 
да аңыратып ат қойды. Шарт та-шұрт ұстаса кетті. Жігіт қарманып қап сілтеген жыңғыл 
жігерді дарытқан жоқ. Қос білек кері тайқып, қайта соғар серпінді күтіп, ажырасқан еді. 
Еңгезердей жылқышының жүрегі шайлығып қалды білем, «Мына кәрің қалай қатаяды, ә?» 
деп ішінен қауіп қыла ойлады. Тосылып қалды.

– Дат ақсақал! Айдалада қызылала қан болатын түріміз бар. Ақылға келейік. Қызып 
кетсек мына бала бізді ажырата алмас, – деп атынан түсті, бітімшілік ыңғайын танытып 
жүзін жылытты.
Доскей жігерін тастай салды.
Екі жылқышы ентігін басып, қолы-бастарын жуып, өзен жиегіне отырысты. Жөн 
сөз енді басталды.
– Жылағанатаның алқымында диірменші бар, білетін шығарсыз. Сәурік соның 
биесінің жанында қалған.
– Осы сөз ғой керегі.
– Ініңізден бір айып өтті, ақсақал.
Доскейге күрең сәуріктің бейнеті өтті. Көкірегі қыжылдап, ит ырғаң, тепірек желіс 
тіршілік майлы жіліктей мүжіп тауысуға айналған алтындай уақытын жоқтады. Іші 
ұлардай ұлыды. Екінші күн, бел шешіп демалған жоқ, тақымы тозып әлі жүр. «Е, шалың 
күнге борсып, далаға түнеп қиналды– ау», – дейтін кісі тағы табылмас. Сонысына қапа 
болады ғой түге, содан шалың қарап жүріп мүжіледі, опынады...»
Диірменшіге жақсы үмітпен келген еді, сұмдықтың үстінен шықты.
Күрең сәурікті жайратып сойып, етін бөлшектеп, тұздап, терісін күнге жайып 
қойыпты. Ошақ басында жатқан көкшулан бастан таныды.
– Бұларың не? Кісінің малын ұрлап союға кім рұқсат берді?! – деп айқай салды 
Доскей.
— Жылқыдағы жиеніміз қалдырып кеткен. «Қалаға барғанша арықтап қалар, сойып 
жеңдер, есебін өзім табам» деген еді.
Диірменші байғұс момын екен. Доскей мән-жайды бастан-аяқ мағлұм қылған еді, 
тыңдады, түсінді. Әлгідегі жылқышы жиенін жеті атасынан жіберді.
«Ит-ай, елге, жұртқа қарабет етті-ау. Ағайын адамға сөзім өте ме енді? Өзіме де 
обал жоқ. Өткенде, әлгі ит, бес қап бидай әкеліп тартқызған еді, ұнын алып кеткені сол, 
соңынан біреу жетті, сөйтсем астықты әлгі қуып келгеннін қыстауынан ұрлапты. Екі 
ортада қақпанға өзім түстім. Ұяттан бетім өртеніп, әлгіге жалғыз баспағымды беріп, әзер 
құтылғам. Көңілшектік түбіме жетті. Бармағымды талай тістедім. Кісіден қанша опық 
жесем де, «пәленшеке» деп мүләйімсіп келсе болды, қалай жайылып салғанымды білмей 
қалам» деп жер тіреп отырып қалды.
– Енді қайтеміз? – деп, сұрады Доскей.
– Білмей отырмын, – деді диірменші.
– Жекеменшік болса бір сәрі. Бітісе жатар едік. Ұжым малына жақында санақ 
жүреді...
– Жегенім желім болатын болды.
– Ойланбай жасаған іс өсітеді.
Екеуі де жер шұқылап үнсіз отырды. Диірменшінің әйелі жас қуырдақ жеуге 
шақырды.
– Жалғыз биемиін құлыны бар еді. Сол өсіп тай болған соң орнын жабуға берейін, 
айып пұлы өзімнен, ақсақал.
Диірменшіні шын мүсіркеді.
– Жарайды, – деді Доскей құрғақ талқан жұтқандай қиналды. Демегенде қайтсін. 
Басқа шарасы қалмады, байғұсты шырылдатып сотқа сүйрегенде не шығады? «Бірдеме 
ойлап кідірем-дағы, санақшылар қинамаса болғаны. Олардың ішінде құдай ұрған ұр да 
жығы болады, баяғының белсенділері секілді, қырып кете жаздайды. Сірә, малшылардың 

бәрі ұжымның малын шетінен сойып жеп күнелтеді деп ойлайды. «Қаладағы мұз сорған 
көк жасық етпен отырғанда, бұлардың аузынан ақ майы кетпейді», –деп кіжіне 
қалшылдаған арық санақшы әлі есінде. «Кәрия, жеке меншік қанша малыңыз бар?» – деп 
жақындаса келіп, кетерде ауыл әкіміне салық қағазын жазып беріп, пәле жабыстырған 
тексерушіні біледі. Шенеуніктің не қилысы шықты бұл заманда».
Күрең сәуріктің ащы қуырдағын жеп, шайға қанып алып ауылға тартты.
Жолда Егізқараның жазығында қалың шаң арасынан көкпарға кезікті.
Қасқа ұзақ жүрістен қатты тасырқап қалған еді. Шаба алған жоқ.
Өзінің де белі ерге отырғызбай сырқырап келеді, бұрын бүйтпеуші еді, ескі құяңы 
ұстады ма. Қит етсе жел-құз жабыса кетеді, жастыққа сүйрейді, «жата қал» деп еріксіз 
төсекке алып ұрмақшы болады.
«Кісіге ауру келгенде әуелі адамнын әр жерінен ұстап, сипап көреді-міс», – дейді 
кәриялар. Сол кезде әлгі кісі құлшынып жұмыс жасаса, ауруға мойынсұнбай ыстық-
суыққа қарсы тұрса, ауру өз-өзінен: «Қой болмас, мына адамға жармасып абырой 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет